«Сәбит Мұқанов: Тұлға, Дәуір, Мұра»

Сәбит Мұқановтың 125-жылдығына арналған «Сәбит Мұқанов: Тұлға, Дәуір, Мұра» Ғылыми-практикалық конференциясы
«Жол таптым бар қазақтың жүрегіне…»

Биыл аты аңызға айналған жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толуы республика көлемінде кеңінен тойланып жатыр. Осыған орай жазушының туған жері Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында үлкен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Алыстан келген қадірлі қонақтар алдымен Сәбит Мұқановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан әрі Оқушылар сарайында «Сәбит Мұқанов: Тұлға. Дәуір. Мұра» атты республикалық ғылыми-практикалық конференңия өтті.
Конференция жұмысына Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, Мемлекет басшысының конференцияға арнаған құттықтауын жеткізді. Онда жазушының ұлттық мәдениетке, халықтың рухани әлемін, эстетикалық талғамын арттыруға, Қазақ Республикасы іргесінің алғашқы жылдардағы нығаюына сіңірген жазушылық, қоғамдық еңбегіне зор баға берілген. Мәлік Отарбаев осы конференцияға қатысып отырған жазушының перзенті Жанна Сәбитқызына Президенттің атынан шапан жауып, гүл шоқтарын сыйлады. Келесі кезекте сөз алған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те конференцияға қатысушыларға ыстық лебізін арнады. «Сәбит Мұқановтың біздің жерлесіміз болғанын әрқашан мақтан етеміз», деді ол сөзінде. Жазушының қызына әкім де ықылас білдіріп, гүл ұсынып, әкесінің портретін сыйлады. Ал қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, ақын Олжас Сүлейменовтің құттықтау сөзін жиын модераторы, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы оқып берді.
Осыдан әрі С.Мұқановтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді. Онда жазушының өміріне шолу жасалып, шығармашылығын терең білетін ғалымдар мен зерттеушілердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ой-пікірлері жазылған екен.
Конференция жұмысы одан әрі Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің сөзімен жалғасты. Ол жазушының өміріне қысқаша шолу жасап, ерекше еңбектеріне тоқталды. Соның ішінде Жазушылар одағын ең қатерлі 1937-1938 және 1943-1951 жылдары басқарып, сол кезеңнің өзінде оның дамуы мен ықпалының артуына зор еңбек сіңіргенін атады. «Сәбит Мұқанов қазақ халқының тарихын, фольклорын зерттеуге, айтыс, жыршылық сияқты ұлттық өнерлерін жаңғыртуға күш салды. Басына қауіп төнетініне қарамастан, қазақ тілінің дамуын да үнемі еске салып отырған. Ондаған қаламгердің қанатының қатаюына жәрдем етті. Жазушылар Есмағанбет Ысмайылов, Сафуан Шаймерденов, Тұрсынбек Кәкішев, Герольд Бельгер, т.б.
Сәбеңнің қамқорлығын көріп, әдебиетке қанат қақты. Ал қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовті үйіне тұрғызып, шығармашылығын қолдаған. Балалары оны «Әби-Жәми» деп атаған. Оның қарапайымдылығы, халыққа жақындығы барлық жазушыдан артық. Сәбең – сол мінезімен де аты аңызға айналған адам, халық оның жазғандарын іздеп жүріп оқитын. Мұхтар Әуезовпен шығармашылықта әдеби бәсекеге түсіп, үнемі үзеңгі қағыстырып жүрді. Ал бәсекелестік орта болған соң, қазақ әдебиетінің шығармашылығы да сол жылдарда қатты дамыды. Көршілес туысқан халықтар әдебиетімен салыстырғанда қазақ әдебиеті сол жылдарда көш-құлаш алға кетіп, оларға үлгі бола білді», деді Құлкенов сөзінде.
Осыдан кейін жазушының қызы Жанна Сәбитқызы Президентке, Үкіметке, облыс басшылығына, ғалымдар мен ақын-жазушыларға және жиналған қауымға алғыс айтты. Сонымен бірге С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың, қазақ драма театрының тамаша жұмыс істеп тұрғанына ризашылығын білдірді.
