
Сәбит тойы – халық мерейі

20—22 маусымда Петропавл қаласында және Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылында академик – жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 90 жыл толуы салтанатты атап өтіледі.
Халқымыздың ұлы тұлғаларының бірі Сәбит Мұқановтың туғанына 90 жыл толу мерекесі орасан алып. Одақтың кең қиырына, туған республиканың түкпір-түкпіріне қуанышты толқын таратып, салтанат қоңырауының сағаты күмбір-күмбір соғылуда Алматыда С. Мұқанов мерекесінің үлкен салтанатты жалау көтеріп, қазақ әдебиетінің шалқар теңізі аталған атақты жазушының құдіретті талантына тағзым етілді. Сөйтіп Сәбит тойы асқаралы Алатаудың бауырынан ақтарылған халық сүйіспеншілігінің даринсындай Қазақстанның дархан даласын шарлап кетті.
Сәбит тойы! Бұл мерекені халық осылай атап жүр. Қандай қарапайым, қандай қазыналы қайырма десеңізші. Сәбит деген есімнің өзіне нақ алып тұлға, туған әдебиетіміздегі заңғар бейнесі көз алдымызға елестейді, бұл арада тіпті оның жарты ғасырдан аса туған әдебиетіне сіңірген есіл-дария еңбегін, түрлі-түрлі лауазым, атақтарын тізбелеп үйіп-төгудің де қажеті жоқ сияқты. Сәбит есімі бұл күнде халық жүрегіне мәңгі жатталып ұлы сөз зергері ретінде әдебиет тарихына алтын әріптер мен жазылды. Сондықтан да Сәбит тойы халық мерейіне айналып отыр.
Біздің Солтүктік Қазақстан облысының асыл топырағы таланттарға қандай жомарт еді. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов сынды бәйтерек бейнелі алаштарды жерлестеріміз деп мақтан етіп келсек, енді олардың қатарына халқына қайтып оралған ұлы ақын Мағжан Жұмабаев қосылды, Қазір облысымызда Мұқанов, Шухов, Жұмабаев творчествосына арналған әдеби күндер өткізу дәстүрге айналды. Осы дәстүрге Мүсірепов күндері де қосылмақшы» Бұл әдеби дәстүрлер облыстың мәдени өміріне өзгеше сұлу зерлі кестелер болып кіріккені де анық. Олардың әрқайсысы әрдайым әдебиет мерекесіне айналып жүр.
Енді міне Сәбең тойы облыс өңірінде нұрлы толқын шашып, баршаның көкірегіне жылы сәуле төгіп тұр. Бұл тойға облыс орталығы, аудандар ауыл-селолар өзіндік әзірлікпен келді. Әсіресе Сәбит Мұқановтың туған жері Жамбыл ауданында, соның ішінде Сәбит Мұқанов атындағы совхозда, Сәбит ауылында той әзірлігі қызу қолға алынып, жан-жақты жүргізілді.
– Біздің жерлесіміз Сәбит Мұқановтың туғанына 90 жыл толуы халық мерекесіне айналып отырғаны өте қуанышты,—деді Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші секретары Ш. С. Смағұлов.—Сәбең халықтың сүйікті жазушысы болды. Ол өмірінің соңғы жылдарында бізге жиі келіп, жерлестерімен үнемі кездесіп тұрды, Оның әрбір сапары ауданның мәдени өміріне ұдайы жаңалық әкелуші еді. Халық сүйікті жазушысының келуін ықыласпен тосын отыратын. Бүгіндері біз Сәбеңмен болған әрбір кездесулерді, әңгімелерді ерекше толғаныспен еске аламыз.
Жазушы тойына әзірлік қандай болды деген сауалға келер болсақ, алдымен Сәбит ауылының көрік-бейнесі көп өзгерін, көркейе түскенін айтуға болады. Әрине бұл арада ауыл тұрғындарының, Сәбеңнің жерлестерінің, ағайын туғандарының белсенділік көрсеткенін атаған орынды. Қазір ауылдың сәнді үйлері, жасыл желектері көз тартады. Ауыл өртасын жарып өтетін үлкен көше түгел асфальтталды. Сәбеңнің немере інісі Шәкен Мұстафиннің үйі қайтадан жаңартылды. Бұрын бұл үйді салуға Сәбең өзі көмектесіп, Шәкен екеуі осы жерге ақ қайыңдар еккен екен. Қазір сол қайындар тұрған аулада біраз құрылыс жаңартылды.
Ауылда С. Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйі комплексін салу үшін республикалық агроөнеркәсіп комитеті 200 мың, республикалық мәдениет жөніндегі тауға республикалық автомобиль жолдары министрлігі 200 мың сом қаржы бөлді, комитет 100 мың сом қаржы, ал ауылда көшені асфальт.
Қазіргі сәтте Сәбит ауылындағы әзірлік толық аяқталып, еліміздің түкпір-түкпірінен, астанамыз Алматыдан келетін қонақтарды қарсы алуға әзір тұр. Сәбит тойы әдебиет мерекесі, халықтар достығының беріктігін бейнелейтін мереке болады деп сенеміз.
– Сәбит Мұқановтың әдеби мемориалдық музей-үйі қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінің бір бөлімі ретінде ашылып отыр,—деді облыстық мәдениет жөніндегі комитеттің председателі В, П. Лапухин,—Республика қазір бұл музейге төрт қызметкердің штатын берді. Бөлім меңгерушісі, ғылыми қызметкер, бақылаушы, экскурсовод жұмыс істейтін болады. Бөлім меңгерушісінің жалақысы 200, ғылыми қызметкер—180 сом. Таяудағы күндерде бұл қызметтерге лайықты адамдар іріктеліп, олар жұмысқа кірісетін болады. Бұл күндері облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Н. Қ. Рахметов бастаған бір той қызметкерлер музей-үйді экспонаттармен жабдықтауды аяқтау үстінде. Олар ауыл адамдарымен жиын өткізіп, осыдан 50-60 жыл бұрын қазақ ауылында қолданған мүліктерді, Сәбиттің есіміне байланысты дүние мүліктерді жинастырды, сондай-ақ Алматы дағы музейден біраз нәрселерді алдырды. Музей-үй ауыл адамдарының көңілінен шығады ғой деген ойдамыз.
