Кітапханада кітап қана ма?

Жарияланған Angela 27.02.2025 Естеліктер, Жаңалықтар, Жарияланымдар |

Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасы үшін биылғы жыл бір ғасырлық мүшелтойы аталып өтпек жерлес жазушымыз Сәбит Мұқановтың девизімен басталды. Және сонымен аяқталатын да болар. Өйткені кезінде осы кітапхананың салынуына Сәбең көп еңбек сіңірді. Азды-көп беделін алдына салып, сол ғимараттың бой көтеруі үшін берісі Қазақстан, әрісі одақтық Министрлер кеңесіне өзі де талай барды, талай хаттар да жазды. Егер Сәбең болмаса, бұл облыста рухани қазынасы жинақталған киелі орын бұрынғы аядай үйшікте қала берер ме еді, қайтер еді.

Сәбең 1973 жылдың сәуірінде дүниеден өтті, ал кітапхана ғимараты сол жылдың мамырында пайдалануға берілді. Өз қолымен тұрғызғандай болған кітапхананың ашылғанын жазушының көре алмай кетуі өкінішті-ақ. Бірақ оның аруағына разы жерлестері кітапханаға Сәбең есімін берді. Ғимарат алдына қаламгердің бюстін орнатты. Ардақ тұтқан ағамыздың 80 жылдығы тұсында кітапхана ішінде жазушының әдеби-мемориалдық мұражай-бөлмесі ашылды. Бүгіндері мұнда жазушыға арналған үш кітап көрмесі жұмыс істеп тұр. Олардын біреуі – шетел тілдері кабинетінде. Онда С.Мұқановтың ағылшын, неміс, тағы басқа тілдерде жарық көрген аударма шығармалары, ол кісі туралы шетелдіктер жазған мақалалар, монографиялар, тағы басқалар жинақталған. Жаңа жылдан бері кітапханада жазушының ғасырлық тойына арналған әртүрлі бағыттағы, әртүрлі сипаттағы ғылыми-танымдық шаралар үзбей өткізілуде.

Осы шағын мысалдың өзі-ақ кітапхана дегеніңіз жай ғана кітап қоймасы емес екенін айқын дәлелдегендей. Кітапхана, егер оның басшылығы мен ұжымы өз міндеттерін дұрыс түсіне және атқара білсе, сол елді мекендегі рухани өмірдің толыққанды орталығына айнала да алады.

Петропавлдағы облыстық кітапхана тап осындай орталық деп айтсақ еш қателеспейміз. Газет-журналдарды қоса есептесек, мұндағы кітапханалық қор 1,5 миллион томға жетеді. Ал таза кітап қоры 550 мың томнан асады. Оқырмандар саны 24 мыңға жуық. Яғни Петропавлдың әр тоғызыншы тұрғыны осы кітапхананың тұрақты оқырманы.

Мұнда қазір 11 бөлім толыққанды жұмыс істеп тұр. Екі оқу залы бар. Компьютерлік кабинет өз алдына. Бүгіндері бұл кабинет «Интернетке» қосылған. Осыдан бірер жыл бұрын мұнда ашылған сирек кездесетін кітаптар мұражайы да көніл аударарлық. Ол республика бойынша ілуде бір ғана кездесетін құбылыс. Онда сонау ХҮШ ғасырда жарық көрген раритеттік басылымдар да бар.

Қазақстан егемендікке ие болғалы жұртшылық қоғамымыздың көш бастаушы «серкесі» атанған кейбіреулерден ес танарлық өрескел сөздерді аз естіп жүрген жоқ. Солардың бірі: «Кітапханасыз да өмір сүруте болады», – деген сөз. Мүмкін, солайы солай шығар. Түптеп келсек, кітапханасыз ғана емес, кітапсыз да өмір сүруге болады. Бірақ ол не қылған өмір болар еді, соны бір көзге елестетіп көріңізші. Төбе құйқаңыз бір шымыр етпесе, арқаңыздан бір суық діріл жүгіріп өтпесе, нағыз кеше болғаныңыз. Семейдегі Гоголь атындағы кітапхана болмаса, қазақта Абай деген ақын болар ма еді? Құнанбайдың болыс баласы Ыбырай болар, бірақ біз білетін Абай болмас еді. Сондықтан, ағайын, кітапхана тек кітап емес екенін әсте естен шығармайық. Сіз бен біз ғана емес, әсіресе, билік басындағылар естеріне мықтап ұстасын.

Солтүстік Қазақстан облысы.


Мұқанов М. Кітапханада кітап қана ма? // Егемен Қазақстан.-2000.-4 ақпан.

