Сәбит Мұқанов

Жарияланған Angela 08.06.2021 Сын |

Сәбит Мұқанов

Көп жыл әдебиет оқып, қаламгерлердің өздерімен араласта болып, кітапқұмар халықтың көңіл күйін аңғара жүріп, мен Сәбит Мұқановтай есімі елге кең жайылған жазушыны естіген емеспін. Бала кезімізден Сәбиттің өлеңдерін жаттап өстік, «Сұлушаш», «Жұмбақ жалау» («Ботакөз»), «Балуан Шолақ», «Менің мектептерім» («Өмір мектебі»), «Сырдария» романдарын оқумен әдеби сауатымызды аштық.

Солар арқылы өзіміз көрмеген, көрсек те дәл сондай сезінбеген өмірдің қат-қабат шындығын, оның көркем бейнесін танып, риза болыстық. Сәбеңнің халықтың әңгімешілдік дәстүрінен бастау алатын стилі, ауыз әдебиетіндегі шытырман оқиғаларды құрастырудан ауысқан сюжет құруы мен оны дамытуының қызықтылығы оның кітаптарын бас алғызбай оқытатыны және жазушы халықтығының терең жатқан бір тамыры екенін де аңғартқандай болатын. Жалаңаш батырақтың ішінен шығып, жаңа өмір үшін күреске ерте араласқан, бүкіл кітаптары езілгендер мен қарапайым халықтың рухы мен арман-мүддесінен туындаған жазушының күрескер бейнесіне де тәнті болатынбыз. Оны көру, араласу, әңгімесін тыңдау біздің түсімізге де кірмеген арман еді.
Сол арманымның ойда-жоқта орындалып, Сәбең сияқты «Алыпты» (Ғабит о кісіні «Алыптар тобына» қосқан) көріп, іні-бала болғаным үшін тағдырыма мың мәртебе рақмет айтсам да артық емес. Бәрі менің соғыстан кейін оқу іздеп, Алматыға келуімнен басталды. Отан соғысы кезінде мектеп бітірумен тоқтап, елде жұмыс істеп қалған мен соғыс аяқталысымен-ақ оқуды армандай бастадым. Әкем марқұм әскерге алынып кетуімнен қауіптеніп, мектепте мұғалім болып жүрген жерімнен ішкі істер жүйесінің қызметіне ауыстырып жіберген болатын. Олар мені босатпай, босатса өз жүйесінің оқуына жібергісі келіп, біраз әуре етті де, мен қайта-қайта мазалап, арыз жаза берген соң, 1947 жылы жазда босатуға уәде етті. Басшылықтың уәдесін алған соң, екі жылдай алмаған демалысым бар еді, соны пайдаланып оқудың жайын барлап қайту үшін мамыр айында Алматыға келдім. Түскен үйім – Мәжит Сейфуллиннің (Сәкеннің інісі) үйі. Алдында Алматыда болып кеткен әкем сол үйдің мекен-жайын берді. Мәкең де, әйелі Әмина да қонақжай, көңілдері ашық, елден алыс жүрсе де, араласын үзбеген, бір жайдары жандар еді. Мәкең мені ҚазПИ-ға ертіп барып, оқуға түсудің жайын ақылдасты, бірде өзі, бірде үлкен ұлы Орынбекті қосып беріп, қаламен таныстырды. Күн демалыс. Мәкең екеуміз базар аралап, бір көшемен (қазіргі Зенков, бұрынғы Пролетар көшесі) көтеріліп келе жатыр едік, тұсымыздағы бір қабатты шағын үйдің терезесі қағылды. Қарасақ, терезенің ар жағында біреу Мәкеңді танып, қол бұлғады. Таядық.

