Сәбит Мұқанов: Тұлға, дәуір, мұра.
Сәбит Мұқанов: Тұлға, дәуір, мұра. Петропавлда Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы жиынға арнайы құттықтау хат жолдаған. Оны басқосу барысында Мәлік Нұржанұлы оқып берді.
Сәбит Мұқановтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Биыл қазақтың ұлы жазушысы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толды. Ешқашан аты өшпейтін тұлғаның мерейтойы жер-жерде кең көлемде аталып өтілуде. Бүгін қоғам қайраткерінің Петропавлдағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Жиынға Сәбеңнің қос қарлығашы, яғни, қызы Жанна мен немересі Найля қатысты. Шарада елге танымал зиялы қауым өкілдері де бой көрсетті.
С. Мұқановтың 125 жылдығына арналған республикалық конференция
Мұқанов мұрасы

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Сәбит Мұқанов тағылымы» деген атаумен Мұқанов оқулары өтті.
Шараның ашылуында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі Нұрхан Салауатов қаламгердің «Мен кіммін деп мақтанам?» атты өлеңін оқыды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Аманжол Зағыпардың арнауы әсерлі шықты. Облыстық оқушылар айтысының жүлдегері Абзал Сарбай нақышына келтіре оқыған Сәбит Мұқановтың «Жазғы күні орманда» атты өлеңі жиналғандардың ыстық ықыласын оятты.
Осыдан кейін Алматы қаласындағы белгілі ғалым-мұкановтанушылар онлайн байланысқа шығып, қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы келелі әңгіме өрбітті. С.Мұканов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры болған, ғалым, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбеков «Хаттар шерткен сыр» тақырыбында баяндама жасады. Филология ғылымдарының докторы, профессор, мұқановтанушы, Тұрсынбек Кәкішевтің зайыбы Күләш Ахметова «Сәбит Мұқанов туралы аңыз бен ақиқат» тақырыбында сөз сөйледі. Іс-шараға Сәбит Мұқановтың немере інісі Ермек Мұстафин қатысып, ағасының ғұмырдариясына терең бойлады.
Майра ӘШІМОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық
ғылыми-әмбебап кітапхананың
қызметкері.
Әшімова М. Мұқанов мұрасы // Солтүстік Қазақстан. – 2025.- 29 сәуір.-12 б.