Абайтанушы Сәбит Мұқанов
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйектің 2-і күнгі Қазақстан халқына Жолдауында: «Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» деп нақты міндет қойғаны мәлім. Өкінішке қарай, аталған асылдарымыздың еңбектері әлі күнге дейін ел арасында лайықты насихатталамай жүргені де жасырын емес. Сондай олқылықтардың орнын толтыруды көздейтін төмендегі дүние көпшілік қауымға ой салар деген үміттеміз.
Сөз зергері Сәбит Мұқанов «Абай Құнанбаев» монографиясында (1944-1945) ақын өскен орта, ата-тегі, өмір кезеңдері, дүниеге, сөз өнеріне көзқарасы туралы зерттеу жүргізіп, тиянақты тұжырымдар айтты. Жазушы сөзімен айтсақ: «Абайды – ата-тегінде, өз өмірінде, ақындық таланты мен шеберлігін де, оқу-білім де, жалпы адамдық, өз ұлтының пікірлерін де, өміріндегі, шығармаларындағы күшті әлсіз жақтарын да түгел қамту» көзделген. Зерттеуші даналық қорытындыларға, қанатты, ғибратты ойларға мейлінше бай қарасөздеріне зейін аударады. Қара сөздеріндегі көркемдік шеберліктің бір сыры ақынның дарынды шешендердің мұрасын жетік һәм терең үйреніп білгендігінен деп түйіндейді. Зерттеуші Абай поэзиясының бейнелілік-суреттілік жүйесіне, ақындық тілі мен құрылысына талдау жасайды. Абайдың Шығыстың классикалық әдебиетімен байланысы және А. С. Пушкиннен, М. Ю. Лермонтовтан, И. А. Крыловтан аударылған шығармалары жөнінде ой өрбітеді. Ұлы ақынның табиғат лирикасындағы философиялық ой да, сурет те, сыр да біртұтастықта екендігін көрсетеді. Яғни Абайдың жаратылысты сөйлетіп, құпиясын төгілте суреттеп жеткізіп, ой-сезім мұхитының ағыс-толқындарын тудырып, ғаламат қуаттың көзіне айналатындығын дәлелдейді. Осы еңбегінде: «Ұлттық тіл – сол ұлттың тілі – сол ұлттың барлық мүшесіне түсінікті бола білсе ғана тіршілігінің айнасы мен құралы болады» – деп жазады. Шынында да, Абай поэзиясы – қазақ өмірінің айнасы. Демек, ол ана тілінің негізгі сөздік қорын сарқа пайдаланған, соның ну орманына еркін шүйгіген ерен дарын. Автор ақын туындатқан шендестірулерге, ауыстыруларға, теңеулерге, әсірелеулерге ой сәулесін түсіреді. Олардың қазақ халқының шаруа-кәсібімен, тұрмыс-салтымен, аңшылық, малшылық дәстүрлерімен төркіндес, тамырлас екендігін баяндаған, Абайдың қазақ өлеңіне енгізген өзгеріс-жаңалықтарына тоқталған. Фольклорлық поэзияға жыр үлгісі мен қара өлең шумағы тән болса, ал қазақтың жазба поэзиясына Абай жиырмаға жуық түр қосты деп пайымдайды. Абай жыр үлгісімен «Өзгеге, көңілім, тоярсың…», «Болыс болдым мінеки…», «Жаздыгүн шілде болғанда…» сияқты өлеңдерін шығарған. Мұнда «бірқалыпты үйлес жиі қолданылғандығын» ескертеді зерттеуші. Ақын енгізген жаңалықтарды анықтау үстінде, оның өлеңдерінің буындық, тармақтық, ұйқастық, шумақтық, ырғақтық құрылысының ерекшеліктерін есепке алады. Абайдың қазақ өлеңіне кіргізген ұшан-теңіз өзгерістерін осылайша жіктейді: «Асылы «осы жаңалықтарында Абай қазақ поэзиясына тән заңды (өлеңге төрт буыннан артық буыны бар сөз қоспау, қазақ сөзінің буын құрылысын сақтау) бұзбайды, қатты сақтайды». С. Мұқанов ақынның композиторлық шеберлігіне де назар аударған. Ол музыка зерттеуші А. В. Затаевичке Абайдың «Татьянаның Онегинге жазған хатын» өзі орындап, нотаға түсірткен.
