“Сәбең деген-қазақтын кең даласы…”

Жарияланған Angela 08.06.2021 Сын |

Қызылжарда

Петропавл — ресми аты. Сәбеңше айтсақ, «Қызылжар, қымбат қалам, біткенше өмір, ең ыстық махаббатпен жүрем жырлап» дегендей  бұл өңірдің қазақтары да осылай атайды. Қызылжар Сәбитпен қоса Мағжанның да, Ғабиттің де туған жері. Осынау атақты үш суреткердің рухы бұл қалаға талай-талай игі жақсылардың табанын тигізді. Неше мәрте келтірді. Тебірентті. Толқытты.

13-маусым күні Сәбит Мұқановтың мерейтойына орай жазба ақындардың республикалық мүшәйрасы өткізілді. Атап айтуымыз керек, бұл Қызылжар топырағында өткізілген тұңғыш мүшәйра. Оның жоғары деңгейде жақсы өткізілуіне облыс әкімі Қажымұрат Нағманов өзі тікелей араласты. Мүшәйраға бастан-аяқ қатысты.

Жыр додасына қатысқан ақындардың өлеңдерінде  Сәбеңнің шығармашылық әлемін өлеңмен өрнектеу, ұлы тұлғаның жарқын бейнесін жасау, егеменді еліміздің тәуелсіз  тұғырын ету, халқымыздың тарихы мен жүріп өткен жолын сараптай келе болашағына көз жүгірту басым болды.

Бас жүлде — «Волга» жеңіл автомобилін алматылық талантты ақын, бұған дейінгі көптеген мүшәйралардың жүлдегері Ғалым Жайлыбай еншіледі. Есләм Зікібаев бірінші орынға тіккен бәйгеге ие болды. Ал екі екінші жүлде астаналық Серік Тұрғынбеков пен алматылық Темірше Сарыбаевқа бұйырды. Үшінші орынды ақындар Жәркен Бөдеш, Бауыржан Қарабек және Тоқтарбек иеленді.

Сол күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәжістаннан Қызылжарға ұшақпен келіп жетті. Таңертең облыс орталығындағы жаңадан ашылған Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының тұсаукесеріне қатысып, сөз сөйледі.

Сәбит ауылында

Ақындар айтысы екі кезеңде өтті. Бірінші күні 13-маусымда облыстық мәдени орталықта 19 ақынның төрт жұбы іріктелген болатын. Ол іріктелгендер — Баянғали Әлімжанов, оның жерлесі көкшетаулық Құдайберлі Мырзабеков, павлодарлық Серік Құсанбаев, қостанайпық Әсия Беркенова, қарағандылық Аманжол Әлтаев, өскемендік Абаш Кәкенов, шымкенттік Ақмарал Лаубаева және астаналық Дәулеткерей Кәпұлы.

Қазіргі өтіп жатқаны ақтық айтыс. Сонымен, бірінші бас жүлдені көкшетаулық Құдайберді Мырзабеков жеңіл алып, «Жигули» автомобилін мінді. Екінші орынға Абаш Кәкенов ие болды. Баянғали Әлімжанов бұл жолы үшінші жүлдемен аттанды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 50 орынды Сәбит Мұқанов атындағы мектептің ашылуына қатысты. Бұрынғы мектепті Сәбит ағамыз осыдан отыз жыл бұрын көзі тірісінде өз қаржысына салдырған екен. Енді, міне, мына жаңа мектептің де дүниеге келуіне Сәбеңнің шапағаты тиіп отыр. Ол осы өңірдегі ең үлгілі білім шаңырағы болатын түрі бар. Он төрт кабинет, олардың ішінде компьютерлік сынып, кітапхана, спорт залы, тіпті, шағын буфеті де жұмыс істеп тұр. Мектептің ашылу лентасын Президент өзі қиды. Одан соң жазушының осы ауылдағы мұражайына соқты. Ол да кезінде Сәбеңге осы ауылға келгенде түсетін, жататын немере інісі Шәкен Мұстафаұлының үйі болған. Міне, 1990 жылдан бері жазушының мұражайы.

