Көзге ыстық сурет
Айта берсе әңгімеге сыймайтын, тере берсе қылығы таусылмас, жүрген жері думан, отырған жері ойын-күлкі, көргені көп, білімі шексіз, өнебойы толып тұрған өнеге мен үлгі болып келетін кісілер болар. Солардың бірі кеше ғана арамызда жүрген, бүгін жоқ, бірақ, ел аузынан түспей, ұрпақтан ұрпақка кетіп, ақырында тіпті ертегіге айналатын ерекше жаратылған жандардың бірі Сәбит Мұқанов ағай еді. Сәбит ағайдың өлімі талайдың қабырғасын қайыстырып кеткені баршаға мәлім. Әсіресе, Ұлы Октябрьден кейін өрісі кеңіген қазақ совет әдебиетіндегі орны үңірейді де қалды.
Осыдан нақ жарты ғасырдан астам бұрын Сәкан мен Сәбиттің, Бейімбет пен Ілйястың, Ғабит пен Ғабиденнің, Жақан мен Өтебайдың, Асқар мен Мәжиттің аттары аталса, шығармаларын іздеп жүріп, тауып алып тәптіштеп түгел оқып шыққанша маза көрмейтініміз әлі күнге есімізде. Кейінгі біздер аға тұтқан Тайыр мен Қажымның, тағы солар сияқты ардақты ағаларымыздың кейіп-кескіндері, әдет-қылықтары көз алдымызда.
Сәбит ағайдың шығармаларын оқымаған сауатты адамның тым аз екені бәрімізге мәлім ғой. Сондықтан әр шығармасын талдап жатудың қажеті де шамалы. Ал өз қарабасының бір ерекшелігі – мейлінше көпшіл еді, кішіпейіл еді: еңкейген кәрімен сөйлессе де, еңбектеген жасты көрсе де, көптен бері көзтаныс кісідей шұрқырай қалатын.
Бір күні Жазушылар одағынан шығып келе жатсам, Үкімет үйінің тұсында, қолында кедір-бұдыр таяғы бар Сәбит ага тұр екен. Барып «ассалаумағалейкум, аға» деп сәлем беріп едім:
– Уағалейкумассәлам! Әй, адемі кездестің. Жазушылар одағынан жаңа ғана шығып үйге бара жатқан бетім еді. Анау тұрған суретшігеп барып, екеуміз суретке түсейік. Ертең есте қалатын нәрсенің ешбір ерсілігі жөқ. Жүр! – деп жеңімнен ұстай алды. Біздің кейде ақшасыз жүретінімізді әбден жақсы білетін аға жолда бара жатып: — Әй, ақшаң жоқ болса, қысылма! Менде бар. Оны өзім телеймін! – деді. – Мына Владимир Ильичтің мүсінінің тұсында тұрып түсейік. Бұл да бір керемет ескерткіш қой!
Сонда түскен суретіміз көзге өзгеше ыстық.
Қасым ТОҒҰЗАҚОВ.
Тоғұзақов Қ. Көзге ыстық сурет // Қазақ әдебиеті.-1980.-6 маусым.-2 б.