– Музей-үйдің келешекте үлкен мәдени орталық болуын ойластырып біз оның жанынан тағы бір ғимарат салуды қолға алдық, – деді музей-үйдің авторы, аудан архитекторы С. Р. Жолаев. – Ақ кірпіштен салынған мансардалы үлкен үйдің бірінші қабатында зал болады, онда Сәбит Мұқановқа арналған әдеби оқуларды өткізуге мүмкіндік бар. Осы бірінші қабатта директордың кабинеті, ас бөлмесі, 5-6 кісіге арналған асхана орналасқан. Екінші қабатта 5-6 кісіге арналған 2 қонақ бөлме, көрме залы бар. Осы музей-үйін салуда «Севказреставрация» шеберханасының бастығы Владимир Петрович Аронов, ағаш шеберлері Анатолий Фидюков, Владимир Канаплицких, Виктор Кадубинский, Виктор Казаков, мастер Ольга Образцова біраз еңбек сіңіргенін айту керек. Сондай-ақ № 76 жылжымалы мехколоннаның тас қалау шылары В. П. Геккель, Қ. Мәмбетов, құрылысшылар Сұлтан және Руслан Ахметовтар, Аслан және Ахмет Қажымұратовар жақсы еңбек етуде.
Осы музей-үйді салуда біраз еңбек сіңіріп, құрылыстың басы-қасында болып жүрген бөлімшенің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі, селолық Советтің депутаты Серік Мусин былай деді:
– Бүкіл ауылдың адамдары Сәбең тойына әзірліктің ойдағыдай болғанына қуанады. Әрине алғашқыда күдік алғанымыз да рас. Өйткені өсыдан 20 шақты күндей бұрын жұмыс қарқыны бізді қанағаттандырмаған еді. Бір ақ ол алаңдаушылығымыз бекер болған екен, бүкіл аудан басшылары, облыс басшылары осында күн сайын дерлік келіп, өз қамқорлықтарын жасап, істі жеделдетті. Оған ауыл адамдары разы. Қазір ауылымыз құлпырды, көркейді деп айтуға болады. Сәбеңнің музей-үйін салысуға қариялар да, үй шаруасындағы әйелдер де араласты. Мәселен шошаланы салуға Сәлік Жұсыпов, Тортай Қалиев, Есілбай Кәкелеев, Кәрім Әбілов, Қажығали Құсайынов араласса, аудандық партия комнтетінің бірінші секретеры Ш. Смағұлов, аудандық атқару комитетінің председателі Қ. М. Помазан бастаған аудан актив истері музей-үйдің жайындағы баққа 140 қарағай екті. Ауыл үйлерінің алдына жаңадан қарағай, қайын, тал егілді. Сөйтіп Сәбең ауылы жаңадан түлеп көркейді…
Сәбит тойы – халық мерейі // Есіл пернелері.-1990.-маусым.-1 б.
Елі мен егіз суреткер

Қазақ совет әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов өзінің ұзақ ғұмырында ұланғайыр мол әдеби мұра қалдырды. Жарты ғасырдан астам творчестволық қызметінде қай-қайсымызды болмасын табиғат дара сыйлаған асыл талантының көл-кесір жемістілігімен таңдандырған, сұқтандырған Сәбеңнің көзі тірісінде қалам тартпаған жанры кемде-кем. Елге мәшһур ақын, жазушы, драматург, публицист Сәбеңді, оның үстіне оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазған әдебиет зерттеушісі ғұлама Сәбеңді біз барлығымыз өтe жақсы білеміз. Oл шын мәнінде, академик десе нағыз академик болатын. Иә, мұның бәрі көбімізге белгілі ақикат. Бірақ та, біз білетін осындай Сәбең сонымен қатар бұрқыраған әдеби айтыс-тартыстың қайнаған ортасында жүретін қайсар полемист, Иә, Сәбеңнің жауынгер сипаттағы дәйекті полемист болғандығына, онымен көзі тірісінде аралас-құралас жүргендердің бәрінің пікірі бірауыздан шыққандай, бір жерден тоғысатын да, ешқайсылары да бұған шек келтірмейтін. Өзінің осынау бір кесек мінезіне Сәбеңнің үнемі сүйсінетіндігі өз алдына, керек десеңіз бүкпелеудің, бүркеудің орнына, қайта ап-ашық, айрықша ашып айтатыны бәріміздің есімізде. Шынында да сол бір жылдары Пролетар көшесіндегі № 11, шағындау ағаш үйде орналасқан Қазақстан Жазушылар одағына ең болмаса бір рет кіріпшыққан адамның өзі-ақ, сол аядай үйдегі әдеби қауымның күнбе-күнгі гу-гулеген, дуылдаған тіршілік-тынысын ғұмыр бойына ұмытпайтын шығар. Тілге тиек табылсын деңіз, ал ендігі қалғаны жоқтауға мұрша бермей-ақ жетіп келеді де, шарпысқан-шабысқан, шарт сынған сезімдер найзағайының ұшқыны қалың қауға түскендей ду ететін де алаулаған от-жалын лапылдай женелетін. Соған қарағанда, азғантай ғана жазушылар сол мезеттерде жоғары көрнеулі тұрақты тоқтың қуатына жалған қойғандай сезілетін. Және танымал жазушылардың жуан арасында Сәбең елден ерек көзге түсетін. Ол қара пүліш тақиясын үнемі тастамайтын, жасына жетпей тым ерте бұрыл тартқан және тым ерте толысып кеткен Сәбең жұрттың бәрімен арқа-жарқа сөйлесетін, ақсиып күле жүріп, әзілін қалдырмайтын. Осындай жайма-шуақ, жайдары Сәбенді сұрапыл айтыс-тартыс полемика көзінде мүлде танымай қалатынбыз, Мұндай сәтте ол жауар бұлттай түнерген суық, қайтпас-қайсар көрінетін. Онсыз да дәлебесі қозып отырған қалың көпті ширықтыра, шиыршық атқыза баурап әкететін, әл-қуаты мол аккумулятордай көрінетін. Мәселен, шағын топ ортасында өтсін, немесе, творчестволық секциялар мәжілісінде өтсін, әйтеуір Сәбең қатысқан талқылаулардың кез-келгені найзағайдай күркіреп, жай оғындай жарқылдап өтеді. Әрине, кейде орынсыз, немесе, кейде шектен тыс жұмсалған осыншама зор қажыр-қуаттың зардабы мен пайдасы, ершіктіріп, ушықтырып алған ширығудың жеме-жемге келгенде жазушы шығармаларының pyхы мен табиғатына саяқыным салмай қалғаны жоқ.
