Хаттар сыры

Жарияланған Angela 08.06.2021 Естеліктер |

«Ана тілі» газеті. «Қарағым, Сәбит!..» деп басталатын хаттар шертер сыр мол еді

Біз «Өмір мектебі» жинағынан білетініміздей, халық жазушысы Сәбит Мұқанов хатты кеш таныған адам. Ол кісінің айтуынша, егер сауат танымаған болса, сауатсыз ақындардай ауызекі өлеңін шығарып жүре беретін түрі бар екен, хат танығаннан бастап әуелі араб, кейін латын әрпімен көрген-білгенін қағазға түсіре беріпті. Ал орыс қарпіне біржолата көшкенде көсілте жазатын болыпты.

Кешегі Шоқан Уәлиханов, ­Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев сынды дарындар орыс әдебиеті мен мәдениетінен үлгі алған. ­Асфандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллиндер орыс мәдениетіне сүйеніп өскен жандар болса, Сәбең де осы ізбен көркем әдебиеттің есігін ашып, орыс классиктерінен көп үйренген.

Сәбит Мұқанов 1922 жылы Орын­бордың рабфакына оқуға түскеннен бастап, орыс тілін игеріп, орыс мәдениетін егжей-тегжей зерттеген, көп оқып зердесіне тоқыған. Орыстан алған тәуір үлгісінің бірі хатқа сақ қарау еді. Біреуге өзің жазасың, біреу саған жазады. Асыра айтқандық емес, қазақ жазушыларының ішінде Сәбит­тен көп хат жинаған адам жоқ десе, артық айтпаған болар едік. Мұхтар Әуезовтің өзі бұрынғы хаттарды жи­на­мағанына кейін қатты өкініпті.

«Есік алды төбе болса ерттеулі атпен тең, ауылыңда қарт болса жазып қойған хатпен тең» дегендей, басқа халық хатты бірінші орынға қояды екен.
Абайдың бір өлеңінде: «Шөлдеген жан су көрсе, бас қоймай ма бастауға» дегендей, орыс мәдениетіне қаныққан Сәбең Пушкин, Лермонтов, Толстойлардың шығармалар жинағындағы хаттардың өзі бірнеше том болып кеткенін аңғарып, өмір бойы өз жазғанын да, өзгенің жазғанын да мұқият жинай беріпті.

Тургеневтың тек хаттар мен оған жауабы 15 том болған екен. Сәбит ағамыз осы хаттарды әркез қызығып оқыпты. Өйткені көркем шығармаға жан дүниеңді толғандырып жүрген ойларыңды жаза алмасаң, кейбір жақын досыңа ешкімге айтпаған сырыңды жазып жібересің. Генерал болуды армандамайтын әскер болмайтындай, қаламгер көрген-білгенін көкейге түйіп, хат жинауға дағдыланады. Ондағысы «біз де бір кезде жазушы болармыз» деген арманды ой еді.

Сәбеңді халық танып, сөз зергері болған кезде жинаған хаттары тау болып үйіліп қалады. Оның шет жағасын білетін елден Мемлекеттік мұрағат қызметкерлері естиді. Бірде Жетібаев деген мұрағат қызметкері келіп, қолжазбаларды қорға өткізуін өтінеді. Сәбит аға қолжазбалардың тәртіпке келмегенін айтады. Сәбең «сен одан да осы хаттарды алшы, әр жылдың хаттары реттеліп, сөрелеріме сыймай жатыр, осыны бір тәртіпке келтір, басқасын кейін сөйлесейік» деген екен. Мұрағат қызметкерінің үлкен қағаз жәшіктері болады екен, сонымен бес-алты жәшікпен хаттарды алып кетіпті. Арада екі-үш жыл өткен соң мұрағаттан Эмма Сегізбаева деген жас қыз телефон шалады. «Сіздің хаттарыңызды жүйеге түсіріп қойдық, келіп көріп кетесіз бе» деп өтініш білдіреді. Сәбит аға мұрағатқа барған соң қыз қағаздарды көрсетеді. Сөйтсе, хаттары 141 том болыпты.

Кейін Ташкентте Орта Азия және Кавказ жазушыларының конференциясы өтеді. Сонда Мемлекеттік мұрағаттың директоры Мұхтар Жанғалин «жазушы Сәбит Мұқановтың хаттарының 141 том болғанын, бұндай тірлік тарихта болмаған, бұл жоғары мәдениеттің белгісі» екенін айтып, ерекше баға берген екен.

Академик Сәбит Мұқановтың жинаған хаттарының ішінде орыс классиктері Алексей Толстой, Всеволод Иванов, Александр Фадеев, Борис Лавренев сынды үлкен жазушылардың хаттары сақталған. Сонымен қатар қатардағы адамдар: сауыншы, қойшы, малшы, механизаторлардың да хаты жинақталған.