Жазушының шығармашылығы туралы ғылыми баяндаманың бірін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек жасады. Ғалым жазушының жетімдік талқысын көріп өскен балалық шағынан бастап қоғамдық әділетсіздікке қарсы болғанын айтты. «Біреу шат, біреу неге қайғы зарда, Неге байлық бір емес, барлық жанға?» деп тағдырына сұрақ қояды жас ақын. Осындай әділетсіздікке жауап іздей жүріп, ол өзінің ақыл-ойын, өмірлік көзқарасын жетілдіріп, ақындық қабілетін ұштады. Абай мен Тоқайды оқып көп нәр алады. Кеңестік дәуірге аяқ басқанда большевиктердің насихатына құлай сенген ол елдегі ірі оқиғаларды патриоттық рухпен жырлап, «Сұлушаш» (1920), «Жұмаштың өлімі» (1923), «Альбом» (1924), «Балбөпе» (1926), «Ақ аю» (1935) поэмаларын жазған. Прозада С.Мұқанов қалам тартпаған тақырып жоққа тән. 20-жылдардың өзінде ол сан алуан стильдік-көркемдік ізденістерге барды. «Ақбөпенің сыры» (1927), «Жарқын жолмен» (1931), «Екпінді» (1932), «Балуан шолақ» (1940-1941) хикаяттары әлеуметтік теңсіздік, билеушілердің әділетсіздіктері, қоғамдағы қайшылық мәселесін аяусыз әшкерелегенін» айтты. Одан әрі жазушының пісіп-жетілуінің айғағы болған шым-шытырықты күрделі оқиғаларды қамтыған «Адасқандар» (1931) романына тоқталып, оның алғаш рет орыс тілінде «Сын бая» (1935) деп басылғанын, «Мөлдір махаббат» атанған соң, қазақ-орыс тілдерінде бес рет қайта жарық көргенін атап өтті. Жазушының жұртқа белгілі «Сырдария», «Аққан жұлдыз», «Ботагөз», 3 томдық «Өмір мектебі», т.б. кесек туындыларын оқырман жылы қабылдады. С.Мұқановтың шығармашылығы туралы қазақтың атақты әдебиеттанушы ғалымдары мен жазушыларының бәрі, соның ішінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, Р.Бердібаев, Е.Лизунова, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, С.Қирабаев, С.Қасқабасов, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғалиев, Қ.Ергөбек, К.Ахметова, т.б. жазды деп ол сөзін аяқтады.
Белгілі айтыс ақыны, филология ғылымдарының докторы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын жеткізді. Әрі қарай С.Мұқановтың қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам тербегенін еске салды. «Сәбит Мұқанов – есімдері Алашқа аян Қожаберген жырау, Сегіз сері, Нияз сері, Біржан сал, Ақансері, Шал ақын, Үкілі Ыбырай өмір сүрген ортада дүниеге келіп, қатарластары Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсіреповпен тізе қоса еңбек етіп, ұлттық әдебиетімізде айрықша із қалдырған дара тұлғаларымыздың бірі. Сәкеннің «Көкшетау», Мағжанның «Батыр Баян» поэмаларымен қатар оның «Сұлушаш» поэмасы да әдебиетіміздің інжу-маржандары қатарынан орын алды. Қазақ қызының жаңа тұрпаттағы көркем бейнесі көрініс берген «Ботагөз», ұлы ғалым Шоқан образы да Сәбеңнің қалам қуатымен халыққа танылды. Қазақ драматургиясында да Сәбит Мұқанов көшбасшылардың біріне айналды.
Ал оның белгілі әдебиеттанушы ғалым екендігі – өз алдына бір төбе. Сонау Бұқар жыраудан бастап оның ХІХ-ХХ ғасыр басындағы әдебиетімізге байланысты зерттеулері барлық әдебиеттану ғылымының көшбасшысы болды», дей келіп, шешен бүгінгі күні кейбір әсіреалаштанушылардың Сәбит Мұқановты сынап, Мағжанға және т.б. алашшыларға қарсы қоюын шенеп өтті. «Сәбит Мұқанов Алаш ақын-жазушыларына да кезінде өзінің жоғары бағасын берген. Оларды мүмкіндігінше қолдаған. «Абай – ақылдың ақыны, Магжан – ақынның ақыны» деген де Сәбит Мұқанов», деді ол.
Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығын ұзақ жылдар зерттеген филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметова жазушының ғылыми еңбектеріне кеңінен тоқталды. «XX ғасырдың басында әдебиеттану оқулықтары мен әдебиеттің тарихын негізінен С.Мұқанов жазды. Алдымен ол 8 және 9-сыныптардың оқулығын жазып, хрестоматиясын құрастырды. Кейін жоғары оқу орнының әдебиет оқулығын да құрастырған. Оқулық құрастыру жазудан да қиын. Ол кезде архивтер қолжетімсіз болатын, соған қарамай жас ғалым тынымсыз зерттеуімен «XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты көлемді оқулық құрастырған. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғұмар Қараш, т.б. еңбектерін алғаш С.Мұқанов тірілтіп, оқырманның көзайымына айналдырған. Сәбең өзінің қасына тең автор ретінде ҚазПИ-дің үшінші курсында оқитын Қалижан Бекқожинді алып, ЖОО-ға да арналған осы әдебиет оқулығын жарыққа шығарды. Кейін көптеғен академик, соның ішінде Рымғали Нұрғалиев те бар, Сәбеңнің оқулығынан көптеғен дерек алған. Сәбеңе сілтеме жасамағандары үшін ғана Тұрсынбек Кәкішев оларға қатты ренжіген еді», деді Күләш Ахметова. Сонымен бірге Сәбеңнің жазған оқулықтары ұлттық рухты, мәдениетті ескеріп отырғанын айтты. Ғалым Сәбит Мұқановтың 1974 жылы, өзі өмірден өткен соң жарық көрген «Қазақ қауымы» (өзгертіліп басылған нұсқасы «Халық мұрасы») еңбегінің маңыздылығына да кеңінен тоқталды. Ал қазір Сәбеңді сол заманның ахуалын түсінбей жөн-жосықсыз сынап жүргендер туралы сөйлегенде Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы Мемлекеттік комиссияның мүшелері құпия архивтерден жазушының біреуді сатып, көрсеткені туралы құжаттар таппағанын жеткізді.
Ғылыми-практикалық конференцияда Президент жанындағы Басқару академиясының профессоры Анатолий Башмаков, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов мемлекеттік әдеби-мемориалдық кешенін 25 жыл басқарған Әділғазы Қайырбековтер де сөйлеп, заңғар жазушының халқымыздың әдебиеті мен өнеріндегі орны туралы айтты.
Осы күні кешке Алматыдан, Астанадан және еліміздің басқа өңірлерінен келген қонақтар С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының желісімен қойылған драманы тамашалады. Ол жазушы атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театрында қойылды. Ал ертесіне алыстан келген қонақтар және жергілікті ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері жазушы туып-өскен Жамбыл ауданының орталығы Преснов ауылына барып, мерейтой іс-шараларын жалғастырды. Мұнда «Сөз зергері – Сәбит» атты республикалық ақындар айтысы өтіп, 12 ақын бақ сынаған додада жазушының жерлесі Жарқын Жұпархан 2 млн теңгелік бас жүлдені еншіледі.
Жақсыбай Самрат. «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне…» // Егемен Қазақстан.- 2025.- 20 маусым.- 12 б.
Тұлғасы тұр өзінің биігінде

Әдебиетіміздің алыптар тобының көш басында тұрған академик-жазушы Сәбит Мұқановтың 125 жылдық мерейтойы туған жері, өскен өлкесі, ғұмыр бойы сағынышы басылмай өткен алтын аймағы – Қызылжар өңірінде аталып өтті. Екі күн бойы облыс орталығы мен Жамбыл ауданында мерейтойлық шаралар өтіп, қаламгердің асқақ тұлғасы дәріптелді.
Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Сәбит Мұқанов: Тұлға. Дәуір. Мұра» конференциясында қаламгердің ғылыми, шығармашылық мұрасын насихаттау, зерттеу, басып шығару, есімін ұлықтауға байланысты ұсыныстар айтылып, шара қатысушылары мен зерттеушілер ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиынды ашқан ақын ақын Дәулеткерей Кәпұлы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәбит Мұқановтың күрделі замандарда кең тынысты шығармалар тудырғанын атап өтті. Президенттің кеңесшісі, жазушы Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.
«Сәбит Мұқанов — қазақ сөз өнері мен әдебиетінің аса көрнекті өкілі. Оның шығармалары әлемдік деңгейде мойындалып, 46 тілге аударылған. Жазушыдан қалған рухани мұра — әлем әдебиетінің дамуына қосылған үлкен қазына. Көрнекті жазушы қазақ даласының болмысын, халықтың арман-тілегі мен тұрмыс-тіршілігін көркем тілмен шебер суреттеді. Қазақ әдебиеттануының негізін қалаушылардың бірі ретінде танылды. Абай шығармашылығына терең бойлап, ғылыми зерттеулер жүргізді. Бүгінгі конференция Сәбит Мұқановтың шығармашылығын заманауи көзқараспен зерделеп, жас ұрпаққа насихаттайтын маңызды алаң», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Ұлттың рухани коды саналатын әдебиет әлеміндегі Сәбит Мұқановтың ерекше орнына тоқталған Мәлік Отарбаев жазушының қызы Жанна Мұқановаға құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыстады. Қызылжар жұртының атынан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов тектінің тұяғына ыстық лебізін жеткізіп, қаламгердің қылқаламмен салынған суретін сыйға тартты.
— Сәбит Мұқанов — қазақ әдебиеті тарихындағы дара тұлға. Ол XX ғасырдағы өзгерістерді көркем тілмен суреттей білді. Ұлы тұлғаның мерейтойы — еліміздің мәдени өміріндегі елеулі белес. Біздің облыс үшін Сәбит Мұқанов тек мақтаныш қана емес, ұрпаққа рух беретін тұлға, — деді Ғауез Торсанұлы.
Конференцияда сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов мерейтой иесінің ерекше тұлғасына тоқталып, шығармашылық биігі туралы баяндады. Оның сөзінше, Сәбит Мұқановсыз қазақ әдебиетін елестету мүмкін емес. Жазушының елжандылығы туралы оның шәкірті академик Зейнолла Қабдолов: «Көзінің тірісінде Сәбиттей халықпен біте қайнасқан, халық алақанында ардақталған, аты аңызға айналған ақын-жазушы қазақта болған емес», — деген пікір білдірген екен. 46 жылдық шығармашылық кезеңінде Сәбит Мұқанов өткен ғасырдағы қазақ өмірінің көркем шежіресін жазып, қазақ болмысын түрлі кейіпкерлер арқылы әдебиет тарихына қашап кетті. Оның заманындағы ел басшылары, ұлт қайраткерлері мен шығармашылық адамдарының портреті жазушы шығармаларында жинақталған.
Шараға Алматыдан арнайы келген жазушының қызы Жанна Мұқанова осынау мерейтойды ұйымдастырған жерлестеріне алғысын білдірді. Ұрпағының айтуынша, қаламгер көзі тірісінде туған өлкесіндегі өзгерістерге назар аударып, Қызылжар қауымымен тығыз қарым-қатынаста болган. Мұнысын өз шығармаларында да көрсете білген.
Жүрегіне бар қазақты сыйдырған Сәбит Мұқанов өзінен кейінгі ізбасар ақын-жазушыларға да қамқорлық жасап, әдебиет аспанында қанат жая самғауына себепші болған. Бүгінде қаламгердің қамқорлығын көрген буын өкілдері де ұлт руханиятының абыз ақсақалына айналып отыр. Әдебиетіміздің алдыңғы буын өкілі Олжас Сүлейменов те бұл шарадан шет қалмай, арнайы құттықтау жолдаған екен.
Том-том кітаптарға жүк болған қаламгер шығармалары іргелі зерттеулерге арқау болып келеді. Бүгінге дейін Сәбит Мұқанов мұрасынан кандидаттық, докторлық жұмыстар корғаған ғалымдар көп. Жазушы шығармаларын тереңдете зерттеп жүрген профессор Рақымжан Тұрысбек баяндама жасап, Сәбит Мұқанов өмірінің елеулі белестеріне тоқталды.