Сәбең шығармаларын негізінен түнде жазатын. Аппақ ақ парақпен жекпе-жек, бетпе-бет қалғанда да, оның ен бойынан күндізгі талқылаудағы өткір, қиын сол полемистін рухы оттай маздап, шоқтай қоздап тұратын. Бәлкім сондықтан да болу керек, жазушы қаламынан шыққан шығармалардың барлығы дерлік, немесе, түгелге жуық, айталық ол сын не зерттеу еңбектері, немесе, қыруар хаттары мен естеліктері болсын, әйтеуір солардың бәрі автордың мінезімен бір-бірінен айнымайтын егіз қозыдай ұқсас болып жататын. Оқырмандар сол еңбектердің бойынан полемикалық албырттықтан тыс Сәбеңнің өзіне тән кейбір турашылдығын да, бірден шарт кесіп тастайтын қаталдығын да оп-оңай байқай қоятын. Өйткені мұның өзі жазушылық жалпы жазу машығынан да, баяндау мәнерінен де көзге ұрып тұратын және кейбір пікірлерінің көп ретте кәдімгідей сыңаржақ сипатын айқын көрсететін. Сол бір жылдардағы әдеби айтыстарда көрнекті жазушыны, қырыққа толмай жатып классик атанып, әрі заңды түрде қазақ совет әдебиетінің үркердей қолбасшыларының бірі ретінде танылған Сәбеңді тыңдаған, көрген адам, оны сірә қызба, қатаң полемист күйінде есте сақтап қалған шығар. Расында солай болды ма, әлде сол кездегі біздің жасампаздай жас әдебиетші қауымнын ұшқыр қиялы Сәбеңді осылайша елестетті ма екен. Мейлі қалай болған күнде де, бірде қайтыс боларынан аз күн бұрын Тахауи Ахтанов екеумізге Сәбеңнің сыр ашқаны бар-тын. Ол ғұмырында қазір өзінен жылыстап кеткен, ел өсінде қалған, тарих еншісіне айналып кеткен сонау шамырқанған шабытты бір жылдарын еске ала отырып, кәсіп айтудың әрқашан бұлжымас принцип болып шыға бермейтіндігіне өкініш білдіре айтқан-ды. Сәбең сол сәтте, жазушының өз сөзімен айтқанда, Мұқанов та «сүйек-еттен жаралғам» деп, кәдімгі қарапайым адамдай болып кеткеніне екеуміз ақ-таң күйда, қайран қалдық. Айта кету керек, Сәбеңнің өзіне тән жүрекке деп тиер қарапайым пайымдауларында терең ой да, астар да жатыр. Меніңше, осынау ойлар, естеріңізде ме, қазір бүкіл планетамызда қанатты сөзге айналып кеткан: «Адамға тән нәрсенің қай-қайсысы болмасын маған жат емес», деген Карл Маркстің қыздарының сұрақтарына берген жауабымен шынайы үидесін жатқан жоқ па!
Иә, ішкі жан-дүниесінің тебіреніс-толқынысы үстінде oл ағынан жарыла алатын да еді. Жоғарыда келтіргеніміздей, Тахауи екеуміз Сәбеңнің кейбір тұстардағы жіберген қателіктерін, кемшіліктерін мойындағанынан жазушы Мұқановтың әлсіздігін емес, керісінше, оның азаматтық мәрттігін, күіштілігін, рухының орасан құдіретін сезіндік. Өйткені өз «осалдығын» мұншалық батыл мойындау өнер әлемінде тек алып таланттардың ғана қолынан келеді. Күйкі тірліктің қамын ойлаған күйкентай адамдардан мұндай ерлікті әсте күтуге болмайды. Оған олардың қабілеті де, қайраты да жетпейді. Адам ұсақтанған сайын, күйкіленген сайын олардың көкірегі өсіп, менмендігі ұлғая түседі де, не болса соған сезікшіл, не болса содан секем алғыш, шамшыл келеді. Оның есесіне, қара басын қорғаштауға келгенде алдына жан салмайтын, айласына найза бойламайтын дүмбілез, діттегеніне жетпей қоймайтын өлермен болып келеді. Ал, мұндай эгоистермен қоңсы қонып байқап көрсең, өмірдегі бер-бәрінің да әу бастағы биік мәні да, міндеті де көз алдында күн нұрының қызуынан жоғалған таңғы шықтай өтe шығады. Дүние да, қоршаған орта да, адамдар да біртүрлі тарылып өзіңді қайда қоярыңды, кімнің саялы қолтығына паналатуды немесе, кімнен шапағат-шуақ күтеріңді білмей дәл боласың.
Жан-дүниең болса еркін кесілуді, емін-еркін шалқуыңды, шарықтауыңды аңсайды, армандайды, қиялдайды. Шартарапқа шарықтаған көңіл құсы қиялғa ғана қонақтайтын алыптың медет-дәрменінен үміт етеді, шарқ ұрып, соны іздейді. Иә, осы түста адамдар өздеріне тірек боларлық жаны жайсаң, рухани тұрғыдан орасан ірі, зор тұлғалардың айрықша зерулігін, қажеттігін ерекше түйсінеді. Мұндай сәттерде қай-қайсымыздың болмасын осындай бір хал кешетініміздің өзі, әрине, әрі табиғи, әрі заңды құбылыс. Өйткені, біздің әрқайсысымыздың ішкі жан-дүниеміз нұрланған, жарқыраған үстіне нұрлана, жарқырай түсерлік игі қабілетін жоғалтпаған соң, мейірімділік пен ізгіліктің қайнар көзіндей болған, зерделі ізгілікпен сындарлы бекзаттықтың бастау бұлағындай болған, шұғыла шашқан Сәбең тәрізді осындай айрықша алып тұлғаларға іңкәрлікпен ұмтылатындығы да, әрине, барынша табиғи, барынша заңды.
