Заманының заңғары
Қазіргі Жамбыл ауданына қарасты бірбіріне таяқтастам жерде орналасқан Ақбалық, Қарақамыс, Октябрь, Жаңажол, Нұрымбет, Жалтырша, Сәбит ауылдары тың және тыңайған жерлерді игеру басталғанға дейін бірде жеке-жеке, бірде ірілендіру мақсатымен тұтас кеңшар болып өмір сүріп келді. Осыған байланысты бұл елді мекендердегі мектептердің де дәрежесі өзгеріп отырды. Мысалы, кеңшар орталығы Жаңажолға ауысқанда қазіргі Қарақамыс ауылындағы ағаш мектеп бұзылып, сонда көшірілді. Сөйтіп, Жаңажолда – он жылдық, Ақбалықта -жетіжылдық, ал қалған ауылдарда төрт жылдық мектептер болды. Осы төңіректегі ауылдардың балалары бастауыш мектепті бітіргеннен кейін Ақбалықтың жетіжылдық, одан кейін Жаңажолдың орта мектебіне барып оқитын еді.
Ағаларым секілді мен де Қарақамыстағы бастауыш сыныпты бітірген соң әрі қарай оқуымды Ақбалықта, нағашы атамыз Ахметтің Шәймерденінің үйінде тұрып жалғастырдым. Нағашымыз әжемізден және жалғыз ұлы Дәруштен айырылғаннан кейін қызы Бөкестің қолына келген екен. Мектеп-терде сабақ қыркүйек айында басталатынына қарамастан біз жаз бойы нағашы апамыз Бөкеспен бірге қолорақпен шөп шабамыз, қысқа отын дайындаймыз, үй шаруасымен айналысамыз. Өйткені, нағашы апамыздың күйеуі соғыста хабарсыз кеткен. Ал Бөкес жұбайы майданға аттанғанда іште қалған жалғыз ұлын аяп жұмысқа салмайтын.
Ұмытпасам, 1955-ші жылдың жазында маған жерлес жазушы Сәбит Мұқановты алғаш рет керудің сәті түсті. Нағашымның кек биесін арбаға жегіп, суға бара жатқанмын. Осы ауылда талай жерден құдық қазса да тұнық су шықпапты. Сондықтан ауылдың Қарақамыс жақтағы Мұжық деп аталатын көлінің адамдар шомылмайтын, мал кірмейтін сырт жағынан барып, атпен көлге кіріп кетіп, арба үстіне орнатылған ағаш бөшкеге шелекпен тұнық суды толтырып құйып алатынбыз. Арбаға мініп, енді орнымнан қозғала беріп едім, Жалтырша жақтан ерекше түсті, шамасы қызыл-сары-ау деймін, жеңіл автокөлік келіп тоқтады. Бұл кезде колхоз түгіл, бүкіл Пресногорьков ауданында мұндай автокөлік жоқ. Колхозда «полуторка» деп аталатын фанерадан жасалған кабинасы бар, бір жарым тонналык шағын ғана жүк көлігі болатын. Кідірсем нағашы апамнан сөз еститінімді білетін мен баратын жағыма тартып кеттім.
Мен көлден оралсам, нағашым үйінің жанына біраз адам жиналып қалыпты. Есік алдындағы көкмайса шөптің үстіне алаша төселіп, оған дөңгелене отырған шалдар әдемі көлікпен келген қонақтың әңгімесін тыңдауға кірісіпті. Жасы елулерді еңсеріп калған, киген киімі ауыл адамдарынікінен ерек-шеленген жалпақ бетті, құба еңді, май мұрынды, толықша келген бұл адамның әңгімесін отырғындар да, олардың сыртында тұрғандар да қызыға тыңдауда. Әңгімесінен Шоқан Уәлиханов, Сырымбет туралы, Айғаным ауылындағы осы күнге дейін сақталған ағаш үй, Құсмұрын деген сездер есімде қалыпты. Әңгімені толық тыңдап тұратын уақыт жоқ. Қорада пісіріліп жатқан қазанның астындағы отқа ағаш әкеліп салуым керек.
Көп ұзамай ет те пісті. Ағаш кертеден салынған биік шошаланың ішінде үлкен кебеже тұрады. Соның ішіндегі ұнның арасына тығылған сүр ет көп уақыт пісіруді қажет етпейді. Ол кезде тоңазытқыш дегенің жоқ қой. Ет кебіне сүрленіп, осылай сақталады, ал қарынға салынған сары май, басқа да ас-су жерде қазылған қамбада сақталады. Бір кезде Бөкес апам «Қонақтарды үйге шақыр» деді. Мен ақырын келіп тәтемнің (нағашымды солай атаушы едік) құлағына сыбырлап, астың дайын болғанын жеткіздім. Ол кездегі шағын балшық үйге бұл арада жиналған халық, әрине, сыймайды. Ал далада дастарқан жаюға жұпыны шаруаның аз ғана ас-суы жете қоймасы анық, сон-дықтан үйге қариялар ғана енді.
