Сәбит – Мағжан – Сәкен

Жарияланған Angela 07.06.2021 Естеліктер |

 Қазақ мәдениетінде, оның ішінде әдебиет саласында даудамайы, айғай-шуы басылмай келе жатқан мәселе – Сәкен – Мағжан — Сәбит түйіні. Бұлардың қым-қуыт қарым-қатынасы әшейінгі қазақи әңгіменің ауқымынан шығып, әдеби шығарма, эссе, ғылыми зерттеу, монография, мақала деңгейінде ел-жұртқа жария болып, дабыраға айналған өте қиын мәселе. Кім болса да бұған құлақ түрмей өте алмайды, реті келсе өзінің бояуын қоспай тұра алмайтын құбылыс. Осы қиын да даулы мәселенің шындығына жетейін, өзім көрген-білгенімді қалың жұртқа айтып берейін деп «Өнер бәсекесі, немесе Мағжан мен Сәкен» деген бес жүз беттік тарихи-әдеби эссе жазып бітіріп, баспаға ұсындым.

Еңбекті жазу барысында ешқайсысына іш тартпай, тарихи шындық, құжат, мұрағат деңгейінде артығын артық, кемін кем, уақытша жеңіс пен жеңілісті түгелге жақын қамтыған сияқтымын. Тарихты жалғыз өзім ғана білемін деп өрекпу әрине ешкімге, оның ішінде ғалымдарға жараспайтын қылық. Осы салада соңғы кезде пайда болған жаман әдетті білмей жатып білем деушілерді, өсек-аяңды малданушыларды, атақ шығару үшін атыстыра-шабыстыра сөйлеушілер мен өркөкірек қуыс кеуделерді де сынай кетуге тура келді.

Осы шешімі қиын мәселелерді суыртпақтап отырғанда Сәбит тағдырына қатты алаңдадым. Сәбит Мұқановты кінәсіз, мінсіз, кемшіліксіз деп ешкім есептемейді. Өмір өткелінде өзінің демократтығынан , адамға жақындығынан Сәбеңе жететін жан жоқтығына емес, осы ғадетін толық сақтамағаннан таяқты көп жеген адамды табу да қиын. Тұла бойы қайшылыққа толы қайраткерге араша түсу мақсатымен емес, бар сыр-сипатын – тарихи шындық деңгейінде көрсетуді ойлап көпшілік түгіл, тіпті Сәбиттің өзі білмеген, жұрттың көзі түсе қоймаған бір кұжатты бүгінгі оқушыға таныстыруды қажет тауып отырмын, өйткені өсек-аяңның ініне су құяды.

Таяуда «Қазақстан» баспасы «Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 г. г.» деген жинағын шығарды. Олар Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан алынған. Оны жай оқып қана қоймай, тағдырлар тоғысына назар аударсаңыздар шиырлана матасқан, шешуі табылмайтын жұмбаққа тап боласыз да қайран қаласыз. Өйткені күні бүгінге дейін

С. Мұқановты советтік заманның қызыл көзі, әсіресе Мағжанның, қала берді Сәкеңнің «жендеті» деген қауесет өзінің көзі тірісінде бүкіл Қазақстанға тарап әлі күнге дейін басылмай келе жатқанын (кімдердің әдейі таратқанын қазбаламай-ақ қояйын) білесіздер. Жапқан жаладан ақталып шығу өте қиын. Дақ қалады. Шындықты дәлелдеу тек қана уақыттың құдіретінде ғана.

«Решение бюро Алма-Атинского горкома КП (б)  К по аппеляции С. Муканова, 2 марта 1938 г.(Слушали:» Аппеляция Муканова.

Муканов Сабит, член КП(б) К. с июля 1920 г. партбилет № 1559860, рождения 1900 г; казах. По соцположению – служащий. В момент возникновения дела работал в качестве председателя СПК -писатель.

Муканов обвиняется в том, что в своих литературных призведениях, как-то «Сын бая», «Мырзабек», «Темертас», «Литература XX века», протаскивал контрреволюционные националистические взгляды.

Муканов был тесно связан с Сейфуллинным, Досмухамедовым, Асылбековым, Айсариным, Валиахметовым и Джумабаевым, ныне разоблаченными врагами народа. Когда Джумабаев был в ссылке, Сейфуллин имел с ним переписку и оказал денежную помощь.

Муканов состоял в сейфуллинской контрреволюционной националистической группировке во время совместной работы в Союзе писателей. Муканов ограждал Сейфуллина от критики, тем самым зажимал критику и самокритику.

Решением бюро Фрунзенского ГРК КП (б) К Муканов как активный член контрреволюционной националистической группировки, как пособник врагов народа и как неразорулившийся буржуазный националист из рядов партии исключен.

Муканов в своих заявлениях не отрицает предьявленные ему обвинения в допущенных ошибках в своей литературной работе и в своих связах с Сейфуллиным, Валиахметовым, Айсариным и другими, но заявляет, что он ничего не знал об их контрреволюционной националистической деятельности.

Обвинение, предъявленное Муканову о его переписке с Джумабаевым и оказании ему денежной помощи, когда Джумабаев был в ссылке, ничем не подтверждается.

Докладывал Г. Холодов, Муканов присутствует. (Постановили:)

Ввиду неясности отдельных вопросов, дело о Муканове отложить и поручить Г.Холодову дорасследовать материал и доложить на бюро.

Секретарь ГК КП (б) К. Шураков».