Сәбеңнің «Сырдария» деген жинағы­ның шыққан кезі. Әркім әртүрлі пікір айтады, жинақ көпшіліктің талқысына түскен соң кімнің аузына қақпақ қоясың. Бір күні елден хат келеді. Оқып көрсе, «Қарағым, Сәбит! Осындай бір кітабың шыққан екен, өзім хат танымаймын, балама аяғына дейін оқытып, қызығып тыңдадым. Бірақ саған қояр сұрағым бар. Сен ескі өмірді білетін жігіт едің. Түйе егіз таппайтын еді ғой. Сенің күрішші Сырбай дейтін шал геройың бар, соның жалғыз түйесінен екі буыршын бар. Соның біреуін майданға ақша жіберу үшін сатып жібереді, оған сенейік, күздігүні Дәулет дейтін баласы фронттан бір аяғынан айырылып келеді екен. Шал қуанғаннан мал сойды, соның ішінде буыршынның бірі сойылды. Осы екі буыршынның біреуі саған қайдан келді, осыма жауап берші! Сатып жіберген буыршынды қайта сатып алдың ба, әлде түйе егіз тапты ма, соны түсіне алмай қойдым» деген екен. Әлгіні оқығанда Сәбең ұялғаннан жерге кіріп кете жаздапты. Сол кезде мүйізі қара­ғайдай Есмағамбет Ысмайылов, Мұха­меджан Қаратаев сияқты сыншылар бар, профессор-сыншылардың біреуі аңғар­маған кемшілікті ауыл адамының аңғар­ғанына қайран қалады. Сөйтіп, хат жазған шалдан автор кешірім сұраған деседі.

Жазушы Сәбит Мұқанов қарапайым адамдардың тыныс-тіршілігі жайлы да көптеген хаттар алып, қолынан келгенше көмек қолын бере білген адам еді.
Қадымша жазу деген ескі арабша, жәдитше деген жаңа заманның емлесімен жазылған жазу. Екеуін де Сәбең жақсы білетін. Бір күні ескі қадымның әрпімен жазылған хат келеді. Жазуы да тышқан­ның ізі сияқты екен. Әрең дегенде оқып шықса, қызық хат болып шығады. «Қарағым, Сәбит! – деп басталған хатта – кенже балам еркелеу өсіп еді, Ақтөбеге трактор­шының оқуына жібергем, оқып келіп, «мен үйленейін деп едім» деп сырын айтты. Бірақ қыз «әкемнің алдынан өтпей, ешқайда бармаймын» деген екен. Содан құда түсуге бес-алты көлікпен бардық. Қа­зақта «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз бол­майды» деген мақал бар. Қарсы құда сый-сияпатын жасап, беретіндерін берді.

Содан көп ұзамай құдаларды біз шақырдық. Қыздың әкесі «басқа сыйың қажет емес, маған Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романы шыққан кітабын сыйла» деп отырып алды. Ол кітап өзіме де керек еді, біреулер алып кетіп, аяғын бітіре алмай қалып едім, «маған бер» дегеніне көнбедім, «онда бір кітапқа қызым татымаса батамды бермеймін» деп құда ашулансын. Сөйтіп, жаңа құда ренжіп ауылына қайтады. Жігіт уайымдап жатып қалды. Сәбит, қарғам! Сен енді осыған жәрдем беріп, осы кітапты тауып берсең етті! – депті хат иесі жалынып. Содан Сарқандта Сәбит Мұқановтың досы бар еді, соған хат жазып, ауылды жерден «Ботакөз» романының 20 шақты кітабы табылады. Содан Сәбең кітапты он-оннан бөліп, екі құдаға жіберіп «әңгімені қойыңдар, та­туласыңдар» деген екен. Әрине, той ие­лері үйлену тойына да, шілдеханаға да ша­қырғанмен, Сәбит ағамыз бара алмапты.

Бір кітапқа бола екі жастың тағдыры шешілер шақта ақыл тапқан жазушының ел өміріне, жер мәселесіне, тіршіліктің сан қырына араласқандығы осы мысалдан айқын байқалады.

Орталық мұрағаттың жеке тектік мұрағаттармен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс бөлімінің бастығы Гүлмира Мәжікенқызы сол хаттар жайлы былай дейді:
« Сәбит Мұқановтың хаттарының ішінде Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Әуелбек Қоңыратбаевтармен қоса, Ғафур Гулям, Михаил Шолохов сияқты өзге ұлт өкілдерімен жазысқан хаттары сақталған. Сонымен қатар жазушы болсам, ақын болсам деген жастардың хаттары баршылық. Жас ақын-жазушылардың қалыптасуына ағалық қамқорлығын аямаған Сәбит Мұқанов келген хаттарға өзінің жауабын да тіркеген екен ».

Академик-жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың әкем, жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың хаттарына жазған жауаптары біздің мұрағатымызда сақтаулы. Әкеміздің жазушы болып қалыптасуына Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов, әсіресе Ілияс Омаров ағаларымыздың қамқорлығы телегей-теңіз еді. Туғанындай қамқор болып, аса кішіпейілдік танытқан, қолынан келген көмегін аямаған заты асыл туған ағаларымыздың жақсылығы еш­қашан ұмытыла қоймас. Жүрген жерінде жақсылықтың гүлін егіп, дарқан жүректің жылуын аямаған қайран ағаларым-ай! ..

Бүгінгі заманауи компьютер, интернет заманында жедел хабар алу үшін фейсбук, ватсап, электронды пошта, ұялы телефон бар болса, жазған хатқа сарылып жауап күтіп, олардың бәрін мұқият сақтау Сәбит Мұқанов сынды талмай ізденіс үстінде шыныққан қарымды қаламгердің ғана қолынан келетін іс екені мәлім. Хат жазып, хабарласып тұрайық, ағайын!

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Мәдениет қайраткері
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Алтын Иманбаева.


Иманбаева, А. Хаттар сыры  / А. Иманбаева  // Мәдениет. – 2015. – №5.- Б.17-18.

Copyright © 2010-2022 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».