Көркем сөздің саңлағы                                               

Жарияланған Angela 08.06.2021 Жаңалықтар |

   Сәбит Мұқановтың туғанына 105 жыл толуы қарсаңында                              

    Жуырда қаладағы экономикалық колледжде туған даламыздың жыршысы Сәбит Мұқановқа арналған «Көркем сөздің кемеңгері» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Негізінен орыс тілінде дәріс берілетін бұл оқу орнында құқықтану бөлімінде қазақ топтары ашылған. Міне, осы топтарға сабақ беретін 134-ші топтың (І-курс) сынып жетекшісі Сәуле Толыбаеваның ұйымдастыруымен аталған конференция өте әсерлі де мазмұнды өтті.

Конференцияны өткізу барысында колледждің акт залында Сәбеңнің кітаптары мен фотосуреттерінен құрастырылған көрме ұйымдастырылды. Жеке бір столда колледж оқушыларының Сәбеңе арнаған шығармалары орын алды. Оған қазақ тілінде оқитын оқушылармен бірге орыс топтарының оқушылары да қатысып отырды.

Конференцияны ашқан 134-ші топтың старостасы, оқу озаты Мақпал Әлтеева жиналғандарды Сәбеңнің қысқаша өмірбаянымен және шығармашылығымен таныстырды. Бұл шараның жазушының 105 жылдығына арналып отырғандығын білдірді.

Жоғарыда аталған топтың оқушылары А. Үсенбаева Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романы жайлы, Р. Рсаева «Сәбит Мұқанов-шығыстанушы», А. Жәкенова «Сәбит және Мағжан», Д. Атаева «Сәбит Мұқанов және орыс әдебиеті» деген тақырыптарда баяндамалар жасады. Баяндамалардан кейін колледждің әлеуметтік педагогі әрі «Болашақ» атты театр студиясының жетекшісі Владимир Лебедев Сәбеңнің «Қызылжар» атты өлеңінің орыс тіліндегі аудармасын нақышына келтіріп жатқа оқып, жазушының Қызылжар қаласына деген зор махаббаты жайлы, осы қаламен әрдайым тығыз байланыста және «Қызылжар қаласының құрметті азаматы» болғанын айтып өтті.

Осы көпшілік шараға арнайы шақырылған осы жолдардың авторы да Сәбеңнің өмірі мен шығармашылығының кейбір қызықты кезеңдерінен нақты мысалдар келтіріп, оқушылардың жазушы туралы білімдеріне тың мағлұматтар қосты және олардың оқуы мен шығармашылығына зор табыстар тілеп, батасын берді.

Конференцияның басында және соңында қазақтың ұлттық музыкалық академиясының түлегі, қазіргі кезде облыстық филармонияның әншісі және осы колледжде домбыра оркестрінің жетекшісі Жанат Айтбаев даңқты жерлестеріміз Үкілі Ыбырайдың және Мағжан Жұмабаевтың тамаша әндерін домбыраға қосып, тамылжыта орындап беріп, жиналған жұртшылықты бір серпілтті. Оның соңында әділ қазылар баяндамашылардың еңбегін орынды бағалап, олардың әрқайсысына лайықты сыйлықтар тапсырды.

Конференцияға колледж директоры Николай Ухов қатысып, оны ұйымдастырушыларға, баяндамашыларға ризашылығын білдірді, алғысын айтты.


// Солтүстік Қазақстан.-2005 жыл. -1 наурыз. -8 бет.

 

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».