Сәбит Мұқанов туралы сөз
Қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы, ақын, драматург, қоғам қайраткері, академик Сәбит Мұқановтың есімі ХХ ғасырдағы әдебиет әлемінің көрнекті тұлғалары қатарында құрметпен аталады.
Сәбит Мұқановтың балалық шағы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл өңірінде өтті. Жастық шағында Омбыдағы мұғалімдер курсында, Орынбордағы жұмысшылар факультетінде, Мәскеудің қызыл профессура институтында білім алған.
Бірнеше жыл қатарынан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы (1936-1937, 1943-1951), Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшесі (1958-1969), Араб елдерімен Достық және мәдени байланыстар қоғамы Қазақ бөлімшесінің төрағасы (1965-1969)қызметтерін атқарды.
Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасы (1928), «Адасқандар» (1931), «Жұмбақ жалау» (1938), «Балуан-Шолақ» (1941), «Сырдария» (1948), «Өмір мектебі» (1953) роман-трилогиясы, «Аққан жұлдыз» (1967-1970) роман дилогиясы тек қазақ оқырмандарының ғана емес, шетелдік әдебиет сүйер қауымның да ыстық ықыласына бөленген шығармалар. Ал ғалым Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932), «ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан очерктер» (1941), «Жарқын жұлдыздар» (1966), «Халық мұрасы» (1974) атты еңбектері уақыт өткен сайын өзінің ғылыми құндылығын арттыра түсуде.
1978 жылы Алматыда С. Мұқановтың 1965-1973 жылдары тұрған үйінде әдеби-мемориалдық музей ашылған болатын. Содан бері музей-үйі ширек ғасырға жуық уақыт халыққа қалтықсыз қызмет көрсетіп келеді. 1999 жылы С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің музей-үйлері әкімшілік-басқару жағынан біріктіріліп, қазір «С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені» деп аталады.
2000 жылы – Сәбит Мұқановтың, 2002 жылы – Ғ. Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО- ның қолдауымен аталып өтілгені – қазақ әдебиетінің, мәдениеті мен өнерінің үлкен мерейі деп білеміз.
С. Мұқановтың 100 жылдығына орай Қазақстанда бірқатар мәдени жұмыстар атқарылды. Жазушының музей-үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы жаңартылды. Алматыдағы С. Мұқанов көшесінің бойындағы скверде жазушыға ескерткіш-мүсін орнатылды. Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалы драма театрына жазушы есімі берілді. Туған аулындағы орталау мектеп те С. Мұқанов атын иеленді. Астанада, Петропавлда, Бішкекте жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған үлкен ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, оның материалдары жеке-жеке кітап болып жарық көрді.
Жазушының 16 томдық шығармалар жинағы жетпісінші жылдары жарық көрсе, енді мерейтойына байланысты қабылданған Үкімет Қаулысымен шығармаларының 10 томдығын шығару қолға алынуда. 2001 жылы С. Мұқанов туралы естеліктер кітабы толықтырылып, жаңарып, екінші рет жарық көрді.
«Адасқандар» атты романы 1931 жылғы, алғашқы нұсқасы бойынша Астанадағы «Елорда» баспасынан, «Балуан Шолақ» аңыз романы Қытайдағы «Шыңжаң» баспасынан, ал «ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан очерктер» атты ғылыми-зерттеу еңбегі 60 жылдан соң Алматыдағы «Арыс» баспасынан қайта жарық көрді. Кеңес өкіметі кезінде жазушының бұл кітабы байшыл, ұлтшыл ақын-жазушыларды мадақтады деген сылтаумен назардан тыс қалдырылған болатын.
Музей кешені ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2002 жылы 28 ақпанда Алматыдағы «Ғалымдар үйінде» «С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов – қазақ әдебиетінің классиктері» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырды. Осы тұста «Өмірбаяндық өрнектер – Автобиографические эскизы» атты қызықты кітапты құрастырып, конференцияға қатысушыларға тарту етті. Конференция материалдары да кітап болып шықты.
С.Мұқанов туысқан елдер әдебиетінің шын жанашыры болып, белгілі қаламгерлермен қоян-қолтық тығыз творчестволық қарым-қатынас жасаған жазушы. Оның кітаптары әлем халықтарының тіліне аударылған екен. Музей қорында сақталған хаттар мен телеграммалар, кітаптардағы қолтаңбалар шертер сырлар да әр алуан. Біз орыс жазушылары Алексей Толстойдың, Самуил Маршактың, Леонид Леоновтың, Александр Фадеевтің, Анатолий Ивановтың, Галина Серебрякованың, Федор Панферовтың, Алексей Брагиннің, Петр Проскуриннің, украин Максим Рыльскийдің, Дмитрий Гриньконың, Вадим Собконың, қырғыз Шыңғыс Айтматовтың, Түгелбай Сыдықбековтің, литван Ионас Шимкустың, Эдуардас Межелайтистің, белорусь Петрусь Бровканың, азербайжан Сүлейман Рагимовтың, ұйғыр Зия Сәмәдидің, өзбек Мирмухсин мен Ғафур Ғұламның, башқұрт Сайфи Құдаштың, авар Расул Ғамзатовтың, татар Мұстай Кәрімнің,, т.б. Сәбит Мұқанов туралы жылы лебіздерін, достық көңілдерін, бауырмал ыстық ықыластарын әрдайым еске алып отырамыз.
Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР ҰҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет институты, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектерін, әдеби мол мұрасын насихаттауда көп жұмыстар жүргізе бермек. С.Мұқанов шығармалары қазірдің өзінде ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға батыл қадам басты деп сеніммен айта аламыз. Оның өмірі мен шығармашылығы мектеп және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енген. Жекелеген кітаптары Қазақстан және шетелдік баспалардан қайта басылып шығуда.
Осы ретте Мәскеуде, Сәбеңнің талай достарымен қауышқан осынау қара шаңырақта – қазіргі Халықаралық жазушылар одақтарының бірлестігі үйінде ұйымдастырылған Сәбит Мұқановты еске алу кешіне шақырғандарыңызға ілтипатты рахметімді айтамын.
2003 ж.
Қайырбеков, Ә. Сәбит Мұқанов туралы сөз /Ә. Қайырбеков //Тұлғалар тағылымы.- Алматы: «Айғаным», 2014.- Б. 42-45
Сәбит Мұқанов
Сәбит Мұқанов
Көп жыл әдебиет оқып, қаламгерлердің өздерімен араласта болып, кітапқұмар халықтың көңіл күйін аңғара жүріп, мен Сәбит Мұқановтай есімі елге кең жайылған жазушыны естіген емеспін. Бала кезімізден Сәбиттің өлеңдерін жаттап өстік, «Сұлушаш», «Жұмбақ жалау» («Ботакөз»), «Балуан Шолақ», «Менің мектептерім» («Өмір мектебі»), «Сырдария» романдарын оқумен әдеби сауатымызды аштық.
Солар арқылы өзіміз көрмеген, көрсек те дәл сондай сезінбеген өмірдің қат-қабат шындығын, оның көркем бейнесін танып, риза болыстық. Сәбеңнің халықтың әңгімешілдік дәстүрінен бастау алатын стилі, ауыз әдебиетіндегі шытырман оқиғаларды құрастырудан ауысқан сюжет құруы мен оны дамытуының қызықтылығы оның кітаптарын бас алғызбай оқытатыны және жазушы халықтығының терең жатқан бір тамыры екенін де аңғартқандай болатын. Жалаңаш батырақтың ішінен шығып, жаңа өмір үшін күреске ерте араласқан, бүкіл кітаптары езілгендер мен қарапайым халықтың рухы мен арман-мүддесінен туындаған жазушының күрескер бейнесіне де тәнті болатынбыз. Оны көру, араласу, әңгімесін тыңдау біздің түсімізге де кірмеген арман еді.
Сол арманымның ойда-жоқта орындалып, Сәбең сияқты «Алыпты» (Ғабит о кісіні «Алыптар тобына» қосқан) көріп, іні-бала болғаным үшін тағдырыма мың мәртебе рақмет айтсам да артық емес. Бәрі менің соғыстан кейін оқу іздеп, Алматыға келуімнен басталды. Отан соғысы кезінде мектеп бітірумен тоқтап, елде жұмыс істеп қалған мен соғыс аяқталысымен-ақ оқуды армандай бастадым. Әкем марқұм әскерге алынып кетуімнен қауіптеніп, мектепте мұғалім болып жүрген жерімнен ішкі істер жүйесінің қызметіне ауыстырып жіберген болатын. Олар мені босатпай, босатса өз жүйесінің оқуына жібергісі келіп, біраз әуре етті де, мен қайта-қайта мазалап, арыз жаза берген соң, 1947 жылы жазда босатуға уәде етті. Басшылықтың уәдесін алған соң, екі жылдай алмаған демалысым бар еді, соны пайдаланып оқудың жайын барлап қайту үшін мамыр айында Алматыға келдім. Түскен үйім – Мәжит Сейфуллиннің (Сәкеннің інісі) үйі. Алдында Алматыда болып кеткен әкем сол үйдің мекен-жайын берді. Мәкең де, әйелі Әмина да қонақжай, көңілдері ашық, елден алыс жүрсе де, араласын үзбеген, бір жайдары жандар еді. Мәкең мені ҚазПИ-ға ертіп барып, оқуға түсудің жайын ақылдасты, бірде өзі, бірде үлкен ұлы Орынбекті қосып беріп, қаламен таныстырды. Күн демалыс. Мәкең екеуміз базар аралап, бір көшемен (қазіргі Зенков, бұрынғы Пролетар көшесі) көтеріліп келе жатыр едік, тұсымыздағы бір қабатты шағын үйдің терезесі қағылды. Қарасақ, терезенің ар жағында біреу Мәкеңді танып, қол бұлғады. Таядық.
