Менің өмірімнің мәні де сәні де – Сәбең

Жарияланған Angela 07.06.2021 Естеліктер |

  Сәбеңнің сүйікті жары Мәриям апай еш жерде
жарияланбаған танымды әрі тың деректер жөнінде әңгімелейді.
Сирек кездесетін фотосуреттер қоса жарияланып отыр.
— Мәриям апай, Сәбеңің ана тілін қызғыштай қорғап, сол үшін ара түскен сәттерін бір есіңізге түсіріп көрсеңіз?
— Сәбең қазақ тілі — ана тіліміз үшін талай «шайқастарға» қатынасқан жазушы. Соның бір-екеуін тілге тиек етейін. 1969 жылы білім министрінің орынбасары Щербаков деген кандидаттық диссертация қорғап, оның авторефераты Сәбеңнің қолына кездейсоқ түскен еді. Сол кездегі оның күйінгенін айтсаңшы! «Мыналар қазақтың тамырына балта шабайын дегені ме? Қазақ мектептерін жабу керек, олардың болашағы жоқ дей ме» деп қазақ мектептерін қорғауға белсене қатынасқан еді. Қазір Сәбеңнің сол жиында сөйлеген сөзі музейде сақтаулы. Онда ол: «Орыс-қырғыз, «гүземдік» мектептер — патшалық реакцияның ағымының жемісі, диссертант қазақ мектептеріне тіл тигізбесін, қазақ тек отаршылардың тілдерінде сөйлеп, жазу керек пе, ұлттық мектеп — кез-келген халықтық ұлттық мәдениетінің қайнар көзі, мен қазақ ұлттық мектептерінің жабылуына үзілді-кесілді қарсымын. Менің партиялық ар-ожданым мұндай идеялық тұрғыдағы қателіктерге төзбейді» деп қарсы шығыпты. Жалғыздың үні шыға ма, диссертация қорғалып, асыра мақталып, бекіп кеткен көрінеді.
Екінші бір айтар жайт, ертеректе Солтүстік Қазақстанда қазақ тілінде шығатын «Ленин туы» газеті жабылып қалды. Сондағы Сәбеңнің шырылдағанын көрсеңіз. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Ақыры газетті ашып тынды. Сосын өле-өлгенше осы газеттің жанашыры болды.
— Сәбең тек тілдің ғана емес, жалпы барлық саланың жанашыры болды ғой. Соның ішінде бір бөлек айтар нәрсе, жастарға қамқорлығы дейді жұрт…
— Анау жерлес інісі Сафуан Шаймерденовты қалай оқуға түсіргенін айтып отырсың ғой, шамасы. Ал мен Сәбеңнің Әбдіжәміл Нұрпейісовпен қалай танысып, «Курляндияны» қалай талқылап, жазғанын айтайын.
Бір күні түске таман Сәбең үйге шинель киген бір жігітті ертіп келді. Соғыстан кейінгі уақыт «Әу, Мәке. Мына жігіт Аралдың баласы екен. Әскерден келіпті. Тамақ дайын ба?» ,-деді қауқалақтайтын әдетімен.
Сәбит ол кезде Жазушылар одагының басшысы, келімді-кетімді адамдарды қабылдап жатады. Есік ашып-жабылған бір сәтінде Әбдіжәмілді көріп қалып, бірден өзіне шақыртады. Хал-жағдай, жөн сұраса келе Әбдіжәмілдің вокзалда қонып жүргенін, ешкімді танымайтынын, түстенетін ағайын-туысы
жоқтығын біледі. Жас жігіттің жазуға икемділігін танып, тіпті жанып түседі. Сөйтіп, қоярда қоймай үйге ертіп әкеледі.
Ол кезде бай да емеспіз. Кереуетіміз бар. Үй-мүлкіміз де онша емес. 1935 жылы Мәскеуден алып келген кісі бойы үлкен сандығым бар. Әлгінің үстіне матрац жайып, бетіне ақ жамылғы төсеп, Әбдіжәмілге төсек салып бердім.
Кешкісін Сәбит жұмыстан келіп, астан кейін екеуі жазылған дүниені оқуға кірісетін. Әбдіжәмілдің атын шығарған «Курляндия» осылай бастау алған еді.
— Жалпы, Сәбеңнің Сәкенмен қатынасы басқаларға қарағанда ерекше. Олар туралы біраз жазылды да. Өзіңіз Сәкенді көп көрген адамсыз…
