Кесек тұлға. Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында

Жарияланған Angela 25.02.2025 Естеліктер, Жарияланымдар, Өмірбаяны |

Сәбит Мұқанов!.. Бұл есімді Алтайдан – Алатауға, Ертістен Атырауға дейін созылған ұлан-ғайыр республикамызда білмейтін бір де бір адам жоқ екені шүбәсіз. Өйткені, ол қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі ғана емес, сонымен бірге жаңа дәуірдің жалынды жыршысы, көрнекті мемлекет қайраткері, бейбітшілік жолындағы күрескер болды. Жиырмасыншы ғасырдың құрдасы – Сәбит Мұқановтың өмірі мен творчествосы туған еліміздің және республикамыздың шежіресі іспетті. Жаңа дәуірдің шежіресін жазған ол әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ту ұстаушыларының бірі болды. Оның қазақ совет әдебиетінің әліппесін жасауға қатысқан айырықша зор еңбегін ақын Ғаббас Жұмабаев:
«Қазақта мөлдіреген бір бұлақ бар, Кәдімгі Мұқановтан басталатын», – деген өлең жолдарымен дөп бейнелеген болатын.
Жаңа ғасырдын басында туған С. Мұқанов дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Октябрь революциясының рауан таңы атқанда қолына қалам алды. Kiсі есігінде жалшылықта жүрген балаң жігіт қаттас дүниеге нұр-сәуле шашқан жаңа заманды құшақ жайып қарсы алып, «Көңілім» атты өлеңімен шашу шашты. Революция сұңқары С. Сейфуллинмен тетелес қалам мен қаруды қатар ұстап, «Бостандық» өлеңінде өзі жырлаған азаттықтың ақ таңы үшін аянбай күресті.
Ол бүкіл саналы өмірін туған халқына, төл әдебиетімізге арнады. Өзі айтқандай, көркем сөзге қаламы мұқалмайтын сарабдал суреткер атанып, академик-жазушы дәрежесіне көтерілді. Елімізбен бірге өсіп, біте қайнасқан, оның ыстығына күйіп, суығына тоңған, бірақ тура жолдан таймаған тарлан талант ақтық демі біткенше туған халқының көркем шежіресін жасады. Міне, сол үшін де даңқты жерлесімізді Есіл бойының еңбекшілері ғана емес, онымен дидарласқан Европа мен Азия құрлықтарының барлық прогресшіл халықтары қадір тұтады.
С. Мұқановтың творчестволық жолы қазақ совет әдебиетінің туу, қалыптасу және өсу-өркендеу кезеңдерін анық та айқын көрсетеді. Өйткені, оның өмір жолы, әдебиеттегі өмірбаяны республикамыздағы социалистік құрылыс пен тарихи дамудың және әдебиетіміздің негізгі дәуірлерімен тығыз байланысты. Ол қазақ совет поэзиясы мен прозасынын пионері ғана болып қоймай, кенже қалған әдебиетіміздің барлық жанрына араласып, барынша мол үлес қосты. Ең бастысы, ол елімізді ғана емес, сонымен бірге әдебиетіміз бен мәдениетімізді де тап жауларынан қорғауға белсене қатысты.
Біздің халқымыздың басынан өткен санқилы өмір жолдарында Сәбит Мұқанов араласпаған бірде-бір оқиға жоқ. Қазақ елінің өткені мен бүгінгісі, географиясы мен этнографиясы, тарихи дамуы мен эстетикасы оның жүздеген өлеңдері мен поэмаларында, очерктері мен әңгімелерінде, пьесалары мен романдарында өз бейнесін тапты. Өз Отанын оның бұрынғысы мен қазіргі жайын білгісі келетін жас ұрпақ оның шығармаларына соқпай кете алмайды. Әкелер өткен даңқты жолды олар «Ботагөз», «Өмір мектебі» сияқты үздік туындылардан үйренеді, сол дәстүрді жалғастырады.
«Сұлушаш» атты өлеңмен жазылған романнан оқушылар ескі өмірдегі жалпы әлеуметтік теңсіздікті, әйелдердің бас бостандығы жоқтығын Алтай мен Сұлушаш оқиғасы арқылы ғана біледі. Сұлушаш трагедиясы, оның өз бақыты үшін күресі оқушылар көңіліне өшпес із қалдырады. Осыншама қаталдық пен тағдыр ауыртпалығын бастан өткерген жас қызға жандары ашиды. Ескі өмірде өксіп өткен осындай қазақ қыздары бейнесінің бүгінгі бақытты қыздар үшін тәрбиелік мәні зор.
Оқырмандарға үлкен ой салатын шығарма – «Ботагөз». Роман біздің халқымыздың он жылдық тарихын қамтиды. Революцияға дейінгі бұқараның бақытсыз өмірінің, 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысының, февраль революциясының жеңістері, Совет өкіметінің орнауы және азамат соғысы жылдарында Октябрь жеңістерін қорғап қалған совет адамдарының күресі бұл кітапта оқушының көз алдына айқын елес береді.