Соңғы уақытта белгілі тұлғаларға негізсіз күйе жағып, жала жабу үрдісінің белең алғаны көпті алаңдатып отыр. Кей әсіре белсенділердің әлеуметтік желіде тараған пікірлері Сәбит Мұқанов бастаған алыптарға көлеңке, ұлттық тұтастығымызға сызат түсіруде. Конференция қатысушылары да бұл мәселені бірнеше мәрте көтеріп, мемлекет тарапынан пәрменді шара қабылдау керектігін айтты. Ал ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай өз әріптестерінің осы тақырыпты арқау етіп, депутаттық сауал жолдағанын жеткізді. Ғалым Күләш Ахметова да бұл мәселені тереңірек қаузады.
«Сәбит Мұқановты өз замандастарынан бөлектеп тұратын басты ерекшелігі — ғылыми еңбектері. Кешегі қазақ оқулықтары қат заманда ол оқушыларға, жоғары оқу орнының студенттеріне арнап еңбектер жазды. Оның «XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» еңбегі 1931-1932 жылдары жазылды. Бұл Алаш азаматтарының қуғын көріп, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғұмар Қараш сынды тұлғалардың өмірбаяны мен мұраларының бас-аяғы жинақталмай жатқан кезі еді. Бұл еңбектің пайдасын халқымыз ұлт зиялылары ақталған тұста көрді. Архивтер мен құпия қорларға кіре алмаған ғалымдардың бәрі Сәбит Мұқановтың осы еңбегіне сүйенді. Заманында Сәбеңнің өзі Мағжанды Жазушылар одағына алып, үйіне қондырып, Сәкенмен қатар жүргені үшін партиядан шығарылды. Алайда Алаш мұрасын зерттеушілер көп ақпаратты академик-жазушының еңбектерінен алғанымен, онысын айта бермейді. Бұған кезінде ғалым Тұрсынбек Кәкішев те ренішін білдіріп еді», — дейді Күләш Ахметова.
Қаламгердің зерттеушілік тұлғасына тоқталған Күләш Ахметова өңір аудандарының бірін Сәбит Мұқановтың атымен атау туралы ұсынысын білдірді. 16 томдығы оқырман қолына тиген жазушының әлі де жариянбай келе жатқан еңбектері бар. Оларды басып шығару мәселесі де бірнеше мәрте көтерілді. Зерттеушілердің жобалауы бойынша қаламгер мұрасы 50 томға жуықтайды. Бұдан бөлек, белгілі адамдармен жазысқан, оқырманы жолдаған бума-бума хаттары да талай томға жүк болары анық.
Жазушы өмірден өткеннен кейін оның мұрасы жинақталып, Алматыдағы музей-үйіне қойылған. Шарада халыққа 47 жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқан музейді ширек ғасыр басқарған Әділғазы Қайырбеков те сөз алып, Сәбит Мұқановтың эпистолярлық мұрасы туралы баяндады.
— Сәбит Мұқанов өз хаттарын мұқият жинақтап отырған. Оның бәрі – мол қазына. Ол өзінің Сәйфи Құдашқа жолдаған сәлемінде ардақты тұлғамен жазысқан хаттарының өзі бір қоржын болғанын жазады. Біз мерейтой қарсаңында осы мұраны іріктей отыра бір кітап шығардық. 1969 жылы Шәкәрім шығармашылығын зерттеу комиссиясы құрылғанда Сәбит Мұқанов «Менде Шәкәрімнің жазған хаты» бар деп талай заман сақтап келген хатты көрсетіп, зерттеушілерді қайран қалдырған. Шәкәрімнің өз қолымен жазып, қолтаңбасы қалған қолжазба қағазын осы күнге жеткізген — Сәбит Мұқанов еді. Сонымен қатар ол Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Дина Нұрпейісовалармен хат жазысқан, — дейді Әділғазы Қайырбеков.