Президенттің лебізі

Өзінің алдыңғы буын арыстарымен бірге, кейіннен алыптар шоғыры атанған ­өзі тұрғылас классик қаламгерлерімізбен қатар Сәбит Мұқанов та XX ғасырдағы жас қазақ әдебиетінің іргетасын қаласты. Өз құрбыластары сияқты оның да араласпаған жанры кемде-кем. — деді Елбасы Н.Назарбаев. — Ол біздің әдебиетіміздің проза, поэзия, драматургиясы тәрізді сан алуан саласында өнімді еңбек етіп, қоғамдық қызметімен де, әдеби шығармаларымен де казақ халқының рухани көркемдік мәдениетінің жетілуіне күш-қәжырын аяп қалмаған, ат төбеліндей ғана аяулы санаткерлер шоғырының белді өкілі болып табылады.

Алдыңғыларды айтпағанда, өзі тұстас Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты есімдермен сипатталатын бұл шоғырдағы Сәбит Мұқановтың орны туралы ойлана келсек, Виктор Гюгоның «Данте Гомерді жоққа шығармайды» дегенін еске алуымыз керек.

Халқына дәл Сәбит Мұқановтай кеңінен мәшһүр болған қаламгер сирек. Мұның сыры неде? Меніңше, бұл ең алдымен, Сәбеңнің қаламгерлік, шығармашылық тұғыры мен адамдық, азаматтық тұлғасының бөле-жарылмас бірегей тұтастығында және жалпыға бірдей анық айқындығында. Сәбеңнің сөзі мен ісінде алшақтық, ниеті мен әрекетінде қалтарыс болған жоқ. Адасса да, абырой арқаласа да халқына түсінікті болды. Халқымен бірге болды.

Бәйге

Бұл күні де қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер арасы сеңдей соғылған халық, ауыл үстінде қалықтаған ән мен жыр, бәйгенің түр-түрі болды: қыз жарыс, тай жарыс, дөнен жарыс, жорға жарыс. Бәйгеге еліміздің алты облысы мен жапсарлас жатқан Ресейдің Қорған облысынан келген жиыны 150-дей тұлпар қатысты. 17 шақырымдық аламан бәйгеде Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының шабандозы Сергей Гришенконың сәйгүлігі бас жүлдені — «Волга» жеңіл автомобилін жеңіп алды.

«Сәбең біздің қазақы рухымыз»

Кезінде қазақ әдебиетінің көп өкілдері европалық үлгі-үрдіске ұмтылып жатқанда, Сәбит Мұқанов ұлттық колоритімізді сақтап қалған қаламгер. Енді, міне, өзіміздің қазақи рухымызды қайта іздеп жатқан кезде Мұқанов қайтадан біздің алдымыздан шыға келеді де, кәдімгі темірқазық болып тұра қалды, — деп әңгімесін бастады Сәбиттанушы ғалым, жазушы, филология ғылымының докторы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің жауапты қызметкері Құлбек Ергөбек.

Тағы бір нәрсе айтайын. Ол дұрыс шығар, бәлкім, бұрыс шығар. Сәбит Мұқанов, меніңше, бесіктегі баладан шал-кемпірге дейін еркін оқылатын жазушы. Әрине, Сәбеңнің алдында интеллектуалды, терең философ жазушылар да бар.

Мұқанов біздің ағартушы мектебіміз. Кез келген ұрпаққа он бір жылдық орта мектеп қандай қажет болса, Сәбит Мұқанов қазақ үшін сол он бір жылдық мектеп. Аттап өтіп кетуге болмайды.

Сәбит Мұқанов бұрын да қазақ халқымен бірге болған. Қазір де қазақ халқымен бірге, ертең де бірге бола береді деген ұғымдамын.