Осы орайда жұрттың бәріне белгілі бір ақиқатқа тоқтала кетейін. Адам баласының қай бір саладағы жетістігі болмасын, оларды біз әрқашан не санымен, не сапасымен бағалаймыз. Сөйте тұра, біздер, осы екі ұғымның рухани тұрғыдан соншалықты туыстас, етене айырғысыз екенін біле тұра, кейбір тұста диалектиканың өз заңдылығы бойынша бірін бірі жоққа шығаратынын ұмыта беретініміз бар. Қалай десек та, сандық тұрғыдан өскендігіміз біздің даму мүмкіндігіміздің ең төменгі сатысының өзін нақты тұжырымдап, бейнелеп бера алмайтыны айдан-анық. Оның үстіне, әсіресе, рухани дамуымыздың заңғар биігін ешқашан сандық тұрғыдан өлшей алмаймыз. Өйткені, осынау рухани заңғар биіктігіміз ежелден, яғни, бұрын да, келешекте да тек аса көрнекті қайраткер тұлғаларымыздың жұлдызды шақтарындағы жанартауша лапылдаған, шарықтаған шырқау шыңымен өлшенеді. Біздің халқымыздың парасат тарихында мұндай шарықтаулар бір емес, әлденеше peт, болған. Тарих тереңіне үңіле қарасаңыз болды-ақ, бұған көзіңіз анық жетеді. Өткен ғасырдың бас кезінде, қазақтың жазба әдебиетінің дүниеге келерінен сәл-ақ бұрын шыққан Махамбеттің жасындай жарқ етіп, жалт еткен алдаспандай отты, ерлікке, күреске шақырған жалынды поэзиясы әлі халық санасында. Керек десеңіз халық көтерілісінің көсемі болған Махамбет поэзиясы өзінің өршілдік, күрескерлік сипатымен біздерді әлі күнге тебірентіп, делебемізді қоздырып, «ереуіл атқа ер салғызады». Махамбеттен соң қазақ әдебиеті көгінде Жамбыл мен Абайдың шырқау екі жұлдызы жарқырап шықты. Егер Жамбыл суырып салма, төкпе импровизациясымен онсыз да сел топандай тасқындаған халық ауыз әдебиетінің шоқтығын көтере түссе, Абай жазба әдебиетіміздің алтын арнасын өзі жасаған еді. Абайдың даналығы арқасында халық ауыз әдебиетінің асау арналы өзенімен қапталдаса, біздің халқымыздың рухани мәдениеті тарихында тұңғыш peт жазба әдебиетіміздің мөп-мөлдір бұлағы «сылдырап өңкей келісіммен» ағып жатты. Біздің бақытымызға орай, Абайдан кейін әлі буыны бәкімеген жазба әдебиетіміздегі бәрімізге белгілі аз-кем үзілісті есептемесек, ол өзінің даму жолында үнемі ілгері қарыштап отырды. Әсіресе, Октябрь революциясы оятқан халықтың рухани күші кенеттен зор қуатты қозғау алып, қазақ әдебиеті мен өнерінің шын мәніндегі ұлы қайраткерлерін дарқан қолымен сыйлай салды. Солардың бірі Сәбеңді еске ала отырып, біздің қай-кайсымыз да Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Мұхтар Әуезозтің асқарлы есімдерін зор ілтипатпен, риясыз ризашылықпен атайтындығымыз да сондықтан. Олар Совет өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ өте қысқа мерзімде біздің әдебиетіміздің профессионалдық деңгейін көтергені соншалық, бірден жұрттың бәрін таңқалдырарлық алдыңғы шепке бір-ақ ырғытып шығарды. Мұның өзі сол кезде қол жеткізген ұлттық санамыздың биік адамгершілік өлшемдерін көп-көп жылдар бойына өзгелерден талап етерліктей айқындап беріп кеткенін бәріміз білеміз. Олар жаңашыл болатын және қайта өрлеген қазақ әдебиетінің жаңа дәуірі да шын мәнінде солардан басталады.
Бір ғажабы, олардың өзіне дейін болмағанды болдырғанын, кезінде жоқтан бар жасағандығын, яғни, сан алуан әдеби жанрларды батыл енгізіп, соны орнықтырумен шектеліп қалмағандығын, соларды мазмұн мен пішін жағынан байытып, стилі жағынан түрлендіріп қана қоймағандығын, ең бастысы, олардың әрқайсысы өз әсемдік әлемін де жасай білгендігін атап айтуымыз парыз.
Әрбір дәуірдің өзіне тең өзекті проблемасы болады. Соны көркем игеру жолында соған лайық кейіпкерлерін үнемі алға шығарып отрады. Мәселен, біздер үшін космосты игеру, космос корабльдерін, космонавтар ұшыру елдің беделін қаншалықты көтерсе, ал біздің әкелеріміз үшін Солтүстік мұзды мұхитты игеру, «Челюскин» мұз жарғышы, әйгілі ұшқыш Валерий Чкаловтың Солтүстік полюс арқылы Америкаға дейін қонбай ұшып өтуі елдің беделін соншалықты көтерген еді. Сондықтан болу керек, күллі әлем халықтары Советтер елінің ержүрек перзенттерінің осыған денін ақ аюдан басқа тірі пенде аяқ баспаған Қиыр Солтүстіктегі әрбір қимыл, әрекетін, таңғажайып ерлігін қалт жібермей бақылап отырды. Міне, осындай тұста Сәбең Солтүстік полюсті бағындырғандардың ерлігіне ризашылығын, шексіз сүйіспеншілігін алғашқылардың бірі болып танытыл, өзінің «Ақ аю» поэмасымен үн қатты. Бұл поэма сол жылдардағы әдебиет үшін пішін жағынан да, мазмұн жағынан да су жаңа шығарма болды. Оның үстіне, бұл поэма сыншылар мен қалың оқушы жұрттың сергек назарын бірден өзіне аударып қана қойған жоқ, сонымен бірге қазақ совет поэзиясындағы әрі тосын, әрі тың туынды болды және шын мәніндегі жаңашыл шығарма болды. Осы орайда, Сәбеңнің қазақ совет поэзиясына үрдіс жаңалық енгізген батыл, шынайы экспериментатор болғандығын атап айтсаң, ешнім қарсы бола қоймас, Oл өзінің таңдаулы өлеңдерінде Бейімбет Мейлиннің ізін ала ауызекі сөйлеу үлгісінін қарапайым мақамын, ырғағын, интонациясын әрі батыл, әрі кеңінен енгізді.
