Заманының заңғары

Жарияланған Angela 21.06.2021 Сын |

(Басы өткен санда).

  Сәбең партия қатарынан шығарылып, қызметтен шеттетілген кезде шиеттей төрт балаға тамақ тауып беру, отбасын асырау қиынға соқса да «аққа құдай жақ» деп бір Алладан ғана жәрдем күткен, ауыртпалыққа мойымай, тіпті Сәбеңе пальто тіктірмек болған матаға дейін сатып күн көрген. Айта берсең, Сәбеңнің отбасында мұндай қиындықтар аз болмаған-ау.

  Осы таныстықтан кейін маған Сәбит Мұқановпен де, Мәриям шешеймен де талай кездесіп, табақтас болу бақыты бұйырды. Мен университетте оқыған 1967-1973 жылдарда да оқу сессиясына, артынан Алматы жоғары партия мектебіне білімімді жетілдіру курстарына, сырқаттанып емделуге барған кездерімде міндетті түрде Сәбеңе барып, сәлем беруді дәстүрге айналдырдым, ал Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов Қызылжар өңіріне келген сапарларында жандарында атқосшы болып жүретін болдым. Сөйтіп, екі жазушымен де Сәбең айтатындай, «тонның ішкі бауындай» жақындасып кетіп едім. Айта кетерлігі, соңғы жылдары екі жазушы туған жерлеріне әр жылда кезектесіп келуші еді. Тіпті, Ғабит Мүсіреповтен үйінде отырғанда:

 -Биыл ауыл жаққа келетін ойыңызда жоқпа? – деп сұрағанымда.

 -Жоқ, биыл естуімше, Сәбит жиналып жатқанға ұқсайды, – деген еді.

  Университеттің оқу сессиясына барғанда пәтер жалдап тұратын едік. Қонақүйлерде орын болмайды. Бағасы да қымбат. Реті келген жылдары «Просвещенец» деп аталатын демалыс үйіне жолдама алып баратынбыз. Ол тауда орналасқан. Сол жылдары «Медеу» мұз айдынының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан. Қолымыз бос кезінде демалыс үйіне жақын жердегі болашақ мұз айдынының құрылысына барып, әсем табиғатты тамашалап, таудың таза ауасын жұтатынбыз. Бірде жазушы Сәбит Мұқановтың 70 жылдық мерейтойына облыстан делегация құрамына енгізілгенім туралы хабар жетті.

  Сабақтан қолым босағасын мерейтойымен алдын ала құттықтайын деп Сәбеңнің үйіне бардым. Төргі үйдегі столдың басында Сәбең досы, әнші, Солтүстік Қазақстан облысының халық ақыны, айтыскер Игібай Әлібаевпен әңгімелесіп отыр екен. Өз басым Қызылжар өңірінде Игібай Әлібаев пен Жарман Рахимовтай дәрежеде домбыраға қосыла қүйқылжыта айтатын әншілерді кездестірген емеспін. Ән салғанда көмейлері бүлкілдеп, бұлбұлша сайраған әуендері домбыраның қос ішегінен шыққан әсем үнге қосылғанда құлақтың құрышын қандырушы еді! Осы өнеріне тәнті болған Сәбит Мұқанов досы Игібай Әлібаевты Алматының филармониясына әнші етіп алдырыпты да, бірақ Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, ол әскер қатарына алынып, майданға аттаныпты. Соғыстан аман келген Иекең әншілікті тастап, туған ауылындағы мектепке мұгалім болып орналасқан.

  -Ап, Игібай, – деді Сәбең, – маған шығарған өлеңіңді осы жерде айтып берші, оңашада тыңдайық.

  Игібай Әлібаев домбырасын алды да досына шығарған әнін құйқылжыта жөнелді. Домбыраның ішегінен шыққан жағымды әуенге әсем дауысы үндесіп-ақ кетті. Сәбеңнің жанары жарқырап, беті балбырап балаша қуанды. Осы сәтте Мәриям жеңгейдің дастарқаны да жайылып үлгерді. Бұл үйге қашан келсең де жылқының піскен семіз еті дайын тұратын. Семіз ет, тәтті тағамдар тағы да дастарқан үстін көріктендіріп жіберді. Сәбең Қызылжар өңірінен Алматыға небір жиындарға барып, өзімен бірге болған басшылар мен қосшыларын ұлтына қарамай «Петропавловские киргизы, айда ко мне домой» деп үйіне алып келіп, қонақ қылатыны аңызға айналып кеткен еді. Сондықтан жиі қонақ келе беретіндіктен Мәриям шешеміз дайын отыратын болған-ау, сірә деп ойлаймын.

  Әңгіме-дүкен құрып, тамақ ішіп, біраз отырғаннан кейін мен демалыс үйіне кетуге ыңгайландым. Осы кезде Сәбең орнынан атып тұрып мені жұмыс кабинетіне алып барды. Сосын стол үстінде жатқан мерейтойға шақыру ашық хаттардың біріне менің аты-жөнімді жазып, қолын қойып берді. Осы қымбат құжатты әлі күнге дейін сақтап келемін.

  Салтанатты жиын Алматының ортасындағы Опера және балет театрының әсем ғимаратында өтті. Оған еліміздің ғана емес көршілес республикалардың да ақын-жазушылары, партия және кеңес органдарының басшылары, өнер қайраткерлері, жазушының туған-туысқандары жиналды. Не керек, кең зал халыққа лық толды. Сахнаға қойылған ұзын столдың басына республика басшылары жайғасты. Әрине, қақ төрге Сәбит пен Мәриям шықты. Сәбең өзімен бірге ала келген немересін алдына алып отырды.

 Мәжіліс ашық деп жарияланғаннан кейін мінбеге Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің өкілі көтеріліп, СССР Жоғарғы Кеңесінің академик-жазушы Сәбит Мұқановты 70 жасқа толуына және Кеңес Одағы әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін Ленин орденімен марапаттау туралы Жарлығын оқып берді. Кеңілі көтеріңкі, беті бал-бұл жайнап отырған Сә-беңнің осы сәтте кескіні өзгеріп сала берді, ұңжырғасы түсіп кетті. Естуімізше, алдында оған Социалистік Еңбек Ері атағын беру жөнінде құжат Мәскеуге кеткен болатын, бірақ мәселе осылай шешіліпті.

  -Сәбеңе обал болды-ау, ол жоғары атаққа лайық жазушы ғой, – деді үзіліске шыққандардың бірі.

  -Сәбең кезінде Қонаев ғылым академиясын басқарып түрғанда оны сынап еді, – деп еске алды екіншісі.

 -Мәскеуге мұндай құжат жіберілгенімен артынан республиканың бірінші басшысы, оның растығын айтып телефон шалуы керек екен. Ондай қоңырау болмаған ғой…, -деді енді бірі.

  Осы әңгімені өз құлағыммен естідім. Мерейтой келесі күні Жазушылар одағының мәжіліс залында жалғасты. Онда тойға келгендер Сәбеңе сыйлықтарын табыс етті. Біздің облыстан барған делегация қанша ақша бергенін білмеймін, келесі күні үйіне барып, Петропавлдағы С.М.Киров атындағы зауытта шығарылған «Қазақстан» радиоқабылдағышын сыйладық. Делегация басшысы, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Әнуарбек Шманов бұл радиоқабылдағышты үйде ғана сақтап, ешкімге көрсетпеуді сұрады. Өйткені, ол кезде бұл зауыт – жабық кәсіпорынға жататын. Ал мұндай радиоқабылдағыш су асты сүңгуір қайықтарына орнату үшін жасалатын. Ол теңіздің астында қандай тереңдікте болса да жер жүзінің кез келген жерінен радиохабар алуға мүмкіндігі бар құрал болатын.

  Сәбит Мұқанов өзінің «Саяхаттар» деген кітабында туған жерге деген сағынышын былай білдіреді: «О, туған жер! Міне, біз туған жерге таянып та қалдық. Оның әрбір алаңы, өрі, сайы, саласы, дөңі, ойпаты, ағашы, алабы, келі, томары … бәрі… бәрі менің алақанымда!.. Апыстан көрінген оның әрбір орны, маған келуімді күте сағынып тұрған бір туысыма ұқсайды!..» Сәбеңнің туған жерге сағынышы өмірінің соңғы жылдарында тіпті күшейе түскен тәрізді. Мүмкін, содан да болар соңғы кезде Қызылжар өңіріне келуін бұрынғыдан да жиілеткен еді.

