Алыптың тұлғасы

Жарияланған Angela 25.02.2025 Жарияланымдар |

Алыптар тобы!
Олар – ерте есейгендер. Олар – өңшең біріншілер, жаңа заманның жаңа лирикасын, жаңа эпосын жасағандар. Әдебиеттің барлық жанрларында төлбасылар атанып, алдағы асуларға революциямен бірге көтерілгендер.
«Алыптар тобы» деген аталы анықтаманың авторы Ғабит Мүсірепов әдебиет мәселесінің қай саласында болсьгн түгел атсалысқан үлкен топқа Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлинді, Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезовті, Сабит Мұқановты қосады да, оларды «біздің бір дәуірдің бүкіл адымын, бүкіл беталысын бір жолмен мықтап белгілеп кеткен» деп жоғары бағалайды.
Бір ғажабы: алыптар тобындағы жазушыларымыз жас жағынан алғанда да ерте ер жеткендер; олар отыз бен қырықтың арасында классикалық туындыларды дүниеге келтіріп үлгірген. Есептеп қараңыз: «Советстан» мен «Тар жол, тайғақ кешуді» Сәкен 31-33, «Сұлушашты» Сәбит 28 жасында жариялаған екен. Атақты «Абай жолы» эпопеясының «Татьянаның қырдағы әні» тарауын жұртшылыққа алғаш ұсынған Мұхтар қырықтың қырқасына енді ғана шыққалы тұр екен. Ал, «Раушан коммунист» пен «Даланың» азторлары – отызды орталағандар ғана. Алыптар тобына өзін-өзі қоспайтын, бірақ сол топтың сакатында тұруға әбден лайық, айтулы сөз зергері Ғәбит Мүсірепов «Тулаған толқында» повесін жариялаған кезде нәбәрі 26 жаста ғана.
Сәбит Мұқанов!
Иә, оның творчествосы – шын мағынасындағы ауқымды құбылыс, мәдениетіміздің тарихындағы орасан зор оқиға. Ұлттық әдебиет шеңберінен асып, Горький мен Маяковскийдің, Фадеев пен Шолоховтың замандас, әріптес серігі болу деңгейіне дейін шарықтап көтерілген Мұқанов қолына қалам ұстаған жарты ғасырдан астам уақыттың ішінде социалиста реализм әдебиетін байытарлықтай тамаша шығармалар тудырды. Оның келелі де кезеңді дүниелерін санап шығудың өзіне ғана қалың анықтаманың бірнеше беті аз болар еді.
Сәбит Мұқанов – әдебиетімізде өзгелерге ұқсамайтын көркемдік әлемін жасаған аса дарынды жазушы. Оның басқалардан мүлде дараланып тұратын өз қолтаңбасы, нәр-нақысы, жазу мәнері, стилі бар. Ол жасаған образдар мен характерлерді тұрғыластары немесе кеиінгі буын қаламгерлері қалыптастырған образдармен, характерлермен шатыстыру мүмкін емес. Ақын, прозаик, драматург, публицист, әдебиет тарихшысы, теоретигі, сыншы Сабит барлық жанрда да өте өнікті жұмыс атқарды, тіпті кейбір салаларда бастаушы, алғашқы сөзді айтушы болды.
Сәбит халықтың бай ауыз әдебиетін, кемеңгер Абайдың жанды дәстүрлерін игеріп қана қоймай, оның үстіне, қазақ совет әдебиетінде тыңнан тартқан жолы, өз дәстүрі, үлгі-өнегесі бар жаңашыл жазушы. Ол бізде роман жанрын қалыптастыру, өркендету жолында айтарлықтай еңбек сіңіріп, өзін нағыз романшы ретінде танытты, Ол поэзия саласында, әсіресе отызыншы жылдарда, орыс классиктерінің көркемдік тәжірибесіне иек арту, революцияның ұлы ақыны В. Маяковскийдің дәстүрін бойға сіңіру, дамыту бағытында үрдіс ақындық батылдық жасады. Қазақ өлеңінің мәдениетін көтеру, мазмүн мен түрді қатар жетілдіру, жаңа образ жүйесін енгізу, поззияда соны көркемдік суреттеу құралдарын табу, оларды орнықтыру ісінде Сәбит айрықша, алғырлық көрсетті. «Майға сәлем», «Колхозды ауыл осындай», «Сөз – Советтік Армия», «Поэзия маршалы» сияқты шығармалары осының айғағы.
