Қазақтың сүйікті перзенті

Жарияланған Angela 22.04.2010 Естеліктер |

 

Қазақтың классик жазушысы, аса көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан  Жазушылар одағының іргетасын қалағандардың бірі және осы одақты екі мәрте басқарған, әдебиет әлемінің үздік  ұйымдастырушысы, халқымыздың сүйікті перзенті, академик Сәбит Мұқановтың туғанына үстіміздегі жылдың 22 сәуірінде 110 жыл толады. Жасынан ел аузындағы батырлар жырын, қиссадастандарды жаттап, мақамдап айтып жаттыққан, Шал ақын, Орынбай, Арыстан, Шөже, Сегіз сері, Нияз сері, Мұстафа сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал Ақан серінің өлеңдерін сүйсініп тыңдап, жадына берік қондырған жас в Сәбит көркемсөзге ана сүтінен кейінгі  екінші азығындай ынтық болып, ерте  қанықты. 14-15 жасында ол өлең-жырды суырып салуға талаптанса, терең ойлап қағазға түсіріп, өлең жазуға  да машықтанды, «ақын бала»атанды.  Сәбең әу бастан не айтса да, не туралы жазса да, өмірден өзі көрген ащы-тұщы әрекеттерді айдан анық бұлжытпай түсіруге әдеттенді. Батыл тілмен ашық айтып, әр сөзін атқан оқтай дәл тигізіп, шырылдаған шындықты аша білуге талаптанды. Міне, осы алғыр мінез, қайтпас қайсарлық жазушының негізгі ұстанымы, шығармашылық кредосына айналды. Өсіп-жетіп әйгілі жазушы атанған кезінде де, арыстаннан қаймықпас, жолбарыстан шайлықпас турашылдығы, елге аян көрнекті қоғам қайраткері етті. Елім деп еңіреп туған Махамбеттей өткір тілді айбыны, сұңғыла сөзі жазушының есімін ұлтының сүйкімдісіне айналдырды. Сол беделіне лайықты сапамен өмір сырын аша түсетін шығармаларын толықтыруға жалықпады.

  Қазақ әдебиетінің даму жолындағы алтын қазықтай ардагер майталманы Сәбит Мұқанұлы Мұқанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданына қарасты бүгінгі Сәбит ауылында 1900 жылы 22 сәуірде дүниеге келді. Сәбеңнің негізгі атажұрты әйгілі Жаманшұбар екені елге мәлім. Ауыл молдасынан ол хат тануға жетсе, 1918-1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар дайындайтын курсқа аттануға бел байлады. Қазан төңкерісі жеңіске жетіп, елде әртүрлі  құйындай құбылып жатқан саяси топтар қаулады. Жас Сәбит сол кезде Мағжан Жұмабаевпен танысып,  өлеңдерін көрсетіп, жақсы бағыт алды. Мағжанның дәрістеріне қатынаса жүріп, оның көмекшілік қызметке шақыруын құрметпен орындады. Оқуын бітіргеннен кейін ауылында оқытушылық құрды. 1921-1922 жылдары әртүрлі шаруашылық қызметтерінде болып, елдің жүдеу тұрмысына жаны аши түсті. «Жаман бергенін айтады, жақсы көргенін айтады» дегендей, көзі көрген көріністердің сұрқын бұзбай қағазға түсіріп, елге жеткізіп отырды. 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа (жұмысшылар факультеті) түсіп, оны 1929 жылы тамамдады. 1926-1928 жылдары баспасөз органдарында қызмет істеп, республикалық «Еңбекшіл қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі болды, Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторлық қызметін атқарды. 1928 жылы Ленинград университетіне оқуға түсіп, отбасы жағдайына байланысты аз ғана уақыт оқығаннан кейін Қызылжарға келіп, «Кеңес ауылы» газетінің бас редакторы және Жазушылар бөлімінің жетекшілігін атқарды. 1932 жылы Мәскеудегі қызыл профессорлар институтының әдебиет бөліміне оқуға түсіп, оны 1935жылы аяқтады.

   Оқудағы жылдары, әсіресе, Мәскеу кезеңі Сәбеңе үлкен сабақ болып, жас қаламгердің шабытының шалқуына жемісті әсерін тигізді. Горькиймең Маяковскиймен кездесті, көптеген қаламдас  достар тапты. Кейінде жазған «Өмір мектебі» атты деректі романы Горькийдің шығармаларына ұқсап, ал «Майға сәлем» атты өлеңі Маяковскийше ырғақпен ел құлағын елең еткізді. Мектепте жүргенде сахнада сол өлеңді оқығаным есімде.

  Мәскеуде институтта жүргенде жазған өлеңдері мен поэмалары ел қолына жете бастады, әсіресе, 1931 жылы жазылған «Сұлушаш» атты поэмасы шарықтап тұрды, ол француз тіліне аударылды. Сәбең осы кезде қара сөзге молынан кірісіп, «Екпінді» повесі мен «Теміртас» романы жазылып бітті, «Жұмбақ жалау» атты әйгілі романы жазыла бастады. Бұл жас қыранның шабытты шағы өріс алған кезі болатын. 1935 жылы жазушы зайыбы Мәрияммен Мәскеуден оралыл, Алматыға орнықты. Келісімен «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы қызметін атқарды. 1936-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарды. Тоталитарлық тәртіптің сталиншіл топас жендеттері Сәбитті де басшылық жұмыстан аластата бастады.

«Алашордашыл, тұраншыл, ұлтшыл ақын Мағжанға қамқорлық көрсетті, Сейфуллин бастаған ұлтшылдар тобына қосылды, буржуазиялық ымырашылдыққа бой артты…» деген сияқты айыптарды үйіп-төккендіктен саяси сенімсіздікке ұшырады. Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, үкіметті басқарған кезде Горькийдің көмегімен айдалудан оралған Мағжан Жұмабаевты Алматыға алдырып, тарихи қасиетті қайырымдылығын көрсетіп, бауыр тартқанда араларында Сәбит Мұқановтың жүргені анық еді.

  Көрнекті жазушы 1937-1941 жылдары қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында профессор болып, қазақ әдебиетінен сабақ берді. Адалдығы арқау болған Сәбит Мұқанов 1943-1951 жылдары екінші рет Қазақстан Жазушылар одағын басқарды. Дүниежүзілік Бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі ретінде және араб елдерімен қарым-қатынасты ұлғайту жолында көп еңбек етті. Сәбит Мұқановтың екінші рет одақты басқаруға келуі өзіне деген құрмет қана емес, Жазушылар одағының дәрежесін көтеруге де керек болды. Ол басқарған кезде Жазушылар одағының ең ірі қоғамдық орын екені анықталды. Сәбеңнің өзі де қайсар мінезімен зор беделге жетті.

  Сәбит Мұқанов ақындық пен қара сөз шеберлігін бірдей игеріп, аты шартарапқа айқындалып тұрса да, тек қана көркем әдебиеттегі шығармашылықпен шектеліп қалмай, қазақ әдебиетінің барлық жанрларында елеулі із қалдырды. Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялық еңбектері ел ықыласына бөленді. Қазақ әдебиетінің тарихы, мәдениетінің өрлеу барысы мен этногра-фиясын зерттеуге елеулі үлес қосты. Прозада роман және повестер, оған қоса мемуарлық әдебиетте де ізденімпаз талант екенін анық көрсете білді. Ол әдебиеттің тармақтарына ғана емес, қазақ тіліне де ерекше бай әмбебап білгір болатын. Қырды жазса қырдың тіл ерекшеліктерін, көркемдік байлығын, Сырды жазса Сырдың салт-санасы мен тіл ерекшелігін ашық таныта білді. Мысалы, «Сырдария» романынан Қызылорда айма-ғының көне-жаңасы аралас сүбелі де жүйелі сөздерін оқығанымызда қарақалпақ халқының қазаққа жақындығын таныта түсті. Сонымен Сәбең қазақ тілінің үлкен ұстасы, өте ыждағатты қорғаушысы екені анықталды.