Сәбит Мұқановтың көрсетуінше, Абай ақындық қуаттың, таланттың, поэзияның басты мақсаты – «қоғамды өркендету үшін қажетті құралдардың бірі деп түсінген кісі» дейді. Және де ол ойшыл, қайраткер, ұлт ақынының тұлғасын түсіндіргенде ұлы сыншы В. Б. Белинскийдің «бүкіл ұлттың рухына бейне бола аларлық ұлы адам бола білу керек» деген ұстанымын негіз етіп Абай шығармашылығын талдайды.
Абайдың өміріне қанық Қатпа Қорамжанов пен Архам Ысқақов: «Семейден Абай орысша және мұсылманша көп кітаптар алып қайтып, соларды оқумен шұғылданды. Ол кітаптарды оқып бітірген соң, Семейге кетіп, тағы да кітаптар әкелді. Осылай Семейден кітаптар әкеп оқу 1873 жылдан бастап Абайдың дағдысына айналды», – дейді. (Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. А., 1980. 209-211 беттер).
Абайтанушы Сәбең осы бір «Абай Құнанбаев» монографиясында: «Америка саяхатшысы Джорж Кеннен жазады: «Менің сұрауларыма Леонтьев (Семейдегі кітапхананың бастығы. – С.М.) жауап беріп, Семей кітапханасының құрылуы тарихын баяндайды да: «Кәттә қазақтар да мұнымен пайдаланады, – деді. – Мен білетін Ибрагим Кононбай деген қарт қазақ бар, оның кітапханаға келіп жүруі былай тұрсын. Милль, Бокль, Дрэперді де оқиды» («Сибирь и ссылка», 140 бет, 1906 ж.) Г. Г. Льюис пен Д. С. Милльдің талқылауы арқылы орыс тілінде 1867 жылы шыққан Огюст Конттың «Позитивтік философиясын» Абайдың оқығандығын оның дін туралы пікірлерінен байқалады. Дж. В. Дрэпердің «Еуропа пікірінің өркендеу тарихы» (бірінші рет орыс тілінде ХІХ ғасырдың 60 жылдарында шыққан болу керек. Біздің қолға түскені 1896 жылы басылғаны. Абай алғашқы шыққанын оқыған сияқты) атты кітабының кейбір пікірлерін Абай өлеңге де аударады. Мәселен, Абайдың:
Өмірдің алды ыстық, арты суық,
Алды ойын, арт жағы мұңға жуық, –
деп, келетін өлеңдері мен Дрэпердің мына сөздері дәл келеді: «Жас шағында өзінің күшіне еркін сенген адам қартайғанда күшінен көңілі суып, басқаша ойлайды. Уақыт өткен сайын, жастықтың елікпе қиялдары да бәсеңсиді, одан кейін әр ойын тізгіндеп, тілегінің өрісін тарылтады. Ақырында шын тұрмыс оның көзінен пердесін сыпырады, қартайған оның ойына адам үмітінің болмашы екендігі ұялайды. Оның тапқаны табам деп ұмтылғанына аз ұқсайды» (2-бет).
Өмірдің алдындағы үміт пен артындағы өкініш туралы айтқан Дрэпердің пікірі Абайдың бірнеше өлеңінде әр қилы жүйеде кездесіп отырады» – деп жазады. Бұл жерде келтірілген деректер мен ой сарындары (Дж.В.Дрэпердің Абайдың толғанысымен үйлесімділігі) жаңалық. (Сонда, 213-214 беттер). Академик-жазушы С.Мұқановтың осы бір дерегі өзге авторларда кездеспейді.
1944 жылдың күзінде Архам Ысқақовтың аузынан Сәбит Мұқанов Абай қолжазбалары мен мұрасының жиналу тарихына байланысты мына бір деректерді жазып алған.
