Ұмытылмас есім

Жарияланған Angela 08.06.2021 Естеліктер |

       Ұлы адамдар жайлы естелік жазу өте жоғары жауапкершілікті қажет ететінін біле тұра, өзім аса құрмет тұтатын алып тұлға, жерлес жазушы-академик Сәбит Мұқанов жайлы қағаз бетіне үзік сыр түсірмеу кешірілмес күнә сияқты көрінді. Өйткені марқұм Сәбит ағаның сыр алысар, ой бөлісер жан аямас досы, не болмаса туысы болмасам да сонау астанамыз Алматыдан туып-өскен атамекені Есіл өңіріне келе қалғанда үлкен жазушы ағаның қасында болып, қолына су құйып, орамалын әперіп, ізет көрсеткенім, ұлағатты әңгімесін, келелі кеңесін тыңдағаньм шындық. Менің бұл ісім Сәбит ағаға жағыну, болмаса оған көрініп қалу емес, дүниеге қайталанып келе бермейтін ұлы жүректі Адамға інілік қызмет, сүйіспеншілік, кішілік көрсетуден туған еді. Халқымыздың Сәбит Мұқановтай ұлдары көптеп туа берсе оларға қызмет етуден қай қазақтың қара баласы жалығар дейсіз. Ол бір сәулелі бақыт емес пе! Кезінде сондай бақыт құсы менің де басыма қонған.

Ұмытпасам 1967 жылдың маусымында Қызылжарға жерлес жазушы С.Мұқанов келді. Қасында сапарлас серіктестері де бар. Бірі — көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев, ал екіншісі өзіміздің облысымыздың айтыс ақыны, асқақ әнші Игібай Әлібаев. Сәбит ағаның Солтүстік Қазақстан облысына әдейі ат басын тіреуінде менің түсінігімше екі себеп бар. Біріншісі жылдағы әдеті бойынша туған жеріне келіп, өзімен бірге өскен жора-жолдастарымен қауышу.

Адам баласы егде тартып, қартая бастағанда, жастық шағында өткен оқиғаларды есіне түсіріп, қызықтап аңсайды. Сол жас дәуренді бірге думандатқан достарды іздейді, сағынады. Міне, сол сағыныш Сәбит ағаны да Қызылжарға жиі-жиі жетеледі ғой деп ойлаймын.

Жазушының бұл сапарының тағы бір мәні бар. Қызылжарлықтар оны Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутаттыққа кандидат етіп ұсынған болатын. Республика парламентіне ұсынылған кандидат пен сайлаушылардың кездесу рәсімі де болуға тиісті еді.

— Ойқаладағы «Заря» кинотеатрында Сәбит Мұқанов сайлаушылармен кездеседі, сен сонда сөз сөйлеуің керек, —деді бірде телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі облыстық басқарма партия ұйымының секретары Вениамин Федорович Яковлев.

—Онда мен не айтам,— дедім шынымен сасқалақтап. Мен үшін тосын қойылған бұл тапсырмаға сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Бойымды бір түсініксіз сезім билеп алды. Тоңазығандай болып қалтырап кетем, әп сәтте бетім ду ете қалып шоқтай жанып, терлеп кетем. Облыс, республика халқы түгіл, бүкіл Совет елі, барша әлем қол соғып, құрмет тұтатын Сәбит Мұқановтың алдында менің міңгірлегенім қалай болады? Бұл кісі жайында салиқалы да салмақты ой айту менің шама-шарқымнан келмесе не болдым? Әй, осы біздің адамдар да қызық, ештеңенің байыбына, маңызына жетпестен кем пішіп, келте қайыра салады. Әйтпесе, осынау Қызылжардан, тіпті, телевизия мен радио басқармасынан менен өзге адам таппағаны несі деймін іштей күйініп. Дауыл түнгі аспалы көпірде тұрғандай халімді байқаған парторг «ничего», — деп мені жігерлендіріп, ақыл айтып  жатыр. Менің алай-былай бұлақтағаныма көнетін ол жоқ.

Сонымен тәуекелге келдім де алдымен қазақ тілінде, содан соң орыс тілінде Сәбит ағаның кандидатурасын сайлаушылар алдында қолдап сөйлейтін болдым.

Кешкі сағат 17 Кинотеатрдың залы да әжептәуір бар екен. Жиналған халықтан ине шаншар жер жоқ десе де болғандай, отырар орын болмағандар екі аяқтан тік тұр. Бәрі де «Сәбит Мұқановтың сөзін тыңдаймыз» деген ниетте мойындарын соза түсіп, тыныштала қалған. Шыбынның ызыңы естілетіндей. Осы тыныштықты жазушының тамағын кеней, шыққан жіңішкелеу даусы бөліп жіберді… Сәбит аға көп сөйлеген жоқ. Бірақ керісінше, сайлаушылар жағынан өз кандидаттарына беріп жатқан аманаттары молырақ сияқты. Сөйлеушілер бірінен соң бірі шығып, оны жіпке тізгендей айтып жатыр.

С. Мұқанов сахна төріндегі қызыл матамен жабылған столдың дәл орта тұсында кең маңдайы жарқырап, қапсағай мол денесімен халыққа қарай ұмтыла түсіп, бар бейілімен, жан-тәнімен, елдің сөзін ынтыға тыңдап отыр.

Бір кезде маған да сөз кезегі келді.

—Жолдастар, әркімнің өзінің сүйікті жазушысы болады. Сондай жазушым Сейфуллин, Майлиндер мен қазақ совет әдебиетінің қара шаңырағын көтерушілердің бірі, академик-жазушы, жерлесіміз, қаламыздың құрметті азаматы Сәбит Мұқанов. Сәбит ағамыздың шығармалары тек қана қазақ оқырмандарына ғана емес, көп ұлтты совет халқының бәріне де таныс.

… Ағамыздың өмірі мен творчестволық жолы әрбір совет азаматына, әсіресе, жас ұрпаққа үлгі-өнеге.

№ 335— Подгорный сайлау округі бойынша Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат етіп ұсынылып отырған ардақты азамат, қадірлі жерлесімізге бірауыздан дауыс беруге шақырамын, —дедім.

Кездесу аяқталды. Жұрт тарай бастады. Сәбит аға да есіктен шығып барады екен, мені көрді де:

— Қарағым, рахмет, екі тілде жақсы сөйледің, ана машинаға отыр, бірге барамыз, —деді есік пен төрдей ұзын қара «ЗИМ-ді» нұсқап. Ағаның жанында облыстық атқару комитеті председателінің орынбасары Л. Н. Орлова бар екен. Біз отырған машина қонақ үйге қарай бет алды. Жолшыбай менен жөн сұрап, қай жерден, қай ауылдан екенімді анықтап жатыр Сәбит аға. Ленин ауданына қарасты Қарағаш ауылынанмын дегенім сол екен, аға маған қарай оқыс бұрылып:

—Иә, сен Қайсардың ауылынансың ба? —дегені.