– Ал, Сәбит, -деді тәтем, бәрі төр үйге кіріп жайғасып болғаннан кейін, – өзің қолынан дәм татқан Ұлберген шешең, жалғыз ұлым Дәруш бұл дүниеде жоқ, ұзақ жолға, келмес сапарға аттанып кетті. Алланың жазуымен жалғыз қалғасын жесір де болса қызым Бөкестің қолына келіп отырмын. Бұл да Алланың сынағы шығар. Бірақ көзіме жас алып, жасып-езіліп көрген емеспін. Сенің мақымыңды естімегелі көп болды, бір аят оқып жіберші, – деді.
Осы әңгімеден кейін қадірлі қонағымыздың жазушы Сәбит Мұқанов екенін түсіндім. Өйткені, шешем Кекеш әке-шешесінен айырылып, жетім қалған Сәбитті Шәймерденнің Жуанағаш деген қыстауға алып келіп, бала оқытатын ұстаз етіп қойғанын айтатын. Ол кезде мектеп жоқ, балаларды әр үйде он күннен кезек-мезек оқытады. Арабша оқу қиын. Сабақ үлгере алмаған бала біріншіден – ұстаздан, екіншіден – әкесінен таяқ жейді. Енді оқымай көр! Шешем сол кезде Сәбиттің қыздарға өлең шығаратынын, қайткен күнде де жоғары жаққа барып оқуға түскісі келетінін айтатын. Құран оқып болғаннан кейін Сәбит әңгімесін бастап кетті:
– Ұлберген шешейді қайдан ұмытайын, топырағы торқа болсын, иманды болсын. Мені Шәкең (Шәймерден) Жуанағашқа 1916 жылы күзде әкелді. Сол жылы жаз ыстық болған жоқ. Осыған сәйкес қыста қатты болмады. Бірақ қыс аяқталуға тақаған ақпан-наурыз айларында, яғни «жуанның жіңіш-керіп, жіңішкенің үзілер» шағында балалары менен оқитын кейбір кедей үйлердің азықтары шағындалып қалды. Осы кезде Шәкеңнің үйінің екі бірдей сиыры бұзауламасы бар ма. Содан кейін мені Ұлберген шешей басқа үйлерге жібермеді. Оның ұйытқан айранына нанды турап, тыңқиып соғып алушы едім. Ол кісінің маған жасаған қамқорлығын ешқашан ұмытпаймын, – деді Сәбең.
Осы жайтты Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» кітабында кеңінен жазады.»… Шаруа баққан момын Шәймерденнің үй ішіне жайлы жігіт екендігі жоғарыда айтылды. Соған қоса оның бір мінезі – әйелімен, ше-шесімен, балаларымен, әсіресе, Көкеш, Бөкес аталатын үйелмелі-сүйелмелі қыздарымен, менімен, үйіне қыдырып келген басқа адамдармен қалжыңдасып ойнап отырады».., – делінген кітапта. Осындағы Көкеш -жоғарыда айтқан менің шешем.
Ауыз үйде тостағандарға сорпа құюға Бөкес апама көмектесіп жүргенімде төр жақтан: «Манағы қолға су құйып жүрген бала қайда?» – деген сөзді естіп, бірдеңе қажет болып жатыр ма деп қонақтар ет жеп отырған жаққа бас сұқтым. Сөйтсем, Сәбең алақанына толтыра салып алған етті маған ұсына бастады. Қолымды созып едім, «аузыңды аш» дегендей болды. Аузымды аш-тым. Алақандағы етті бас бармақпен қағып кеп қалғанда қазының майы көмекейінен бір-ақ өтті. Қалғанына аузым толғаны сонша, дем ала алмай қалдым.
Бұл менің Сәбит Мұқановты бетпе-бет бірінші көруім еді. Қолына су құйдым. Батасын алдым. Өмірімде алғаш рет оның қолынан ет асадым. Бұрын не бір тойда, не бір қонақ шақыруда болмасын «кім ет асатар екен, кім бір жілік ұстатар екен» деп есіктен ғана сығалайтын маған бұл бір үлкен дәреже еді! Төбем кекке жеткендей болды. Жалпы, нағашым үйге келген қонақтардың қолына маған әдейі су құйдыртатын, «баталарын ал» дейтін. Өзі үнемі «тең-қүрбыңның алды бол!» деп бата беретін. Ауылдың имамы болды. Жұрттың берген садақасын қалтасына баспай, жетім-жесірлерге таратып беретін. «Сен шылым шекпейсің, карта ойнамайсың, арақ ішпейсің» деп риза болып, кітап, дәптер, басқа да оқу құралдарын ал деп азынаулақ ақшаны менің қолыма ұстататын.