– Сәбит қой, Сәбит Мұқанов. Білетін бе едің? – деді Мәкең. – Білгенде қандай! Кітаптарын оқығам. Іштен Сәбең шықты. Дәл өзі. Мен көрген суреттен айнымайды. Көзіме жылы ұшырап кетті. Мәкеңмен шүйіркелесіп амандасып, хал-жай сұрасты. Мәкең: – Мына бала елден келген еді. Сонымен базар аралап келе жатыр ек, – деді. Ал, Сәбең: – Таяуда «Сырдария» деген роман бітіріп едім. Соны машинкаға бастырып жатырмын. Үй тар, бала-шаға бар, кеңсеге келіп жұмыс істеп отыр едім. Сені көріп, амандасайын дегенім ғой, – деді. Кеңсенің «Жазушылар одағы» екенін мен сонда барып аңғардым. Екінші рет Сәбеңді күзде Жастар мен балалар театрында өткен жас жазушылардың кеңесінде көрдім. Оқуға түсіп, қаламен, институт өмірімен таныса бастаған кезіміз. Әдебиет үйірмесінің бір жиналысына тыңдаушы боп қатысқам. Жас жазушылардың кеңесі болатынын сонда естіп, жоғарғы курс студенттеріне еріп барып, тыңдадым. Сәбең баяндама жасады. Баяндама жасап тұрып, бір сөздің орысшасын іздеп: – Әй, Қайнекей, орысшасы қалай еді, айтып жіберші, – дегені есімде. Қайнекей: – Әне, Ғабең отыр. Баяғыда сізге достобрен жазып берген, сол кісі біледі, – деп, басқа жаққа сілтеп жіберді. – Әй, Ғабит, сен бар екенсің ғой. Баяғыда достобрен де жазып беріп ең. Айтып жіберші, – деді Сәбең. Жұрт мәз боп күліп жатыр. Үзіліс кезінде Сәбеңнің жиналған елдің ортасында күліп, әңгіме айтып, мәз болып тұрғаны көз алдымда қалыпты. Одан кейін театрда көрдім. Сол жылы қазан мейрамының құрметіне Опера және балет театрында «Төлеген Тоқтаров» операсы қойылып, бір топ студенттер соған барсақ, Мұхтар, Сәбит, Ғабиден үшеуі сонда екен. Үшеуінің де тұлғасына, кесек кескіндеріне қарап, риза болыстық. Үзіліс кезінде үшеуі әңгімелесіп, вестюбльде айналып жүрді. Біз де екі-үш бала қызықтап, әңгімелеріне құлақ тосып, арттарынан ере жүргенбіз. 1948 жылдың күзінде ҚазПИ-дің 20 жылдығына байланысты институтта ақын-жазушылардың үлкен бір тобы қатысқан кеш өтті. Оны әдебиет үйірмесіне қатысып жүрген студенттер өздері ұйымдастырған. Кешті Қажым Жұмалиев ашып, сөзді Сәбит Мұқановқа берген. Ол кісі – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы. Қатысып отырған ақын-жазушыларды таныстырып, өзі ҚазПИ жөнінде сөз сөйледі. Сонда 30-жылдардың аяқ кезінде ҚазПИ-де істегенін айтқан. Ал жазушымен тікелей кездесу институтта 1949 жылы ұйымдастырылды. Оған ұстаздарымыз Қажым Жұмалиев, Қайнекей Жармағамбетов қатысып, Сәбең шығармашылығы жайлы сөз сөйледі, жоғары курстың бір-екі студентін сөйлетті. Ақырында сөзді Сәбеңнің өзіне берді. Өзі жазушылық еңбек жайлы, шығармаларының жазылу тарихы жайлы айтты. Менің есімде «Ботакөздің» қалай жазылғаны, материалдарын қалай жинағаны, Сайын болыстың тарихы жайлы әңгімелері қалыпты. Образдардың прототипі жайына тоқталды. Асқарды Әліби Жангелдиннен алдым деп, Әлібидің кім екендігін, революциялық еңбегін біраз әңгімеледі. 1951 жылы институт бітірген соң, мен Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Әдебиет және искусство» журналына ауыстым. Редакция Жазушылар одағы үйінің ішінде. Біздің редакторымыз босап, орнына адам келмей, кабинеті біраз уақыт бос тұрды. Осы кезде өз кабинетінде жөндеу жұмысы болып, Сәбең осында отырып жүрді. Сәбеңмен жақын келгенім, тілдескенім, танысқаным осы тұстан басталды. О кісінің адамды өзіне тартып тұратын қарапайымдылығы, кішіпейілділігі, арасында әзілдеп қойып, өзі де қызығып айтатын әңгімешілдігі, қалбалақтаған мінезі бізді бірден баурап әкетті. Бір күні сырттан кірсем, «Әй, Серік, сен мен екенімді айтып қойып жүрме, бір жас келіншек телефон соқты, келін болуы керек, мен аздап әзілдеп жібердім» деп өзі мәз боп күледі.
Бұл бір қиын кезең еді. Қазақстанда «Ұлтшылдыққа қарсы күрес» науқаны басталған. 1946 жылғы партияның «Ленинград» және «Звезда» журналдары туралы» қаулысынан бастау алған бұл науқан біздің республикада өзгеше бір қарқынмен өрістеді. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті «Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» қаулы (1947) қабылдады. Ж.Шаяхметов республикалық активте сөз сөйледі. Оның аяғы «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік тұрғыда баяндалсын» атты мақаласына (1950) ұласты. «Ұлтшылдықты» әшкерелейтін мақалалар ұйымдастыру жедел қолға алынды. Сәбең осы кезде Жазушылар одағын басқаратын. Өзі де сынға ұшырап, біресе кітаптары, біресе одақтағы басшылық қызметі мінелумен жүрген. Бір күні Орталық Комитетке барып келді де, бізді, бір топ жас әдебиетшілер мен сыншыларды жинады. – Әй, жігіттер, қызық болып жатыр. Партия «ұлтшылдарды» табыңдар, әшкерелеңдер дейді. Әбділда, Қасым, Қалижан үшеуіне ерекше шүйлігуде. Сендер жассыңдар, осы тұста партияға көмектеспесеңдер болмайды, – деді. Қолына қарындаш алып, кімнің қай тақырыпқа, қай газетке мақала жазатынын нақтылап, өзі жазып отырды. Жасынан жоқшылықта өсіп, Совет өкіметі мен Коммунистік партияның қамқорлығымен білім алып, еңбек жолын, жазушылығын бастаған Сәбит партия сөзі, партиялық шара дегенге «так» тұратын. Партия ұранына еріп, 20-жылдардың өзінде Қазақстандағы «ұлтшылдыққа» қарсы батыл күрескен. Бірақ бұл жолы бұрынғыдай белсенділігі байқалмайды. Сірә, «ұлтшылдық» бар дегенмен, сынның ұсақ-түйекті термелеп, кінә іздеуге бет бұрғанын сезетін де болар (өзі де сыналып жүрді ғой), тапсырма алған соң, амал жоқ, мақалалар ұйымдастыруға мәжбүр адам сияқты көрінді. Бірақ онымен құтылмады. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті Жазушылар одағының жұмысы жайлы арнаулы қаулы алды да, Сәбитті орнынан босатты. Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып партия қызметкері Ә.Жаймурзин сайланды. Одақ басшысы жазушы болуға міндетті емес, ол одақта партиялық тәртіп ұйымдастырушы болуы керек деген сталиндік принцип (Щербаков, Поликарповтар одақтық жазушылар ұйымын басқарған) Қазақстанда да іске асты. Кейін бұл Қырғызстан мен Түркменстанда да қайталанды. Әрине, жазушылардың ішкі жағдайын, психологиясын, шығармашылық адамының сыры мен күйін білмейтін адамға олармен жұмыс істеу оңай емес еді. Әбекең (Жаймурзин) бұл қиыншылыққа кездесті де. Сөйте жүріп, адал қызмет істеуге тырысты. Аз уақыт істеп, жазушылармен қарым-қатынасын бұзып алмай тұрғанда, аман-сау Мәскеуге оқуға кетті. Мен Әбекеңнің ақылдылығын осыдан көрем. Сөйтіп, 1954 жылы бұл орынға Ғабиден Мұстафин отырды.Қызметінен кеткеннен кейін Сәбит «ұлтшылдықты әшкерелеу» ісіне араласқан жоқ. Тек әділетсіз сын шоқпарынан өз басын арашалаумен жүрді де, республика басшылығы өзгергенмен, кейін әдебиеттің қадірлі ақсақалдарының қатарында сыйлы өмір сүрді. П.К.Пономаренко, Л.И.Брежневтер ақсақал жазушыларға үлкен құрметпен қарады. Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден – төртеуі де Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Бұлардан басқа бір орыс жазушысына (Д.Снегин), Жазушылар одағының екінші хатшысына (Ә.Тәжібаев) депутаттық орын берілді. Алдыңғы төртеуі өздері өмірден кеткенше депутаттығынан айырылған жоқ, кейінгі екі орын қызметіне қарай басқа адамдармен алмасып тұрды. Жоғарыдағы төрт ақсақал жазда министрлермен қатар, Министрлер Кеңесінің екінші демалыс үйінен саяжай алып пайдаланды. Ал қалған жазушылар үшін үкімет екі ағаш үй (төрт бөлмелік төрт пәтер) салып берді. Ол да бір қызық дәурен екен ғой. Жаз бойы ағалармен араласып, сол демалыс үйін басымызға көтеріп жатушы ек. Балаларымыз да сонда өсті. Сәбеңмен отбасылық араласымыз да осы демалыс үйінен басталды. Сәбең керемет әңгімешіл кісі еді. Әңгімені өзі де қызығып айтады, тыңдаушысын да елітіп отырады. Қиялы күшті адам қызығып отырып қосып жіберетін әдеті де болатын. Демалыс үйінің асханасынан тамақтанып шыға бере, Сәбең есік алдындағы ұзын орындыққа жайғасады. Елдің бәрі апыр-жапыр жиналып, сол кісінің әңгімесін тыңдайды.