  «Адасқандар» атты романы (1931) қазақ әдебиетіндегі романдардың алғашқыларының қатарында дүниеге келді. Кейін (1959) бұл роман «Мөлдір махаббат» болып аталып, кең жаһанды шарлап кетті. «Жұмбақ жалау» (1938) романы «Ботагөз» романы болып аталып, қазаққа роман оқуды үйреткен үлкен дүние болды. Сәбеңнің барлық еңбектерін тегіс шолу міндет емес, ал біздің мақсат – ұлы жазушының әмбебап дарқан дарын екенін халқымызға, әсіресе, кейінгі жас ұрпаққа жеткізу. Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетінің бір өзі біртұтас дүние секілді ұлы тұлғасы, міне, осы ұғымды дәлелді де дәйекті түрде жас ұрпаққа жеткізуді мен өзіме борыш көрдім. Терең білімді оқымысты, алғыр ақың ақтангер жазушы, өткір тілді, өжет туған қоғам қайраткері болғанын аша түссек, көкейкесті мақсатқа жақындай берер едік.

  Сәбеңнің азаматтық һәм шығармашылық жолын көрсету хикаятын айқындай түссек оның кішіпейіл, қарапайым елгезектігі ел ішінде сан түрлі аңыз болып кеткені ақиқат. Қазақта сөзге тоқтағыш үлкен қасиет бар. Аузы дуалы, елге қадірменді бір ақсақалға баяғыда байдың баласы әдейілеп шақыртып, өзін сынатыпты. Сонда абыз ақсақал былай депті:

Ілімің бар екен, жаным,

Білімің әлдеқандай?!

Қағуың бар екен,

Жұртқа жағуың қандай?!

 Айлаң мол екен,

Жұртқа пайдаң қандай?!

Жорғалығың бар екен,

Халыққа қорғандылығың әлдеқандай?!

Заттығың бар екен, жаным,

Халқыңа қымбаттығың әлдеқандай?!

   Сонда бала: «Ата, түсіндім, ойланатын, толғанатын жайға салдыңыз, рахмет», – депті. Осы сөз орамын Сәбеңе сәйкес әкелсек, білімді Омбыдан да, Орынбордан да (бұрынғы астанамыз), Мәскеуден де барынша алды, ал одан да зор білімді ел арасынан алды. Халықтың көне, жаңа мұрасынан асыл азаматқа керегін қабылдады да, азаматтық, ағалық, кемеңгерлік мінезімен төзімділігі мол қажыр-қайратын танытты.

  Сәбеңді бір көрген адам мәңгі есіне сақтайды, өйткені ол сенімді түрдегі жылылығымен бар сырын жайыл салатын, саған да барыңды айтқыза білетін. Жұртыңа пайдаң қандай дегенде, дәл Сәбеңдей елге пайдасын тигізген жазушы көп емес. Ол алтайлықпен де, атыраулықпен де, алатаулықпен де, есілдік, ертістікпен де ортақ тіл тауып, бар мұңмұқтажын естіп алып, көмегін көрсететің Жорғалығың бар, халыққа қорғандығың қалай дегенде, Сәбитті өз заманындағы зиялы қауым пір тұтады. Ол Орынборда оқып жүргенде сол оқуға өзінің шәкірттерін шақырды, Ғабитті де сол оқуға беттетті, Ал қызметке келіп, қолына билік тигенде жастарға қамқор бола білді, тек қана жастар емес, қазақтың барлық түкпірлерінен Сәбиттен көмек сұраған арыздар көптеп келіп жатты. Соның бірін аяқсыз қалдырмай, қолынан келген жәрдемін жасап отырған Сәбең он жылдай Қазақстан Орталық Партия Комитетінің мүшесі, Жоғарғы Кеңестің алты мәрте депутаты болып сайланғанда қажымай-талмай халық мүддесін алға тартып, үнемі елдің қорғаны бола білген. Кезінде партияның басшысы Д. А. Қонаевтың өзін де қатты сынағаны сабақ болды, министрлер де Сәбеңнен қаймығатын. Міне, халыққа қорған болу деген осы шығар. Ел перзенті атанып, халыққа ерекше сыйлы болғаны да осы қамқорлығынан туды деп білемін. Сәбеңнің қай жағынан келсең де, қасиетті ісі мол, оның арман-мүддесі ұлтына ұлағатты қызмет ету екенін Қазақ елі тұтас білетін. Қорыта айтсақ, Сәбең дарқан дарын, өз творчествосында болсын, тұрмыста болсын кабинетінде, не үйде болсын, жақсыға жаны ашитын, жамандыққа жаны қас абзал ағамыз болатын.

  Көрген-білгенді айтып отырғаным кемеңгер ағамыздың бүгінгі ұрпақ біле бермейтін асыл мінездерін, сыр-сипатын келешекке жеткізу әрі ұғымды, әрі сенімді болсын деп жатырмын. Мен ғана емес көрген адамдардың бәрінің де айтатыны Сәбеңнің бір естігенін жадынан шығармай, елге айта жүретіндігі, қиынна-қиыстырар ой толғағы мен сөзге шебер әңгімешілдігі. Ол күтпеген жерде күла шығарып, айтар сөзінің аяғын тамаша түйіндейтін.

  Жетпісінші жылдардың басында Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы кезімде Мәскеуде бір іссапарға барғанда ақжарқын асыл ағамыз Ишанбай Қарақұлов кездесе кетік «Москва» қонақүйінде едім, ол кісі де онда жайғасыпты. Бұрын бұл кісімен Шоқан Уәлихановтың үйінде талай кездесіп одан кейін бір айдай емханада бірге жатқанымыз бар, аса қатты сыйлаушы едім Ағамыз салған жерден: «Жақсы болды кешке менің бөлмеме сағат жетідеке жиналайық. Сәбең де осында, ол кісімен келістім», – деді. Мен кешке уәде беріп қойған жерім бар екенін айтып, ат басым бұра  тартып едім: «Өзің біл бірақ тура  сағат жетіде нөміріңде болғайсың» -деп нық  айтты. Мен кешкі жетіде қызмет жақтан оралып, үйге кіре бергенміз телефон қоңыраулата жөнелді. Тыңдасам, белгілі «тарғыл» даусымен « Мен Сәбитпін ғой, қарағым, осында деп естідім әлгі досым Ишанбай дәмге шақырған  екен, бірге болайық. – деп бір қамшы айта салды да, ел амандығын туыстарымды, алыстағы бауырларды асығыс сұрады да, – уақыт болып қалыпты ғой, жарайды, кеттік Ишекен – деді. Ишекеңнің бөлмесіне келсек ол үстел жайылған қонақүйдеп рестораның екі кызы бар айтқанын орындап жатыр. Сәбең кең креслода Көкшенің кербез шыңындай отыр екен Сәлем бердім, амандық жайлы сұрай бастады. «Жаңа телефонмен айтып едім ғой», – дей бергенімде Сәбең: «Қай телефонмен мен сенімен сөйлескен жоқпын. Ә-ә-ә… түсіндім, мына Ишанбай мен келгенде трубкасын қойып жатыр еді ғой, бұл менің даусымды халық әртістерінше келтіреді», – деп күлді. Мен де түсіне қалып, күліп алдым. Ол Ишекеңнің маған құрған қақпаны екен.

