«Сәбит Мұқанов тағылымы»

Мұқанов оқулары

Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына орай облыс орталығында дәстүрлі Мұқанов оқулары өтті. Сәбең – тарихи тұлға. Ол – жоғары бағаланған еңбектердің, өлеңдердің авторы. Қаламгердің туындылары жер-жерде оқылады.
Шежіре-ғұмыр

1967 жыл. Қаңтар айының алғашқы күндері КазГУ-дың үлкен акт залында елге әйгілі Сәбит Мұқановпен кездесу болды. Ертегідей шаһарды да, аңыз жазушыны да алғаш рет көргенім. Сәбең әзіл-оспаққа жүйрік, айтқыш ойнақы сөйлейді екен. Аудиторияны өз уысында ұстап, қызықты шығармашылық ойларымен бөлісті.
Есімде қалғаны: он алты томдық тандамалы шығармаларым шықпақшы, «Госплан» терлейді» дегені бар. Әсіресе Шоқан Уәлиханов өмірінен трилогия жазуға кірістім. Себебі мен өзім 1913 жылы энциклопедист-оқымысты Шоқаннын Көкшетау дуанындағы Айыртау болысында тұратын бауыры Қокыштың үйінде Шоқанның суреттерін көрген едім. Екінші рет осы ұлы шаңырақта 1921 жылы болдым. Осы жылы жазғытұрым уақытында ақ бандылар Қоқыштың үйіне басып кіріп, Шоқан мен Мақының (1845-1916) қымбат жәдігерлерін құртыпты. Әңгімешіл, шежіреге жетік Қоқыш ақсақал Абылай хан, Уәлі, Шоқан, Жақып, Мақы, бір сөзбен айтқанда, Абылайхан заманы, Шоқанның ата-тегі, өмірі жайында мол деректерге қанықтым деді. «Шалың, жасы 66-да бола тұра ауыр жұмысқа жегілдім» деп ойын бір түйді. Шоқан туралы жазу – күрделі шаруа. Қазақтың кең даласын, Сібір өлкесін, Қытайдың Қашғариясын, Қырғыздын Алатауын шарлаған. Петербургте әйгілі оқымыстылармен араласуы бар, пікірлесуі бар. Сонда деймін-ау, Шоқанның ғаламат парасатты тұлғасы, дария білімі, даналық ілімі қандай екен-ау деп қайран қаласындар деген-ді. Сөйтіп, мол әсерге бөленгенім бар.
1967, 1970 жылдарда жария-ланған «Аққан жұлдыз» дилогиясында Сабалақтың (Абылай ханның) балауса шағында Төле бидің қолында болғаны, содан соң Қарауыл Дәулеткелді байдың жылқысын баққаны, сонан соң «ғайыпты болжайтын әулие», «сиқырлы оқумен аспаннан періні түсіріп, жерден жынды буатын» ғұлама, емші, имам, Бұхарда 30 жыл оқыған, 12 пәнді тәмамдаған Сарғалдақ қожаның қызы Айғанымға Уәліханның құда түсуі, Уәлінің 1815 жылы дүниеден озуы, «шұбар төс аққу» Айғанымның князь Николайға ұнап, оның Көкшетау дуанының аға сұлтаны сайлауы, ордасын жасақтауы, Айғанымның Шорманмен құдаласуы сөз болады.
«Аққан жұлдыз» дилогиясының 2-ші томында Г. Х.Гасфорттың өміртарихы және оның Орта Азия халықтарының жер-суын, әскери қуат-күшін, салтсанасын, әдет-ғұрпын қалайша меңгеру тәсілдерін, Россияның отаршылдық саясатын терендету мақсатында «Ганнибалдан бір де кем болмас қалпы бар» Шоқанды өзіне жәрдемші ету, тағы да сол XIX ғасыр ішіндегі саяси жағдайлар кемел сипатталған.
