Cәбең Баян – өлгейде болғанда

Жарияланған Angela 07.06.2021 Естеліктер |

  «Солтүстік Қазақстан» газетінде жарияланып жүрген ұлылар туралы естеліктерді оқи отырып, жыраққа кеткен жылдардың қойнауында қалған бір оқиға ойыма оралған соң осы шағын естелікті жазуды жөн көрдім.

  1967 жыл. Мал көкке тойып, бие байланып жатқан мерзім. Қытымыр қыс пен көкөзек көктемді артқа тастаған елдің арқа-басы кеңіп, жазға жақындаған кез болатын. Монғолияның кілең қазақтар өмір сүретін Баян-Өлгей аймағында өмір сүретін қандастарымыздың арасында: «Совет Одағымен шекаралас тұратын аймағымызда совет моңғол халықтарының «Достық және бейбітшілік» атты кездесуі өтетін болыпты. Бұл кездесуге совет жағынан келетін өкілдердің ортасында «Ботагөз», «Мөлдір махаббат», «Менің мектептерім» кітаптарын жазған Сәбит Мұқанов та бар екен. Құлақ естігенді көз көреді» деген осы да. Аты алты алашқа мәшһур Сәбеңнің  жүзін көріп, тереңнен тербеп, ағылып-төгіліп сөйлеген әңгімесін де тыңдайтын болдық-ау», -деп бейкүнә халық жерден жеті қоян тапқандай қуанысып, бірнешеуі бас қоса қалса Сәбеңнің келуін әңгіменің өзегіне айналдырғалы қашан. Ал әдебиет әуесқойлары жас талапкерлер үшін бұл тіпті күтпеген қуанышты оқиға болды.

Өйткені ол кезде осы күнгідей Моңғолия қазақтарының ортасына ат терін құрғатпай, сабылып келіп-кетіп жататын жазушы, артист дегендер жоқтың қасы ғой. Ұмытпасам, 1958 жылы әнші Жамал Омарова, Нұғыман Әбішев, қобызшы Фатима Балғаева деген артистер барған-ды, әрі ол кісілер концертін аяқтағаннан кейін Моңғолияға аты әйгілі ақын, жазушы әрі драматург Мұхамадиұлы Құрманхан марқұм «Туыстарға» деген өлеңін оқыды. Ол кезде біз 5-6 сыныптағы оқушымыз ғой. Сол өлеңнен есімде қалғаны:

Қашанда халық айтса, болмас бұрыс,

Рас сөз «Жақсы туса елге ырыс».

Етеміз досқа мақтан, дұшпанға айбын,

Көрсең көр мына тұрған біздің туыс.

Міне, енді табаны күректей он жылдан кейін Сәбеңді көргелі отырмыз. Сәбеңе байланысты шағын естелігіме қайта оралайын. Ол кезде мен аймақ орталығындағы құрылыс тұрғызумен айналысатын мекемеде жастар ұясының хатшысымын. Ал Тұрғынбай есімді аға партия ұйымының хатшысы аядай бөлмеде бірнеше жастар әзіл әңгіме айтысып, өзімізше бір әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Кенеттен қазақшаға судай кадр бөлімінің бастығы Баянцагаан есімді моңғол азаматы кіріп келді де: «Әй, кішкене хатшы, сені үлкен хатшы шақырып жатыр», – деп әзілдей сөйлеп, сөз аяғын басқа арнаға бұрып: үлкен хатшының көңілі бір нәрсеге олқы соғып отырғанға ұқсайды, сен өзі бір нәрсені бүлдіріп алған жоқсың ба?»-деді. Тұрғынбай хатшы әй-шүмге қараған жоқ. «Ал, жолдастар, әлгі көптен күткен Сәбит ағаларың Ұлан батырдан ертеңгі онгоцпен (ұшақ) келетін болады. Көпшіліктің көптен  күткені тайлы-таяғы қалмай, әуежайдан қонақтарды қарсы алып ең әуелі Сәбеңмен қол алысып, төс қағыстырып дегендей оң жақтағы қара ормандай қалың қазақтың сәлемін есту еді ғой. Өкінішке орай, олай болмайтын сияқты. Ол исі хан базарға жиналғандай халық болып қарсы аламыз деп жүрсек, ақыр-соңында әр ұйымнан арнайы  белгіленген төрттен-бестен «мәдениетті» адамдар ғана барып, қабылдау рәсмі қатысатын көрінөді. Біздің мекемеден баратындарымыз осы отырғандарымыз ғана. Сонда жоғарыдағылар «халық түгел барса, қара жер көтермейді» дей ме әлде қонақтардың қоларнайыындағы қоржынына таласады дей ме» деп кекесінді «күлкімен» мырс етті де: «Ал шаруаларыңа барыңдар» деп ұзынтұра «Казбек» шылымының біреуін қорабынан суырып, тұтатып қала берді.

Тұрғынбай ағаның көкірегінде әлденеге деген бір қыжылдың тығылып жатқанын келгендер түгел түсінді… Бірақ оны айтудың реті келмеді: заман солай, заң солай.

Құрметті меймандарды қарсы алуға келгендер қара жолдың екі жақ жиегінде қайтқан қаздай тізіліп тұрмыз.

Түс әлеті. Ашық аспанда төбеден төнген күннің өткір сәулесі апшымызды қуырып барады. Бір уақытта күндей күркіреген дауысы жер-жаһанды жаңғыртып, көптен күткен ұшағымыз да жетті-ау, әйтеуір. Ұшақтан түскен қонақтар өз қолдарын өздері қысып, амандасқан ишарат білдіріп жатыр. Ал Сәбең арқар мүйіз таяғын демеу етіп, ауыр денесін ырықтан тыс қозғағандай жітілеу басып күтіп тұрғандардың шетінен қол алысып, амандық-саулық сұрасуда.

«Ассалаумағалайкум. Хош келдіңіз, Сәбең!» деген сөздер қарша борай бастады.

Көп болса Сәбең 10-15 адаммен ғана қол алысып үлгерді-ау деймін. Қонақтар машиналарға қарай бет түзеді. Сәбең де еріксіз жолдастарының ыңғайына көшті.

Қонақтар қонақүйге тартты да, біз Сәбеңді көргенімізге мәз-мейрам болып, шыңға шыққандай қуанып, жөн-жөнімізге кете бардық. Жол-жөнекей: «Апырай, реті келсе данагөй ақсақалмен бірге суретке түсу керек еді, соңыра ең болмаса ұрпағыма естелік болмай ма» деген бір ой мазалай берді. Бұл кісілер бес күн болады деді ғой. Бірақ игі жақсылар болмаса біз сияқты қара шұнақтарды енді есіктен сығалата қоймайтынын да түсінеміз. Үш күн өткен соң неде болса нар тәуекел барып көрейін деп екі қабатты қонақ үйдің есігінен ене бергенімде еңбек ері құрылысшы Зәйтін аға шығып келеді екен Танимын. Сәлемдестім.

– Е, Кеңес, бауырым, Сәбең иісі қазаққа аты ортақ ақсақал ғой. Сол кісімен аз-кем әңгімелесіп қайтып барамын. Әңгіменің нәрін келтіріп әріден қозғап, арасында әзіл-қалжың білтесіне де от қойып отыратын қарапайым қазақтың өзі көрінеді.

Оныңыз оңды болған екен, ағасы. Сізді жұмсағаным емес, өтінгенім болсын. Бірнеше қарындас бауырларыңыз суретке түссек деп есік алдында күтіп тұр деген тілегімізді жеткізсеңіз қалай болар еді. Өзіміз баруға рұқсат болмай тұр, – дедім.

Бәсе, – деп сәл кідіріп қалды. Зәйтін ағаның да ресми адамдар мен қара халықтың арасын бөліп жататын қызыл сызықтан имеңкіреп тұрғанын сезе қойдым да: «Біздікі жай бір сурет қана ғой. басқа сөзге бармаймыз. Саясаттан аулақпыз»,-дедім.

-Жарайды, тілектеріңді жеткізейін, құп алса да, алмаса да ол кісінің өзі білер. Бір байқағаным, осы келген қонақтар болмашы істің өзінде бір-біріне сақтықпен қарап, саптыаяқтың сабына қарауыл қойып отыратын тәрізді,-деп келген ізімен кері бұрыла берді.

Сәлден соң үстінде ақшылтымдау костюм-шалбары бар, қолында баяғы арқар мүйізді таяғы бар Сәбеңнің де төбесі көрінді.