Бір сөзі өзгерілген жоқ. Санасы бар демей-ақ қояйын, әшейінгі ғана түсінігі бар жандардың бәрі Сәкен – Мағжан – Сәбит түйінінің қалай шиырланып күрмелгенін байқаған шығар. Осы қаулының әр бабы әр түрлі ойларға жетектейді, бірақ бір ғана жайды түсіндірсем, біраз шындықтың  сыры ашылмақ. Қаулыда Сәкен Сейфуллин Мағжан жер аударылып жүргенде хат жазып , ақшалай көмек көрсетіпті, Сәбит Сәкеннің ұлтшылдық «группировкасында» болыпты деп жалғастырып жібергеніне қарап аты-жөндері алмасып түскен шығар «Обвинение, предьявленное Муканову о его переписке с Джумабаевым и оказании ему денежной помощи, когда Джумабаев был в ссылке, ничем не подтверждается» деген сөздер теріске шығаратын сияқты. Алайда тап осы түйінге айрықша тоқтау керек, өйткені адалдықты былай қойғанда үлкен адамгершіліктің ізін суыртпақтап шығарып аламыз.

Мағжан сотталып, Беломор каналында арып-ашып жүрген кезінде жазған хатын Сәбең 1959 жылы 10 қарашада маған оқып берген еді. Оны өзімнің «Дала -жүрек» деген естелігімде тарата жаздым, 1990 жылы Абай атындағы опера және балет театрында Сәбеңнің 90 жылдығына арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндамамда бүкіл республикаға естірте айттым. Ол хатта «таяуда түрмеден шығасыз, сонда қай жақта боласыз, зорлық-зомбылықты кек тұтқан пиғылда шығасыз ба, әлде «Тоқсанның тобындағы» ойға ойысасыз ба?

Біз үшін, қазақтың қасиетті поэзиясының келешегі үшін Сіздің совет жағына шыққаныңыз олжа болар еді деген ойларды жазыпты.

«Сізге тиісті орындар жазғызды ма? – деп сұрағанында: «Жоқ, өзім жаздым… – арымның  әмірімен жазғанмын» деді. (Т. Кәкішев. Санадағы жаралар. «Қазақстан». 1992. 224-бет). Осы тұста Зылиха апайдың М. Горькийге, оның әйелі Е. Пешковаға барып, Мағжан жазасын 3 жылға қысқартқан шағы болатын. Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтында оқып жатқан Сәбит Мұқановтың осы игілікті қадамға араласпауы мүмкін еместей көрінеді маған.

Сотталған Мағжанға Сәбиттің хат жазып, өтініш білдіргені тарихи шындық екені қазір әбден дәлелденіп отыр. Біріншіден, С. Мұқанов музей қорында хаттың түп нұсқасы сақталуда.Екіншіден, Сәбеңнің естелігін естіген құйма құлақтардың бірі Жайық Бектұровтың естелігі: «Мен Мағжанға 1932-33 жылдары Москвада оқуда жүргенімде, ГПУ-ден рұқсат алып, оған лагерге, Мурманск жағына хат жазып жібердім» деген дерек («Бес арыс», 1992. 325-бет) болса, үшіншіден, Ш. Елеукеновтің мемлекеттік сыйлық алған «Мағжан» монографиясында ол хаттан цитат алып, бізге беймәлімдеу тың дерек келтіреді.

«1936 жылдың қыркүйек айында Қызылжарға Сәбит Мұқанов келе қалғанда Мағжанды әдейі іздеп тауып алып, шүйіркелесе сөйлеседі, жылы-жылы сөздер айтып, Алматыға қызметке шақырады. 1936 жылы 27 қазанда Мағжанға жазған хатында: «Сізбен жолығып сөйлескенде де мен айттым ғой: егерде өзіңіз шын ниетпен совет әдебиетіне қызмет етем десеңіз жазуыңызға ешкім бөгет болмайды деп. Сол сөзім әлі де сөз. Егерде шын ниетпен совет әдебиетіне ат салыссаңыз Сізді бетке қағатын, бұрын пәлен болып едің дейтін кісі болмайды. Пролетариаттың рахымы мол. Ол қорғай да біледі, жарылқай да біледі. Бірақ пролетариат сөз емес, істі жақсы көреді». (Ш. Елеукенов. «Мағжан».: 1995. 127, 135-136-беттер) дегендерді түсіндіріп жатудың өзі артық.

20 жылдары таптық желекті мықтап жамылған, большевиктік үғіт-насихатқа әбден бой алдырып, Мағжандарға айтпағаны қалмаған Сәбиттің жеке адамға табыну, әбден дәуірлеп тұрған кезде «тап жауы» ретінде сотталған Мағжанды өзінің пролетарлық қанатының астына алуы қайран қалатын құбылыс. Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлер мен ақын-жазушылар Алматының көшесінде Мағжанмен амандасуға жарамай, теріс айналып кетіп жатқанда 1937 жылы 20 ақпанда «Құрметті жолдасым Сәбит, Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өзімнің қалам күшімен көрсетсем деген жалғыз тілекпен оралдым. Мен қалған өмірімді, берік ниетім мен үмітімді істе дәлелдеу үшін социалистік құрылысқа еңбек етуге бел будым. Мен үшін енді еңбекші таптың, коммунистік партияның жолынан басқа жол жоқ.

Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүшкілдігін айта отырып, Сізді бірдемеге міндеттегім келмейді. Сізге осьшай жазуға қазіргі халім мэжбүр етіп отыр. Кешіріңіз. Құрметпен Мағжан», дегенді тебіренбей оқи алмайсың.

Демек, Мағжанға Сәбиттің хат жазғаны, қол созғаны ешбір күдік келтірер жай еместігін пенделік тұрғыдан тағы бір қарастырып өткеннің артықтығы жоқ.