—      Сол ауылданмын,—деп жатырмын.

—Е, айналайын. Қайсар… Қайсар… —деді Сәбит аға ақырын ғана ойланғандай. Сөйтті де: «Осы өңірден шыққан алғашқы комсомолдардың ішінен бірталай қызмет жасап, Отанына, еліне көп еңбек сіңірген комсомолдың біреуі Қайсар Тәштитов. Ол менен төрт жас кіші еді. Біз онымен 1922 жылы осы Қызылжарда «Қазақ-татар клубының» сауық кешінде таныстық. Күн сайын болатын мұндай сауық кештерді ұйымдастырушылардың бірі Кайсар екен. Комсомол ұйымына 21-жылы түскен ол ауыл арасында да бірталай қызмет атқарып, Қызылжарға шыныққан комсомол болып келіпті. Кейін Алматы қаласында көріп, бұрынғыдан да жақсы танысып, араласып та кеттік.

Қайсарды жақсы көріп қалғандықтан мен өзімнің «Сұлушаш» деп аталатын поэмамның басты бір геройын Қайсар деп атағам», — деп ардақты аға Қайсардың бүкіл өмір жолын, Қазақстан комсомолына сіңірген еңбегін жырдай айтты. Сондағы менің қайран қалғаным, адамдардың аты-жөнін, жер, су аттарын бұлжытпай есінде сақтауы.

Өзіміз бірге қызмет істеп жүрген кісілердің есімдерін кейде ұмытып қалып жатамыз. Ал Сәбит аға тірі шежіре, көне тарих еді. Қандай тақырыпта әңгіме қозғасаң да тайпалған жорғадай көсіліп кетер еді. Тыңдаушыны өзіне тәнті етіп тастайтын, өзіне еріксіз тартып алатын қасиеті бар болатын.

Академик-жазушы С. Мұқановтың Қызылжар қаласын көркейтіп, оның мәдени-әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосқан үлесі мол. Кейіннен өзінің есімімен аталған облыстық кітапхана, қаламыздағы Драма театры мен орта мектеп құрылысы Сәбит ағаның тікелей араласуымен салынған ғимараттар. Оның қаламыздың Құрметті азаматы деген мәртебелі атақ алуының ең негізгі сыры да осында жатыр.

…Қонақ үйге келсек Сәбит ағаның бөлмесінде Игібай Әлібаев, Мұзафар Әлімбаев, Уақит Темірбеков, Малғаждар Әуелбеков отыр екен. Сәбит аға есіктен кіре бергенде Игібай ақын үкілі домбырасын бебеулетіп жіберді де, өзінің асқақ даусына басты дерсің. Ақын термелеп жөнелді. Отырғандар әншіні қолдап, қолпаштап жатыр. Игібай ақынның мұнысы Сәбит Мұқановқа көрсетіп отырған қошеметі, бір жағынан әзілі сияқты көрінді маған. Кейіннен байқағаным Игібай ақын Сәбит ағамен қалжыңдаса да береді екен. Қалжың-әзілдері өте жарасып тұратынын да көрдім.

Иекең Біржанның көкке өрлеген қанатты әнін де, Ақанның мұңын да, Үкілі Ыбырайдың сырлы жырын да төгілтті. Сәбит аға ақын даусы шарықтай көтерілгенде: «0-о-оу деген» — деп Иекеңді қолтықтап, көтермелеп қояды. Тамаша бір рахат құшағына енгендей әнді құмарта тыңдайды.

—Аға, ертең кешке телевизиядан сөйлеуіңіз керек екен. Басшыларымыз бен цензура қызметкерлері сөйлейтін сөзіңіздің тексін сұрайды,— дедім. — Не туралы айтады екен дейтін шығар, —деп қойдым тағы да.

—Қарғам-ау, мен не айтады дейсің. Құдай аузыма не салады, соны айтамын да, -деді сықылдай күліп жазушы.

Сәбит аға Петропавл телевизия студиясына белгіленген уақытында келді. Қасында жоғарыда айтылған жолсеріктері бар. Меймандармен хабарды мен жүргізіп отырмын.

Жерлес жазушы өзінің творчествосы жайлы айта келіп, жалпы Қазақстан жазушыларының  бүгінгі қол жеткен табыстарын тілге тиек етті. Өзі айтқандай, оның қолыңда бір парақ қағаз да болған жоқ. Көпшілікке айтарын көкірегіне бұрын-ақ жазып алғандай. Енді сол жазғандарын төгіп отыр, іркіліссіз, тоқтаусыз ағыл-тегіл ақтаруда. Жазушының туған халқына айтары болғаны қандай ғажап.

Октябрь шапағатына бөленген Қызылжар өңірінде болған өзгерістер, азаттық, бостандық жолында ақ бандылардан қапыда мерт болған революционерлер жайлы көрермендердің жүрегіне жеткізген Қайран Баймағамбет жанып тұрған жалын едің-ау!— деуші еді ақын, революционер Ізтөлинді есіне түсіріп. Ол да мына сендердің телестудияларыңның жанындағы Бауырластар қабірінде жерленген, — деп ақынның өлмес жырын оқып берді.

— Қызылжарда Хафиз Базарбаев деген жігіт болды, —деп Сәбит аға қаламызда комсомол ячейкасын алғаш ұйымдастырушылардың бірі туралы әңгімелеп кеткен. Ол өзі қаланың төңірегіндегі былғары заводының жұмысшысы Базарбайдың семьясында туған. Февраль революциясы болған жылы Хафиз 18 жаста еді. Сол жасына қарамай Қызылжарда ұйьмдасқан Совдеп ісіне араласып, белсенділік көрсеткен. Қызылжар большевиктерінен үлкен саяси тәрбие алған. Осындай комсомолдық қызу істе жүрген Хафизді 1921 жылдың басында Советке карсы күресіп жүрген құлақтар мен байлар ат құйрығына сүйреп ауыр азаппен өлтірді.

Қызылжарда Базарбаев атына қойылған көше бар. Хафиз өлтірілгенмен комсомол ұйымы Қызылжардан жойылып кеткен жоқ. Бұл қалада қазір комсомол ұйымының мүшелері мыңдап саналады. Солардың бәрі де ер ағалары Хафиз Базарбаевты есіне мәңгі сақтайтынына сенемін!