Сәбеңнің сексен жылдығына байланысты жуырда болған кездесулердің бірінде көрнекті ақынымыз Әбділда Тәжібаев университет студенттерімен сырласып тұрып, өз ұстазы туралы мынадай қысқа да болса нұсқа түйін түйді: «Қазақ совет поэзиясының идеялық көркемдік денгейі мен биігін Қасым Аманжоловтың «Абдолласына» дейін Сәбит Мұқановтың өлең-поэмалары белгілегені даусыз». Бұл—шынында да даусыз пікір. Мен де сол Әбекеннің терең, ойлы тұжырымын одан әрі сабақтай отырып, қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына дейін, Сәбит Мұқанов романдарының теңдесі жоқ деп үзілді-кесілді айтқым келеді. Өйткені ол жылдарда өзімізге ежелден мәлім «Адасқандар» шығып, қолдан-қолға тимей жүрген еді. Іле-шала романтикаға толы «Балуан Шолақ повесі жарық көрді. Біздін әлі есімізде, әйгілі «Жұмбақ жалауға» дейін Сәбең «Теміртас» романын жазған еді «Теміртас» романын әдеби жұртшылық жазушының аса күрделі, өрі іргелі тақырыпты игеру жолындағы өз күшін батыл байқап көруі деп қабылдағаны да әлі есімізде. Байыптап байқасақ, тарихи революциялық тақырыпқа тұңғыш қалам тартқандардын бірі ретінде Сәбит Мұқановтың алдында қыpyap, қиын міндеттер тұрғанын аңғару қиын емес. «Теміртас» романын capaлып, жіктеп айтпаған күнде, әрі Сәбең өзінің «Ботакөз» романында күрделі де құрметеуі қиын әрі әдеби, әрі саяси міндеттерді айта қалғандай әдемі атқарып шықты. Бұл аз десеңіз, Сәбеңнің көркемдік тәжірибе-тағылымы тарихи революциялық тақырыпқа қалам тартқан қазақ жазушыларына елу жыл бойы қолма-қол ықпал етіп, әcеp тигізгені тағы да даусыз. Жалпы алғанда, сол жылдары Сәбең романдарының жарыққа шығуы ұлттық мәдениетіміздің мереке-мейрамы болды десек асыра айтқанымыз емес.
Турасын айтсақ, соғысқа дейін балалар үйлері мен интернаттар тәрбиесінде болған біз секілділердің қай-қайсысы да ұйқы мен тамақты, ойын мен сабақты, тіпті тіршілік дүниесін түгел ұмытып, сүйікті жазушымыздың тамаша шығармаларын тамсана оқитынымыз әлі есімізде.
Сәбеңнің халық сүйген қаламгерлік құдіреті неде? Стильдік шеберлігі ме? Әдемі де айшықты тілі ме? Әй, қайдам. Сәбең шығармашылығының бастапқы кезеңіндегі лирикалық өлеңдерін «Сұлушашты», «Адасқандарды» өз алдына қойғанда, өзге шығармаларының дені түгіл, стиль жағынан тым қарапайым, кейде тіпті қарадүрсін екенін жасырудың керегі жоқ, Сәбең төл туындыларындағы онсыз да қарапайым тілін халықтың ауызекі сөзінен айнытпауға тырысып, әдейі жеңілдететін тәрізді әсер қалдыратын және осыны әр шығармасында іске асыру мақсатына күлкі күш-жігерін сарқа жұмсады, Халықтың күнделікті ауызекі сөйлеу тілін өз шығармаларында игеру, меңгеру жолында өзге қазақ жазушыларына қарағанда Сәбеңнің құлағы айрықша түрік жүретін де, әрі тапқыр, әрі шебер пайдаланатын. Сәбеңді білетіндердің барлығына, оның айтулы жазушы ретінде халық творчествосына етене жақын екендігі, «сүйек-еттен жаралған» пенде ретінде айрықша қарапайым екендігі жақсы мәлім. Бәлкім Сәбең халқымен тығыз байланысты дегенен гөрі Сәбең туған халқымен ғасырлар бойы тамырлас еді, туған халқымен біржола бірігіп, біте қайнасып кеткен еді деген дұрысырақ тәрізді. Расында солай ғой!
Сәбең өзінің етженділігіне, егделігіне қарамастан тым жеңіл, ширақ қозғалысымен, көтеріңкі сеpeк көңілімен, ашық мінезімен, қызба қылығымен ерекшеленетін. Оның үстіне әрі белсенді, әрі жігерлі Сәбең жүздесіп, сөйлескенді, түкпір-түкпірдегі ауылға, елге сапарға шыққанды жақсы көретін. Қоршаған дүниемен, әлеуметпен етене тығыз байланысын үзгісі келмейтін де, өзінің тіршілік-тынысын, бітім-болмысын олардан бөліп алғысы келмейтін. Сәбең қалың көпшіліктң нағыз ортасында жүріп, cол қаумалаған жұрттың қайтсем көңілінен шығам деп жоспар құрып, жөн-жосық белгілеген емес. Өйткені, оның өзі табиғилық пен қарапайымдылықтың жарасымы, шынайы келісімі болатын. Мұның өзі жұртпен жүздесіп, етене шүйіркелесіп, тіл табыса кетуіне көп септігін тигізетін де, дәл осы тұста қаумалаған қалың әлеумет ортасында Сәбең өзін суда жүзген балықтай ғаламат еркін сезінетін. Қалың Жұрт та Сәбеке деген кең, ыстық құшағын айқара жаятын. Бірақ та солардың ешқайсысы Сәбеңнің бір қарағанда тым қарапайымдылығының ар жағында төңірегіндегі өткен-кеткен, болған-тынған жәйттердің бәр-бәрін қырағы бақылағыш қыран кез адамның, аса күрделі жазушының тұратындығын байқай бермейтін. Кәрілік жетіп, қажыр-қайрат азайған сайын Сәбең табиғи мөлшері мен тағдыр өлшемінен қашып құтылмасын сөзгендей бәрімізді аң-таң қалдырып, бірнеше тақырыпты бірден бөктеріп, бірнеше шығармаға бірден шабыттана кірісіп, асыға жазып жататын. Егер талғампаздық өресі өскен оқырман Сәбеңнің соңғы көздердегі еңбегінен ала-қулалық байқаса, мұның өзі ең алдымен жазып үлгеріп қалуға асыққандықтың салдарынан деп ұққаны жөн.