Лирикамен қатар, поэзияның эпикалық формасын дамыту саласында да Сәбит ауыз толтырарлықтай көркемдік жетістіктерге жетті. «Батырақ» пен «Октябрьдің өткелдері» жиырмасыншы жылдардағы поэмалардың қатарынан лайықты орын алса, «Сұлушаш» атты өлеңді романы ақынның ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің кезеңді шығармасынан саналады.
Ал, отызыншы жылдардың орта кезінде дүниеге келген «Ақ аю» поэмасы Сәбиттің поэма жанрындағы жаңа бет алысын, көркемдік ізденістерін байқатты. Челюскиншілердің қажыр-қайраты, оларға қол ұшын берген совет ұшқыштарының ерлігі шығармада жаңа бір ақындық тәсілдер арқылы суреттелді.
Ақынның қырқыншы, елуінші және алпысыншы жылдардағы өлеңдері мен поэмалары оның поэзиядан қол үзбегенін ғана емес, сонымен қатар өзіндік бейне-бедерлер табуға ұмтылғанын дәлелдейді, («Коммунистік партия», «Тың, толғауы», «Замандас туралы аңыз», «Тыныс» тақырыбындағы шоғыр өлеңдер).
Алыптар тобындағы айтулы дарын иесінің мол мүмкіншілігі, қаламының қарымдылығы, заманның көкейтесті мәселелерін өзгерлерден бұрын аңғарып, оқырмандарының алдына дер кезінде тартып отыратындығы, өмірдің қатпар-қатпар қалың оқиғаларын терең зерттей білетіндігі Сәбиттің, әсіресе, көркем прозадағы көрнекті шығармаларынан айқын көрінді.
Жиырмасыншы жылдардағы «Әсия», «Ақбөпенің сыры» тәрізді әңгіме, повестері оны үлкен прозаның сүрлеуіне түсірді де, дүниеге «Адасқандар» романын әкелді. Бірер бөлімі «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы бірінші санында жарияланған бұл шығарма 1931 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Төрт жылдан кейін, яғни 1935 жылы түзетіліп, екіншi рет жарияланды.
Әлбетте, жазушы өзі бес саусағындай білетін оқиғаны романның негізгі желісі етіп алды да, қоғамдағы ескі мен жаңаның күресін көрсетуді мұрат тұтты. Роман Сәбиттің үлкен прозаға ден қойғандығын, оның шеберлік сырларын меңгере бастағанын байқатты. Оқиғаны өрбітіп-өрістетуі, байланыстыруы, әсіресе тілінің ұсталығы жағынан «Адасқандар» сол тұстағы жас прозамыздың ұтымды жәйттерін еске салады. Солай бола тұрса да, жұртшылықтың сын-ескертпелерін ескере отырып, жазушы «Адасқандарға» қайта бip оралып, оны «Мөлдір махаббат» деген атпен жариялады (1959).
«Адасқандарға» жалғас ауылды советтендіру тақырыбын кеңінен қозғайтын көлемді бір дүние – «Теміртас» (1935) романының бірінші кітабы жазылды. Арада екі жыл өтер-өтпестен, «Әдебиет майданы» журналының 1937-1938 жылдардағы бірнеше нөмерлерінде «Есіл» атты жаңа романның тараулары жарық көрді. Сонымен, Сәбиттің роман соңынан роман тудырып, үлкен прозаның ауыр жүгін арқалауға сеніммен кіріскені, жемісті жұмыстар атқарып үлгергені ақиқатқа айналды.
1938 жылы қазақ прозасының ең әйгілі, ең белді, шоқтығы биік туындыларының бірі «Жұмбақ жалау» (кейін «Ботакөз» атанған) романы туды. Оны қазақтың тұңғыш әлеуметтік – психологиялық романы десек, асыра бағалағандық бола қоймас.
«Ботакөздің» құндылығы – халық бұқарасының тарихта шешуші роль атқаратындығын дұрыс көрсетуінде, сол халықтың арасынан шыққан озат ойлы, қайратты, жаңа адамдардың типтік образдарын жасауында. Романда қазақ ауылындағы тап тартысы, орыс, қазақ халықтарының достығы, большевиктердің басшылық ролі жарқын суреттеледі. «Правда» газетінде (1949 жылғы 17 май) атап көрсетілгеніндей, жазушы бұл шығармасында «Қазақстан халықтарының революцияшыл дәуірін тарихи тұрғыдан дұрыс суреттейтін шын мәнісіндегі аса көрнекті еңбек тудырған».