Ұшқыр ойлы балауса Шоқанды «О, адам! Бірінші адам!» деп Ф.М.Достоевскийдің бағалауы да қандай үздік сипаттама! Дилогияда Шоқанның тағдырластары, мұраттастары Доржи Банзаров пен Г.Н.Потанин жайындағы сыр-сұхбаттар, сонымен қатар Петербургте өнер көрсеткен Дәулеткерей мен Тәттімбет күйшілер хақынлағы тарихи әңгімелер, Шоқан мен Айжан арасындағы ғашықтық сырлар, Нарғыз бейнесі және оның қайғылы-қасіретті өмірінен туған Дайрабайдың «Қапыда өткен қарындас», «Суға кетті-ау, еркетай?!» дейтін күйлері, Көкшетау, Бурабай өңірінің тарихы, қазақтың би-шешендерінің тұлғасы суреттелген.
Жалпы XIX ғасырдағы қазақ қоғамындағы тарихи-әлеуметтік жағдайлар мен Шоқан тұлғасы мен оның ортасы жақсы көрсетілген.
Негізінде Сәбеңнің «Аққан жұлдыз» дилогиясында этнографиялық көріністер (қыз ұзату, Зейнептің бүркіт миына жерік болуы, киіз үй құрылымына, ас-суға, аяқ-табаққа, киім-кешекке қатысты), сирек қолданылатын мақал-мәтелдер, фразеологиялық оралымдар, тарихи жер-су атаулары жеткілікті. Айталық: «Ел – сүңгі мұз: ақырын ұстасаң түсіп кетеді, қатты ұстасаң сынып кетеді», «Қыдыр қараша үйге қонақтайды», «Тышқанға жүн біткен сайын қалтырауық». Мына бір сөз тіркестеріне ой жүгіртейік: «ақылына айғыр салу» (байқау, тексеру деген мағынада), «істік ұшына шығу» (шегіне шыққан ушыққан іс) «Ас-суға қылап әйел» (таза, ұкыпты). «Балағынан шуы шыққан» (салақтық).
Сәбеңнің әрбір романы – оқырмандар үшін өзгеше бір тарихи оқиға еді. Бір ғана «Жұмбақ жалау» (1938) романына әдебиет сүйер қауымнан 1000-ға жуық хат алған. 1960 жылдарда мектеп қабырғасында жүргенде Сәбеңнің шығармасын ел қалайша жапа-тармағай оқығанын көзім көрді.
Замана жыршысы, әмбебап дарын Сәбит Мұқановтың 1964 жылы жарық көрген «Өмір мектебінің» жалғасы «Есею жылдары» дейтін мемуарлық туындысында XX ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік, саяси жағдайлар мен ел өміріндегі, руханият әлеміндегі, саясат майданындағы іргелі, күрделі құбылыстар, қайшылығы мол көріністер және қазақтың абыройын асқақтатқан, самұрықша самғаған саңлақ тұлғалардың ерен, ерекше елдік-мемлекеттік істері шынайы таза қалпында әңгімеленеді. Және өзінің телегей сыр-сезімімен, тәжірибесімен, көрген-білген, естіген, түйгендерімен бөліседі. Әлбетте, қу заманның құрық бойламайтын қулықтарына шырмалғаны да бар. Қалай десек те «Есею жылдары» романы – сол бір тауқіметті дәуірдің айнасы. Мұнда тарихи-мәдени, саяси, әдеби мағлұматтар мол.
Сәбит Мұқанов И.В.Сталиннің қабылдауында болғанын, ол Әліби Жангелдин мен Ғаббас Тоғжановты білгенін, «Шығыс» баспасынын қазақстандық бөлімін Әбдірахман Байділдин меңгергенін 1926 жылы «Бостандық туы» газетінін секретары, 1929 жылы «Кеңес аулы» газетінің редакторы, баян етеді.