Ұлы қаламгердің осы жолғы сөзінің негізгі бағыты жастарға арналып еді. Жалынды революционер ағаларымыздың атқарған үлгілі істері кейінгі ұрпаққа өлшеусіз тәрбие мектебі екенін айтқан екен ғой жазушы.

Сәбит Мұқановтың ақын-жазушыларға, жас талаптарға ұстаздығы, қамқорлығы, оның адамгершілігі, қызық-қызық мінездері жайында әлі де талай естеліктер жазылары анық. Қазақ совет әдебиетінің өсіп, өркендеуін, қалыптасуын Сәбит Мұқановсыз ұғыну, түсіну мүмкін емес. Ол қазақ совет әдебиетінің нулы орманында жеке дара көзге ұрып тұратын бәйтерек, асқақ бәйтерек.

 

СУРЕТТЕ: телестудиядағы кездесуден көрініс. Оңнан солға қарай—

И. Әлібаев, М.Әлімбаев, С. Мұқанов, М. Қанғожин. Мүтәлләп ҚАНҒОЖИН.


Қанғожин. М. Ұмытылмас есім  // Ленин туы– 1990. – 18 мамыр. – 4 бет.

 

Ұмытылмас кездесу

Жарияланған Angela 08.06.2021 Естеліктер |

Ұмытпасам  алпысыншы жылдардың  аяқ кезі, сәуір айы болар деймін. Қар еріп, көктем өзінің кемеліне келіп, бусанған жер ауыл еңбеккерлерін егіс даласына шақырғандай. Ауыл тұрғындары жыл сайын осындай көктемде келешегіне үлкен сенім артып, сол үміт жетегінде көп жұмыс атқарады. Табиғаттың осы бір мезгілі адам баласына да, жан-жануарларға да ерекше жақсы әсерін тигізіп, егістікке шыға бастаған диқандарды қажырлы еңбекке жұмылдырады.

Есімде қалған сол көктемде қоғамымыздың саяси өмірінде де үлкен науқан қарбалас келді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттар сайлау белгіленіп, наурыз-сәуір айларында депутаттыққа кандидаттар өздерінің сайлаушыларыменен кездесулерін өткізе бастады. Бізге де Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидатпен кездесудің сәті түсті. Кездесетін адамымыз атақты жазушы, өзіміздің жерлесіміз Сәбит Мұқанов еді.

Сәбеңді сол жылы Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа қандидат ретінде ұсынған  бұрынғы Ленин ауданындағы Тораңғұл кеңшарының еңбеккерлері болатын. Сәбең Ленин, Москва аудандарының жұртшылығыменен бірнеше кездесулер өткізіп, енді оны облыс орталығында жалғастыруды жөн көріпті.

Кездесу белгіленген  уақыттан жарты сағат бұрын жиналып, институттың бас ғимаратының үшінші қабатындағы ең үлкен залда күтіп отырмыз. Жанымда өзімнің туысым әрі, жерлесім Ерғали Атымтаев бар. Бәріміз де Сәбеңе жақынырақ отырайық дейміз ғой, залдың соңғы жағынан жоғарылап екінші қатарда мінбеге қарама-қарсы орналастық. Зал лық толды, жиылғандардың тоқсан пайызы қазақ қыздары мен жігіттері, негізінен әдебиетті сүйетін, қастерлейтін жастар. Бір мезгілде залға Сәбит Мұқанов кіріп келді. Сәбеңді барлығымыз тұрып, қол соғып қарсы алдық. Соңынан облыстық партия комитетінің хатшысы Әнуарбек Шманов және Алматыдан Сәбеңе еріп келген Сафуан Шаймерденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев бар бір топ жазушылар енді.

Жиналысты ағып тұрған шешен, қазақ »және орыс тілін бірдей ұстайтын, қай тілде алмасын сөйлегенде тыңдаушыларын аузына қарататын Әнуарбек Нәжмитденұлы Шманов қазақша кіріспе сезбен ашып, жерлес академик жазушы Сәбеңе арналған жылы да, жүрекжарды тілегін айтып, жалпы жиылғандар атынан ризашылығын білдірді.

Бұл менің Сәбеңді алғаш рет көруім. Сәбеңнің басында академиктер киетін дөңгелек тебетейі, үстінде боз костюмі бар. Сәбең көк кез, еңгезердей сары кісі екен. Жүзі жылы.

Мінберде сөйлеген сөзінде Сәбең республикамыздың түкпір-түкпіріне, облыстарға  аттанар алдында барлық депутаттыққа кандитаттарды, басқа да жазушыларды, ақындарды партияның Орталық Комитетіне шақырып, өздерін сол кездегі республикамыздың басшысы Д. А. Қонаевтың қабылдағанын айтты. Онда Сәбең сияқты депутаттыққа кандидаттардың басын қосып, оған мемлекет қайраткерлерін, белгілі ақын-жазушыларды шақырып, Дінмұхамед Қонаев үлкен мәжіліс өткізген. Әрине, онда депутаттыққа үміткерлердің сайланатын жерлердегі өз сайлаушыларымен кездесуі әңгімеге арқау болғаны анық. Димаш Ахметұлы олардан өз сайлаушылармен кездесу барысында халыққа партияның сол кезде жүргізіп жатқан саяси бағытын дұрыс түсіндіріп жеткізе білумен бірге, халықты тыңдай білуге, олардың мұң-мұқтажына мұқият көңіл аударуды, ауылдардағы халықтың тұрмыс жағдайымен танысуды талап етеді. Сайлау қай уақытта да үлкен саяси науқан болғаны анық, сондықтан республика басшысы осы науқанға үлкен мән беріп, халықпен кездесуге аттанайын деп отырған кандидаттарға партияның Орталық Комитетінің саясатын дұрыс түсіндіреді деп сенім артқаны сөзсіз.

Сосын Сәбең Д. Қонаевтың тағы екінші бір тапсырма бергенін, ол – Абай Құнанбаевтың туғанына 125 жыл толуына байланысты Абайды халыққа таныту, Абайдың еңбектерін, қара сөздерін, өлеңдерін, халыққа кеңінен тарату екенін айтты. Әр депутаттыққа кандидат халықпенен кездесуін ең алдыменен Абайдан бастауы керек, жалпы қазақ халқына Абай не берді, қандай мұра қалдырды, осының барлығын үкімет қайраткерлері де, жазушы, ақындар халыққа кездесу кезінде түсіндіріп айтулары қажет, – деді ол. Осылайша қандай мақсатпен осы сапарға шыққанын мұқият түсіндіріп берген Сәбең бірден-ақ сөзін ұлы Абайдан бастап кетті. Сәбең Абай туралы сөйлегенде ерекше құштарлықпен, ерекше ниетпен, шын ықылас көңілмен сөйледі. Жазушы Абай туралы айтқанда бірте-бірте тереңдей берген сияқты болды.