– Әкем жинағанда, Абайдың көп қолжазбалары жыртылған, сөздері өшкен күйінде табылды. Мынадай бір оқиға болды: 1905 жылдың көктемінде әкем мені ертіп Махмуд молданың үйіне барды. Ас даярланып жатқан кезде, Махмудта қалған Абайдың қолжазбаларын әкем қарап отырса, Абай өлеңмен түгел аударған Лермонтовтың «Вадим» деген әңгімесінің бастапқы екі-үш қана қағазы сақталыпты. «Өзгесі қайда?» деген әкемнің сұрауына, Махмуд күйбеңдеп жауап бермей отырды да, қазбалап қоймаған соң: «Жыртып тастап еді», – деп Құтыш атты тентек баласын көрсетті. Бұл қылыққа әкем қатты ренжіді де: «Абайдан көрген жақсылығың көп еді. Оның еңбегіне бұлай қарауың – жаныңның ашымағаны ғой. Сені жұрт имам дейді. Мына ісіңе қарағанда, сен имам түгіл мұсылман да емессің», – деп, табылған қағаздарды қалтасына сап, даяр асқа қарамай аттанып кетті».
Мүрсейіт Бікіұлы руы Тобықты. Оның ішінде – Әнет Мүрсейіттің әкесі – Бікі жасында Құнанбайдың қолына көшіп келіп, малшысы болған, Мүрсейіт Ысқақтың балаларымен бірге Жақып молдадан мұсылманша оқиды. Зерек, ынталы Мүрсейіт Семейдегі интернатта екі-ақ жыл оқып, орысша аз да болса хат таниды да, аулына қайтып кеп, балаларға мұсылманша және орысша сабақ береді.
Абай тірі кезде, Мүрсейіт оның өлеңдерін жинаумен шұғылданбаған, оған себеп мынау: Абай өзінің қолжазбаларын Махмуд деген молдаға, өз баласы Мекайылға, әйелі Еркежанның інісі Сүлейменге сақтатады екен. Абай өлгеннен кейін Мүрсейіт жинай бастаған және Абай өлеңдерін бастыру мақсатымен Кәкітай Ысқақов жинайды.
Кәкітай Ысқақов – Абайдың немере інісі – 1870 жылы туып, 1915 жылы өлген.
Кәкітайды Абай жақсы көреді екен. Абай 1882 жылы қыстай Семейде жатып кітапханадан кітап алып оқумен шұғылданғанда, Кәкітай Абайдың қасында болған. Осы кезде Абайдың үйретуімен Кәкітай орысша хат танып, жеңіл-желпі орысша кітаптарды өз бетімен оқып, түсініп кеткен.
Жиналған өлеңдерді Кәкітай Мүрсейітке жаздыртады. Себебі, біріншіден, Мүрсейіттің қолжазбасы анық және көркем болады, екіншіден, жыртылған я бас-аяғы жоқ қолжазбалардың жоғалған сөздерінің көбін Мүрсейіт жатқа біледі.
Кәкітай 1906 жылы Абайдың өлеңдерін Мүрсейітке түгел жаздырып алады да, Омбыда бастыру мақсатымен (ол кезде Омбыдан жақын қалада мұсылманша шрифт болмаса керек) Семейге сатуға екі семіз түйе, екі құр атты жетекке алып жүріп кетеді.
Абайдың өлеңіне құмартқан халық ішінен, оның жинағы басылып шығуын күтпей, Тобықтының өз руларынан да, көршілес рулардан да, Мүрсейіт көшірген Абай өлеңдерін қолқалаушылар көбейеді. Осыларға Мүрсейіт қолында қалған Абай өлеңдерінің бір данасынан көшіріп беріп, ақысына бір қой, бес сом ақша алады. Осы әдіспен 1909 жылы баспадан шыққанша, Абайдың өлеңдер жинағы Мүрсейіттің қолжазбасымен көп елге тарап кетеді. Мүрсейіттің тарих алдында істегені осы, оның қолжазбасы қазір Абай өлеңдерін текстология жағынан тексергенде негізгі деректердің бірі болып келеді.