Мен—жарты ғұмырымды Сәбит Мұқановқа арнаған адаммын. Он үш кітап шығарған екенмін. Соның алтауы Мүқанов туралы. Әуел баста Мұқановқа Алла нәсіп етіп, тағдыр айдап келді. Алматыдағы мұражайының негізін қаласқан адамның бірімін. Оны мақтан тұтамын. Және сол сәттерден бастап Сәбеңнің архивін ақтардым да, өзіне ғана қатысты емес, қазақ халқының рухани өміріне, тарихына, тұтас мәдениетіне қатысты екенін көріп, білгеннен кейін қадалып, қалмай зерттедім. Ол үшін өкінбеймін. Сәбең менің тұрақты тақырыбым.

Мен —Сәбит Мұқановтың 80 жылдығына (Ғабит Мүсірепов бастап келген), 90 жылдығына қатысқан адаммын. Енді, міне, 100 жылдығына қатысып отырмын.

Тойға адам жәй келмеуі керек. Тартумен келуі керек. Мен бір том «Сәбит Мұқанов» деген кітап жазып тапсырғанмын. Бұл — жартылай лаборатория, жартылай өнегелі өмір сериясы. Деректі, дәйекті дүниелер. Ол кітап Құдай бұйырса 15—20 күн ішінде оқырманның қолына тиеді ғой деп ойлаймын.

Айтты — айтпады. Сәбең біздің қазақы рухымыз!

«Жаны жәннәтта болғай!..»

Қызылжар өңірінде басталған Сәбеңнің мерейтойына жазушының жары, 90 жасқа іліккен Мәриям апай қатысты. Ғасырмен құрдас дейтіндей емес, еншалла, әлі тың, сөзі сергек, көңілі көтеріңкі. Қашанда қаумалаған туыстары мен халық ортасында жарқылдап жүрді. Бәлкім, адами шынайы қуаныш, бақыт дегеніміз осы болар.

Міне, туған жерге келдік. Бұл Сәбиттің де, менің де туған жерім, — дейді Мәриям апай толғанып. — Қүдайға шүкір. Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы ат басын бұрып, халық алдына шығып сөз сөйледі. Елдің рухын аспандатты. Осының бәрі мен үшін үлкен қуаныш, қарағым. Ел үшін де қуаныш! Елбасы әр жерге баруға қолы тие бермейді. Аруақты, рухты сыйлап келді. Бұған біз де үлкен алғыс, рахмет айтамыз. Әне, елдің жасы да, кәрісі де қоғадай жапырылып, тойлап жатыр… Қуаныш көп. Жүрекке сыймайды.

Сәбит жасай берсін! Бәлкім, оның рухы да келіп көріп жатқан шығар біздерді. Жаны жәннәтта болғай!

Сонымен Алматыда басталып, Қызылжар өңірінде жалғасын тапқан той аяқталды. Жазушылар мен журналистер және тойға келген меймандар тобы Қызылжарға қайтар жолда Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосына арнайы ат басын бұрды. Мұнда жазушы Иван Петрович Шуховтың музей-үйі бар. Бізді мұражайға жақындағанда қазақтың арнайы киімін киіп, атқа мінген адамдары нанмен, тұзбен қарсы алды. Ән шырқады.

Мұражайдың кіреберіс үлкен бөлмесінің сол жағында суретші Аманжоловтың «Кездесу» атты майлы бояумен салынған үлкен портреті ілінген. Онда Иван Шухов пен Сәбит Мұқановтың кездесу сәті бейнеленген.

Той бағдарламасы бойынша Мәриям апай бастаған жазушының туыстары Сәбеңнің туған жері Жаманшұбарға барып ас берді. Құран….

Міне, Қызылжар өңіріндегі той да аяқталды. Бірақ Сәбеңнің қазақ халқының жүрегіндегі рухани өмірі одан әрі жалғасуда. Менің есіме Қызылжарда өткен мүшәйрада бас бәйгені жеңіп алған Ғалым Жайлыбайдың Сәбең жөнінде толғаған өлеңінің бір шумағы оралды:

…Көктем көрген көңілдің сазын ұғар,

Ата жұртта Арыңның қазығы бар.

Сәбең деген — қазақтың кең даласы,

Өткелі бар,

Өрі бар,

Жазығы бар!..

Толымбек Әдірайым.

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».