 

Кесек тұлға. Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында

Жарияланған Angela 25.02.2025 Естеліктер, Жарияланымдар, Өмірбаяны |

Сәбит Мұқанов!.. Бұл есімді Алтайдан – Алатауға, Ертістен Атырауға дейін созылған ұлан-ғайыр республикамызда білмейтін бір де бір адам жоқ екені шүбәсіз. Өйткені, ол қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі ғана емес, сонымен бірге жаңа дәуірдің жалынды жыршысы, көрнекті мемлекет қайраткері, бейбітшілік жолындағы күрескер болды. Жиырмасыншы ғасырдың құрдасы – Сәбит Мұқановтың өмірі мен творчествосы туған еліміздің және республикамыздың шежіресі іспетті. Жаңа дәуірдің шежіресін жазған ол әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ту ұстаушыларының бірі болды. Оның қазақ совет әдебиетінің әліппесін жасауға қатысқан айырықша зор еңбегін ақын Ғаббас Жұмабаев:
«Қазақта мөлдіреген бір бұлақ бар, Кәдімгі Мұқановтан басталатын», – деген өлең жолдарымен дөп бейнелеген болатын.
Жаңа ғасырдын басында туған С. Мұқанов дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Октябрь революциясының рауан таңы атқанда қолына қалам алды. Kiсі есігінде жалшылықта жүрген балаң жігіт қаттас дүниеге нұр-сәуле шашқан жаңа заманды құшақ жайып қарсы алып, «Көңілім» атты өлеңімен шашу шашты. Революция сұңқары С. Сейфуллинмен тетелес қалам мен қаруды қатар ұстап, «Бостандық» өлеңінде өзі жырлаған азаттықтың ақ таңы үшін аянбай күресті.
Ол бүкіл саналы өмірін туған халқына, төл әдебиетімізге арнады. Өзі айтқандай, көркем сөзге қаламы мұқалмайтын сарабдал суреткер атанып, академик-жазушы дәрежесіне көтерілді. Елімізбен бірге өсіп, біте қайнасқан, оның ыстығына күйіп, суығына тоңған, бірақ тура жолдан таймаған тарлан талант ақтық демі біткенше туған халқының көркем шежіресін жасады. Міне, сол үшін де даңқты жерлесімізді Есіл бойының еңбекшілері ғана емес, онымен дидарласқан Европа мен Азия құрлықтарының барлық прогресшіл халықтары қадір тұтады.
С. Мұқановтың творчестволық жолы қазақ совет әдебиетінің туу, қалыптасу және өсу-өркендеу кезеңдерін анық та айқын көрсетеді. Өйткені, оның өмір жолы, әдебиеттегі өмірбаяны республикамыздағы социалистік құрылыс пен тарихи дамудың және әдебиетіміздің негізгі дәуірлерімен тығыз байланысты. Ол қазақ совет поэзиясы мен прозасынын пионері ғана болып қоймай, кенже қалған әдебиетіміздің барлық жанрына араласып, барынша мол үлес қосты. Ең бастысы, ол елімізді ғана емес, сонымен бірге әдебиетіміз бен мәдениетімізді де тап жауларынан қорғауға белсене қатысты.
Біздің халқымыздың басынан өткен санқилы өмір жолдарында Сәбит Мұқанов араласпаған бірде-бір оқиға жоқ. Қазақ елінің өткені мен бүгінгісі, географиясы мен этнографиясы, тарихи дамуы мен эстетикасы оның жүздеген өлеңдері мен поэмаларында, очерктері мен әңгімелерінде, пьесалары мен романдарында өз бейнесін тапты. Өз Отанын оның бұрынғысы мен қазіргі жайын білгісі келетін жас ұрпақ оның шығармаларына соқпай кете алмайды. Әкелер өткен даңқты жолды олар «Ботагөз», «Өмір мектебі» сияқты үздік туындылардан үйренеді, сол дәстүрді жалғастырады.
«Сұлушаш» атты өлеңмен жазылған романнан оқушылар ескі өмірдегі жалпы әлеуметтік теңсіздікті, әйелдердің бас бостандығы жоқтығын Алтай мен Сұлушаш оқиғасы арқылы ғана біледі. Сұлушаш трагедиясы, оның өз бақыты үшін күресі оқушылар көңіліне өшпес із қалдырады. Осыншама қаталдық пен тағдыр ауыртпалығын бастан өткерген жас қызға жандары ашиды. Ескі өмірде өксіп өткен осындай қазақ қыздары бейнесінің бүгінгі бақытты қыздар үшін тәрбиелік мәні зор.
