Заманының заңғары

Жарияланған Angela 21.06.2021 Сын |

(Басы өткен санда).

  Сәбең партия қатарынан шығарылып, қызметтен шеттетілген кезде шиеттей төрт балаға тамақ тауып беру, отбасын асырау қиынға соқса да «аққа құдай жақ» деп бір Алладан ғана жәрдем күткен, ауыртпалыққа мойымай, тіпті Сәбеңе пальто тіктірмек болған матаға дейін сатып күн көрген. Айта берсең, Сәбеңнің отбасында мұндай қиындықтар аз болмаған-ау.

  Осы таныстықтан кейін маған Сәбит Мұқановпен де, Мәриям шешеймен де талай кездесіп, табақтас болу бақыты бұйырды. Мен университетте оқыған 1967-1973 жылдарда да оқу сессиясына, артынан Алматы жоғары партия мектебіне білімімді жетілдіру курстарына, сырқаттанып емделуге барған кездерімде міндетті түрде Сәбеңе барып, сәлем беруді дәстүрге айналдырдым, ал Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов Қызылжар өңіріне келген сапарларында жандарында атқосшы болып жүретін болдым. Сөйтіп, екі жазушымен де Сәбең айтатындай, «тонның ішкі бауындай» жақындасып кетіп едім. Айта кетерлігі, соңғы жылдары екі жазушы туған жерлеріне әр жылда кезектесіп келуші еді. Тіпті, Ғабит Мүсіреповтен үйінде отырғанда:

 -Биыл ауыл жаққа келетін ойыңызда жоқпа? – деп сұрағанымда.

 -Жоқ, биыл естуімше, Сәбит жиналып жатқанға ұқсайды, – деген еді.

  Университеттің оқу сессиясына барғанда пәтер жалдап тұратын едік. Қонақүйлерде орын болмайды. Бағасы да қымбат. Реті келген жылдары «Просвещенец» деп аталатын демалыс үйіне жолдама алып баратынбыз. Ол тауда орналасқан. Сол жылдары «Медеу» мұз айдынының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан. Қолымыз бос кезінде демалыс үйіне жақын жердегі болашақ мұз айдынының құрылысына барып, әсем табиғатты тамашалап, таудың таза ауасын жұтатынбыз. Бірде жазушы Сәбит Мұқановтың 70 жылдық мерейтойына облыстан делегация құрамына енгізілгенім туралы хабар жетті.

  Сабақтан қолым босағасын мерейтойымен алдын ала құттықтайын деп Сәбеңнің үйіне бардым. Төргі үйдегі столдың басында Сәбең досы, әнші, Солтүстік Қазақстан облысының халық ақыны, айтыскер Игібай Әлібаевпен әңгімелесіп отыр екен. Өз басым Қызылжар өңірінде Игібай Әлібаев пен Жарман Рахимовтай дәрежеде домбыраға қосыла қүйқылжыта айтатын әншілерді кездестірген емеспін. Ән салғанда көмейлері бүлкілдеп, бұлбұлша сайраған әуендері домбыраның қос ішегінен шыққан әсем үнге қосылғанда құлақтың құрышын қандырушы еді! Осы өнеріне тәнті болған Сәбит Мұқанов досы Игібай Әлібаевты Алматының филармониясына әнші етіп алдырыпты да, бірақ Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, ол әскер қатарына алынып, майданға аттаныпты. Соғыстан аман келген Иекең әншілікті тастап, туған ауылындағы мектепке мұгалім болып орналасқан.

  -Ап, Игібай, – деді Сәбең, – маған шығарған өлеңіңді осы жерде айтып берші, оңашада тыңдайық.

  Игібай Әлібаев домбырасын алды да досына шығарған әнін құйқылжыта жөнелді. Домбыраның ішегінен шыққан жағымды әуенге әсем дауысы үндесіп-ақ кетті. Сәбеңнің жанары жарқырап, беті балбырап балаша қуанды. Осы сәтте Мәриям жеңгейдің дастарқаны да жайылып үлгерді. Бұл үйге қашан келсең де жылқының піскен семіз еті дайын тұратын. Семіз ет, тәтті тағамдар тағы да дастарқан үстін көріктендіріп жіберді. Сәбең Қызылжар өңірінен Алматыға небір жиындарға барып, өзімен бірге болған басшылар мен қосшыларын ұлтына қарамай «Петропавловские киргизы, айда ко мне домой» деп үйіне алып келіп, қонақ қылатыны аңызға айналып кеткен еді. Сондықтан жиі қонақ келе беретіндіктен Мәриям шешеміз дайын отыратын болған-ау, сірә деп ойлаймын.

