Заманының заңғары

Жарияланған Angela 21.06.2021 Сын |

(Соңы. Басы өткен сандарда).

  Мәриям шешеймен және оның баласы Марат Сәбитұлымен бұдан кейін де талай кездестім. Ұмытпасам, 1975 жылдың маусым айы болатын. Сәбең де, Ғабең де туған жерге негізінен осы айда келетін. Өйткені, бұл кезде диқандар егіндерін салып болады, пішен дайындауға уақыт ертерек. Сондықтан халықтың қолы босырақ, шаруаларына бөгет болмайды. Мәриям шешей қыздарымен ұшақпен келді. Ал ұлы Марат денсаулығына байланысты пойызбен жететін болды. Облыстық партия комитеті оны қарсы алуды біздің редакцияға жүктеді. Ақыры вокзалға мен баратын болдым.

  -Жарайды, Амандық, – деді осы мәселені шешу барысында облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Әнуарбек Шманов, – Маратты екеуміз қарсы алайық. Ол менің бұрынғы бажам еді. Жақсы қатынаста болып едік.

  Солай жасадық. Қонақты вокзалдан екеуміз қарсы алып, біздің үйге әкелдік. Түннің біраз уағына дейін әңгімелесіп отырдық. Келесі күні Мұқановтар отбасы ауылға аттанды. Мен оларға еріп бара алмадым. Ертеңіне Петропавлдағы Киров аудандық партия комитетінің бюросына қатысуым керек еді. Онда мені партия қатарына қабылдау мәселесі қаралатын-ды. Ол кезде Марат тарих ғылымының кандидаты, кейін 1989 жылы докторлық диссертация қорғады. Қазақстанның тарихи-этнология ғылымына зор үлес қосты. «Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза», «Қазақ жерінің тарихы», «Из исторического прошлого» атты гылыми-зерттеу кітаптарының авторы.

  Сәбит Мұқановтың тоқсан және жүз жылдық мерейтойлары кең келемде аталып өтті. Жүз жылдық тойының ЮНЕСКО-ның шеңберінде тойлануы Сәбит Мұқановты жер жүзі ірі тұлға, кемеңгер жазушы ретінде мойындағанын білдірсе керек. Сол кездегі еліміздің астанасы – Алматыдан басталған той Қызылжарда, одан әрі туған ауылы Сәбитте жалғасын тапты. Осы шараға қатысуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылға әдейілеп келіп, сөз сөйлеуі мерейтойдың мерейін тіпті асқақтата түсті.

  -… Халқына дәл Сәбит Мұқановтай кеңінен мәшһүр болған қаламгер сирек. Мұның сыры неде? Меніңше, бұл, ең алдымен, Сәбеңнің қаламгерлік, шығармашылық тұғыры мен адамдық, азаматтық тұлғасының бөле-жармас бірегей тұтастығында және жалпыға бірдей анық айқындығында. Сәбеңнің өзі мен ісінде салмақтық, ниеті мен әрекетінде қалтарыс болған жоқ. Адасса да, абырой арқаласа да халқына түсінікті болды. Халқымен бірге болды.., -деп жерлесіміздің мәртебесін көтере сөйледі Нұрсұлтан Назарбаев.

  Сәбеңнің болмыс-бітімі де, елім, жерім, халқым деп соққан жүрегі де қазақтың қасиетті даласындай кең еді. Әсіресе, Қызылжар өңіріне келгенде оның туған жерге, жерлестерге деген ерекше сағынышын сезінуге болатын. Ал «Ленин туы» (қазіргі » Soltústіk Qazaqstan «) газеті редакциясын туған үйіндей сезінетін, оған бас сұқпай кетпейтін. Қандай шығарма жазбасын бірінші болып осы газетте бастыратын. Мысалы, «Мөлдір махаббат», «Тыңдағы толқындар», «Аққан жұлдыз» романдарының үзінділері, көптеген жол-сапар очерктері «Ленин туында» жарық көрді. Соның арқасында Қызылжар өңірінің оқырмандары жерлес-жазушы Сәбит Мұқановтың шығармаларымен бірінші болып танысу мүмкіндігіне ие болатын.

  Иә, айта берсе Сәбеңнің жақсы қасиеттері, көптеген адамдарға жасаған қамқорлық-көмегі, қаламынан шыққан, оқырмандарынан жоғары баға алған шығармалары толып жатыр. Оның бәрін бір естелікке сыйғызу мүмкін емес. Естелік демекші, осы арада нағашым Ахметтің Шәймерденінің бір әңгімесін айта кетейін, нағашымның айтуы бойынша, Сәбит Мұқанов Жуанағашта ба-лаларды арабша сауат ашуға үйрететін ұстаз болып жүрген жылы Рамазан айының соңына қарай аузы берік мүсылмандарға тарауық оқыту үшін бір қари келеді.Түн қараңғысында қари дәрет сындырмақшы болып, үйден далага бет алады. Сол кезде бала-жігіт Сәбит құман алып шығады. Олар далада жүргенде қараңғы дала жап-жарық болып кетеді. Осы кезде қари Сәбитке:

  -Не көрдің, Сәбит? – деп сұрақ қояды.

  -Бүгін Қадыр түні ғой, жұмақтың есігі ашылған болар, сірә, – дейді Сәбит.

  -Не айттың? – дейді қари.

  -Екі дүниенің рақатын бер дедім, – деп жауап береді Сәбит.

  Сонда қари:

  -Құдай менің аузыма ештеме салмадығ, – деп жылап жіберген екен.

 -Сәбит екі дүниенің рақатын көретін адам! – дейтін еді нағашым.

  Шынында да, жасында жетімдіктің ащы дәмін татса да, одан кейін заман ағымына қарай қуғынға ұшыраса да, жазған шығармаларын кеңес өкіметі мен билік партиясының саясатына келмейді деп сынағандықтан бірнеше рет түзеп, қайта бастырса да, Сәбең жарық дүниедегі өмірін бақытты өткізді, халқының сүйікті ұлы болды. Шаршап, шалдыққан, қажыған жоқ, қайта қайраттана, шығармашылық шабытын шыңдай түсті, Орынбордың рабфатында оқығанда бір курстан екіншісіне өте алмай қалған кезде «большевиктер қажымайды» деп айтқанындай, ештеңеге мойымады. Сәбеңнің өмірі жастарға үлгі, шығармалары алтын қазына. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, Сәбеңнің дәрежесі барған сайын асқақтай, жүлдызы жарқырай бермек.

 

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

Қазақстанның қүрметті журналисі.

 СУРЕТТЕ: С. Мүқанов пен Б. Момышұлы.

_____________________________________________________________

Soltústіk Qazaqstan.- 5 qarasha.- 2020 jyl.-4 бет.- № 128-129

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».