  Әдетте, Сәбең де, Ғабең де туған жерге келгенде жандарына өздері жақсы көретін ақын-жазушыларын ертіп жүретін. Бұл жолы, неге екенін кім білсін, Сәбең жалғыз келді. Бұрынғыдай халық көп жиналатын кездесуер де онша ұйымдастырыла қоймаған тәрізді. Ол қай жағдайда, қашан келмесін өзі еңбек еткен қарашаңырақ – «Ленин туы» (қазіргі «Soltústіk Qazaqstan») газетінің редакциясына соқпай кетпейтін. Бұл жолы да солай болды. Қазақта «қуыс үйден құр шықпа» деген мақал бар емес пе! Біз Сәбеңді қалай қарсы аламыз деп абыржып қалдық. Осы кезде еске «Союзцелинвод» тресінің бастығы Қаттай Кеншінбаев түсті.

  «Союзцелинвод» тресі елімізде тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты құрылған болатын. Ол жерасты құбыры арқылы Солтүстік Қазақстан облысын түгелдей, көршілес Қостанай, Көкшетау, Қорған об-лыстарының бірнеше ауданын таза ауызсумен қамтамасыз етіп тұрды. Тіпті жайылымдағы малдарға да осы су пайдаланылатын. Бұл трест Гиннестің рекордттар кітабына енді. Өйткені, жер жүзінде мұнша ұзын жерасты құбыры ол кезде болмаса керек. Қаттай Кеншінбаев бізді қала маңындағы Водопроводный деген ауылға шақырды. Булаев тораптық су құбыры осы жердей бастау алады екен. «Булаев мүлде баска жақта емес пе, бұлай аталауының сыры неде?» деп ойлаймыз. Бақсақ, сақтық шаралары үшін тораптық су құбырларының бастауы қайда екенін ешкім білмеуі керек екен.

  Қаттай Бектасұлы Сәбит Мұқанов пен бізге құбырға судың қай жерден насоспен беріліп отыратынын көрсетті. Лифтпен астына түстік. Өте терең екен. Қорқынышты болғаны да рас. Судың ағынымен бірнеше генератор жұмыс істеп тұрды.

 – Бұл генераторлар насостарға тоқ береді. Сол арқылы су құбырмен ағады. Сонымен бірге құбырларды тоққа қосып қоямыз. Бойында тоқ жүріп тұрған темір құбырлар тоттанбайды, ұзақ сақталады, -деді Қаттай Кеншінбаев.

  Біз үшін бұл үлкен жаңалық болды! Біз осында Сәбеңе қонақасы бердік. Бастығымыз бұл шарага «Ленин туы» газеті редакциясының байырғы қызметкері Әмина Мұхамедрахимова екеумізді алған еді. Ұзақ отырып әңгіме-дүкен құрдық. Сәбең кеп әңгіме айтты, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сол жолы жазушымен «Есіл» өзенінің жағасында көп суретке түсіп едік. Бірақ оның бірін де көре алмадық. Фототілші Василий Шейкин отбасылық проблемаларымен әлек болып жүріп, оларды қағазға түсіріп бере алмады. Артынан қайтыс болып кетті.

  Иә, Сәбеңнің сол жолғы әңгімесіне қарағанда, алдағы жоспарлары ауқымды еді. Өкінішке қарай, көбін орындай алмады. «Құдай қуат берсе француздың он тоғызыншы ғасырдағы көрнекті прозашысы Оноре де Бальзактан қалыспай жүз томға жетерліктей шығарма жазамын» деуші еді. Құдай оған жазбады. Әсіресе, Шоқан Уәлиханов туралы «Аққан жұлдыз» трилогиясын жазып бітіре алмай, арманда кетті. Сәбең қайтыс болғаннан кейін, яғни 1973 жылы жазда университетті аяқтау емтиханын тапсырып, диплом жұмысын қорғауға Алматыға барғанымда Ғабит Мүсіреповтен:

  -Ғабе, жұрт Сәбеңнің «Аққан жұлдызын» сіз аяқтайды деп жүр, сол рас па? – деп сұрадым.

  -Сол келген жерінде тұрады ғой, – деп байсалды ғана жауап қатқан еді Ғабең бұл сұрағыма.

  Әрине, біреудің ғұмыр бойы зерттеген тақырыбын екінші біреудің жалғастырып жазып кетуі мүмкін де емес қой. Одан әрі Сәбеңнің отбасы тұрған пәтерді мұражай ету туралы сөз қозғалды.

 

  -Ол мәселенің оң шешімін табатын түрі бар. Бұл іспен Мәриям айналысып жүрген көрінеді. Шаруаны бітірмей тына қоймас. Өзі жасынан пысық еді. Менің Төңкеріс аудандық әскери комиссариатты басқарып тұрған кезім еді. Сәбитке қалыңдық іздейтін болдық, оның әйелі де, тұңғыш баласы да қайтыс болыпты, үйленетін қызын қаладан емес, ауылдан таңдауды шешкен екен. Сол кезде менің есіме осы Мәриям түсті. Алдында бір шеткері ауылға баратын болып жолға шыққанмын. Атым болдырып, жолдағы ауылдан басқасын жегуге тура келді. Жол-жөнекей ат ауыстырып алуға құқығымыз болатын. Атқосшылыққа еркекше киінген бір пысық қызды берді. Жолға шықтық. Жегілгін ат жолшыбай сүріне берді. Қыз қамшыны басып, арасында атты сыпыртып та алады. Не керек, діттеген жерімізге жақсы барып қайттық. Сәбеңе осы қыз лайықты болады-ау деп ойладым. Екеуін жолықтырдық. Сәбеңдей адамға жар болу екінің бірінің маңдайына жазбаған ғой, – деген еді Ғабең байыппен сөйлеп.

 Ғабит Мүсіреповтің үйінен шыққаннан кейін Сәбит Мүқанов тұрған үйге бет алдым. Аралары алые емес. Біріне-бірі көлденең тұратын екі үй де жақын орналасқан. Осы арада Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Кеңес Одағы Коммунист партиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаевтың да үйі бар. Сондықтан да болар, осы маңда күні-түні милиционер жүреді. Қазір осы үйде Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражай-кешені, ал Д.Қонаев тұрған үй толықтай мүражайға айналған.

  Мәриям шешейге сәлем беріп, көңіл айтуға келгенімді жеткіздім. Пәтер іші сол қаппында екен. Қырық жеті жып бірге өмір сүріп, тағдырдың тауқыметін де, жарық дүниенің қызығын да бірге көрген, бірлесіп алты бала өсіріп, немере, шөбере сүйген Құдай қосқан қосағынан айырылып қалғанына қайғырса да, оның артында қалған мүлкін, қолжазбаларын сақтау үшін мұра-жай ашу туралы оң шешім қабылдағанына шүкіршілік етіп отыр екен.

  -Бұл пәтер енді мұражайға айналғалы тұр. Еш нәрсені қозғамаймын. Өзіме осы маңнан пәтер беретін болды. Немерелеріммен тұрамын ғой, -деді Мәриям шешей.

  Араға бірнеше жыл салып, мұражайға тағы барудың сәті түсті. Мәриям шешей сонда отыр екен. Өзін мұражайдың қор сақтаушысы қызметіне қойыпты. Мұражай әдемі жабдықталған екен. Оның ашылуына және жәдігерлерінің жинақталып, орны-орнына қойылуына, шаруашылық мәселе-лерді шешуге Сәбит Мұқановтың әрі жерлесі, әрі бала кезінен қамқорлығын көрген азамат Хәкім Бекішев кеп еңбек сіңіріпті. Сәбең Орынбор рабфагінде оқып жүргенде ел ішінен бірнеше жетім баланы Қызылжар мен Орынбордың жетімдер үйлеріне орналастырған екен. Хәкім Бекішев – солардың бірі. Ұлы Отан соғысы кезінде Сәбит Мұқанов «Правда» газетінің тілшісі ретінде майдан шебін аралап жүріп, тағы Хәкім Бекішевке, сондай-ақ, Мәлік Ғабдулинге кездеседі. Соғыстан кейін Хакім Бекішев Талдықорған облысының Қапал ауданына әскери комиссар болып тағайындалады. Осы қызметте жүргенде әйелімен, қайын атасымен Сәбит Мұқановтың үйіне әдейілеп келген жолы оған өзінің жекеменшік «Победа» жеңіл автокөлігін мінгізіп жібереді. Неткен жомарттық десеңізші! Запастағы подполковник Хакім Бекішевтің іскер азамат екенін мен де білуші едім. Мұражай ісімен ай-налысатын болғандықтан Қызылжардан Алматыға көшіп барган.

  -Хакім ағасының еңбегін ақтады. Осы мұражайды жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп ашты, бәрін дұрыстап беріп, он жыл адал қызмет етті. Сәбиттің аруағы риза шығар, -деді Мәриям шешей.

 

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

(Жалғасы бар).

СУРЕТТЕ: С. Мүқанов немересімен.