– Сәбит қой, Сәбит Мұқанов. Білетін бе едің? – деді Мәкең. – Білгенде қандай! Кітаптарын оқығам. Іштен Сәбең шықты. Дәл өзі. Мен көрген суреттен айнымайды. Көзіме жылы ұшырап кетті. Мәкеңмен шүйіркелесіп амандасып, хал-жай сұрасты. Мәкең: – Мына бала елден келген еді. Сонымен базар аралап келе жатыр ек, – деді. Ал, Сәбең: – Таяуда «Сырдария» деген роман бітіріп едім. Соны машинкаға бастырып жатырмын. Үй тар, бала-шаға бар, кеңсеге келіп жұмыс істеп отыр едім. Сені көріп, амандасайын дегенім ғой, – деді. Кеңсенің «Жазушылар одағы» екенін мен сонда барып аңғардым. Екінші рет Сәбеңді күзде Жастар мен балалар театрында өткен жас жазушылардың кеңесінде көрдім. Оқуға түсіп, қаламен, институт өмірімен таныса бастаған кезіміз. Әдебиет үйірмесінің бір жиналысына тыңдаушы боп қатысқам. Жас жазушылардың кеңесі болатынын сонда естіп, жоғарғы курс студенттеріне еріп барып, тыңдадым. Сәбең баяндама жасады. Баяндама жасап тұрып, бір сөздің орысшасын іздеп: – Әй, Қайнекей, орысшасы қалай еді, айтып жіберші, – дегені есімде. Қайнекей: – Әне, Ғабең отыр. Баяғыда сізге достобрен жазып берген, сол кісі біледі, – деп, басқа жаққа сілтеп жіберді. – Әй, Ғабит, сен бар екенсің ғой. Баяғыда достобрен де жазып беріп ең. Айтып жіберші, – деді Сәбең. Жұрт мәз боп күліп жатыр. Үзіліс кезінде Сәбеңнің жиналған елдің ортасында күліп, әңгіме айтып, мәз болып тұрғаны көз алдымда қалыпты. Одан кейін театрда көрдім. Сол жылы қазан мейрамының құрметіне Опера және балет театрында «Төлеген Тоқтаров» операсы қойылып, бір топ студенттер соған барсақ, Мұхтар, Сәбит, Ғабиден үшеуі сонда екен. Үшеуінің де тұлғасына, кесек кескіндеріне қарап, риза болыстық. Үзіліс кезінде үшеуі әңгімелесіп, вестюбльде айналып жүрді. Біз де екі-үш бала қызықтап, әңгімелеріне құлақ тосып, арттарынан ере жүргенбіз. 1948 жылдың күзінде ҚазПИ-дің 20 жылдығына байланысты институтта ақын-жазушылардың үлкен бір тобы қатысқан кеш өтті. Оны әдебиет үйірмесіне қатысып жүрген студенттер өздері ұйымдастырған. Кешті Қажым Жұмалиев ашып, сөзді Сәбит Мұқановқа берген. Ол кісі – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы. Қатысып отырған ақын-жазушыларды таныстырып, өзі ҚазПИ жөнінде сөз сөйледі. Сонда 30-жылдардың аяқ кезінде ҚазПИ-де істегенін айтқан. Ал жазушымен тікелей кездесу институтта 1949 жылы ұйымдастырылды. Оған ұстаздарымыз Қажым Жұмалиев, Қайнекей Жармағамбетов қатысып, Сәбең шығармашылығы жайлы сөз сөйледі, жоғары курстың бір-екі студентін сөйлетті. Ақырында сөзді Сәбеңнің өзіне берді. Өзі жазушылық еңбек жайлы, шығармаларының жазылу тарихы жайлы айтты. Менің есімде «Ботакөздің» қалай жазылғаны, материалдарын қалай жинағаны, Сайын болыстың тарихы жайлы әңгімелері қалыпты. Образдардың прототипі жайына тоқталды. Асқарды Әліби Жангелдиннен алдым деп, Әлібидің кім екендігін, революциялық еңбегін біраз әңгімеледі. 1951 жылы институт бітірген соң, мен Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Әдебиет және искусство» журналына ауыстым. Редакция Жазушылар одағы үйінің ішінде. Біздің редакторымыз босап, орнына адам келмей, кабинеті біраз уақыт бос тұрды. Осы кезде өз кабинетінде жөндеу жұмысы болып, Сәбең осында отырып жүрді. Сәбеңмен жақын келгенім, тілдескенім, танысқаным осы тұстан басталды. О кісінің адамды өзіне тартып тұратын қарапайымдылығы, кішіпейілділігі, арасында әзілдеп қойып, өзі де қызығып айтатын әңгімешілдігі, қалбалақтаған мінезі бізді бірден баурап әкетті. Бір күні сырттан кірсем, «Әй, Серік, сен мен екенімді айтып қойып жүрме, бір жас келіншек телефон соқты, келін болуы керек, мен аздап әзілдеп жібердім» деп өзі мәз боп күледі.
Бұл бір қиын кезең еді. Қазақстанда «Ұлтшылдыққа қарсы күрес» науқаны басталған. 1946 жылғы партияның «Ленинград» және «Звезда» журналдары туралы» қаулысынан бастау алған бұл науқан біздің республикада өзгеше бір қарқынмен өрістеді. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті «Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» қаулы (1947) қабылдады. Ж.Шаяхметов республикалық активте сөз сөйледі. Оның аяғы «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік тұрғыда баяндалсын» атты мақаласына (1950) ұласты. «Ұлтшылдықты» әшкерелейтін мақалалар ұйымдастыру жедел қолға алынды. Сәбең осы кезде Жазушылар одағын басқаратын. Өзі де сынға ұшырап, біресе кітаптары, біресе одақтағы басшылық қызметі мінелумен жүрген. Бір күні Орталық Комитетке барып келді де, бізді, бір топ жас әдебиетшілер мен сыншыларды жинады. – Әй, жігіттер, қызық болып жатыр. Партия «ұлтшылдарды» табыңдар, әшкерелеңдер дейді. Әбділда, Қасым, Қалижан үшеуіне ерекше шүйлігуде. Сендер жассыңдар, осы тұста партияға көмектеспесеңдер болмайды, – деді. Қолына қарындаш алып, кімнің қай тақырыпқа, қай газетке мақала жазатынын нақтылап, өзі жазып отырды. Жасынан жоқшылықта өсіп, Совет өкіметі мен Коммунистік партияның қамқорлығымен білім алып, еңбек жолын, жазушылығын бастаған Сәбит партия сөзі, партиялық шара дегенге «так» тұратын. Партия ұранына еріп, 20-жылдардың өзінде Қазақстандағы «ұлтшылдыққа» қарсы батыл күрескен. Бірақ бұл жолы бұрынғыдай белсенділігі байқалмайды. Сірә, «ұлтшылдық» бар дегенмен, сынның ұсақ-түйекті термелеп, кінә іздеуге бет бұрғанын сезетін де болар (өзі де сыналып жүрді ғой), тапсырма алған соң, амал жоқ, мақалалар ұйымдастыруға мәжбүр адам сияқты көрінді. Бірақ онымен құтылмады. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті Жазушылар одағының жұмысы жайлы арнаулы қаулы алды да, Сәбитті орнынан босатты. Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып партия қызметкері Ә.Жаймурзин сайланды. Одақ басшысы жазушы болуға міндетті емес, ол одақта партиялық тәртіп ұйымдастырушы болуы керек деген сталиндік принцип (Щербаков, Поликарповтар одақтық жазушылар ұйымын басқарған) Қазақстанда да іске асты. Кейін бұл Қырғызстан мен Түркменстанда да қайталанды. Әрине, жазушылардың ішкі жағдайын, психологиясын, шығармашылық адамының сыры мен күйін білмейтін адамға олармен жұмыс істеу оңай емес еді. Әбекең (Жаймурзин) бұл қиыншылыққа кездесті де. Сөйте жүріп, адал қызмет істеуге тырысты. Аз уақыт істеп, жазушылармен қарым-қатынасын бұзып алмай тұрғанда, аман-сау Мәскеуге оқуға кетті. Мен Әбекеңнің ақылдылығын осыдан көрем. Сөйтіп, 1954 жылы бұл орынға Ғабиден Мұстафин отырды.Қызметінен кеткеннен кейін Сәбит «ұлтшылдықты әшкерелеу» ісіне араласқан жоқ. Тек әділетсіз сын шоқпарынан өз басын арашалаумен жүрді де, республика басшылығы өзгергенмен, кейін әдебиеттің қадірлі ақсақалдарының қатарында сыйлы өмір сүрді. П.К.Пономаренко, Л.И.Брежневтер ақсақал жазушыларға үлкен құрметпен қарады. Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден – төртеуі де Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Бұлардан басқа бір орыс жазушысына (Д.Снегин), Жазушылар одағының екінші хатшысына (Ә.Тәжібаев) депутаттық орын берілді. Алдыңғы төртеуі өздері өмірден кеткенше депутаттығынан айырылған жоқ, кейінгі екі орын қызметіне қарай басқа адамдармен алмасып тұрды. Жоғарыдағы төрт ақсақал жазда министрлермен қатар, Министрлер Кеңесінің екінші демалыс үйінен саяжай алып пайдаланды. Ал қалған жазушылар үшін үкімет екі ағаш үй (төрт бөлмелік төрт пәтер) салып берді. Ол да бір қызық дәурен екен ғой. Жаз бойы ағалармен араласып, сол демалыс үйін басымызға көтеріп жатушы ек. Балаларымыз да сонда өсті. Сәбеңмен отбасылық араласымыз да осы демалыс үйінен басталды. Сәбең керемет әңгімешіл кісі еді. Әңгімені өзі де қызығып айтады, тыңдаушысын да елітіп отырады. Қиялы күшті адам қызығып отырып қосып жіберетін әдеті де болатын. Демалыс үйінің асханасынан тамақтанып шыға бере, Сәбең есік алдындағы ұзын орындыққа жайғасады. Елдің бәрі апыр-жапыр жиналып, сол кісінің әңгімесін тыңдайды.
