Ағайынға ардақты, халқына қалаулы нағашым тау тұлғалы адам еді
Ел тарихында ұлы тұлға дәрежесіне жеткен адам – барша отандастарының, соның ішінде жерлестерінің зор мақтанышы. Ал осындай адам жақының болса, төбең көкке жеткендей мерей емес пе?! Осы ретте туғанына 110 жыл толып отырған Сәбит Мұқанов менің нағашым екенін қалайша мақтан тұтпаймын?!
Оның нағашылық, менің жиеншарлық жолым былай: әкем Әшкар Сауытов – Сәбит Мұқановтың туған жиені. Ұлы жазушының «Өмір мектебі» трилогиясының екінші томындағы «Сорлы Сауыт» тарауында Омбыдан қайтар сапарында-нағашым 1917-18 жылдар аралығында – жолшыбай қазіргі Есіл ауданындағы Талапкер ауылындағы апа-жездесінікінде бір жұмадай болғанын жазғак. Бұлардың да тұрмысы көтерем қойдың күйіндей екенін көргесін өз ауылына бет алады.
Бұл жайында оқырмандар біледі деген ойдамын. Сондықтан өзім ес білген кезде нағашыммен кездескен жайларды, көріл-білген оқиғаларды баяндағым келеді. Қызылжарға келген сайын, яки өз ауылына өтіп бара жатып, нағашымның біздің уйге соқпай кетуі сирек оқиға болатын. Өйткені, біздің үйде апасы Дәмештің кезіндей туған жиені – менің әкем және әжеміз отыр. Әжеміз «Жалғыз бауырым келеді!» деп сыбағасын сақтап, айналып-толғанады. Менің шешемнің есімі де Мәриям. Нағашы апаймен адас. Әкем мен Сәбең нағашылы-жиенді әрі құрдас болғасын қалжыңдасады, бәрі жарасымды.
Нағашымның келгені – біздің ауылда үнемі той. Нағашым жалғыз келмейді, облыс, аудан басшылары да біздің үйге ат басын тірейді. Жазушы, тілшілер де еріп жүреді. Сондайда нағашым шешеміз баптаған сары қымызды құшырлана сіміріп, кішкене қырылы бар даусымен әндетіп, домбыра шертеді. Неше түрлі әңгімелерге қанықтырады.
Мына бір қызық әңгімесі есімде. 1951-52 жылдар шамасында ғой деймін, нағашым Кеңес Одағы делегациясын басқарыл Индонезияға барады. Сол себепті арнау сөз айтуға тиіс болады. Сол кезде оған: «Сіздің еліңізде ислам дініне қысым жасалатыны рас па?» деген сұрақ қойылады.
– Ондай әңгіме негізсіз, – деп жауап береді Сәбең. – Бізде дінге тыйым салынбайды!
– Ендеше бүгін жұма намазына барасыз ба мешігке? – дейді олар.
Сәбең тапқыр ғой, амалын тауып, құтылып кетеді.
Нағашым өте бауырмал болды. Бірде ел аралап, кәріқұлақ ақсақалдармен жүздесіп, біраз деректер жинап алу ойымен келгенде оны аудандық атқару комитетінің төрағасы Шәмшит Қабдунасов қонақ қылды. Бізді де ерте барды. Топ жарған тулғасына, ел-жұрттың оған деген ілтипатына айрықша масаттанып отырдым сонда.
Оның кішіпейілділігі, бала-шаға демей жақын тартатын бауырмалдығы ерекше еді ғой. Ол сонысымен бар қазақтың жүрегіне жол таба білді деп ойлаймын бүгінде.
1960 жылдың жазында нағашымның алпысқа толған тойын Ленин -Приишим аудандары бірігіп «Амангелді» кеңшарында өткізді. Той иелері жазушыға сәйгүлік мінгізді. Сәбең ақ көңілімен ризашылық білдіріп, алғысын арнап, сәйгүліктің тізгінін менің інім Еркінге ұстатты да, жұртшылықтың көзінше бұл жайлы:
– Бұл тартуларыңызды жиеншарым Еркінге байлаймын, -деді.
Сол той-думан кешке біздің үйде жалғасты. Нағашыма еріп жүрген жазушы, тілші, өнер адамдары бар, бәрі ауылды думанға бөледі. Сол жолы мен Шолпан Жандарбекованы, Нүкетай Мышбаеваны көріп, тілдестім.
