Жолы болғыш Ғабең
(Соңы. Басы өткен сандарда).
«Менен жазушы шыға қоймас» деп Ғабит Мүсірепов өз талантына дүдәмалдықпен қарап, бала кезінен табиғатты, аң-құс аулауды жақсы көргендіктен жұмысшы факультетін аяқтағаннан кейін ешкіммен ақылдаспай Омбы қаласындағы Сібір ауыл шаруашылығы академиясына оқуға кетіп қалады. Оны бітіргеннен кейін қазіргі Ақмола облысына қарасты «қазақтың Швейцариясы» деп аталатын Бурабайда орналасқан орман техникумына оқытушы болып орналасады. Бірақ оны шығармашылық жол жазуға итермелей береді. Қызылжарда шығып тұратын «Бостандық туы», Қызылордадағы республикалық «Еңбекші Қазақстан» газеттеріне әңгімелер, мақалалар жазып тұрады. Бірақ ол материалдардың бірі жарық керсе, бірі республикалық газеттен облыстық басылымға жібере салынып, ақыры жоғалып та кететін кездері болған. Ол туралы Ғабең сол кезде Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторы Сәбит Мұқановқа жазған хатында былай дейді: «…ЕҚ-ға» жазу да, таныс біреу болмаса мақалаңды оқу да қойылды. Сөйтіп, газетке қатынаспай, күнбе-күнгі хабардан, айтыстан сырт қалдым. Жаза алсам, кітап жазғым келеді… Бір ұйымның, тілектес жол-дастардың маңайында болсам, мүмкін, қатынаса алған болар едім. Жендеп жаза алмағасын кеудеге итеру дұрыс та шығар. Бірақ өтпес едім. Қаламынан үміті бар адамды бауырға тартар едім. Мінекей, Сәке, осындай жайлар мені күнбе-күнгі айтыс-тартыстарға қатынастырмай келеді. Мені нағыз сүйетін жақтарымнан жырып тастады. Үміт кеспе, кейін орталарыңа барып, ат ерттеуге жарармын…».
Екі достың арасындағы қарым-қатынастықтың арқасында 1927 жылы Қазақстан мемлекеттік баспасынан Ғабит Мүсіреповтің «Әмірхан бидайығы» деген атпен шағын кітапшасы басылып шығады. Ал келесі жылы сонау Орынборда алғашында рабфактың жатақханасындағы қабырға газетінде, одан кейін Бейімбет Майлиннің арқасында республикалық басылымда жарияланған «Теңіз тепкісінде» деген әңгімесі «Тулаған толқында» деп ез-гертіліп, өңделіп повесть болып жарық көреді. Оған риза болған Ғабит Мүсірепов өзінің Сәбит Мүқановқа жазған хатында: «…кітапшаның басылғаны үлкен қуаныш. Түзегеніңе алғыс», – деп ризашылығын білдіреді.
Жоғарыда айтқанымдай, жазған мақалаларының кейбірі газеттерде жарияланбай қапа болып жүргендегі ой толғауынан шыққан болар Ғабең бір еңбегінде «менің тірлігім – үмітімде. Үмітім өз қолымда емес» деп жазыпты. Сонда да оның өз үмітіне 1928 жылы қолы жеткенге ұқсайды. Олай дейтінім, Сәбит Мұқанов сол жылдың ортасында Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетіне оқуға баратын болып өзінің қызмет орнына Ғабит Мүсіреповті ұсынады. Сөйтіп, басшылық әрі шығар-машылық жұмысын Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторлығынан бастаған Ғабит Мүсірепов республикалық газет-журналдарда, партия органдарында табысты еңбек етеді. Бұл арада олардың бәрін тізбектеп айтпай-аққояйын.
Ғабең өзінің естеліктерінің бірінде: «…Мансапқа менің өкпем жоқ. Кәдімгідей лауазымды қызметтерде де болдым. Мүшелік, депутаттық дегеннен кен емес едім. Атақ та бар. Бірақ соның бәрі өткінші. Өткінші емес бір нәрсе – ол жазу…» – деген екен. Құдайға шүкір, жазушы артына өшпес те, өлмес мол мұра қалдырып кетті. «Мен көп жанрда жазамын деп ойлаған да, мақсат та қойған жоқпын», – дейді жазушы. Ал өмірдің өзі көп жанрда жазуға итермеледі. Оның қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің алтын қорына енген романдары, повестері, спектакльдер мен киноларға жазған сценарийлері, либреттолары, әңгімелері, зерттеу және сын мақалалары соның айғағы.