– Әй, сен де отыр, – деді бір күні асханадан шыққан маған. – Мен сендерге Мағжанның Алматыға келуін айтып берейін. – Мәскеуде, қызыл профессорлар институтында оқып жүрген кезім еді, – деп бастады әңгімесін Сәбит. – Мәриям, бір кішкене балам бар – үшеуміз. Бір күні кешке жақын – апақ-сапақта елдің бір жігіті (Сәбең атын айтып еді, ұмыттым) жетіп келді. Оны-мұныға ұрынғыш, бірнеше рет сотталған адам болатын. Мен қалай тауып келгеніне қайран қалып едім. – Ой, горсправка бар емес пе? Кімнің қайда тұратынын тез тауып береді? – деді. Мен оның қайдан келе жатқанын сұрадым. – Бір жұмысты болып, солтүстік лагерьде болып едім, содан босанып келем. Тамақ үстінде әңгімелесіп отырып: – Лагерьде қазақтар болды ма? – деп сұрадым. – Болды. Мағжан Жұмабаев бар. Мен ойланып қалдым. Мағжанды жақсы білем. Бала кезімде мен оқыған курста сабақ та берген. Күшті ақын. Бірақ Кеңес өкіметін мойындамай, оған наразылығын жырлаумен өтті. Сотталғанын естіп ем, қайда екенін бірінші рет біліп отырмын. Ертеңіне мекен-жайын сұрап алып, Мағжанға хат жаздым. Хаттың мазмұны сол кездің ұғымынан туған. Мен үш қоғамдық құрылыс тұсында шыққан үш үлкен ақынды білем. Олар – феодалдық дәуірде шыққан Абай, буржуазиялық дәуірде туған Мағжан, пролетариат дәуірінде шыққан Сәкен… – дей келіп, сізді біз жақсы білеміз. Қашанғы қыңыр тарта бересіз, қоғам дамуының беталысы сіздің ойыңыздан шықпағанын көріп жүрсіз. Жаңа өмірді қабылдап, бетті беріге бұрыңыз, талантыңызды қор қылмаңыз, – деп жаздым. Мағжаннан жауап болмады. Келесі жылы оқуымды бітіріп, Алматыға келдім. Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайландым. Бір күні Мағжаннан хат алдым. «Сәбит қарағым, хатыңды алып едім, кезінде жауап жаза алмадым. Енді босанып елге келдім. Бір мектепте сабақ берем. Ол да тұрақты емес. Қашанғы шетке қаға бересіңдер. Көп уақыт өтті, көп су ақты дегендей… мені орталарыңа алмайсыңдар ма?» деп жазыпты. Хатты Сәкенге көрсеттім. Ол: «Мұны басқа ешкім шеше алмайды, бірден Л.И.Мирзоянға бар» деді. Осы жерде тыңдап отырған Мұхамеджан Қаратаев сөз қосып: – Мен сіздің хатшыңыз едім ғой, Сәбе, әуелде Садық Нұрпейісовке барып едіңіз ғой, – деді. Сәбең оның түзетуін қабылдады да: – Садық оны шеше алмады. Ол да Мирзоянға сілтеді, – деді. Сонымен, сұранып, Мирзоянның қабылдауына бардым. О кісі кішіпейіл, төрешілдігі жоқ адам еді, тез қабылдады. Мен хат туралы, Мағжанның сөзі туралы толық айтып түсіндірдім. Әңгіме үстінде Ораз Исаевты (Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы) шақырып алды. Сонсоң шешімін айтты: – Шақырыңдар. Біраз қорлық көрді ғой, ойланған болар. Беті бері қараған шығар. Бірақ, естеріңде болсын, ол – жаңа өмірді мойындамаған адам, әрі қарайып қалды. Сендерге жаңа шығарма жазып бере алмайды. Классикалық әдебиет үлгілерінен аударма жасатып алсаңдар да пайда… Қазір онда ешқандай жағдай жоқ. Үй беріңдер, баспамен келісіп, аударма жасауға шарт жасасып, аванс төлеңдер, сөйтіп көмектесіңдер, – деді. Осы уәдемен шықтық.
Ораз «Кеңестер үйі» деп аталатын қонақүйінен екі бөлме беруге әмір берді. Барып, кілтін алдым. Баспа өзі келген соң шарт жасасып, ақша беретін болды. Мен телеграмма беріп шақырттым. Бір күні «келе жатырмыз» деген хабар да келді. Ол кезде машина жоқ, ат-арбамен барып, 1-Алматы вокзалынан күтіп алдым. Пойыздан түсті, қасында әйелі Зылиха бар. Сәбең Зылиханы ұнатпайтын. – Мен сыйлайтын ақындардың ішінде екі адамның әйелі маған ұнамады, бірі – осы, – деді. Екіншісін де айтып еді, ұмыттым. Мағжанның бақытсыздығын осы әйелден көретін. – Мақа, – дедім күтіп алып тұрып, – үйіңіз дайын. Кілті менде, бірақ иесіз үйге барып түспейсіз ғой, біздің үйге барайық. Ертең апарып салам. – Сәбит қарағым, інімдейсің ғой. Қолымда оқып та едің. Өкпелеме, мен сіздің үйге бармаймын. Мен Сәкенге барайын. Бірге өсіп, бірге оқып ек, заман екеумізді екі жолға салды ғой. Ол жеңді, мен жеңілдім. Сәкеңнің аяғына жығылайын, – деді Мағжан. Егіліп тұрып айтты. Жасып қалыпты. Аяп кеттім. Бірақ Сәкенге бірден алып баруға бата алмай, «қазір, тоса тұрыңыз» деп, телефон соқтым. Сәкен: – Алып кел, – деді ойланбастан. – Біз келсек, – деді Сәбең әңгімесін әрі жалғастырып, – Сәкен үйіне сыймай, үстіне қара костюм, ақ көйлек киіп, галстук тағып, таранып, бағының ішінде әрі-бері жүр екен. Екі қолы артында. Келген бетте Мағжанға құшағын жая ұмтылды. Екеуі де көзіне жас алысып, құшақтасып амандасты. Сол кешті Сәкен үйінде өткіздік. Ас үстінде, әңгіме арасында болса да, өткен өмірлерінің өкпелі жақтары, айтыс-тартыстары жайлы бір ауыз сөз айтылмады. Көңіл көтерерлік әңгімелер ғана болды. Біз Мағжанды осылай қарсы алғанбыз, – деді Сәбең әңгімесін түйіндеп. – Кейін не болды? – деп сұраймын мен, Мағжанның кейінгі тағдырын білгім кеп. – Кейін біз ойлағандай болмай қалды. 1937 жыл келіп араласты. Сәкен ұсталып кетті. Мағжанның соның алдында Сәкен үйіне түнделетіп барып қонақ боп кеткенін, Сәкеннің ақшалай көмек бергенін артынан естідім.