– Әй, сен де отыр, – деді бір күні асханадан шыққан маған. – Мен сендерге Мағжанның Алматыға келуін айтып берейін. – Мәскеуде, қызыл профессорлар институтында оқып жүрген кезім еді, – деп бастады әңгімесін Сәбит. – Мәриям, бір кішкене балам бар – үшеуміз. Бір күні кешке жақын – апақ-сапақта елдің бір жігіті (Сәбең атын айтып еді, ұмыттым) жетіп келді. Оны-мұныға ұрынғыш, бірнеше рет сотталған адам болатын. Мен қалай тауып келгеніне қайран қалып едім. – Ой, горсправка бар емес пе? Кімнің қайда тұратынын тез тауып береді? – деді. Мен оның қайдан келе жатқанын сұрадым. – Бір жұмысты болып, солтүстік лагерьде болып едім, содан босанып келем. Тамақ үстінде әңгімелесіп отырып: – Лагерьде қазақтар болды ма? – деп сұрадым. – Болды. Мағжан Жұмабаев бар. Мен ойланып қалдым. Мағжанды жақсы білем. Бала кезімде мен оқыған курста сабақ та берген. Күшті ақын. Бірақ Кеңес өкіметін мойындамай, оған наразылығын жырлаумен өтті. Сотталғанын естіп ем, қайда екенін бірінші рет біліп отырмын. Ертеңіне мекен-жайын сұрап алып, Мағжанға хат жаздым. Хаттың мазмұны сол кездің ұғымынан туған. Мен үш қоғамдық құрылыс тұсында шыққан үш үлкен ақынды білем. Олар – феодалдық дәуірде шыққан Абай, буржуазиялық дәуірде туған Мағжан, пролетариат дәуірінде шыққан Сәкен… – дей келіп, сізді біз жақсы білеміз. Қашанғы қыңыр тарта бересіз, қоғам дамуының беталысы сіздің ойыңыздан шықпағанын көріп жүрсіз. Жаңа өмірді қабылдап, бетті беріге бұрыңыз, талантыңызды қор қылмаңыз, – деп жаздым. Мағжаннан жауап болмады. Келесі жылы оқуымды бітіріп, Алматыға келдім. Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайландым. Бір күні Мағжаннан хат алдым. «Сәбит қарағым, хатыңды алып едім, кезінде жауап жаза алмадым. Енді босанып елге келдім. Бір мектепте сабақ берем. Ол да тұрақты емес. Қашанғы шетке қаға бересіңдер. Көп уақыт өтті, көп су ақты дегендей… мені орталарыңа алмайсыңдар ма?» деп жазыпты. Хатты Сәкенге көрсеттім. Ол: «Мұны басқа ешкім шеше алмайды, бірден Л.И.Мирзоянға бар» деді. Осы жерде тыңдап отырған Мұхамеджан Қаратаев сөз қосып: – Мен сіздің хатшыңыз едім ғой, Сәбе, әуелде Садық Нұрпейісовке барып едіңіз ғой, – деді. Сәбең оның түзетуін қабылдады да: – Садық оны шеше алмады. Ол да Мирзоянға сілтеді, – деді. Сонымен, сұранып, Мирзоянның қабылдауына бардым. О кісі кішіпейіл, төрешілдігі жоқ адам еді, тез қабылдады. Мен хат туралы, Мағжанның сөзі туралы толық айтып түсіндірдім. Әңгіме үстінде Ораз Исаевты (Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы) шақырып алды. Сонсоң шешімін айтты: – Шақырыңдар. Біраз қорлық көрді ғой, ойланған болар. Беті бері қараған шығар. Бірақ, естеріңде болсын, ол – жаңа өмірді мойындамаған адам, әрі қарайып қалды. Сендерге жаңа шығарма жазып бере алмайды. Классикалық әдебиет үлгілерінен аударма жасатып алсаңдар да пайда… Қазір онда ешқандай жағдай жоқ. Үй беріңдер, баспамен келісіп, аударма жасауға шарт жасасып, аванс төлеңдер, сөйтіп көмектесіңдер, – деді. Осы уәдемен шықтық.

