Есімі елінің атымен үндескен

Жарияланған Angela 08.06.2021 Сын |

Өлеңім —әр басына тіккен туым,
Соған қарай көшеді мендік ауыл.
Сәбит МҰҚАНОВ.

 

Сен маған қызмет қылсаң аяғыңмен,
Мен қызмет қылайын төбемменен.
Нартай БЕГЕЖАНОВ.

 

  АДАМНЫҢ— өнерпаздың, суреткердің дарындылығын тану үшін, әдетте, оның бүкіл  творчествосын  бүтіндей оқып  шығу  қажет деп ойлаймын. Және бұл дау тудырмайтын дана қағида. Сөйте тұра, кейде ақындық құдіреті таңдаулы туынды емес, қатардағы бір  поэма  емес, жай бір өлең емес, өлеңнің бірақ жолы, жалғыз тармағы ғана толығынан танытардай аса бейнелі, аса айқын суретті болып кездеседі…

«Сенен —бұлт, менен — қайғы тарқамады» деген өлең үзігін оқыған не құлағымен естіген кісі әлгі автордың, анықтап айтсақ, Мәдидің ақындығына күдік-шүбә келтіре алар ма екен, қасіретке қабырғасы қайыспай өтер ме екен?!

Сол сияқты: «Түннің қара қылшықты гүлі түлеп…» деген жалғыз тармақта да дарын құдіретінің лебі бетке ұрып тұрғандай сезіледі. Қап-қара түннің аппақ таңға айналуы қандай баяу процесс, процестің динамикасын көз алмай қадалып минут сайын, тіпті сағат сайын бақылап отыруға келмейтіндей үрдіс. Тым сылбыр — түннің таңға карай жылжығанын көзбен үздіксіз бақылап отыра алмайсың… Осы шындықты ақын қылшығы біртіндеп жидіп түсіп, ең ақырында терінің ақ боз түске көшуіне балап, қап-қара түннің аппақ таңға ақырындап-жайлап баяу ауысатынын көзге елестеттіреді. Бұл—өзіне дейінгі ақындардың бірде-бірінің аузына түспеген, қаламына, оралмаған метафора! Оқып-үйреніп, үздік деген ақындар түгілі, ұлы ақындарға еліктеп мұндай өнерлі олжаға қарық бола алмаймыз. Мынау табиғи таланттың, туа таланттың маңдайына біткен творчестволық тапқырлығының, хұсни құдіреттіліктің тікелей жемісі!

Бұл отыз жеті жастағы қаламы әбден төселіп, өнері ұшталған ақын Сәбит Мұқановтың өлеңі: «Жүрегімді мандат қып». Ал сол Сәбит өзінің ақындық өнерін салған жерден, он жеті-он сегіз жасында да танытты ма, соны айтыңыз деушілер де табылар.

Жақсы, оған да жауап іздейік.

«Қорек қылып қара нанның күйігін,

Сусын қылып ащы іркіттің сұйығын….»

  Шегіне жеткізіп, шірей ай ту деген осы. Осы екі жолда өлмешінің күнін кешкен, өзегі талып бұрлыққан бишара жанның сұрқы сурет болып көз алдыңа елестемей ме?! Елестейді! Бұл он тоғыз жастағы жалшы Сәбиттің өзіндей өксікті қазақ жалшыларына арнап жазған «Бостандық» атты әйгілі өлеңі.

…Елуалпыс жыл  қалам тербеп келе жатқан кейбір ағаларымыздың өлең ұйқасындағы орашолақтықтан әлі арыла алмай жүргенін көресің де, Сәбит Мұқанов сияқты саңлақтардың поэзияның көркемдік сапасына тым ерте тиянақты ұқыптылық танытқанына сүйсінесің. «Соғыстан кейінгі кезеңде қазақ өлеңіне төрт буынды ұйқасты мен кіргіздім», —деп кергитін кейбіреулердің аузына құм құярлық уәжді бір шумақты келтіре кеткеннің артықтығы жоқ:

Шыкты ол түні бойы безек қағып,

 Жан кетіп баратқандан, өзек талып,

 Кейде ышқына, тынысын жиілете,

Кейде баяу алады, тежеп барып,

  Бұл Сәбиттің 1927 жылы жазылған өлеңі «Әнекей, нұрлы күн көтерілді» деп аталады. «Балталасаң да бұзылмайды» делінетін төрт буынды толық әрі туынды ұйқасыңыз осы емес пе? Мен он алты томдық Таңдамалысының бірінші томының өзі ашылған бетіндегі өлеңге үңіле салып, әлгі шумақты мысалға келтіріп отырмын. Сөйтсем, С. Мұқановтың балаң жігіт кезінде, яғни он жеті жасындағы «Неге тудым?» деген жетім бала зары жас ақынның ұйқас-үйлесімге мәттақамдылығы тым ерте басталғанын нық дәлелдейді екен:

Бай баласын сүйгенде шешелері,

Жүрегім суық мұзға төселеді.

Менің де сондай сүйер шешем болса,

Көңілім қандай шалқып өсер еді.

  Кім болсын поэзия босағасын аттаған жылдарда әдебиеттің «қара жұмысын» бастан өткереді. Оны аттап өткен, аттап өтетін ешкім жок. Ондай қара жұмыссыз қалам қайраткері өсіп шықпайды. Ондай сатыны оп-оңай аттап өткісі келгендердің кейбіреулері лауреат атанса да стилистикалық шалағайлықтың шөп- шаламын жүрген жолында бұрқыратып шашып жүретіні содан.

  Сәбит Мұқановқа сүйсінетінің: қаламның қара жұмысын қажырлылығы арқасында, қара терін төгуі нәтижесінде созалаңдатпай ерте өткендігі ырзалық тудырады.

  Тамшыдан теңіз суының дәмін айыруға болар, бірақ тамшы бүкіл теңіз картинасын толайым. Түгел елестете алмайтыны сияқты, әрине, бір-екі өлеңімен танысып, ақынның бүкіл творчествосына барша ажар- көркімен, идеялық салмақтылығын қоса білем деу ағаттық болар еді.

  Білу үшін, толайым толық танысу үшін Сәбит Мұқанов сияқты 55-56 жылын қажырлы қалам еңбегіне сарқа жұмсаған, қыруар көркем мұра калдырған, өзінің көзі тірісінде он алты томдық Таңдамалысын шығара бастаған алыптың халық арманымен тыныстаған творчествосын түгел сүзіп шығып, ой қорыту керек болады.

  Қазақ әдебиетінің қасиетті абыздарының бірі Ғабит Мүсірепов «Алыптар тобы» деп әділ атаған жұлдыздар шоғырының ең бір жарқындарынан саналатын Сәбит Мұқанов творчествосы өзінің азаматтық ғибратты ғұмырымен тікелей байланысты құнды құбылыс, ажырағысыз құбылыс.

  Сол Ғабең кәрі жолдасы, қашанғы әріптесі, асық ойнаған ауылдасы, тұрғылас терезелесі дүние салған күні:

«Жазушы Сәбит Мұқановтың қаламынан туған еңбектер —өз алдына бір энциклопедия. Сәбиттің оң қолы ақ қағаздың бетінде миллиондаған километр сапар шекті», —деп еді.

  Басқа әдебиетті білмеймін, өзіміздің туған әдебиетімізде жүрегінен қазына қазуға осынша толассыз қайрат жұмсап қара терге шомған Сәбит Мұқановтай қаламгерді ешкім де таба алмайды. Сәбит Мұқановтың ең бірінші тағылымы деп мен ел үшін емірене еңбек ету өнегесін, еңбеккерлігін ерекше айтар едім!

Тәуліктер ақтамаса өз парызын,

Апталар таныта алмас озған ізін.

Қай қаламгер болсын, осы қағиданы естен шығармай, әдеби еңбек санымен ғана емес, сапамен де өлшенетінін ұмытпағаны абзал екен-ау…

Таланттар да әр алуан- ұстаз талант, үйренуші шәкірт талант және еліктеушілік құрсауынан босай алмаған өріссіз, өресіз талантсымақ…

  Ал Сәбит Мұқановтар жай ғана жазушы емес, кәдімгі ақын ғана емес, олар ұстаз таланттар! Ол коммунист жазушы, жетекші-басшы қайраткер, қаламгер, академик, ғалым, суреткер. Ол топтың емес, көптің, мыңның емес, миллиондардың ұстазы болып өткен алып тұлға! Оның тағылымының көп қырлы-сырлылығы да осында.