Осы жолы Сәбит Мұқанов сонау Алматыдан «Победа» жеңіл автокелігімен шыққан екен. Бұл – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістен кейін әдейілеп шығарылған автокелік. Жол-женекей бірнеше қала мен елді мекендерде болып, оқырмандармен кездесулер өткізіліпті, болашақ шығармаларына деректер жинастырыпты. Бір байқағаным, әңгіме барысында қариялардан сұрап-білгендерінің бірде-бірін қойын дәптеріне жазып отырмайды екен. Бәрін есінде сақтайтын болғаны ғой! Не қылған зерде десеңізші!
Сәбит Мұқанов Жуанағашқа келіп, бала оқытқанға дейін жетімдіктің ащы дәмін аз тартпаса керек. Әке-шешесінен ерте айырылған жетім Сәбитті әкесі Мұқанның інісі Мұстафа қамқорлығына алады да, өзі Троицкийге барғанда ертіп ала келген татар жігітіне оқуға береді. Ал он екі жасында Тұртай деген байдың жылқысын бағатын Мақанға бақыршы бала болып қосылады. Жазушы осы жұмысын былай суреттейді: «…Мақан менің атымды «Қарашұнақ» қойды. Артынан білсем, Қарашұнақ деген кісі Торсанның не заманғы жылқышысы екен. Мен оны қартайған кезінде көрдім: денесі кішкентай ғана, тығыршықтай, семізше, шоқша сақал, домаланған қара кісі еді. Мақанның маған қойған бұл аты дәл келетін еді. Себебі, еркін ауада жүрген соң, жан қиналар жұмыс болмаған соң, мен де бұртиып семіріп алып, күні-түні жел қағатын далада жүргендіктен қарайып кеттім. Менің ол жылқыдан өлмей кететін ойым жоқ еді, «кесір шалғанда көжеге де тіс сынады» дегендей, бір кесір алдымнан көлденең тұра қалды…».
Осы арада жылқышы Мақанның кім екенін айта кетейін. Ол Сәбитпен аталас Сибан руынан. Ғабит Мүсіреповтің ұлы атасы Мүсірептің баласы Кәжімбайдан Махмет (Махмұт), Ақан, Мақан, Самұрат туған. Махмұттан Ғабиттің туғаны баршаға белгілі. Сонда Мақан Ғабитке немере аға, ал қазақы жолға қарағанда әкесі сияқты болып есептеледі. Мақанның Әсима деген қызын менің үлкен ағам Сапиға айттырып қосқан. Сонда Мақан бізге құда болып саналады. Ол біздің үйге қонақтап келгенде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебіндегі» әңгімелерін оқимын да құдамыздан «осы жазып отырғанының бәрі распа?»-деп сұраймын.
– Рас қой, рас. Әрине, жазушы болғасын бәрін суреттеп жеткізеді ғой. Ауа райы ашық күндері тебіндегі жылқыны қоста отырып-ақ бақылаушы едік. Ет асамыз. Уақыт жеткілікті. Қоста отырып өлеңді ермек қылатынбыз. Сәбит ұзақ қиссалардың өзін жатқа айтушы еді. Өзі де өлең шығаратын. Мен оған «Көрғұлы» жырын, ертегілер айтушы едім. Мен Жаманшұбарга киім ауысты-рып, ас-су әкелуге кеткенде бір биені қасқыр жарып кетіп, сол пәле болды, – деп күрсінетін Мақан құда.
Төрт ай жылқы бағып, еңбек ақысына тиесілі төрт сом ақшасын ала-алмай, құралақан ауылына оралып, жұмыссыз жүрген баланы алыс сапарға шығатындар атқосшы қылып алып кетеді. Әсіресе, Сырымбетке сапары балаға үлкен әсер қалдырады. Ол осы сапарында талай әншілерді, күйшілерді, жыршыларды, тіпті өзі «балуандардың балуаны» деп атап кеткен Балуан Шолақты, күйсандық-граммафонды, қазақ «шайтан арба» деп ат қойған – велосипедті көріп, таңғалып келеді. Бұл сапары туралы Сәбең: «…Кішкене көлемді көлдің өзі сирек кездесетін Жаманшұбардың шөлейт даласында өскен маған Есіл сияқты кең арналы, мол тоғайлы ұшы-қиырсыз өзенді көру қандай тамаша?.. Қай жағына қарасаң да, төмпеден басқа биігі жоқ Жаманшұбардың жазық даласында өскен маған Сырымбет сияқты тауды көру қандай қызық!..»-деп жазады.