­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­____________________________________________________________

 

Soltústіk Qazaqstan 3 qarasha  2020 jyl , 5 бет № 127

 

Өмірбаяны

Жарияланған Angela 21.06.2021 Өмірбаяны |

Сәбит Мұқанов 1990 жылдың 26 сәуірінде (ескі стиль бойынша 13 сәуір) Петропавл уезінің Таузар болысы Ақмола губерниясында Жаманшұбар деген жерде (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Сәбит ауылы) шағын Дос көлінің жағасында орналасқан кедей ауылда, малшы батырақтың отбасында туған.

   Сәбиттің балалық шағы

  «Өмір мектебі» трилогиясында Мұқанов өзінің отбасы, туған жері туралы толық баяндайды:  «Шіркін, Дос, балалардың шын досы едің-ау сен!… Балалық шақта сенің жағаңда өткізген сол бір қызық күндер күні бүгінге дейін көз алдымда нақ сол бейнелерімен жарқырайды да тұрады!… Сол бір күндер есіме түскенде, мен сені аса аңсап сағынам, Досым!…»». Ата-баба жеріне, ана тіліне деген сүйіспеншілік – С.Мұқановтың өмірі мен шығармашылығында басты орын алады.

     Жеті жасында әкесінен айрылып, бір жылдан кейін анасы дүние салады. Сәбит жетім қалады. 1918 жылға дейін байлардың малайы болады. 8 жасынан ауыл молдасынан оқып, хат таниды.

     Бала кезінде көрген жетімдігі оның өмірлік тәжірибесін байытады. Он бес жасынан бастап ол өлең жаза бастайды. Сәбитке халық ақындары қатты әсер еткен, бірде бала Сәбиттің қолына Абайдың 1909 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы түседі. Сол кезден бастап ол ақын болуды армандайды. Сәбиттің алғашқы өлеңін қашан жазғанын айту қиын. Ол суырып салма қабілеті бар бала ақын болатын. Жас кезінен айтыстарға қатысып, ауыл кештерінде көңілді, әзіл өлеңдер құрастыратын.

 

Оқыған жылдары. Шығармашылық жолының басы

 

     Жазушының саналы шығармашылығының басы тарихи оқиға – Октябрь революциясына қатысты. Қазақ зиялы қауымының ілгерішіл көзқарасты өкілдері Ш.Төлегенов пен Х.Махметовпен қарым-қатынасы оның әдеби және саяси танымын кеңейтті.

     1918-19 жылдары ол Омбыда мұғалімдер курсында оқыды, оны бітіріп шыққаннан кейін ауылда мұғалім болып жұмыс істеді.  

     Өз замандастары қатарлы Сәбит те үнемі қоғамдық оқиғалардың қайнаған ортасында болып, жаңа өмірді қолдады. Оның бұл кезеңі Петропавл қаласына байланысты.

     1919-22 – Қазақстандағы Азаматтық соғысқа қатысты, Ақмола губерниясының Мемлекеттік басқарма комитетінің төтенше әскери бөлімі жауынгері болды, РКП (б) Петропавл губерния комитетінде нұсқаушы болып істеді.

      1922-26 жж.  С.Мұқанов Орынбордағы жұмысшылар факультетінде оқыды. Сол жерде Сәкен Сейфуллинмен кездеседі.  Сәкен досына нақты шешім қабылдап, кәсіби жазушылыққа бет бұруға көмектеседі. 25 жасында С.Мұқанов бірқатар қазақстандық облыстық газет-журналдардың редакторы, ал 1926-27 жж. Петропавлда шығатын «Бостандық туы» және «Кеңес ауылы» газеттерінің жауапты хатшысы болды.

     Мұқанов шығармашылық қызметін ақын ретінде бастады. Ақынның революциядан кейін бірден жазылған алғашқы туындыларында (“Жалшының зары”, “Шығар күнді”, “Батырақ” поэмасы) надандық пен ауыл қараңғылығынан босаған халық арманы жырланады. Кедейліктің салдарынан білім ала алмағанына өкініш білдірген ақын, жастарды оқуға шақырады.           

     Жазушының сол жылдары жазған көптеген өлеңдерінің кейіпкері – кедей Шоқпыттың жинақталған бейнесі.

     Мұқановтың алғашқы жинағы 1926 жылы жарыққа шықты. Одан кейінгі жылдары «Батырақ», «Жетім қыз», «Октябрь өткелдері» жинақтары шықты.

     «Батырақтан «кейінгі екі жылдық жұмысының нәтижесі өлең түрінде жазылған “Сұлушаш”романы болды. Бұл роман 1928 жылы жеке кітап болып басылып шығып, автордың да, бүкіл қазақ поэзиясының да маңызды жетістігіне айналды. Ақын Н.Сидоренконың аудармасы – ең үздік аудармалардың бірі. 1949 жылғы басылымында «Өлеңмен жазылған повесть » деп аталған. Романның сюжеті әлеуметтік келеңсіздіктер мен феодалдық салт-дәстүрдің құрбаны болған Алтай мен Сұлушаштың қайғылы махаббаты туралы халық аңызы негізінде құрылған. Алтай – батырақ, атақты байдың қызы Сұлушашты сүйеді, алайда олардың арасында әлеуметтік теңсіздік шыңырауы бар.

     1930 жылы С.Мұқанов Мәскеуге тіл институтына оқуға жіберіліп, 1931 жылы Мәскеудегі Қызыл профессура институтының әдебиет бөліміне ауысады. Институтты бітіргеннен кейін 1936 жылы Алматыға оралып, 1951 жылға дейін аздаған үзіліспен Қазақстанның кеңес жазушылары одағы басқармасының төрағасы болады да, 1951 жылдан еркін шығармашылық жұмысқа бет алады.

     30-жылдары С.Мұқанов шығармаларының тақырыбын кеңейтіп, поэмаларына халық еңбегі тақырыбын арқау етеді.

     1936 жылы челюскин жорығына арнап жазған «Ақ аю» поэмасы жарық көреді. Поэманың негізгі шиеленісі – адам мен табиғат. Арктиканың мұз құрсауына оранған челюскиндықтар сұрапыл апатпен күресіп, табандылық танытады. Кезінде поэма табиғатты бағындыру мен оған деген сүйіспеншілік идеясын насихаттай отырып, кеңінен танымал болды.

 

Жазушы Ұлы Отан соғысы жылдарында

 

Ұлы Отан соғысы жылдарында оның поэзиясы фашизмнің айуандығын әшкерелеп, жаумен күрескен халық ерлігін асқақтатты. Соғыс лирикасы туралы айта отырып, “ “Майданға хат”, “Халық батыры Амантай”, “Фашизмнің ажалы” сияқты өлеңдеріне тоқталуға болады.

     30-шы жылдары С.Мұқанов прозаға ден қойды. 1935 жылдан 1956 жылға дейін Мұқанов “Теміртас”, “Есіл”, “Ботагөз”, “Өмір мектебі” (екі кітап), ”Сырдария” (1948 ж.), “Тыңдағы толқындар” романдарын, “Достар”, “Балуан Шолақ” (1942 жылы шықты да, кейін өңделіп, «Таңдамалы шығармалардың» 6 томына енгізілді), “Бақташының баласы” повестерін, “Бәйге”,  “Дайыр Тасыбеков”, “Екі күн”, “Алтын бала” және т.б. әңгімелер жазды.

     Мұқанов шығармашылығына бір ерекшелік тән – ол өмірдің ортасында болуға, материалды өмірден алуға тырысты. Сондықтан әлсіз шығармаларының өзінде де ақиқат өмірдің үзігі бар.

     «Теміртас» романы 1935 жылы «Бірінші кітаптың соңы» деген белгімен жарық көрді. Роман оқиғалардың бастапқы даму кезеңін ғана суреттейді, көп кейіпкерлері толық сипатталмайды, сондықтан романның көлеміне қарамастан аяқталған шығарма деп қарастыруға болмайды.

    1938 жылы жарық көрген «Есіл» романын тақырыбы жағынан «Теміртас» романына пролог деп санауға болады, бірақ ол да аяқталмаған, романда азаматтық соғыс кезеңі суреттеледі.

    Мұқановтың алғашқы ірі эпостық шығармасы – «Адасқандар» романы бірінші рет 1931-1935жж. шықты. 1935 жылы романның орыс тіліне аудармасы «Сын бая» деген атпен жарық көрді.

     20 жылдан кейін Мұқанов кітабына қайта оралды.

      Келесі шығармасы – «Ботагөз» романы – автордың ірі шығармашылық жетістігі болды. Материал жинау кезеңін қоса алғанда, романды жазуға он бес жыл жұмсады. Материалдарды жинауға 1923 жылы кірісті.

       Тікелей роман бойынша автор 1935 жылдың басынан 1938 жылдың қыркүйек айына дейін – төрт жылдай жұмыс істеді. Кітап алғаш рет 1938 жылдың аяғында «Жұмбақ жалау»деген атпен жарық көрді, кейін 1957 жылы «Ботагөз» деген атпен шықты. 1946 жылы роман Алматыда орыс тілінде басылып, 1949 жылы Мәскеуде қайта басылып шықты.