– Мағжанды соңғы рет қашан көрдіңіз? – Күнде жиналыс, күнде әшкерелеу. Сәкен, Бейімбет, Ілияс ұсталған соң, маған шүйлікті. Жазушылар одағында үлкен жиналыс болды. Орнымнан алды. Партиядан шықтым. Енді қашан ұстап әкетеді деп күтумен жүрдім. Кешке қарай үйге кіруге жүрек дауаламайды, шам жақпай, апақ-сапақта верандада отыр едім, біреудің біздің үйге беттеген сұлбасы көрінді. Әуелде ұстауға келе жатқан адамдар ма деп шошып қалсам да, артынан жай адам екенін аңғардым. Мағжан екен, қарсы шықтым. – Сәбит, қарағым, – деді Мағжан, – бәрін де естідім. Сорым арылмаған адаммын ғой, мені шақырғаның да саған таяқ боп тиіпті. Кешірім сұрайын деп келдім, – деді ол. – Онымен сөйлесіп тұратындай жағдай менде жоқ еді. Қоштасты да іңір қараңғылығына кіріп жоқ болды. Содан кейін мен Мағжаннан көз жазып қалдым. Өлі екенін де, тірі кеткенін де білмеймін.
Сәбең әңгімесі көп. Бірінен бірін сабақтап, арасында әзілін айтып, күліп қойып жалғастыра береді. Біз Сәкен, Бейімбет, Ілияс туралы сұраймыз. Олардың еңбектері емес, адамдық, жолдастық қарым-қатынастарын білгіміз келеді. – Мен олармен жолдас болып көп жүрдім. Жолсапарларға да бірге шығып көрдік. Ақкөңіл, қолы ашық, далақтап Бейімбет ылғи алда жүретін, мейрамханаға тамақ ішуге барсақ та, алдымен сол төлейтін. Есепсіз еді. Одан кейінгі далақбайы – мен. Ал, Сәкен мен Ілияс мөлшерден аспайтын. Кеше сен қаншаға қонақ қылсаң, бүгін сондай ғып сыйлайтын. Бұл, әрине, сараңдық емес, есепке жүйріктік, – деп күліп қояды Сәбең. Сәкен қасында көп болған Сәбең оның серілік өмірі жайлы да әңгіме шертеді. – Сәкен қызық еді, сезімнің адамы ғой, қыздардың кейде өзін емес, бір мүшесін көріп қызығатын. Мынаның аяғы, мынаның мықыны жақсы екен деп отыратын. Гүлбаһрамның да әуелде Сәкенді қалың ұзын шашы – бұрымы қызықтырған ғой. Сәкен – адамның сұлуы еді. Тұла бойындағы бір міні – аяғы қисықтау болатын. Соны білдірмеймін деп, кең шалбар, қыста қазақы етік киетін. Осылармен қатар Сәбең халық арасындағы күлкілі әңгімелерді, әр кезде өзі көрген, куә болған оқиғалардың қызғылықты жақтарын теріп айтады. Демалыс кезінде көңіл көтеру үшін көңілді әңгімелерді әдейі айтатын да сияқты. – Мен сендерге бір жегіш туралы әңгіме айтайын. Ол бала кезінде өзі көрген бір ет жегіш мешкей жайлы әңгіме шертеді. Оны Торсан бай құдасына ертіп барып, ту биесін жегізеді. Торсанның қасында мешкейі бар деген соң құдасы ту бие сояды. Биені сойған жерге барған мешкей оның өздеріне арналып сойылып жатқанын естіп, «бізге арнасаңдар, аспай-ақ қойыңдар, мен оны шикі жеймін» деп, аздаған тұз септіріп, шикідей жеп тауысыпты. Құдасы Торсанға асатын еті болмай, басқа мал сойыпты. «Сол жегіш, – дейді Сәбең – біздің ауылда бір шошқаны жалғыз жегенін көрдім. Қатар жатқан орыс селосының бір шошқасы біздің ауылға кіріп кетіпті. Одан шошынған бір қазақ мылтығын алып атып тастапты. Ел жиналып, орыстар іздеп келсе, қырып кетеді деп қорқып, шошқаны жерге көміп тастамақ болады. Оны көрген жегіш: «Орыстар оны бәрібір тауып алады, ақысын берсеңдер мен жеп қояйын» депті. Қазақтар соған келісіпті. Әлгі жегіш шошқаны түгел жеп, терісі мен бас-сирағын өртеп жібереді». Сәбең күліп қойып, мәз болып өзі де осыған сеніп айтады, бізді де сендіреді. Жазушы адам ғой, жегіштің майды шикідей сорғанын суреттеп айтқанда, өзі тамсанып қызықтағанмен, тыңдаушының жүрегін айнытпай қоймайды. Бірде Сәбеңнің Маңғыстауға депутат болып барып, жоғалып кеткенін сұрадым. – Ой, ол бір қызық, – деді Сәбең. – 1947 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне Маңғыстаудан депутаттыққа ұсынылдым. Сайлау алдындағы кездесуге бардым. Аудандық партия комитетінің хатшысы қарсы алды. Үйіне алып барды. Жаздың күні, ыстық, үйі салқын, терезелерін қараңғылап қойыпты. Шай ішіп болған соң: – Ал, Сәке, демала тұрыңыз. Мен жиналысты ұйымдастыру жағын реттеп келейін, – деп кетіп қалды. Маған үйінің төргі бөлмесіне төсек салып берді. Қисайып жатып ем, ұйқым келмеді. Есіктің алдына шықтым. Ұзынша орындығы бар екен, отыр едім, өтіп бара жатқан бір егде адам бұрылып, сәлем берді. Мені таныды. Жөн сұрасып, сол жердің адайы екенін, ауылы аудан орталығынан сәл сырттау, құм ішінде екенін айтты. Сәбең соған еріп, әңгімемен ауылына келгенін бір-ақ біледі. Ауыл адамдары Сәбеңді танып, бір үйге кіргізіп, мал сойып, ел жиналып, мәз болысады. Әңгіме-дүкен құрады. Аупартком хатшысы жиналысты ұйымдастырып, ертіп барайын деп үйіне келсе, Сәбит жоқ. Әйелі: «Жаңа бір әзірде сыртқа шығып еді» дейді. Олай іздейді, бұлай іздейді. Милицияға хабар береді. Депутат жоқ. Сасқан аупартком хатшысы облысқа, Гурьевке хабар береді. Олар «табыңдар» деп бұйырады. Ақыры милиция ауданның сырт жағындағы ауылдарға шығады. Барса, бір үйде толған халық ортасында мәз болып әңгіме айтып отырған Сәбитті табады. Күлкілі болғанмен, бұл әңгіме Сәбеңнің халықтығын, қарапайымдылығын, көп ішіне сіңімділігін танытатын шынайы шындыққа толы. Сәбең әңгімелерінен оның өмірді терең білетіні, адамдарды керемет танып, образға айналдырып суреттей отыратыны, көргенін ұмытпайтын, бәрін де жадында сақтайтын ұқыптылығы білініп тұратын. Оның қарапайым адамдар ішінде досы көп болатын, бірге өскен құрдастарын ерекше сыйлайтын. Кейін үлкен жазушы болған кезінде өзін күтіп алып, қонақүйден орын дайындағандарға көнбей, ескі бір досының үйіне түскенін бір естеліктен оқыған едім.