Оқырмандарға үлкен ой салатын шығарма – «Ботагөз». Роман біздің халқымыздың он жылдық тарихын қамтиды. Революцияға дейінгі бұқараның бақытсыз өмірінің, 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысының, февраль революциясының жеңістері, Совет өкіметінің орнауы және азамат соғысы жылдарында Октябрь жеңістерін қорғап қалған совет адамдарының күресі бұл кітапта оқушының көз алдына айқын елес береді.
Романда ұлы Лениннің ісі үшін, халық бақыты үшін, Коммунистік партияның сара жолы үшін күрескен қазақ коммунист -революционерлерінің тамаша бейнесі жасалған. Революционер большевик Асқар Досанов, халықтың қалың бұқарасынан шыққан Амантай, қазақ әдебиетінің арнасынан шығып, қоғамдық өмірге белсене араласқан тұңғыш революционер Ботагөз образдары – жас ұрпақты халық бақыты үшін күреске баулитын өшпес бейнелер. Асқар мен Ботагөз образдары мен іс-әрекеттерінің тәрбиелік жағы бұл ғана емес, олардың өмірі бүгінгі жастарымызға жеке бастарының адамгершілік қасиеттері тұрғысынан да үлгі бола алады. Олардың бойларындағы кішіпейілдік, биязылық қасиеттер, жақынға жақсылығын аямау, қиянатқа төзбеу, қандай аласапыран кезде болмасын адамгершілік арын биік ұстаулары кімге де болсын үлгі, өнеге емес пе? Асқардың әр істе сабырлылық, төзімділік етуі, аспай саспай ақылмен қимылдайтын қалпына жарасып тұрғанын аңғару қиын емес. Әсіресе, бала оқытып, тәрбие ісімен айналысатын адамға әділетті жақтау, ұйымшылдық, адалдық деген қасиеттерді жоғары ұстау, өзі ғана емес, өзгенің қамын жейтін көпшіл болу осы заманғы талап міндеттерге де дөп келеді.
Халқымыздың басынан өткен өмір шындығын бүгінгі қауымға көркем тілмен суреттеп беретін «Өмір мектебі» трилогиясы да өмір танытушылық және тәрбиелік жақтарымен құнды. Романда жазушы өзінің балалық және жастық шағын бейнелейді. Оқушылардың көз алдына еңбекші халықтың ауыр тұрмысы, совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар елес береді. Қазақ республикасының қоғамдық, мемлекеттік жағынан өсіп нығаюы, қазақ интеллигенциясының қалыптасуы, оқу өнер, мәдениет және басқа да тарихи маңызы зор оқиғалармен біз осы роман арқылы танысамыз. Республикамыздың бүгінгі сәулетті өмірге жету жолында қандай қиыншылықтарды бастан кешіргенін осындай шығармалардан білеміз.
«Өмір мектебінің» қамтитын мәселесі кең. Оның алғашқы кітабынан революция алдындағы қазақ ауылын, ондағы тап тартысын, сұрықсыз өмір бейнесін көреміз. Кітапта бас қатыратын діни оқудан басқа орыс мектептері де ашылғандығы айтылады. Ауыл жастары соған қарай ойыса бастаған. Мұндай игі талап жолына жас Сәбиттің өзі де түспекші болады. Бұл жолда ол талай-талай қиыншылықтарға ұшырайды. Бірақ алған бетінен қайтпайды. Орыс тілін білуге, орыс мәдениетін үйренуге жанын салады. Mіне, осыдан бүгіндер әлемге танылған академик-жазушының болашаққа деген алғашқы қадамдарын көреміз, көреміз де сүйсінеміз.
Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы жазушы еңбектерінің өзі бір төбе. «Аққан жұлдыз» кітаптары мен «Шоқан Уәлиханов» пьесасын оқу арқылы қазіргі жастар түгіл ересектердің өзі еліміздің өткен тарихынан мол мәлімет алады. Оқушы қауым Қазақстандағы ғылым көктемінің алғашқы қарлығашы Шоқан Уәлихановтың ғасырлар бойы қасірет шеккен өз халқының адал ұлы екенін, орыстың революцияшыл демократтарының ең парасатты пікірлестерінің бірі екенін айқын таниды.
Сәбит Мұқановтың творчестволық жолының әр кезенің бейнелейтін «Ботагөз», «Өмір мектебі», «Сырдария», «Шоқан Уәлиханов» атты туындылары миллиондаған оқушы жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, халқымыздың жүрегінен берік орын алды.
Үлкен ой, көркем сөз шебері, қымбатты жерлесіміз Сәбит Мұқановтың халқымыз үшін атқарған осындай тамаша еңбектерін біз зор мақтан етеміз. Өзі өлгенмен артында қалған асыл қазынасы – терең мағыналы кесек көркем шығармалары жер шарындағы халықтар арасына кең тарып, жазушы көтерілген тұғыр биіктей түседі.

