Сәбит және Қызылжар
Сәбит аға ол кезде 36 жаста еді. Сонда да ол кісі бізге ұзақ жасаған, көпті көрген қариядай көрінетін. Бет әлпетінде, көз қарасында жатсыну, тосырқау дегендердің ырымы жоқ. Бір көрген адамның өзімен де ескі танысындай жарқылдап, елжіреп сөйлеседі. Жылы сөзімен жаныңды баурап алады.
Бізбен сол кездесуде айтқан бір сөзі әлі есімнен кетпейді:
«Шілде – тамыз дүниенің жігіт шағы. Менің дәл қазіргі өмір жасым осы бір уылжыған жайма шуақ кезіне сәйкес келетіндер кезі. Мен Алматыда басталған «Жұмбақ жалау» романын осы екі айда өндіріп жазып тастайын деп, өзімнің сүйікті Қызылжарыма әдейі келдім. Роман тақырыбы Солтүстік Қазақстандағы азамат соғысы, Октябрь революциясының алғашқы жылдарында жаулармен кескілескен айқас…» …Сәбең редакцияның шағын бір бөлмесінен жұмыс орнын сайлап алды. Күн сайын сағат тоғызда жұртпен бірге кеңсеге келеді, түсте бір сағат үзіліс жасайды. Пәтеріне кешкі сағат бес кезінде қайтады. Кей кездерде түнде бөлмесінде ұзақ отырып, қолжазбасын жөндейді, машинкаға әзірлейді. Сөйтіп, Сәбең июнь, июль айларын роман жазумен Қызылжарда өткізді».
Көп жылдар аудандық, облыстық заң орындарында қызмет істеп, кейін дербес зейнеткерлікке шыққан Мәлғаждар Әуелбеков 1980 жылы «Ленин туы» газетінде жарияланған естелігінде былай дейді:
«Мен Сәбитпен алғаш 1919 жылдың қаңтарында кездестім. Оның туған апасы Дәмеш менімен ағайындас Сауыт дейтін кісіде тұрмыста болатын. Сәбит сол апасын іздеп келген екен..
Екінші рет 1946 жылы күзде Қызылжарда кездестік. Ол қалаға келісімен маған хат жазып беріп жіберіпті. Хатта мынадай бір ауыз өлең бар екен – Кісілік деген – биік жар,
Шығып келем біртіндеп.
Алдымда бар Қызылжар
Өмірдің ашқан кілтім деп «
Жазушы Сәбит Мұқановтың шығармашылығы біздің облыстық Н. Погодин атындағы театрмен де тығыз байланысты. 1957 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлігі тұңғыш рет драма театрларының республикалық байқауын өткізді. Сонда осы театр жазушының «Шоқан Уәлиханов» трагедиясын сахнаға шығарды. Сол үшін театр бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал осы қойылымға қатысқан және негізгі бейнелерді тұлғалаған бірнеше сахна шеберлері республикалық атақ, дәрежелермен марапатталды. Бұған Сәбең қосқан үлес пен еңбек аз емес.
Петропавл қалалық кеңесі атқару комитетінің 1966 жылдың
4 – қарашасындағы шешімі мен Петропавл қаласының еңбекшілеріне зор еңбек сіңірген қажырлы еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін Сәбит Мұқановқа алғашқылардың бірі болып Петропавл қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Енді қазақтың белгілі ақыны Мұзафар Әлімбаевқа сөз беріп көрейік. М.Әлімбаев: «1961 жылдың басы еді. Телефон шылдыр етті. «Товарищ Әлімбаев, приветствую», – деді өзіме таныс тарғыл дауыс. Бұл Сәбит Мұқанов еді. – «Сен, естідің бе, мені жерлестерім Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат етіп ұсынып жатыр… Екеуіміз сол Қызылжарға бірге барып қайтайық. Жерлестерім шақырып жатыр. Бүрсігүні 12-де жүреміз поезбен..»
Біз Қызылжарға келген күндерде Арқаның ақ бораны «патшалық» құрып, алабұртып аңқылдап-ақ тұр екен. Сәбең боранға қарамастан, мені таңертең ертемен немесе түнде серуенге алып шығады. Қонақ үйге таяу бір көшенің мүйісінде терезесіне дейін шөккен тоқал ағаш үй тұр… Сәбең сол үйге қарай тартады:
Мынау біздің революцияның алғашқы жылдарында бас қосатын үйіміз еді. Қолы қысқа болса да, үй иесі Жақыптың Сәдуі пейілге жомарт еді. Баймағамбет Ізтөлин, Оспантай Қашағанов, Владимир Иванович Гозак, Жанұзақ Жәнібеков, Мұхамеджан Бейсенов бәріміз осында келуші ек…»
Сәбең үйге кірмейді, ана жағына бір, мына тұсына бір шығады. Құдды кешегі іздерін бүгін іздеп жүргендей. Ондаған орамдарды, көптеген көшелерді қыдыртқанда, Қызылжардың бұрынғы да, бүгінгі де тарихы керуен көшіндей шұбырынды.
– «Мынау 1913 жылы ақ патша әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына арнап салынып «Романовтар үйі» деп аталған екен, қазір механизаторлар техникумы. Мынау «Абылайдың ақ үйі». Мынау су көтеретін мұнара. Мен ең алғаш осы шаһарға келгенде, жататын үйді соған қарап табатын едім.
Біз барған күні түстен кейін қалалық атқару комитетінің құрметті азаматтарға (1966 жылғы қаулысы бойынша) дипломдар тапсыруға арналған сессиясы өтті. Үш кісіге диплом тапсыруға тиіс екен. Ол жиналыста мен де сөйледім. Он шақты адам Сәбеңдей үлкен азаматтың өмірдегі, қоғамдағы, әдебиеттегі орнын атап, көрсетіп, орынды мадақтады.
Қалалық атқару комитетінің сессиясында Сәбит Мұқанов қатты тебіреніп сөйледі: «Мен осыдан 49 жыл бұрын Петропавлға келгенде, тұттай жалаңаш, тұл жетім едім. Бүгін Жетімнен жетілген жазушы, академик, қоғам қайраткері! Петропавл менің тағдырыма тамырын кең жайған. Қай кезде болсын, Петропавл жайында жылы сөз таба алатыным содан. Мен осы қалада коммунист атандым. Ал шынайы коммунист тыныс іздеп шалжиып, жата ала ма?!» – деген еді».
Осы жолы жазушы Қызылжар қаласындағы №2 қазақ мектеп-интернатында, энергетиктердің Мәдениет сарайында, тағы бірнеше кәсіпорындар мен мекемелерде сайлаушылармен кездесті. Олардың алдында сөз сөйлеп, сұрақтарына жауап берді.
Қайролла Мұқанов ардагер – ұстаз ( Жалғасы бар )
// Қызылжар Нұры. – 2015 жыл. – 15 сәуір. – 4 бет.