Ораз «Кеңестер үйі» деп аталатын қонақүйінен екі бөлме беруге әмір берді. Барып, кілтін алдым. Баспа өзі келген соң шарт жасасып, ақша беретін болды. Мен телеграмма беріп шақырттым. Бір күні «келе жатырмыз» деген хабар да келді. Ол кезде машина жоқ, ат-арбамен барып, 1-Алматы вокзалынан күтіп алдым. Пойыздан түсті, қасында әйелі Зылиха бар. Сәбең Зылиханы ұнатпайтын. – Мен сыйлайтын ақындардың ішінде екі адамның әйелі маған ұнамады, бірі – осы, – деді. Екіншісін де айтып еді, ұмыттым. Мағжанның бақытсыздығын осы әйелден көретін. – Мақа, – дедім күтіп алып тұрып, – үйіңіз дайын. Кілті менде, бірақ иесіз үйге барып түспейсіз ғой, біздің үйге барайық. Ертең апарып салам. – Сәбит қарағым, інімдейсің ғой. Қолымда оқып та едің. Өкпелеме, мен сіздің үйге бармаймын. Мен Сәкенге барайын. Бірге өсіп, бірге оқып ек, заман екеумізді екі жолға салды ғой. Ол жеңді, мен жеңілдім. Сәкеңнің аяғына жығылайын, – деді Мағжан. Егіліп тұрып айтты. Жасып қалыпты. Аяп кеттім. Бірақ Сәкенге бірден алып баруға бата алмай, «қазір, тоса тұрыңыз» деп, телефон соқтым. Сәкен: – Алып кел, – деді ойланбастан. – Біз келсек, – деді Сәбең әңгімесін әрі жалғастырып, – Сәкен үйіне сыймай, үстіне қара костюм, ақ көйлек киіп, галстук тағып, таранып, бағының ішінде әрі-бері жүр екен. Екі қолы артында. Келген бетте Мағжанға құшағын жая ұмтылды. Екеуі де көзіне жас алысып, құшақтасып амандасты. Сол кешті Сәкен үйінде өткіздік. Ас үстінде, әңгіме арасында болса да, өткен өмірлерінің өкпелі жақтары, айтыс-тартыстары жайлы бір ауыз сөз айтылмады. Көңіл көтерерлік әңгімелер ғана болды. Біз Мағжанды осылай қарсы алғанбыз, – деді Сәбең әңгімесін түйіндеп. – Кейін не болды? – деп сұраймын мен, Мағжанның кейінгі тағдырын білгім кеп. – Кейін біз ойлағандай болмай қалды. 1937 жыл келіп араласты. Сәкен ұсталып кетті. Мағжанның соның алдында Сәкен үйіне түнделетіп барып қонақ боп кеткенін, Сәкеннің ақшалай көмек бергенін артынан естідім.

– Мағжанды соңғы рет қашан көрдіңіз? – Күнде жиналыс, күнде әшкерелеу. Сәкен, Бейімбет, Ілияс ұсталған соң, маған шүйлікті. Жазушылар одағында үлкен жиналыс болды. Орнымнан алды. Партиядан шықтым. Енді қашан ұстап әкетеді деп күтумен жүрдім. Кешке қарай үйге кіруге жүрек дауаламайды, шам жақпай, апақ-сапақта верандада отыр едім, біреудің біздің үйге беттеген сұлбасы көрінді. Әуелде ұстауға келе жатқан адамдар ма деп шошып қалсам да, артынан жай адам екенін аңғардым. Мағжан екен, қарсы шықтым. – Сәбит, қарағым, – деді Мағжан, – бәрін де естідім. Сорым арылмаған адаммын ғой, мені шақырғаның да саған таяқ боп тиіпті. Кешірім сұрайын деп келдім, – деді ол. – Онымен сөйлесіп тұратындай жағдай менде жоқ еді. Қоштасты да іңір қараңғылығына кіріп жоқ болды. Содан кейін мен Мағжаннан көз жазып қалдым. Өлі екенін де, тірі кеткенін де білмеймін.