     «Ботагөз» романының сюжеті жағдайға байланысты қосыла алмай, бірақ бір-біріне шексіз адал қыз бен жігіт туралы халық поэмаларының сюжетіне ұқсас.

      «Ботагөз» романы Мұқанов шығармашылығына ғана емес, 30-шы жылдардағы тұтас қазақ әдебиетінде де елеулі орын алады.

     Қазақ прозасындағы маңызды шығармалардың бірі – Мұқановтың «Сырдария» романы. Романның бірінші басылымы 1948 жылы жарық көрді, орыс тілінде Л.Соболевтің аударуымен 1951 жылы «Знамя» журналында басылып шықты.

     С.Мұқановтың шоқтығы биік шығармасы – «Өмір мектебі» трилогиясы, бұл шығармасы үшін жазушы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл оның 30 жылын сарп еткен қорытынды шығармасы болды. Роман жеке новеллалар түрінде 1930 жылы басылып шықты, ал 1941 жылы Алматыда «Өмір мектебі» повесінің бірінші кітабы қазақ тілінде жарыққа шықты. Кітап орыс тілінде (В.Шкловскийдің қысқаша аудармасы) 1947 жылы Мәскеуде шықты. 1952 жылы сол томын И.Шухов орыс тіліне аударды, бірақ «Школа жизни» деп аталып, кейінірек бұл аударма «Школа жизни» трилогиясының бірінші томына – балалық шағы туралы кітапқа айналды. Трилогияның екінші томы  жазушының жастық шағына, үшінші томы – «Есею жылдары» (1966 ж.) 30-шы жылдардың ортасына дейінгі өмірін қамтиды.

     1968 жылы С.Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

  Мұқанов – драматург

   С.Мұқановтың поэзиялық және прозалық шығармаларына талдау жасай отырып, оның драматургия мен сын саласындағы туындыларына тоқтамай кету мүмкін емес. 1955 жылы С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов» (1955 ж.) тарихи драмасын жазды. Бүгінгі күнге дейін республика театрларының сахналарынан түспей жүрген пьеса дамып келе жатқан қазақ драматургиясының жетістігі болды. Мұқановтың келесі сахналық туындысы «Сәкен Сейфуллин» пьесасының да айы оңынан туды. Автор театр репертуарына тарихи шындыққа негізделген шығармалар ұсынып қана қоймай, қазақ әдебиетінің көркем галереясын Шоқан Уәлиханов пен Сәкен Сейфуллиннің шебер жасалған образдарымен толықтырды.

     «Шоқан Уәлиханов» пьесасы Шкловскийдің аударуымен «Нить Ариадны» деген атаумен 1945 жылы Мәскеуде басылып шықты.

     Келесі жылдары автор пьесаны қайта жазып, 1955 жылы қазақ тілінде басып шығарды. Жазушы қазақтан шыққан бірінші ғалым, ағартушы, демократ – Шоқан Уәлихановтың өмірбаянын, әдеби және қоғамдық қызметін жиырма жыл егжей-тегжейлі зерттеді. Ол Қазақстан көлемінде ғана емес, бүкіл Ресей көлемінде де танымал қайраткер болды.

С.Мұқановтың пьесасында Шоқан Уәлиханов қазақ халқын ілгерілетуге, орыс және әлем әдебиетіне жанастыруға, экономикалық, саяси, рухани өрлетуге талпынған ірі қоғам қайраткері ретінде бейнеленген.

     1955 жылы пьеса Қазақстанның бірқатар облыстық театрларының сахналарында қойылды. 1957 жылы Қазақ КСР-інің Мәдениет министрлігі бірінші рет драма театрларының республикалық байқауын өткізді. «Шоқан Уәлиханов» тарихи драмасының қойылымы үшін Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театры 1 дәрежелі дипломға ие болды. Еңбегі сіңген әртіс А.П.Рогальский Қазақ КСР-інің халық әртісі атағына, А.П.Александрова – республикамыздың еңбегі сіңген әртісі атағына ие болды.

  Спектакль көптеген жылдар бойы театр афишасының сәніне айналды. Отыз жылдай уақыт өткеннен кейін, 1986 жылы Семей сазды-драма театрының бас режиссері Е.Обаев Погодин атындағы облыстық драма театрының сахнасында «Шоқан Уәлиханов» спектаклін қойды.

     Пьеса Петропавлда ғана емес, жазушының туған жері Сәбит ауылында да, Мәскеуде, Иванов қаласында, Карабихада өткен Некрасов оқуларында да сәтті өтті.

     Біздің театрымыздың сахнасында С.Мұқановтың «Светлая память», «Ботагөз», «Қашғар қызы» сияқты туындылары қойылды. Жазушы театр ұжымымен жиі кездесіп тұратын. 
     Сәбит Мұқанов үнемі өз халқының тарихи даму кезеңдері, дүние жүзі тарихынан алатын орны мен маңызы сияқты мәселелерге қызығушылық танытқан. Көптеген жылдар бойы Мұқанов қазақ ғалымы, ағартушы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметін зерттеумен айналысты. Шоқан Уәлихановтың шығармашылығын ғылыми тұрғыдан зерттегені үшін Қазақ КСР-і Ғылым академиясының академигі С.Мұқанов Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықпен марапатталды. 1967 жылы және өмірінің соңына дейін жазушы Шоқан Уәлихановқа арналған «Аққан жұлдыз» роман-дилогиясын жазумен айналысты. 1-ші кітабында (1967 ж.) Шоқанның дүниеге келуі, оның балалық шағы, Омбыдағы Кадет корпусында оқығаны жөнінде, 2-ші кітабында (1970 ж.) – Шоқанның генерал-губернатор Гасфорттың адъютанты болып қызмет кеткен кезі мен ағартушылық-демократиялық қызметі туралы баяндайды. Роман аяқталмай қалды.

   Тың жерлерді игеру жылдары

 

   С.Мұқанов үнемі халықтың ортасында болып, оның қайғысы мен қуанышын бірге бөлісетін. Ол жиі республиканың шалғай түкпірлеріне барып тұратын. Оның очерктері Қарағанды шахтерлеріне, мал өсірушілерге, тың игерушілерге, ғылым мен өнер қызметкерлеріне арналған.

   Мұқановтың еңбек адамдары туралы очерктері көлемді «Саяхаттар» атты кітабын құрады. Мұқановтың әдеби қызметінің өте маңызды бір ерекшелігі бар: ол үнемі алдыңғы шепте болды, жаңа тақырыптарға қалам сілтеді. Осылайша, Қазақстанда тың жерлерді игеру тақырыбын алғаш болып тілге тиек еткен де Сәбит Мұқанов болатын. Мұқановтың тың игерушілер туралы көптеген очерктері республикалық газет-журналдарда жарияланып, жеке кітап болып та басылып шықты. (“Туған жердің тыңында”, 1955 ж. , т.б.)

     С.Мұқановтың публицистикалық шығармалары (“Тыңда тұнған байлық” (1957). “Алыптың адымдары” (1959) атты жинақтарға енді.

     1969 жылдың 14 қаңтарында жерлесіміз Владимир Александрович Шаталов басқарған «Союз-4» ғарыш кемесі орбитаға шығарылды. Ғарышкер 1927 жылы 8 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында дүниеге келген. Жазушы осы оқиғаға байланысты«Шаталов – менің жерлесім» өлеңін жазды.  

  Мұқанов – қоғам қайраткері     

     Сәбит Мұқанов республикамыздың жазушылар ұйымын құруға және нығайтуға көп үлес қосты, бірнеше жыл қатарынан Қазақстанның Жазушылар одағын басқарды, ал 1934 жылдан ҚСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болды. Ол республикамыздағы әдебиеттану ғылымын бастаушылардың бірі болды, қазақ совет әдебиетінің көптомдық тарихын құрастыруға белсенді атсалысты. Ол қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының қалыптасуына айтарлықтай ықпал еткен бес жүзден астам мақалалардың, монографиялардың авторы.

    С.Мұқанов қоғамдық жұмыспен көп айналысты, Кеңестік әлемді қорғау комитетінің мүшесі болды, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Жазушының қазақ әдебиетін дамытуға қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаға ие болды. С.Мұқанов екі Ленин орденімен, екі Еңбек Қызыл ту орденімен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Оның «Өмір мектебі» трилогиясы 1968 жылы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

     Жазушы 1973 жылы 18 сәуірде Алматыда дүние салды.

  С.Мұқанов туған жерінде, Солтүстік Қазақстанда

     Солтүстік Қазақстан облысы – Сәбит Мұқановтың туған жері.