– Мен үлкен болдым деп, оның үйіне түспесем, достығым қайда? – депті Сәбең. Сондай жас кезінде бірге болып, қиын күндерді бірге өткізген достарының бірі Телібайдың Сарысы еді. Біздің елдің жігіті, бізбен құдандалығы бар. Сары Алматыға келген сайын Сәбең үйіне соқпай кетпейтін. Өзімен де, Мәкеңмен де әзіл-қалжыңдары жарасқан құрдас еді. Қызылжар байларының бірінде жалшы боп жүрген Сарыны Кеңес өкіметі келген кезде Сәбиттер босатып, сауат ашу мектебіне беріп, партияға түсіріп, кеңес жұмысына тартқан. Бірі елде, бірі Алматыда жүрсе де, ара қатынастары үзілмеген достар еді. Ол жөнінде, Сарыны іздеп Жаңарқаға барғаны жайлы Сәбең «Сарыарқада» (1956) атты очеркінде жазған. – Әй, Серік, – деді бір күні Сәбең телефон соғып. – Мен Арқа жағын аралап қайттым. Сенің еліңе бардым. Сарыны білесің ғой, қонақ болдым. Сол жолсапарым жөнінде бір очерк жазып ем, саған жіберем. Ол кезде мен «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі едім. – Мақұл, Сәбе! Очерк кешікпей газетте басылды. Сондай жас кезінде бірге өскен достарының бірі – атақты ақын Жақан Сыздықов болатын. Үлкен, кіші кезінің бәрінде де онымен қатынасын үзген жоқ. Өмірінің соңғы кезінде Жақан аздап ішімдікке салынып, шығарма жазуын әлсіретіп алды. Соның өзінде Сәбит одан қол үзбей, ақыл-кеңесін, көмегін аямады. Екеуінің арасында болған бір күлкілі әңгімені мен Жақанның -аузынан естіп едім. – Мен көп уақыт үйсіз жүрдім, – дейді Жақан. – Бір бөлмелі ескі үйде тұрдым. Қыста суық. Сәбит – одақтың төрағасы. Үй алып берем деп уәде жасаған. Бірақ көпке дейін ойын іске асыра алмай жүрді. Алматыда салынып жатқан үй де аз. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Бір күні үйге келсем, пеш тартпай, үй ішін түтіндетіп, Қатира ренжіп жүр екен, мені көріп сөйлей бастады. – Үлкен ақынсың, Сәбитпен доспын дейсің, сол Сәбитіңнің қолынан келмей ме, әдейі істемей жүрген шығар! Жолдастарыммен аздап ұрттап келіп едім, шыдамай шығып кеттім. Одаққа келсем, Сәбит жоқ екен. Есіктің алдында бір жігіттермен бөгеліп, баспалдақтың үстінде тұр едім, Сәбиттің машинасы қораға кірді де, ішінен шыққан ол бізге қарай беттеді. Баспалдаққа аяғын сала бере, ентелеп, елпелектеп: – Ә, Жақан, амансың ба? – деп қолын соза бергенде, жоғарыдан тұрып ішке теуіп қалдым. – Еһ, дұрыс! – деді де өтіп кетті. Тұрған жұрттың бәрі аң-таң, маған қарайды. Менің оларға қарайтын бетім жоқ. Сәбит – одақтың төрағасы, Жоғарғы Кеңестің депутаты, Орталық партия комитетінің мүшесі, атақты жазушы. Соны ішке теуіп қалғаным есіме жаңа түсті де, жылап, теріс айналып жүріп кеттім. Үйге келіп, Қатираға не істеп келгенімді айттым да, жатып қалдым. Ол одан сайын ренжіді. Таңертең тұрып, шай ішіп отыр едім, үйге Сәбиттің машинасымен Фаина Иосифовна (Жазушылар одағы іс басқарушысы болып істейтін) келді. – Сабит Муканович шақырады. – Мені тегін шақыртпаған болар, кешегі ісім үшін түрмеге жіберетін шығар, – деп, Қатирамен қоштасып кеттім. Фаина Иосифовна бірден Сәбиттің кабинетіне кіргізіп жіберді. Кірсем, Сәбит төмен қарап, бір қағаз жазып отыр екен, әлден уақытта басын көтеріп, маған қарады да, амандаспастан: – Жақан, осы сен кеше не істедің? – деді. Айтар жауабым жоқ, ағыл-тегіл жыладым. Сәбит мені жұбатып әуре. Әлден уақытта көз жасымды тыйып, кешірім сұрадым. «Қу арақтың қырсығы ғой» деп басымды көтерсем: – Ей, Жақан-ай, сен кетсең мені ішке тебетін адам да болмайды ғой, – деп, Сәбитім өзі қоса жылап отыр. Жақан осыны айтып, Сәбитке қадірінің барлығын мақтан етеді. Досының адалдығына, қарапайым, ақкөңіл, сезімталдығына ризалық білдіреді. – Әй, Жақан, есіңде ме, – деді де, ескі бір кітаптағы өлеңдерді жатқа айтты. Сонсоң тұрып: «Мен бала кезімде жаттаған жырларымды әлі ұмытпаппын. Бүгінгі ақындардың бір жол өлеңі де есімде жоқ. Бұл қалай? – деп маған қарады. Мен: – Сен ескішілсің, жаңаны әлі бойыңа сіңіре алмай жүрсің, – деп қалжыңдадым дейтін. Мұнда да оған батыл айта аламын деген мақтаныш бар. Соның бәрін ол ескі достығынан деп түсінетін. Екеуі әдеби қызметін бірге бастап, Қызылжарда (Петропавлда) облыстық газетте бірге істеген ғой. Сол қатынастары үзілмеген қалпында кетті. Сол кезде Солтүстік Қазақстанда бірге өсіп, әдебиетке бірге келген Жақан тектес достары Мәжит Дәулетбаев, Ғалым Малдыбаевтар да жас мөлшерлері шамалас болғанына қарамай, Сәбитті ұстаз тұтатын. Ол шын мағынасындағы ұстаз еді ғой. Жаңа әдебиеттің жас кадрларын дайындауда Сәбиттен мол еңбек сіңірген адам жоқ. Ол облыстарға барып, онда әдебиет үйірмелерін құрып, облыстық газеттер редакциялары маңына жас әдебиетшілерді ұйымдастыруға тікелей қатысты. Өзі баспасөз маңында істеген адам олардың шығармаларының жарық көруіне көмектесті. 20-жылдардың өзінде әдебиетке келген Асқар мен Әбділда да, Ғали мен Жақан да, Қалмақан мен Мәжит те оны ұстазындай мойындайтын. Оның қолы ұзын, пейілі кең еді. Кейін біз көрген кездің өзінде Сәбит осы мінезімен соғыстан кейін әдебиетке келген жастарға қамқор болды. Сырбай мен Жұбан, Хамит пен Мұзафар, Ғафу мен Тоқаш, Тұманбай мен Қадыр, Есет пен Ізтай, тағы басқалары алғашқы жырларын Сәбитке оқыды, соның алдынан өтті. Солардың алғашқы жинақтарын оқып, талқылауына қатысып, қуанып мақалалар жазған да Сәбең болатын. Одаққа мүшелікке өткізем деп -талайын сүйреп жүргенін көрдік. Әбдіжәмілдің алғашқы романын қалай қолдағанын, үйіне жатқызып көмектескенін елдің бәрі біледі, Әбдіжәмілдің өзі де жазған. Әдебиетшілер ортасы да біртектес емес қой. Біреулері Сәбеңнің көмегіне, ақылына разылық білдірсе, енді біреулері ішіп келіп, ренжітіп кеткен кездері де болған. Сондайларға Сәбең: – Дұрыс! – дейтін де қала беретін. Ондайлардың талайын біз де көрдік. Ол кісі көңілі қалсын демеуші еді. Кімге болса да қол ұшын беруге дайын тұратын. Ауыл адамдарына көмегін аямайтыны жайлы естеліктерде де мол мәлімет бар. – Әй, Серік, –деді Сәбең «Алматы» шипажайында демалып жатқан күндердің бірінде, – сенде Серік Мақпыров деген бала оқи ма? – Оқиды, биыл бітіреді. – Қалай оқиды? – Жақсы. – Аспирантурада оқып кетуге шамасы келе ме? – Келеді. – Онда соны аспирантураға алып қалсайшы! – Ой, Сәбе, қолымнан келмейді, – дедім мен шынымды айтып. – Қазір бізге аспирантураға орын бермейді. Облыстардан арнаулы орын алып келгендерді ғана қабылдаймыз. – Мен орын алып берсем ше? – Алып берсеңіз, аламыз. Сөз жоқ. Шипажайда бізбен бірге ерте кезде партия, кеңес, кәсіподақ қызметтерін атқарған Шәрипа Таева деген әйел жатқан. Сәбеңмен таныс екен, сөйлесіп жүретін. Менімен таныстығы жоқ сол кісі араға Сәбеңді салыпты. Сәбең ақыры Оқу министрлігіне барып, сол бала үшін аспирантураға орын алды. Кейін ол жігіт «Ботакөз» романының шығармашылық тарихы» атты кандидаттық диссертация қорғады. Бірақ оны Сәбең көре алмады. Сәбеңнің қамқорлығымен оқуға түскен, ғылымға келген, жұмысқа араласқан мұндай жастар көп. Сәбеңмен талай кештің қонағы боп та көрдік. Ойын-тойдың, жиынның гүлі еді ғой. Қонақпын деп сызылып отырмайтын, өзі билеп-төстеп, әңгіме айтып, күлдіріп, кешті басқарып кететін. Арасында Мәкеңмен қосылып ән де айтып қоятын.
Қимайды екен көз көрген Оңбайды екен сөзге ерген, – деп келетін әнді жақсы көретін, жиі айтатын. Сырт елдерде жүргенде «бір қазақ әнін айтыңдар» деп сұрағанда осы әнді қосылып айтқанын еске түсіріп отыратын. Қонақта отырып, келіндерін мақтап қойып, «Біздің ауылдың шалдары баяғыда келіндерін мақтап отырғанда, таңданушы едік, сөйтсек, ертеңгі ішетін шайын ойлап отырады екен ғой. Қазір басымызға түскенде түсіндік» деп күлдіретін. Сәбең «Ет асату» дәстүрін жақсы көретін. Қонақ үстінде, ет желініп болған кезде, табақты алдына тартып алып, қонақтарға кезекпе-кезек асататын. Еті мен майын араластырып, алақанын толтырып алып, қонақтың аузына таяп, бармағымен итеріп түсіретін. Ешқашан қолына бермейтін. Сәкеңнің 70 жылдығы аталған тұста (1964), тың өлкесі партия комитетінің бірінші хатшысы Коломиецке ет асатқанын қызық қып айтатын. – Өлкелік комитет бізге қонақасы берді, – дейді Сәбең. – Жылқы сойылған, мол ет желінбей қалды да, мен қонақтарға асата бастадым. Мұндай дәстүрдің барлығын орыс жолдастарға да түсіндірдім. Майы мен етін толтырып аузына таяғанымда Коломиец: – Ой, Сәбит Муканович, я умру после этого. Я жирное не ем, – деді. Мен оған қарамай: – Это – традиция казахов, прошу уважать традицию, – дедім. Коломиец аузын тоса берді. Мен толтыра асатып жібердім. Түнімен «шынында ауру болса, майды көтере алмай өліп қалар ма екен!» деп ойлап шықтым. Таңертең тұрып, өлкелік комитетке барғанда, ол бізді қарсы алып: – «Удивительно, Сәбит Муканович, нормально перенес это» деді, – дейтін.
