Жаманшұбардан басталған жол

Жарияланған Angela 22.04.2010 Естеліктер |

  «Жан сырым, халқым, маған сенсең егер,
Борышым шашымнан көп саған берер! «.

Сәбит МҰҚАНОВ.

  Атақты жерлесіміз Сәбит Мұқановтың туғанына да 110 жыл толды. Неткен ұшқыр уақыт! Кеше ғана балалықтың бал дәуренінде алаңсыз, ата-анамыздың аялы алақанында ғұмыр кештік. Енді, міне, қарал отырсам, адамға тиесілі ғүмырдың жартысынан көбін артта қалдырыплыз. Өткен өмір – ұшқан құс! Есімде балалық шақ. Қолымда Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» кітабы. Ол кезде ата-анам егде адамдар, сондықтан олар менің қандай кітап оқып отырғаныма көңіл аудармайды. Көңіл аударатын бір адам менен үш жас үлкен ағам, сондықтан бұл кітапты тығылып оқитынмын. Қызық Сәбит ағамыздың шығармашылығына деген қызығушылығым сол балалық кезден басталған еді. Жазушы туған Жаманшұбар, мен онда болмасам да, маған өте ыстық көрінетін. Себебі, ол туралы мен жасымнан көп естідім. Жазушы туған жері туралы: «Біздің елден артық ел бар ма? Жаманшұбардан артық жер бар ма?» – деп қайда жүрсе де, кіндік қаны тамған жерін ұмытпаған.
Жаманшұбар – оның туған жері. Ата-бабасының қорымы жатқан қасиетті мекен Жаманшұбардың тыңы жыртыла бастағанда Сәбең зираттар жыртылып кетпес үшін тракторлармен қорымды айнала орлатыпты. Оның үстіне жоғалмас үшін топырақтан оба үйгізіпті. «Сәбең үшін бұл жаман шұбар емес, жақсы шұбар» деп жазады Сырбай Мәуленов. Оқушыларыма адамның отаншылдық қасиеті туралы айтқанда міндетті түрде Сәбит атамыздың «Жаманшұбарын» қалай қадірлегені туралы айтамык Бұл оқушыларыма ой салады. Мені бала жасымнан оның өмір жолы қызықтырды. Сондықтан болар, оның «Ботагөзін», «Өмір мектебін», «Аққан жұлдызын», «Мөлдір махаббатын» сүйіп оқығаным. Мүмкін, бұл қызығушылық бала кезімде айтқан анамның әңгімесінен де болар. Марқұм анам Сәбит пен Мәриямды жасында көрген екен және екеуі қосылып, Алматыға аттанғалы тұрғанда кездескенін айтып еді. Бұл әңгіме де маған өз әсерін тигізген сияқты.
Өзім оның «Қиссашы бала» атанған балалық шағынан мол ғибрат алдым. Жетім баланың қиындыққа мойымай білім-ғылымға ұмтылуы мені өте таңдандырды. Өлең-жырды жаттап, оны шаршы топқа мәнерлеп, түсінікті етіп жеткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Сондай өнерді игерген, халық көңілінің кілтін таба білгөн ғұлама – Сәбит Мұқанов. Және бұл жағдай тойып секірген қазіргі заманда емес, тауқыметі мол ашжалаңаш өткен заманда көрініс алды. ¬Өзім жұмыс істейтін орыс мектебінде қазақ әдебиеті, қазақ тілі сабақтарында оқушыларыма «Қиссашы бала» жайлы айтуды әсте ұмытпаймын, ол туралы айту арқылы шәкірттерімді еңбекқорлыққа, білмекке құмарлыққа тәрбиелеймін. Жазушының тамаша бір қасиетін алдымдағы оқушыларыма үлгі етемін.