     Ол өзінің туған өлкесін сүйді, жерлестерімен байланысын үзбеді, туған өлкесіне жиі келіп тұрды. Сәбит Мұқанов Қазақ КСР-інің Жоғары Кеңесіне Солтүстік Қазақстанның атынан депутат болып сайланды. 1966 жылы Қалалық Кеңес атқару комитетінің 04.11.1966ж. №776 шешімімен ерен еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін жазушы Сәбит Мұқановқа «Петропавл қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

     Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің 1973 жылдың 29 мамырындағы «С.Мұқановты мәңгі есте сақтау туралы» қаулысы бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасын, Петропавл қаласындағы №32 мектепті, Жамбыл ауданының «Майбалық» астық кеңшарын С.Мұқанов атымен атау туралы шешім қабылданды.

   1973 жылы Петропавл қалалық еңбекшілер депутаттарының Кеңесі атқарушы комитетінің“Облыстық кітапхана жанында Сәбит Мұқанов бюстін орнату туралы» шешіміқабылданды.1990 жылы жазушының 90 жылдығына орай Мир және С. Мұқанов көшелерінің қиылысында шағын бақ ашылып, Сәбит Мұқановтың қола мүсіні орнатылды. 1996 жылы қараша айында мүсін С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың жанына көшірілді. 1973 жылы Петропавл қалалық еңбекшілер депутаттарының Кеңесі атқарушы комитетінің 23.05.1973ж. «Карағанды көшесінің атауын Сәбит Мұқанов көшесі деп өзгерту туралы» Шешімі қабылданды. 1975 жылы ҚКП Солтүстік Қазақстан обкомы, облыстық атқару комитеті бюросының  30.12.75ж. «С. Мұқановқа Жамбыл ауданында, туған жерінде ескерткіш орнату туралы» қаулысы қабылданды.

    2000 жылдың 13 маусым күні қазақ әдебиетінің көрнекті шебері С.Мұқановтың 100 жылдығына арналған шаралар өтті. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев  шараның ең құрметті қонағы болды. Осы күндері Президенттің қатысуымен қазақ сазды-драма театрының ашылу салтанаты өтті. Солтүстік Қазақстан облыстық сазды-драма театрына Сәбит Мұқанов есімі берілді.

 

 

 

Сәбен туралы сөз 

Жарияланған Angela 16.06.2021 Сын |

Газетіміздің өткем санында хабарланғанындай, «Мұқановтың есімі облыс жылнамасында» деген тақырыппен осы аттас облыстық кітапхана акция жариялады. Ғасырлық тойы биыл атап өтілетін даңқты жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына қатысты дүниеліктер жимау мақсатынан туындаған шара бұл.

 С. Мұқановтың осы кітапханадағы әдеби-мемориаллық бөлме –мұражайы әйгелі жазушының 80 жылдық мерейтойы кезінде ашылған болатын. Ішінде жазушының көк кітаптарынан басқа ештеңе жоқ еді. Енді қарасаңыз, мұражайдың әсем безендірілгендігін көресіз. Аялай бөлме айнала толтырылыпты. Алайда экспонаттар таздың шашындай селдір екен. Ең өкініштісі – Сәбеңдікі дегендер жоқтың қасы. Әрине, «Жоққа жүйрік жетпейді». Алматыдағы жазушының  мұражайы экспонаттар жағынан көмектесе алмаса, басқаларды қалай даттарсың?! Miнe, мұндай жағдайда жоғарыда аталған акцияның ұйымдастырылуы, сөз жоқ, табылған ақыл. Негізінен газет қиындылары мен фотосуреттерден құралған шағын мұражай енді толықтырыла түсуге тиіс.

   Бұл акння осы бөлме-мұражайда жуырда өткізілген кездесудсн басталды. Оған Сәбеңмен тікелей тілдескендер немесе оның шығармашылығын насихаттаған аламдар шақырылған еді. Кездесуде бірінші болып  ұзақ жылдар облыс мәдениетін басқарған С. Уақбаев сөз алды. Жазушы жылда туған жеріне келген сайын онымен бірге парағын болған бұл кiсі мол естелігінің бір-екі парағын ғана баяндап бергендей көп көсіле қоймады. Ол, әсіресе, осы кітапхананың салынуына Сәбеңнің зор еңбек сіңіргендігін баса айтты.

  Зейнеткер С. Пресняков та нақ осы мәселенің қалай шешім тапқандығына егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл мәселе облысымыздан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған С. Мұқановқа сайлаушылар аманаты ретінде жүктеліпті. Депутат-жазушы болса аманаттың мүлтіксіз жүзеге асырылуына аянып қалмапты. Әттең, өз есімімен аталған кітапхананың салтанатты жағдайда ашылуын көругс оның ғұмыры жетпейді: Сәбең 1973 жылы сәуірде көз жұмды, ал кітапхана мамырда ғана пайдалануға берілді. Десе де даңқты жазушының өшпейтін аты қалды: кітапхана Сәбеңнің есімімен аталады. Қатары қалың оқырмандар кітанхананың  атауын ықшамдап, ыңғайлы түрде «Мұқанов» деп қана атайтын жазушының есімі күн сайын емес, сағат сайын ауыздан түснейді.

  Кездесуде «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Б. Мұстафин газет редакциясында жазушымен өткізілген кездесулер, омың жас қаламгерлерге әкелік қамқорлығы хақында әңгімелеп берді. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы болын істсген Е. Жолболдин, осы кітапхананың бұрынғы директоры В. Кашемирова, облыстық мемлекеттік мұрағаттың қызметкері М. Мелехин және басқалары әйгілі жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты жан-жақты сөз қозғады.

  Жоғарыда айтылғанындай, аталмыш акция шеңберінде өткзілген бұл кездесудің бір мақсаты жазушы туралы материалдар жинауға кірісу екендігі айтпаса да түсінікті еді. Өкінішке , орай, кездесуді жүргізген кітапхана кызметксрі Ю. Пискунова: «Міне, көрініздер»,- деп үш фотосуретті ғана ұсынды. Бұған қарағанда, бұл акцияға әлі де мән беріле қоймағаны анғарылып қалды. Сәбеңді көрген адамдар біздің облысымызда мыңдап саналады. Ендеше Сәбеңе қатысты жәдігерлер, көп болуға тиіс. Ондай дүниеліктср мындардың көз алдында болатын мұражайдан орын тапса кұба-құп.

 Менің өз басым бұл кездесуде, сөз алудан бас тарттым. Оның орнына 1967 жылы Сәбит Мұқановтың өзі маған қолтаңбасын жазып берген «Шыңнан шыңға» деп , аталатын жазушының өлеңдер жинағын  кітапхананың мұражайына сыйға тартгым. 33 жыл боны көп кітаптардың арасында, ешкімнің көзіне түспей елеусіз жатқан мұндай кітаптың орны, әрине. мұражай. Рас, қимасым еді, қымбатым еді…

  Міне, осындай жәдігерлер, меніңше, бірсыпыра адамдарда бар. Соларды кітапханадағы мұражайға әкеліп берңіздер. Көзден кетсе де, коңілден кстпеген Сәбеңнің, бейнесін толықтыра түсудің бірден бір мүмкіндігі, міне, осы. Ендеше «Мұқановтың есімі облыс, жылнамасында» акциясына, қатысыңыздар, әлеумет!

Б. ҚОЖАХМЕТОВ.

______________________________________________________________

Қожахметов Б. Сәбен туралы сөз  : [Сәбит Мұқанов]. /  Б. Қожахметов // Солтүстiк Қазақстан. – 21 қаңтар 2000.

Жалынды жастар

Жарияланған Angela 08.06.2021 Жарияланымдар |

  Жақында облыс орталығында кезінде Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы болған, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қайсар Тәштитовке ескерткіш тақта орнатылды. Қазақ жастарының болашағы үшін күрескен қайсар азамат туралы қазақтың әйгілі академик-жазушысы Сәбит Мұқанов осыдан жарты ғасыр бұрын “Лениншіл жас” газетінде мақала жариялаған екен. Қоғамдық өмірге ерте араласқан, оның ішінде Қызылжар өңірінің дамуына еңбегі сіңген азаматтардың бірі – Қайсар Тәштитов туралы жерлес жазушының мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

  Қоғамдық істерге араласа бастаған шағымда комсомолдық жаста болған мен бұл ұйымның мүшелігіне кірген жоқпын. Он тоғыз жасымда бірден партия қатарына өттім. Бірақ Советтік Қазақстанның өмірінде мен комсомол қайраткерлерінің көбімен танысып, кейбірімен істес болдым да.

  Республиканың 50 жылдық торқалы тойы тұсында сол қайраткерлердің кейбіреулерін бүгінгі жастарға таныстырудың артықшылығы болмас деп ойлаймын.

  Қызылжарда (Петропавл) Хафиз Базарбаев дейтін жігіт болды. Ол осы қаладан шыққан тұңғыш комсомол еді.