Әзілшіл еді. 1957 жылы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылып, соның соңғы репетициясына барғанымыз бар. Мен – газет қызметкерімін. Спектакль жөнінде мақала жазуға тапсырма алғам. Репетициядан кейінгі талқылаудағы пікірлерді тыңдау үшін жиынға қалдым. Сонда Сәбең пьеса, спектакль жөнінде жақсы пікірлер айтты, ризалығын білдірді. Соңында Еңлік рөліндегі Шолпанның ел-жұртымен қоштасу әнін айтқан кездегі даусындағы жарықшақты күлдіре тұрып сынады. «Баяғыда әнді дұрыс бастап, артын бүлдіріп алған біреу: «Менің даусымның басы шешеме тартқан да, аяғы атама тартқан» деген екен. Сондай-ақ Шолпан әнін анасынша бастап, әкесінше аяқтады» деп күлдірді. Сәбең – үлкен жазушы. Әрине, бүгін оның жазушылық еңбегіне әртүрлі көзқарас болуы мүмкін. Әркімнің күнгейі мен көлеңкесі болады. Соның өзінде Сәбеңнің үнемі ізденістен туған, жаңашыл рухтағы, биік мұратты туындыларын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол өмірді терең білді. Адамдарды жіті таныды. Қазақстан территориясында ол араламаған ауыл, көрмеген жер жоқ шығар. Одақты, шетелді де көп аралады. Бәрінің де ізі бар – көркем туынды, очерк, суреттеме күйінде хатқа түскен. Оның шығармалары сол заманның өзінде тақырыбымен, көркемдік ізденістеріндегі жаңалықтарымен, тіпті түрлік, өлеңдік тың бояуларымен ылғи айтыс тудырып отырған. «Жұмбақ жалау», «Адасқандар», «Ақ аю» маңындағы айтыстарды еске алсақ та жеткілікті. Ол көп жазды. Өзі: «Шамамен елу томға жуықтайды, соның іріктеп 30 томын басуға болады» деуші еді. Шығармаларын сол 30 том көлемінде дайындаған. Бірақ үкімет 16 том ғана шығаруға рұқсат етті. Оның да толық басылып шыққанын жазушы көре алмады. Сәбеңнің бір мезгіл жұмыстан босап отырғанын ешкім көрген жоқ. Оның жоспары да көп болды. Сәбең өлгенде Ғабең: «Бір өзі бір кітапхана кітап жазған, бір өзі бір елдің басынан кешкен бар дәуірін қамтуға құлаш ұрған, әр дәуірдегі елдік, ерлік тіршілігін, ой-өрісін, сезім тереңдігін көрсете алған, теңдесері сирек кездесетін қалам еңбекшісі» деп бастап, тебірене тұрып сөз сөйлеп еді. Сәбеңнің бар еңбегі осы бір қысқа сөзге сыйған. Ол қазақ халқының арғы-бергі тарихын, салт-санасын, әдет-ғұрпын терең білді, көркем шығармаларына сыйғызды, зерттеулер жазды. Шынында да, «қалам еңбекшісі», еңбекқор еді. Мойнынан еңбек қамыты шешілмеген күйде көз жұмды. Оның алып еңбегі, алып тұлғасы оны Алып адам етті, Алып жазушы болды. Сәбеңнің Алып тұлғасын сөз еткенде, оның қасындағы Алып Ана Мәкеңді, Мәриям анамызды естен шығаруға еш болмайды. Ол кісі өмірінде Сәбеңе лайық, өзіне тартып туған, көпшіл, елге қамқор Ана, Апа бола білді. Біз көрген жазушы әйелдерінің жаңа типін Мәкең қалыптастырды. Сәбеңе әдеби жұмысына жағдай жасап, босап кеткен кезінде демалысын ұйымдастырып, дастарқанын кең жайып, қонағы мен достарын маңына жинап, жарқын да шабытты тіршіліктің жасаушысы сол кісі болды. Мәкең үлгісі басқа жазушылар отбасына да әсер етті. Қазақ жазушылары Сәбеңді қандай аға, ұстаз тұтса, жазушылар әйелдерінің көсемі – осы Мәкең еді. Мәкеңнің Аналық кең пейілі, бауырмалдығы, жазушылар ортасымен достығы Сәбең дүниеден өткеннен кейінгі жылдарда ерекше танылды. Сәбеңдей Алып Атасы, Мәкеңдей Алып Анасы бар қазақ жазушылары жетім емес.
Қирабаев, С. Сәбит Мұқанов [Мәтін] / С. Қирабаев // Ana tili. – 2019.- 10-16 қазан.- Б. 5
Көркем сөздің саңлағы
Сәбит Мұқановтың туғанына 105 жыл толуы қарсаңында
Жуырда қаладағы экономикалық колледжде туған даламыздың жыршысы Сәбит Мұқановқа арналған «Көркем сөздің кемеңгері» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Негізінен орыс тілінде дәріс берілетін бұл оқу орнында құқықтану бөлімінде қазақ топтары ашылған. Міне, осы топтарға сабақ беретін 134-ші топтың (І-курс) сынып жетекшісі Сәуле Толыбаеваның ұйымдастыруымен аталған конференция өте әсерлі де мазмұнды өтті.
Конференцияны өткізу барысында колледждің акт залында Сәбеңнің кітаптары мен фотосуреттерінен құрастырылған көрме ұйымдастырылды. Жеке бір столда колледж оқушыларының Сәбеңе арнаған шығармалары орын алды. Оған қазақ тілінде оқитын оқушылармен бірге орыс топтарының оқушылары да қатысып отырды.
Конференцияны ашқан 134-ші топтың старостасы, оқу озаты Мақпал Әлтеева жиналғандарды Сәбеңнің қысқаша өмірбаянымен және шығармашылығымен таныстырды. Бұл шараның жазушының 105 жылдығына арналып отырғандығын білдірді.
Жоғарыда аталған топтың оқушылары А. Үсенбаева Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романы жайлы, Р. Рсаева «Сәбит Мұқанов-шығыстанушы», А. Жәкенова «Сәбит және Мағжан», Д. Атаева «Сәбит Мұқанов және орыс әдебиеті» деген тақырыптарда баяндамалар жасады. Баяндамалардан кейін колледждің әлеуметтік педагогі әрі «Болашақ» атты театр студиясының жетекшісі Владимир Лебедев Сәбеңнің «Қызылжар» атты өлеңінің орыс тіліндегі аудармасын нақышына келтіріп жатқа оқып, жазушының Қызылжар қаласына деген зор махаббаты жайлы, осы қаламен әрдайым тығыз байланыста және «Қызылжар қаласының құрметті азаматы» болғанын айтып өтті.
Осы көпшілік шараға арнайы шақырылған осы жолдардың авторы да Сәбеңнің өмірі мен шығармашылығының кейбір қызықты кезеңдерінен нақты мысалдар келтіріп, оқушылардың жазушы туралы білімдеріне тың мағлұматтар қосты және олардың оқуы мен шығармашылығына зор табыстар тілеп, батасын берді.
Конференцияның басында және соңында қазақтың ұлттық музыкалық академиясының түлегі, қазіргі кезде облыстық филармонияның әншісі және осы колледжде домбыра оркестрінің жетекшісі Жанат Айтбаев даңқты жерлестеріміз Үкілі Ыбырайдың және Мағжан Жұмабаевтың тамаша әндерін домбыраға қосып, тамылжыта орындап беріп, жиналған жұртшылықты бір серпілтті. Оның соңында әділ қазылар баяндамашылардың еңбегін орынды бағалап, олардың әрқайсысына лайықты сыйлықтар тапсырды.
Конференцияға колледж директоры Николай Ухов қатысып, оны ұйымдастырушыларға, баяндамашыларға ризашылығын білдірді, алғысын айтты.
// Солтүстік Қазақстан.-2005 жыл. -1 наурыз. -8 бет.
Сәбит таңы
«… Жолында өзім ерген ұлы көштің
Бір талай мен қалдырған мүлік жатыр».
Сәбит Мұқанов
Айта салған сөзім емес дәлелсіз —
Танығанға Сіз бір байтақ әлемсіз!
Жерді айналып
Күндер, Түндер… тоқтаусыз
Өтіп жатыр, өтіп жатыр Сәбеңсіз.
Ойым әсем өрнектелмес мәнерсіз,
Қате дерсіз,
Бәлкім жөн-ау.
Иә! – дерсіз.
Жиырма жеті жыл өтіпті-ау зымырап
Сәбең алар,
Сәбең берер сәлемсіз!