Алдымен Сәбең Абайдың еңбектерін саралады, сосын оның философиялық көзқарастарына тоқталды. Өмір, адам, адалдық, еңбек, жақсылық пен жамандық, ана мен бала, бала мен әке, махаббат сияқты тағы да басқа адами  өмір болмысы жағдайларына Сәбең Абайдың түсініктемелерін берді, оларды ұлы ақынның қалай түсіне білгені туралы баяндады. Әсіресе Абайдың ислам дініне деген көзқарасына көбірек тоқтап, діннің адам өміріндегі алар орны жайлы айтты. Абайдың дінге сенімі туралы сөз қозғады. Әрине, алпысыншы жылдың аяқ кезінде бірыңғай атеистер ортасында осындай әңгіме айту шыныменен батылдық еді. Өзіміз таң қалдық. Сол кезде Абайдың өмірге деген көзқарасын дәріптей отырып, ұлы ақынның дінге деген сый-құрметін көрсете білу Сәбеңнің үлкен шеберлігі болатын. Сөзбен және әдеби түрдегі әдемі тәсілмен Сәбең соны бізге жеткізе білді.

Сәбит Мұқанов Абай туралы сөйлеп отырып, тыңдаушыларын ұлы ақынға деген қастерлі сөзімен және оған берген бағасыменен таң қалдырды. Жазушы, жоғарыда айтқандай, ұлы ақынның дүниенің өмірлік жан-жақты құбылыстарына деген философияпық көзқарастарына тәнтілігін жеткізді. Менің ерекше бір есімде қалғаны жазушының Абайдың еңбек туралы көзқарасын өте ерекше бағалауы болды.

Шынында да, еңбек адам баласы үшін өмірдің негізі ғой. Еңбек арқылы адам баласы жаратылғаннан бері тіршілік етіп, дамып, жетіліп келеді. Еңбек өзінің маңызын әлі бүгінге дейін жоғалтқан жоқ және жоғалтпайды да. Ол – ақиқат, оған ешқандай дәлел керегі жоқ.

Абайдың шығармаларында еңбек, еңбекке деген көзқарас, ұғым ерекше орын алған. Оны барлығымыз білеміз. Абайдың өзі айтқан қаншама мақал-мәтелдері бар десеңізші еңбек туралы. Абайдың еңбекті бағалауы, еңбекті қастерлеуі, оның адам өмірінде ерекше алатын орны бар екенін түсіндіре отырып, жазушы еңбек туралы Абайдың философиялық көзқарасына тәнті екенін жасырған жоқ және ұлы ақынның дәрежесін өте биікке көтерді. Сонда Сәбең бізге былай деді:

«Дүние жүзінде Еңбек туралы философиялық ой айтқан ғұламалар көп. Батыстың ақын-жазушылары, философтары, орыстың 18-19 ғасырдағы классиктері бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, өз шығармаларында еңбектің маңызын бағалай білген. Бірақ Абайдың еңбекке деген көзқарасы олардан әрі асып түседі, ұлы ақын еңбектің бұрын айтылмаған, жазылмаған, ескерілмеген қыр-сырларын көрсете білді. Еңбектің қыр-сырын бағалау жағынан, оны дәріптеу жағынан, Абай көп классиктердің алдына түсті. Ал егер орыстың 18-19 ғасырдағы мықты классиктерін алсақ, Абайға біреуі де тең келмейді. Тек Н. А. Некрасовты ғана Абайға кішкене жақындатуға болады» -деп Сәбең өзінің осындай баға беруін зор сүйіспеншілікпен аяқтаған еді.

Менің ойымша, 60-70 жылдардың аралығында, Кеңес үкіметі өзінің шыңына жетіп тұрған кезде, коммунистік партияның идеологиясы орыс ұлтының ұлттық мүддесіне ешқандай шаң жолатпай тұрған шақта, Сәбеңнің Абайға берген осы зор бағасы өте салмақты және үлкен батылдық болатын. Жазушы ағамыздың әлгіндей берген батыл бағасын ести отырып төбеміз көкке жетті. Әсіресе қазақ студенттерінің жүректеріне улкен қуаныш ұялағандай болып, Сәбеңнің Абайды аспанға көтергеніне сүйсініп қалдық. Қазақ ұлты мен Абайды, Абай мен қазақты ешқашанда ажыратуға болмайды. Ол — ақиқат. Халқының жырын жырлаған, мұңын мұңдаған, өз ұлты үшін күйінген де, сүйінген де Абайдай-ақ болар. Қазақта «Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады» деген сөз бар. Ғасырлар бойы жойылмай өріп жүрген ұлтымыздың жат мінезін ұлы Абай сынай білді, ашық айта білді. Оның ойлағаны келешекте халқым осы ескі көзқарастан арылса, жақсы қасиеттер сана-сезіміне молынан кірсе деген арман болды. Абай қазақ халқы үшін білім мен оқудың және еңбектің қажеттілігін өз шығармаларында айқын көрсете білді, еліне жаны ашыды.

Сәбеңнің Абай туралы сөздерінен кейін біз Абайдың шығармаларын ынтыға, қызығушылықпен оқи бастадық, әлі де оқып келеміз, оқи да береміз. Сәбең сол кездесуде бізге таусылмас, тоқтамас бір бұлақтың көзін ашқандай болды. Ол бұлақ-Абай еді. Сол таусылмас бұлақтан сусындай берейік, ағайын!

Шал ақын ауданы,  Сергеевка қаласы.


// Солтүстік Қазақстан. – 2006 жыл. – 20 кыркүйек. – 7 бет.

Хаттар сыры

Жарияланған Angela 08.06.2021 Естеліктер |

«Ана тілі» газеті. «Қарағым, Сәбит!..» деп басталатын хаттар шертер сыр мол еді

Біз «Өмір мектебі» жинағынан білетініміздей, халық жазушысы Сәбит Мұқанов хатты кеш таныған адам. Ол кісінің айтуынша, егер сауат танымаған болса, сауатсыз ақындардай ауызекі өлеңін шығарып жүре беретін түрі бар екен, хат танығаннан бастап әуелі араб, кейін латын әрпімен көрген-білгенін қағазға түсіре беріпті. Ал орыс қарпіне біржолата көшкенде көсілте жазатын болыпты.