Әсіресе академик-жазушы Сәбит Мұқановтың ұлт тұлғалары Тұрар Рыскұлов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Әбілқайыр Досов, Смағұл Сәдуақасов, Жалау Мыңбаев, Сейітқали Мендешев жайында айтқандары толғандырмай қоймайды.
«Адасқандар» романында кейіпкердің аузына «Көркемдік Мағжан өлеңінде ғана!» деген сөйлемнің өзі біраз сырды аңғартады.
Бір ескеретін мәселе, 1988 жылы ұлы ақынның мұрасы ақталғанда Сәбит Мұқановтың осы еңбегіндегі өмірбаяндық деректерге сүйенгені рас еді. Айтпақшы, 1995 жылдың желтоқсанында Сәбит Мұқанов музейінде осы еңбектің негізінде «Академик-жазушы Сәбит Мұқанов – әдебиет тарихшысы һәм сыншысы» деген тақырыпта баяндама жасағаным бар. Бұл сабаққа Мариям Мұқан келіні, Сафуан Шәймерденов, Тұрсынбек Кәкішұлы қатысып, сөз сөйлеген-ді.
XX ғасыр басындағы әдебиет, мәдениет тарихы мен ұлт зиялыларының өмірін, саяси-қоғамдық көзқарасын жетік, толық, жан-жақты зерделеген Тұрсынбек Кәкішұлы Алатаудың үш сеңгіріндей Сәбит – Мағжан – Сәкен байланыстарын тарихи деректер мен құжаттарға жүгіне отырып, Мағжан Жұмабаевтын 1937 жыддың 20 ақпанында Сәбит Мұқановқа хат жазғаны, Алматыға дереу 25 наурызда көшіп келгенде Жазушылар Одағының басшысы Сәбит Мұкановтың I Алматы вокзалынан күтіп алғаны, Мағжан Сәкенге сәлем беремін дегенде Сәкеннің шаңырағында екеуінің шұрқырасып табысқаны, ертеңінде Сәбиттің үйіне қонақ болғаны айтылған. Осылардың өзі-ақ қырықтың қырқасына енді шықкан, замана бұрқасынына, талқысына тап болған ұлт серкелерінің, сөз зергерлерінің азаматтық асқақ тұлғасын танытады.
Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов: «40-шы жылы «Ботагөзді» оқыдым, әдебиетші болуға, көзқарасымның қалыптасуына осы роман үлкен ықпал етті», – дейді.
Руханият тарихындағы өрен тұлға Сәбит Мұқановтың шығармашылық жолы – даналықтың, ізгіліктің, қайраткерліктің, ғұламалықтың жолы. «Сәбең – нағыз қаһарман тұлға!» (Әбдіжәміл Нұрпейісов), толқыны аспанға атқан оман дария дерсің!
Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.
Негимов С. Шежіре-ғұмыр // Солтүстік Қазақстан.-2025.-22 сәуір.-6-7 б.
Қаламгердің көзіндей

Жамбыл ауданындағы Сәбит ауьшында орналасқан С.Мұқанов атындағы әдеби-мемориалдық үй-мұражай өңіріміздің киелі жерлерінің картасына енген. 35 жыл ішінде мұражайдағы жәдігерлерді Қазақстанның әр түкпірінен, сондай-ак алыс-жақын шетелден келген мыңдаған мейман тамашалады.
Музейге айналған ғимаратты 1959 жылы Сәбит Мұқановтың өзі мен оның немере ағасы Ш.Мұстафин Благовещенка ауылындағы бұрынғы ауыл көпесінің ағаштан тұрғызылған үйінен құрастырып, салған. 180 шаршы метрді алып жатқан ғимарат бес: кіреберіс, қонақ, демалыс, асхана және жазушының жеке жұмыс бөлмесінен тұрады. Жазушының жұмыс кабинеті мен тұрмыстық бөлмесі толықтай қалпына келтірілген. Музей ауласында жазушының өзі отырғызған ақ қайыңдар жайқалып өсіп тұр. Ғимараттың алдына жазушының мүсіні орнатылған.
