Біртуар тұлға

Жарияланған Angela 07.06.2021 Сын |

  Қазақстанның солтүстік өңірі тума таланттарға бай. Әрісі — Шал ақын, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, берісі — Мағжан, Сәбит, Ғабит… Әрқайсысы қазақ өнері мен әдебиетінің бір-бір мықты діңгегі іспеттес. Осы жарқыраған шоқ жұлдыздар ішінде Сәбит Мұқанов есімі жерлестеріне ерекше ыстық.
Сәбит ағамыздың шығармашылық мұрасына әдебиет зерттеушілері, сыншылар өз бағаларын беруде. Несін жасырамыз, соңғы кезде бұл тұрғыда әртүрлі пікірлер айтылуда. Мен өз басым бұларға төрелік етуден аулақпын. Тек жуырда Сәбең шығармашылығы бойынша Астанада өткізілген конференцияда Мемлекеттік хатшы, жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Шын мәнінде де… өз халқының мақтанышы бола алған арыс азаматтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын жаңа қалыптасып жатқан жаңа ұлттық санамыздың өрелі биігінен қайта қарап, қайта пайымдау — бүгінгі және болашақтың ісі»,— деген бір ауыз сөзіне әркім тоқтауға тиіс.
Сәбит Мұқанов солтүстікқазақстандықтар үшін жазушылығы мен ақындығына қоса, ерке Есіл өлкесінің біртума перзенті ретінде де аса қадірлі. Аты алашқа жайылған азаматтарымыз арасында өзінің кіші Отанын Сәбитше риясыз сүйіп өткен адам болған жоқ. Бойындағы бар қуатын Жер-анасынан алған көне грек алыбы Антейше, Сәбең де өзінің өзен-сулы, орман-тоғайлы өлкесін жылына бір көрмесе жаны жүдеу тартып, қаламы жүрмей қалғандай болушы еді.
Ұлы қаламгер туған жеріне ат мініп шапан жамылу үшін келмейтін. Мүмкіндігі жеткенше жерлестеріне қол ұшын беруге, көмегін көрсетуге келетін. Сәбеңді білетін адамдардың айтуынша, оның нағыз қазақи қасиеттері әкеден балаға, атадан немереге мирас болып қалуда. Сондықтан болар, біз өзімізді ұлы жерлесіміз алдында мәңгілік қарыздар сезінеміз. Әрине жерлестері Сәбеңнің көзі тірісінде де, кейін де қал-қадерінше оны ардақ тұтты, әлі де ардақ тұтуда. Ол облыс орталығы Петропавлдың «Құрметті азаматы» болды. Туған ауылына есімі берілді. Бірнеше мектеп, облыс орталығындағы үлкен бір көше, алдына жазушының шағын ескерткіші қойылған облыстық кітапхана — Сәбит Мұқанов атын иеленіп отыр. Облыста оның екі мұражайы жұмыс істейді.
  Аяулы ағамыздың бір ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануы бізге мақтаныш. Әрине, мерейтойдың осындай биік дәрежеде өткізілуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен мән беруінен деп білеміз.
  Осыдан екі айдай бұрын Петропавлда өткізілген Сәбеңнің шығармашылық мұрасына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция — облысымыз үшін қай жағынан болса да мәні мен мазмұны зор оқиға болды. Конференцияға арнайы келіп, тақырыптық баяндамалар мен хабарлар жасаған академиктер З.Қабдоловтың, З.Ахметовтің, С.Қирабаевтың, сәбиттанушы профессор Т.Кәкішевтің, халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтің, өзбек ғалымы Л.Қаюмовтың, кырғыз әдебиет зерттеушісі Оразхановтың, тағы басқалардың Сәбең өмірі мен жазушылық мұрасы туралы зиялы сөзін тыңдау — солтүстікқазақстандықтар үшін, әсіресе жергілікті университеттің оқытушы-профессор құрамы мен студенттері үшін тағылымы мол үлкен мектеп болды.
Бұл С Мұқанов мерейтойының бастамасы ғана еді. Ол енді санаулы күннен кейін жазушының туған жерінде жалғасын таппақ. Бұл, әрине, облыс жұртшылығы үшін зор жауапкершілікті талап етері анық.
Той қарсаңында Петропавлда жаңа құрылған қазақ саз драма театрының ашылу рәсімі болмақ. Бұл театрға С.Мұқанов есімі берілді. Осынау үлкен өнер ошағының дүниеге келуі — кеңес жылдарында ұлттық танымымыздан көз жазып қала жаздаған солтүстікқазақстандықтар үшін үлкен мәдени құбылыс екені сөзсіз. Театрдағы алғашқы қойылым да жазушының әйгілі «Шоқан Уәлиханов» спектаклі болмақ.
Сәбит Мұқановтың туған жеріне тағзым етуге тілек білдірушілер саны мол. Әрісі — Түркиядан, берісі — Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан. Өз еліміздің де барша қиырынан ат басын біздің жаққа түзеп жатқан сыйлы меймандар баршылық. Солардың арасында жазушының өмірбақи «Мәкең» деп сыйлап өткен асыл жары Мәриям апайдың орны ерекше. Ол кісі жерлестерін сағынса, жерлестерінің оны да сағынғаны анық.
Тойға арнайы Алматыдан Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрі мен бір топ есімі елге әйгілі әншілер шақырылды. Көрші Омбы облыстық драма театрының ұжымы Петропавлда С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романы бойынша жаңа қойылым көрсетпек. Ақындар мүшәйрасы мен ақындар айтысы өз алдына. Айтыс өнері кенделеу қалған біздің облыстағы өнер сүйер кауым үшін ақмолалық Баянғали алматылық Айтақын мен Мұхамеджан, шығысқазақстандық Абаш, шымкенттік Ақмарал сынды жезтаңдайлардың сөз сайысын қызықтау үлкен бір ғанибет емес пе?
Әлбетте, мерейтойлық қызықтардың ең сүбелілері жазушының туған ауылында өткізілмек. Ауыл бұл күнде көп өзгерген. Ол қысылтаяң заманда елдігі мен бірлігін сақтап қала алған іргелі ауылдардың бірі. Той үстінде мұнда негізгі мектептің жаңа үйі салтанатты түрде пайдалануға беріледі. Жазушының мұражайы жөндеуден өтті. Қосымша мұрағаттармен толықтырылды.
Той қарсаңында осы ауылдың қасынан жүз қаралы киіз үй тігілген ауыл бой көтерді. Мереке қызығы негізінен сонда болмақ. Түрлі жарыстарда жүзден жүйрік шыққандарға алуан түрлі сыйлықтар беріледі. Тағы бір айта кететін жәйт, той шығынының бәрін дерлік жазушы аруағын қастерлейтін кәсіпкерлер көтеріп әкетті.
Бұл той — халық тойы. Қазақ халқының біртуар перзентінің тойы.


//Егемен Қазақстан. – 2000 жыл. – 9 маусым. – 2 бет.

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».