Сәбит Мұқанов халқымыздың тарихын, тұрмысын, әдет-ғұрыптарын, шежіресін, замандастарымыздың күнделікті тіршілігін тамаша білетін, Суреткер Сәбең жанрына қарамастан өзінің барлық туындыларында бірінен-бір асып түсетін небір қызғылықты мәліметтерді ұтымды бере білетін. Кейбір тұста фантастика элементтерін саналы түрде пайдаланатыны және бар. Содан болуы керек, осындай қыруар мағлұматтар кейде, көрер көзге шығарманың тереңін көлемімен басып тастайтын. Егер қиялы ұшқыр, көңілі жүйрік Сәбең фантаст болғысы келді ме, онда, сөз жоқ, біздің әдебиетіміздің таңдаулы фантаст-жазушысы боп шыға келер еді; бірақ ол фантаст болғысы келмеді. Дегенмен Сәбеңнің дарқан дарынына тең осы бір ерекшелік оның қаламынан туған дүниелердің әр жерінен әрқашан ой сап, көрініп тұратын.
Жазушы қанша ұлы болғанмен, оның қаламынан үнемі классикалық шығармалар туа бермейді. Дегенмен Сәбең өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа қазақ әдебиетінің «Ботакөз», «Балуан Шолақ», «Адасқандар», «Сұлушаш», «Өмір мектебі», «Колхозды ауыл осындай», «Майға сәлем» сияқты шоқтығы биік өлмес шығармалар қалдыра білді. Әрбір суреткердің мандайына Сәбеңдікіндей зор да шынайы бақыт біте берсе, онда ешқайсымыздың тақиямызға тар келмес еді-ау.
Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,
Жазушы, СССР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты.
Нұрпейісов Ә. Елі мен егіз сүреткер //Лениншіл жас.-1980.- 6 маусым.-3 б.
Ұмытылмас есім

Ұлы адамдар жайлы естелік жазу өте жоғары жауапкершілікті қажет ететінін біле тұра, өзім аса құрмет тұтатын алып тұлға, жерлес жазушы-академик Сәбит Мұқанов жайлы қағаз бетіне үзік сыр түсірмеу кешірілмес күнә сияқты көрінді. Өйткені марқұм Сәбит ағаның сыр алысар, ой бөлісер жан аямас досы, не болмаса туысы болмасам да сонау астанамыз Алматыдан туып-өскен атамекені Есіл өңіріне келе қалғанда үлкен жазушы ағаның қасында болып, қолына су құйып, орамалын әперіп, ізет көрсеткенім, ұлағатты әңгімесін, келелі кеңесін тыңдағаным шындық. Менің бұл ісім Сәбит ағаға жағыну, болмаса оған көрініп қалу емес, дүниеге қайталанып – келе бермейтін ұлы жүректі Адамға інілік қызмет, сүйіспеншілік, кішілік көрсетуден туған еді. Халқымыздың Сәбит Мұқановтай ұлдары көптеп туа берсе оларға қызмет етуден қай қазақтың қара баласы жалығар дейсіз. Ол бір сәулелі бақыт емес пе! Кезінде сондай бақыт құсы менің де басыма қонған.
Ұмытпасам 1967 жылдың маусымында Қызылжарға жерлес жазушы С. Мұқанов келді. Қасында сапарлас серіктері де бар. Бірі – көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев, ал екіншісі өзіміздің облысымыздың айтыс ақыны, асқақ әнші Игібай Әлібаев. Сәбит ағанын Солтүстік Қазақстан облысына әдейі ат басын тіреуінде менің түсінігімше екі себеп бар. Біріншісі жылдағы әдеті бойынша туған жеріне келіп, өзімен бірге өскен жора-жолдастарымен қауышу.
Адам баласы елде тартып, қартая бастағанда, жастық шағында өткен оқиғаларды есіне түсіріп, қызықтап, аңсайды. Сол жас дәуренді бірге думандатқан достарды іздейді, сағынады. Міне, сол сағыныш Сәбит ағаны да Қызылжарға жиі-жиі жетеледі ғой деп ойлаймын.
Жазушының бұл сапарының тағы бір мәні бар. Қызылжарлықтар оны Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутаттыққа кандидат етіп ұсынған болатын. Республика парламентіне ұсынылған кандидат пен сайлаушылардың кездесу рәсімі де болуға тиісті еді.
– Ойқаладағы «Заря» кинотеатрында Сәбит Мұқанов сайлаушылармен кездеседі, сен сонда сөз сөйлеуің керек, – деді бірде телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі облыстың басқарма партия ұйымының секретары Вениамин Федорович Яковлев.
– Онда мен не айтам, – дедім шынымен сасқалақтап. Мен үшін тосын қойылған бұл тапсырмаға сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Бойымды бір түсініксіз сезім билеп алды. Тоңазығандай болып қалтырап кетем, әп сәтте бетім ду ете қалып шоқтай жанып, терлеп кетем. Облыс, республика халқы түгіл, бүкіл Совет елі, барша әлем қол соғып, құрмет тұтатын Сәбит Мұқановтың алдында менің міңгірлегенім қалай болады? Бұл кісі жайында салиқалы да салмақты ой айту менің шама-шарқымнан келмесе не болдым? Әй, осы біздің адамдар да қызық, ештеңенін байыбына, маңызына жетпестен кем пішіп, келте қайыра салады. Әйтпесе, осынау Қызылжардан, тіпті, телевизия мен радио басқармасынан менен өзге адам таппағаны несі деймін іштей күйініп. Дауыл түнгі аспалы көпірде тұрғандай халімді байқаған парторг «ничего», – деп мені жігерлендіріп, ақыл айтып жатыр. Менің алай-былай бұлталақтағаныма көнетін ол жоқ.
Сонымен тәуекелге келдім де алдымен қазақ тілінде, содан соң орыс тілінде Сәбит ағаның кандидатурасын сайлаушылар алдын да қолдап сөйлейтін болдым.
Кешкі сағат 17. Кинотеатрдың залы да әжептәуір бар екен. Жиналған халықтан ине шаншар жер жоқ десе де болғандай, отырар орын болмағандар екі аяқтан тік тұр. Бәрі де «Сәбит Мұқановтың сөзін тыңдаймыз» деген ниетте мойындарын соза түсіп, тыныштала қалған. Шыбынның ызыңы естілетіндей. Осы тыныштықты жазушының тамағын кеней, шыққан жінішкелеу даусы бөліп жіберді… Сәбит аға көп сөйлеген жоқ. Бірақ керісінше сайлаушылар жағынан өз кандидаттарына беріп жатқан аманаттары молырақ сияқты. Сөйлеушілер бірінен соң бірі шығып, оны жіпке тізгендей айтып жатыр. С. Мұқанов сахна төріндегі қызыл матамен жабылған столдың дәл орта тұсында кең маңдайы жарқырап, қапсағай мол денесімен халыққа қарай ұмтыла түсін, бар бейілімен, жан-тәнімен, елдің сөзін ынтыға тыңдап отыр.
Бір кезде маған да сөз кезегі келді.
– Жолдастар, әркімнің өзінің сүйікті жазушысы болады. Сондай жазушым Сейфуллин, Майлиндер мен қазақ совет әдебиетінің қара шаңырағын көтерушілердің бірі, академик-жазушы, жерлесіміз, қаламыздың құрметті азаматы Сәбит Мұқанов. Сәбит ағамыздың шығармалары тек қана қазақ оқырмандарына ғана емес, көп ұлтты совет халқының бәріне де таныс.
…Ағамыздың өмірі мен творчестволық жолы әрбір совет азаматына, әсіресе, жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
№ 335— Подгорный сайлау округі бойынша Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат етіп ұсынылып отырған ардақты азамат, қадірлі жерлесімізге бірауыздан дауыс беруге шақырамын, —дедім.
Кездесу аяқталды. Жұрт тарай бастады. Сәбит ағада есіктен шығып барады екен, мені көрді де:
– Қарағым, рахмет, екі тілде жақсы сөйледің, ана машинаға отыр, бірге барамыз, – деді есік пен төрдей ұзын қара «ЗИМ-ды» нұсқап. Ағаның жанында облыстық атқару комитеті председателінің орынбасары Л. Н. Орлова бар екен. Біз отырған машина қонақ үйге қарай бет алды. Жолшыбай менен жөн сұрап, қай жерден, қай ауылдан екенімді анықтап жатыр Сәбит аға. Ленин ауданына қарасты Қарағаш ауылынанмын дегенім сол екен, аға маған қарай оқыс бұрылып:
– Иә, сен Қайсардың ауылынансың ба? – дегені.
– Сол ауылданмын, – деп жатырмын.
– Е, айналайын. Қайсар… Қайсар… – деді Сәбит аға ақырын ғана ойланғандай. Сөйтті де: «Осы өңірден шыққан алғашқы комсомолдардың ішінен бірталай қызмет жасап, Отанына, еліне көп еңбек сіңірген комсомолдың біреуі Қайсар Тәштитов, Ол менен төрт жас кіші еді. Біз онымен 1922 жылы осы Қызылжарда «Қазақ-татар клубының» – сауық кешінде таныстық. Күн сайын болатын мұндай сауық кештерді ұйымдастырушылардың бірі Қайсар екен. Комсомол ұйымына 21-жылы түскен ол ауыл арасында да бірталай қызмет атқарып, Қызылжарға шыныққан комсомол болып келіпті, Кейін Алматы қаласында көріп, бұрынғыдан да жақсы танысып, араласып та кеттік.
Қайсарды жақсы көріп қалғандықтан мен өзімнің «Сұлушаш» деп аталатын поэмамның басты бір геройын Қайсар деп атағам», — деп ардақты аға Қайсардың бүкіл өмір жолын, Қазақстан комсомолына сіңірген еңбегін жырдай айтты. Сондағы менің қайран қалғаным, адамдардың аты-жөнін, жер, су аттарын бұлжытпай есінде сақтауы.
Өзіміз бірге қызмет істеп жүрген кісілердің есімдерін кейде ұмытып қалып жатамыз. Ал Сәбит аға тірі шежіре, көне тарих еді. Қандай тақырыпта әңгіме қозғасаң да тайпалған жорғадай кесіліп кетер еді. Тыңдаушыны өзіне тәнті етіп тастайтын, өзіне еріксіз тартып алатын қасиеті бар болатын.
Академик-жазушы С. Мұқановтың Қызылжар қаласын көркейтіп, оның мәдени-әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосқан үлесі мол. Кейіннен өзінің есімімен аталған облыстық кітапхана, қаламыздағы Драма театры мен орта мектеп құрылысы Сәбит ағаның тікелей араласуымен салынған ғимараттар. Оның қаламыздың Құрметті азаматы деген мәртебелі атақ алуының ең негізгі сыры да осында жатыр.
…Қонақ үйге келсек Сәбит ағаның бөлмесінде Игібай Әлібаев, Мұзафар Әлімбаев, Уақит Темірбеков, Мәлғаждар Әуелбеков отыр екен. Сәбит аға есіктен кіре бергенде Игібай ақын үкілі домбырасын бебеулетіп жіберді де, өзінің асқақ даусына басты дерсің. Ақын термелеп жөнелді. Отырғандар әншіні қолдап, қолпаштап жатыр. Игібай ақынның мұнысы Сәбит Мұқановқа көрсетіп отырған қошеметі, бір жағынан әзілі сияқты көрінді маған. Кейіннен байқағаным Игібай ақын Сәбит ағамен қалжыңдаса да береді екен. Қалжың-әзілдері өте жарасып тұратынын да көрдім.