Музей сөресіндегі жазушының жеке заттары, шығармалары, фотосуреттері, жазу құралдары, тұрмыстық бұйымдары – бәрі-бәрі біз үшін құнды. Жалпы мәдениет ошағында 700-ге жуық жәдігер сақталған. Қаламгердің бірегей қолжазбалары мен хаттарын көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз. Бұл жәдігерлер жазушының шығармашылық жолын тереңірек түсінуге көмектеседі.
Әлия СӘРСЕКОВА,
С.Мұқанов атындағы әдеби-мемориалдық
үй-мұражайының жетекшісі.
Сәрсекова Ә. Қаламгердің көзіндей // Солтүстік Қазақстан.-2025.-22 сәуір.-7 б.
Құлағымда қоңыр дауысы
Алматыдағы Сәбит Мұқановтың әдеби-музей үйіне кіріп барған бетте магнитофонға жазылып алынған әйгілі жазушының майда қоңыр даусы құлаққа шалынған сайын сол бір әсерлі сәттер әп-сәтте көз алдыңа келіп, көңіл күйіңді еріксіз толқытар еді.
Қазақ радиосының редакторы ретінде қадірмен жазушы Сәбит Мұқановпен бір мәселеге байланысты сөйлесуіме тура келді. Оған сол кездегі әдебиет бөлімінің бастығы, марқұм Әнуарбек Дүйсенбиевтін сөзі себеп болған еді.
Редакцияның жұмыс жоспарын жасап жатқанбыз.
– Серік, сенін бір үлкен жұмыс тындыруың керек боп тұр.
– Әнекең әдеттегі сабырлылык қалпынан танбай, сөзін салмактай сөйледі: – Өзіміздің Сәбеңмен сөйлесіп, ол кісінің хаттары туралы хабар жасауын керек. Қазақ жазушыларының ішінде хатты Сәбендей қастерлейтін адам кемде-кем шығар. Қалған әнгімеге сол кісімен сөйлесе келе қанығасың. Кешікпей жұмысқа кірісе бер, – деді.
Үйіне барудың ретін таппай, тығырықка тіреліп тұрғанымды бірден түсінген Әнекең:
– Қалай сөйлесем деп қам жеме, ол кісі өте қарапайым адам, алдымен телефонмен-ақ тілдесіп ал. Ар жағын Сәбеңнің өзі-ак жөндей береді…
Қобалжып тұрып, телефон соққаным есімде. Сәл-пәл қарлығыңқы майда қоныр дауыс:
– Әло, бұл кім екен? – деді.
Сәбен екенін сезе қойдым да, бойымды бірден жинап алдым.
– Сәлеметсіз бе, Сәбе, бұл қазақ радиосынан бір ініңіз еді. Сіздің хаттарыныз хақында бір хабар жасауға тура келіп, соған байланысты звондап тұрмын…
Әңгімені әбден тыңдап болған Сәбең:
– Иә, айналайын, алдымен амандасып алайын. Хал-күйің тәуір ғой, әйтеуір… Ал енді мыналарың бір оңды нәрсе екен. Шынында да менде хат дегенің бір машина. Былтыр архивке өткізіп едім, сонда сұрыптап шығарғанда, ұзын ырғасы 141 том қылып түптеп қойыпты. Жақында барып көріп қайтып ем, өз көзіме өзім сенбедім. Мұны сендер қайдан білгенсіңдер?..
Қарапайым жұмысшыдан бастап академикке дейін жазысқан хаттарымды бірін қалдырмай сақтай беріппін. Әрқайсысының тарихы – бір-бір роман… Айт десеңдер, айта берем де…
Сонымен біз бір күнге, бір уақытқа уәде байластық та, қош айтыстық.
Қазақ радиосы үйінің аддына арғымақтай көсілген қара «ЗИМ» тоқтай қалды. Сәбенді есік алдынан көп кісі күтіп алдық. Көзінде сымбатты қара көзілдірік. Әдейі сәндік үшін тақкан тәрізді. Қолында сүйріктей қара таяқ, аңда-санда тақыр асфальтқа тық-тық тигізіп қояды.
Сәбең жұртпен емен-жарқын жайрандай сөйлесіп, студияға көңілді кірді. Жұмсақ креслоға жайғасып отырып алғаннан кейін, Сәбен:
– Ал енді кірісе береміз бе? – деді. Сол сәтте арғы жақтан бізге дыбыс жазушы оператор «бастай беруге» белгі беріп те үлгерді. Мен Сәбеңе басымды изедім. Сәбең өзін дастарқан басында отырғандай еркін ұстайды. Кейбір кісілер студияға келіп алғаннан кейін қысылып-қымтырылып, тіпті айтар сөзін айта алмай, абдырап қалады ғой. Сәбеңе мұның бәрі үйреншілікті кәсіп сияқты, кең сілтеп, кең көсіледі.
– Ал, енді, шырағым, – деді Сәбең сөзінің басында, – мен өзім әңгімені бір бастасам болды, біразға дейін бой бермей кетуім мүмкін, тіпті қыза келе мені тоқтатуың да қиын боп қалар.
Сәбең осы сөздерді қалжыңдай күліп айтқанмен, маған шындық секілді көрінді. Соны сезген Сәбең:
– Ал енді сөздерімнің ішінде бытырай жайылған қойдай шашау шыққаны болса, қайтарып, қақпайлап қоярсың, – деп қарлығыңқы даусымен қарқылдай күлді.
Сәбең күлгенде дүние кеңіп кеткендей көрінуші еді. Шіркін, сол ғажайып адамның қасында отырып, сырласқан сәттерді еске алудың өзі бір ғанибет ғой…
Шынында да, Сәбен айтса-айтқандай, қолда бар хаттарын түгел буып-түйіп, архивке өткізсе, тура 141 том болыпты. Қазақ жазушысынан бұрын-сонды мұндай көп хатты көрмеген архив қызметкерлері қатты таңғалыпты және Сәбеңнің осы бір қастерлі іске ұқыптылығына өте-мөте ризалық білдіріпті.
Сол кездегі республикалық архивтің басшысы Мұхтар Жанғалин бұл мысалды ірілі-ұсақты талай жиналыстарда тамсана әңгімелеп, Сәбең тартқан сыйға жұртшылық қуана қол соғыпты.
…Уақыт көлеміне байланысты Сәбеңнің күллі сөзін лентаға түсіре алмадық. Әттең, не керек, ол кезде біз Сәбең сынды халықтың сындарлы жазушысының әр сөзіне зәру боламыз ғой деп ойламаған едік.
Сонда Сәбең айтып еді: «Менде Ғабиттің 40-тан астам хаты бар, соны өзінің мүшел тойларының бірінде ескерткішке сыйға тартам», – деп күлімдеп сөйлеп, көп сыр аңғартқаны бар еді. Бәлкім, ол хаттар Ғабеңнің архивінде сақтаулы шығар…
Мен Сәбеңмен бір ғана мәселе – хатқа қатысты жайды тілге тиек еттім. Соның өзінде де ол кісіден үйреніп, ұғынып, сезіп, біліп, түсінген талай дүниелер жүректе ұялап қадды. Бір сәттің өзінен мәңгілікке айтып жүрер алуан сыр суыртпақталғандай еді. Сол сырды, сол майда қоңыр әсем сазды тағы да тындағым келіп, мен ылғи да Сәбең музейіне қарай асығып бара жатамын.
Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ,
ақын, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.
Тұрғынбеков С. Құлағымда қоңыр дауысы // Солтүстік Қазақстан.-2025.-22 сәуір.-6 б.