Мағжан Алматыға 1937 жылы 25 наурызда қашып келгенде алдынан шығып, қарсы алған жалғыз Сәбит. Жазушылар одағының бастығы болып отырғанда Мағжанды қарсы алуға талай адамды жұмсауға мүмкіндігі болғанын ешкім жоққа шығара алмайды.  Алматыға өзі барудың ең бір мықты сыры -күнәларын жуу ғана емес, азаматтық таныту екені сөзсіз. Станса басында Мағжан «Менің жолым – теріс. Сәкендікі – дұрыс болды. Алдымен соған сәлем берейін» деп Сәбең ойламаған тілек білдіреді. Ыңғайын тауып хабар жеткізген Сәбиттер қалаға жеткенше Сәкен үй-іші аса қадірлі қонақ келе жатыр деп әлекке түседі. Келген сәтте Мағжан мен Сәкен көздеріне жас алып құшақтасады. Жол соқты болып келгендер Сәкен үйіне қонып, келесі күні Сәбит үйіндегі түнемел қонақасыға барады.

Онан кейінгі оқиғаның басы-қасында болған Мұхаметжан Қаратаевтың куәлігіне құлақ салайық. «Одақтың председателі Сәбит Мұқанов екеуіміз бір кабинетте отырамыз. Орта бойлы, жұпынылау киінген, өңі сынық кісі кірді. «Мен Мағжан Жұмабаев боламын, шырағым. Сәбитті іздеп келіп едім…» дегенде орнымнан ұшып тұрдым. Сәбең кіріп, амандық-саулықтан соң телефонның құлағына жармасты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші секретары Нұрпейісов «келе беріңдер, бірақ шеше алмаймын, Мирзояннің өзіне кіріңдер» деді. Сәбең маған да жүр деп, үшеуіміз Мирзоянның қабылдауына бардық. Сәбең Мағжанды қызметке орналастыруға, қаражат жағынан көмектесуге әрекеттенгені анық. Тіпті оны Жазушылар Одағына алуды ойластырды» (Ш. Елеукенов » Мағжан «.1995. 138-бет) дегенін талайлар естігенмен Сәбеңнің азаматтығын көрсетуге пайдаланбай жүргендер аз емес.

Бұлар көз көргеннің, естігендердің куәлігі болса, әлгі кітапта мынадай құжат бар. «21 апрель, 1937. Секретно. тов. Джаманкулов. Как тебе известно, в Алма-Ата приехал алашординский поэт Мағжан Жұмабаев, (который) написал на имя Союза писателей заявление о том, что признает антисоветские ошибки и просит помочь ему исправиться и дать работу. По этому поводу я на днях беседовал с тов. Мирзояном. Он мне говорил что надо дать работу, то есть дать на перевод на казахский язык из произведений классиков русской литературы, чтобы этим ему оказать материальную помощь. Прошу тебя, как члена партии и зав. КИХЛ-ом, учесть эту мою записку и слова тов. Мирзояна на перевод с выдачей аванса по договору.

С ком. приветом, Пред ССПК и член партии С. Муканов» деп хат жазуы да Сәбиттің азаматтығының жарқын беті болса керек. Өстіп жүргенде «Социалистік Қазақстан» газетінде Сәбитті «әшкерелеген» мақала басылды. Оған қайтарған жауабында Мағжанның «совет үкіметінен қылмысыма ылайық әділ жаза тартып түзелдім» деген сөзіне алданып, оған либералдық жасағаным, Қазақ көркемсөз баспасынан немістің фашизмге қарсы жазушысы Файхтвагнердің «Оппегеим семьясы»- деген романын аудару үшін беруге себепкер болғаным рас. Бұл қателікті мойынға алып, толық түзетем» деп мойындаған кезде Мағжан ұсталмай, кім көрінгенге барып, жұмыс іздеп сандалып жүрген болатын.

Сәбеңнің ресми өтінішін орындау созыла берген соң КИХЛ-дың директоры Рахымжан Жаманқұловқа Сәкен мен Мағжан екеуі барып, кешегі шәкірті, бүгінгі ірі басшының қиқаңдағанына қаратпай, өзінің сенімхатымен тарыққан Мағжанға ақша алып бергені әрі көзсіз батырлық, әрі адамгершілік екенін ұлылардың ізін баққандар жіпке тізіп кейінгі мақалаларында зор қылмыс ретінде жазған болатын.

Өзге емес, жазушылар Одағы партия ұйымының хатшысы Қалмақан Әбдіқадыров «Әдебиеттегі троцкийшіл-бухариншіл, ұлтшыл-фашист зиянкестерді жеріне жеткізе құрту керек» деп 1937 жылы 18 тамызда «Қазақ әдебиеті» газетінде большевиктік солақайлықпен «Сәбит өз шығармаларында, «Адасқандарда» байды мақтап, 1932 жылы басылған «XX ғасырдағы қазақ әдебиетінде, халық жаулары -алашордашылардың объективті революциялық рөлі бар деген қателері үстіне соңғы кезге шейін халық жауларына (Айсарин,Жұмабаев, Асылбековтерге) көріне ымырашылдық жасады. Өзінің шығармаларын халық жаулары Досмұхаметов, Молдыбаевтарға аударуға берді. Жұмабаевты қызметке орналастыруға ниеттенгені, тағы басқалары Сәбиттің жай ғана қатесі емес үлкен саяси қатесі» деп жарқабаққа апарып қойған болатын.

Халық жауларын әшкерелеу науқаны басталған кезде біраз екпіндете сөйлеген С Мұқанов іс насырға шауып бара жатқанын көрген соң маусымнан қазанға дейін яғни табандатқан төрт ай бойы өнерпаздық сапарда жүрді. Алматыдан алыста жүру үшін Мәскеулетіп кетті. Сол уақытта өткен жиындар мен партия жиналыстарында әсіресе Хамза Жүсіпбеков баяндама жасағанда «Каулымызда Сәбит туралы қатты айту керек. Оны тез шақырып, партиялық мәселесін қарау керек» дегендегіні қалай айтқаны белгілі.        

