Зор талантқа халық құрметі

Жарияланған Angela 08.06.2021 Жаңалықтар |

С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада академик-жазушы Сәбит Мұқановтың музей-бөлмесі ашылды.

Облысымыздың мәдени өміріндегі елеулі оқиға даңқты жерлесіміз, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толуы салтанаты кезеңінде жазушы есімімен аталатын кітапханада Сәбит Мұқановтың музей-бөлмесінің ашылуы үлкен қуаныш болды. Осы салтанат рәсімін облыстық мәдениет басқармасының бастығы Е. Т. Жолболдин қысқаша сөз сөйлеп ашты. Музей бөлменің салтанатты ашылу лентасын қию құрметі астаналық жазушылар делегациясын басқарып келген тамаша сөз зергері, Социалистік Еңбек Ері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Ғабит Мүсіреповке тиді. Ол былай деді:

Бәрімізге аса қадірлі Сәбит Мұқановтың ең бір елеулі кезеңі, жастық шағы осы Петропавл қаласында өтті. Ол алғашқы өлеңдерін де осы қалада жазды. Революциялық істерге қатысты. Сол күрес үстінде өсіп, шыңдалды. Сондықтан да бүгін осы кітапханада академик-жазушыға ескерткіш, халық құрметі ретінде музей-бөлменің ашылуы үлкен қуаныш. Мен астаналық жазушылар делегациясы және Сәбеңнің семьясы атынан оны ұйымдастырушыларға үлкен рахмет айтамын.

Музей -бөлменің салтанатты ашылуында облыстық  тарихи -өлкетану музейінің директоры К. С. Ушков, Сәбит Мұқановтың республикалық  әдеби мемориалдық  музейінің директоры X. Бекішев сөз сөйледі.

Музей –бөлменің  ашылу салтанатына облыстық атқару комитеті председателінің орынбасары 3. С. Беева, облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің  меңгерушісі  С.М. Пресняков, астаналық жазушылар және жұртшылық өкілдері қатысты.

Бұрнағы күні С. Мұқановтың 80 жылдық мүшелтойына тоғысқан астаналық ақын-жазушылардың бір тобы облыс орталығындағы № 2 мектеп- интернат коллективімен кездесті. Социалстік Еңбек Ері, академик-жазушы

 Ғ. Мүсірепов бастаған бұл топтың құрамында белгілі ақын Ғ. Қайырбеков пен Сәбеңнің үлкен ұлы — Арыстанбек болды. Оларды облыстық атқару комитеті председателінің орынбасары 3. С. Беева бастап келді. Астаналық қонақтарды мектеп-интернат оқушылары гүл шоқтарымен қарсы алды.

 

Кездесуді мектеп-интернат партия ұйымының секретары Д. Айтбаева кіріспе сөзбен ашты. Мектеп-интернат директоры Ғ. Қадыралин қонақтарды аталмыш оқу ордасының тарихымен қысқаша таныстырды. Одан соң

мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі М. Мырзатаева даңқты жазушының өмірі мен творчествосы туралы баяндама жасады.

— Мен қазақ совет әдебиетінің негізін қалауға қатысқан Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов және Сәбит Мұқановты алыптар тобы деп атап жүрмін,—деп бастады сөзін Ғ. Мүсірепов. Солардың ең үлкені—Сәкенмен бірге, ең жасы—Сәбит те он жеті жасынан бастап, ақтық демі таусылғанша  Ленин партиясының жауынгері болды. Ақын Ғ. Қайырбеков Сәбең мен Ғабең  туған Есіл өмірі туралы тебірене сөйлеп, қос саңлаққа арнаған өлеңдерін оқыды. Сәбеңнің үлкен ұлы—Арыстанбек әзіз әкесінің парасаттылығын пайымдады. Кездесу соңында мектеп-интернат оқушылары С. Мұқановтың өлеңдеріне құрылған әдеби композицияны көрсетті.

Алматыдан келген қонақтардың 6ip тобы Петропавл қаласындағы С. Мұқанов атындағы № 32  мектепте  болды. Қонақтар мектепте оқу кабинеттерімен және арнайы класс кабинетінде ұйымдастырылған (Сәбит Мұқановтың өмірі мен творчествосына арналған) кітап көрмесімен, фотостендтермен танысты. Содан соң олар мектеп оқушыларымен, мұғалімдер коллективімен  кездесті. Кездесуді  мектептің  кластан тыс жұмыстар жөніндегі ұйымдастырушысы А. Д. Акимова ашты. Бұдан кейін мектеп директоры В. И. Горенко сөз алып, жазушы атындағы оқу орнының құрылу тарихы, педагогтік  коллективтің жас ұрпаққа коммунистік тәрбие беру жөніндегі  жұмысы туралы әңгімеледі.

Алматылық қонақтар С. Мұқановтың шығармалары бойынша оқушылар дайындаған композицияны ықылас қоя тамашалады.

   Кездесуде филология ғылымының  докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев Сәбит Мұқановтың жазушылық шеберлігі, адамгершілігі, парасаттылығы жөнінде әңгімеледі.

Кездесу соңында жазушының жұбайы Мәриям апай мен ұлы Қазақ ССР Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Марат Мұқанов Сәбең рухына көрсетілген мұншалықты үлкен құрмет үшін алғыс айтып, мектеп коллективіне жемісті жұмыс тіледі.

Қаламыздағы Еңбек Кызыл Ту орденді педагогика училищесінің оқушылары мен оқытушылар коллективі Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толуына арналған кездесу кеш өткізді. Оған Алматыдан келген жазушылардың бір тобы және жазушының туыстары қатысты.

Кездесуді педагогика училищесінің директоры В. Н. Крайнев кіріспе сөз сөйлеп ашты.

— Сәбит Мұқановтың өмірі мен творчестволық қызметі, — деді бұдан кейін сөз алған «Жұлдыз» журналының бас редакторы Бекежан Тілегенов,—жас ұрпаққа үлгі өнеге. Жазушы, азамат, коммунист Сәбең республикамызда халық ағарту ісін дамытуға ерекше күш салды. Б. Тілегенов сондай-ақ даңқты жерлесіміз жөніндегі естелігін әңгімеледі.

С. Мұқановтың республикалық әдеби- мемориалдық музей үйінің директоры X. Бекішевтің жазушы мұрасын жинауға бүкіл халық болып ат салысқаны, оның шын мәніндегі халық жазушысы екендігі туралы әңгімесі көпшілік назарын аударды. Кездесуде ақын Есләм Зікібаев жазушы жөнінде ойға түйгендерін ортаға салды. Кездесуге  жазушының қызы Баян Мұқанова қатысты.

СУРЕТТЕ: Социалистік Еңбек  Ері Ғабит Мүсірепов музей-бөлмені ашу салтанатында.


 

Зор талантқа халық құрметі // Ленин туы.-1980.-12 маусым.- 3 бет.

Copyright © 2010-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».