Ертіс, Есіл кетпесе де кері ағып,
Алыптарсыз кім не берді, нені алып?
Ғасырлардың қайраңында ең алып
Бір кемеміз тұрып қапты-ау дем алып.
Көңіл шіркін кей-кейде өстіп бұзылар –
Тағдыр – тайғақ, жанды қарыр сызы бар.
Тәуба дейміз ӨМІР аты айдында
Мұқановтың мыңды айдаған ізі бар!
Артығырақ кеттім бе деп мына мен
Орыстан да, қазақтан да… сұрап ем.
Бір кісідей кәрісі айтты, жасы айтты
Деген сөзді «Сәбең — тұтас бір Әлем!
» Шындық айтсаң жия тұрып ұятты —
Төбемізден Жұлдыздар ғой жиі ақты.
Шоқ Жұлдыздың бірі—Сәбит Мұқанов,
Ұлтымыздың баламасы сияқты.
Келді міне қос ғасырдың тоғысы,
Қазақ емес,
Емес тіпті орысы…
Шалғай жатқан біздей ата қонысы,
Мекен-тұрақ жайылымы, өрісі..
Талайлардың өкілі айтты
-Дегенді:
«Сәбит-ойдың жүйрік бәйге-торысы! «
Нұр боп,
Жыр боп қона салар бақ қандай –
Шаттандым-ау таңым шалқып атқандай!
Еркін елдің ерке ұлындай жарқырап,
Сәбең болып,
Әлем болып көгімде
Ғасыр таңы атып келе жатқандай!..
Есләм Зікібаев.
// Солтүстік Қазақстан.- 2005.- 22 сәуір.- 10 бет.
«Сырдарияның» бір сыры
Сәбит Мұқанов «Сырдария» романын 1947 жылы жазыпты. Сырдариядай үлкен суды, күріш пен күрмекті өмірде кеш көріпті, құлпырып өскен күріш, ай мүсіндес имек орақпен де жасы бел ортадан асқанда жүздесіп, жанына сырлас қылған екен. Ол заңды да. Солтүстіктің тумасы, ақ қар, көк мұзда өскен қаламгер ХХ ғасырдың ортасында өзі көріп-білмеген күріш деген дақылдың сөзбен суретін салып, үлкен судың тағдырына тартынбай кірісуі кімді болса да таңдандырмай қоймайды. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген мәтелдің мазмұнына да осы ауылда қанықты, адамның мінез-құлқын өсімдікке теліп айтқан халықтың айтқыштығына таңғалды.
Шілденің соңы, қоңыр күздің басында «Қызыл ту» колхозына келіп, жер ортасына бет алған адамның жан дүниесіне әбден зер салып, көкірек-көзіне үңіліп, қара жермен тілдескен қайсар жанның диқангершілік тазалығына таңғалып, күнде егістік басына бірге барып жүрді. Бұл барып-келу үш айға ұласты. Сәбең, әрине, атқа мінген, кезінде ат құлағында ойнап шабандоз болған, бірақ өмірде есекке мінбек түгілі Сырдың салпаң құлақ қара есегін сыртынан да көрмеген жан еді. Бұның бәрін маған Ыбырайдың кіндік баласы, немере ағам Сейітбек сыр ғып айтты. «Күнде таңертең атақты қалам
герді атқа мінгізіп, өзім есекке отырып, алдына түсіп жетектеймін» дейді. Жылқының табиғатына жазылған бір сауап – есек жылқының артында жүрмейді, алдына түседі. Сонда ат үстінде рақаттанып отырған Сәбең майда бүлкілге салған есектің сидам сирағынан көз алмайтын көрінеді. Күріштікке жеткенше жол бойында сыңсып аққан жіңішке арық көп, есек сол арықтың бәріне төрт аяғын тең тастап, талтайып тұрып зәрін төкпей өтпейді. Әрі өтсе де, бері өтсе де ағын суды арамдап өту – есектің бір қасиеті. Жылқы болса, маңғаз қалпынан танбай, қара есек қашан зәрін жіберіп болғанша көзі жасаурап тұрады да қояды. Қаламгер жылқы мен есектің бойындағы екі түрлі қасиетке көз алмай шұқшиып, өзі білмейтін құбылысқа таңғала зер салып, таңдануын да жасыра алмайды. Тіпті ат үстінде қолына қаламын алып, білмейтін бір нәрселерді шалт қимылмен жазып отыратын көрінеді. Үш айда Сәбең білмегенін сұраудан жаңылмапты, есектің жылына неше рет балалап, қодығын қалай күтіп-баптайтындығын, басқа да қасиеттерін барлап, бажайлаған көрінеді. Табиғи тірлікке дауа жоқ, тал түсте ақырып келіп, ұрғашының тісін ақситып үстіне шыққан дүмбілез хайуанның әрекетіне басын шайқап, «Мынау өзі… талтүсте…» деп күбірлегенін де көргенбіз» дейді күлімсіреп.
Есек – бап талғамайтын хайуан. – Аузына не іліксе соны күйсеп тұра береді. Жылқы ғой тәкаппар, аузындағы бидай-дорбасын дер кезінде алмасаң оң аяғымен жер тарпып белгі береді. Тәкаппар жылқының алдына түскен хайуанның осы «өзімшіл» қасиетін көріп, Сәбең жарықтық таңғалыпты. «Есектің қайсарлығын берсін» деген сөзді естіп, ауылдан басын шайқап аттаныпты.
«Сырдария» романы 1947 жылы жарық көрді. Атақты шығарма боп аты дүркіреп, қаламгер есімін де алысқа әйгіледі. Солтүстікте туған қаламгер оңтүстік тумасы – Сыр күрішін өмірге әкелген кейіпкер – диқан Сырбайдың адамдық бейнесі мен өзі көріп-білмеген дақылдың бары мен жоғын тәптіштеп керемет шығарма жазды. Романда диқан бейнесімен қатар соғыс жылдарында алыс ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының ерлікке пара-пар қажырлы еңбегі шынайы суреттеледі. Орыс және басқа тілдерге аударылған роман Одақтық әдебиеттің озық жетістігі ретінде бағаланды. Бұл «Ботакөзден» кейінгі бағалы кітап болды. Әуелде латын әліпбиімен басылған мұқабасы қызыл кітап ауыл кітапханасында әліге дейін сақтаулы. Адам тағдырын, соғыс кезіндегі тыл қасіретін тәптіштеген шығарма оқырманның іздеп жүріп оқитын кітабына айналды. Еңбек те, майданның мұңы да мұнда ағын су арқылы ақиқатын тапқан. Сыр жұрты Сырдария ағып жатқанда бұл кітапты ұмыта алмайды.
Ең ғажабы, сол кездегі жеті-сегіз жасар ағаларым – соғыс кезіндегі ат жетектеген ауыл балалары өткен күндерді сағына еске алады. Олар да қазір сақал қойған ата болды. Сол мылтықсыз майданның балалары – бүгінгі сексеннен асып жығылып, шөбересінің кекілін сипағандар да некен-саяқ. Олар үшін өткен өмірдің көрінісі еміс-еміс еске алар мұң мен махаббат.
Күндер қол бұлғап кетіп барады. Өмір сонысымен қымбат. Сырдария толқып ағып жатыр. Арнасы тартылып бара жатқанын айта-айта аузымыз көпірді. Жанын сығып берген болмашы суға аузын ашып Арал тұр…
Сол кездері бір жағында күн сайын «қара қағаз» келіп, халық жоқтаудан күйзелсе, бір жағында ел ырысы – Сыр күрішімен адамның несібесін еселеп, қара қаптың аузын қара қазақ шымшып буып жатады екен.
Бүгін ше?
Күріштік алқап азайып барады. Ғарыш айлағы мен уран алқабы бәрін билеп алды. Зымыран ыңыршағы айналған елдің тұла бойын тоздырып, қара кетпен мен қара шалдың кейпін мұражайдан ғана көретін болдық. Боранды бекеттен Ана-бейітке жете алмай аңыраған ел – біздің ел.
Кітапханалар ше?
Таңғы тоғыз бен кешкі алтының арасында есігі ашық, бірақ бұрынғыдай емес, кітапханашының көңілі сүлесоқ. Көгілдір экран мен компьютер кітаптың билігін амалсыз алып қойған. Жаңа кітап жоқ, «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиеті» келмейді, келмеудің себебі – билік қаржы бөліп жазылмайды, баспасөзді керек етпейді. Сөз етіп отырған «Сырдарияны» жаңа оқырман алып оқымайды, ескі оқырман иегі кемсеңдеп отырып кейінгілерге сөз қылады.
Өзіміз тік шаншылып сүңгіп өскен Сырдарияның өңі солғын.
Сәбеңнің «Сырдариясы» қазақ үшін беті ашық кітап, «Мені оқы» деп жұтынып тұрған бір қазына.
Ағам айтқан бір сыр осы еді.