Романда ұлы Лениннің ісі үшін, халық бақыты үшін, Коммунистік партияның сара жолы үшін күрескен қазақ коммунист -революционерлерінің тамаша бейнесі жасалған. Революционер большевик Асқар Досанов, халықтың қалың бұқарасынан шыққан Амантай, қазақ әдебиетінің арнасынан шығып, қоғамдық өмірге белсене араласқан тұңғыш революционер Ботагөз образдары – жас ұрпақты халық бақыты үшін күреске баулитын өшпес бейнелер. Асқар мен Ботагөз образдары мен іс-әрекеттерінің тәрбиелік жағы бұл ғана емес, олардың өмірі бүгінгі жастарымызға жеке бастарының адамгершілік қасиеттері тұрғысынан да үлгі бола алады. Олардың бойларындағы кішіпейілдік, биязылық қасиеттер, жақынға жақсылығын аямау, қиянатқа төзбеу, қандай аласапыран кезде болмасын адамгершілік арын биік ұстаулары кімге де болсын үлгі, өнеге емес пе? Асқардың әр істе сабырлылық, төзімділік етуі, аспай саспай ақылмен қимылдайтын қалпына жарасып тұрғанын аңғару қиын емес. Әсіресе, бала оқытып, тәрбие ісімен айналысатын адамға әділетті жақтау, ұйымшылдық, адалдық деген қасиеттерді жоғары ұстау, өзі ғана емес, өзгенің қамын жейтін көпшіл болу осы заманғы талап міндеттерге де дөп келеді.
Халқымыздың басынан өткен өмір шындығын бүгінгі қауымға көркем тілмен суреттеп беретін «Өмір мектебі» трилогиясы да өмір танытушылық және тәрбиелік жақтарымен құнды. Романда жазушы өзінің балалық және жастық шағын бейнелейді. Оқушылардың көз алдына еңбекші халықтың ауыр тұрмысы, совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар елес береді. Қазақ республикасының қоғамдық, мемлекеттік жағынан өсіп нығаюы, қазақ интеллигенциясының қалыптасуы, оқу өнер, мәдениет және басқа да тарихи маңызы зор оқиғалармен біз осы роман арқылы танысамыз. Республикамыздың бүгінгі сәулетті өмірге жету жолында қандай қиыншылықтарды бастан кешіргенін осындай шығармалардан білеміз.
«Өмір мектебінің» қамтитын мәселесі кең. Оның алғашқы кітабынан революция алдындағы қазақ ауылын, ондағы тап тартысын, сұрықсыз өмір бейнесін көреміз. Кітапта бас қатыратын діни оқудан басқа орыс мектептері де ашылғандығы айтылады. Ауыл жастары соған қарай ойыса бастаған. Мұндай игі талап жолына жас Сәбиттің өзі де түспекші болады. Бұл жолда ол талай-талай қиыншылықтарға ұшырайды. Бірақ алған бетінен қайтпайды. Орыс тілін білуге, орыс мәдениетін үйренуге жанын салады. Mіне, осыдан бүгіндер әлемге танылған академик-жазушының болашаққа деген алғашқы қадамдарын көреміз, көреміз де сүйсінеміз.
Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы жазушы еңбектерінің өзі бір төбе. «Аққан жұлдыз» кітаптары мен «Шоқан Уәлиханов» пьесасын оқу арқылы қазіргі жастар түгіл ересектердің өзі еліміздің өткен тарихынан мол мәлімет алады. Оқушы қауым Қазақстандағы ғылым көктемінің алғашқы қарлығашы Шоқан Уәлихановтың ғасырлар бойы қасірет шеккен өз халқының адал ұлы екенін, орыстың революцияшыл демократтарының ең парасатты пікірлестерінің бірі екенін айқын таниды.
Сәбит Мұқановтың творчестволық жолының әр кезенің бейнелейтін «Ботагөз», «Өмір мектебі», «Сырдария», «Шоқан Уәлиханов» атты туындылары миллиондаған оқушы жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, халқымыздың жүрегінен берік орын алды.
Үлкен ой, көркем сөз шебері, қымбатты жерлесіміз Сәбит Мұқановтың халқымыз үшін атқарған осындай тамаша еңбектерін біз зор мақтан етеміз. Өзі өлгенмен артында қалған асыл қазынасы – терең мағыналы кесек көркем шығармалары жер шарындағы халықтар арасына кең тарып, жазушы көтерілген тұғыр биіктей түседі.

М. Мырзатаева.
қазақ ССР-ның еңбек
сіңірген мұғалімі.


Сырзатаева М. Кесек тұлға. Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында // Ленин туы.-1980.-3 маусым.-4 б.

 

Copyright © 2000-2025 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».