Мен ешқайда бармайтын болдым да, асықпай-саспай отыра бердім. Өйткені, тап осындай кездесуді арнайы заказбен де жасау оңай шаруа емес қой. Сәбең көп әңгіме айтты, бәрі қызық. Мен болсам, аса екпінділік жасамай отырсам керек, бір кезде Сәбең маған бұрылып: «Кәкімбек, қалқам, тірліктегі бір ғажап, өтіріктің үлкеніне адамдар тез сенеді, мен болып алдағаны сол ғой, көңіліңе ала көрме, біз Ишекеңнің әзілің қара нанға жаққан сары майдай көреміз, мұның әзілі де құтты, тілі де мықты келеді. Олай дейтінім, өтірігінің аяғы жақсылыққа әкелсе, ол бір әдемі айла болып қалады. Адамды бір күлдіру – үлкен өнер, Ишекең сол үлкен өнердің классигі, біз – ақын- жазушылармыз, біздің поэмалар, романдар, қарулы қалың әскер ғой, ал Ишекеңнің бір сөзі – «Ворошиловский стрелок», көздеген жеріне дәл тиеді, міне, бұл да өнердің үлкені. Әзілін көңіліне ала көрме, не туралы айтып күлдірсе де, бәрі шындыққа тіреледі. Бұл шындықты өз тәсілімен аз уақытта санаулы сөзбен жеткізеді. «Құлақтан кіріп бойды алар» деп ұлы Абай айтқандай, Ишекеңнің сөзі – жүректен шыққан уытты сөз. Қарап отыршы, жазып алып оқып отырғандай тап-таза сөйлейді, сендіреді, күлдіреді», – деп бір-екі қызық хикаяны айтып берді. Ишекеңді айтып отыр ғой, ал мен Сәбеңнің әмбебаптығына таңғалдым. Шынйы жанып, екі көзі жарқ еткен шағында бір күлдіріп тастайды екең Ал Сәбеңнің ауызекі әңгімеге жуйріктігі туралы елде кең тараған әңгімелер аз емес. Меніңше, соның барлығы да ақынжанды, адамға жақын жанды жаралған шалқар дарынның қай қырынан келсең де, Қырымға қарап самғап ұшар ақиық қыранға ұқсайды. Әңгімелерінің ішінде де жүйелі ой, сергек сезімге оралған бір әдемі мақсат жатады.

  Қазақ әдебиетінің «алыптар» тобына» Сәбең барша еңбектерімен, ғажайып тұрақтылығымен жетті. Ғабит Мүсірепов Сәбең туралы бір сөзінде: «Сирек кездесетін қалам еңбекшісі», – деген екен. Шынында да, ол өз заманындағы құбылыстарға, болмыстарға романдарымен, өлең-поэмаларымен қоян-қолтық кіріссе, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Мағжан сияқты әдебиетіміз бен мәдениетіміздің барлық салаларының дамуына атсалысқан алғы топқа аралас жақын жүрді, сол алыптар жайлы шындықтың бетін ашып, дер кезінде қалам тартты. Академик Серік Қирабаев: «Сәбит әдебиеттің жас кадрларын тәрбиелеуге, оларды әдебиет ісіне тартуға көп жәрдемдесті. Ғабит пен Ғабиденнің әдебиетке келулеріне оның ықпалы болғаны тарихтан белгілі. Әбділда, Қалмақан, Асқар, Тайыр, тағы да аға буын өкілдерінің өзі Сәбитті ұстаз тұтатын», – дейді. Міне, осының бәрі қазақтың барша әдебиетшілерінің арасында С. Мұқановтың беделді болғанын дәлелдейді. Сыншылар да Сәбеңе риза көңіл білдіреді. Әйгілі сыншымыз академик Мұхамеджан Қаратаев Сәбит туралы еңбегінде даңқты дарындылығын айта келе: «Оның адалдығы, таза ары мен әділдігі, кішіпейілділігі, халыққа қанымен де, жанымен де жақындығы жастарға үлгі», – дейді. Арқалы академик пен адуынды сыншының бұл аталы сездері Сәбиттің кім екенін аз сөзбен анық жеткізіп тұр. Шынында да, дарқан дарынның адалдығы барлық еңбектерінде, өмірдегі жүріс-тұрыс мінезінде молынан сақталып, Сәбеңнің кім екенін паш етті.

Сәбеңді тек қана қазақ әдебиетшілері сыйлаған жоқ, өзге халықтардың озық қаламгерлерінің ыстық ықыласы арқылы сол халықтардың жүрегіне де Сәбит Мұқанов есімі жылы ұялады. Орыс халқының ұлы жазушысы Михаил Шолохов, өзбектің ардақты ақыны Ғафур Ғұлам, қырғыз ақыны Аалы Тоқамбаев, түркімен Берді Кербабаев, тәжік Тұрсын-Зада, Дағыстанның ұлы ақыны Расул Гамзатов, украиндық Максим Рыльский, грузин Иракли Абашидзе сияқты кемеңгерлермен сыйлас болса, И.Шухов, Н. Анов, П.Кузнецов, М.Сидоренко, А.Брагин, Л.Собылев, Д.Снегинмен қанаттас, жақын жолдас болды. Шыңғыс Айтматовтың «Интернационалдық, достық жаршысы бола білген қазақ халқының ұлы Сәбит Мұқанов қырғыз ауылына белгілі және сүйікті еді» дегені – ұлы жазушының ұлағатты бағасы және өте орынды айтылған сөз. Әсіресе, «Сүйікті» дегені тамаша! Сәбең өз ауылдастарына қаншама ыстық керінсе, бауыр елдердің де сүйіктісі бола білді. Нүкістің қасындағы бір өткелдегі ауылдың кемпірі ескі ырыммен Сәбеңнің етегін немересінің маңдайына басқаны ол елге аңыз болып кетіпті. Тап осындай зор құрметке жетудің өзі де Сәбит Мұқановты дара туған асыл құзарттай биік тұлға етіп баяндайды. Ташкенттегі зілзаладан зардап шеккен Ғафур Ғұламның бала-шағасы Сәбеңе келіп паналауы нағыз достық емес пе?

Сәбеңнің атағы зор қаламгерлігі мен көрнекті қоғам қайраткерлігіне қоса ашық һам ақжарқын, кең құлашты бауырмал мінезі, тарихи, өмір құбылыстарын, қазақтың шежіресін жақсы білетіндігі, әңгімеге әу деп сәлем бергенде жарытып жіберетіндігі кездескен адамның бір көргеннен жүрегіне ұялап қалатын. Өз басым алғашқы рет Бурабайда демалыста жүргенімде ол кісі Мәриям жеңгеймен «Оқ-жетпес» шипажайында жатыр екен. Дайындалып барып сәлем беріп, ел жігіттерінің қатынасуымен дәдесболдық. Сонда байқағаным, атақты ағамыз бірден қайтыс болған үлкендерімізге көңіл айтып, халық ақыны Молдахмет Тырбиұлы атимаызды жақсы білетіндігін білдірді. Мен жайлы да мағұлматты аз еместігіне таң қалдым. “Cәлем беріп, жігіттерді ертіп келгеңіне рахмет. Сен, Кәкімбек, осы мені қайдан білесің, жоқ, әйтеуір Сәбит қой деп келдің бе?» – деп сұрақты тіктен қойды. Мен ол кісіге оқуға бармай тұрғанда-ақ, Ермек тәтемнің көмегімен латын әрпімен оқуды ерте үйреніп, кемпір-шалдарға, үйге келген қонақтарға әуелі «Адасқандарды», содан соң «Жұмбақ жалауды» көп оқығаннан жатқа білетінімді айтып, қара сөзін біраз тігілттім. Өлеңдеткен жерімді де ұмытпаппын. Сәбең: «Ермек тәтең қайда, ол кім?»-дегенде, ол Үкілі Ыбырайдың немересі ақын Мұса Асайыновтың апасы екенін, ерте қайтыс болып кеткенін айттым. «Е, жақсы біледі екенсің, ал мен сен жайлы осы бөле ағаң

Мұсадан естіп, көруге құмар едім», – деді. Отырыстан кейін далаға шықтық. Сәбең ере шықты, Мәриям жеңгей бөлмесіне кетті.

   Жолдасбек Жақыпбеков деген кенші досымның зайыбы Үмітжан, бірінен-бірі үлкен бес қызымен және қастарында біздің  екі бала бар, үбірлі-шебірлі бір үйді ерткендей алдымыздан шықты. «Кәкімбек, бұл балалар өз балаларың ба?» – деді. «Иә, менікі бәрі де», – дей салдым. «Ой, жарайсың, қалқам, келіңдер фотокәртіш- кеге түсейік», – деп ұсыныс енгізді де, Мәриямға рахмет айтып бетінен сүйіп, ең кіші бала Жөкеңдікі еді, соны алдына алып, ортамызда отырып фотоға түсті. Бұл тарихи фотосурет елге тарап, аңыз болып кетті. Шынында да, қырыққа жетпей жүрген біздей жастарға Сәбеңдей нар тұлғамен дәмдес болып, суретке түсу арман еді ғой. Сондықтан да балалардың бәрі менікі дей салып, тап алдағандай да болдым. «Қазағым аз халық қой, тап осылай әр отбасы көбеюі керек» дегені есімде. Қаншама әңгіме естідік, кеншілік жайлы өлеңдерімді тыңдап, ақыл-кеңесін айтты, кейіннен Қазақстан Жазушылар одағының пленумына шақыртқызып, өндірістік тақырыпта сөз сөйлетті. Онда да төбем кекке жеткендей, Сәбит Мұқановтың кім екені не көзім жете түсті.

Сәбең 70 жасқа толғанда, ел аралап, жолға шықпақтығын естіп қонаққа шақырдық.

Сәбеңді тек  қана қазақ әдебиетшілері сыйлаған жоқ,

өзге халықтардың озық қаламгерлігің ыстық ықыласы арқылы сол халықтардың жүрегіне де Сәбит Мұқанов есімі жылы ұялды.

Мен Жезқазғанда қалалық партиякомитетін басқаратыңмын Ұлытау ауданының партия басшысы Мәкен Төрегелдин ағамызбен бірігіп дайындыққа кірістік. Мәкен аға байсалды да бапты ер жігіт болатын, Ұлытаудың етегіндегі “Алтын алқа” деген ақ қайындар арасына киіз үй тігіп, той алаңын жасамақ болды, біз Мәдениет сарайында кездесу өткізіп, қалаша тойламақ болып өз сый-сияпатымызды дайындадық. Ауа райының  нашарлығынан қонақтар Торғайдан бізге келе алмады.

Сол өкінішім есте қалған ғой, 2000 жылы асыл ағамыздың 100 жылдық тойына қызу дайындалдым. Ол кезде Алматыда тұрушы едім, «Сәбит аға» деген жинағымды сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қажымұрат Нағмановтың демеушілігімен тойға тарту етіп шығардым. Тойға қыздарын ертіп Мәриям апай келді, оның өзі қандай қызық, барлық кездесулердің басы-қасында болып, Мәриямдай ел Анасының кемеңгерлігіне көзім жетті. Сәбеңнің жан серігі десе – дегендей екен, 90 жасқа келсе де, тамаша естеліктер айтып, баршамызды дән разы етті. 2010 жылғы 22 ақпанда Мәриям апай 101 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Соңғы жылдары Сәбит пен Қызылжарға байланысты өлендерім топтастырылған жинағымды «Дарқан дарын» деп атап, осы кітабымды ұлы тұлғаның 110 жылдық мерейтойына арнап дайындап жүрмін деп асыл анаға айта алмай да қалдым.

  Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, жазушы, драматург, тарихшы, ғалым, академик Сәбит Мұқанов – ресми түрде де үлкен құрметке бөленген өресі биік нар тұлға. Ленин орденімен екі рет, Еңбек Қызыл Ту орденімен екі рет, «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдармен марапатталды. Еңбектері 46 тілде жарық көрді. Жазушының туғанына 100 жыл толған мерейтойдың қарсаңында есімі Алматыдағы бір көшеге, туған ауылына, Қызылжар қаласындағы бір мектепке, облыстық қазақ сазды-драма театрына берілді. Қаламгердің қола мүсіні Алматыда өз атындағы көшеде орнатылды. Қызылжардағы облыстық кітапхана көптен бері Сәбит Мұқановтың атымен аталады. Жетпіс жасқа келген тойында осы кітапхананың алдында орнатылған ескерткіш бар. Сәбит Мұқановтың 100 жылдық тойы Халықаралық дәрежеде, ЮНЕСКО-ның тарапында өткізілді. Солтүстік Қазақстандағы туған ауылында өткен тойға Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, тойды өте келісті баяндамамен, Сәбеңе деген зор құрметпен ашып бергені де салтанаттың самғауын биіктете түсті. Көптеген шетелдердің және Қазақстанның барлық аймақтарының өкілдері мен өнерпаздары, балуандары, жүйрік мінген шабандоздары қатынасты. Бұл той қазақтың ұлыларын сыйлап өткізетін ұлағатты тойлардың көріктісі де көрнектісі болғанын келген меймандар бірауыздан айтып кетті.

Сәбит ағаның туғанына 110 жыл толуына байланысты мерекелі межеге жеттік. Тәуелсіз Қазақстан әлемдік экономикалық дағдарыста өз күшінің молдығын көрсетіп, даму қарқынын өрістетіп келеді. Солтүстік  Қазақстан облысы да соңғы екі жылда жедел дамудың қарқынды үлгісін көрсетті. Кеше ғана Президентіміз Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын бекітті, ол тарихи құжат Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымызға арналған үстіміздегі жылғы Жолдауынан туындаса, оған деген зор ықыласын білдіріп, бүкіл еліміз қолдап отыр.

Сондықтан да Қазақстан халқына Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай: «Таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестірілген даму жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз ететін болады». Ендеше құнар алған туған ел деген терең тамыры – тәуелсіз Қазақстан осылай әлемдік өркениет жолында Құлагердей құйғыта өрге басса, Сәбит Мұқановтың да 110 жылдық мерейтойы сәтті өтер деп сенеміз. Сәбит ағаның өмірі – ауыр жүкті арқалап өссе де, ақжарқын, батыр мінезді дарқан өмір, елінің алдында ары таза абзал өмір. Таудай тұлғалы, дариядай кең ағынды, Сарыарқадай самалға бай шалқар, қазақтың аспанындай ашық өмір екеніне көзім жетті. Ол дарқан табысын қазағына беріп кетті, сол ерен еңбегімен болашаққа жол тартты.

Кәкімбек Салықов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының құрмет азаматы.


Солтүстік Қазақстан.- 2010 жыл.- 22 сәуір.- 5 бет.

Қол ұстасқан қос алып

Жарияланған Angela 22.04.2010 Естеліктер |

Еліміздің аса көрнекті тұлғалары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің екі алыбының жерлестік, жолдастық, туыстық, шығармашылық қарым-қатынастары ғибратқа толы. Екеуі бір өңірде туып-өскен, олардың өмірі де жас кезінен сабақтас басталған. Үнемі кедейшілікте, жоқшылықта өмір сүрген Сәбиттің әке-шешесі есейіп азамат боп келе жатқан Махмудтың балаларының жолын берсін деп жаңа туған ұлының кіндігін Ғабиттің шешесі Динаға кестіріпті. Бұл өскелең тұқым деп «менен бұрын ұлы болмаған әке-шешем маған осы Махмудтың Сәбитінің атын қойыпты» деп жазды Сәбең.

Екі отбасының қарым-қатынасы, жас Сәбит пен Ғабиттің жолдастығы жайлы көп деректер Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде», «Ғабит Мүсірепов туралы» мақаласында, Ғабит Мүсіреповтің «Автобиографиялық әңгімесі» мен Сә-бит туралы әр кезде жазған мақалаларында ке-ңінен айтылғак Сәбеңнің «Өмір мектебінен» біз Сәбит пен Ғабиттің алғашқы кездесулерін, Ғабиттің Сәбитке «достебрен» жазып беру оқиғаларың, Сәбиттің Мәриямға үйлену кезінде болыстық милиция бастығы Ғабитті алға ұстап барғаны сияқты қызықты мәліметтерді оқимыз. Сәбит еңбектеріндегі Ғабиттің ата-тегі жайлы деректер жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мол мағлумат береді. Сонымен бірге онда екеуі туған өлкенің тарихы, ата-қонысы, белгілі адамдары жайлы да мәліметтер жеткілікті.