Кешегі Шоқан Уәлиханов, ­Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев сынды дарындар орыс әдебиеті мен мәдениетінен үлгі алған. ­Асфандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллиндер орыс мәдениетіне сүйеніп өскен жандар болса, Сәбең де осы ізбен көркем әдебиеттің есігін ашып, орыс классиктерінен көп үйренген.

Сәбит Мұқанов 1922 жылы Орын­бордың рабфакына оқуға түскеннен бастап, орыс тілін игеріп, орыс мәдениетін егжей-тегжей зерттеген, көп оқып зердесіне тоқыған. Орыстан алған тәуір үлгісінің бірі хатқа сақ қарау еді. Біреуге өзің жазасың, біреу саған жазады. Асыра айтқандық емес, қазақ жазушыларының ішінде Сәбит­тен көп хат жинаған адам жоқ десе, артық айтпаған болар едік. Мұхтар Әуезовтің өзі бұрынғы хаттарды жи­на­мағанына кейін қатты өкініпті.

«Есік алды төбе болса ерттеулі атпен тең, ауылыңда қарт болса жазып қойған хатпен тең» дегендей, басқа халық хатты бірінші орынға қояды екен.
Абайдың бір өлеңінде: «Шөлдеген жан су көрсе, бас қоймай ма бастауға» дегендей, орыс мәдениетіне қаныққан Сәбең Пушкин, Лермонтов, Толстойлардың шығармалар жинағындағы хаттардың өзі бірнеше том болып кеткенін аңғарып, өмір бойы өз жазғанын да, өзгенің жазғанын да мұқият жинай беріпті.

Тургеневтың тек хаттар мен оған жауабы 15 том болған екен. Сәбит ағамыз осы хаттарды әркез қызығып оқыпты. Өйткені көркем шығармаға жан дүниеңді толғандырып жүрген ойларыңды жаза алмасаң, кейбір жақын досыңа ешкімге айтпаған сырыңды жазып жібересің. Генерал болуды армандамайтын әскер болмайтындай, қаламгер көрген-білгенін көкейге түйіп, хат жинауға дағдыланады. Ондағысы «біз де бір кезде жазушы болармыз» деген арманды ой еді.

Сәбеңді халық танып, сөз зергері болған кезде жинаған хаттары тау болып үйіліп қалады. Оның шет жағасын білетін елден Мемлекеттік мұрағат қызметкерлері естиді. Бірде Жетібаев деген мұрағат қызметкері келіп, қолжазбаларды қорға өткізуін өтінеді. Сәбит аға қолжазбалардың тәртіпке келмегенін айтады. Сәбең «сен одан да осы хаттарды алшы, әр жылдың хаттары реттеліп, сөрелеріме сыймай жатыр, осыны бір тәртіпке келтір, басқасын кейін сөйлесейік» деген екен. Мұрағат қызметкерінің үлкен қағаз жәшіктері болады екен, сонымен бес-алты жәшікпен хаттарды алып кетіпті. Арада екі-үш жыл өткен соң мұрағаттан Эмма Сегізбаева деген жас қыз телефон шалады. «Сіздің хаттарыңызды жүйеге түсіріп қойдық, келіп көріп кетесіз бе» деп өтініш білдіреді. Сәбит аға мұрағатқа барған соң қыз қағаздарды көрсетеді. Сөйтсе, хаттары 141 том болыпты.

Кейін Ташкентте Орта Азия және Кавказ жазушыларының конференциясы өтеді. Сонда Мемлекеттік мұрағаттың директоры Мұхтар Жанғалин «жазушы Сәбит Мұқановтың хаттарының 141 том болғанын, бұндай тірлік тарихта болмаған, бұл жоғары мәдениеттің белгісі» екенін айтып, ерекше баға берген екен.

Академик Сәбит Мұқановтың жинаған хаттарының ішінде орыс классиктері Алексей Толстой, Всеволод Иванов, Александр Фадеев, Борис Лавренев сынды үлкен жазушылардың хаттары сақталған. Сонымен қатар қатардағы адамдар: сауыншы, қойшы, малшы, механизаторлардың да хаты жинақталған.

Сәбеңнің «Сырдария» деген жинағы­ның шыққан кезі. Әркім әртүрлі пікір айтады, жинақ көпшіліктің талқысына түскен соң кімнің аузына қақпақ қоясың. Бір күні елден хат келеді. Оқып көрсе, «Қарағым, Сәбит! Осындай бір кітабың шыққан екен, өзім хат танымаймын, балама аяғына дейін оқытып, қызығып тыңдадым. Бірақ саған қояр сұрағым бар. Сен ескі өмірді білетін жігіт едің. Түйе егіз таппайтын еді ғой. Сенің күрішші Сырбай дейтін шал геройың бар, соның жалғыз түйесінен екі буыршын бар. Соның біреуін майданға ақша жіберу үшін сатып жібереді, оған сенейік, күздігүні Дәулет дейтін баласы фронттан бір аяғынан айырылып келеді екен. Шал қуанғаннан мал сойды, соның ішінде буыршынның бірі сойылды. Осы екі буыршынның біреуі саған қайдан келді, осыма жауап берші! Сатып жіберген буыршынды қайта сатып алдың ба, әлде түйе егіз тапты ма, соны түсіне алмай қойдым» деген екен. Әлгіні оқығанда Сәбең ұялғаннан жерге кіріп кете жаздапты. Сол кезде мүйізі қара­ғайдай Есмағамбет Ысмайылов, Мұха­меджан Қаратаев сияқты сыншылар бар, профессор-сыншылардың біреуі аңғар­маған кемшілікті ауыл адамының аңғар­ғанына қайран қалады. Сөйтіп, хат жазған шалдан автор кешірім сұраған деседі.

Жазушы Сәбит Мұқанов қарапайым адамдардың тыныс-тіршілігі жайлы да көптеген хаттар алып, қолынан келгенше көмек қолын бере білген адам еді.
Қадымша жазу деген ескі арабша, жәдитше деген жаңа заманның емлесімен жазылған жазу. Екеуін де Сәбең жақсы білетін. Бір күні ескі қадымның әрпімен жазылған хат келеді. Жазуы да тышқан­ның ізі сияқты екен. Әрең дегенде оқып шықса, қызық хат болып шығады. «Қарағым, Сәбит! – деп басталған хатта – кенже балам еркелеу өсіп еді, Ақтөбеге трактор­шының оқуына жібергем, оқып келіп, «мен үйленейін деп едім» деп сырын айтты. Бірақ қыз «әкемнің алдынан өтпей, ешқайда бармаймын» деген екен. Содан құда түсуге бес-алты көлікпен бардық. Қа­зақта «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз бол­майды» деген мақал бар. Қарсы құда сый-сияпатын жасап, беретіндерін берді.