— Сәбит пен Сәкеннің арасы тонның ішкі бауындай ғой. Жас айырымы болса да екеуі дос-туыстай болып кеткен адамдар. Сәбит Сәкенді әкесіндей сыйлап, ақыл сұрап алдына талай барды. Сәкен үшін НКВД Сәбитті де бір жыл күйдірді ғой. Өзі өмір бойы адал көңілмен берілген партияның қатарынан шығарды. Сәбеңнің тірі жүргені — Сәкеннің арқасы. Атақты ақынды НКВД жендеттері «Мұқановты шпиондыққа қалай тарттың?» деп қинағанда да қорғап шықты. Адам баласында өз басым ондай сұлу жанды кездестірген жоқпын. Артында ұрпақ қалмады-ау Сәкеннің… Опасыз өмір-ай…
— Мәриям апай, ел арасында «Сәбит Мұқанов әркімдерді айдатып жіберіпті» деген әртүрлі алып қашпа сөздер бар. Қазақтың аузына тыным бола ма? Десек те, осы бір жайды айтып берсеңіз деген тілек.
— Қалай десек те, мәселе көзі жұмылғаннан соң немесе 47 жыл бірге өмір сүріп, жұбайы атанғаннан емес, анық шындықты айтсам, Сәбеңнің ешбір жазығы жоқ. Қарап отырсам, осының бәрі қызғаныштың, көре алмаудың кесірі. Ол кездегі ақын-жазушылар өте әділ, нағыз әдебиетке жаны ашып, ойын ашық айтқан. Мысалы, Сәбең ешкімнен қорқып, үріккен адам емес. Артында зіл ұстап, кек қайтару, жатып атып, жамандау деген әдет жоқтын-ды. Жүзге бөлінбейтін. Бұл пәле кейінгі кезде өршіп салды. 1990 жылы КазГУ-дегі бір кездесуде академик, белгілі ғалым Манаш Қозыбаев осындай сұраққа «Мен КГБ-ның архивінде екі жыл үзбей отырып жұмыс істедім. Осы бір уақыт аралығында Сәбит Мұқанов әлдекімді жала жауып, халық жауы атандырып ұстатып жіберіпті деген құжат кездестірмедім» деп жауап берген болатын.
Ал енді А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейхановтың кітаптарын НКВД-дан жасырып, сақтаған Сәбең. Олардың 1990 жылы ғана, өз музейіне берілуінің өзі ерлік емес пе? Оларға дұшпан болса жағып жібермес пе еді. Оның ішінде Ж. Аймауытовтың «Қартқожа», «Сылаң қыз» шығармалары бар. Мағжан Жұмабаев Петропавлда жұмыссыз бос жүргенде Алматыға шақыртып, Сәкеннің үйіне қонаққа апарып, содан кейін біздің үйге алып келген. Ал қазір ше, әлдекімнің шығармасы туралы шындық айтып шырылдашы,сені құшақтамақ түгіл, пышақтап кетуге бар. Менің білетінім — әділ тарих өз кезегін әлі алады. Мына той — соның бір ақиқаты.
— Сәбеңнің қаламынан шыққан монография, ғылыми еңбектері, очерктері, драмалық шығармалары, поэзиясы естеліктері қаншама! Қазір бұл қазынаның жыл өткен сайын бағасы қымбаттай барады. Мұқановтың шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылыпты.
— Мені мазалап жүрген аздаған өкпем де бар. Өзі жоқтың көзі жоқ дегені ме, талай журналистерге айтып едім, құлақтарына аспай қойды. Сәбең көзі тірісінде бір әннің сөзін де жазған. Біреу болғанмен, бірегейі, аты шулы
Л. Хамидидің Бибігүл Төлегенова шырқайтын «Қазақ вальсі». Затты атымен атау қажет қой. Теледидардан, радиодан хабарлағанда сазгердің аты аталады да, Сәбеңнің есімі ұмытылып қалады. Қарап отырып күйінемін. Осы дұрыс па?
Сәбеңнің артында төрт ұл, екі қыз қалды. Марқұм болған ұлымыздың кішісі ертерек көз жұмды. Әсіресе, кейінгі Мараттың қайтыс болуы жаныма қатты батты. Тарих ғылымының докторы атағын алған ол Сәбит атағын жоқтатпас еді. Арыстан — инженер. Жетпістен асты, зейнеткер. Алтайымыз — әскери адам, полковник, отставкіге шықса да, қызметін тастаған жоқ. Қыздарым — Баян да, Жанна да ұстаз. Мен сол Сәбең рухымен тілдесіп, сағынып өмір кешкен адаммын.


 Ана тілі. – 2000 жыл.– 6 қаңтар.

Copyright © 2020-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».