Бұрын ауыл ішінде әр түрлі әлеуметтік ортада кездесіп жүрген Сәбит пен Ғабиттің өмірлік қарым-қатынастары өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап тығыз байланыста өрбиді. 1922 жылы Орынбор рабфагына оқуға түскен Сәбит бір жылдан кейін елге демалысқа барып, Ғабитті оқуға ертіп келеді. Екеуі Совнарком төрағасы Сәкен Сейфуллиннің пәтерінің бір бөлмесінде тұрады. «Мұнда екі кереует сыймағандықтан, бір темір кереуетте құшақтасып жататын едік», – деп жазды Сәбит «Өмір мектебінде». Ғабиттің әдебиетке құмарлығы осы кезде «өлең жазғыш» Сәбиттің ықпалымен оянады. Бұл орайдағы Сәбиттің көмегін Ғабит «Автобиографиялық әңгімесінде» былай деп әңгімелейді: «Сәбит көбінесе өлең жазды, мен сабақ әзірлеймін Оның газет-журналдарға басылып тұратын өлеңдері екеумізді еркін асырауға жетеді. Менің кітапқа құмарлығымды, азды-кепті сынай алатынымды аңғарып, Сәбит маған «Жазуға кіріс», деп мазалап жүрді. Газет баспаларынан қаулы-қарарлар әкеп аудартып жүрді… Рабфакты бітірер кезде жазу талабы менде де ояна бастады. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым (кейін ол «Тулаған толқында» деген повеске айналып, менің бірінші басылып шыққан еңбегім болды)».

Орынбор рабфагын бітіргеннен қейін Ғабит Омбыдағы ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түседі. Ал Сәбит 1926 жылдың ортасынан 1928 жылдың ортасына дейін Қазақстан мемлекеттік баспасының (Казгосиздат) бас редакторы болып қызмет атқарды. Екеуі хат жазысып тұрады. 1927 жылдың басында Ғабит «Әмірхан бидайығы» («Американский пырей») деген кітапша жазып, Қазақстан мемлекеттік баспасына жібереді. Сәбит оны бастырып шығарады. Студент Ғабит өзінің Сәбитке жазған хатында «Осы кітапшаның ақшасы семьямызға жарты қыс азық болды» деп жазады. Ғабиттің «Тулаған толқында» атты тұңғыш повесін де Сәбит өзі басқарып отырған баспада бастырады. Бұған қуанған Ғабит Сәбитке 1928 жылғы 18 сәуірде жазған хатында: «Қысқасы, кітапшаның басылғаны үлкен қуаныш. Түзегеніңе алғыс» деп жазды.

 

Сөбит 1928 жылдың жаз ортасында мемлекеттік баспаның бас редакторлығынан босатылып, Ленинград мемлекеттік университетіне оқуға баруға жиналып жүргенінде бас редакторлық қызметке Ғабитті ұсынады. Бұл туралы Сәбит «Өмір мектебінде» былай дейді: «Көркем әдебиетке бейімділігі болғандықтан және идеологиялық беті дұрыс дел ойлағандықтан, менің ұсынысыммен Қазақстан өлкелік партия комитеті (Казкрайком) Ғабитті Қызылордаға шақырып алды да, Қазақстан мемлекеттік баспасына бас редактор ғып қойды. Мен Ленинградқа оқуға жүріп кеттім».

Сәбең Ғабиттің жазушылық шеберлігін жоғары бағалаған. Бұған оның мына сөздері дәлел: «Ғабиттің жазушылығының, тұтас алғанда, өзіне тән бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші – бойына сіңбеген тақырыбына жармаспайды; екінші – бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды, сондықтан шығармаларының шикісі аз болады; үшінші – жазатын тақырыбына күй таңдайды, күйі жетпесе, игерген тақырыбын да жаза қоймайды; төртінші – шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-қадірі жеткенше олпысолпысыз шығарады; бесінші – тілге үнемшіл сипаттап, суреттеп отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды; алтыншы – жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады; жетінші – адам портретін жасауға қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі».

Ал Ғабит Мүсірепов Сәбит туралы арнайы үш мақала жазған. Олар 1946 жылы Сәбиттің шығармашылық қызметіне 25 жыл толуы тұсында және 50, 60 жылдық мерейтойлары кезінде жазылған. Бұларда Ғабит, негізінен, жазушының қазақ әдебиеті тарихындағы орны мен жеке еңбектері жөнінде ой бөліседі. XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің төңкерісшілдік рухының әсерімен даму жағдайларын, осы жолдағы Сәбиттің аса мол еңбегін атай отырып, Ғабит: «Сәбит – 25 жасқа толған Советтік Қазақ республикасының да, 25 жасқа толған қазақ совет әдебиетінің де түйедей құрдасы. Сондықтан Сәбиттің 25 жылдық тойы – қазақ совет әдебиетінің де тойы. Өйткені, сол өскен әдебиетімізде Сәбит, жоғарыда айтқандай, әр саламен келетін мол еңбегімен, өзіне лайық үлкен жазушының, бастаушы жазушының орнын алады» деп жазды.

Автор Сәбиттің шығармашылық жолын түгелдей қазақ халқына келген бостандық идеалымен байланыстырады, оның күрес-керлігіне айрықша тоқтайды. «Ол бостандықты үйде жатып күтпей, өзі іздеп барып қарсы алды», – дейді. Сәбиттің әдебиеттік мұрасының молдығын Ғабит сол кезде-ақ атап айтқан: «Егер Сәбиттің қаламынан шыққан бар еңбегін жинап бастырсақ, көлемі 15 баспа табақтан 30 баспа табаққа дейін болатын 25 том болар еді… Жылына үлкен бір том кітап жазып отырған Сәбит – қазақ совет көркем сөзіне кеп еңбек сіңірген адам». Осы сөзін Ғабең Сәбит қайтыс болғанда да қайталап айтты: «Бір өзі бір библиотека кітап жазып, бір өзі бір елдің басынан кешкен бар дәуірін қамтуға құлаш ұрған, әр дәуірдегі елдік, ерлік тіршілігін, ой-өрісін, сезім тереңдігін көрсете алған, теңде-сері сирек кездесетін қалам еңбекшісі, көпұлтты совет әдебиетінің алдыңғы қатардағы көрнекті жазушыларының бірі» («Кәдімгі Сәбит Мұқанов» жинағы, 379-бет).

Облысымыздың Жамбыл ауданындағы олар туып-өскен Сәбит ауылы мен Жаңажол ауылы қатар орналасқан. Сол екі ауылда олардың мұражайлары бар. Алматы қаласында бұрын өздері тұрған үйлер де әдеби-мемориалдық мұражайға айналған. Бұл екі мұражай да бір-біріне жақын орналасқан.

 

Облысымыздағы бұрынғы Целинный ауданы 2002 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы аудан болып аталады. Енді биыл Сәбит Мұқановтың 110 жылдығына орай оның балалық шағы еткен Тимирязев ауданы Сәбит Мұқанов ауданы болып қайта аталса жөн. Сонда қатар тұрған екі аудан атаулары да туған өңірімізден қатарласа шыққан қос әдебиет классигіне жасалған зор құрмет болар еді.

Жазушылық өмірде де, былайғы тұрмыста да бірін-бірі бағалай білген екі алыптың шығармашылық байланысы кейінгі ұрпаққа тамаша ғибрат, үлгі-өнеге бола беретіні сөзсіз.

Қайролла Мұқанов, өлкетанушы.


Солтүстік Казақстан.- 2010 жыл.- 22 сәуір.- 6 бет.