М. Мырзатаева.
қазақ ССР-ның еңбек
сіңірген мұғалімі.


Сырзатаева М. Кесек тұлға. Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында // Ленин туы.-1980.-3 маусым.-4 б.

 

Алыптың тұлғасы

Жарияланған Angela 25.02.2025 Жарияланымдар, Өмірбаяны |

Алыптар тобы!
Олар – ерте есейгендер. Олар – өңшең біріншілер, жаңа заманның жаңа лирикасын, жаңа эпосын жасағандар. Әдебиеттің барлық жанрларында төлбасылар атанып, алдағы асуларға революциямен бірге көтерілгендер.
«Алыптар тобы» деген аталы анықтаманың авторы Ғабит Мүсірепов әдебиет мәселесінің қай саласында болсын түгел атсалысқан үлкен топқа Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлинді, Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезовті, Сабит Мұқановты қосады да, оларды «біздің бір дәуірдің бүкіл адымын, бүкіл беталысын бір жолмен мықтап белгілеп кеткен» деп жоғары бағалайды.
Бір ғажабы: алыптар тобындағы жазушыларымыз жас жағынан алғанда да ерте ер жеткендер; олар отыз бен қырықтың арасында классикалық туындыларды дүниеге келтіріп үлгірген. Есептеп қараңыз: «Советстан» мен «Тар жол, тайғақ кешуді» Сәкен 31-33, «Сұлушашты» Сәбит 28 жасында жариялаған екен. Атақты «Абай жолы» эпопеясының «Татьянаның қырдағы әні» тарауын жұртшылыққа алғаш ұсынған Мұхтар қырықтың қырқасына енді ғана шыққалы тұр екен. Ал, «Раушан коммунист» пен «Даланың» авторлары – отызды орталағандар ғана. Алыптар тобына өзін-өзі қоспайтын, бірақ сол топтың сакатында тұруға әбден лайық, айтулы сөз зергері Ғәбит Мүсірепов «Тулаған толқында» повесін жариялаған кезде нәбәрі 26 жаста ғана.
Сәбит Мұқанов!
Иә, оның творчествосы – шын мағынасындағы ауқымды құбылыс, мәдениетіміздің тарихындағы орасан зор оқиға. Ұлттық әдебиет шеңберінен асып, Горький мен Маяковскийдің, Фадеев пен Шолоховтың замандас, әріптес серігі болу деңгейіне дейін шарықтап көтерілген Мұқанов қолына қалам ұстаған жарты ғасырдан астам уақыттың ішінде социалист реализм әдебиетін байытарлықтай тамаша шығармалар тудырды. Оның келелі де кезеңді дүниелерін санап шығудың өзіне ғана қалың анықтаманың бірнеше беті аз болар еді.
Сәбит Мұқанов – әдебиетімізде өзгелерге ұқсамайтын көркемдік әлемін жасаған аса дарынды жазушы. Оның басқалардан мүлде дараланып тұратын өз қолтаңбасы, нәр-нақысы, жазу мәнері, стилі бар. Ол жасаған образдар мен характерлерді тұрғыластары немесе кейінгі буын қаламгерлері қалыптастырған образдармен, характерлермен шатыстыру мүмкін емес. Ақын, прозаик, драматург, публицист, әдебиет тарихшысы, теоретигі, сыншы Сабит барлық жанрда да өте өнікті жұмыс атқарды, тіпті кейбір салаларда бастаушы, алғашқы сөзді айтушы болды.
Сәбит халықтың бай ауыз әдебиетін, кемеңгер Абайдың жанды дәстүрлерін игеріп қана қоймай, оның үстіне, қазақ совет әдебиетінде тыңнан тартқан жолы, өз дәстүрі, үлгі-өнегесі бар жаңашыл жазушы. Ол бізде роман жанрын қалыптастыру, өркендету жолында айтарлықтай еңбек сіңіріп, өзін нағыз романшы ретінде танытты, Ол поэзия саласында, әсіресе отызыншы жылдарда, орыс классиктерінің көркемдік тәжірибесіне иек арту, революцияның ұлы ақыны В. Маяковскийдің дәстүрін бойға сіңіру, дамыту бағытында үрдіс ақындық батылдық жасады. Қазақ өлеңінің мәдениетін көтеру, мазмұн мен түрді қатар жетілдіру, жаңа образ жүйесін енгізу, поззияда соны көркемдік суреттеу құралдарын табу, оларды орнықтыру ісінде Сәбит айрықша, алғырлық көрсетті. «Майға сәлем», «Колхозды ауыл осындай», «Сөз – Советтік Армия», «Поэзия маршалы» сияқты шығармалары осының айғағы.
Лирикамен қатар, поэзияның эпикалық формасын дамыту саласында да Сәбит ауыз толтырарлықтай көркемдік жетістіктерге жетті. «Батырақ» пен «Октябрьдің өткелдері» жиырмасыншы жылдардағы поэмалардың қатарынан лайықты орын алса, «Сұлушаш» атты өлеңді романы ақынның ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің кезеңді шығармасынан саналады.
Ал, отызыншы жылдардың орта кезінде дүниеге келген «Ақ аю» поэмасы Сәбиттің поэма жанрындағы жаңа бет алысын, көркемдік ізденістерін байқатты. Челюскиншілердің қажыр-қайраты, оларға қол ұшын берген совет ұшқыштарының ерлігі шығармада жаңа бір ақындық тәсілдер арқылы суреттелді.
Ақынның қырқыншы, елуінші және алпысыншы жылдардағы өлеңдері мен поэмалары оның поэзиядан қол үзбегенін ғана емес, сонымен қатар өзіндік бейне-бедерлер табуға ұмтылғанын дәлелдейді, («Коммунистік партия», «Тың, толғауы», «Замандас туралы аңыз», «Тыныс» тақырыбындағы шоғыр өлеңдер).
Алыптар тобындағы айтулы дарын иесінің мол мүмкіншілігі, қаламының қарымдылығы, заманның көкейтесті мәселелерін өзгерлерден бұрын аңғарып, оқырмандарының алдына дер кезінде тартып отыратындығы, өмірдің қатпар-қатпар қалың оқиғаларын терең зерттей білетіндігі Сәбиттің, әсіресе, көркем прозадағы көрнекті шығармаларынан айқын көрінді.
Жиырмасыншы жылдардағы «Әсия», «Ақбөпенің сыры» тәрізді әңгіме, повестері оны үлкен прозаның сүрлеуіне түсірді де, дүниеге «Адасқандар» романын әкелді. Бірер бөлімі «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы бірінші санында жарияланған бұл шығарма 1931 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Төрт жылдан кейін, яғни 1935 жылы түзетіліп, екіншi рет жарияланды.