Ертеңіне қонақтар атақты Алуа көліне барып, демалды. Ал мен онда ауылда кітапханашы едім. Нағашым маған Алматыға оқуға түсуге ақыл-кеңес берді.
Тойдың жалғасы Алматыда өтті. Оған арнайы шақыртумен әкем екеуміз де бардық. Онда 19 жасар кезім. Сапар үстінде тұңғыш рет оңтүстік өңірлерді көрдім. Алматыға жеткенде ол бізді өзі қарсы алды.
Абай атындағы опера және балет театрында салтанатты жиын өтті. Төралқада республиканың бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаев, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов отырды.Тарту-таралғыда қисап жоқ. Әсіресе, қырғыз бауырлар асып түсті. Бұл республиканың Жазушылар одағы қара-көк арғымақ сыйлады. Оны қырғыздың бір жас жазушысы жолшыбай күтіп-баптап Алатыға поезбен жеткізіпті.
Қазақтың әйгіга бишісі Шара Жиенқұлова Сәбеңе тұмак кигізді, атақты сахна шебері Бикен Римова Мәриям жеңгеме кестелі, әшекейлі кимешек жапты.
Мына бір қызык, оқиғаны да айтпай кете алмаймын Келесі куні таңертең балконға шықсам, үй сыртында салт атпен келген бір кісі атынан түсіп жатыр екен. Аты да ақ боз, ақ сақалды адам арқасына домбырасын іліп алыпты. Кейін білсем, ол атақты әнші-сазгер Кенен Әзірбаев екен ғой. Ол кісі де нағашыма ақ тілегін арнауға келіпті. Асқа дейін әндерін шырқады-ай келіп. Ауыздан-ауызға тарап кеткен «Базар-Назар» әнін сол жерде тұңғыш рет естідім. Осы жайында 1985 жылы Қостанайдың «Сосновый бор» шипажайында болғанда Кенен атаның қызы Төрткенмен танысқан кезімде айтып беріп едім.
Қайсыбірін айтарсың, Алматыда өткен сол салтанат нағашымның ғана абыройы емес, бүкіл қазақ қауымы мен мәдениетінің тойындай болды. Сәбеңе айрықша сыйсияпат көрсетілді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов өзі басқарып тұрған ұжымшарға нағашымды отбасымен және тойға келген қонақтарды шақырды. Осының бәрі бүгін жазып қойған хаттай болып санамда сайрап тұр.
… Аттанарда нағашым әкеме қасқыр ішік жауып қайтарды.
1972 жылы әкем нашарлап, қазан айында дүниеден озды. Нағашымнан хат және ақша келді. Хатында: «Әшкардың дәулеті жетпейді деп жіберген жоқпын. Бата деген ырым ғой. Топырақ сала алмағаныма өкінемін. Бірге туған апамнан қалған көз еді.
Науқасыма байланысты самолетке отыруға дәрігер рұқсат етпеді. Ал поезбен кеші-гетін болдым. Әкелеріңнің бақ-абыройын сендерге берсін!» деген тілегін айтыпты.
Нағашымның ақ тілегі жар болып, бүгінде інім Еркін Әшкарұлы Сауытов қарашаңыраққа ие болып, Есіл ауданындағы Талапкер ауылында тұрады. Бұйыртса, осы жылдың соңғы айында зейнетке шығады. Ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға қондырып, зайыбы Жұпар екеуі немере-жиен сүйіп отыр. Өзім болсам, Атығай, оның ішінде Андағұлдан екі әкенің қызы болдым. Өз әкем соғыста хабарсыз кетті. Екінші әкем Әшкар өзінен тумасам да, алты жасымнан тәрбиеледі, жалғыз ұлынан кем қылмай өсірді. Ұлы жазушының жиені болғандықтан шығар, данышпан кісі еді.
Ұлы жазушымыз Сәбит Мұқановтың тұлғасы, әрбір кемел қасиеті менің санама берік орнығып қалды. Бұл сезім өле-өлгенше бойымнан кетпейді. Сондай-ақ Сәбең жазған шығармалардың кейіпкерлері – Сұлушаш, Алтай, Асқар, Амантай, Ботагөз, Бәтес… ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұлы қаламгердің ғүмырын мәңгілік өшірмейді.
Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы.
Айман Райысова.
Солтүстік Қазақстан.- 2010 жыл.- 22 сәуір.- 7 бет.