 

Жаманшұбардан басталған жол

Жарияланған Angela 22.04.2010 Естеліктер |

  «Жан сырым, халқым, маған сенсең егер,
Борышым шашымнан көп саған берер! «.

Сәбит МҰҚАНОВ.

  Атақты жерлесіміз Сәбит Мұқановтың туғанына да 110 жыл толды. Неткен ұшқыр уақыт! Кеше ғана балалықтың бал дәуренінде алаңсыз, ата-анамыздың аялы алақанында ғұмыр кештік. Енді, міне, қарал отырсам, адамға тиесілі ғүмырдың жартысынан көбін артта қалдырыплыз. Өткен өмір – ұшқан құс! Есімде балалық шақ. Қолымда Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» кітабы. Ол кезде ата-анам егде адамдар, сондықтан олар менің қандай кітап оқып отырғаныма көңіл аудармайды. Көңіл аударатын бір адам менен үш жас үлкен ағам, сондықтан бұл кітапты тығылып оқитынмын. Қызық Сәбит ағамыздың шығармашылығына деген қызығушылығым сол балалық кезден басталған еді. Жазушы туған Жаманшұбар, мен онда болмасам да, маған өте ыстық көрінетін. Себебі, ол туралы мен жасымнан көп естідім. Жазушы туған жері туралы: «Біздің елден артық ел бар ма? Жаманшұбардан артық жер бар ма?» – деп қайда жүрсе де, кіндік қаны тамған жерін ұмытпаған.
Жаманшұбар – оның туған жері. Ата-бабасының қорымы жатқан қасиетті мекен Жаманшұбардың тыңы жыртыла бастағанда Сәбең зираттар жыртылып кетпес үшін тракторлармен қорымды айнала орлатыпты. Оның үстіне жоғалмас үшін топырақтан оба үйгізіпті. «Сәбең үшін бұл жаман шұбар емес, жақсы шұбар» деп жазады Сырбай Мәуленов. Оқушыларыма адамның отаншылдық қасиеті туралы айтқанда міндетті түрде Сәбит атамыздың «Жаманшұбарын» қалай қадірлегені туралы айтамык Бұл оқушыларыма ой салады. Мені бала жасымнан оның өмір жолы қызықтырды. Сондықтан болар, оның «Ботагөзін», «Өмір мектебін», «Аққан жұлдызын», «Мөлдір махаббатын» сүйіп оқығаным. Мүмкін, бұл қызығушылық бала кезімде айтқан анамның әңгімесінен де болар. Марқұм анам Сәбит пен Мәриямды жасында көрген екен және екеуі қосылып, Алматыға аттанғалы тұрғанда кездескенін айтып еді. Бұл әңгіме де маған өз әсерін тигізген сияқты.
Өзім оның «Қиссашы бала» атанған балалық шағынан мол ғибрат алдым. Жетім баланың қиындыққа мойымай білім-ғылымға ұмтылуы мені өте таңдандырды. Өлең-жырды жаттап, оны шаршы топқа мәнерлеп, түсінікті етіп жеткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Сондай өнерді игерген, халық көңілінің кілтін таба білгөн ғұлама – Сәбит Мұқанов. Және бұл жағдай тойып секірген қазіргі заманда емес, тауқыметі мол ашжалаңаш өткен заманда көрініс алды. ¬Өзім жұмыс істейтін орыс мектебінде қазақ әдебиеті, қазақ тілі сабақтарында оқушыларыма «Қиссашы бала» жайлы айтуды әсте ұмытпаймын, ол туралы айту арқылы шәкірттерімді еңбекқорлыққа, білмекке құмарлыққа тәрбиелеймін. Жазушының тамаша бір қасиетін алдымдағы оқушыларыма үлгі етемін.

Осы әңгімені айтқанда өзге ұлттың өкілдері де қызыға тыңдайды. Бұл да болса, қазақ елі азаматын тәрбиелеуге қосқан үлесім деп білемін.
Сәбең жырлаған, жазған кейіпкерлер сан қырлы. Өлеңмен жазылған трагедиялық роман «Сұлушаштағы» Алтай мен Сұлушаштың арасындағы сүйіспеншілігі, бір-біріне деген ыстық ықыласы, екі жастың қайғылы тағдыры ерекше көркем жырланған. «Балуан ІІІолақ» повесінде қазақ балуанының асқан қара күші, мейірбандығы мен зор адамгершілігі, ел билеген озбырлардың жауыздығы тамаша суреттелген.
Сондықтан оның шығармаларын оқи бергің келеді. Ал оқушыларым осы повестің үзіндісін өткенде бас кейіпкер Балуан Шолаққа өте риза болды. Оның «сегіз қырлы, бір сырлы» екендігіне көңілдері толды. Өздері де бір сәт «Балуан Шолақтай» болсақ қой деп пікірлерін айтты.
Жазушының «Өмір мектебі» еңбегін оқығанда Сәбең әлемінде жүргендей күй кештім. Еңбек маған түрлі ой салды, толғандырды, жақсылыққа жетеледі. СәбитМұқанов менің туған ауылыма-Балуанға жиі соғатын. 1962 жылы келгенде бұрынғыдай мектеп директоры Сейтен Сауытбековтың үйіне түсті. Бұл жолы көп бөгелген жоқ, кетерінде менің үлкен ағам Жарасбайдың жолдасы Қалдықты Алматыға ала кетті. Қалдық Сыздық пен Жанақыш деген қариялардың қолында тәрбиеленіп отырған жетім бала еді. «Өмірден қыршын кеткен Хамиттің баласы осында шал-кемпірдің қолында тұрады» деген сөздерді естуі мұң екен, Сәбең Қалдықты жедел алдыртып: «Сенің әкеңді жақсы білуші едім, жергілікті ревкомның бастығы болған, Алматыға алып кетемін, сонда оқы, адам боласың», – дейді. Айтқандай, Қалдық адам болды, екі бірдей жоғары білім алды, көп жыл Қазақ циркін басқарды. Қазір де Алматыда тұрады, жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.
Сәбит ағамыз өмірінен алынған осы жағдай оның мейірімі мол үлкен жүректі адам болғанын көрсетеді. Осыны естіген оқушыларым оның кісілігін өнеге етеді. Мүмкін, келешекте Сәбит Мұқанов шығармаларын тыңдап өскен оқушыларым ол сияқты адами қасиеттерді бойларына сіңірген тамаша тұлға болып қалыптасар. Өзім әдебиет сабақтарында, сыныптан тыс шараларда оқушыларыма Сәбит Мұқановтың ерен еңбегін мемлекетіміз жоғары бағалағандығын айтамын Оның айғағы – қос Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендері, «Құрмет белгісі» ордені және бірнеше мөрте халық қалаулысы болғандығы. Ол жас ұрпаққа, халқына мол әдеби, рухани мұра қалдырды, сонымен бірге ол 500-ден астам мақалалардың, монографиялардың авторы болды. Әйгілі жазушыны жерлестері де ұмытпайды. Петропавл қаласындағы жазушы атындағы қазақ сазды-драма театры, облыстық кітапхана, оның алдындағы мүсін осының айғағы. Ол кезінде «Петропавл қаласының құрметті азаматы» атағын да алған. Жыл сайын Петропавл қаласында оқу орындарында, кітапханаларда оның атындағы оқулар өтеді. Өзім жұмыс істеп отырған мектеп оқушылары қала жақын болғандықтан, облыс орталығына жиі барып, атақты жерлесіміздің атымен байланысты жерлерде болып, жазушы туралы білетіндерін толықтырып қайтады.
Жазушының дүниеден озғанына 30 жылдан артық уақыт өтсе де, халықтың оның шығармашылығына деген сүйіспеншілігі азаяр емес.

Зейнеп Тәнібаева,
Озерный орта мектебінің мұғалімі.


Солтүстік Қазақстан.- 2010 жыл. – 22 сәуір.- 6 бет.