Әлбетте, жазушы өзі бес саусағындай білетін оқиғаны романның негізгі желісі етіп алды да, қоғамдағы ескі мен жаңаның күресін көрсетуді мұрат тұтты. Роман Сәбиттің үлкен прозаға ден қойғандығын, оның шеберлік сырларын меңгере бастағанын байқатты. Оқиғаны өрбітіп-өрістетуі, байланыстыруы, әсіресе тілінің ұсталығы жағынан «Адасқандар» сол тұстағы жас прозамыздың ұтымды жәйттерін еске салады. Солай бола тұрса да, жұртшылықтың сын-ескертпелерін ескере отырып, жазушы «Адасқандарға» қайта бip оралып, оны «Мөлдір махаббат» деген атпен жариялады (1959).
«Адасқандарға» жалғас ауылды советтендіру тақырыбын кеңінен қозғайтын көлемді бір дүние – «Теміртас» (1935) романының бірінші кітабы жазылды. Арада екі жыл өтер-өтпестен, «Әдебиет майданы» журналының 1937-1938 жылдардағы бірнеше нөмерлерінде «Есіл» атты жаңа романның тараулары жарық көрді. Сонымен, Сәбиттің роман соңынан роман тудырып, үлкен прозаның ауыр жүгін арқалауға сеніммен кіріскені, жемісті жұмыстар атқарып үлгергені ақиқатқа айналды.
1938 жылы қазақ прозасының ең әйгілі, ең белді, шоқтығы биік туындыларының бірі «Жұмбақ жалау» (кейін «Ботакөз» атанған) романы туды. Оны қазақтың тұңғыш әлеуметтік – психологиялық романы десек, асыра бағалағандық бола қоймас.
«Ботакөздің» құндылығы – халық бұқарасының тарихта шешуші роль атқаратындығын дұрыс көрсетуінде, сол халықтың арасынан шыққан озат ойлы, қайратты, жаңа адамдардың типтік образдарын жасауында. Романда қазақ ауылындағы тап тартысы, орыс, қазақ халықтарының достығы, большевиктердің басшылық ролі жарқын суреттеледі. «Правда» газетінде (1949 жылғы 17 май) атап көрсетілгеніндей, жазушы бұл шығармасында «Қазақстан халықтарының революцияшыл дәуірін тарихи тұрғыдан дұрыс суреттейтін шын мәнісіндегі аса көрнекті еңбек тудырған».
Сәбиттің «Сырдария» романы, «Өмір мектебі» трилогиясы, алғашқы екі кітабы оқырмандардың қолына тиіп, үшінші кітабы аяқталмай қалған «Аққан жұлдыз» трилогиясы, бұдан басқа «Бақташының баласы» повесі, тың игерушілер туралы очерк жинақтары, роман үзінділері – қажырлы қаламгердің прозадағы кең құлашын, тастабандаған түбегейлі еңбегінің елеулі жемісін талассыз танытады.
Драматургия саласындағы айтулы туындыларының қатарына «Күрес күндерінде», «Шоқан Уәлиханов», «Сәкен Сейфуллин» пьесаларын қосамыз.
Әдебиет сынына, әдебиет тарихын зерттеу мәселелеріне ә дегеннен араласып, белсене қызмет атқарған Сәбит Мұқанов жүздеген мақалаларын есептемегенде күрделі монографиялар мен еңбектер жазды («Қазақтың XVIII-XIX ғасырлардағы әдебиеті тарихынан очерктер», «Өсу жолдарымыз», «Жарқын жұлдыздар», «Халық мұрасы»).
Коммунист – жазушы Сәбит Мұқанов идеология майданының белсенді жауынгерлерінің бірі болды, буржуазияшыл-ұлтшылдарға қарсы бітімсіз күрес жүргізді, әдебиеттің партиялығы мен халықтығының, коммунистік идеялылығының лениндік принциптерін қорғады, социалистік реализм әдісі принциптерін орнықтыру жолында барлық күш-жігерін аямай жұмсады. Ол жас қаламгерлердің шын мәнісіндегі қамқоршысы, ұстазы бола білді.
С. Мұқанов шығармалары Одақ көлемінде әлдеқашан танылып, дүние жүзілік даңққа ие болды. Оның таңдаулы туындылары СССР халықтарының және социалистік ынтымақ елдерінің тілдеріне аударылып, еңбекшілердің зор сүйіспеншілігіне бөленді.
Атақты жазушының шығармалары шетел оқырмандары арасында берік беделге ие екендігін мына бір фактіден көруге болады. Мәселен, 1963 жылы Куба Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші секретары, Куба республикасы Мемлекеттік Советі мен Министрлер Советінің Председателі Фидель Кастро Сәбит Мұқановқа арнаулы хат жазып, кітабын сыйға тартқаны үшін алғыс айтады, туысқандық сәлемін жолдайды. Хат ішіне Кастроның қолтаңбасы қойыпған сүреті салыныпты. Сол хаттың бір жерінде ол Сәбитке былай деп жазған:
«Біздің халқымыздың азаттығы жолындағы күреске Сіздердің пейілдестігіңіз, империалистік агрессияға қарсы күресте Сіздердің қолдауыңыз, елімізде социализм орнатуға Сіздердің көмегіңіз біздің алдағы мақсатымызға жету жолында ұлы мәдет болып табылады».
Сәбит Мұқанов ірі қоғам қайраткері еді. Ол бірнеше жылдар бойы республика Жазушылары одағын басқарды, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, партияның ХХІІІ съезінің делегаты болып сайланды. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, республика Ғылым академиясының академигі атақтарына лайықты ие болды. Оның кеудесіне екі рет Ленин ордені, екі рет Еңбек Қызыл Ту ордені, «Құрмет Белгісі» ордені тағылды.
Халық жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Солтүстік Қазақстанның бір шаруашылығына, облыстық кітапханасына, Алматы мен Петропавл қалаларының кешелеріне оның есімі берілді. Республика астанасында С. Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылды.
Жақында «Жазушы» баспасы Сәбит Мұқанов шығармаларының он алты томдығын басып шығару ісін аяқтады. Қазіргі уақытта республика әдебиетшілерінің үлкен бір тобы ол жайындағы естеліктер кітабын әзірлеуде. Болашақта қазақ адебиеті классигі шығармаларының толық жинағын шығару мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.
Сөйтіп әдебиет алыбының тұлғасы бұрынғыдан да биіктеп, жарық жұлдыздай жарқырай түспек.

