«Музейлер ғылыми зерттеу орталығына айналуы керек…»

Жарияланған Ақбота Төлегенқызы 15.07.2025 Естеліктер, Жаңалықтар | ∞

Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына орай облыс орталығында өткізілген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы Әділғазы Қайырбековпен әңгімелесудің сәті түсті.

—        Әділғазы Жақсылықұлы, сіз ширек ғасырға жуық уақыт бойы Алматыдағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби-мемориалдық музей кешеніне жетекшілік еттіңіз. Осы уақыт бедерінде аткарылған жұмыстарға шолу жасап өтесіз бе?

—        Мен мәдениет ошағының директоры лауазымын 2000 жылдан бастап атқардым. Осы уақыт ішінде біраз жұмыс тындырылды. Бүгінде музейдің өз басшысы бар. Мен аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеудемін.

Музейдің тарихы теренде. Сәбеңнің музейі 1978 жылы ашылды. Сол жылы ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің зайыбы екеуіміз мұражайға экскурсия жүргізушісі болып қызметке орналасқан едік. Алғаш экскурсия жүргізген сәтімді Ресейдің бір телеарнасы түсіріп алып, кейін кадрды өз архивінде сақтапты. Соны тауып алдым. Дипломды қолына енді алған жас маманның экскурсия жүргізіп тұрғаны бүгінгінің көзімен қарасақ тарихи сәт іспеттес. Бір жылдан соң журналистика саласына ауыстым. 22 жыл Қазақ телевизиясының жастар редакциясында, «Лениншіл жас», «Халық кеңесі», «Қазақ елі», «Шалқар» газеттерінде жұмыс істедім. 2000 жылы Сәбеңнің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін болды. Сәбеңнің жары — Мәриям апайымыз маған музейге жетекшілік ету туралы ұсыныс білдірді. Қарсы болмадым.

Музей — бөлек бір әлем. Ондағы әр экспонат құнды. Қайсысын түртсең де, шежіреге толы тарихыңды қаузап, сөйлей жөнеледі. Оны сөйлете білу керек. Алғашында Сәбеңнің үйінде сегіз мыңнан астам жәдігер болса, 1991 жылы музей болып ашылған Ғабеңнің үйіне төрт мыңдай экспонат жинақталды. Екі музей 1999 жылы оңтайландыру басталғанда басқару жағынан біріктірілді. Бірақ құнды заттар қаламгерлер тұрған үйлерде сақтаулы. Бір ауданда туып, ерке Есілдің бойында арман куған қос қаламгер кұдандалы болған. Ғабеңнің үлкен қызы Энгелина Сәбеңнің ұлы Арыстанға тұрмысқа шықты. Мекенжайлары да Мұкан Төлебаев көшесінің бойында, қатар тұр.

«Алғашында Сәбеңнің үйінде сегіз мыңнан астам жәдігер болса, 1991 жылы музей болып ашылған Ғабеңнің үйіне төрт мыңдай экспонат жинақталды. Екі музей 1999 жылы оңтайландыру басталғанда басқару жағынан біріктірілді. Бірақ құнды заттар қаламгерлер тұрған үйлерде сақтаулы.»

—        Бұқаралық ақпарат құралдары саласына бет бұруыңызға не түрткі болды?

—        Музейден кеткен сон Қазақ телевизиясының ардагері, мәдениет қайраткері Құсман Игісіновтің шақыруымен жастар редакциясына бардым. Ол кезде телеарналарда тіршілік қыз-қыз қайнап жататын. Жақсы хабар түсірсең қомақты гонорар төленеді. Музейдегі айлығым — тоқсан сом. Бұл қаржымен отбасымды асырау қиындай бастады. Ал телевизияда айына екі-үш рет гонорар алғанда, әжептәуір байып қалатынбыз. «Лениншіл жаста» «Адамгершілік. Тәрбие» деген моральдык бөлім болды. «Әдептен озбайық» атты бағдарламамның үш шығарылымын көрген бөлім меңгерушісі, танымал журналист, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы эфирге шығарып жүрген хабарларымды газетке беріп отыру керектігін айтып, «Лениншіл жасқа» шақырып алды. Адамгершілік — таусылмайтын тақырып. Жазуға қатты қызығып, телевизиядан газетке келдім.

Шыны керек, газетте кабинетте отырып оқырман хаттарын қорыту, авторлық материалдарды дайындау сынды қара жұмыс қолыңды байлайды. Үнемі іссапарда жүрсен, жақсы-жақсы деректер тауып, елдің көзіне түсіп, танымал бола бастайсың. Қызылжар өніріне келген бір сапарымда Тың игерудің 30 жылдығына орай материал дайындауым керек болды. Тың игерілген жылы шаңырак көтеріп, он бес балалы болған жұбайларды естіп, «30 бен 15» мақаласын жаздым. Егіс, орақ науқандарында Тимирязев ауданына дейін баратынмын.

—        Сіз журналист әрі ақынсыз. Екі бірдей саланың тізгінін ұстау қиындық тудырмай ма?

—        Журналистиканың ең пайдалы тұсы еңбек ете жүріп, ел, жер көресің, адамдармен танысасың, тұлғалардың тарихына терең бойлайсың. Әр журналист осы артықшылықтарды тиімді пайдалана білуі керек. Мысалы, Манғыстауға барған сапарымда «Киіктер» деген өлең жаздым. Киіктерді көрмегенде бұл өлең дүниеге келмес пе еді?

Газет талабы ұшқырлыққа, жылдам жазуға, жинақылыққа үйретеді. Кез келген нәрсені сүзгіден өткізуге тәрбиелейді. Репортаж сипатындағы дүниелеріңді дер кезінде жазбасаң, мән-мазмұнынан айырылады. Мақалаларын өлеңге айналдырған журналист көп. Бұл екі сала бір-бірін толықтырып тұратындай.

«Лениншіл жаста» жүргенде ұстазым Рымғали Нұрғали ғылымға бет бұруым туралы өтінді. Ұзақ ойланып, бара алмайтынымды айттым. Тағдыр Сәбең мен Ғабеңнің музейіне алып келген сон еріксіз ғылымға бет бұрдым. Жазушының шығармаларын насихаттау алдымен зерттеуді талап етеді. Конференцияда оқитын баяндаманың өзі ғылыми дәйектерге сүйенеді. «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақ поэзиясы: ізденістер, проблемалар» атты ғылыми еңбек жазып, қорғап шықтым.

—        Музейді ескі заттардың тұрағы деп қабылдайтындар бар. Әр экспонаттың тарихына үнілсек, біртұтас ғылым жатқан жоқ па? Көпшіліктің мұражайға деген көзқарасын қалай өзгерте аламыз?

—        Әлем күн сайын өзгеруде. Технологиялар қарышты дамып жатыр. Жасанды интеллект деген пайда болды. Музейді де заманға сай дамыта білуіміз керек. Сөредегі ескі заттарға жан бітірсек, келушілер қатары ұлғаяры сөзсіз. Өркениетті елдерде экскурсия жүргізуші деген мамандық жоқтың қасы. Жәдігерде барлық ақпарат жазылған. Әр залда экран бар. Барлық ақпарат соған енгізіледі. Қажетті деректерді жүйе-жүйесімен экраннан жылжытып отырып, тауып алуға болады. Меймандар экскурсия жүргізушісінің қызметіне жүгінбей-ак, ақырын жүріп, музейдің жәдігерлерімен таныса алады. Мұражай — рухани орда. Халықтың рухани таным деңгейі жоғарылаған сайын музейге баратындар қатары қалыңдай бермек.

Мәскеуге барған сапарымда Пушкиннің музейіне кірдім. Тозығы жеткен портфельге көзім түсіп, кімдікі екенін сұрадым. Экскурсия жүргізуші «Гогольдікі» деді. Таңғалдым. Сұрастыра келгенде Гогольдің «Өлі жандар» романын жазуға Пушкин себепші болғанын білдік. Сол сияқты Сәбеңнің музейінде тұрған Шоқанның бәкісі туралы сұрағандарға С. Мұқановтың атақты ғалым туралы көптеген зерттеу, маңызды еңбектерге, фактілерге негізделіп, Шоқан болған жерлерге саяхаттар жасау нәтижесінде «Аққан жұлдыз» романын жазғаны жайлы айтуға болады. Бір суреттің өзі көптеген мағлұмат береді.

—        Экспонаттар ерекше күтімді талап етеді. Қай жиынға бас сұкпайық, музей жәдігерлерінен қойылған көрмені көреміз. Шара біткен соң экспонаттардың қалай болса солай жәшікке салынатыны тағы бар. Құнды жәдігерлерге қамқорлықпен қарау мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

—        Тұрақты экспедиция деген бар. Онда қойылған заттарға қолыңның ұшын да тигізуге қақың жоқ. Одан өзге жылжымалы, көшпелі деген экспедиция болады. Көрме әзірлегенде қордан алған дүниелерді есепте тұрғандықтан бүлдірмей, зиян келтірмей, сындырмай әкелуіне экспедиция құрушылар жауапты.

Бізде әлі күнге дейін музей туралы заң жоқ. «Мәдениет туралы» заңда музейге қатысты бірен-саран бап бар. Музейге қатысты жеке заң болуы керек. Руханият ордасын сақтап, жәдігерлерін насихаттап, жұмыстарын жандандырудың тетігі занда. Музей жұмысын келген кісілердің санымен бағалауға құқымыз жоқ. Мұндай мекемеде жұмыс істеген адамдардың білім деңгейі ғылыми атағы бар ғалымдармен тең тұруға тиіс. Ол үшін алдымен мұражайлар ғылыми-зерттеу орталығына айналуы керек. Музей туралы заң шығарылып, қызметкерлерінің құқықтары қорғалса дейсің.

—        Әңгімеңізге рақмет!


Әділғазы Қайырбековпен әңгімелескен Самрат Құскенов. «Музейлер ғылыми зерттеу орталығына айналуы керек…» // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 15 шілде.- 6 б.

Copyright © 2000-2026 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».