Абайдың тұңғыш шығармалар жинағы 1909 жылы Петербургта басылып шықты. Оның жарық көруіне себепші болған Кәкітай Ысқақовтың еңбегін айрықша атап өтпеске болмайды. Омбы мен Қазан қалаларында Абайдың кітабын бастыра алмаған ол, көп қиындықтарды көре жүріп, 1908 жылдың қысында Абайдың өлеңдер жинағын Петербордың бір баспасына тапсырып, көктемде еліне қайтты.
Абай 1886 жылдың 4 мамырында Семей облыстық статистикалық комитетіне толық мүше ретінде және 1887 жылдың 26 сәуірінде Семей қалалық бастауыш білім қамқоршылары қоғамына қабылданған. Мұны айтып отырған себебіміз – Абайдың қоғам қайраткері екендігі Сәбит Мұқановтың пікіріне толық айғақ. Бұған қоса ел қызметшісі Абай 1886 жылы «Интернатта оқып жүр» атты өлеңі де ұлт мұратын терең қозғаған. Стратегиялық ойдың иесі ежелгі дәстүрді ақыл-ойға бағындырып, жаңаша бастамаларға тәуекел еткен, онысы интернатта оқып жүрген талапкерлерге қаражат жағынан көмектескенін Сәбең былайша баяндайды: «1885 жылы Құнанбай өлгеннен кейін оның өзге балалары, қазақ әдетімен, «әкемізге ас берейік» дегенде, Абай: «Асқа мал бөлейік, бірақ ол малды сойып жұртқа жегізбейік, орыс школасындағы оқитын қазақ балаларына жәрдемге берейік», – дейді және осы айтқанын істейді де. Құнанбайдың асына шығарған малдарды (саны мәлім емес, бір хабарда 100 жылқы, 200 қой) Абайдың сатып, Семейдің интернатында оқитын қазақ жастарына беруі, Құнанбайдың өзге балаларына да, ағайындарына да, көршілес елдерге де ұнамаған, «Құнекеңді атаусыз қалдырды», – деп талайлар ренжіген».
Сәбең Абай поэзиясының ішкі рухын, тұңғиық сырын түсіндіргенде өзіндік ой сарындарын ұсынады. Мына бір шумақты былайша тексереді:
Шырақтар, ынталарды «менікі де»,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділет пен арлылық, махаббат пен
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.
Абайдың ойынша, «қабірден әрі өткенде» адамның Тәңірге апаратын сыйы: бұл дүниеде адамның адамға сіңірген жақсылығы, адамның арлы, мейірімді болуы. Абай бұл пікірін Тәңіріні танудың, діншілдіктің ең биік мұнарасы деп ойлап:
Дін де осы, шын ойласаң тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдық – Хақтың досы, – дейді» (Сонда, 235-236 беттер).
Қазақ тілінің заңдылықтарын сұңғылалықпен танып-білген, қабылдап түсінген Абай поэзиясында халық тілінде қолданылмайтын жаңаша етістіктерді туындатқан. Соларды Сәбең былайша дәйектейді: мысалы: «Ақыл іздеп, ізерлеп, Бәрін сынап сандалған». Сонда түбірі «із», сонан «іздеу», «ізерлеу» өрбіген… Осы тұрғыдан келгенде Абай «соңырқап» (соны, сонарлау, соныдан, соныға дегендерден шыққан болу керек), Немесе: «Түзу бол» деген кісіге, Түзу келмес ырықтап». С. Мұқанов «ырық» деген зат есім халық тілінде етістікке айналмайтын, тек жалғаумен «ырқы, ырқының, ырқына, ырқын» деген сияқты түрін өзгертетін сөз» еді деп жазады (Сонда, 362-бет). Сонымен қатар: «Құбылға бәрі керек қой, Бәрі жайсыз тоқтауға» «Құбыл» дейтін зат есім «құбылу» дейтін етістіктен шыққандығын айтады.
Иіні келгенде, айтудың жөні бар. Сәбең Абай музейіне Абайдың 1909 жылғы басылымын сыйлаған.
Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың Абайдың шығармашылық өмірбаяны жөніндегі пайымдаулары ХХІ ғасырда да пайдалы.
СЕРІК НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор.