Сәбең былай деген екен
Қазекеңнің думанды той немесе бас қосылатын басқалай да толып жататын отырыстарда бір-біріне қисынын келтіре әзіл-қалжың, уәж айтып, сол жердің сәнін келтіре білетінін бір ғанибет десе несі артық. Сондай ойға қалдыратын, тәнті ететін сөздер жерде қалған ба? Қазір солардың көпшілігі ұмытылмай, халық аузында жиі-жиі айтылып жүр.
Осындай ұтымды, өткір сөздер қалам иелері – ақын-жазушыларға алдымен қатысты. Солардың арасында алып жазушы, кең пейілді Сәбит Мұқанов та бар. Олай болса «Сәбең былай деген екен» деген қысқа ғана әңгімелерді оқығанда бір жасап қалатынымыз жасырын сыр емес.
Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқднов (1900-1973) стол басында жұмыс істеп отырған кезде де қасындағы телефонның құлағын көтеріп сөйлесе береді екен. Сөйлесіп отырып та жазуын жаза береді екен. Сәбең осылайша қауырт жұмыс істеп жатқан кезде, бірде оған әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов телефон шалады. Жазу жазып отырған Сәбең телефонды көтеріп, немқұрайды көңілмен:
– Әллеу! – дейді.
– Ассалаумағалейкум, Сәбе! – дейді Қасым.
– Уәликумсәлем! – дейді Сәбең ойын жазуынан аудармаған күйі. Одан арғы әңгіме былайша жалғасады:
– Сәбе, бұл Қасым ініңіз ғой…
– Е, дұрыс болған екен.
– Сәбе өзіңізбен бір мәселе жөнінде ақылдассам деп едім.
– Е, дұрыс болған екен.
– Өзіңіз білесіз, мен соғыста оқ тиіп, бір көзден айырылып келдім ғой.
– Е, дұрыс болған екен.
– Сол оқ тиген көзім соңғы кезде ауырып, мүлдем мазамды алып жүр…
– Е, дұрыс болған екен.
– Дәрігерлерге көрініп едім, көзіннің ауруы асқынып кеткен деді.
– Е, дұрыс болған екен.
– Операция жасап көзіңді ойып алып тастаймыз, – деді.
– Е, дұрыс болған екен.
– Сәбесі-ау, көзімді ойып алып тастаса, онын несі дұрыс деп отырсыз? – деп осы сәтте Қасым шамданғандай болып дауыс көтеріпті.
Сонда Сәбең түсінен шошып оянғандай селк етіп:
– Әй, Қасым, көзімді ойып алып тастайды дедің бе? Онда ол дұрыс болмаған екен, – депті жалма-жан ақталып.
***
Ақын Сырбай Мәуленов бірде астананың орталық моншасына барса көп адамнын ішінен Сәбит Мұқановқа көзі түсіп кетеді. «Қой, Сәбеңді жалаңаш көргенім ұят болар», – деп ойлап Сырағаң түкпірдегі бір бұрышқа барып, теріс қарап жуына бастайды. Сөйтсе Сырбайды Сәбең де байқап қалған екен:
– Әй, Сырбай, менің сенен жасыратындай ештеңем жоқ. Жасырайын десем де тыржалаңашпын. Одан да сен бері келіп, арқамды ысып бер, – деп Сырбай інісін қасына шақырып алыпты.
***
Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, көрнекті әдебиет зерттеушісі, профессор Есмағанбет Ысмайылов (1911-1966) бірде көлемді мақала жазып, ол мақаласында бір топ жазушыларды сынап кетеді. Сол сыналғандардың ішінде өзінін ұстазы Сәбит Мұқанов та бар екен. Сәбен Есмағанбеттің сынын көңіліне ауырлау алып, келесі күні оған телефон шалады. Бір-бірінің амандық – саулығын, хал-жайларын ғана сұрап, екеуі де негізгі «мәселеге» жоламай, аз-кем әңгімелесіп қалады. Сөз арасында Есмағанбет.
– Ертең Семей жаққа, Абай ауданына командировкаға жүрейін деп отырмын, – дейді.
– Абай ауданына дейсін бе?. Онда мен бір шаруа тапсырайын, соны біле келші? – дейді Сәбең.
– Пәлі, Сәбе, айтсаңыз болды ғой, қатырып орындап қайтамыз! – дейді Есмағанбет.
Сонда Сәбең:
Әй, Есмағанбет, орындасаң сол, Абайда: «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты», – деген өлен бар еді. Сол өлеңді Абай не үшін жазды екен, соны біле келші? – деп телефон трубкасын ақырын іле салыпты.
***
Сәбит Мұқанов таяғын тықылдатып, бірде Жазушылар одағына қарай аяндап келе жатса керек. Көше бұрышындағы үйді айнала берген кезде алдынан шашы желкілдеген, өзі желпілдеген бір жас жігіт ұшыраса кетіпті.
– Ассалаумағалейкум, Сәбе, – дейді жігіт жазушыға қос қолын ала ұмтылып:
Сайтандай сап ете қалған жігіттің айқайлай берген сәлемінен Сәбең селк етіп, сасып қалады.
– Уәликүмсәлем! – деп, кідіріп барып сәлемін алады.
«Бұл жігіт кім болды екен, аңқылдап тұрған баланы танымағаным ұят болды-ау», – деп іштей қысылыңқырап та қалады. «Е, дәу де болса ауылдан келген ағайындас біреу шығар» деп жорамалдайды да:
– Иә, қашан келдін, ел-жұрт аман-сау ма? – деп сұрайды.
– Сәбе, нені сүрап тұрсыз? Мен осы Алматыда тұрам ғой… дейді жігіт.
– Жо-жоқ, мына жерге қашан келдің деп сұрап тұрмын? – дейді Сәбең аяқ астындағы асфальтті тықылдатып.
– Келе жатқан бетім осы еді, Сәбе.
«Қап, бәлем, бұл басқа жігіт болды ғой», – деп Сәбең іштей тағы қылп ете қалады. «Ұялған тек тұрмастың» қамын жасап,
– Қалай, үйдегі келін аман-сау ма? – дейді.
– Сәбе, мен әлі бойдақпын, – дейді жігіт те лыпылдап.
– Жо-жоқ, сенің шешенді айтам… Ол маған келін болмағанда кім болушы еді?! Соны сұрап тұрмын, – дейді Сәбең қолма-кол сөз тауып.
– Е… ол кісі аман-сау, шапқылап жүріп жатыр…
– Шапқылап жүріп жатса – сол келінге сәлем айт! – деп Сәбең жылжып жүріп кетіпті.
***
Сәбит Мұқанов бір тойда асаба болып отырып, байқамай сыншы-ғалым Мұхаметжан Қаратаевқа екінші рет сөз беріпті.
Мұхаметжан ағамыз:
– Сәбе-ау, мен жаңа ғана сөйледім ғой, – дейді танырқап.
Сонда Сәбең түк саспастан:
– Білемін. «Енді не айтар екен», деп отырмын, – деген екен.
***
Бірде Сәбит Мұқановты Мәриям апамызбен қосып қырғыз ағайындар құрметтеп қонаққа шақырады. Қолдан-қолға тигізбей ықылас көрсетіп, тамаша қонақжайлықпен сый-сияпат көрсетеді. Осы жолы бір бас қосуда есіп әңгіме айтып отырған Сәбең сөз арасында:
– Қырғыз ағайынға қарағанда мына біздер, қазақтар ақсүйектеу ғой, – десе керек. Бұл сөзді көңіліне алып қалған қырғыздың халық ақыны Қуанышбек Мәліков табан астында:
– Сәбе, рас айтасыз, сіздердің ақсүйектеу екендеріңізге күмән жоқ себебі Кенесарынын ақсөңке боп ағарып жатқан сүйегін күнде көріп жүрміз, – депті.
Екі үлкен адамның сөзбен шарпысып қалғанына отырғандар ыңғайсызданып, жүздерін бұрады. Сонда Мәриям апамыз сөз алып:
– Өткеннің шаңын шығарып өлгеннің басын ауыртып қайтесіндер, оиан да бүгінгі күй, ертеңгі жайымызды ойлайық. Басқаны қайдам, өз басым осында келгелі Наурызбайға тартқан бауырларымды көріп, бір жасап қалдым, – деген екен.
Сонда Қуанышбай Мәліков орнынан тұрып, Мәриям апамыздың жаулығының ұшынан сүйіпті. Ал, бауырлас ағайынның көніліне келетін сөз айтып қалғанына абдырап отырған Сәбең әрі толқып, әрі жадырап, суланған көзін орамалмен сүртіп;
– Әй, осы анау тапқыр, мынау тапқыр дейді, мен үшін Мәриямнан тапқыр ешкім жок! – деген екен.
***
Жазушылар одағындағы бір бас қосуда Сәбит Мұқанов Абай шығармашылығы туралы таңдай қаға тамсанып әңгімелеп тұрса залда отырғандардың бірі.
– Сәбе, сіз баяғыда Абайлы бай баласы деп, шығармаларына қарсы болып сынаған едіңіз, -депті дауыстап. Сонда Сәбең ойланбастан:
– Түу, кейде мен де айта береді екем ғой, деп сөзін ары қарай жалғастыра беріпті.
* * *
Жазушылар Одағындағы бір жиналыста мінбеде сөз сөйлен тұрған Сәбит Мұқанов біраз ақын-жазушылардын аты-жөнін «Пәленша Түгеншеевич» деп толық айтып келе жатып Есмағанбет Ысмайыловқа келгенде әкесінің атын ұмытып қалыпты да, залға қарап:
– Есмағанбет, кешір шырағым, сенің ичің қалай еді – депті.
* * *
Бір студент Сәбит Мұқановтан:
– Сіз бір отырғанда қанша жазып тастайсыз, – деп сұрайды.
Сәбең қуақылана әзілдей сөйлеп:
– Мен өзім етті көп жейтін қазақпын. Етке тойған күндері бір баспа табақтай нәрсені емін-еркін жазып тастаймын, – деген көрінеді.
* * *
Алматының шет жағында Сәкеннін әкесі шарбақ шегелеп жатады. Жанында Сәкен тұрса керек. Бір кезде Сәбит Мұқанов келіп Сәкенге қол беріп амандасады да, Сейфоллаға қол бермейді. Сонда Сейфолла:
– Шырағым Сәбит, өзінді көрмесем де атыңа қанық едім, менің қолымды неге алмайсын? – дейді.
Осы кезде Сәкен:
– Әке-ау, көңілінізге алмай-ақ қойыңыз, біздің Сәбит бай-құлақтарға сәлем бермейді. – деп әзіл айтқан екен.
** *
Белгілі қаламгер Сәбит Мұкановка бір топ студент сауал қояды:
– Сәбе, сіз шығармаларды көп жазасыз. Ал қай кезде демаласыз?
– Мен бір кітапты бітіріп екіншісін бастағанда демалам. – деген екен сонда Сәбен.
***
Өзбек әдебиетінің алыбы Ғафур Ғүлам Сәбит Мұқановтын сөз тапқыштығын сынау үшін кейде ол кісіге тосыннан қисынсыз сұрақ қояды екен. Бірде екеуі әңгімелесіп келе жатқанда сол әдеті бойынша Ғафур әзілі жарасқан досынан:
– Сәбе, осы Аралдың суы қанша шелек болады? – деп сүрапты.
Сонда Сәбен асықпай сөйлейтін әдетімен даусын созып:
– Аралдын тура өзіндей үлкен шелек болса, бір-ақ шелек болады, -деген екен.
Жинаған
Қошан ҚАЛИЕВ.
Қалиев Қ. Сәбең былай деген екен // Солтүстік Қазақстан.-2000.-28 қаңтар.