Жалынды жастар
Жақында облыс орталығында кезінде Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы болған, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қайсар Тәштитовке ескерткіш тақта орнатылды. Қазақ жастарының болашағы үшін күрескен қайсар азамат туралы қазақтың әйгілі академик-жазушысы Сәбит Мұқанов осыдан жарты ғасыр бұрын “Лениншіл жас” газетінде мақала жариялаған екен. Қоғамдық өмірге ерте араласқан, оның ішінде Қызылжар өңірінің дамуына еңбегі сіңген азаматтардың бірі – Қайсар Тәштитов туралы жерлес жазушының мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қоғамдық істерге араласа бастаған шағымда комсомолдық жаста болған мен бұл ұйымның мүшелігіне кірген жоқпын. Он тоғыз жасымда бірден партия қатарына өттім. Бірақ Советтік Қазақстанның өмірінде мен комсомол қайраткерлерінің көбімен танысып, кейбірімен істес болдым да.
Республиканың 50 жылдық торқалы тойы тұсында сол қайраткерлердің кейбіреулерін бүгінгі жастарға таныстырудың артықшылығы болмас деп ойлаймын.
Қызылжарда (Петропавл) Хафиз Базарбаев дейтін жігіт болды. Ол осы қаладан шыққан тұңғыш комсомол еді.
Біздің Ұлы Отанымызда комсомол ұйымы 1918 жылдың күзінен ұйымдаса бастады ғой. Соның Қызылжардағы ячейкасын алғаш ұйымдастырушысының бірі Хафиз, өзі қаланың төңірегіндегі былғары заводының жұмысшысы Базарбайдың семьясында туған. Февраль революциясы болған жылы Хафиз 17 жаста еді. Сол жасына қарамай, Қызылжарда ұйымдасқан Совдеп ісіне араласып, белсенділік көрсеткен. Комсомол қатарына кіргенге дейін ол Қызылжар большевиктерінен үлкен саяси тәрбие алған. Осындай комсомолдық қызу істе жүрген Хафизді 1921 жылдың басында Советке қарсы күресіп жатқан кулактар мен байлар ат құйрығына сүйретіп, ауыр азаппен өлтірді.
Қызылжарда Базарбаев атына қойылған көше де бар еді, кейін белгісіз себеппен ол өзгертілген. Хафиз өлтірілгенмен, комсомол ұйымы Қызылжардан жойылып кеткен жоқ. Бұл қалада қазір комсомол ұйымының мүшелері мыңдап саналады. Солардың бәрі де ер ағалары Хафиз Базарбаевты есінде мәңгі сақтайды.
Хафиздан кейін менің есімде берік сақталып қалған комсомолдың бірі – Мұхаметжан Айтпенов. Бұл Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу” деп аталатын кітабындағы Мұхан Айтпеновтың баласы. Сәкеннің сипаттауында Мұхан бірде алашордаға, бірде большевиктерге ауытқып жүретін толқымалы адам болғанмен, оның баласы Мұхамеджан өте өткір және табанды комсомолдардың бірі еді.
Сол Мұхаметжан 1920 жылдың басында Омбы қаласынан Қызылжарға келіп продразверстка жұмысына қатынасты. Продотряд саналатын бір топ біз Қызылжар уезінің батыс жақ болыстарына бірге аттанғанда Мұхаметжан ішімізде болды. 1918 жылы Омбыда көргенімде ол гимназияда оқып жүретін талдырмаш жасөспірім еді. Содан кейінгі бір жарым жылдың ішінде бойы биіктеп, мұрты тебіндеп қалған екен. Орыс мектебінде тәрбиеленіп, орыс жастарының ғұрпымен өскен ол қазақ тіліне шорқақ және аз сөйлейтін, мінезі тұйық жігіт болған екен. Азық-түлік жинау жұмысында жасандық жасамай, өзі жұмсалған Аққұсақ болысында міндетін ойдағыдай орындады. Соған өшіккен байлар мен кулактар 1921 жылғы көтерілісінде оны да айдалада шапқылаған атпен сүйретіп өлтірген.