Иекең Біржанның көкке өрлеген қанатты әнін де, Ақанның мұңын да, Үкілі Ыбырайдың сырлы жырын да төгілтті. Сәбит аға ақын даусы шарықтай көтерілген де: «О-о-оу деген» – деп Иекеңді қолтықтап, көтермелеп кояды. Тамаша бір рахат құшағына енгендей әнді құмарта тыңдайды.
– Аға, ертең кешке телевизиядан сөйлеуіңіз керек екен. Басшыларымыз бен цензура қызметкерлері сөйлейтін сөзіңіздің тексін сұрайды, – дедім. – Не туралы айтады екен дейтін шығар, – деп қойдым тағы да.
– Қарғам-ау мен не айтады дейсің. Құдай аузыма не салады, соны айтамын да, —деді сықылдай күліп жазушы.
Сәбит аға Петропавл телевизия студиясына белгіленген уақытында келді. Қасында жоғарыда айтылған жолсеріктері бар. Меймандармен хабарды мен жүргізіп отырмын.
Жерлес жазушы өзінің творчествосы жайлы айта келіп, жалпы Қазақстан жазушыларының бүгінгі қол жеткен табыстарын тілге тиек етті. Өзі айтқандай, оның қолында бір парақ қағаз да болған жоқ. Көпшілікке айтарын көкірегіне бұрын-ақ жазып алғандай. Енді сол жазғандарын төгіп отыр, іркіліссіз тоқтаусыз ағыл-тегіл ақтаруда. Жазушының туған халқына айтары болғаны қандай ғажап.
Октябрь шапағатына бөленген Қызылжар өңірінде болған өзгерістер, азаттық, бостандық жолында ақ бандылардан қапыда мерт болған революционерлер жайлы көрермендердің жүрегіне жеткізген. Қайран Баймағамбет жанып тұрған жалын едің-ау! – деуші еді ақын, революционер Ізтөлинді есіне түсіріп. Ол да мына сендердің телестудияларыңның жанындағы Бауырластар қабірінде жерленген, – деп ақынның өлмес жырын оқып берді.
– Қызылжарда Хафиз Базарбаев деген жігіт болды, —деп Сәбит аға қаламызда комсомол ячейкасын алғаш ұйымдастырушылардың бірі туралы әңгімелеп кеткен. Ол өзі қаланың төңірегіндегі былғары заводының жұмысшысы Базарбайдың семьясында туған. Февраль революциясы болған жылы Хафиз 18 жаста еді. Сол жасына қарамай Қызылжарда ұйымдасқан Совдеп ісіне араласып, белсенділік көрсеткен. Кызылжар большевиктерінен үлкен саяси тәрбие алған. Осындай комсомолдық қызу істе жүрген Хафизді 1921 жылдың басында Советке қарсы күресіп жүрген кулактар мен байлар ат құйрығына сүйреп ауыр азап пен өлтірді.
Қызылжарда Базарбаев атына қойылған көше бар. Хафиз өлтірілгенмен комсомол ұйымы Қызылжардан жойылып кеткен жоқ. Бұл қалада қазір комсомол ұйымының мүшелері мыңдап саналады. Солардың бәрі де ер ағалары Хафиз Базарбаевты есіне мәңгі сақтайтынына сенемін!
Ұлы қаламгердің осы жолғы сөзінің негізгі бағыты жастарға арналып еді. Жалынды революционер ағаларымыздың атқарған үлгілі істері кейінгі ұрпаққа өлшеусіз тәрбие мектебі екенін айтқан екен ғой жазушы.
Сәбит Мұқановтың ақын-жазушыларға, жас талаптарға ұстаздығы, қамқорлығы, оның адамгершілігі, қызық-қызық мінездері жайында әлі де талай естеліктер жазылары анық. Қазақ совет әдебиетінің өсіп, өркендеуін, қалыптасуын Сәбит Мұқановсыз ұғыну, түсіну мүмкін емес. Ол қазақ совет әдебиетінің нулы орманында жеке дара көзге ұрып тұратын бәйтерек, асқақ бәйтерек.
Сәбит ағаға деген ыстық ықыластан, сағыныштан туған өлеңім бар еді. Ұлы жазушыға деген құрметімді білдіру ниетімен сол өлеңімді де келтіре кетуді жөн көріп отырмын.
Есілдің өзің өскен атырабы,
Құлпырып, нудың жырлап жапырағы,
Қырдағы Қызылжарың сағынды ма.
Сәбе! — деп көшелері шақырады.
Сем жүрген құба жон да жатыр әлі,
Бұрқылдап күлгін-ала топырағы,
Сағынып талай барған «Тың теңізің»
Сылдыр-сылдыр Сәбең — деп шақырады.
Толқынды толқын қуып, жапырады,
«Дос» деген бұлай суын сапырады!?
Дөңінде «Түлкіойнақтың» жел суылдап.
Сәбе!— деп сызылып ән шақырады.
Кеше— бар, бүгінде ол жоқ. Осы арасын,
Тірліктің қалай ғана хош аласың?
Туған жер ұлын жоқтап толғанғанда,
Жүрегің сыздап, көзіне жас аласың.
Мүтәлләп ҚАНҒОЖИН.
Қанғожин М. Ұмытылмас есім // Есіл пернелері.-1990.-маусым.-2-4 б.
«Кітап оқуды ілгерілету» онлайн-жобасы. С.Мұқанов «Мөлдір махаббат»

Биыл жерлесіміз, классик жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толмақ. «Кітап оқуды ілгерілету» онлайн-жобасының аясында ҚР Ұлттық ұлан академиясының курсанты Тұрғанбек Дәукен жазушының «Мөлдір махаббат» романы туралы айтып берді (видеобейнеге сілтеме). Ол романның жазылу тарихы, басты идеялары, кейіпкерлердің тағдыры туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, бұл туындының қазақ әдебиетіндегі ерекше орны мен жас ұрпаққа берер тәлімі жайлы пікір білдіріп, кітап оқудың тұлғалық дамуға тигізетін әсеріне тоқталды.