Содан көп ұзамай құдаларды біз шақырдық. Қыздың әкесі «басқа сыйың қажет емес, маған Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романы шыққан кітабын сыйла» деп отырып алды. Ол кітап өзіме де керек еді, біреулер алып кетіп, аяғын бітіре алмай қалып едім, «маған бер» дегеніне көнбедім, «онда бір кітапқа қызым татымаса батамды бермеймін» деп құда ашулансын. Сөйтіп, жаңа құда ренжіп ауылына қайтады. Жігіт уайымдап жатып қалды. Сәбит, қарғам! Сен енді осыған жәрдем беріп, осы кітапты тауып берсең етті! – депті хат иесі жалынып. Содан Сарқандта Сәбит Мұқановтың досы бар еді, соған хат жазып, ауылды жерден «Ботакөз» романының 20 шақты кітабы табылады. Содан Сәбең кітапты он-оннан бөліп, екі құдаға жіберіп «әңгімені қойыңдар, та­туласыңдар» деген екен. Әрине, той ие­лері үйлену тойына да, шілдеханаға да ша­қырғанмен, Сәбит ағамыз бара алмапты.

Бір кітапқа бола екі жастың тағдыры шешілер шақта ақыл тапқан жазушының ел өміріне, жер мәселесіне, тіршіліктің сан қырына араласқандығы осы мысалдан айқын байқалады.

Орталық мұрағаттың жеке тектік мұрағаттармен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс бөлімінің бастығы Гүлмира Мәжікенқызы сол хаттар жайлы былай дейді:
« Сәбит Мұқановтың хаттарының ішінде Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Әуелбек Қоңыратбаевтармен қоса, Ғафур Гулям, Михаил Шолохов сияқты өзге ұлт өкілдерімен жазысқан хаттары сақталған. Сонымен қатар жазушы болсам, ақын болсам деген жастардың хаттары баршылық. Жас ақын-жазушылардың қалыптасуына ағалық қамқорлығын аямаған Сәбит Мұқанов келген хаттарға өзінің жауабын да тіркеген екен ».

Академик-жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың әкем, жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың хаттарына жазған жауаптары біздің мұрағатымызда сақтаулы. Әкеміздің жазушы болып қалыптасуына Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов, әсіресе Ілияс Омаров ағаларымыздың қамқорлығы телегей-теңіз еді. Туғанындай қамқор болып, аса кішіпейілдік танытқан, қолынан келген көмегін аямаған заты асыл туған ағаларымыздың жақсылығы еш­қашан ұмытыла қоймас. Жүрген жерінде жақсылықтың гүлін егіп, дарқан жүректің жылуын аямаған қайран ағаларым-ай! ..

Бүгінгі заманауи компьютер, интернет заманында жедел хабар алу үшін фейсбук, ватсап, электронды пошта, ұялы телефон бар болса, жазған хатқа сарылып жауап күтіп, олардың бәрін мұқият сақтау Сәбит Мұқанов сынды талмай ізденіс үстінде шыныққан қарымды қаламгердің ғана қолынан келетін іс екені мәлім. Хат жазып, хабарласып тұрайық, ағайын!

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Мәдениет қайраткері
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Алтын Иманбаева.


Иманбаева, А. Хаттар сыры  / А. Иманбаева  // Мәдениет. – 2015. – №5.- Б.17-18.

Сәбит Мұқанов және қазақ руханияты

Жарияланған Angela 07.06.2021 Сын |

  Биыл қазақтың әйгілі жазушысы, ақыны, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқановтың туғанына 120 жыл. Осы орайда Ұлттық академиялық кітапхана мен Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы бірлесіп «Сәбит Мұқанов және қазақ руханияты» атты республикалық ғылыми онлайн конференция өткізді.
Онлайн конференция отырысына филология ғылымдарының докторлары Серік Негимов, абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Құлбек Ергөбек, Күлаш Ахмет, «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас директоры Жарасбай Сүлейменов, Жандос Смағұлов, Рахымжан Тұрысбек, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры, ақын Әділғазы Қайырбеков, Сағынбай Жұмағұлов сынды бірқатар зиялы қауым өкілі қатысты.
Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жиынға модераторлық етіп, Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, жазушыдан қалған рухани мол мұраны оқырман талқысына ұсынудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ, жазушының қазақ руханиятындағы, әдебиетіндегі жарқын ізі бар екендігін, қаламгер есімі әрдайым құрметпен аталатындығын атап өтті. «Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойына орай Мұқановтың іргелес інісі, қаламдас бауыры болған әдебиетші Тұрсынбек Кәкішев «Egemen Qazaqstan» газетіне «Қазақ әдебиетінің Атымтай Жомарты» атты мақала жариялаған болатын. Содан бері аттай 20 жыл өткен екен. Бүгінгі Сәбит Мұқановтың 120 жылдығына арналған конференцияда зиялы қауым өкілдерімен жақсы әңгіме өткізсек деп отырмыз», деді Дәулеткерей Кәпұлы.
Конференция барысында сөз алған ғалымдар мен зерттеушілер жазушының қазақ әдебиеттану ғылымындағы орны мен оның зерттеулеріндегі Абай, Шәкәрім мұрасы және шығармашылық зертханасына қатысты мәселелерді көтеріп, тарихи шындыққа бай, дәуір тынысы кең қамтылған шығармалары мен саяси-әлеуметтік, қоғамдық істердегі орны туралы жан-жақты талқылады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып қазақ әдебиетінде Сәбит Мұқанов шығармашылығының айрықша мәні бар екенін әңгімелей келіп, сөз өнерінің қай саласын зерттеген ғалымның Сәбеңнің шығармашылығына соқпауы мүмкін еместігін, артында қалдырған мол мұрасының салмағы орасан екенін жеткізді. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов Сәбит Мұқанов шығармашылық жолының әр кезеңінде халқымыздың өмірі мен күресін шынайы бейнелейтін кесек шығармалар жазып, ұлттық әдебиетімізді өркендете жолында белсенді еңбек етіп еткенін, дәл осы себепті туған халқының сүйіспеншілігі мен лайықты құрметіне бөленгенін жеткізді.
– Мың сырлы Сәбит Мұқанов ғасырдың перзенті, ғасыр суреткері. Мұхтар Әуезовтің Абай Құнанбаев атты монографиялық зерттеуінде «Абайдың өмірін, дәуірін зерттеп жүріп, кейде кемшілікті қате пікір айтқан болса да, негізінде Абайды тану ғылымында елеулі еңбек еткен адамдар: Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайлов, Бейсенбай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев сияқты тағы бір талай әдебиет тарихшылары мен жазушылар» деп атап өткен. Сәбит 1930 жылы Мәскеуде Абайдың «Қор болдым, жаным» әнін А.В. Затаевичке жаздыртады. 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына орай шыққан академиялық басылымда ең салмақты сөзді Сәбең жазады. 1944 жылдары Абай туралы толымды монографиялық еңбек жазды. Осы еңбекте Сәбең Абайдың қазақтың жазба әдебиеті тарихындағы орнын, қазақтың әдеби тілін дамытудағы тарихи орнын, ақынның поэзияға қосқан жаңалықтарын, көркемдігін айтып өтеді», деп жазушының Абай мұралары жөнінде көптеген еңбектер жазып, әдебиет зерттеу мәселесінде теориялық жағынан тың пікірлер ұсынғанын айтты. Бұдан бөлек жиында сөз алған филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахмет қазақ әдебиетіне жаңаша сипат дарыта білген Сәбит Мұқановтың әдебиет әлеміндегі қаржылы еңбегі мен қазақ қаламгерлерінің әдебиет жолындағы бастапқы шығармашылық қадамдарына қолдау көрсеткен адами жанашырлығы турасында ой бөлісіп, байыпты пікірлерін ортаға салды.
– Сәбит Мұқанов – қазақ халқының өзі. Мұқановтың әдеби мұрасы мың ғасырлық шежіре тарихы деуге болады. Одан бас тартар болсақ қазақ халқы өз руханиятынан бар тартқан болар еді. Солақай саясат кезеңінде қызмет ете жүріп, совет саясатын қазақ руханиятын дамытуға бағыттаған жазушының еңбегі ересен, – деп бағалаған филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек қаламгер мұрасы туралы үстірт пікір айтушылардың бар екенін, ғылым мен әдебиеттің дәлел мен дәйекке сүйенгенде ғана өрге жылжитынын алға тартты.