Сәбиттің «Сырдария» романы, «Өмір мектебі» трилогиясы, алғашқы екі кітабы оқырмандардың қолына тиіп, үшінші кітабы аяқталмай қалған «Аққан жұлдыз» трилогиясы, бұдан басқа «Бақташының баласы» повесі, тың игерушілер туралы очерк жинақтары, роман үзінділері – қажырлы қаламгердің прозадағы кең құлашын, тастабандаған түбегейлі еңбегінің елеулі жемісін талассыз танытады.
Драматургия саласындағы айтулы туындыларының қатарына «Күрес күндерінде», «Шоқан Уәлиханов», «Сәкен Сейфуллин» пьесаларын қосамыз.
Әдебиет сынына, әдебиет тарихын зерттеу мәселелеріне ә дегеннен араласып, белсене қызмет атқарған Сәбит Мұқанов жүздеген мақалаларын есептемегенде күрделі монографиялар мен еңбектер жазды («Қазақтың XVIII-XIX ғасырлардағы әдебиеті тарихынан очерктер», «Өсу жолдарымыз», «Жарқын жұлдыздар», «Халық мұрасы»).
Коммунист – жазушы Сәбит Мұқанов идеология майданының белсенді жауынгерлерінің бірі болды, буржуазияшыл-ұлтшылдарға қарсы бітімсіз күрес жүргізді, әдебиеттің партиялығы мен халықтығының, коммунистік идеялылығының лениндік принциптерін қорғады, социалистік реализм әдісі принциптерін орнықтыру жолында барлық күш-жігерін аямай жұмсады. Ол жас қаламгерлердің шын мәнісіндегі қамқоршысы, ұстазы бола білді.
С. Мұқанов шығармалары Одақ көлемінде әлдеқашан танылып, дүние жүзілік даңққа ие болды. Оның таңдаулы туындылары СССР халықтарының және социалистік ынтымақ елдерінің тілдеріне аударылып, еңбекшілердің зор сүйіспеншілігіне бөленді.
Атақты жазушының шығармалары шетел оқырмандары арасында берік беделге ие екендігін мына бір фактіден көруге болады. Мәселен, 1963 жылы Куба Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші секретары, Куба республикасы Мемлекоттік Советі мен Министрлер Совотінің Председателі Фидель Кастро Сәбит Мұқановқа арнаулы хат жазып, кітабын сыйға тартқаны үшін алғыс айтады, туысқандық сәлемін жолдайды. Хат ішіне Кастроның қолтаңбасы қойыпған сүреті салыныпты. Сол хаттың бір жерінде ол Сәбитке былай деп жазған:
«Біздің халқымыздың аззттығы жолындағы күреске Сіздердің пейілдестігіңіз, империалистік агрессияға қарсы күресте Сіздердің қолдауыңыз, елімізде социализм орнатуға Сіадердің көмегіңіз біздің алдағы мақсатымызға жету жолында ұлы мәдет болып табылады».
Сәбит Мұқанов ірі қоғам қайраткері еді. Ол бірнеше жылдар бойы республика Жазушылары одағын басқарды, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды, Қазақ СС.Р Жоғарғы Советінің депутаты, партияның ХХІІІ съезінің делегаты болып сайланды. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, республика Ғылым академиясының академигі атақтарына лайықты ие болды. Оның кеудесіне екі рет Ленин ордені, екі рет Еңбек Қызыл Ту ордені, «Құрмет Белгісі» ордені тағылды.
Халық жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Солтүстік Қазақстанның бір шаруашылығына, облыстық кітапханасына, Алматы мен Петропавл қалаларының кешелеріне оның есімі берілді. Республика астанасында С. Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылды.
Жақында «Жазушы» баспасы Сәбит Мұқанов шығармаларының он алты томдығын басып шығару ісін аяқтады. Қазіргі уақытта республика әдебиет-шілерінің үлкен бір тобы ол жайындағы естеліктер кітабын әзірлеуде. Болашақта қазақ адебиеті классигі шығармаларының толық жинағын шығару мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.
Сөйтіп әдебиет алыбының тұлғасы бұрынғыдан да биіктеп, жарық жұлдыздай жарқырай түспек.

С. СЕЙІТОВ.


Сейітов С. Алыптың тұлғасы // Қазақстан мұғалім.-1980.-6 маусым.-3 б.

Copyright © 2000-2025 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».