Жиынды түйіндеген Ғауез Нұрмұхамбетов конференцияға қатысып, мазмұнды баяндама жасаған зерттеушілерге алғыс айтты.
Конференциядан кейін көпшілік Сәбит Мұқанов атындағы облыстык қазақ сазды-драма театрында «Мөлдір махаббат» қойылымын тамашалады. Жазушының әйгілі романы негізінде сахналанған қойылымның режиссері – Айдар Заббаров. Туындыда Бүркіт пен Бәтестің махаббат хикаясы баяндалады. Басты кейіпкерлерді театрдың жас актерлері Нұрсұлтан Төлебай мен Жұлдыз Тынысбек сомдаған.
Ертеңіне мерейтойлық шаралар Жамбыл ауданында жалғасын тапты. Аудан орталығында мерекелік концерт, ақындар айтысы, спорттық сайыстар өтті. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов есімін иеленген өңірдің мәдени нысандары көрме ұсынып, келушілерге өңір тарихы, қызылжарлық кдламгерлердің өмірі туралы баяндап, құнды жәдігерлердің тарихына тоқталды. Сонымен қатар қолөнер шеберлері де орталық алаңнан табылып, тері, ағаш, темірден жасаған түрлі бұйымдарын ел назарына ұсынды. Жиналғандарды жазушының мерейтойымен аудан әкімі Азамат Бектасов құттықтады.
«Жазушының шығармалары — кейінгі ұрпаққа табысталған мәңгілік мұра. Жастар Сәбит Мұқановты тек қаламгер ғана емес, ұлттық болмысымызды сақтауға үлес косқан қайраткер ретінде біледі. Мерейтойдың осы жерде өтуі бекер емес. Өйткені дәл осы ауданда еліміздің талай тектілері дүниеге келген. Бұл өлкені ұлт руханиятының бесігі деуге тұрарлық. Бүгін ұйымдастырылған айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен топ жарған айтыскерлер келіп отыр. Сіздерге шабыт, отты сөз бен көрерменнің қошеметі серік болсын», — деді аудан әкімі.
Орталық алаңдағы мерекелік шарадан кейін жұртшылық аудандық Мәдениет үйінде «Сөз зергері — Сәбит» атты республикалық айтысты тамашалады. Ақын Аманжол Әлтай жүргізген сөз сайысына Ғалым Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан, Серік Қалиев, Қойлыбай Асанов, Дәстен Баймұқанов қазылық етті.
«Бұл айтысқа алып даламыздың төрт құбыласынан қазақтың ең мақтаулы деген ақындары келіп отыр. Тарихымызда өшпес із қалдырған тау тұлғаларымыздың бірі — Сәбит Мұқанов. Сәбеңнің өскен ортасы — қасиетті Қызылжар өңірі. Кешегі ақындар мен серілердің топырағында өскен жазушының сан қырлы болмауы мүмкін емес еді. Ол саналы ғұмырында әдебиеттің барлық жанрына қалам тартып, ғылымның дамуына үлес қосты», – деді Аманжол Әлтай.
Жыр бәйгесі алматылық Шұғайып Сезімхан мен қызылжарлық Жарқын Жұпарханның айтысымен басталды. Сөз сайысында Жарқын Жұпарханның Сәбит Мұқановқа ұқсайтын сырт келбеті сөз болса, алматылық қарсыласының Сафуан Шаймерденов сынды ұзын бойлы екені айтылды. Қызылжарлық ақын қарсыласының Мағжанға арналған айтыста бас жүлде алғанын еске салып, бұл жолы да «екі жеп, биге шыққысы» келетінін айтып әзілдеді. Мұнысына Жамбыл ауданындағы Аңдамас би сынды тұлғаларды тізбелеген Шұғайып Сезімхан:
«Биге шыққай келмедім, келіп тұрмын
Билер шыққан өлкені көрейін деп», – деген жолдармен жауап берді.
Жарқын Жұпарханның Сәбитке ұқсаймын деп мұрт қойып, тақия киіп келгеніне қарсыласы:
«Ішіңді ілімменен толтырсаңшы,
Сылап-сыйпай бергенше сыртыңызды», — деп тиісіп еді, ол да тоқталмастан:
«Советтің» қол-аяғын дірілдеткен,
Сәбиттің қаламымен жарған бомба.