Ағайынға ардақты, халқына қалаулы нағашым тау тұлғалы адам еді

Жарияланған Angela 22.04.2010 Естеліктер |

Ел тарихында ұлы тұлға дәрежесіне жеткен адам – барша отандастарының, соның ішінде жерлестерінің зор мақтанышы. Ал осындай адам жақының болса, төбең көкке жеткендей мерей емес пе?! Осы ретте туғанына 110 жыл толып отырған Сәбит Мұқанов менің нағашым екенін қалайша мақтан тұтпаймын?!

Оның нағашылық, менің жиеншарлық жолым былай: әкем Әшкар Сауытов – Сәбит Мұқановтың туған жиені. Ұлы жазушының «Өмір мектебі» трилогиясының екінші томындағы «Сорлы Сауыт» тарауында Омбыдан қайтар сапарында-нағашым 1917-18 жылдар аралығында – жолшыбай қазіргі Есіл ауданындағы Талапкер ауылындағы апа-жездесінікінде бір жұмадай болғанын жазғак. Бұлардың да тұрмысы көтерем қойдың күйіндей екенін көргесін өз ауылына бет алады.
Бұл жайында оқырмандар біледі деген ойдамын. Сондықтан өзім ес білген кезде нағашыммен кездескен жайларды, көріл-білген оқиғаларды баяндағым келеді. Қызылжарға келген сайын, яки өз ауылына өтіп бара жатып, нағашымның біздің уйге соқпай кетуі сирек оқиға болатын. Өйткені, біздің үйде апасы Дәмештің кезіндей туған жиені – менің әкем және әжеміз отыр. Әжеміз «Жалғыз бауырым келеді!» деп сыбағасын сақтап, айналып-толғанады. Менің шешемнің есімі де Мәриям. Нағашы апаймен адас. Әкем мен Сәбең нағашылы-жиенді әрі құрдас болғасын қалжыңдасады, бәрі жарасымды.
Нағашымның келгені – біздің ауылда үнемі той. Нағашым жалғыз келмейді, облыс, аудан басшылары да біздің үйге ат басын тірейді. Жазушы, тілшілер де еріп жүреді. Сондайда нағашым шешеміз баптаған сары қымызды құшырлана сіміріп, кішкене қырылы бар даусымен әндетіп, домбыра шертеді. Неше түрлі әңгімелерге қанықтырады.
Мына бір қызық әңгімесі есімде. 1951-52 жылдар шамасында ғой деймін, нағашым Кеңес Одағы делегациясын басқарыл Индонезияға барады. Сол себепті арнау сөз айтуға тиіс болады. Сол кезде оған: «Сіздің еліңізде ислам дініне қысым жасалатыны рас па?» деген сұрақ қойылады.

– Ондай әңгіме негізсіз, – деп жауап береді Сәбең. – Бізде дінге тыйым салынбайды!
– Ендеше бүгін жұма намазына барасыз ба мешігке? – дейді олар.
Сәбең тапқыр ғой, амалын тауып, құтылып кетеді.
Нағашым өте бауырмал болды. Бірде ел аралап, кәріқұлақ ақсақалдармен жүздесіп, біраз деректер жинап алу ойымен келгенде оны аудандық атқару комитетінің төрағасы Шәмшит Қабдунасов қонақ қылды. Бізді де ерте барды. Топ жарған тулғасына, ел-жұрттың оған деген ілтипатына айрықша масаттанып отырдым сонда.
Оның кішіпейілділігі, бала-шаға демей жақын тартатын бауырмалдығы ерекше еді ғой. Ол сонысымен бар қазақтың жүрегіне жол таба білді деп ойлаймын бүгінде.
1960 жылдың жазында нағашымның алпысқа толған тойын Ленин -Приишим аудандары бірігіп «Амангелді» кеңшарында өткізді. Той иелері жазушыға сәйгүлік мінгізді. Сәбең ақ көңілімен ризашылық білдіріп, алғысын арнап, сәйгүліктің тізгінін менің інім Еркінге ұстатты да, жұртшылықтың көзінше бұл жайлы:
– Бұл тартуларыңызды жиеншарым Еркінге байлаймын, -деді.
Сол той-думан кешке біздің үйде жалғасты. Нағашыма еріп жүрген жазушы, тілші, өнер адамдары бар, бәрі ауылды думанға бөледі. Сол жолы мен Шолпан Жандарбекованы, Нүкетай Мышбаеваны көріп, тілдестім.
Ертеңіне қонақтар атақты Алуа көліне барып, демалды. Ал мен онда ауылда кітапханашы едім. Нағашым маған Алматыға оқуға түсуге ақыл-кеңес берді.
Тойдың жалғасы Алматыда өтті. Оған арнайы шақыртумен әкем екеуміз де бардық. Онда 19 жасар кезім. Сапар үстінде тұңғыш рет оңтүстік өңірлерді көрдім. Алматыға жеткенде ол бізді өзі қарсы алды.
Абай атындағы опера және балет театрында салтанатты жиын өтті. Төралқада республиканың бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаев, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов отырды.Тарту-таралғыда қисап жоқ. Әсіресе, қырғыз бауырлар асып түсті. Бұл республиканың Жазушылар одағы қара-көк арғымақ сыйлады. Оны қырғыздың бір жас жазушысы жолшыбай күтіп-баптап Алатыға поезбен жеткізіпті.

Қазақтың әйгіга бишісі Шара Жиенқұлова Сәбеңе тұмак кигізді, атақты сахна шебері Бикен Римова Мәриям жеңгеме кестелі, әшекейлі кимешек жапты.
Мына бір қызык, оқиғаны да айтпай кете алмаймын Келесі куні таңертең балконға шықсам, үй сыртында салт атпен келген бір кісі атынан түсіп жатыр екен. Аты да ақ боз, ақ сақалды адам арқасына домбырасын іліп алыпты. Кейін білсем, ол атақты әнші-сазгер Кенен Әзірбаев екен ғой. Ол кісі де нағашыма ақ тілегін арнауға келіпті. Асқа дейін әндерін шырқады-ай келіп. Ауыздан-ауызға тарап кеткен «Базар-Назар» әнін сол жерде тұңғыш рет естідім. Осы жайында 1985 жылы Қостанайдың «Сосновый бор» шипажайында болғанда Кенен атаның қызы Төрткенмен танысқан кезімде айтып беріп едім.
Қайсыбірін айтарсың, Алматыда өткен сол салтанат нағашымның ғана абыройы емес, бүкіл қазақ қауымы мен мәдениетінің тойындай болды. Сәбеңе айрықша сыйсияпат көрсетілді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов өзі басқарып тұрған ұжымшарға нағашымды отбасымен және тойға келген қонақтарды шақырды. Осының бәрі бүгін жазып қойған хаттай болып санамда сайрап тұр.
… Аттанарда нағашым әкеме қасқыр ішік жауып қайтарды.
1972 жылы әкем нашарлап, қазан айында дүниеден озды. Нағашымнан хат және ақша келді. Хатында: «Әшкардың дәулеті жетпейді деп жіберген жоқпын. Бата деген ырым ғой. Топырақ сала алмағаныма өкінемін. Бірге туған апамнан қалған көз еді.
Науқасыма байланысты самолетке отыруға дәрігер рұқсат етпеді. Ал поезбен кеші-гетін болдым. Әкелеріңнің бақ-абыройын сендерге берсін!» деген тілегін айтыпты.
Нағашымның ақ тілегі жар болып, бүгінде інім Еркін Әшкарұлы Сауытов қарашаңыраққа ие болып, Есіл ауданындағы Талапкер ауылында тұрады. Бұйыртса, осы жылдың соңғы айында зейнетке шығады. Ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға қондырып, зайыбы Жұпар екеуі немере-жиен сүйіп отыр. Өзім болсам, Атығай, оның ішінде Андағұлдан екі әкенің қызы болдым. Өз әкем соғыста хабарсыз кетті. Екінші әкем Әшкар өзінен тумасам да, алты жасымнан тәрбиеледі, жалғыз ұлынан кем қылмай өсірді. Ұлы жазушының жиені болғандықтан шығар, данышпан кісі еді.