Ақсақал қысқа аман-сәлемнен кейін-ақ: «немене осы елде мен сияқты қазақтың шұбары құрып қалып па еді. Солармен неге суретке түсе бермейсіңдер», – деп әзілдей сөйлеп қуақылана жымиды. Сонда әлдеқандай себеппен Қытайдан келген еңсегей бойлы Шәріпхан ақсақал тұрғыластығын бұлдады ма әлде сіз-біз деп сызылуды жөн кермейтін тік мінезді адам ба, білмеймін, бірден «сенге көшіп, жұлып алғандай: «Ой, Сәбит-ай, қазақта шұбар шал көп болғанымөн, бәйгеге қоссақ шылбыр ұстататыны жоқ екенін білмейтін бе едің. Қазақтың маңдайына басқан ұлыларының бірі ғой, аз-кем әңгімелесіп, іштегі шерімді тарқатайын десем, тас босаға, тар есіктен өте алмай-ақ қойдым. Кінәм Қытайдан келгендігім болса керек. Әйтпесе қай елде жүрсек те қанымыз бір халық емеспіз бе. Сірә, «туған жерінен ауғанға жеті жылда орын жоқ» деген тәмсіл бекер айтылмаған-ау. Екі-үш күн есіктің алдын күзетсем де, не кетсін, не келсін демедің. Ұлылар да қазақтың ұятынан қашқақтап, ұлықтарға ыңғай таныта бастаған-ау, тегі. Ащылау айтсам, айыпқа бұйыра көрмегін»,-деді. Сонда Сәбең де ойланбастан «Е, е, бауырым-ай, дәм тәтті екен тамсай берсең, балдың да қадірі кетеді. Аздан соң ол да кермек татитын болар. Ащы да болса астың дәмін келтіретін тұз емес пе еді. Айыпқа бұйырмаймын. Керісінше анда-санда ащы сөз естудің өзі де көз алдыңа көп нәрсені елестетеді. Менің кілтім кісінің қолында жүргендігін ескермегенің қалай», – деп тебіреніп барып өзін-өзі тежегендей болды. Бірнеше адам Сәбеңді ортаға алып суретке түсті. Жазушының осы бір тұспал сөзінің астарына қонақтардың қайтар кезінде орталық алаңда халықпен кездесуінде көз жеткізгендей болдық. Бәрінің күткені – Сәбеңнің жүрекжарды лебізін есту. Алаңға кәрісі бар, жасы бар халық лық толды. Қонақтар алаңдағы екі тақталы мінбеге көтерілді. Әуелі сөз кезегі, әрине, елшіге берілді де, одан кейін де бірнеше адам сөз алды.

Сәбең манадан бері толғанып, тебіреніп тұрғандай еді. Оны жиналған жұрт басқаға жорып: «Сабазың айтар сөзін жұптап, ойын жинақтап тұрғанға ұқсайды. Жазушының жүйріктей көсілгенін қазір көреміз» деп өзара күбір-сыбыр әңгімелесіп те қояды.

Бірақ жиынды басқарушының: «Аймағымызда өткен достық пен бейбітшілік кездесуіне келген қонақтармен халықтың кездесуі аяқталғанын жариялаймын» деген бір ауыз сөзі халықтың төбесінен суық су құйып жібергендей әсер қалдырды. Көптен күткен үміттерінің ақталмай қалғанына ренжулі.

Халқы Сәбеңнің жүрекжарды лебізін ести алмағанына, ал Сәбең алаңдағы жасы бар, кәрісі бар туған халқының алдында ағылып-төгіліп сөз сөйлеп, өкінетін сияқты.

Сәбең тұрған орнынан ауыр қозғалып, өзінің қос алақанын айқастыра қысып, басқалардың соңын ала мінбеден түсіп бара жатты.

Міне, мен бұл шағын естелігімді Сәбеңмен бірге суретке түскенімді мақтанғандықтан жазып отырғаным жоқ. «Әттеген-ай, сол сәтте Сәбеңнің көкірегінде белесті бұза алмаған тасқындай қандай сезім буырқанып бара жатты екен» деп ойлаймын.

Дәл бүгінгідей қазақ елінің егемендікке қол жеткізген, көгінде туы желбіреп, еңселі ел болған кезі болса ғой. Сәбеңдей заңғар жазушы ел есінен кетпейтіндей келелі әңгіме тиегін ағытар еді-ау. «Кісідегінің кілті аспанда деген бір ауыз сөз де бодандықты тұспалдап тұрғандай-ау, сірә.


//Солтүстік Қазақстан .- 2004. – 15 қазан.-10 бет.

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».