  Біздің Ұлы Отанымызда комсомол ұйымы 1918 жылдың күзінен ұйымдаса бастады ғой. Соның Қызылжардағы ячейкасын алғаш ұйымдастырушысының бірі Хафиз, өзі қаланың төңірегіндегі былғары заводының жұмысшысы Базарбайдың семьясында туған. Февраль революциясы болған жылы Хафиз 17 жаста еді. Сол жасына қарамай, Қызылжарда ұйымдасқан Совдеп ісіне араласып, белсенділік көрсеткен. Комсомол қатарына кіргенге дейін ол Қызылжар большевиктерінен үлкен саяси тәрбие алған. Осындай комсомолдық қызу істе жүрген Хафизді 1921 жылдың басында Советке қарсы күресіп жатқан кулактар мен байлар ат құйрығына сүйретіп, ауыр азаппен өлтірді.

  Қызылжарда Базарбаев атына қойылған көше де бар еді, кейін белгісіз себеппен ол өзгертілген. Хафиз өлтірілгенмен, комсомол ұйымы Қызылжардан жойылып кеткен жоқ. Бұл қалада қазір комсомол ұйымының мүшелері мыңдап саналады. Солардың бәрі де ер ағалары Хафиз Базарбаевты есінде мәңгі сақтайды.

  Хафиздан кейін менің есімде берік сақталып қалған комсомолдың бірі – Мұхаметжан Айтпенов. Бұл Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу” деп аталатын кітабындағы Мұхан Айтпеновтың баласы. Сәкеннің сипаттауында Мұхан бірде алашордаға, бірде большевиктерге ауытқып жүретін толқымалы адам болғанмен, оның баласы Мұхамеджан өте өткір және табанды комсомолдардың бірі еді.

  Сол Мұхаметжан 1920 жылдың басында Омбы қаласынан Қызылжарға келіп продразверстка жұмысына қатынасты. Продотряд саналатын бір топ біз Қызылжар уезінің батыс жақ болыстарына бірге аттанғанда Мұхаметжан ішімізде болды. 1918 жылы Омбыда көргенімде ол гимназияда оқып жүретін талдырмаш жасөспірім еді. Содан кейінгі бір жарым жылдың ішінде бойы биіктеп, мұрты тебіндеп қалған екен. Орыс мектебінде тәрбиеленіп, орыс жастарының ғұрпымен өскен ол қазақ тіліне шорқақ және аз сөйлейтін, мінезі тұйық жігіт болған екен. Азық-түлік жинау жұмысында жасандық жасамай, өзі жұмсалған Аққұсақ болысында міндетін ойдағыдай орындады. Соған өшіккен байлар мен кулактар 1921 жылғы көтерілісінде оны да айдалада шапқылаған атпен сүйретіп өлтірген.

  Қызылжардан шыққан алғашқы комсомолдардың ішінен бірталай жыл қызмет жасап, Отанына, еңбекші еліне көп еңбек сіңірген комсомолдың біреуі – Қайсар Тәштитов. Ол менен төрт жас кіші еді. Біз онымен 1922 жылы Қызылжарда “Қазақ-татар клубының” сауық кешінде таныстық. Күн сайын болатын мұндай кештерді ұйымдастырушылардың біреуі Қайсар екен. Ол кездегі Бейнетқор болысының Қарағаш аталатын ауылынан жуықта ғана келген екен.

  Жиырма бес жасына дейін Қайсардың бойы шарғалау боп өсті. Сондықтан мен танысқан шақта жасы 18-ге жеткен, бойына қарағанда 13-14 жастағы бала ол өте пысық және өткір болып өсіпті. Комсомол ұйымына 21 жылы түскен ол ауыл арасында да бірталай қызмет атқарып, Қызылжарға шыныққан комсомол болып келіпті. Сол күннен бастап уездік комсомол комитетінде қызмет атқарған Қайсар қала мен ауылдар арасында жүргізілген саяси және мәдени жұмыстардың бәріне де белсене араласып, талай жауапты істерді атқарған кісі.

  Қайсармен 1930 жылы Алматы қаласында кездескенде ол Қазақстанның басқарушы партия ұйымы – крайкомның баспасөзді меңгеретін секторында бастық екен. Бұл кезде бұрын күлегештеу ойыншы бала салмақтанып, байсалды сөйлейтін, жауапты басшы қызметкер болып алыпты.

  Осы кезде бұрынғыдан да жақсы танысып араласып та кеттік. Оның жұбайы Сағадат келініміздің қолынан тәтті тағамдар да іштік. Қайсарды жақсы көріп алғандықтан, мен өзімнің “Сұлушаш” аталатын поэмамның басты бір геройын Қайсар деп атағам.

  1931 жылдан кейін Қайсармен тағы да біраз уақыт бөліндік. Мен Москваға оқуға кеттім де, ол республикадағы қызметінде қалып қойды. Содан 1935 жылы қайта табыстық. Қайсар Тәштитов бұрынғыдан да салмақтанып, байсалданып кетіпті. Ол 1933 жылдан бастап Қазақстан комсомол ұйымының жоғары органы крайкомолда бірінші хатшы және 1934 жылдан Қазақстан Орталық Комитетінің мүшесі болып қызмет істейді екен. Қайсардың бұған дейінгі социалистік құрылысқа сіңірген еңбегі де ұлан-байтақ. Сонысына қарамай ол енді спорттың істерімен де шұғылдану ниетіне кірісіпті. Сол мақсатын орындау жолында ол 1936 жылы биіктігі 4300 метр болатын Алматы шоқысына көтерілуді ұйымдастырып, сол шоқыға комсомол атын берген. Одан кейін комсомолдың аймақтық крайком комитетінің ұйғаруымен, Қайсардың басшылығымен комсомолдар Тянь-Шаньның ең биігі Хантәңірге жорық жасаған. Қазақстанда парашютпен секіруді алғаш ұйымдастырған да Қайсар Тәштитов. Осы жұмысты бірінші боп Қайсардың өзі бастап, бірнеше мың метрлік биіктіктен әлденеше рет қарғыған.

  Қазақстанның үлгілі комсомолдарын атағанда Ерғали Алдоңғаровтың есімін аттап өтуге тиісті емеспіз. Қостанай облысының Қарабалық ауданынан шыққан бұл жолдаспен мен 1922 жылдан бастап таныстым. Сол жылы оқуға барсам, облыстық аталатын Қазақстан комсомолының жоғарғы ұйымының президиум председателі Мираспек Төлебаев екен де, секретары Смағұл Сәдуақасов екен. Бірақ менің есімде сақталған олар емес, крайком комсомолы президиумының мүшесі “Еңбекші қазақ” газетінің секретары Ерғали Алдоңғаров еді. Менен бір жас үлкендігі бар болатын.

  Бұл жігіттің естен қалмайтын екі қылығы бар еді: бірі – өте ұшқыр қаламгерлігі, екіншісі – мәдениет жұмыстарына, әсіресе, театры жоқ Қазақстанда спектакльдер және сауық кештер ұйымдастырудағы өте белсенділігі мен шеберлігі.

  Қазақстанның ол кездегі орталығы Орынбор қаласындағы мәдениетке бейім жастардың күшімен әлсін-әлсін спектакльдер және “Шығыстық” аталатын сауық кештері болатын-ды. Соларды белсене ұйымдастырушылардың біреуі – Ерғали Алдоңғаров. Спектакльдер мен сауық кештері көбінесе екі үйде өтеді. Свердлов атындағы клубтың қаладағы ең үлкен залында және “Көрнекті тәжірибе мектебі” аталатын үйде. Соңғы үйдегі сауықтарды сол кезде татар педагогика техникумында оқып жүрген қазіргі атақты артисіміз Серке Қожамқұлов басқарады. Бір сәтте осы мектеп Сәкен Сейфуллиннің “Бақыт жолына” аталатын пьесасын көрсетті. Сонда пьесаның басты рөлі Ержанды – Ерғали Алдоңғаров, Ержанның сүйіктісі Мүсілиманың рөлін Ерғалидың туған қарындасы Сақып атқарды. Осы ойынды көргендер мына екеуінің де болашағы зор, талантты артистер шығады екен деп тарасты. Солай болуы мүмкін де сияқты еді, егер 1923 жылы Сақып, 1930 жылы Ерғали сырқаттан қаза таппаса. Бірақ өзі өлгенмен, өнерпаз Ерғалидың есімі өлген жоқ. Ол өте көркем дауысты әнші болатын еді. Әсіресе, ол орындайтын “Аххау дилләт” әнін әлі күнге дейін сондай орындайтын кісіні көрген емен.

