Қол ұстасқан қос алып

Жарияланған Angela 22.04.2010 Естеліктер |

Еліміздің аса көрнекті тұлғалары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің екі алыбының жерлестік, жолдастық, туыстық, шығармашылық қарым-қатынастары ғибратқа толы. Екеуі бір өңірде туып-өскен, олардың өмірі де жас кезінен сабақтас басталған. Үнемі кедейшілікте, жоқшылықта өмір сүрген Сәбиттің әке-шешесі есейіп азамат боп келе жатқан Махмудтың балаларының жолын берсін деп жаңа туған ұлының кіндігін Ғабиттің шешесі Динаға кестіріпті. Бұл өскелең тұқым деп «менен бұрын ұлы болмаған әке-шешем маған осы Махмудтың Сәбитінің атын қойыпты» деп жазды Сәбең.

Екі отбасының қарым-қатынасы, жас Сәбит пен Ғабиттің жолдастығы жайлы көп деректер Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде», «Ғабит Мүсірепов туралы» мақаласында, Ғабит Мүсіреповтің «Автобиографиялық әңгімесі» мен Сә-бит туралы әр кезде жазған мақалаларында ке-ңінен айтылғак Сәбеңнің «Өмір мектебінен» біз Сәбит пен Ғабиттің алғашқы кездесулерін, Ғабиттің Сәбитке «достебрен» жазып беру оқиғаларың, Сәбиттің Мәриямға үйлену кезінде болыстық милиция бастығы Ғабитті алға ұстап барғаны сияқты қызықты мәліметтерді оқимыз. Сәбит еңбектеріндегі Ғабиттің ата-тегі жайлы деректер жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мол мағлумат береді. Сонымен бірге онда екеуі туған өлкенің тарихы, ата-қонысы, белгілі адамдары жайлы да мәліметтер жеткілікті.

Бұрын ауыл ішінде әр түрлі әлеуметтік ортада кездесіп жүрген Сәбит пен Ғабиттің өмірлік қарым-қатынастары өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап тығыз байланыста өрбиді. 1922 жылы Орынбор рабфагына оқуға түскен Сәбит бір жылдан кейін елге демалысқа барып, Ғабитті оқуға ертіп келеді. Екеуі Совнарком төрағасы Сәкен Сейфуллиннің пәтерінің бір бөлмесінде тұрады. «Мұнда екі кереует сыймағандықтан, бір темір кереуетте құшақтасып жататын едік», – деп жазды Сәбит «Өмір мектебінде». Ғабиттің әдебиетке құмарлығы осы кезде «өлең жазғыш» Сәбиттің ықпалымен оянады. Бұл орайдағы Сәбиттің көмегін Ғабит «Автобиографиялық әңгімесінде» былай деп әңгімелейді: «Сәбит көбінесе өлең жазды, мен сабақ әзірлеймін Оның газет-журналдарға басылып тұратын өлеңдері екеумізді еркін асырауға жетеді. Менің кітапқа құмарлығымды, азды-кепті сынай алатынымды аңғарып, Сәбит маған «Жазуға кіріс», деп мазалап жүрді. Газет баспаларынан қаулы-қарарлар әкеп аудартып жүрді… Рабфакты бітірер кезде жазу талабы менде де ояна бастады. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым (кейін ол «Тулаған толқында» деген повеске айналып, менің бірінші басылып шыққан еңбегім болды)».

Орынбор рабфагын бітіргеннен қейін Ғабит Омбыдағы ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түседі. Ал Сәбит 1926 жылдың ортасынан 1928 жылдың ортасына дейін Қазақстан мемлекеттік баспасының (Казгосиздат) бас редакторы болып қызмет атқарды. Екеуі хат жазысып тұрады. 1927 жылдың басында Ғабит «Әмірхан бидайығы» («Американский пырей») деген кітапша жазып, Қазақстан мемлекеттік баспасына жібереді. Сәбит оны бастырып шығарады. Студент Ғабит өзінің Сәбитке жазған хатында «Осы кітапшаның ақшасы семьямызға жарты қыс азық болды» деп жазады. Ғабиттің «Тулаған толқында» атты тұңғыш повесін де Сәбит өзі басқарып отырған баспада бастырады. Бұған қуанған Ғабит Сәбитке 1928 жылғы 18 сәуірде жазған хатында: «Қысқасы, кітапшаның басылғаны үлкен қуаныш. Түзегеніңе алғыс» деп жазды.