  Әңгіме-дүкен құрып, тамақ ішіп, біраз отырғаннан кейін мен демалыс үйіне кетуге ыңгайландым. Осы кезде Сәбең орнынан атып тұрып мені жұмыс кабинетіне алып барды. Сосын стол үстінде жатқан мерейтойға шақыру ашық хаттардың біріне менің аты-жөнімді жазып, қолын қойып берді. Осы қымбат құжатты әлі күнге дейін сақтап келемін.

  Салтанатты жиын Алматының ортасындағы Опера және балет театрының әсем ғимаратында өтті. Оған еліміздің ғана емес көршілес республикалардың да ақын-жазушылары, партия және кеңес органдарының басшылары, өнер қайраткерлері, жазушының туған-туысқандары жиналды. Не керек, кең зал халыққа лық толды. Сахнаға қойылған ұзын столдың басына республика басшылары жайғасты. Әрине, қақ төрге Сәбит пен Мәриям шықты. Сәбең өзімен бірге ала келген немересін алдына алып отырды.

 Мәжіліс ашық деп жарияланғаннан кейін мінбеге Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің өкілі көтеріліп, СССР Жоғарғы Кеңесінің академик-жазушы Сәбит Мұқановты 70 жасқа толуына және Кеңес Одағы әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін Ленин орденімен марапаттау туралы Жарлығын оқып берді. Кеңілі көтеріңкі, беті бал-бұл жайнап отырған Сә-беңнің осы сәтте кескіні өзгеріп сала берді, ұңжырғасы түсіп кетті. Естуімізше, алдында оған Социалистік Еңбек Ері атағын беру жөнінде құжат Мәскеуге кеткен болатын, бірақ мәселе осылай шешіліпті.

  -Сәбеңе обал болды-ау, ол жоғары атаққа лайық жазушы ғой, – деді үзіліске шыққандардың бірі.

  -Сәбең кезінде Қонаев ғылым академиясын басқарып түрғанда оны сынап еді, – деп еске алды екіншісі.

 -Мәскеуге мұндай құжат жіберілгенімен артынан республиканың бірінші басшысы, оның растығын айтып телефон шалуы керек екен. Ондай қоңырау болмаған ғой…, -деді енді бірі.

  Осы әңгімені өз құлағыммен естідім. Мерейтой келесі күні Жазушылар одағының мәжіліс залында жалғасты. Онда тойға келгендер Сәбеңе сыйлықтарын табыс етті. Біздің облыстан барған делегация қанша ақша бергенін білмеймін, келесі күні үйіне барып, Петропавлдағы С.М.Киров атындағы зауытта шығарылған «Қазақстан» радиоқабылдағышын сыйладық. Делегация басшысы, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Әнуарбек Шманов бұл радиоқабылдағышты үйде ғана сақтап, ешкімге көрсетпеуді сұрады. Өйткені, ол кезде бұл зауыт – жабық кәсіпорынға жататын. Ал мұндай радиоқабылдағыш су асты сүңгуір қайықтарына орнату үшін жасалатын. Ол теңіздің астында қандай тереңдікте болса да жер жүзінің кез келген жерінен радиохабар алуға мүмкіндігі бар құрал болатын.

  Сәбит Мұқанов өзінің «Саяхаттар» деген кітабында туған жерге деген сағынышын былай білдіреді: «О, туған жер! Міне, біз туған жерге таянып та қалдық. Оның әрбір алаңы, өрі, сайы, саласы, дөңі, ойпаты, ағашы, алабы, келі, томары … бәрі… бәрі менің алақанымда!.. Апыстан көрінген оның әрбір орны, маған келуімді күте сағынып тұрған бір туысыма ұқсайды!..» Сәбеңнің туған жерге сағынышы өмірінің соңғы жылдарында тіпті күшейе түскен тәрізді. Мүмкін, содан да болар соңғы кезде Қызылжар өңіріне келуін бұрынғыдан да жиілеткен еді.

  Әдетте, Сәбең де, Ғабең де туған жерге келгенде жандарына өздері жақсы көретін ақын-жазушыларын ертіп жүретін. Бұл жолы, неге екенін кім білсін, Сәбең жалғыз келді. Бұрынғыдай халық көп жиналатын кездесуер де онша ұйымдастырыла қоймаған тәрізді. Ол қай жағдайда, қашан келмесін өзі еңбек еткен қарашаңырақ – «Ленин туы» (қазіргі «Soltústіk Qazaqstan») газетінің редакциясына соқпай кетпейтін. Бұл жолы да солай болды. Қазақта «қуыс үйден құр шықпа» деген мақал бар емес пе! Біз Сәбеңді қалай қарсы аламыз деп абыржып қалдық. Осы кезде еске «Союзцелинвод» тресінің бастығы Қаттай Кеншінбаев түсті.

  «Союзцелинвод» тресі елімізде тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты құрылған болатын. Ол жерасты құбыры арқылы Солтүстік Қазақстан облысын түгелдей, көршілес Қостанай, Көкшетау, Қорған об-лыстарының бірнеше ауданын таза ауызсумен қамтамасыз етіп тұрды. Тіпті жайылымдағы малдарға да осы су пайдаланылатын. Бұл трест Гиннестің рекордттар кітабына енді. Өйткені, жер жүзінде мұнша ұзын жерасты құбыры ол кезде болмаса керек. Қаттай Кеншінбаев бізді қала маңындағы Водопроводный деген ауылға шақырды. Булаев тораптық су құбыры осы жердей бастау алады екен. «Булаев мүлде баска жақта емес пе, бұлай аталауының сыры неде?» деп ойлаймыз. Бақсақ, сақтық шаралары үшін тораптық су құбырларының бастауы қайда екенін ешкім білмеуі керек екен.

  Қаттай Бектасұлы Сәбит Мұқанов пен бізге құбырға судың қай жерден насоспен беріліп отыратынын көрсетті. Лифтпен астына түстік. Өте терең екен. Қорқынышты болғаны да рас. Судың ағынымен бірнеше генератор жұмыс істеп тұрды.

 – Бұл генераторлар насостарға тоқ береді. Сол арқылы су құбырмен ағады. Сонымен бірге құбырларды тоққа қосып қоямыз. Бойында тоқ жүріп тұрған темір құбырлар тоттанбайды, ұзақ сақталады, -деді Қаттай Кеншінбаев.

  Біз үшін бұл үлкен жаңалық болды! Біз осында Сәбеңе қонақасы бердік. Бастығымыз бұл шарага «Ленин туы» газеті редакциясының байырғы қызметкері Әмина Мұхамедрахимова екеумізді алған еді. Ұзақ отырып әңгіме-дүкен құрдық. Сәбең кеп әңгіме айтты, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сол жолы жазушымен «Есіл» өзенінің жағасында көп суретке түсіп едік. Бірақ оның бірін де көре алмадық. Фототілші Василий Шейкин отбасылық проблемаларымен әлек болып жүріп, оларды қағазға түсіріп бере алмады. Артынан қайтыс болып кетті.

  Иә, Сәбеңнің сол жолғы әңгімесіне қарағанда, алдағы жоспарлары ауқымды еді. Өкінішке қарай, көбін орындай алмады. «Құдай қуат берсе француздың он тоғызыншы ғасырдағы көрнекті прозашысы Оноре де Бальзактан қалыспай жүз томға жетерліктей шығарма жазамын» деуші еді. Құдай оған жазбады. Әсіресе, Шоқан Уәлиханов туралы «Аққан жұлдыз» трилогиясын жазып бітіре алмай, арманда кетті. Сәбең қайтыс болғаннан кейін, яғни 1973 жылы жазда университетті аяқтау емтиханын тапсырып, диплом жұмысын қорғауға Алматыға барғанымда Ғабит Мүсіреповтен:

  -Ғабе, жұрт Сәбеңнің «Аққан жұлдызын» сіз аяқтайды деп жүр, сол рас па? – деп сұрадым.

  -Сол келген жерінде тұрады ғой, – деп байсалды ғана жауап қатқан еді Ғабең бұл сұрағыма.

  Әрине, біреудің ғұмыр бойы зерттеген тақырыбын екінші біреудің жалғастырып жазып кетуі мүмкін де емес қой. Одан әрі Сәбеңнің отбасы тұрған пәтерді мұражай ету туралы сөз қозғалды.