Сәбең әңгімесі көп. Бірінен бірін сабақтап, арасында әзілін айтып, күліп қойып жалғастыра береді. Біз Сәкен, Бейімбет, Ілияс туралы сұраймыз. Олардың еңбектері емес, адамдық, жолдастық қарым-қатынастарын білгіміз келеді. – Мен олармен жолдас болып көп жүрдім. Жолсапарларға да бірге шығып көрдік. Ақкөңіл, қолы ашық, далақтап Бейімбет ылғи алда жүретін, мейрамханаға тамақ ішуге барсақ та, алдымен сол төлейтін. Есепсіз еді. Одан кейінгі далақбайы – мен. Ал, Сәкен мен Ілияс мөлшерден аспайтын. Кеше сен қаншаға қонақ қылсаң, бүгін сондай ғып сыйлайтын. Бұл, әрине, сараңдық емес, есепке жүйріктік, – деп күліп қояды Сәбең. Сәкен қасында көп болған Сәбең оның серілік өмірі жайлы да әңгіме шертеді. – Сәкен қызық еді, сезімнің адамы ғой, қыздардың кейде өзін емес, бір мүшесін көріп қызығатын. Мынаның аяғы, мынаның мықыны жақсы екен деп отыратын. Гүлбаһрамның да әуелде Сәкенді қалың ұзын шашы – бұрымы қызықтырған ғой. Сәкен – адамның сұлуы еді. Тұла бойындағы бір міні – аяғы қисықтау болатын. Соны білдірмеймін деп, кең шалбар, қыста қазақы етік киетін. Осылармен қатар Сәбең халық арасындағы күлкілі әңгімелерді, әр кезде өзі көрген, куә болған оқиғалардың қызғылықты жақтарын теріп айтады. Демалыс кезінде көңіл көтеру үшін көңілді әңгімелерді әдейі айтатын да сияқты. – Мен сендерге бір жегіш туралы әңгіме айтайын. Ол бала кезінде өзі көрген бір ет жегіш мешкей жайлы әңгіме шертеді. Оны Торсан бай құдасына ертіп барып, ту биесін жегізеді. Торсанның қасында мешкейі бар деген соң құдасы ту бие сояды. Биені сойған жерге барған мешкей оның өздеріне арналып сойылып жатқанын естіп, «бізге арнасаңдар, аспай-ақ қойыңдар, мен оны шикі жеймін» деп, аздаған тұз септіріп, шикідей жеп тауысыпты. Құдасы Торсанға асатын еті болмай, басқа мал сойыпты. «Сол жегіш, – дейді Сәбең – біздің ауылда бір шошқаны жалғыз жегенін көрдім. Қатар жатқан орыс селосының бір шошқасы біздің ауылға кіріп кетіпті. Одан шошынған бір қазақ мылтығын алып атып тастапты. Ел жиналып, орыстар іздеп келсе, қырып кетеді деп қорқып, шошқаны жерге көміп тастамақ болады. Оны көрген жегіш: «Орыстар оны бәрібір тауып алады, ақысын берсеңдер мен жеп қояйын» депті. Қазақтар соған келісіпті. Әлгі жегіш шошқаны түгел жеп, терісі мен бас-сирағын өртеп жібереді». Сәбең күліп қойып, мәз болып өзі де осыған сеніп айтады, бізді де сендіреді. Жазушы адам ғой, жегіштің майды шикідей сорғанын суреттеп айтқанда, өзі тамсанып қызықтағанмен, тыңдаушының жүрегін айнытпай қоймайды. Бірде Сәбеңнің Маңғыстауға депутат болып барып, жоғалып кеткенін сұрадым. – Ой, ол бір қызық, – деді Сәбең. – 1947 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне Маңғыстаудан депутаттыққа ұсынылдым. Сайлау алдындағы кездесуге бардым. Аудандық партия комитетінің хатшысы қарсы алды. Үйіне алып барды. Жаздың күні, ыстық, үйі салқын, терезелерін қараңғылап қойыпты. Шай ішіп болған соң: – Ал, Сәке, демала тұрыңыз. Мен жиналысты ұйымдастыру жағын реттеп келейін, – деп кетіп қалды. Маған үйінің төргі бөлмесіне төсек салып берді. Қисайып жатып ем, ұйқым келмеді. Есіктің алдына шықтым. Ұзынша орындығы бар екен, отыр едім, өтіп бара жатқан бір егде адам бұрылып, сәлем берді. Мені таныды. Жөн сұрасып, сол жердің адайы екенін, ауылы аудан орталығынан сәл сырттау, құм ішінде екенін айтты. Сәбең соған еріп, әңгімемен ауылына келгенін бір-ақ біледі. Ауыл адамдары Сәбеңді танып, бір үйге кіргізіп, мал сойып, ел жиналып, мәз болысады. Әңгіме-дүкен құрады. Аупартком хатшысы жиналысты ұйымдастырып, ертіп барайын деп үйіне келсе, Сәбит жоқ. Әйелі: «Жаңа бір әзірде сыртқа шығып еді» дейді. Олай іздейді, бұлай іздейді. Милицияға хабар береді. Депутат жоқ. Сасқан аупартком хатшысы облысқа, Гурьевке хабар береді. Олар «табыңдар» деп бұйырады. Ақыры милиция ауданның сырт жағындағы ауылдарға шығады. Барса, бір үйде толған халық ортасында мәз болып әңгіме айтып отырған Сәбитті табады. Күлкілі болғанмен, бұл әңгіме Сәбеңнің халықтығын, қарапайымдылығын, көп ішіне сіңімділігін танытатын шынайы шындыққа толы. Сәбең әңгімелерінен оның өмірді терең білетіні, адамдарды керемет танып, образға айналдырып суреттей отыратыны, көргенін ұмытпайтын, бәрін де жадында сақтайтын ұқыптылығы білініп тұратын. Оның қарапайым адамдар ішінде досы көп болатын, бірге өскен құрдастарын ерекше сыйлайтын. Кейін үлкен жазушы болған кезінде өзін күтіп алып, қонақүйден орын дайындағандарға көнбей, ескі бір досының үйіне түскенін бір естеліктен оқыған едім.

