Сәбит және Қызылжар (жалғасы)

Жарияланған Angela 07.06.2021 Естеліктер |

Тұрғының, үйің, көшең-бәрі қымбат,
Жеткенше тіл бояуы сені сырлап.
Қызылжар, қымбат қалам, – біткенше өмір,
Ең ыстық махаббатпен жүрем жырлап.
Сәбит Мұқанов
Қызылжар атты өленінде аты айтқандай, әйгілі жерлесіміз академик жазушы Сәбит Мұқанов өзінің туған өлкесіндегі Қызылжар қаласын әлемдегі барлық қаладан артық көрді. Оның бұл қалаға деген махаббаты ұшан-теңіз әрі өлшеусіз болды. Оның жазушылық самғауының алғашқы баспалдағы осында қаланды.
Сәбит алғаш рет Қызылжар қаласына 18 жасында жолай Омбыға оқуға түсуге барар сапарында атбасын тірегені тарихтан аян. Бұл сапары туралы ол өзінің «Өмір мектебі» романының екінші кітабында баяндаған. Сәбеңнің айтуынша, бұрын ол көрмеген қалаға жақындағанда оны арбасына мінгізіп әкеле жатқан атақты Торсан байдың баласы Бәкен оған орыстар Петропавл дейтін қаланы қазақтардың неге «Қызылжар» деп атауын «сонау көрінген Есілдің қызғылт биік жарының дөңіне салынғандығынан» деп түсіндіреді. Одан әрі Бәкен Қызылжар қаласының екіге бөлінетінін, бірі – «Ой қала», бірі – «Дөң қала» екенін айтады. Дөңге көтерілген кезде Бәкен Сәбитке жарқабаққа салынған биіктігі үш қабат, терезелері кішкентай, бір орамды тұтас алып жатқан ақ үйді нұсқап: «Абылайдың ақ үйі» деген осы. Бағынам деп уәде берген соң, патша осы үйді оған арнап салдырған», – дейді. Одан әрірек жүре бергенде Бәкен «Мына бір үй бұл қаланың байлары 1913 жылы Романовтардың патша болғанына 300 жыл толу мерекесіне арнап салдырған. «Дом Романовых» деген осы. Бұрын гимназия еді, кейін реальное училище болды» -деп түсіндіреді. Бұрынғы «Вознесенский проспект» аталатын (қазір Конституция көшесі. -Қ.М.) көшемен жүріп келе жатқанда сол жақта Сәбиттің көзіне басқа үйлерден әлде қайда биік қызыл кірпіш үй шалынады. Сәбиттің «Бұл не қылған үй?» деген сұрағына Бәкен: «Осы қалаға Есілден су тартып беретін үй, орыстар мұны водокачка дейді, Қызылжардың ең биік үйі үш қабат қана, водокачка тоғыз қабат», -дейді. Осылай қалада 2-3 күн болған жас Сәбит Қызылжармен әжептәуір анысып алады.

1919 жылы жазғытұры Омбы қаласындағы Мағжан Жұмабаев басқарған мұғалімдер даярлайтын курстан қайтқан Сәбит Қызылжарда бірнеше күн болып, еліне барып бірнеше ай ауыл балаларын оқытады да, сол жылғы желтоқсан айында Қызылжарға қайта келіп уездік мұғалімдер мәслихатына қатынасады. Осы жолы ол Баймағамбет Ізтөлинмен бірге уездік партия комитетінің хатшысы И. Т. Соколовпен және уездік ревкомның председателі В. И. Гозакпен танысып, әңгімелеседі.
1920 жылдың мамыр айының соңында Қызылжарда ашылған «Қызыл мұғалімдер» курсына оқуға түседі. Бұл курстың басқарушысы да Мағжан Жұмабаев болғаны тарихтан белгілі. Осы курста бір ай оқығаннан кейін уезд басшыларының тапсыруымен Сәбит продразверстка жұмысымен қазақ болыстарына іссапарға шығып, сол жылғы күзде тапсырысты орындап қалаға қайтып келеді. Осы кезде Қызылжарга келген Бүкіл одақтық Орталық Атқару комитетінің төрағасы М. И. Калининмен кездесіп, әңгімелеседі және оның қала активінің жиналысында сөйлеген сөзін тыңдайды.
1921 жылғы ақпан айында Сәбит Баймағамбет Ізтөлинмен, Жәнібек Жанұзақовпен, тағы басқа коммунистермен бірге ЧОН (Айырықша мақсаттағы бөлім. -Қ. М.) отрядының жауынгері ретінде ақ гвардияшылар басқарған шаруалар көтерілісіне қарсы күреске қатысады. Осы шайқас кезінде Сәбит жараланып, Баймағамбет қаза табады. Сәбит сол ұрыстарда қаза тапқан коммунистерді Қызылжардың бас алаңында жерлеуге қатысады.
Осыдан кейін Көкшетау уезінде қызметте жүрген Сәбитті 1921 жылғы күзде Ақмола губкомы Қызылжарға шақыртып жаңа ашылған совпартшколаға саяси жағдай туралы сабақ беруді әрі сол кездегі қазақ татар клубында мұсылман коммунистерінің ячейкасын басқаруды жүктейді. Осындай қызметтерде жүрген Сәбит 1922 жылы ақпан айында Орынбор қаласында өткен Қазақстан коммунистерінің екінші конференциясына делегат болып қатысады да, сол жылғы тамыз айында сол қаладағы рабфакқа оқуға түседі.
1922-23 жылғы оқуды аяқтап жазғы демалысқа келген Сәбитті Губком Петропавл уезінің үш болысына жергілікті сайлауды өткізуге жібереді. Сәбит ол тапсырманы орындап Орынборға қайтарда елден бірнеше жетім балаларды ала келіп, Қызылжардағы балалар үйіне орналастырады. Сонымен қатар бір тол жас жігіттерді, ішінде Ғабит Мүсірепов те бар, Орынборға ала барып, оқуға түсіреді.

1924 жылдың көктемінде Орынбордан жазғы демалысқа келген Сәбитті губкомның хатшысы Гринблад губерниялық «Бостандық туы» газетіне жауапты хатшылыққа тағайындайды. Газет редакциясында істеп жүріп Сәбит ауыл село тілшілерімен көп жұмыс істейді. 1925 жылдың аяғында ол тілшілердің губерниялық съезін өткізеді. Негізгі баяндаманы өзі жасайды. Сол кездегі газетте істеген Мәжит Дәулетбаев, Жақан Сыздықов, Ғалым Малдыбаев, Елжас Бекенов, Абдолла Садуақасов, Шахмет Хұсайынов (педтехникумның оқушысы) сияқты жас жазушыларды біріктіріп, 1925 жылдың күзінен бастап әдебиет үйірмесін ұйымдастырады. Сонымен қатар Сәбит Совпарт школада, Мәжит педтехникумда, Байбатыр Ержанов «Ақтас» атты қазақ мектебінде әдебиет үйірмесіне жетекшілік етеді.

Қайролла МҰҚАНОВ, ардагер ұстаз. (Жалғасы бар).


// Қызылжар Нұры. – 2015 жыл. – 1 сәуір. – 4 бет.

 

Copyright © 2010-2022 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».