Кітапханада кітап қана ма?

Жарияланған Angela 27.02.2025 Жарияланымдар |

Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасы үшін биылғы жыл бір ғасырлық мүшелтойы аталып өтпек жерлес жазушымыз Сәбит Мұқановтың девизімен басталды. Және сонымен аяқталатын да болар. Өйткені кезінде осы кітапхананың салынуына Сәбең көп еңбек сіңірді. Азды-көп беделін алдына салып, сол ғимараттың бой көтеруі үшін берісі Қазақстан, әрісі одақтық Министрлер кеңесіне өзі де талай барды, талай хаттар да жазды. Егер Сәбең болмаса, бұл облыста рухани қазынасы жинақталған киелі орын бұрынғы аядай үйшікте қала берер ме еді, қайтер еді.

Сәбең 1973 жылдың сәуірінде дүниеден өтті, ал кітапхана ғимараты сол жылдың мамырында пайдалануға берілді. Өз қолымен тұрғызғандай болған кітапхананың ашылғанын жазушының көре алмай кетуі өкінішті-ақ. Бірақ оның аруағына разы жерлестері кітапханаға Сәбең есімін берді. Ғимарат алдына қаламгердің бюстін орнатты. Ардақ тұтқан ағамыздың 80 жылдығы тұсында кітапхана ішінде жазушының әдеби-мемориалдық мұражай-бөлмесі ашылды. Бүгіндері мұнда жазушыға арналған үш кітап көрмесі жұмыс істеп тұр. Олардын біреуі – шетел тілдері кабинетінде. Онда С.Мұқановтын ағылшын, неміс, тағы басқа тілдерде жарық көрген аударма шығармалары, ол кісі туралы шетелдіктер жазған мақалалар, монографиялар, тағы басқалар жинақталған. Жаңа жылдан бері кітапханада жазушының ғасырлық тойына арналған әртүрлі бағыттағы, әртүрлі сипаттағы ғылыми-танымдық шаралар үзбей өткізілуде.

Осы шағын мысалдың өзі-ақ кітапхана дегеніңіз жай ғана кітап қоймасы емес екенін айқын дәлелдегендей. Кітапхана, егер оның басшылығы мен ұжымы өз міндеттерін дұрыс түсіне және атқара білсе, сол елді мекендегі рухани өмірдің толыққанды орталығына айнала да алады.

Петропавлдағы облыстық кітапхана тап осындай орталық деп айтсақ еш қателеспейміз. Газет-журналдарды қоса есептесек, мұндағы кітапханалық қор 1,5 миллион томға жетеді. Ал таза кітап қоры 550 мың томнан асады. Оқырмандар саны 24 мыңға жуық. Яғни Петропавлдың әр тоғызыншы тұрғыны осы кітапхананың тұрақты оқырманы.

Мұнда қазір 11 бөлім толыққанды жұмыс істеп тұр. Екі оқу залы бар. Компьютерлік кабинет өз алдына. Бүгіндері бұл кабинет «Интернетке» қосылған. Осыдан бірер жыл бұрын мұнда ашылған сирек кездесетін кітаптар мұражайы да көніл аударарлық. Ол республика бойынша ілуде бір ғана кездесетін құбылыс. Онда сонау ХҮШ ғасырда жарық көрген раритеттік басылымдар да бар.

Қазақстан егемендікке ие болғалы жұртшылық қоғамымыздың көш бастаушы «серкесі» атанған кейбіреулерден ес танарлық өрескел сөздерді аз естіп жүрген жоқ. Солардың бірі: «Кітапханасыз да өмір сүруте болады», – деген сөз. Мүмкін, солайы солай шығар. Түптеп келсек, кітапханасыз ғана емес, кітапсыз да өмір сүруге болады. Бірақ ол не қылған өмір болар еді, соны бір көзге елестетіп көріңізші. Төбе құйқаңыз бір шымыр етпесе, арқаңыздан бір суық діріл жүгіріп өтпесе, нағыз кеше болғаныңыз. Семейдегі Гоголь атындағы кітапхана болмаса, қазақта Абай деген ақын болар ма еді? Құнанбайдың болыс баласы Ыбырай болар, бірақ біз білетін Абай болмас еді. Сондықтан, ағайын, кітапхана тек кітап емес екенін әсте естен шығармайық. Сіз бен біз ғана емес, әсіресе, билік басындағылар естеріне мықтап ұстасын.

Солтүстік Қазақстан облысы.


Мұқанов М. Кітапханада кітап қана ма? // Егемен Қазақстан.-2000.-4 ақпан.

 

Copyright © 2000-2025 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».