– Мен үлкен болдым деп, оның үйіне түспесем, достығым қайда? – депті Сәбең. Сондай жас кезінде бірге болып, қиын күндерді бірге өткізген достарының бірі Телібайдың Сарысы еді. Біздің елдің жігіті, бізбен құдандалығы бар. Сары Алматыға келген сайын Сәбең үйіне соқпай кетпейтін. Өзімен де, Мәкеңмен де әзіл-қалжыңдары жарасқан құрдас еді. Қызылжар байларының бірінде жалшы боп жүрген Сарыны Кеңес өкіметі келген кезде Сәбиттер босатып, сауат ашу мектебіне беріп, партияға түсіріп, кеңес жұмысына тартқан. Бірі елде, бірі Алматыда жүрсе де, ара қатынастары үзілмеген достар еді. Ол жөнінде, Сарыны іздеп Жаңарқаға барғаны жайлы Сәбең «Сарыарқада» (1956) атты очеркінде жазған. – Әй, Серік, – деді бір күні Сәбең телефон соғып. – Мен Арқа жағын аралап қайттым. Сенің еліңе бардым. Сарыны білесің ғой, қонақ болдым. Сол жолсапарым жөнінде бір очерк жазып ем, саған жіберем. Ол кезде мен «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі едім. – Мақұл, Сәбе! Очерк кешікпей газетте басылды. Сондай жас кезінде бірге өскен достарының бірі – атақты ақын Жақан Сыздықов болатын. Үлкен, кіші кезінің бәрінде де онымен қатынасын үзген жоқ. Өмірінің соңғы кезінде Жақан аздап ішімдікке салынып, шығарма жазуын әлсіретіп алды. Соның өзінде Сәбит одан қол үзбей, ақыл-кеңесін, көмегін аямады. Екеуінің арасында болған бір күлкілі әңгімені мен Жақанның -аузынан естіп едім. – Мен көп уақыт үйсіз жүрдім, – дейді Жақан. – Бір бөлмелі ескі үйде тұрдым. Қыста суық. Сәбит – одақтың төрағасы. Үй алып берем деп уәде жасаған. Бірақ көпке дейін ойын іске асыра алмай жүрді. Алматыда салынып жатқан үй де аз. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Бір күні үйге келсем, пеш тартпай, үй ішін түтіндетіп, Қатира ренжіп жүр екен, мені көріп сөйлей бастады. – Үлкен ақынсың, Сәбитпен доспын дейсің, сол Сәбитіңнің қолынан келмей ме, әдейі істемей жүрген шығар! Жолдастарыммен аздап ұрттап келіп едім, шыдамай шығып кеттім. Одаққа келсем, Сәбит жоқ екен. Есіктің алдында бір жігіттермен бөгеліп, баспалдақтың үстінде тұр едім, Сәбиттің машинасы қораға кірді де, ішінен шыққан ол бізге қарай беттеді. Баспалдаққа аяғын сала бере, ентелеп, елпелектеп: – Ә, Жақан, амансың ба? – деп қолын соза бергенде, жоғарыдан тұрып ішке теуіп қалдым. – Еһ, дұрыс! – деді де өтіп кетті. Тұрған жұрттың бәрі аң-таң, маған қарайды. Менің оларға қарайтын бетім жоқ. Сәбит – одақтың төрағасы, Жоғарғы Кеңестің депутаты, Орталық партия комитетінің мүшесі, атақты жазушы. Соны ішке теуіп қалғаным есіме жаңа түсті де, жылап, теріс айналып жүріп кеттім. Үйге келіп, Қатираға не істеп келгенімді айттым да, жатып қалдым. Ол одан сайын ренжіді. Таңертең тұрып, шай ішіп отыр едім, үйге Сәбиттің машинасымен Фаина Иосифовна (Жазушылар одағы іс басқарушысы болып істейтін) келді. – Сабит Муканович шақырады. – Мені тегін шақыртпаған болар, кешегі ісім үшін түрмеге жіберетін шығар, – деп, Қатирамен қоштасып кеттім. Фаина Иосифовна бірден Сәбиттің кабинетіне кіргізіп жіберді. Кірсем, Сәбит төмен қарап, бір қағаз жазып отыр екен, әлден уақытта басын көтеріп, маған қарады да, амандаспастан: – Жақан, осы сен кеше не істедің? – деді. Айтар жауабым жоқ, ағыл-тегіл жыладым. Сәбит мені жұбатып әуре. Әлден уақытта көз жасымды тыйып, кешірім сұрадым. «Қу арақтың қырсығы ғой» деп басымды көтерсем: – Ей, Жақан-ай, сен кетсең мені ішке тебетін адам да болмайды ғой, – деп, Сәбитім өзі қоса жылап отыр. Жақан осыны айтып, Сәбитке қадірінің барлығын мақтан етеді. Досының адалдығына, қарапайым, ақкөңіл, сезімталдығына ризалық білдіреді. – Әй, Жақан, есіңде ме, – деді де, ескі бір кітаптағы өлеңдерді жатқа айтты. Сонсоң тұрып: «Мен бала кезімде жаттаған жырларымды әлі ұмытпаппын. Бүгінгі ақындардың бір жол өлеңі де есімде жоқ. Бұл қалай? – деп маған қарады. Мен: – Сен ескішілсің, жаңаны әлі бойыңа сіңіре алмай жүрсің, – деп қалжыңдадым дейтін. Мұнда да оған батыл айта аламын деген мақтаныш бар. Соның бәрін ол ескі достығынан деп түсінетін. Екеуі әдеби қызметін бірге бастап, Қызылжарда (Петропавлда) облыстық газетте бірге істеген ғой. Сол қатынастары үзілмеген қалпында кетті. Сол кезде Солтүстік Қазақстанда бірге өсіп, әдебиетке бірге келген Жақан тектес достары Мәжит Дәулетбаев, Ғалым Малдыбаевтар да жас мөлшерлері шамалас болғанына қарамай, Сәбитті ұстаз тұтатын. Ол шын мағынасындағы ұстаз еді ғой. Жаңа әдебиеттің жас кадрларын дайындауда Сәбиттен мол еңбек сіңірген адам жоқ. Ол облыстарға барып, онда әдебиет үйірмелерін құрып, облыстық газеттер редакциялары маңына жас әдебиетшілерді ұйымдастыруға тікелей қатысты. Өзі баспасөз маңында істеген адам олардың шығармаларының жарық көруіне көмектесті. 