 

Сөбит 1928 жылдың жаз ортасында мемлекеттік баспаның бас редакторлығынан босатылып, Ленинград мемлекеттік университетіне оқуға баруға жиналып жүргенінде бас редакторлық қызметке Ғабитті ұсынады. Бұл туралы Сәбит «Өмір мектебінде» былай дейді: «Көркем әдебиетке бейімділігі болғандықтан және идеологиялық беті дұрыс дел ойлағандықтан, менің ұсынысыммен Қазақстан өлкелік партия комитеті (Казкрайком) Ғабитті Қызылордаға шақырып алды да, Қазақстан мемлекеттік баспасына бас редактор ғып қойды. Мен Ленинградқа оқуға жүріп кеттім».

Сәбең Ғабиттің жазушылық шеберлігін жоғары бағалаған. Бұған оның мына сөздері дәлел: «Ғабиттің жазушылығының, тұтас алғанда, өзіне тән бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші – бойына сіңбеген тақырыбына жармаспайды; екінші – бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды, сондықтан шығармаларының шикісі аз болады; үшінші – жазатын тақырыбына күй таңдайды, күйі жетпесе, игерген тақырыбын да жаза қоймайды; төртінші – шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-қадірі жеткенше олпысолпысыз шығарады; бесінші – тілге үнемшіл сипаттап, суреттеп отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды; алтыншы – жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады; жетінші – адам портретін жасауға қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі».

Ал Ғабит Мүсірепов Сәбит туралы арнайы үш мақала жазған. Олар 1946 жылы Сәбиттің шығармашылық қызметіне 25 жыл толуы тұсында және 50, 60 жылдық мерейтойлары кезінде жазылған. Бұларда Ғабит, негізінен, жазушының қазақ әдебиеті тарихындағы орны мен жеке еңбектері жөнінде ой бөліседі. XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің төңкерісшілдік рухының әсерімен даму жағдайларын, осы жолдағы Сәбиттің аса мол еңбегін атай отырып, Ғабит: «Сәбит – 25 жасқа толған Советтік Қазақ республикасының да, 25 жасқа толған қазақ совет әдебиетінің де түйедей құрдасы. Сондықтан Сәбиттің 25 жылдық тойы – қазақ совет әдебиетінің де тойы. Өйткені, сол өскен әдебиетімізде Сәбит, жоғарыда айтқандай, әр саламен келетін мол еңбегімен, өзіне лайық үлкен жазушының, бастаушы жазушының орнын алады» деп жазды.

Автор Сәбиттің шығармашылық жолын түгелдей қазақ халқына келген бостандық идеалымен байланыстырады, оның күрес-керлігіне айрықша тоқтайды. «Ол бостандықты үйде жатып күтпей, өзі іздеп барып қарсы алды», – дейді. Сәбиттің әдебиеттік мұрасының молдығын Ғабит сол кезде-ақ атап айтқан: «Егер Сәбиттің қаламынан шыққан бар еңбегін жинап бастырсақ, көлемі 15 баспа табақтан 30 баспа табаққа дейін болатын 25 том болар еді… Жылына үлкен бір том кітап жазып отырған Сәбит – қазақ совет көркем сөзіне кеп еңбек сіңірген адам». Осы сөзін Ғабең Сәбит қайтыс болғанда да қайталап айтты: «Бір өзі бір библиотека кітап жазып, бір өзі бір елдің басынан кешкен бар дәуірін қамтуға құлаш ұрған, әр дәуірдегі елдік, ерлік тіршілігін, ой-өрісін, сезім тереңдігін көрсете алған, теңде-сері сирек кездесетін қалам еңбекшісі, көпұлтты совет әдебиетінің алдыңғы қатардағы көрнекті жазушыларының бірі» («Кәдімгі Сәбит Мұқанов» жинағы, 379-бет).

Облысымыздың Жамбыл ауданындағы олар туып-өскен Сәбит ауылы мен Жаңажол ауылы қатар орналасқан. Сол екі ауылда олардың мұражайлары бар. Алматы қаласында бұрын өздері тұрған үйлер де әдеби-мемориалдық мұражайға айналған. Бұл екі мұражай да бір-біріне жақын орналасқан.

 

Облысымыздағы бұрынғы Целинный ауданы 2002 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы аудан болып аталады. Енді биыл Сәбит Мұқановтың 110 жылдығына орай оның балалық шағы еткен Тимирязев ауданы Сәбит Мұқанов ауданы болып қайта аталса жөн. Сонда қатар тұрған екі аудан атаулары да туған өңірімізден қатарласа шыққан қос әдебиет классигіне жасалған зор құрмет болар еді.

Жазушылық өмірде де, былайғы тұрмыста да бірін-бірі бағалай білген екі алыптың шығармашылық байланысы кейінгі ұрпаққа тамаша ғибрат, үлгі-өнеге бола беретіні сөзсіз.

Қайролла Мұқанов, өлкетанушы.


Солтүстік Казақстан.- 2010 жыл.- 22 сәуір.- 6 бет.

 

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».