Өміртай, А. Сәбит Мұқанов және қазақ руханияты //Егемен Қазақстан.- 2020 жыл.- 12 мамыр.- 14 бет.

Сәбит Мұқанов

Жарияланған Angela 07.06.2021 Естеліктер |

 Биыл қазақтың бас ақыны – Абайдың 175-ке келген мерейлі жылында Сәбит Мұқанов та 120 жаста! Мерейлі жасқа келген тұлғаны энциклопедияның хронология ізімен сыдыртып, «дежурный» сөздермен жазуға да болады. Бірақ бүгінде Сәбит Мұқановқа олжол емес. Көзін кергендердің бір-ауыздан айтуына қарағанда, дарқандығы даладай, көңілі жас баладай Сәбеңнің ұлтқа сіңірген еңбегі, ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы ұшантеңіз. Соның барлығынан хабарсыз бүгінгі жастар Сәбит Мұқановты тек жазушы ғана деп таниды. Себебі, мектеп оқулықтарынан Сәбит Мұқановтың ысырыла-ысырыла шығып қалғаны қашан…? Ал жоғары оқу орындары классикалық стандарттық жүйеден айырылып қалғалы, «орыс ойына келгенін істейдінің» керімен жүр… Шындығында Сәбит Мұқанов – сан қырлы тұлға. Санқырлылығы сол, кейбір мұрасы әлі реттеліп те, зерттеліп те болған жоқ… Сәбең деген атты қарапайым халық Сәбит Мұқановқа жасы да, басы да жас кезінде-ақ берген. Жасыратыны жоқ, ол тұста Сәбеңнің өзі алдымен Сәкенге айтып, сонан соң өзі жетектеп әкеліп ортаға қосқан Ғабиті де, Ғабидені де әдебиет дейтін аламанның үзеңгісіне аяқ салғаны болмаса, Сәбит Мұқановсыз «тырп» ете алмайтын. Біздің мақсатымыз ат жарыстыру емес. Бірақ бірі білмей, енді бірі жақсы біле тұра «Сәбеңнің атына бәрі жарасадының» керімен жымысқы ойларын өткізбек болғаны қынжылтады. «Халық айтса қалт айтпайды», – дегенге жүгінер болсақ, бүкіл қазақтың коңілінен шығып, сүйікті ұлына айналу үшін тек классик-жазушы болу аздық етеді. Қазірдің өзінде жасы дардай атағы нардай болғанмен, қадірқасиеті алақұла «классиктер» аз ба арамызда?.. Осы тұрғыдан алып қарағанда Сәбеңнің шоқтығы қаламдастарынан да, замандастарынан да әлдеқайда биік!

Сәбит Мұқанов – тума талант. Тума талант ешкімнен «қарызға» сөз де, бөз де сұрамайды. Көкейі-не келген көлгөсір ойын төгіп-төгіп айтады да оның қайырымына қайрылып та қарамайды. Ал жасанды таланттар қиналып жазған еңбегін елемеген елдің есін алып әлек. Ол еленіп, ескерілгенге дейін тамыр-танысқа да, үкіметтің есігіне де дамыл жоқ. Ондайды халық көрмейді емес, көреді, білмейді емес, біледі. Сәбеңе бұл тұрғыдан замандастары да, қаламдастары да тіпті құрдастары да мін таға алмайды. Қайта есе жіберіп алғандардың көшін Сәбит Мұқанов бастап тұрған шығар. Басы дау мен дақпырттан арылмауының да бір себебі осында болса керек. Сондықтан Сәбең туралы сөзді ауырдың үстімен, жеңілдің астымен сипай айту ішіне сыр бүккен адамның ғана сөзі болуы мүмкін. Сәбит Мұқановтың бүгінгі жағдайына ол жөн емес.
Сонымен, Сәбит Мұқанов кім?! Сәбит Мұқанов, ең алдымен, классик жазушы! Оған ешкімнің дауы жоқ. Сәбит Мұқанов 73 жылдық ғұмырында қазақ әдебиетінің барлық жанрына қалам тартып, оқырмандарының махаббатына бөленген қазақтың ең сүйікті жазушысы! Сәбеңнің ең сүйікті жазушы екендігін дәлелдейтін оқырмандарымен арадағы хаттар. Сол хаттар қазір Мемлекеттік архивте 141 том болып сақтаулы. Оны Сәбеңөз қолымен тапсырған. Хат тақырыбы әр алуан. Көркем шығармасын оқушы іздеп жүріп оқыса, еліктесе, ерінбей-жалықпай авторға хат жазса, жазушы бақыты деген сол емес пе?! Құдайға тәубе, қазақ ақын, жазушыдан кенде емес. Бірақ олардың бәріне бірдей мұндай бақ бұйырмаған. Ол басы ашық шындық. Ол хаттардың кейбірін Сәбең мұражайының директоры ақын Әділғазы Қайырбеков 2018 жылы құрастырып шығарды. Сәбеңе келген хатта, Сәбең жазған хатта амандық-саулықтан басталғанымен, ағыс арнасы әртүрлі. Бір хатта тарихи фактіге кездесесіз, бір хаттан саяси сыр ұғасыз. Ал енді бір хаттан Сәбеңнің мейірімді даусын естіп, ширығып шыға келесіз. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Қайым Мұхамедхановтардың Сәбит Мұқановқа жазғандары аты хат демесеңіз мөлдіреген мәдениет, тұнып тұрған тарих. Дамыған елдердің мәдениетінде тарихи тұлғалардың хаттарына құрметпен қарайтыны да сондықтан. Бізде эпистолярлық жанрдың зерттелуіндегі олқылықтардың объективті де субъективті себептері бар. Сәбит Мұқанов шығармашылығының эпистолярлық жанры бүкіл бір ұлттың мәдениетіндегі аристократтық текті дәлелдейтін бірден-бір факт. Сондықтан қазақ жастарының бойынан құрдымға кетіп бара жатқан хат жазу мәдениетін қайта қалыптастыру қажет. Ол – тұлғатануда да, қоғамтануда да таптырмайтын құрал. Қазақ әдебиетініңғана емес, мәдениетінің де тарихында оқырманнан хат апуда да, оқырманға хат жазуда да көш басында Сәбит Мұқанов тұр!