1937 жылы 7 қыркүйекте «Ұлтшыл-фашистердің әдебиеттегі зиянкестік істерімен күресу және жас кадрларды өсіру туралы Сейфуллин, С. Мұқанов «халық жауларының қылықтарына мән бермеген либералдық, ымырашылдық істеп өздері де көп саяси қателер жіберген» дегенді қаулыға кіргізді. Оны «Правда» мен «Казахстанская правда», «Социалистік Қазақстан» газеттері даурықтыра түсті. Сәкен 24 қыркүйекте тұтқындалды, 2-3 қазанда Сәбит Жазушылар Одағы Төрағасынан босатылып, екі күнге созылған жиналыста партиядан шығарылды.

Өмір – өткелінде пенде талай абыройлы да абыройсыз іс-әрекетке кезігеді. Одан Сәбитті қорғаштаудың қажеті жоқ, өйткені қазақ жазушыларының ішінде өзінің демократтығынан кісіге үйірсектігінен, жалпақ шешейлігінен сөзге қалған адамдардың ішінде, сөз жоқ, бірінші орын Сәбеңдікі болса керек. Онысы бағы да, соры да болды.    

Мен бұл деректерді екі үлкен мақсат үшін айтып отырмын. Бірінші, ел-жұрт осыншама шырматылған тұлғалы тағдырлардың шындығына көз жеткізсін, білсін, көңілдегі кірбің шайылсын деген ой. Өйткені кер заманға кезіккен айрықша белсенді азаматтың сол кездегі, онан кейінгі тіпті дүниеден өткеннен кейінгі  тағдырын түсіне білудің өзі үлкен ғылым болса, екіншіден келесі жылы Сәбиттің туғанына жүз жыл толады. Оны бір Қазақстан емес, кешегі СССР республикалары ЮНЕСКО арқылы дүние жүзі елдері атап өтуі орынды болмақ. Ол Сәбит үшін де, Қазақ елі үшін де керек. Өзінің өскен мәдениеті, ұлы дарындары бар халықтың мерейін өсіре түсу үшін осындай игі шараларды қолға алу шарт. Әрбір ұлы дарындар мен өнерпаздар, қайраткерлер өз елін әлем алдында жарқырата көрсетуге себепкер болады да, келешегіміз нұрлана түседі. Ұлыларымызды ұлтымыздың абыройына айналдыра бісек қана әлем алдында абыройлы боламыз. Ол үшін көңілімізді кеңге салып, мәдениетіміздің тұлғаларын ардақтай білейік.  

Тұрсынбек Кәкішұлы.


 / / Солтүстік Қазақстан. – 1999 жыл. – 4 тамыз. – 4 бет.

Сәбит және Қызылжар (жалғасы)

Жарияланған Angela 07.06.2021 Естеліктер |

Тұрғының, үйің, көшең-бәрі қымбат,
Жеткенше тіл бояуы сені сырлап.
Қызылжар, қымбат қалам, – біткенше өмір,
Ең ыстық махаббатпен жүрем жырлап.
Сәбит Мұқанов
Қызылжар атты өленінде аты айтқандай, әйгілі жерлесіміз академик жазушы Сәбит Мұқанов өзінің туған өлкесіндегі Қызылжар қаласын әлемдегі барлық қаладан артық көрді. Оның бұл қалаға деген махаббаты ұшан-теңіз әрі өлшеусіз болды. Оның жазушылық самғауының алғашқы баспалдағы осында қаланды.
Сәбит алғаш рет Қызылжар қаласына 18 жасында жолай Омбыға оқуға түсуге барар сапарында атбасын тірегені тарихтан аян. Бұл сапары туралы ол өзінің «Өмір мектебі» романының екінші кітабында баяндаған. Сәбеңнің айтуынша, бұрын ол көрмеген қалаға жақындағанда оны арбасына мінгізіп әкеле жатқан атақты Торсан байдың баласы Бәкен оған орыстар Петропавл дейтін қаланы қазақтардың неге «Қызылжар» деп атауын «сонау көрінген Есілдің қызғылт биік жарының дөңіне салынғандығынан» деп түсіндіреді. Одан әрі Бәкен Қызылжар қаласының екіге бөлінетінін, бірі – «Ой қала», бірі – «Дөң қала» екенін айтады. Дөңге көтерілген кезде Бәкен Сәбитке жарқабаққа салынған биіктігі үш қабат, терезелері кішкентай, бір орамды тұтас алып жатқан ақ үйді нұсқап: «Абылайдың ақ үйі» деген осы. Бағынам деп уәде берген соң, патша осы үйді оған арнап салдырған», – дейді. Одан әрірек жүре бергенде Бәкен «Мына бір үй бұл қаланың байлары 1913 жылы Романовтардың патша болғанына 300 жыл толу мерекесіне арнап салдырған. «Дом Романовых» деген осы. Бұрын гимназия еді, кейін реальное училище болды» -деп түсіндіреді. Бұрынғы «Вознесенский проспект» аталатын (қазір Конституция көшесі. -Қ.М.) көшемен жүріп келе жатқанда сол жақта Сәбиттің көзіне басқа үйлерден әлде қайда биік қызыл кірпіш үй шалынады. Сәбиттің «Бұл не қылған үй?» деген сұрағына Бәкен: «Осы қалаға Есілден су тартып беретін үй, орыстар мұны водокачка дейді, Қызылжардың ең биік үйі үш қабат қана, водокачка тоғыз қабат», -дейді. Осылай қалада 2-3 күн болған жас Сәбит Қызылжармен әжептәуір анысып алады.