  Еске берік сақталған комсомолдардан Садық Тәштитовтен кейін Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші секретары болып бірнеше жыл қызмет атқарған бұл жолдас кейін Қазақстан Орталық партия комитетінің екінші секретары болып қызмет атқарды да, іс үстінде мезгілсіз қазаға ұшырады. Шаруашылықты да, мәдениетті де оның ішінде әдебиетті де жақсы білетін Садық әрдайым әр мәселені өте салмақты және тұжырымды шешіп отыратын. Соның үстіне мейлінше кішіпейіл еді. Ауылдастықтан ба, әлде жолдастықтан ба, жазушылардың ішінен оны ең жақын тұтып, ең көп араласатыны Бейімбет Майлин болатын. Биекең үйінің қонағы көп болатын еді. Солардың бірі мен едім. Кейде Биекеңнің бәйбішесі Күлжамалдың дастарқанынан дәм татуға барғанда көбінесе Садықты кездестіретін едік. Сонда ол комсомол және партия ұйымдарының басқарушысы бола тұра, Бейімбет үйінің “қолбаласы” сияқтанып үнемі жүгіріп жүріп қонақтарды күтісетін. Сөйте тұрып, маңызды мәселелер төңірегінде өте салмақты пікірлер айтатын.

  Осы аталған жалынды жастардың атқарған үлгі істері кейінгі ұрпақтар үшін өлшеусіз тәрбие мектебі.

Сәбит МҰҚАНОВ.
(“Лениншіл жас”, 25 тамыз 1970 жыл, сейсенбі).


 

Мұқанов С. Жалынды жастар  [Мәтін] / Сәбит Мұқанов // Солтүстік Қазақстан.– 2018.- 18 қазан.- Б.-6

Абайтанушы Сәбит Мұқанов

Жарияланған Angela 08.06.2021 Сын |

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйектің 2-і күнгі Қазақстан халқына Жолдауында: «Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» деп нақты міндет қойғаны мәлім. Өкінішке қарай, аталған асылдарымыздың еңбектері әлі күнге дейін ел арасында лайықты насихатталамай жүргені де жасырын емес. Сондай олқылықтардың орнын толтыруды көздейтін төмендегі дүние көпшілік қауымға ой салар деген үміттеміз.

  Сөз зергері Сәбит Мұқанов «Абай Құнанбаев» монографиясында (1944-1945) ақын өскен орта, ата-тегі, өмір кезеңдері, дүниеге, сөз өнеріне көзқарасы туралы зерттеу жүргізіп, тиянақты тұжырымдар айтты. Жазушы сөзімен айтсақ: «Абайды – ата-тегінде, өз өмірінде, ақындық таланты мен шеберлігін де, оқу-білім де, жалпы адамдық, өз ұлтының пікірлерін де, өміріндегі, шығармаларындағы күшті  әлсіз жақтарын да түгел қамту» көзделген. Зерттеуші даналық қорытындыларға, қанатты, ғибратты ойларға мейлінше бай қарасөздеріне зейін аударады. Қара сөздеріндегі көркемдік шеберліктің бір сыры ақынның дарынды шешендердің мұрасын жетік һәм терең үйреніп білгендігінен деп түйіндейді. Зерттеуші Абай поэзиясының бейнелілік-суреттілік жүйесіне, ақындық тілі мен құрылысына талдау жасайды. Абайдың Шығыстың классикалық әдебиетімен байланысы және А. С. Пушкиннен, М. Ю. Лермонтовтан, И. А. Крыловтан аударылған шығармалары жөнінде ой өрбітеді. Ұлы ақынның табиғат лирикасындағы философиялық ой да, сурет те, сыр да біртұтастықта екендігін көрсетеді. Яғни Абайдың жаратылысты сөйлетіп, құпиясын төгілте суреттеп жеткізіп, ой-сезім мұхитының ағыс-толқындарын тудырып, ғаламат қуаттың көзіне айналатындығын дәлелдейді. Осы еңбегінде: «Ұлттық тіл – сол ұлттың тілі – сол ұлттың барлық мүшесіне түсінікті бола білсе ғана тіршілігінің айнасы мен құралы болады» – деп жазады. Шынында да, Абай поэзиясы – қазақ өмірінің айнасы. Демек, ол ана тілінің негізгі сөздік қорын сарқа пайдаланған, соның ну орманына еркін шүйгіген ерен дарын. Автор ақын туындатқан шендестірулерге, ауыстыруларға, теңеулерге, әсірелеулерге ой сәулесін түсіреді. Олардың қазақ халқының шаруа-кәсібімен, тұрмыс-салтымен, аңшылық, малшылық дәстүрлерімен төркіндес, тамырлас екендігін баяндаған, Абайдың қазақ өлеңіне енгізген өзгеріс-жаңалықтарына тоқталған. Фольклорлық поэзияға жыр үлгісі мен қара өлең шумағы тән болса, ал қазақтың жазба поэзиясына Абай жиырмаға жуық түр қосты деп пайымдайды. Абай жыр үлгісімен «Өзгеге, көңілім, тоярсың…», «Болыс болдым мінеки…», «Жаздыгүн шілде болғанда…» сияқты өлеңдерін шығарған. Мұнда «бірқалыпты үйлес жиі қолданылғандығын» ескертеді зерттеуші. Ақын енгізген жаңалықтарды анықтау үстінде, оның өлеңдерінің буындық, тармақтық, ұйқастық, шумақтық, ырғақтық құрылысының ерекшеліктерін есепке алады. Абайдың қазақ өлеңіне кіргізген ұшан-теңіз өзгерістерін осылайша жіктейді: «Асылы «осы жаңалықтарында Абай қазақ поэзиясына тән заңды (өлеңге төрт буыннан артық буыны бар сөз қоспау, қазақ сөзінің буын құрылысын сақтау) бұзбайды, қатты сақтайды». С. Мұқанов ақынның композиторлық шеберлігіне де назар аударған. Ол музыка зерттеуші А. В. Затаевичке Абайдың «Татьянаның Онегинге жазған хатын» өзі орындап, нотаға түсірткен.

  Сәбит Мұқановтың көрсетуінше, Абай ақындық қуаттың, таланттың, поэзияның басты мақсаты – «қоғамды өркендету үшін қажетті құралдардың бірі деп түсінген кісі» дейді. Және де ол ойшыл, қайраткер, ұлт ақынының тұлғасын түсіндіргенде ұлы сыншы В. Б. Белинскийдің «бүкіл ұлттың рухына бейне бола аларлық ұлы адам бола білу керек» деген ұстанымын негіз етіп Абай шығармашылығын талдайды.

  Абайдың өміріне қанық Қатпа Қорамжанов пен Архам Ысқақов: «Семейден Абай орысша және мұсылманша көп кітаптар алып қайтып, соларды оқумен шұғылданды. Ол кітаптарды оқып бітірген соң, Семейге кетіп, тағы да кітаптар әкелді. Осылай Семейден кітаптар әкеп оқу 1873 жылдан бастап Абайдың дағдысына айналды», – дейді. (Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. А., 1980. 209-211 беттер).

  Абайтанушы Сәбең осы бір «Абай Құнанбаев» монографиясында: «Америка саяхатшысы Джорж Кеннен жазады: «Менің сұрауларыма Леонтьев (Семейдегі кітапхананың бастығы. – С.М.) жауап беріп, Семей кітапханасының құрылуы тарихын баяндайды да: «Кәттә қазақтар да мұнымен пайдаланады, – деді. – Мен білетін Ибрагим Кононбай деген қарт қазақ бар, оның кітапханаға келіп жүруі былай тұрсын. Милль, Бокль, Дрэперді де оқиды» («Сибирь и ссылка», 140 бет, 1906 ж.) Г. Г. Льюис пен Д. С. Милльдің талқылауы арқылы орыс тілінде 1867 жылы шыққан Огюст Конттың «Позитивтік философиясын» Абайдың оқығандығын оның дін туралы пікірлерінен байқалады. Дж. В. Дрэпердің «Еуропа пікірінің өркендеу тарихы» (бірінші рет орыс тілінде ХІХ ғасырдың 60 жылдарында шыққан болу керек. Біздің қолға түскені 1896 жылы басылғаны. Абай алғашқы шыққанын оқыған сияқты) атты кітабының кейбір пікірлерін Абай өлеңге де аударады. Мәселен, Абайдың:

  Өмірдің алды ыстық, арты суық,

Алды ойын, арт жағы мұңға жуық, –

  деп, келетін өлеңдері мен Дрэпердің мына сөздері дәл келеді: «Жас шағында өзінің күшіне еркін сенген адам қартайғанда күшінен көңілі суып, басқаша ойлайды. Уақыт өткен сайын, жастықтың елікпе қиялдары да бәсеңсиді, одан кейін әр ойын тізгіндеп, тілегінің өрісін тарылтады. Ақырында шын тұрмыс оның көзінен пердесін сыпырады, қартайған оның ойына адам үмітінің болмашы екендігі ұялайды. Оның тапқаны табам деп ұмтылғанына аз ұқсайды» (2-бет).