С. СЕЙІТОВ.


Сейітов С. Алыптың тұлғасы // Қазақстан мұғалім.-1980.-6 маусым.-3 б.

Жазушы атындағы кітапханада

Жарияланған Angela 25.02.2025 Естеліктер, Жарияланымдар |

Қазақтың белгілі жазушысы, қазақ, совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Сәбит Мұқановтың есімі Солтүстік Қазақстан облысы мен Петропавл қаласының еңбеккерлеріне ертеден бегілі. Өйткені ол Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Жамбыл ауданында туған. Мектепте оқыған көзі мен азамат болуы осында, Петропавл қаласында қалыптасқан.
Петропавл қаласының тұрғындары өздерінің даңқты жерлесінің есімін әр уақытта да мақтаныш сезіммен атайды.
Сәбит Мұқанов біздің облыстың халы, ағарту саласын, мәдениеті мен экономикасын өркендету ісіне әр уақытта көмектесіп, қамқорлық көрсетіп отырды. Оған мысалды қазіргі өзіміздің С. Мұқанов есімімен аталатын кітапхананың өзінен келтіруге болады.
Петропавл қаласының өсіп, өркендеуіне байланысты бізде кітап оқырмандарының саны да көбейе түсті. Осыған орай облыс орталығында өскелең өмір талабына сай арнаулы үлгі-жобамен облыстық кітапхана үйін салу керек болды. Игі істің жүзеге асырылуына Сәбит Мұқанов тарапынан кезінде елеулі көмек көрсетілген еді.
Біздің сүйікті жазушымыз әрі жерлесіміз Сәбит Мұқановтың осыдан 10 жыл бұрын 70 жасқа толуы құрметіне оған қалалық партия комитетінің жене халық депутаттары Петропавл қалалық Советі атқару комитетінің шешімімен Петропавл қаласының құрметті азаматы атағы берілді.
Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың коллективі жазушының 80 жасқа толу мерейтойын жан-жақты әзірлікпен қарсы алып, кеңінен атап өтті. Ең алдымен кітапхананың көрнекті жеріне жазушының Ленинград қаласында мрамордан жасалған бюстісі орнатылды.
Әзірлік жұмыстары «Тамаша талантты жазушы» – деген тақырыппен оның өмірі мен жазушылық қызметін баяндайтын көрме ұйымдастырудан басталды. Онда Сәбит Мұқановтың қазақ, орыс және еліміздегі басқа да халықтардын, тілдерінде басылған кітаптары қойылды.
Көрменің суреттерден тұратын бөлімінде жазушының облыстың колхоз, совхоздарында, Петропавл қаласының кәсіпорындарында жұмыс істейтін еңбек адамдары және мектеп оқушылары, оқу орындарының студенттерімен түскен суреттері қойылған. Олардың ішінде жазушының КПСС XXIII съезіне делегат болып қатысқан кезінде Кремльде Совет Одағының Маршалдары Г. К. Жуков, А. М. Васильевскийлермен түскен суреттері бар. Ал көрменің, үшінші бөліміне көрнекті жазушының облыстық, республикалық, орталық газет, журналдарда жарияланған мақалалары, публицистикалық шығармалары қойылды.
Кітапхана кызметкерлерінің қатысуымен Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-интернатында «Халық өмірінің жыршысы» деген тақырыпта жазушының өмірі мен творчествосына арналған қызықты әдеби кеш өткізілді. Онда мектеп-интернатта қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін М. Мырзатаева жазушының өмірі мен творчествосы жайында баяндама жасады.
Жазушының, туғанына 80 жыл толуына орай кітапханада С. Мұқановтың музей-бөлмесі ашылды. Онда жазушының өмірі мен творчестволық қызметін көрсететін материалдармен бірге оның шығармалары, өзі пайдаланған жазу құралдары, еңбек адамдарымен жазысқан хаттары, басқа да көптеген заттары бар. Ал Жамбыл ауданының Сәбит Мұқанов атындағы совхозында жазушының музейі ашылды. Музейді ұйымдастыру және жабдықтау ісіне облыстық кітапхана тарапынан көп көмек көрсетілді.
Алдағы уақытта облыстық, кітапхана алдында көрнекті жазушының мүсіні орнатылады.
Коммунист-жазушы Сәбит Мұқановтың 80 жасқа толуын облыстың, колхоз, совхоздары, мектептері мен оқу орындары кең көлемде атап өтуде.

В. КАШЕМИРОВА, Петропавл қаласындағы С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың директоры.


Кашемирова В. Жазушы атындағы кітапханада // Қазақстан мұғалім.-1980.-6 маусым.-3 б.