Таңдамалы көп оқып жазғандарын,
Таңданып өскен ұлмын тарландарға.
Сом алтын боп жаралған өр Сәбеңнің
Сомдасам образын арман бар ма? — деп елді бір көтеріп тастады.
Екінші жұп болып шыққан ұлытаулық Өміржан Көпбосын кешегі Кәкімбек Салықов еңбек еткен елдің сәлемін жеткізсе, Әсем Ережеқызы Абай елінің намысын қорғады. Екі ақын әр нәрсені әзіл етіп, құда мен кұдашаның әдемі айтысын жасады.
Бұл кеште Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылының тумасы, жас ақын Ермек Жуминнің үлкен айтыстағы тұсауы кесілді. Көпшіліктің аудан атынан шығып тұрған жас жүйрікке деген ықыласы да ерекше болды. Көкшетаулық Ерлан Дәулет екеуі аға мен інінің айтысын жасады.
Төртінші болып сахнаға шыққан қыз бен жігіт айтысының хас шеберлері Мақсат Ақанов пен Жұлдыз Қожабекова көрерменді қыран-топан күлкіге қарық қалды. Мақсаттың:
«Қасыма қай қыз десем, бұл қыз келген,
Апыр-ай, шынымен бе Жұлдыз келген?
Бұлтты күні теңізге түскен жандай
Жұлдызды біртүрлі екен күндіз көрген», — деген сөздеріне ақтөбелік ақын да ұтымды жауап беріп, екеуі айтыстың көркін кіргізді.
Қай заманда да елдің сөзін сөйлеген ақындар бұл жолы да көптің көкейіндегі мәселені айтты. Айтыста тау тұлғалар туған ауылдардың жұтап, солтүстіктегі елді мекендердің жабылып, ономастика саласындағы мәселелерге нүкте қойылмай келе жатқаны өлеңге арқау болды.
«Мұқанов «Қызылжар» деп роман жазған,
Бұл мекен болғаннан соң қызырлы әрі.
Сәбиттер сескенбепті «совет» кездің
Қылышынан тамса да қызыл қаны», — деген Жұлдыз Қожабекова идеологиялық жағынан ескірген атауларды жіпке тізді.
Бір-біріне сай қарсылас болып жұпталған жас бөрілер Бөкен Жігер мен Батыржан Кәдірбай да тартысып бақты. Бөкеннің қобызбен күңірене айтқан толғауы, Батыржанның жігерлі жырлары халыққа қазақ айтысының ертеңгі көшін бастайтын жастардың бар екенін көрсетті.
Көрерменнің тыпыршып күткені Мұхтар Ниязов пен Дәурен Ақсақаловтың айтысы болды. Олар да қалың елдің сенімін ақтап, айызы қанардай өнер көрсетті.
«Жарты жолды ұшақпен ұшып келдім,
Жарты жолды көлікке мініп келдім,
Екі миллион халықтың сәлемін ап,
Екі мың километр жүріп келдім», — деп бастады сөзін түркістандық Дәурен Ақсақалов. Талай аламанды шаңдатқан үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов қарсыластың әр сөзіне толымды жауап беріп, есе жіберген жоқ.
Аламан айтыс қорытындысы бойынша Әсем Ережеқызы, Жұлдыз Қожабекова, Дәурен Ақсақалов үшінші орынның жүлдесін еншіледі. Өміржан Көпбосын екінші орынды иеленсе, Мұхтар Ниязов пен Мақсат Ақанов бірінші орынға лайық деп танылды. Сөз сайысының бас жүлдесі Қызылжардың намысын қорғаған Жарқын Жұпарханға бұйырды.
Қазақ күресінен өткен ашық турнирде түйе палуандар арасында үшінші орынды Сұлтан-бейбарыс Біржанов, екінші орынды Әділ Қайыров иеленсе, Алтынбек Аусағитов жеңімпаз атанды. Үздіктер қатарынан көрінген спортшыларға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Диас Аяған. Тұлғасы тұр өзінің биігінде // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 20 маусым.- 4-5 б.