 

  -Ол мәселенің оң шешімін табатын түрі бар. Бұл іспен Мәриям айналысып жүрген көрінеді. Шаруаны бітірмей тына қоймас. Өзі жасынан пысық еді. Менің Төңкеріс аудандық әскери комиссариатты басқарып тұрған кезім еді. Сәбитке қалыңдық іздейтін болдық, оның әйелі де, тұңғыш баласы да қайтыс болыпты, үйленетін қызын қаладан емес, ауылдан таңдауды шешкен екен. Сол кезде менің есіме осы Мәриям түсті. Алдында бір шеткері ауылға баратын болып жолға шыққанмын. Атым болдырып, жолдағы ауылдан басқасын жегуге тура келді. Жол-жөнекей ат ауыстырып алуға құқығымыз болатын. Атқосшылыққа еркекше киінген бір пысық қызды берді. Жолға шықтық. Жегілгін ат жолшыбай сүріне берді. Қыз қамшыны басып, арасында атты сыпыртып та алады. Не керек, діттеген жерімізге жақсы барып қайттық. Сәбеңе осы қыз лайықты болады-ау деп ойладым. Екеуін жолықтырдық. Сәбеңдей адамға жар болу екінің бірінің маңдайына жазбаған ғой, – деген еді Ғабең байыппен сөйлеп.

 Ғабит Мүсіреповтің үйінен шыққаннан кейін Сәбит Мүқанов тұрған үйге бет алдым. Аралары алые емес. Біріне-бірі көлденең тұратын екі үй де жақын орналасқан. Осы арада Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Кеңес Одағы Коммунист партиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаевтың да үйі бар. Сондықтан да болар, осы маңда күні-түні милиционер жүреді. Қазір осы үйде Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражай-кешені, ал Д.Қонаев тұрған үй толықтай мүражайға айналған.

  Мәриям шешейге сәлем беріп, көңіл айтуға келгенімді жеткіздім. Пәтер іші сол қаппында екен. Қырық жеті жып бірге өмір сүріп, тағдырдың тауқыметін де, жарық дүниенің қызығын да бірге көрген, бірлесіп алты бала өсіріп, немере, шөбере сүйген Құдай қосқан қосағынан айырылып қалғанына қайғырса да, оның артында қалған мүлкін, қолжазбаларын сақтау үшін мұра-жай ашу туралы оң шешім қабылдағанына шүкіршілік етіп отыр екен.

  -Бұл пәтер енді мұражайға айналғалы тұр. Еш нәрсені қозғамаймын. Өзіме осы маңнан пәтер беретін болды. Немерелеріммен тұрамын ғой, -деді Мәриям шешей.

  Араға бірнеше жыл салып, мұражайға тағы барудың сәті түсті. Мәриям шешей сонда отыр екен. Өзін мұражайдың қор сақтаушысы қызметіне қойыпты. Мұражай әдемі жабдықталған екен. Оның ашылуына және жәдігерлерінің жинақталып, орны-орнына қойылуына, шаруашылық мәселе-лерді шешуге Сәбит Мұқановтың әрі жерлесі, әрі бала кезінен қамқорлығын көрген азамат Хәкім Бекішев кеп еңбек сіңіріпті. Сәбең Орынбор рабфагінде оқып жүргенде ел ішінен бірнеше жетім баланы Қызылжар мен Орынбордың жетімдер үйлеріне орналастырған екен. Хәкім Бекішев – солардың бірі. Ұлы Отан соғысы кезінде Сәбит Мұқанов «Правда» газетінің тілшісі ретінде майдан шебін аралап жүріп, тағы Хәкім Бекішевке, сондай-ақ, Мәлік Ғабдулинге кездеседі. Соғыстан кейін Хакім Бекішев Талдықорған облысының Қапал ауданына әскери комиссар болып тағайындалады. Осы қызметте жүргенде әйелімен, қайын атасымен Сәбит Мұқановтың үйіне әдейілеп келген жолы оған өзінің жекеменшік «Победа» жеңіл автокөлігін мінгізіп жібереді. Неткен жомарттық десеңізші! Запастағы подполковник Хакім Бекішевтің іскер азамат екенін мен де білуші едім. Мұражай ісімен ай-налысатын болғандықтан Қызылжардан Алматыға көшіп барган.

  -Хакім ағасының еңбегін ақтады. Осы мұражайды жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп ашты, бәрін дұрыстап беріп, он жыл адал қызмет етті. Сәбиттің аруағы риза шығар, -деді Мәриям шешей.

 

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

(Жалғасы бар).

СУРЕТТЕ: С. Мүқанов немересімен.

­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­____________________________________________________________

 

Soltústіk Qazaqstan 3 qarasha  2020 jyl , 5 бет № 127

 

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».