1919 жылы жазғытұры Омбы қаласындағы Мағжан Жұмабаев басқарған мұғалімдер даярлайтын курстан қайтқан Сәбит Қызылжарда бірнеше күн болып, еліне барып бірнеше ай ауыл балаларын оқытады да, сол жылғы желтоқсан айында Қызылжарға қайта келіп уездік мұғалімдер мәслихатына қатынасады. Осы жолы ол Баймағамбет Ізтөлинмен бірге уездік партия комитетінің хатшысы И. Т. Соколовпен және уездік ревкомның председателі В. И. Гозакпен танысып, әңгімелеседі.
1920 жылдың мамыр айының соңында Қызылжарда ашылған «Қызыл мұғалімдер» курсына оқуға түседі. Бұл курстың басқарушысы да Мағжан Жұмабаев болғаны тарихтан белгілі. Осы курста бір ай оқығаннан кейін уезд басшыларының тапсыруымен Сәбит продразверстка жұмысымен қазақ болыстарына іссапарға шығып, сол жылғы күзде тапсырысты орындап қалаға қайтып келеді. Осы кезде Қызылжарга келген Бүкіл одақтық Орталық Атқару комитетінің төрағасы М. И. Калининмен кездесіп, әңгімелеседі және оның қала активінің жиналысында сөйлеген сөзін тыңдайды.
1921 жылғы ақпан айында Сәбит Баймағамбет Ізтөлинмен, Жәнібек Жанұзақовпен, тағы басқа коммунистермен бірге ЧОН (Айырықша мақсаттағы бөлім. -Қ. М.) отрядының жауынгері ретінде ақ гвардияшылар басқарған шаруалар көтерілісіне қарсы күреске қатысады. Осы шайқас кезінде Сәбит жараланып, Баймағамбет қаза табады. Сәбит сол ұрыстарда қаза тапқан коммунистерді Қызылжардың бас алаңында жерлеуге қатысады.
Осыдан кейін Көкшетау уезінде қызметте жүрген Сәбитті 1921 жылғы күзде Ақмола губкомы Қызылжарға шақыртып жаңа ашылған совпартшколаға саяси жағдай туралы сабақ беруді әрі сол кездегі қазақ татар клубында мұсылман коммунистерінің ячейкасын басқаруды жүктейді. Осындай қызметтерде жүрген Сәбит 1922 жылы ақпан айында Орынбор қаласында өткен Қазақстан коммунистерінің екінші конференциясына делегат болып қатысады да, сол жылғы тамыз айында сол қаладағы рабфакқа оқуға түседі.
1922-23 жылғы оқуды аяқтап жазғы демалысқа келген Сәбитті Губком Петропавл уезінің үш болысына жергілікті сайлауды өткізуге жібереді. Сәбит ол тапсырманы орындап Орынборға қайтарда елден бірнеше жетім балаларды ала келіп, Қызылжардағы балалар үйіне орналастырады. Сонымен қатар бір тол жас жігіттерді, ішінде Ғабит Мүсірепов те бар, Орынборға ала барып, оқуға түсіреді.

1924 жылдың көктемінде Орынбордан жазғы демалысқа келген Сәбитті губкомның хатшысы Гринблад губерниялық «Бостандық туы» газетіне жауапты хатшылыққа тағайындайды. Газет редакциясында істеп жүріп Сәбит ауыл село тілшілерімен көп жұмыс істейді. 1925 жылдың аяғында ол тілшілердің губерниялық съезін өткізеді. Негізгі баяндаманы өзі жасайды. Сол кездегі газетте істеген Мәжит Дәулетбаев, Жақан Сыздықов, Ғалым Малдыбаев, Елжас Бекенов, Абдолла Садуақасов, Шахмет Хұсайынов (педтехникумның оқушысы) сияқты жас жазушыларды біріктіріп, 1925 жылдың күзінен бастап әдебиет үйірмесін ұйымдастырады. Сонымен қатар Сәбит Совпарт школада, Мәжит педтехникумда, Байбатыр Ержанов «Ақтас» атты қазақ мектебінде әдебиет үйірмесіне жетекшілік етеді.

Қайролла МҰҚАНОВ, ардагер ұстаз. (Жалғасы бар).


// Қызылжар Нұры. – 2015 жыл. – 1 сәуір. – 4 бет.

 

Сәбит және Қызылжар (жалғасы )

Жарияланған Angela 07.06.2021 Естеліктер |

1926 жылы Сәбит «Бостандық  туы» газетінің тілшілеріне арнап «Газеттің досы тілшілер» атты өлең шығарып, сол газетте жариялайды. Онда мынадай шумақтар бар:

… шаруаға көз болып,

Қисық іске тез болып,

Игілікке бастайтын –

Газеттің досы -тілшілер.

Бітер істі өнімді,

Еңбекке жегіп өмірді,

Еңбектен тайып қашпайтын

Газеттің досы – тілшілер.

1926 жылғы жазда сол кездегі Қазақстанның астанасы Қызылордаға барып қызметке орналасқан Сәбит, 1928 жылы жазда елге келеді. Ол Қызылжар қаласында Ленинградта оқып жүрген студент Әлкей Марғұланмен танысады. Сол жылғы күзде өзі де Ленинградқа барып, Ленинград университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Бірақ сол кездегі материалдық жағдайы көтермегендіктен 1929 жылдың жазында ол Қызылжарға қайтадан келеді. Петропавл (Қызылжар) округтік партия комитетінің хатшысы Брусницын оны мынандай үш бірдей қызметке тағайындайды: 1) «Кеңес ауылы» газетінің редакторы; 2) округтік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасары; 3) совпартшколаның саяси сабағын жүргізетін мұғалім. Бұл әрине, сол кездегі білімді кадрлардың жетіспеушілігінен еді. Сондықтан Сәбит амалсыздан көнеді, Редактор Сәбит газеттің жауапты хатшылығына педтехникумды аяқтағалы жүргенде оның басшылары «байдың баласысың» деп оқудан шығарып жіберген (болашақ айтулы жазушы драматург) Шахмет Хұсайыновты алады. Сәбең өзіне тапсырылған барлық жұмысты зор жауапкершілікпен атқарады.