Сәбит Мұқанов сыр шертеді

Жарияланған Angela 25.02.2025 Естеліктер, Жарияланымдар |

1967 жылы Сәбеңді Петропавл еңбекшілері Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат етіп ұсынған күндерде жазушы өзі қолқалап, мені сапарға бірге алып шығып еді. Сол жолдағы әңгімелердің арасында Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезов жөнінде айтқан ой-толғаныстарынан азғана штрихтарды сіздердің назарларыңызға ұсынамын.
– Соғыстан бұрын Леонид Сергеевич Соболев Алматыға келе қалды. – деді Сәбең тағы бір әңгімесінде, – Мұхтармен бірге «Абай» трагедиясын жазысты. Қазақ поэзиясы антологиясын Москвада орысша шығаруға жәрдемдесті. Әуезов екеуміз атақты жазушыны бір күні Жамбыл аулына алып бардық.
Үйіне, дәлірек айтсақ, өзінің жататын бөлмесіне кіріп келсек, алтын тәтеміз бір мәсісін киіп, екінші аяғының шұлғауын орап отыр екен. Мұхаң бірден тіл қатты:
– Мына кісі Мәскеуден келді. Сіздің жырлағаныңызды естідім дейді…
Жәкең сонда екінші мәсісін киместен:
– Домбырамды әперші, көрейін, – деп, өзі жырлаған «Манастың» нұсқасын заулата жөнелді.
Ақсақалымыз аса көңілді екен. Адамның қияпатына қарап, адамгершілігін тереңнен түсінетіні – Жәкеңнің жақсы қасиеттерінің бірі.
Жылы жүзді, көрікті, тұлғалы, биязы мінезді Леонид біздің қарияға бірден ұнады білем, әлгіндей ықылас білдіруі біз күтпеген ілтипат. Жәкең тіпті әріге сілтеді, екі-үш сағаттай шырқады.
– Ойбай, Сәбит-ау, мынау сұмдық қой! «Манастың» бұл нұсқасын неге білмей жүргенбіз? – деді Мұхаң бір тұста.
Мұхтардың тілі жүйрік, Соболевке қолма-қол, жолма-жол аударып бергенде орыс жазушысының аузының суы құрып:
– Ағып тұрған поэзия ғой мынау! – дегені есімде.

* * *

– Ұлы Отан соғысы жылдарында, анығырақ айтсам 1943 жылы, халық ақындарының айтысы өтті. Оны ұйымдастырған, басқарған – Ғабит Мүсірепов. Барлық облыстан кәрі тарлан, жас айтқыштар келді. Бір күні қарағандылық Маясар мен семейлік Нұрлыбек айтысты. Маясар жаттандыға үйірлеу, күні бұрын әзірлеп алғанын пысықтап, сонысынан танғысы келмейді білем, кең көсілмеді.
Нұрлыбек мәдениеттірек, сауаттырақ, алғырырақ, қарсыласын қуырып барады. Шашубай Маясар үшін шамданып, түксие қалды. Қолтығындағы сырнайды бұлғап-бұлғап өре түрегелді. Нұрлыбек тұра қашты:
– Жарамаймын бұл кісімен айтысқа, – деді. Мұнысында әрі үлкенді құрметтеу, әрі талантты сыйлау бар.
Шашубай шырқай жөнелді:
– Жылына үш түлеген ақ бүркітпін,
Сен түгіл, аюды да сан үркіттім», – деді. Мынау бейнелер бәріміз үшін тосын, тұтқиылдан табылған дүниедей… Өзгеміз түгілі Мұхаң (М. Әуезовті айтады – М. Ә.) шүбә келтірді.
– Ақ бүркіт дегенді, Сәбит, естіген жоқпыз. Мына кісі ұйқас үшін келтірді-ау тегі, -деді, – Ақ иық деген бар. Ол бір басқа…
Екі-үш жылдән соң Томскіге барсам, хайуанаттар паркіне кірсем, ақтығы аппақ сүттей мұз мұхиты бүркітіне тап болдым. Шалғысы екі метрдей бар. Өтірік айтса, жаны шықсын, экскурсоводтардың сөзіне нансақ, әлгі ақ бүркіт аюға да түседі екен. Сібірден оралған соң осы естігендерімді Әуезовке де айтып едім:
– Шашекең жарайды, біз анада бекер-ақ шүбәланған екенбіз-ау ақ бүркіт хақында. Бірақ күдіктенбесең, күңгірт нәрселер анықталмай қала береді, – деп түйіндеді ойын Мұхаң.
– Осы халық ақындарын оншама оқымаған деп надан көретініміз бекер-ау, Сәбе! – дедім мен сөзге араласып.
– Мәселе сонда! Ел ақындары дегендеріңіз, шетінен бар ғой, өз тұсының тарихшысы, өз заманының білгіші боп келеді. Нағыз тілшілерің де осылар. Шашубай сол білгіштеріңнің мықтысы еді. Мысалы, Шашекеңнің мынадай өлеңі бар:
– Еңселігі екі елі,
Тақия сыймас шекелі.
– Шашеке! Еңсе не? – деп сұрадым. Мұхтар да құлағын түре қалды.
– Еңсе дегенің екі қастың арасы, – деп түсіндірді қария. Атты мақтағанда «құлағын біздей қадаған» дегені де әдемі ғой. «Қидасып кері жілікті!» – деп те бір күні айтып қалды. Сиырдың ғой асығы артқы аяғында болады. Жылқының артқы аяғында асық жоқ, соның орнына жылқыға бітетін тапанша сияқты сүйек бар. Соны «қидасып» дейді.
Мұны да қарт Шашекеңнің өзінен сұрап білдім.
– Байтабаның не екенін білесің бе?
– Естіген сөзім, әйтеуір қазақ тілінде бар ғой.
Сәбең ұғып ал дегендей, маған қарай бір табан сырғи түсіп, түсіндіре бастады.
– Осы сөздің мән-мағынасын тілші-ғалымдарымыздан – Ісмегтен де, Ғайниденнен де, Мәуленнен де сұрадым. Ешқайсысы түптеп бере алмады.
Біздің Күмісай деген шешеміз болды. Жетім кезімде апама барам деп, жолға жиналдым. Сонда шешеміз келініне:
– Аяғына бәйтабаны кигізе ғой, – деді.
Қойдың жабағысынан істелген киім, жүн жағы ішінде, қақ жағын сыртына қаратқан. Күн суыта бастаған кезде осы байтаба ауылда көп сөз болатын…
Крокодилдің қазақшасы – қолтырау екенін (мәселен ел жырындағы: «Қолтыраудай танаулы, саптыйяқтай ерінді, сарымсақтай аяулы»), жирафтың қазақшасы – керік екенін Сәбит Мұқанов, сол Алматы – Қызылжар сапарында айтып беpiп еді. Қазір осы екі атау аудармада анда-санда шаң көрсетіп жүр.
Бұл да С. Мұқанов тірілткен сөздер. Тілдік ізденісте де Сәбит Мұқанов өзінің ұлы тұстасы Мұхаңнан үйрене жүре, көп шаруа тындырғандығы.

