Сәбең туралы сөз
Газетіміздің өткен санында хабарланғанындай, «Мұқановтың есімі облыс жылнамасында» деген тақырыппен осы аттас облыстық кітапхана акция жариялады. Ғасырлық тойы биыл атап өтілетін даңқты жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына қатысты дүниеліктер жинау мақсатынан туындаған шара бүл.
С . Мұқановтың осы кітапханадаға әдеби-мемориаллық бөлме-мұражайы әйгілі жазушының 80 жылдық мерейтойы кезінде ашылған болатын. Ішінде жазушының көк кітаптарынаң басқа ештеңе жоқ еді. Енді қарасаңыз мұражайдың әсем безеңдірілгендігің көресіз. Аядай бөлме айнала толтырылыпты. Алайда экспонаттар таздың шашындай селдір екен. Ең өкініштісі – Сәбеңдікі дегендер жоқтың қасы. Әрине, «Жоққа жүйрік жетпейді». Алматыдағы жазушының мұражайы экспонаттар жағынан көмектесе алмаса, басқаларды қалай даттарсың?! Міне, мұндай жағлайда жоғарыда аталған акцияның ұйымдастырылуы, сөз жоқ, табылған ақыл. Негізінен газет қиындылары мен фотосуреттерден құралған шағын мұражай енді толықтырыла түсуге тиіс.
Бұл акция осы бөлме-мұражайда жуырда өткізілген кездесуден басталды. Оған Сәбеңмен тікелей тілдескендер немесе оның шығармашылығын насихаттаған адамдар шақырылған еді. Кездесуде бірінші болып ұзақ жылдар облыс мәдениетін басқарған С. Уақбаев сөз алды. Жазушы жылда туған жеріне келген сайын онымен бірге болған бұл кісі мол естелігінің бір-екі парағын ғана баяндап бергендей көп көсіле қоймады. Ол, әсіресе, осы кітапхананың салынуына Сәбеңнің зор еңбек сіңіргендігін баса айтты.
Зейнеткер С. Пресняков та нақ осы мәселенің қалай шешім тапқандығына егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл мәселе облысымыздан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған С. Мұқановқа сайлаушылар аманаты ретінде жүктеліпті. Депутат-жазушы болса аманаттың мүлтіксіз жүзеге асырылуына аянып қалмапты. Әттең, өз есімімен аталған кітапхананың салтанатты жағдайда ашылуын көруге оның ғұмыры жетпеді: Сәбең 1973 жылы сәуірде көз жұмды, ал кітапхана мамырда ғана пайдалануға берілді. Десе де даңқты жазушының өшпейтін аты қалды: кітапхана Сәбеңнің есімім аталады. Қатары қалың оқырмандар кітапхананың атауын ықшамдап, ыңғайлы түрде «Мұқанов» деп қана атайтын жазушының есімі күн сайын емес, сағат сайын ауыздан түспейді.
Кездесуде «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Б. Мұстафин газет редакциясында жазушымен өткізілген кездесулер, оның жас қаламгерлерге әкелік қамқорлығы хақында әңгімелеп берді. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып істеген Е. Жолболдин, осы кітапхананың бұрынғы директоры В. Кашемирова, облыстық мемлекеттік мұрағаттың қызметкері М Мелехин және басқалары әйгілі жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты жан-жақты сөз қозғады.
Жоғарыда айтылғанындай, аталмыш акция шеңберінде өткзілген бұл кездесудің бір мақсаты жазушы туралы материалдар жинауға кірісу екендігі айтпаса да түсінікті еді. Өкінішке орай, кездесуді жүргізген кітапхана қызметкері Ю. Пискунова: «Міне, көріңіздер»,- деп үш фртосуретті ғана ұсынды. Бұған қарағанда, бұл акцияға әлі де мән беріле қоймағаны аңғарылып қалды. Сәбеңді көрген адамдар біздің облысымызда мыңдап саналады. Ендеше Сәбеңе қатысты жәдігерлер көп болуға тиіс. Ондай дүниеліктер мыңдардың көз алдында болатын мұражайдан орын тапса құба-құп.
Менің өз басым бұл кездесуде сөз алудан бас тарттым. Оның орнына 1967 жылы Сәбит Мұқановтың өзі маған қолтаңбасын жазып берген «Шыңнан шыңға» деп аталатын жазушының өлеңдер жинағын кітапхананың мұражайына сыйға тарттым. 33 жыл бойы көп кітаптардың арасында ешкімнің көзіне түспей елеусіз жатқан мұндай кітаптың орны, әрине, мұражай. Рас, қимасым еді, қымбатым еді…
Міне, осындай жәдігерлер, меніңше, бірсыпыра адамдарда бар. Соларды кітапханадаға мұражайға әкеліп беріңіздер. Көзден кетсе де, көңілден кетпеген Сәбеңнің бейнесін толықтыра түсудің бірден бір мүмкіндігі, міне, осы. Ендеше «Мұқановтың есімі облыс жылнамасында» акциясына қатысыңыздар, әлеумет!
Б. ҚОЖАХМЕТОВ.
Қожахметов Б. Сәбең туралы сөз // Солтүстiк Қазақстан. – 2000. – 21 қаңтар.