«Міндетті қызметтердің үстіне қоғамдық қызметті де ұмытпай, 1930 жылдың басында Қызылжар қаласында жазушылар ұйымын құрдық. Оның белсенді мүшелері: – Мәжит Дәулетбаев, Елжас Бекенов, Шахмет Хұсайынов», – деп жазады С.Мұқанов «Өмір мектебінің» 3-ші кітабында. Осы ұйым мүшелерінің ұйымдастыруымен «Жарыс» атты альманах шығарылады.

Қызылжар қаласында Сәбит Мұқанов қазақтың бірсыпыра талапты жастарымен, болашақ жазушыларымен кездесіп, оларға көмектеседі. Сол жазушылардың кейбіреуінің естеліктерінен үзінді келтіре кетейік:

Дихан Әбілев: «Мен алғаш Сәбеңмен 1933 жылы Петропавл (Қызылжар) қаласында танысқам. Ол жылы мен Қызылжарда шығатын облыстық «Ленин туы» газетінде редактордың орынбасары боп қызмет істейтінмін. – «Москвадан Сәбит Мұқанов келіпті. Амосов жолдаста, Садық Нұрпейісов жолдаста болыпты. Ертең клубта «Қазақ әдебиетінің жайы» деген тақырыпта баяндама  жасайды». Редакция қызметкерлері осылай шүйіркелесіп жатқанымызда, Сәбеннің өзі редакцияға келіп қалды. Жауапты  редакторымыз Тұмыш Сарқоджаев өзі аз әңгімелескен соң, бәрімізді кабинетке шақырып алып Сәбеңмен таныстырды. Ертеңіне клубта қалалық жиналыс болды. Халық көп жиналды. Сәбең баяндама жасады. Ол Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін», «Қызыл атын», Ілияс Жансүгіровтың «Даласын», Ғабиттің «Тулаған толқынын», Бейімбеттің «Мырқымбайын» әсерлі толғап бір тастап, Жақанның «Әлі қартына», Ғалымның «Қырық қызына», Асқар, Тайыр, Әбділдалардың өлең жырларына, Елжас Бекеновтың, Мәжит Дәулетбаевтың, тағы басқалардың прозаларына да жұрт назарын аударды… Баяндама аяқталды. Жұрт тараған жоқ.

– Сәбит өз шығармаларын қайда қояды? Оларды неге айтпайды?

-«Батырақ» қайда? «Сұлушашты» неге айтпайды? «Адасқандар» ше? – деген сұрақтар жауды. Сәбең мінбеге барды да:

– Жолдастар! Менің жазғандарымды өздерің біліп отыр екенсіңдер. Ендеше мен әзір сіздер білмейтінді айтайын. Мен, Москвада оқи жүріп, «Жұмбақ жалау» деген үлкен роман жазып жатырмын. Көп кешікпей сол романды оқитын боларсыздар!» -деді.

Сәбең сол сапарында обком секретарларымен сөйлесіп, Ғалым Малдыбаевты Москваға оқуға жіберу мәселесін шешіп кетті. Күзінде Ғалым Москвадағы Коммунистік журналистер институтына түсті».

 

Сейітжан Омаров: «Отыз алтыншы жылғы июнь айының бас кезі. Онда Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде бөлім меңгерушісімін. Жас әдебиетшілердің басын қосатын үйірмеміз бар. Оған газетте қызмет істейтін және  мұғалімдер техникумында оқитын жиырма шақты жастар қатынасады. Қазақстанның 15 жылдық мерекесіне арнап облыс жас жазушыларының таңдаулы шығармаларынан құрастырылған «Жас қалам» атты кітап шығарып едік. Атағымыз бүкіл Қазақстанға жайылып, айдарымыздан жел есіп тұрған шағымыз.

«Жақын арада Қызылжарға, Сәбит Мұқанов келеді екен» деген хабарды біз Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы уәкілі Әбдірахман Айсариннен естідік. Сәбең оған арнайы хат жазыпты. Екеуінің көп жылдан бері дос екенін бұрыннан білеміз…

Асыға күткен сәтті күн де жетті. Сәбит аға мен Мәриям жеңгейді темір жол вокзалынан облыстық газет редакторы Сейілбек Үсенов пен Әбдірахман Айсарин қарсы алды. Келген күннің ертеңіне Сәбең редакция қызметкерлерімен әңгімелесті. Қазақ совет адебиетінің қазіргі хал-жағдайын баяндап берді…

Қайролла МҰҚАНОВ, ардагер-ұстаз (Жалғасы бар).

// Солтүстік Қазақстан . – 2015 жыл. –  8 cәуір.  – 4 бет.

 

Сәбит және Қызылжар

Жарияланған Angela 07.06.2021 Естеліктер |

 Сәбит аға ол кезде 36 жаста еді. Сонда да ол кісі бізге ұзақ жасаған, көпті көрген қариядай көрінетін. Бет әлпетінде, көз қарасында жатсыну, тосырқау дегендердің ырымы жоқ. Бір көрген адамның өзімен де ескі танысындай жарқылдап, елжіреп сөйлеседі. Жылы сөзімен жаныңды баурап алады.