 

* * *

1967 жылы қыста Петропавлға барған күні түстен кейін қалалық атқару комитетінің құрметті азаматтарға диплом тапсыруға арналған сессиясы болуға тиісті екен. Депутаттыққа ұсынылған жазушыға нөкер боп бара жатқан соң маған да ең кем дегенде бір сөз тиерін білгем. Бірақ үйде бірауыз сөз жазуға, С. Мұқанов жайында жаңа материалдар, ой толғаныстар іздестіруге мұршам болмады.
Уақыттың тар құрсауы қысқанда ышқындырып-ақ жібереді. Мен сондықтан да таңғы төртте поездан түсіп, қонақ үйге жайғасқанмен көзімді іле алмадым. Ұйқы жоғын сезгем соң Сәбит Мұқановтың қазақ мәдениеті тарихындағы орны туралы он-он бес минуттық сөзді орысша жазуға кірістім.
Сағат онның шамасында есігін қақсам, ағамыз ояныпты, бірақ тұрмапты.
– Әй, товарищ, сен қалай ерте ояндың? – деді.
– Иә, ерте ояндым. Сізге бір сөз оқып берсем, қайтеді? Шамасы он екі-он үш минуттай.
– Оқы.
Мен оқып болғанда Сәбең:
– Дұрыс! – деді. – Орысшаң біраз бар екен. Ұйықтамаған екенсің, ә?..
Түстен кейін сессия басталды.
Мен бесінші боп сөз сөйлеп шықтым. Қасымда отырған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Әнуарбек Шманов:
– Ну старик, қалай қаймықпадыңыз! Көніліне келмей ме? Сөзді Әуезовтен бастағаныңыз қалай? – деп жатыр.
– Мен өзіне оқып бергем әуелі. Ризалығын білдіргендей болған. Жалпы соңғы кезде ағасының алыптығын ауыз екі әңгіме үстінде айрықша атап жүрген жайы бар бұл кісінің.
– Ә, солай ма?..
Сөзімнің бастамасында қазақ халқының тіл өнеріне көзқарасын, өлең сөзге деген философиясын күнделікті тәжірибедегі мысалдармен тиянақтай келіп Мұхтар Әуезовтің классикалық мағынадағы профессионал әдебиетте дүние жүзіне танылуы – өскен ел қазаққа берілген мақтанышы мандатындай деген пікірге біраз аялдағаным барды.
Содан кейін Сәбит Мұқанов еңбектеріне бойлағанмын. Әнуарбектің «Ол қалай?» деуі содан.
Шытырлақтардың бірі болса; «Сен өзің кімге еріп келдің, кімнің шашбауын көтеруге тиісті едің, мынауың мені көтергенің бе, қорлағаның ба?» – деген тәрізді бірдеңелерді қоқсытар еді-ау, ә?
Жоқ Сәбең ләм-мим демеді. Өз ұлылығы өзіне жетіп жатса, өйтпегенде қайтеді?!..
***
– Жазушы Галина Серебрякованың төрінде Карл Маркс пен Сәкен Сейфуллиннің портреттері ілуі тұр, – деп, Сәбит ағамыз революционер ақын, қазақ совет әдебиетінің серкесі жайындағы ұзақ әңгімеге кошіп кетті.
– Сәбе, Сейфулпин Сәкен хақында бір кітаптық дүниеңіз басыңызда жүр ғой өзі, – деп едім.
– Рас, М. Әуезов турасында да бір кітап пісулі, – деді С Мұқанов.

М. ӘЛІМБАЕВ.


Әлімбаев М. Сәбит Мұқанов сыр шертеді // Қаазақстан мұғалімі.-1980.-6 маусым.- 3 б.

 

Copyright © 2000-2025 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».