Бір үзік сыр
Сәбеңнің атын да, затын да жақсы білген қазақтардың бірімін десем, сәл артықттау да айтқан болармын, бірақ, осылай дегім келеді.
Осы күнгі Мұқан Төлебаев пен Калинин көшесінің қиылысындағы үйлерде тұрып жиырма жылдай көрші болдық. Қазір де көз алдымда: Жас кезім болатын. Сәбең көшемен жүріп келе жатып кездескен бүлдіршіндердің бәрінің басынан сипар еді. Олар да ерекше ықыласпен Сәбеңе еркелейтін. Солардың бірі мен едім. Алматы көркемсурет училищесінде оқып жүргенімде А. Черкасский дейтін ұстазым болды. Ол кісі Сәбеңмен достық қарым-қатынаста еді. Бірде ол ағаның портретін жазып жүргенін байқап қалып, өзімде де бір құштарлық, пайда болды. Сөйтіп бұл талабымды жылы қарсы алған А. Черкасский Сәбеңмен таныстырды. Сонда «айналайын, қазақ қыздары да суретші бола бастаған ба!» деп ризалығын білдірген еді.
Кейінірек Сәбеңнің «Ботакөз» романы бойынша фильм түсірілді. Алдында Ботакөз роліне көптеген қыздар шақырылды. Солардың бірі мен едім. Бағым жанған шығар. Өзім де күні бүгінге дейін мақтаныш сезімдемін. Бір күні Сәбең кезіге қалып: «қызым, осы сені қайдан көрдім?» дөді. Мен сурет училищесінде оқып жүріп танысқанымды айтып едім, «ой, әлгі суретші қызым екенсің ғой» деп мәз болып қалды. «Ботакөз» фильмі біткен соң, «көзі бақырайып осы қызым жақсы ойнады» деген аталық жылы лебізі де есімде.
Кейін де кезіге қалса: «қалқам, не істеп жүрсің?» деп айналып-толғанар еді. Бірде «аға, сіздің портретіңізді салғым келеді» деп едім. «Қарағым, сырқаттанып жүр едім» деді. Соған қарамастан шеберханама төрт-бес мәрте келіп, жарты сағаттан отырып кетіп жүрді. Сөйтіп мен Сәбең портретін жазып шықтым. Соңғы бір кездескенінде «Гуля, саған арнап сценарий жазам» деген еді. Алайда, қайран аға, бұл ойына жете алмады.
Гүлфайрус ИСМАИЛОВА,
Қазақ ССР-нің еңбек
сіңірген өнер қайраткері.
Исмаилова Г. Бір үзік сыр // Қазақ әдебиеті.-1980.-6 маусым.-2 б.