Бізбен сол кездесуде айтқан бір сөзі әлі есімнен кетпейді:

«Шілде – тамыз дүниенің жігіт шағы. Менің дәл қазіргі өмір жасым осы бір уылжыған жайма шуақ кезіне сәйкес келетіндер кезі. Мен Алматыда басталған «Жұмбақ жалау» романын осы екі айда өндіріп жазып тастайын деп, өзімнің сүйікті Қызылжарыма әдейі келдім. Роман тақырыбы Солтүстік Қазақстандағы азамат соғысы, Октябрь революциясының  алғашқы жылдарында жаулармен кескілескен айқас…» …Сәбең редакцияның шағын бір бөлмесінен жұмыс орнын сайлап алды. Күн сайын сағат тоғызда жұртпен бірге кеңсеге келеді, түсте бір сағат үзіліс жасайды. Пәтеріне кешкі сағат бес кезінде қайтады. Кей кездерде түнде бөлмесінде ұзақ отырып, қолжазбасын жөндейді, машинкаға әзірлейді. Сөйтіп, Сәбең июнь, июль айларын роман жазумен Қызылжарда өткізді».

Көп жылдар аудандық, облыстық заң орындарында қызмет істеп, кейін дербес зейнеткерлікке шыққан Мәлғаждар Әуелбеков 1980 жылы «Ленин туы» газетінде жарияланған естелігінде былай дейді:

«Мен Сәбитпен алғаш 1919 жылдың қаңтарында кездестім. Оның туған апасы Дәмеш менімен ағайындас Сауыт дейтін кісіде тұрмыста болатын. Сәбит сол апасын іздеп келген екен..

Екінші рет 1946 жылы күзде Қызылжарда кездестік. Ол қалаға келісімен маған хат жазып беріп жіберіпті. Хатта мынадай бір ауыз өлең бар екен – Кісілік деген – биік жар,

Шығып келем біртіндеп.

Алдымда бар Қызылжар

Өмірдің  ашқан кілтім деп «

Жазушы Сәбит Мұқановтың шығармашылығы біздің облыстық Н. Погодин атындағы театрмен де тығыз байланысты. 1957 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлігі тұңғыш рет драма театрларының республикалық байқауын өткізді. Сонда осы театр жазушының «Шоқан Уәлиханов» трагедиясын сахнаға шығарды. Сол үшін театр бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал осы қойылымға қатысқан және негізгі бейнелерді тұлғалаған бірнеше сахна шеберлері республикалық атақ, дәрежелермен марапатталды. Бұған Сәбең қосқан үлес пен еңбек аз емес.

Петропавл қалалық кеңесі атқару комитетінің 1966 жылдың

 4 – қарашасындағы шешімі мен Петропавл қаласының еңбекшілеріне зор еңбек сіңірген қажырлы еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін Сәбит Мұқановқа алғашқылардың бірі болып Петропавл қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Енді қазақтың белгілі ақыны  Мұзафар Әлімбаевқа сөз беріп көрейік. М.Әлімбаев: «1961 жылдың басы еді. Телефон  шылдыр етті. «Товарищ Әлімбаев, приветствую», – деді өзіме таныс тарғыл дауыс. Бұл Сәбит Мұқанов еді. – «Сен, естідің бе, мені жерлестерім Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат етіп ұсынып жатыр… Екеуіміз сол Қызылжарға бірге барып қайтайық. Жерлестерім шақырып жатыр. Бүрсігүні 12-де жүреміз  поезбен..»

Біз Қызылжарға келген күндерде Арқаның ақ бораны «патшалық» құрып, алабұртып аңқылдап-ақ тұр екен. Сәбең боранға қарамастан, мені таңертең ертемен немесе түнде серуенге алып шығады. Қонақ үйге таяу бір көшенің мүйісінде терезесіне дейін шөккен тоқал ағаш үй тұр… Сәбең сол үйге қарай тартады:

Мынау біздің революцияның алғашқы жылдарында бас қосатын үйіміз еді. Қолы қысқа болса да, үй иесі Жақыптың Сәдуі пейілге жомарт еді. Баймағамбет  Ізтөлин, Оспантай Қашағанов, Владимир Иванович Гозак, Жанұзақ Жәнібеков, Мұхамеджан Бейсенов  бәріміз осында келуші ек…»

Сәбең үйге кірмейді, ана жағына бір, мына тұсына бір шығады. Құдды кешегі іздерін бүгін іздеп жүргендей. Ондаған орамдарды, көптеген көшелерді қыдыртқанда, Қызылжардың бұрынғы да, бүгінгі де тарихы керуен көшіндей шұбырынды.

– «Мынау 1913 жылы ақ  патша әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына арнап салынып «Романовтар үйі» деп аталған екен, қазір механизаторлар техникумы. Мынау «Абылайдың ақ үйі». Мынау су көтеретін мұнара. Мен ең алғаш осы шаһарға келгенде, жататын үйді соған қарап табатын едім.

Біз барған күні түстен кейін қалалық атқару комитетінің құрметті азаматтарға (1966 жылғы қаулысы бойынша) дипломдар тапсыруға арналған сессиясы өтті. Үш кісіге диплом тапсыруға тиіс екен. Ол жиналыста мен де сөйледім. Он шақты адам Сәбеңдей үлкен азаматтың өмірдегі, қоғамдағы, әдебиеттегі орнын атап, көрсетіп, орынды мадақтады.

Қалалық атқару комитетінің сессиясында Сәбит Мұқанов қатты тебіреніп сөйледі: «Мен осыдан 49 жыл бұрын Петропавлға келгенде, тұттай жалаңаш, тұл жетім едім. Бүгін Жетімнен жетілген жазушы, академик, қоғам қайраткері! Петропавл менің тағдырыма тамырын кең жайған. Қай кезде болсын, Петропавл жайында жылы сөз таба алатыным содан. Мен осы қалада коммунист атандым. Ал шынайы коммунист тыныс іздеп шалжиып, жата ала ма?!» – деген еді».