20-жылдардың өзінде әдебиетке келген Асқар мен Әбділда да, Ғали мен Жақан да, Қалмақан мен Мәжит те оны ұстазындай мойындайтын. Оның қолы ұзын, пейілі кең еді. Кейін біз көрген кездің өзінде Сәбит осы мінезімен соғыстан кейін әдебиетке келген жастарға қамқор болды. Сырбай мен Жұбан, Хамит пен Мұзафар, Ғафу мен Тоқаш, Тұманбай мен Қадыр, Есет пен Ізтай, тағы басқалары алғашқы жырларын Сәбитке оқыды, соның алдынан өтті. Солардың алғашқы жинақтарын оқып, талқылауына қатысып, қуанып мақалалар жазған да Сәбең болатын. Одаққа мүшелікке өткізем деп -талайын сүйреп жүргенін көрдік. Әбдіжәмілдің алғашқы романын қалай қолдағанын, үйіне жатқызып көмектескенін елдің бәрі біледі, Әбдіжәмілдің өзі де жазған. Әдебиетшілер ортасы да біртектес емес қой. Біреулері Сәбеңнің көмегіне, ақылына разылық білдірсе, енді біреулері ішіп келіп, ренжітіп кеткен кездері де болған. Сондайларға Сәбең: – Дұрыс! – дейтін де қала беретін. Ондайлардың талайын біз де көрдік. Ол кісі көңілі қалсын демеуші еді. Кімге болса да қол ұшын беруге дайын тұратын. Ауыл адамдарына көмегін аямайтыны жайлы естеліктерде де мол мәлімет бар. – Әй, Серік, –деді Сәбең «Алматы» шипажайында демалып жатқан күндердің бірінде, – сенде Серік Мақпыров деген бала оқи ма? – Оқиды, биыл бітіреді. – Қалай оқиды? – Жақсы. – Аспирантурада оқып кетуге шамасы келе ме? – Келеді. – Онда соны аспирантураға алып қалсайшы! – Ой, Сәбе, қолымнан келмейді, – дедім мен шынымды айтып. – Қазір бізге аспирантураға орын бермейді. Облыстардан арнаулы орын алып келгендерді ғана қабылдаймыз. – Мен орын алып берсем ше? – Алып берсеңіз, аламыз. Сөз жоқ. Шипажайда бізбен бірге ерте кезде партия, кеңес, кәсіподақ қызметтерін атқарған Шәрипа Таева деген әйел жатқан. Сәбеңмен таныс екен, сөйлесіп жүретін. Менімен таныстығы жоқ сол кісі араға Сәбеңді салыпты. Сәбең ақыры Оқу министрлігіне барып, сол бала үшін аспирантураға орын алды. Кейін ол жігіт «Ботакөз» романының шығармашылық тарихы» атты кандидаттық диссертация қорғады. Бірақ оны Сәбең көре алмады. Сәбеңнің қамқорлығымен оқуға түскен, ғылымға келген, жұмысқа араласқан мұндай жастар көп. Сәбеңмен талай кештің қонағы боп та көрдік. Ойын-тойдың, жиынның гүлі еді ғой. Қонақпын деп сызылып отырмайтын, өзі билеп-төстеп, әңгіме айтып, күлдіріп, кешті басқарып кететін. Арасында Мәкеңмен қосылып ән де айтып қоятын.
Қимайды екен көз көрген Оңбайды екен сөзге ерген, – деп келетін әнді жақсы көретін, жиі айтатын. Сырт елдерде жүргенде «бір қазақ әнін айтыңдар» деп сұрағанда осы әнді қосылып айтқанын еске түсіріп отыратын. Қонақта отырып, келіндерін мақтап қойып, «Біздің ауылдың шалдары баяғыда келіндерін мақтап отырғанда, таңданушы едік, сөйтсек, ертеңгі ішетін шайын ойлап отырады екен ғой. Қазір басымызға түскенде түсіндік» деп күлдіретін. Сәбең «Ет асату» дәстүрін жақсы көретін. Қонақ үстінде, ет желініп болған кезде, табақты алдына тартып алып, қонақтарға кезекпе-кезек асататын. Еті мен майын араластырып, алақанын толтырып алып, қонақтың аузына таяп, бармағымен итеріп түсіретін. Ешқашан қолына бермейтін. Сәкеңнің 70 жылдығы аталған тұста (1964), тың өлкесі партия комитетінің бірінші хатшысы Коломиецке ет асатқанын қызық қып айтатын. – Өлкелік комитет бізге қонақасы берді, – дейді Сәбең. – Жылқы сойылған, мол ет желінбей қалды да, мен қонақтарға асата бастадым. Мұндай дәстүрдің барлығын орыс жолдастарға да түсіндірдім. Майы мен етін толтырып аузына таяғанымда Коломиец: – Ой, Сәбит Муканович, я умру после этого. Я жирное не ем, – деді. Мен оған қарамай: – Это – традиция казахов, прошу уважать традицию, – дедім. Коломиец аузын тоса берді. Мен толтыра асатып жібердім. Түнімен «шынында ауру болса, майды көтере алмай өліп қалар ма екен!» деп ойлап шықтым. Таңертең тұрып, өлкелік комитетке барғанда, ол бізді қарсы алып: – «Удивительно, Сәбит Муканович, нормально перенес это» деді, – дейтін.