Қызылжардан шыққан алғашқы комсомолдардың ішінен бірталай жыл қызмет жасап, Отанына, еңбекші еліне көп еңбек сіңірген комсомолдың біреуі – Қайсар Тәштитов. Ол менен төрт жас кіші еді. Біз онымен 1922 жылы Қызылжарда “Қазақ-татар клубының” сауық кешінде таныстық. Күн сайын болатын мұндай кештерді ұйымдастырушылардың біреуі Қайсар екен. Ол кездегі Бейнетқор болысының Қарағаш аталатын ауылынан жуықта ғана келген екен.
Жиырма бес жасына дейін Қайсардың бойы шарғалау боп өсті. Сондықтан мен танысқан шақта жасы 18-ге жеткен, бойына қарағанда 13-14 жастағы бала ол өте пысық және өткір болып өсіпті. Комсомол ұйымына 21 жылы түскен ол ауыл арасында да бірталай қызмет атқарып, Қызылжарға шыныққан комсомол болып келіпті. Сол күннен бастап уездік комсомол комитетінде қызмет атқарған Қайсар қала мен ауылдар арасында жүргізілген саяси және мәдени жұмыстардың бәріне де белсене араласып, талай жауапты істерді атқарған кісі.
Қайсармен 1930 жылы Алматы қаласында кездескенде ол Қазақстанның басқарушы партия ұйымы – крайкомның баспасөзді меңгеретін секторында бастық екен. Бұл кезде бұрын күлегештеу ойыншы бала салмақтанып, байсалды сөйлейтін, жауапты басшы қызметкер болып алыпты.
Осы кезде бұрынғыдан да жақсы танысып араласып та кеттік. Оның жұбайы Сағадат келініміздің қолынан тәтті тағамдар да іштік. Қайсарды жақсы көріп алғандықтан, мен өзімнің “Сұлушаш” аталатын поэмамның басты бір геройын Қайсар деп атағам.
1931 жылдан кейін Қайсармен тағы да біраз уақыт бөліндік. Мен Москваға оқуға кеттім де, ол республикадағы қызметінде қалып қойды. Содан 1935 жылы қайта табыстық. Қайсар Тәштитов бұрынғыдан да салмақтанып, байсалданып кетіпті. Ол 1933 жылдан бастап Қазақстан комсомол ұйымының жоғары органы крайкомолда бірінші хатшы және 1934 жылдан Қазақстан Орталық Комитетінің мүшесі болып қызмет істейді екен. Қайсардың бұған дейінгі социалистік құрылысқа сіңірген еңбегі де ұлан-байтақ. Сонысына қарамай ол енді спорттың істерімен де шұғылдану ниетіне кірісіпті. Сол мақсатын орындау жолында ол 1936 жылы биіктігі 4300 метр болатын Алматы шоқысына көтерілуді ұйымдастырып, сол шоқыға комсомол атын берген. Одан кейін комсомолдың аймақтық крайком комитетінің ұйғаруымен, Қайсардың басшылығымен комсомолдар Тянь-Шаньның ең биігі Хантәңірге жорық жасаған. Қазақстанда парашютпен секіруді алғаш ұйымдастырған да Қайсар Тәштитов. Осы жұмысты бірінші боп Қайсардың өзі бастап, бірнеше мың метрлік биіктіктен әлденеше рет қарғыған.
Қазақстанның үлгілі комсомолдарын атағанда Ерғали Алдоңғаровтың есімін аттап өтуге тиісті емеспіз. Қостанай облысының Қарабалық ауданынан шыққан бұл жолдаспен мен 1922 жылдан бастап таныстым. Сол жылы оқуға барсам, облыстық аталатын Қазақстан комсомолының жоғарғы ұйымының президиум председателі Мираспек Төлебаев екен де, секретары Смағұл Сәдуақасов екен. Бірақ менің есімде сақталған олар емес, крайком комсомолы президиумының мүшесі “Еңбекші қазақ” газетінің секретары Ерғали Алдоңғаров еді. Менен бір жас үлкендігі бар болатын.