Осы жолы жазушы Қызылжар қаласындағы №2 қазақ мектеп-интернатында, энергетиктердің Мәдениет сарайында, тағы бірнеше кәсіпорындар мен мекемелерде сайлаушылармен кездесті. Олардың алдында сөз сөйлеп, сұрақтарына жауап берді.

Қайролла Мұқанов  ардагер – ұстаз  ( Жалғасы бар )


// Қызылжар Нұры. – 2015 жыл. – 15 сәуір. – 4 бет.  

Сәбит Мұқановтың бір хаты туралы

Жарияланған Angela 07.06.2021 Сын |

Академик жазушы Сәбит Мұқанов  кезінде нақтылық 1929 жылы Кедей сөзі газетінде редакторлық  қызметін атқарған. Ол кезде  бүгінгі Солтүстік Қазақстан латынша бастаған.

Ал мына  бір үзік сыр сияқты  хатқа келсек,  ол ел ардақтысы болып қала беретін Сәбенің жайлауынша жылу алған жандардың жан сыры  іспетті.

Уәлихановтар әулетіне Сәбит Мұқанов өмір бойы зор мейіріммен қарады. Оған басты себеп, әрине, Шоқан ғой.

Төрелер туралы ол кісінің әңгімесі таусылмаушы еді. Бірде, біздің үйде қонақта отырғанда Сәбең: «Менің бір таң қалатыным, Абылай әулетінің әр ғасырда шырағы сөнбей жанып тұратыны. Өздеріңіз қараңыздаршы: Уәли, Қасым, Кенесары, Наурызбай, Тезек, Шоқан, Мақы…» дегенді.

1971 жылы Көкшетау қаласында Шоқанның ескерткіші ашылды. Оны жасаған отыз жастағы талантты мүсінші Төлеген Досмағамбетов еді. Сәбең мен Мәриям жеңгей ескерткіштің ашылу тойына қатысты. Сол тойда, алдына әкелген қойдың басын Сәбең жас болсам да маған тартты. Айтқаны: «Бәріміз Уәлиханов, Уәлиханов дейміз, ортамызда, олардың көзі Шота отыр. Жол Шотанікі.» Не деген кішіпейілділік, қарапайымдылық десеңізші…

Сәбит Мұқанов менің әкем Ыдырысты 1921 жылдан бері біледі екен. Әкем ұзақ жылдар ұстаз болған адам. 1947 жылы менің туған ағам Тұрсын (Евней Бөкетовтың жан жолдасы) 22 жасында қайтыс болды. Мен ол жылы он бес жаста едім. Келешек тағдырымды қатты ойлаған әкем Сәбит Мұқановқа ақылдасқан болып хат жазыпты. Енді Сәбеңнің жауабын ақшамдап келтірейін: «Қадірлі Ыдырыс ағай!

Хатыңызды алғаныма біраз уақыт болғанмен, жауабын кешігіп қайтарып отырмын. Кешіріңіз!

Сәлем алдында, сізге көңіл айтқым келіп отыр: балаңыз қайтыс болыпты, қайырын берсін Ол бала (атын ұмыттым) 45-жылы ма, 46-жылы ма, біздің үйге келіп кетіп еді. Оты бар, келешегі зор бала сияқты еді, сізге ауыр қаза болған…

 

Балаңыздың оқуы туралы: әрине, оқытқаныңыз жақсы. Бірақ, қайда? Сізге кешігіп хат жазуыма да осы сұраудың жауабын себеп болды… Бұл мәселені шешу үшін Сембаев керек болды, ол кісі күздей үйде тұрмай, командировкадан жуырда келді. Сөйлесіп ем, сізді сырттай біледі екен. «Қарт кісінің үйренген орнынан қозғалғаны қиын ғой»- деп, бұдан орын берем демеді. Ал бала туралы айтқаны: «Алматыда оқытқысы келсе, биыл кешікті, ендігі жылы осындағы №218 қазақ мектебінің интернатына алдырайық», – дейді. Қайсысын мақұлдайсыз, өзіңіз шешесіз де.

Шоқан туралы: халыққа адал атқарған еңбек өлмек емес қой, әсіресе, біздің елде. Шоқанды көбірек зерттеп жүрген адамның бірі менмін. Бірақ, о туралы әлі үлкен еңбек жаза алған жоқпын. Жазылған біраз мақалаларымды, Москвада орыс тілінде «Нить Ариадны» атты пьесамды Шоқанның зор образына лайықты киім демеймін. Бірақ, олармен тынып отырған мен жоқ. Ойым -үлкен романда. Оған біраз материалдарым бар, бірақ, жеткіліксіз. Жеткізу үшін: 1. Шоқан туып-өскен жерлерін аралауым керек. 2. Омбы архивінде біраз отыруым керек. 3. Қашқарияға барып қайтуым керек. Осы үшеуінің алғашқы екеуіне өткен жаз аттанам ба деп ем, қол тимеді. Ойым сізді де көру, кеңесу еді. Енді тіршілік болса, алдағы жазға жиналамын.

Ол-пұлдарды сұрап (Шоқанға байланысты) сізді 1 әурелегім келеді де, сұрайтындарымды хатқа сыйғыза  алмаймын. Академиямен бұл жөнінде сөйлесіп те жүрмін, 1 нәтижесін хабарлармын.

Жалпы, хатпен хабарласып тұрайық, ағай!»


 // Солтүстік Қазақстан – 2005 жыл. – 6 маусым. – 6 бет.

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».