  Өмірдің алдындағы үміт пен артындағы өкініш туралы айтқан Дрэпердің пікірі Абайдың бірнеше өлеңінде әр қилы жүйеде кездесіп отырады» – деп жазады. Бұл жерде келтірілген деректер мен ой сарындары (Дж.В.Дрэпердің Абайдың толғанысымен үйлесімділігі) жаңалық. (Сонда, 213-214 беттер). Академик-жазушы С.Мұқановтың осы бір дерегі өзге авторларда кездеспейді.

  1944 жылдың күзінде Архам Ысқақовтың аузынан Сәбит Мұқанов Абай қолжазбалары мен мұрасының жиналу тарихына байланысты мына бір деректерді жазып алған.

      – Әкем жинағанда, Абайдың көп қолжазбалары жыртылған, сөздері өшкен күйінде табылды. Мынадай бір оқиға болды: 1905 жылдың көктемінде әкем мені ертіп Махмуд молданың үйіне барды. Ас даярланып жатқан кезде, Махмудта қалған Абайдың қолжазбаларын әкем қарап отырса, Абай өлеңмен түгел аударған Лермонтовтың «Вадим» деген әңгімесінің бастапқы екі-үш қана қағазы сақталыпты. «Өзгесі қайда?» деген әкемнің сұрауына, Махмуд күйбеңдеп жауап бермей отырды да, қазбалап қоймаған соң: «Жыртып тастап еді», – деп Құтыш атты тентек баласын көрсетті. Бұл қылыққа әкем қатты ренжіді де: «Абайдан көрген жақсылығың көп еді. Оның еңбегіне бұлай қарауың – жаныңның ашымағаны ғой. Сені жұрт имам дейді. Мына ісіңе қарағанда, сен имам түгіл мұсылман да емессің», – деп, табылған қағаздарды қалтасына сап, даяр асқа қарамай аттанып кетті».

  Мүрсейіт Бікіұлы руы Тобықты. Оның ішінде – Әнет Мүрсейіттің әкесі – Бікі жасында Құнанбайдың қолына көшіп келіп, малшысы болған, Мүрсейіт Ысқақтың балаларымен бірге Жақып молдадан мұсылманша оқиды. Зерек, ынталы Мүрсейіт Семейдегі интернатта екі-ақ жыл оқып, орысша аз да болса хат таниды да, аулына қайтып кеп, балаларға мұсылманша және орысша сабақ береді.

  Абай тірі кезде, Мүрсейіт оның өлеңдерін жинаумен шұғылданбаған, оған себеп мынау: Абай өзінің қолжазбаларын Махмуд деген молдаға, өз баласы Мекайылға, әйелі Еркежанның інісі Сүлейменге сақтатады екен. Абай өлгеннен кейін Мүрсейіт жинай бастаған және Абай өлеңдерін бастыру мақсатымен Кәкітай Ысқақов жинайды.

  Кәкітай Ысқақов – Абайдың немере інісі – 1870 жылы туып, 1915 жылы өлген.

  Кәкітайды Абай жақсы көреді екен. Абай 1882 жылы қыстай Семейде жатып кітапханадан кітап алып оқумен шұғылданғанда, Кәкітай Абайдың қасында болған. Осы кезде Абайдың үйретуімен Кәкітай орысша хат танып, жеңіл-желпі орысша кітаптарды өз бетімен оқып, түсініп кеткен.

  Жиналған өлеңдерді Кәкітай Мүрсейітке жаздыртады. Себебі, біріншіден, Мүрсейіттің қолжазбасы анық және көркем болады, екіншіден, жыртылған я бас-аяғы жоқ қолжазбалардың жоғалған сөздерінің көбін Мүрсейіт жатқа біледі.

  Кәкітай 1906 жылы Абайдың өлеңдерін Мүрсейітке түгел жаздырып алады да, Омбыда бастыру мақсатымен (ол кезде Омбыдан жақын қалада мұсылманша шрифт болмаса керек) Семейге сатуға екі семіз түйе, екі құр атты жетекке алып жүріп кетеді.

  Абайдың өлеңіне құмартқан халық ішінен, оның жинағы басылып шығуын күтпей, Тобықтының өз руларынан да, көршілес рулардан да, Мүрсейіт көшірген Абай өлеңдерін қолқалаушылар көбейеді. Осыларға Мүрсейіт қолында қалған Абай өлеңдерінің бір данасынан көшіріп беріп, ақысына бір қой, бес сом ақша алады. Осы әдіспен 1909 жылы баспадан шыққанша, Абайдың өлеңдер жинағы Мүрсейіттің қолжазбасымен көп елге тарап кетеді. Мүрсейіттің тарих алдында істегені осы, оның қолжазбасы қазір Абай өлеңдерін текстология жағынан тексергенде негізгі деректердің бірі болып келеді.

  Абайдың тұңғыш шығармалар жинағы 1909 жылы Петербургта басылып шықты. Оның жарық көруіне себепші болған Кәкітай Ысқақовтың еңбегін айрықша атап өтпеске болмайды. Омбы мен Қазан қалаларында Абайдың кітабын бастыра алмаған ол, көп қиындықтарды көре жүріп, 1908 жылдың қысында Абайдың өлеңдер жинағын Петербордың бір баспасына тапсырып, көктемде еліне қайтты.

  Абай 1886 жылдың 4 мамырында Семей облыстық статистикалық комитетіне толық мүше ретінде және 1887 жылдың 26 сәуірінде Семей қалалық бастауыш білім қамқоршылары қоғамына қабылданған. Мұны айтып отырған себебіміз – Абайдың қоғам қайраткері екендігі Сәбит Мұқановтың пікіріне толық айғақ. Бұған қоса ел қызметшісі Абай 1886 жылы «Интернатта оқып жүр» атты өлеңі де ұлт мұратын терең қозғаған. Стратегиялық ойдың иесі ежелгі дәстүрді ақыл-ойға бағындырып, жаңаша бастамаларға тәуекел еткен, онысы интернатта оқып жүрген талапкерлерге қаражат жағынан көмектескенін Сәбең былайша баяндайды: «1885 жылы Құнанбай өлгеннен кейін оның өзге балалары, қазақ әдетімен, «әкемізге ас берейік» дегенде, Абай: «Асқа мал бөлейік, бірақ ол малды сойып жұртқа жегізбейік, орыс школасындағы оқитын қазақ балаларына жәрдемге берейік», – дейді және осы айтқанын істейді де. Құнанбайдың асына шығарған малдарды (саны мәлім емес, бір хабарда 100 жылқы, 200 қой) Абайдың сатып, Семейдің интернатында оқитын қазақ жастарына беруі, Құнанбайдың өзге балаларына да, ағайындарына да, көршілес елдерге де ұнамаған, «Құнекеңді атаусыз қалдырды», – деп талайлар ренжіген».

Сәбең Абай поэзиясының ішкі рухын, тұңғиық сырын түсіндіргенде өзіндік ой сарындарын ұсынады. Мына бір шумақты былайша тексереді:

Шырақтар, ынталарды «менікі де»,

Тән құмарын іздейсің күні-түнде.

Әділет пен арлылық, махаббат пен

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Абайдың ойынша, «қабірден әрі өткенде» адамның Тәңірге апаратын сыйы: бұл дүниеде адамның адамға сіңірген жақсылығы, адамның арлы, мейірімді болуы. Абай бұл пікірін Тәңіріні танудың, діншілдіктің ең биік мұнарасы деп ойлап:

Дін де осы, шын ойласаң тағат та осы,

Екі дүние бұл тасдық – Хақтың досы, – дейді» (Сонда, 235-236 беттер).

Қазақ тілінің заңдылықтарын сұңғылалықпен танып-білген, қабылдап түсінген Абай поэзиясында халық тілінде қолданылмайтын жаңаша етістіктерді туындатқан. Соларды Сәбең былайша дәйектейді: мысалы: «Ақыл іздеп, ізерлеп, Бәрін сынап сандалған». Сонда түбірі «із», сонан «іздеу», «ізерлеу» өрбіген… Осы тұрғыдан келгенде Абай «соңырқап» (соны, сонарлау, соныдан, соныға дегендерден шыққан болу керек), Немесе: «Түзу бол» деген кісіге, Түзу келмес ырықтап». С. Мұқанов «ырық» деген зат есім халық тілінде етістікке айналмайтын, тек жалғаумен «ырқы, ырқының, ырқына, ырқын» деген сияқты түрін өзгертетін сөз» еді деп жазады (Сонда, 362-бет). Сонымен қатар: «Құбылға бәрі керек қой, Бәрі жайсыз тоқтауға» «Құбыл» дейтін зат есім «құбылу» дейтін етістіктен шыққандығын айтады.

  Иіні келгенде, айтудың жөні бар. Сәбең Абай музейіне Абайдың 1909 жылғы басылымын сыйлаған.

  Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың Абайдың шығармашылық өмірбаяны жөніндегі пайымдаулары ХХІ ғасырда да пайдалы.

 

СЕРІК НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Copyright © 2010-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».