Сәбит Мұқановтың энциклопедияларда ғана болмаса, шығармашылығында өте сирек айтылатын тағы бір қыры – аудармалары. Кеңестік жүйенің кезінде, ең алдымен, өз елінде өз ұлты қадір-қасиетін айқындаған шығарма ғана шетелде сұранысқа ие болатын. Аударылатын. Ап Сәбит Мұқановтың көркем шығармалары дүниежүзінің 46 тіліне аударылған. Олардың ішінде әйгілі орыс, ағылшын, қытай, француз тілдеріне аударылып, бірнеше миллиондаған тиражбен тараса, кейбір шығармалары әлемдік әдебиет хрестоматиясына енген. Сәбит Мұқановтың шығармала-рына Алексей Толстой, Леонид Леонов, Александр Фадеевтерден бастап, одақтас республикалардың өзімен терезесі тең талай даңқтылары құрметпен пікір білдірген. Қазақ жазушыларынан шығармасы орыс, француз тіліне ең бірінші болып аударылған да Сәбит Мұқанов («Сын бая». Мәскеу, 1935). Тіпті Парижден оралған Мирзоян «Сұлушаш» романының француз тілінде баспадан шыққалы жатқанын айтып, Сәбит Мұқановтан сүйінші сұрап қуантқан. Бұл – 1936жыл.
Ал Сәбит Мұқановтың қалың бұқара біле бермейтін ендігі бір қыры мектеп оқулығынан бастап, жоғары оқу орындарының студенттеріне арнайы жазған оқулықтары мен оқу құралдары. Яғни, Сәбит Мұқанов – ғалым! Академиктік атақ ғылымда ашқан жаңалыққа, не ғылымға қосқан елеулі еңбекке беріледі дегенімізбен, сайлаумен келетін атақ болғандықтан кейде бақ, ал кейде «бап» шабады. Сәбеңе академиктік атақ өз аяғымен келген (1954). Себебі, СәбитМұқанов Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі (академик) болғанға дейін-ақ білім-ғылым саласына кірісіп, қазақ баласын мектеп оқулығымен қамтамасыз ету мақсатында («Qazaq Әdebieti»: хrеstотаtia. Огtа mekteptinтек 8-klasьnа агnаlqan qurastьrqandar: S. Muqanov Q. Bekqogin. Qazaq memleket baspasь Alma-Ata, 1941) КазПИ-де үшінші курста оқып жүрген Қалижан Бекхожинді сооавтор етіп құрастырған. Ал орта мектептің 9-класына арналған «Қазақ әдебиеті» оқу құралының XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы әдебиеттің бірінші басылуын С.Мұқанов Х.Жұмалиевпен бірге және редакциясын басқара отырып, қазақтың мемлекеттік оқу құралдар баспасынан (Алматы, 1948) шығарған. Ал 1932 жылы «XX qasьrdagь Qazaq әdebijeti» «Qаzаqьstаn Ьаsраsьнан» жарық көрген. Ғылыми еңбек – көркем шығарма емес… Әдебиетке кеш келген Сәбеңнің осы ғылыми-зерттеу еңбекті жазуға бел шеше кірісуі көзсіз батылдық. Мұндай батылдыққа адам екі жағдайда ғана баруы мүмкін. Біріншіден, өзінің мүмкіндігіне ете сенімді болғанда, екінші, айтпауға болмайтын қажеттілік туғанда. Сәбең осы екі себептің екеуіне де дайын болған. Біріншіден, Сәбит Мұқанов XX ғасырдың 20-жылдары қайнаған әдеби айтыстардың бел ортасында жүргені «Еңбекші қазақ» газетінен белгілі. Сол айтыстар Сәбеңнің қаламын ұштай түсті. Екіншіден, білім деңгейінің кемшіндігін тілге тиек еткен Қошке Кемеңгеровтің сынын орынды қабылдаған Сәбең жоғары білімін жанжақты жетілдірген (қараңыз: Сәбит Мұқанов 1923-1926 – Орынбордағы жұмысшы факультетінің студенті, 1928-1929 – Ленинград университетінің студенті», 1930-1931 – Мәскеу. Академиялық Марр атындағы тіл білімі институтының аспиранты, 1931-1936-Мәскеу. Қызыл профессорлар институтының аспиранты болды). Сәбең «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932) тарихын кімнің кім екенін танып, ғылыми кезқарасы қалыптасқан кезде жазды. Ахмет Байтұрсынұлынан бастаған шығармашылық портреттер галлереясын Дулатұлы Міржақып, Қарашұлы Омар, Жұмабайұлы Мағжан, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, Дөнентайұлы Сәбит, Күлейұлы Бернияз, Әуезұлы Мұхтар, Аймауытұлы Жүсіпбекпен аяқтаған.

Күләш АХМЕТОВА, филология ғылымдарының докторы.

(Жалғасы бар).


// Soltústik Qazaqstan. – 2020. – 14 qarasha. – 6 бет.

 

 

 

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».