Ол да сегізінші ондыққа жылжып жетіп қалды. Шым-шымдап шерткен сыр артта қалған кейбір күндерді алға шығар¬ғандай. Бұның да сағынышы бар. Ыбырай үйіндегі Сәбең жантайған жастық пен жамылған көрпе де мұражайдың көне мұрасындай қымбат дүние. «Айтпаса сөз өледі». Көне мұраға бұрылып қарап, ұстап көретін біреулер табылса ғой. Рухани жаңғыру біздің ауылға бармаған секілді.
Сырдария жылжып ағып жатыр. Қолыма алғаш ұстаған осы бір қызыл кітап көз алдымнан кетпейді. Әр нәрсенің өзіндігі бар. Алғаш көрген сурет те көз алдыңнан кетпей қалып қояды.
…Салпаң құлақ қара есектің төрт аяғын тең тастауын қарашы. Хайуанның мәртебесі биік, қырсық көңілде қайсарлық бар. Ол жылқының артында қалмайды, тек алда жүреді. Жетекке көнбейді, тартынып, тұяғымен жер тіреп тұрып алады. Адамзаттың да осындай екендігін сонда Сәбең ойламады дейсің бе?
Сырдария ағысынан танбайды. Білем деген адамның білмесі де аз емес.
Қаламгердің осыған көзі жеткендей. Жалы күжірейген ақбоз аттың үстінде салпаң құлақ қара есекке сыртынан шұқшия көз салған Сәбеңді көргендейміз. Шіркін, сол кезде фотоаппарат болса ғой, тосыннан түсірілген сиқыр көрініске көзіміз қанығар еді. «Сырдарияны» жазарда қаламгер Сыр жұртын аралап, қазақы көріністерге тап болды, естімеген сөздерді естіді. Жазушыны көреміз деп Ыбырайдың көршілері де күнәра қонақ етті. Олардың диалогтары да қаламгердің езуіне дыз еткен күлкі шақырды, керектілерін түртіп алып отырды. Дәл осындай жағдайдың кемелденген социализм кезеңіндегі көрінісі – Солтүстік тумасы, тек сол жақта қызмет атқарып, жер ортасынан ауғанда Қызылордаға бірінші басшы боп келген Еркін Әуелбеков ең алғаш қазақша өткен бюроны көріп, үйіне келгенде жұбайына таңғала тіл қатыпты. «Не деген тіл, не деген сөз, біз орыс боп кеткен екенбіз ғой». Сыр бойынан қызмет ауыстырып кетерде де халықпен қоштасып тұрып: «Мен Сырдан көп нәрсе үйрендім, әдет-ғұрып үйрендім, тіл үйрендім» деп, қол бұлғап қоштасыпты.
Сәбең де сөзсіз солай еткені айдан анық. «Ұсталмаған» сөзге құлақ түрді, қазақы қимылдарға қызыға қарады. Солтүстіктің қытымыр аязы мен күз басталмай жатып өңменіңнен өтіп кетер оңтүстік-батыстың қара желін салыстырмады дейсіз бе?
Сәбең лықсып-толқыған дарияға шұқшиып тұрғанда Ыбырай:
– Сіз өзі жүзу білесіз бе? – депті.
– Жоғ-ә, судан жаман қорқам. Арықтан аттап өтсем де, іштей ел-жұртыммен қоштасып тұрам…
Осыдан кейін диқан «суға түсейік» деген сөзін ішінде сақтапты. Ойлап қарасаң, судан қорыққан адамның «Сырдарияны» жазуы ерлік емес пе?
Осы сөз Сәбеңе де қамшы болды. Он жас үлкендігі бар аға тұтқан адамнан сұрай алмай жүрген бір сыры бар еді.
– Сізді алғаш шығарған анау «шайтан көрдім» деп тұра қашқан райком секретары ғой?
Сөзге жоқ адам амалсыз сөйледі. «Ауылдағы сөздің Алматыға да жеткені ме?». Жазушыға қарап еді, көзінде сұрау тұр.
– Сәбит қарағым, сол Қаракөзов деген өзі бір жақсы адам еді. Жаңғалақтығы да бар еді. Қасына агрономды ертіп ап, керзіби етігін киіп ап, егінді өзі аралайтын. Бізде күрішке ылай омаш тарту деген болады. Сепкен дәнді атызға су алғасын тез арада үй орнындай томарды сүйретіп, лай сумен араластырмаса, торғай шұқып жеп қояды. Екі өгіз екі томарды сүйреп келе жатқан. Кенет, аш па білмеймін, біреуі бір орнында тұрып қап, зорығып, етбетінен түсті. Қараторғай дегенің қаптап жүр. Өгіздің зорыққаны оларға жақсы болды, қара топыраққа үймеледі де қалды. Дереу атыз жағасына сүйреп тастап, орнына өзім жегілдім. Мойнымның жіңішкелігі болмаса, томардың салмағы түк емес екен. Бір айнала бергенде райком Қаракөзовты көргендей боп ем, бір қарасам, зытып барады. Сөйтсе өгіз бен шайтан қатар келе жатыр деп, қорқып қашыпты дейді, бәтшағар. Агроном басу айтып, ол шайтан емес, адам деп, менің атымды айтыпты. Ертеңіне өзінің бұйрасында (бюро) ол да көргенін айтып, жұртты жұмысқа жұмылдырыпты. Қырқыншы жылы ешкім де жұмыстан қашпайтын. Қолын бір сәт кетпеннен босатқан кісі сауалына аз сөзбен жауап берді де, тірлігіне кірісті. «Менің сенбей жүргенімді көңіліне алып қалмаса екен» деп жазушы жалпақшешей болғысы кеп еді, мойнын бұрмады, ұңғысы тостағандай кетпенді қара жерге қарш еткізді…
Сәбең көрген асау арна бүгінде тасып-толқымай бүлкілдеп ағып жатыр. Судың көркі болған үйрек толқын да жоқ. Көпір салынып, арлы-берлі ағылған жұрт үлкен судың осындай болашағын болжап, арманына арқау болған кітапты бір сәт іздесе деп біз де армандаймыз. Бұл да жылқының алдына түскен есектің жауырын шұқыған сауысқанды көре-көре көз талғандай әңгіме.
Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай жүйткіген пойыздар біздің ауылды басып өтеді. Төретам деген бекет бар. Оның түбінде Байқоңыр қаласы. Тұрғындары – қазақ, тілдері – орысша. Өйткені Мәскеудің иелігінде. Осы жерді мекендейтін қазақ балалары таңертең Ресей Әнұранын айтып, сабақ бастайды. Олар Шәмшінің «Ана туралы жыры» мен Сағи сөзін жазған «Ауыл қарттарын» өмірі естіген емес, өз халқының әуенін жандары жек көреді. Анасына тас атқан мәңгүрт осылар емес пе? Ауылдың дәл түбінен Сырдария деген өзен ағып жатқанын да білмейді. Осы Байқоңырды қазақ халқының иелігіне қайтарады деген сөз шыққалы қашан. Тянь-Шаньнан бас¬тау алған Сырдария Аралға жете алмай Төретамның төңірегінде кілт тоқтап қалмаса екен деген үрей бар. Өйткені толқын да қатты атылған оқтан сескеніп, селт етеді. Қорқыныштан кілт тоқтап қалуы мүмкін. Бұл жерде оқ емес, кең ғаламды өртеп ұшқан зымырандар күнәра аспанға атылып, ажалсызы нүктесіне аман жетіп, ажалдысы қайтадан жер құшып жатыр. Ол жерде қазақ отыр. Информбюроның хабарына қарағанда, құлаған зымыранның табиғат пен тұрғылықты халыққа түк зияны жоқ. Мұндай өтірікті естіген сайын кәрі Сырдарияның денесі бір бүлк ете қалады. Айтайын десе тілі жоқ, айналасындағы мәңгүрт адамға сөз жүрмейді. Осының бәріне шыдамай кәрі су ішін басып, ұрпағына өкпелеп, бір күнде құрғап кете ме деп қорқамын. Осы мен де ойымдағыны айтып жүріп, бір күні жуан-жуанның қармағына түсіп қалмасам екен. Мейлі, мен үшін Сейхун-Сырдария ағынын тоқтатпаса болды. «Біз бәріміз бүгін бір қайықтамыз, ал сол қайықтың сырты шексіз космостық кеңістік» деп еді Ш.Айтматов бір сөзінде. Сол қайық Сырдария тартылса қайда –барып жүзеді?
«Сырдария» кітапханаларда шаң басып тұр. Біздің ауылда 40-шы жылға дейінгі латын әліпбиімен шыққан нұсқасы да сақтаулы. Шал-кемпірдің алып бара жатқанын талай көрдім. Латынға ауыстық, енді оқырмандар да көбейер. Қаріппен бірге қасиетіміз де өзгерер. Бұл да бесенеден белгілі сыр. Жіңішкеріп қалған өзеннің, оқылмай жатқан кітаптың сыры.
Түменбай, Қ. «Сырдарияның» бір сыры [Мәтін]: Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романы жайында / Қ. Түменбай // Ana tili.– 2019.- 7-13 ақпан.- Б. 6