Ұлы жазушымыз Сәбит Мұқановтың тұлғасы, әрбір кемел қасиеті менің санама берік орнығып қалды. Бұл сезім өле-өлгенше бойымнан кетпейді. Сондай-ақ Сәбең жазған шығармалардың кейіпкерлері – Сұлушаш, Алтай, Асқар, Амантай, Ботагөз, Бәтес… ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұлы қаламгердің ғүмырын мәңгілік өшірмейді.

Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы.
Айман Райысова.


Солтүстік Қазақстан.- 2010 жыл.- 22 сәуір.-  7 бет.

Сәбеңнің сағындырып жеткен хаты

Жарияланған Angela 22.04.2010 Естеліктер |

  Мектеп қабырғасында жүргенде Сәбеңнің еңбегін үзбей құмарлықпен, құштарлықпен іздене оқыдым. Мектеп кітапханасында жерлес жазушы, ақын ағамыз Ғалым Малдыбаев істеді.

  Бала болсам да, Ғалым ағай мен Сәбит ағайдың шығармашылық байланыста болғанын талай көрдім. Тағы бір айтайын дегенім: Ғалым ағамыздың отбасындағы қиыншылықты Сәбең сезген ғой, Ленин ауылында (қазір Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылы – Қ. М.) төрт бөлмелі зәулім қарағай үйді салдыртып берді. Міне, бұл да болса Сәбит ағайдың жанашырлығы, қамқорлығы.

18 жыл бойы Қызылжар қаласындағы жалғыз институттың (қазіргі университеттің) ректоры болып қызмет еткец экономика ғылымының кандидаты Қанаш Шәкеновке де Сәбеңнің шапағаты тигенін білемін.  Қанаш Шәкеновтің көзінің тірісінде – 1990 жылы «Жалын» баспасынан «Тыңдағы ауыл» атты кітабы жарық көрді. Бұл туынды академик-жазушының редакторлығынан өткен болатын.  Сәбеңнің аталмыш шығарма туралы жазған хатын кейбір жерлерін қысқарта отырып, оқырман назарына сол қалпында ұсынайын. Ал 2004 жылы «Қаламгер, қайраткер және ғалым Қанаш Шәкенов» (өмірбаяны, әңгімелері, күнделік жазбалары, естеліктері) атты туынды жарық көрді. Тұсаукесері болған жоқ, бірақ 150 данамен тегін таратылды. Осы еңбектің жазылуына автор ретінде менің де еңбегім аз емес-ті.

  Сонымен Қанекеңе жазған Сәбеңнің хатына назар аударыңыздар.

  «Құрметті Қанаш! Сен «Күрт өсу» есімді қолжазбаңды маған өткен 1962 жылдың июль айының аяғында «оқып беріңіз» деп бердің. Оғаң міне, дәл бір жыл. Сонша көп уақыт өтінішіңді орындай алмай кеп, енді ғана орындап отыруыма жолдастық көңілден қатты қысылдым да. Бірақ «Ештен кеш жақсы» дегендей, ақыры бір орындаған соң көңілім қанағат та табады. Және бір жұбанышым: менің мемлекеттік, партиялық, қоғамдық, жазушылық істерімнің көп екені өзіңе аян, сондықтан жауабымның кешігуіне кешірім етерсің деп сенем.

  Қолжазбаны қараудың әр түрі болады: үстірт көз жүгіртіп шығу бар да, қарындашты қолға ала отыра, қадағалап оқу бар. Соңғы турде оқығанымды қолжазбаңның беті сайын жугірген қызыл қарындаштың сызығынан көрерсің. Мейлінше қадағалай оқығанда келген ойларымды барынша ашық түрде жазуға тырысам. Егер артық-кемді  пікірлерім болса, адал көңілден шыққан сөздерге жоруыңа сенем. Ұнаған жақтары:

  Бірінші ұнағаны – тілі. Ауылдық мектепте 50 жылдан астам мұға-лім болған жоқ. Шәкен марқұмнан алған тәрбиең болар – өзіңнің қазақ әдебиетін көп қарап жүруіңнен болар – асырмай-жасырмай турасын айтқанда, бұл қолжазбадан қазақтың әдебиеттік және халықтық тілін өте жақсы білетіндігің және ол тілді жазушы адамша пайдалана алатындығың көрінеді. Тіл жағынан бұл шығарма осы күйінде де баспаға бара беруге болатын сияқты.

Екінші ұнағаны – колхоз шаруашылығын өте жақсы білетіндігің. Осы тақырыпқа жазылған шығарма болғандықтан, көркем әдебиетке қажетті элементтерді жапжақсы теріп алғансың. Оның үстіне қазіргі ауыл шаруашылығы техникасынан да біраз хабарың барға ұқсайды.

  Үшінші ұнағаны – шығармада сипатталған адамдарыңның ішінде Сәдуақас, Шалқарбай сияқты әдебиеттік тип дәрежесіне жеткендер бар. Өз алған мөлшеріңде шығарманың сюжеттік, композициялық жақтары да тәп-тәуір шыққан.

  1. Алдымен маған шығармаңның аты ұнамайды. Сен оны «Күрт өсу»деп атағансың. Бұл қолжазбада күрт өсу жоқ. Олай өсуге жағымды геройларыңда (өзіңде де) талап болғанмең табыс аз.

  2. Көркем шығарманың міндеті-шаруашылықтың хал-жайын (өсуін я өшуін) сипаттау емес, белгілі бір шаруашылықта қызмет істеп журген адамдардың қоғамдық я жеке қарым-қатынастарын, осы қарым-қатынастардан туған бірлік я алалықтарын қызғылықты түрде көрсетіп беру.

  Шығарманың басты екі геройы Тұяқбай мен Дәурен қарама-қарсы геройлар дәрежесіне іспен жете алмаған соң былайғы геройлар да әдебиеттік образдар дәрежесіне көтеріліп тұрған жоқ.

  3.Осылай болуға бір себеп шығарманың құрылыстық өміріміздің қай уақытына арналғандығы  анықталмауы сияқты. Қолжазбаның бас жағында Дәурен целиншік-тердің біреуі сияқты. Ол осы істі басқаруға жұмсалған «отыз мыңдықтың біреуі». Партиялық және мемлекеттік мәні зор бұл шараның 1954 жылдан басталуы есімізде. Ендеше жазбада осы зор шараның «Абай» колхозында да қалай жүруі (ауырлық, жеңілдік жақтары) қалың сөз болуы қажет қой.

  4. Қолжазбада екі жерінде партиялық жиналыс баяндалғанмен,  бітірген істері ұсақ.

  5. Махаббат драмасы аталмау керек те, аталса шегіне жету керек. Дәурен алғаш Фариданы сүйген сияқты. Бұл мәселе аталады да, аяқсыз қалып қояды, сонда Фариданың Дәуренге тағар кінәсі – «міне, білмей аттан жығылыпсың» деу. Сондай да кінә бола маекен?

  Құрметті Қанаш! Адал ойдан шыққан сөздерді жазуымды хаттың басында ескерттім. Бұл сөздердің пайдасы болса, достық ниетімнің орындалуына санаймын. Меніңше, бұл қолжазбаны тастамау керек. Айтылған пікірлерді ойға ала отыра, шығарманы қайтадан жазу керек.

  Бұл еңбегіңнің іс болып шығуына шын көңілден тілектеспін.

Құрметпен С. Мұқанов.

1.08.1963 жыл. Алматы.

Қырғыз Мұсабаев, зейнеткер.


Солтүстік Қазақстан.- 2010 жыл.- 22 сәуір.-7 бет.

Copyright © 2010-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».