  Жанасып – жақындасқан пенделерінің ғана емес, тіпті қол алысып қатар тізе түйістірмеген бейтаныстарының өзінің де жігер отын тұтатып, ішкі шырағын жаққанымен де, ізгілікке үндегенімен де қадірмен жайсаң жандар!

  Шын мағынасындағы шынайы халық жазушысы жайында өзімнің оқырмандық түсінігімді, ақындық пайымдауымды баяндап, 1967 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде жарияланған шағын мақалам бар еді. Соны қаз қалпында осы ой-толғанысыма кіріктірсем, ерсілігі болмас деп қосып отырмын.

  Өзгелерді білмеймін: алыптар тобындағы ағаларды жиі іздейтін болып барам. Аяулы ағаларды жиі-жиі түсімде көремін. Әдеби шаруаңның реті келмей жатса да, сол кісілерді іздейсің.

  Бір төрешілден кердең мінез көрсең де сол… Әділдерді іздейсің. Қаламгерлер ортасы өзімшілдік пен рушылдықтың, бұрушылдықтың қырсығынан шыр-шатаққа шарпыла-шырмала бастаса да, сыңар езулерді алыстан айбынымен тежеп отыратын батагөйлерімізді іздейсің…

  Салтанатты той-домалақтар төрі үңірейіп тұрғандай сезілгенде, абыройлы ағалар әне-міне келіп қалатындай алаңдайсың… Өздерін таба алмасақ та, соңында қалған салауатты сөздерін іздеп таба аламыз. Ұлағатты үлгі өнегелерін еске аламыз, рухани өсиеттеріне бағамыз… Музейінде Сәбит сабағы өтер алдында іштей толғанып, сабақ тақырыбына сәйкес академик жазушының он алты томдығына қайталап үңілесің. Өйткені музейдегі сабақтарды жүргізуші бақыты пешенеңе бұйырғаны үлкен жауапкершілік те жүктейді… Аксиомалық ақиқатты қайталап-ақ айтсам, Сәбит Мұқанов таңдамалы шығармаларын қайрылып оқыған сайын соны жаңалықтар, тың қасиет-сапалар табамын да, жан-дүнием жадырап, бір жасап қалам. Мұның аты эстетикалық ләззат емес пе?! Мұның аты көркемдік тағылым емес пе?!

  Қалың қауымның тануынша, тарихтың тануынша Сәбит Мұқанов көп қырлы, алуан сырлы аса биік дарын тұлға.

  Ол-ақын, прозаик, драматург, журналист, публицист, очеркист, редактор, фольклорист, тарихшы, этнограф, аудармашы, әнші, әдебиет зерттеуші ірі ғалым.

  Егер Сәбит Мұқанов бірыңғай поэзиямен болған күнде оның қандай биік көркемдік-шеберлік ғарышына шырқайтынын ешкім де тұспалдай алмас-ау. Орыс тілінде «Звезда первой величины» деген ежелгі тіркес бар ғой. Сәбең солардың—Блок, Есенин, Пастернак, Твардовскийлердің… қатарына көтерілер еді-ау деп ойлаймын.

Сәбең ауыз екі бір әңгіме үстінде:

— Мен шарасыздың күнінен өзімізде, қазақ әдебиетінде әлі жоқты бар етісуге бой ұрдым да, әр жанрға бір киліктім, тәуекелге талай бастым…—деп еді.

Европалық мағынадағы классикалық романды қазақ тарихында тұңғыш тудырған кім? Сәбит Мұқанов!

Батырлық эпостың жайын бірінші боп егжей-тегжейлі зерттеп, монография жазған кім? Сәбит Мұқанов!

Қазақ топырағында өлеңмен жазылған романды алғаш ұсынған кім? Сәбит Мұқанов!

Айтыс өнерінің қыр-сырларын бізде ең алғаш білгірлікпен сөз етіп, тұңғиық ішіне үңілген кім? Сәбит Мұқанов!

XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті жайында алғаш монографияның иесі кім? Сәбит Мұқанов!

Ия, оның ғылыми еңбектерінің өзі бір төбе, өзі бір сөре! Ол содан да академик атанған!

  Сәбит Мұқанов феномені жылдардың жіті барлауымен, ғылымның көреген көзімен біртіндеп ашылатын әлем!

Мұзафар Әлімбаев.

Copyright © 2020-2022 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».