Иә, бала Сәбитке, жастайынан ақын, жазушы болам деп қиялдаған Сәбитке осы сапарында көрген-білгендері, бала-ұстаз, бақыршы-бала болған кездердегі үлкендерден, көнекөз қариялардан естіген-оқығандары шығармашылық шабыт берген шығар-ақ! Оның үстіне жастайынан осы төңі-ректегі ақын-жыршылардан естіп, жаттап алған қисса-дастандарды нақышына келтіре айтып үйренген ол енді өзі де өлең шығара бастаған. Оған қоса жаяулап-жалпылап Омбыға жетіп, оқытушылар курсында білім ала жүріп, ұстазы Мағжан Жұмабаевқа хатшылық етіп, оның лекцияларын қағазға түсіруі Сәбиттің ой-өрісін кеңейте, ақындық шабытын шыңдай түскен. Соның арқасында сонау 1917-1919 жылдары «Көңілім», «Бостандық» деп аталатын көлемді өлеңдері баспасөз бетінде жариялана бастаған. Ал жиырма жасында поэмалар жазуға ден қойған. Қысқартып айтар болсақ, Сә-бит Мұқанов өзінің 73 жылғы өмірінде қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндірте еңбек етіп, артына мол мұра қалдырып кетті.
Сәбит Мұқанов «бар болсақ көре алмайтын, жоқ болсақ- бере алмайтын» ағайыннан ешқандай көмек болмасада, қалтасында бір құдалықта «Қамбар батыр», «Қыз Жібек» жырларын жатқа айтып, артынан таяқ жеп, жинаған жиырма жеті сом ақшамен жолға шығып, Қызылжар арқылы Омбыға жетіп оқыған, артынан Петропавлда Ақмола губерниялық, облыстық «Бостандық туы», «Кеңес ауылы» газеттері редакциясында қызмет істеген, Мәскеу мен Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург), Орынборда білім алған, Қызылорда мен Алматыда басшы қызметтер атқарған жылдарда, тіпті шетелдерде іссапармен жүргенде де туған ауылын, кіндік қаны тамған жерін ұмытпаған. Ауыл ақсақалдарына, әкесі Мұқанның інісі Мұстафаның баласы Шәкенге үнемі хат жазып, елдің амандығын біліп, алдағы жоспарларымен бөлісіп отырған.
Сондай хаттың бірінен үзінді келтіре кетейін:»… Сүйікті Шәкен! … өзіңе мәлім, мен туған ауылдан 1918 жылы кеттім ғой. Содан бері қандай ауыр жағдайлар болғанымен, туған ауылға жылына бір рет бармаған кезім болған жоқ. Енді, өзге жүрісті қысқартқанмен, сол ауылға әлі жыл сайын барып тұрсам деймін. Оны өмір көрсетеді… «Сәкен Сейфуллин» аталатын пьесаны өңдеуге кірістім… Бір жұмысқа отырсам, қадалып қалатынымды білесің. Мына пьесаға да сөйтіп, біраз шаршаңқырадым. Енді, әдейі, сентябрьдің орта кезінде Қызылордада болатын Асқар Тоқмағанбетовтың алпыс жасқа толған юбилейіне барып қайтамын да, содан кейін Мәриям екеуміз Қырым мен Кавказдың біреуіндегі курортқа кетіп, бір айдай демаламыз. Ар жағында тағы да жазуға отыратын болармын. Ол Шоқан Уәлиханов туралы роман болуға тиісті… Балашаға аман… Туысқандық сәлеммен, Сәбит Мұқанов. 2 сентябрь 1965 жыл».
Иә, кім болсын, қайда жүрсе де туған жерін, ел-жұртын аңсап-сағынатыны белгілі. Ап Сәбит Мұқановтың болса ағайын-туғандары, дос-жарандары тұрып жатқан ауылын әрқашан аңсауында бір сыр бар. Жазушы өзінің естелігінде:»… 1723 жылы болатын «ақ табан шұбырынды, ала көл сұлама» жұтында Сыр бойында көшіп жүрген біздің ел де, қазіргі мекеніне ауып, Россияға еркімен бірінші боп қосылған ауылдардың қатарына кіреді», – деп жазады. Сол ұлы көште Керей руынан тараған әр атаның баласы жол-жөнекей өздеріне ұнаған, жанға сая, малға пана боларлық жерлерге орныға бергенге ұқсайды.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
(Жалғасы бар).
______________________________________________________________
Soltústіk Qazaqstan 27 qazan 2020 jyl, 5 бет № 124