  Әзілшіл еді. 1957 жылы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылып, соның соңғы репетициясына барғанымыз бар. Мен – газет қызметкерімін. Спектакль жөнінде мақала жазуға тапсырма алғам. Репетициядан кейінгі талқылаудағы пікірлерді тыңдау үшін жиынға қалдым. Сонда Сәбең пьеса, спектакль жөнінде жақсы пікірлер айтты, ризалығын білдірді. Соңында Еңлік рөліндегі Шолпанның ел-жұртымен қоштасу әнін айтқан кездегі даусындағы жарықшақты күлдіре тұрып сынады. «Баяғыда әнді дұрыс бастап, артын бүлдіріп алған біреу: «Менің даусымның басы шешеме тартқан да, аяғы атама тартқан» деген екен. Сондай-ақ Шолпан әнін анасынша бастап, әкесінше аяқтады» деп күлдірді. Сәбең – үлкен жазушы. Әрине, бүгін оның жазушылық еңбегіне әртүрлі көзқарас болуы мүмкін. Әркімнің күнгейі мен көлеңкесі болады. Соның өзінде Сәбеңнің үнемі ізденістен туған, жаңашыл рухтағы, биік мұратты туындыларын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол өмірді терең білді. Адамдарды жіті таныды. Қазақстан территориясында ол араламаған ауыл, көрмеген жер жоқ шығар. Одақты, шетелді де көп аралады. Бәрінің де ізі бар – көркем туынды, очерк, суреттеме күйінде хатқа түскен. Оның шығармалары сол заманның өзінде тақырыбымен, көркемдік ізденістеріндегі жаңалықтарымен, тіпті түрлік, өлеңдік тың бояуларымен ылғи айтыс тудырып отырған. «Жұмбақ жалау», «Адасқандар», «Ақ аю» маңындағы айтыстарды еске алсақ та жеткілікті. Ол көп жазды. Өзі: «Шамамен елу томға жуықтайды, соның іріктеп 30 томын басуға болады» деуші еді. Шығармаларын сол 30 том көлемінде дайындаған. Бірақ үкімет 16 том ғана шығаруға рұқсат етті. Оның да толық басылып шыққанын жазушы көре алмады. Сәбеңнің бір мезгіл жұмыстан босап отырғанын ешкім көрген жоқ. Оның жоспары да көп болды. Сәбең өлгенде Ғабең: «Бір өзі бір кітапхана кітап жазған, бір өзі бір елдің басынан кешкен бар дәуірін қамтуға құлаш ұрған, әр дәуірдегі елдік, ерлік тіршілігін, ой-өрісін, сезім тереңдігін көрсете алған, теңдесері сирек кездесетін қалам еңбекшісі» деп бастап, тебірене тұрып сөз сөйлеп еді. Сәбеңнің бар еңбегі осы бір қысқа сөзге сыйған. Ол қазақ халқының арғы-бергі тарихын, салт-санасын, әдет-ғұрпын терең білді, көркем шығармаларына сыйғызды, зерттеулер жазды. Шынында да, «қалам еңбекшісі», еңбекқор еді. Мойнынан еңбек қамыты шешілмеген күйде көз жұмды. Оның алып еңбегі, алып тұлғасы оны Алып адам етті, Алып жазушы болды. Сәбеңнің Алып тұлғасын сөз еткенде, оның қасындағы Алып Ана Мәкеңді, Мәриям анамызды естен шығаруға еш болмайды. Ол кісі өмірінде Сәбеңе лайық, өзіне тартып туған, көпшіл, елге қамқор Ана, Апа бола білді. Біз көрген жазушы әйелдерінің жаңа типін Мәкең қалыптастырды. Сәбеңе әдеби жұмысына жағдай жасап, босап кеткен кезінде демалысын ұйымдастырып, дастарқанын кең жайып, қонағы мен достарын маңына жинап, жарқын да шабытты тіршіліктің жасаушысы сол кісі болды. Мәкең үлгісі басқа жазушылар отбасына да әсер етті. Қазақ жазушылары Сәбеңді қандай аға, ұстаз тұтса, жазушылар әйелдерінің көсемі – осы Мәкең еді. Мәкеңнің Аналық кең пейілі, бауырмалдығы, жазушылар ортасымен достығы Сәбең дүниеден өткеннен кейінгі жылдарда ерекше танылды. Сәбеңдей Алып Атасы, Мәкеңдей Алып Анасы бар қазақ жазушылары жетім емес.


Қирабаев, С. Сәбит Мұқанов [Мәтін] / С. Қирабаев // Ana tili. – 2019.- 10-16 қазан.- Б. 5

 

 

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».