Бұл жігіттің естен қалмайтын екі қылығы бар еді: бірі – өте ұшқыр қаламгерлігі, екіншісі – мәдениет жұмыстарына, әсіресе, театры жоқ Қазақстанда спектакльдер және сауық кештер ұйымдастырудағы өте белсенділігі мен шеберлігі.
Қазақстанның ол кездегі орталығы Орынбор қаласындағы мәдениетке бейім жастардың күшімен әлсін-әлсін спектакльдер және “Шығыстық” аталатын сауық кештері болатын-ды. Соларды белсене ұйымдастырушылардың біреуі – Ерғали Алдоңғаров. Спектакльдер мен сауық кештері көбінесе екі үйде өтеді. Свердлов атындағы клубтың қаладағы ең үлкен залында және “Көрнекті тәжірибе мектебі” аталатын үйде. Соңғы үйдегі сауықтарды сол кезде татар педагогика техникумында оқып жүрген қазіргі атақты артисіміз Серке Қожамқұлов басқарады. Бір сәтте осы мектеп Сәкен Сейфуллиннің “Бақыт жолына” аталатын пьесасын көрсетті. Сонда пьесаның басты рөлі Ержанды – Ерғали Алдоңғаров, Ержанның сүйіктісі Мүсілиманың рөлін Ерғалидың туған қарындасы Сақып атқарды. Осы ойынды көргендер мына екеуінің де болашағы зор, талантты артистер шығады екен деп тарасты. Солай болуы мүмкін де сияқты еді, егер 1923 жылы Сақып, 1930 жылы Ерғали сырқаттан қаза таппаса. Бірақ өзі өлгенмен, өнерпаз Ерғалидың есімі өлген жоқ. Ол өте көркем дауысты әнші болатын еді. Әсіресе, ол орындайтын “Аххау дилләт” әнін әлі күнге дейін сондай орындайтын кісіні көрген емен.
Еске берік сақталған комсомолдардан Садық Тәштитовтен кейін Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші секретары болып бірнеше жыл қызмет атқарған бұл жолдас кейін Қазақстан Орталық партия комитетінің екінші секретары болып қызмет атқарды да, іс үстінде мезгілсіз қазаға ұшырады. Шаруашылықты да, мәдениетті де оның ішінде әдебиетті де жақсы білетін Садық әрдайым әр мәселені өте салмақты және тұжырымды шешіп отыратын. Соның үстіне мейлінше кішіпейіл еді. Ауылдастықтан ба, әлде жолдастықтан ба, жазушылардың ішінен оны ең жақын тұтып, ең көп араласатыны Бейімбет Майлин болатын. Биекең үйінің қонағы көп болатын еді. Солардың бірі мен едім. Кейде Биекеңнің бәйбішесі Күлжамалдың дастарқанынан дәм татуға барғанда көбінесе Садықты кездестіретін едік. Сонда ол комсомол және партия ұйымдарының басқарушысы бола тұра, Бейімбет үйінің “қолбаласы” сияқтанып үнемі жүгіріп жүріп қонақтарды күтісетін. Сөйте тұрып, маңызды мәселелер төңірегінде өте салмақты пікірлер айтатын.
Осы аталған жалынды жастардың атқарған үлгі істері кейінгі ұрпақтар үшін өлшеусіз тәрбие мектебі.
Сәбит МҰҚАНОВ.
(“Лениншіл жас”, 25 тамыз 1970 жыл, сейсенбі).
Мұқанов С. Жалынды жастар [Мәтін] / Сәбит Мұқанов // Солтүстік Қазақстан.– 2018.- 18 қазан.- Б.-6