Осы әңгімені айтқанда өзге ұлттың өкілдері де қызыға тыңдайды. Бұл да болса, қазақ елі азаматын тәрбиелеуге қосқан үлесім деп білемін.
Сәбең жырлаған, жазған кейіпкерлер сан қырлы. Өлеңмен жазылған трагедиялық роман «Сұлушаштағы» Алтай мен Сұлушаштың арасындағы сүйіспеншілігі, бір-біріне деген ыстық ықыласы, екі жастың қайғылы тағдыры ерекше көркем жырланған. «Балуан ІІІолақ» повесінде қазақ балуанының асқан қара күші, мейірбандығы мен зор адамгершілігі, ел билеген озбырлардың жауыздығы тамаша суреттелген.
Сондықтан оның шығармаларын оқи бергің келеді. Ал оқушыларым осы повестің үзіндісін өткенде бас кейіпкер Балуан Шолаққа өте риза болды. Оның «сегіз қырлы, бір сырлы» екендігіне көңілдері толды. Өздері де бір сәт «Балуан Шолақтай» болсақ қой деп пікірлерін айтты.
Жазушының «Өмір мектебі» еңбегін оқығанда Сәбең әлемінде жүргендей күй кештім. Еңбек маған түрлі ой салды, толғандырды, жақсылыққа жетеледі. СәбитМұқанов менің туған ауылыма-Балуанға жиі соғатын. 1962 жылы келгенде бұрынғыдай мектеп директоры Сейтен Сауытбековтың үйіне түсті. Бұл жолы көп бөгелген жоқ, кетерінде менің үлкен ағам Жарасбайдың жолдасы Қалдықты Алматыға ала кетті. Қалдық Сыздық пен Жанақыш деген қариялардың қолында тәрбиеленіп отырған жетім бала еді. «Өмірден қыршын кеткен Хамиттің баласы осында шал-кемпірдің қолында тұрады» деген сөздерді естуі мұң екен, Сәбең Қалдықты жедел алдыртып: «Сенің әкеңді жақсы білуші едім, жергілікті ревкомның бастығы болған, Алматыға алып кетемін, сонда оқы, адам боласың», – дейді. Айтқандай, Қалдық адам болды, екі бірдей жоғары білім алды, көп жыл Қазақ циркін басқарды. Қазір де Алматыда тұрады, жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.
Сәбит ағамыз өмірінен алынған осы жағдай оның мейірімі мол үлкен жүректі адам болғанын көрсетеді. Осыны естіген оқушыларым оның кісілігін өнеге етеді. Мүмкін, келешекте Сәбит Мұқанов шығармаларын тыңдап өскен оқушыларым ол сияқты адами қасиеттерді бойларына сіңірген тамаша тұлға болып қалыптасар. Өзім әдебиет сабақтарында, сыныптан тыс шараларда оқушыларыма Сәбит Мұқановтың ерен еңбегін мемлекетіміз жоғары бағалағандығын айтамын Оның айғағы – қос Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендері, «Құрмет белгісі» ордені және бірнеше мөрте халық қалаулысы болғандығы. Ол жас ұрпаққа, халқына мол әдеби, рухани мұра қалдырды, сонымен бірге ол 500-ден астам мақалалардың, монографиялардың авторы болды. Әйгілі жазушыны жерлестері де ұмытпайды. Петропавл қаласындағы жазушы атындағы қазақ сазды-драма театры, облыстық кітапхана, оның алдындағы мүсін осының айғағы. Ол кезінде «Петропавл қаласының құрметті азаматы» атағын да алған. Жыл сайын Петропавл қаласында оқу орындарында, кітапханаларда оның атындағы оқулар өтеді. Өзім жұмыс істеп отырған мектеп оқушылары қала жақын болғандықтан, облыс орталығына жиі барып, атақты жерлесіміздің атымен байланысты жерлерде болып, жазушы туралы білетіндерін толықтырып қайтады.
Жазушының дүниеден озғанына 30 жылдан артық уақыт өтсе де, халықтың оның шығармашылығына деген сүйіспеншілігі азаяр емес.

Зейнеп Тәнібаева,
Озерный орта мектебінің мұғалімі.


Солтүстік Қазақстан.- 2010 жыл. – 22 сәуір.- 6 бет.

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».