Жоғарыда айтқанымдай, «туркмен тұқымымен» құда болып, құйрық-бауыр жесіп, араласып-құраласып жүргендіктен, Ғабит Махмұтұлы кіндік қаны тамған жеріне келген сапарларында біздің үйде де қонақ болып кететін. Ол кездері біз жаспыз. Үлкендердің әңгімесіне араласпақ түгіл, есіктен қарау мұң еді. Бертін келе, облыстық «Ленин туы» (қазіргі » Soltústіk Qazaqstan «) газеті редакциясына қызметке орналасып, 1967 жылы Алматыға барып, қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түскеннен кейін Ғабеңнің мекенжайын тауып алып, әдейілеп барып сәлем беріп едім. Содан Ғабеңмен өмірінің соңына дейін хабарласып, араласып, сапарлас болғанда оның жер сілкінсе қозғала қоймайтын, сұрақ қойсаң бірден жауап бермей, қысқа ғана тіл қататын, даусын көтере қоймай жайлап қана сөйлеп санаңа жеткізетін, ал көңілі түссе ұзақ әңгіменің өзін жайлап қана айтатын мінезін аңғардым.
Оның қабақ шытпай-ақ ренішін білдіретін сәттері де болады екен. Оған дәлел – 1932 жылғы оқиға. Ол халықтың жадында «бесудің хаты» деген атпен қалды. Сол жылдардағы байлар мен орта шаруалардың, тіпті, кей жағдайда кедейлердің астығын, малын мемлекетке деген сылтаумен тартып алып, Ресейдің орталық аудандарына жөнелтудің салдарынан казак ауылдарын аштықтың жайлауы, әлі келгендердің ауылдарынан жан-жаққа үдере кешуі, адамдардың қырылуы елін сүйген, халқының қамын жеген Ғабит Мүсіреповті бейжай қалдырмады. Осыған ашынған, осыған налыған жазушы өзінің жақтаушылары Мансүр Ғатаулинге, Мұташ Дәулетәлиевке, Емберген Алтынбековке, Қадыр Қуанышевке қол қойғызып Иосиф Сталинге хат жолдайды. Осы хат үшін Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Филипп Голощекин Ғабит Мүсіреповті «қайта тәрбиелеу» мақсатында бір жылға Қостанайға айдатып жібереді.
Ғабит Мүсірепов өмірлік, жазушылық жолындағы ұстазы, әріптесі, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Бейімбет Майлинге «халық жауы» деп жала жабылғанда тағы бір оқыс мінез көрсетеді. Сол бір «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған Коммунистік партияның, НКВД-ның «үштік» деген баскесерлерінің шешімімен, соттың үкімінсіз-ақ кез келген адамды атып тастайтын заманда Қазақстан Жазушылар одағында өткен партия жиналысында «Бейімбет «халық жауы» болса, мен де «халық жауымын» деп тайсалмай, қасқиып тұрып айтуы «көзсіз ерлікпен» пара-пар еді. Осы сөзі үшін ол партия қатарынан алынып, қызметінен шеттетілді. Бірақ ол үнжұрғасы түсіп, езіліп-елжіреген жоқ. Өзінің айтуынша, қызметсіз қалған екі жылда ойында жүрген шығармаларын жазып, соның азын-аулақ қаламақысымен отбасын асырайды.
Жазушының «намаз бен жиналыс – бірінде шын, бірінде жалған тәубе қылатын жер» дегені сияқты сол жиында Ғабит Мүсірепов қанша «қызыл кеңірдек» болса да, Бейімбет Майлинді ақтап ала алмады. Баскесерлер өз дегендерін істеді. Бірақ уақыты келгенде Ғабең өзі айтқандай, Биағасын ақтап шығаруға кемектесті. Бұл 1956 жыл болатын. Сол кезде «Ара» – «Шмель» журналының бас редакторы болып отырған Ғабит Мүсірепов: «… Коммунист-жазушы Бейімбет Майлинмен мен 1928 жылы таныстым. Ол ұсталған 1937 жылға дейін онымен шығармашылық және тұрмыстық жағынан да тығыз байланыста болдым. Төрт жыл Қазақстан мемлекеттік баспасында, екі жыл «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында бірге қызмет істедім… Ол жас ақындар мен жазушыларға үнемі қамқорлық жасайтын… Барлық жағынан адал… Оның әдебиетімізге сіңірген еңбегі орасан…», -деген тұрғыда мінездеме берді. Ақыры, 1957 жылы Бейімбет Майлин ақталды.
Ғабит Мүсірепов Қазақстан қаламгерлерінің арасында бірінші болып Социалистік Еңбек Ері деген атаққа ие болды. Ол бұл атақты КСРО Жазушылар одағының хатшысы ретінде осы одақтың құрылғанына 40 жыл толуына орай 1974 алды. Оған Қазақстанның, ондағы билік басындағылардың қатысы болған жоқ. Мұны да Ғабеңнің жолы болтаны деп білемін. Әрине, оның бұған дейін де алған орден, медальдары, атақтары аз емес еді. Сонда да ол кезде бұл Кеңес одағындағы еңжоғары атақ-даңқ, жо-ғары мәртебе деп есептелетін. Ғабең: «Құрмет құрметті адамға ғана жарасады»,- депті бір сөзінде. Иә, бұл құрметке көзі тірі-сінде-ақ «сөз зергері» атанған Ғабит Мүсірепов әбден лайық болатын.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның қүрметті журналисі.
______________________________________________________________
Soltústіk Qazaqstan.- 2020 jyl.- 15 tamyz.- 5 бет.- № 90.