Сәбит Мұқанов туралы сөз
Қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы, ақын, драматург, қоғам қайраткері, академик Сәбит Мұқановтың есімі ХХ ғасырдағы әдебиет әлемінің көрнекті тұлғалары қатарында құрметпен аталады.
Сәбит Мұқановтың балалық шағы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл өңірінде өтті. Жастық шағында Омбыдағы мұғалімдер курсында, Орынбордағы жұмысшылар факультетінде, Мәскеудің қызыл профессура институтында білім алған.
Бірнеше жыл қатарынан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы (1936-1937, 1943-1951), Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшесі (1958-1969), Араб елдерімен Достық және мәдени байланыстар қоғамы Қазақ бөлімшесінің төрағасы (1965-1969)қызметтерін атқарды.
Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасы (1928), «Адасқандар» (1931), «Жұмбақ жалау» (1938), «Балуан-Шолақ» (1941), «Сырдария» (1948), «Өмір мектебі» (1953) роман-трилогиясы, «Аққан жұлдыз» (1967-1970) роман дилогиясы тек қазақ оқырмандарының ғана емес, шетелдік әдебиет сүйер қауымның да ыстық ықыласына бөленген шығармалар. Ал ғалым Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932), «ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан очерктер» (1941), «Жарқын жұлдыздар» (1966), «Халық мұрасы» (1974) атты еңбектері уақыт өткен сайын өзінің ғылыми құндылығын арттыра түсуде.
1978 жылы Алматыда С. Мұқановтың 1965-1973 жылдары тұрған үйінде әдеби-мемориалдық музей ашылған болатын. Содан бері музей-үйі ширек ғасырға жуық уақыт халыққа қалтықсыз қызмет көрсетіп келеді. 1999 жылы С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің музей-үйлері әкімшілік-басқару жағынан біріктіріліп, қазір «С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені» деп аталады.
2000 жылы – Сәбит Мұқановтың, 2002 жылы – Ғ. Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО- ның қолдауымен аталып өтілгені – қазақ әдебиетінің, мәдениеті мен өнерінің үлкен мерейі деп білеміз.
С. Мұқановтың 100 жылдығына орай Қазақстанда бірқатар мәдени жұмыстар атқарылды. Жазушының музей-үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы жаңартылды. Алматыдағы С. Мұқанов көшесінің бойындағы скверде жазушыға ескерткіш-мүсін орнатылды. Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалы драма театрына жазушы есімі берілді. Туған аулындағы орталау мектеп те С. Мұқанов атын иеленді. Астанада, Петропавлда, Бішкекте жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған үлкен ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, оның материалдары жеке-жеке кітап болып жарық көрді.
Жазушының 16 томдық шығармалар жинағы жетпісінші жылдары жарық көрсе, енді мерейтойына байланысты қабылданған Үкімет Қаулысымен шығармаларының 10 томдығын шығару қолға алынуда. 2001 жылы С. Мұқанов туралы естеліктер кітабы толықтырылып, жаңарып, екінші рет жарық көрді.
«Адасқандар» атты романы 1931 жылғы, алғашқы нұсқасы бойынша Астанадағы «Елорда» баспасынан, «Балуан Шолақ» аңыз романы Қытайдағы «Шыңжаң» баспасынан, ал «ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан очерктер» атты ғылыми-зерттеу еңбегі 60 жылдан соң Алматыдағы «Арыс» баспасынан қайта жарық көрді. Кеңес өкіметі кезінде жазушының бұл кітабы байшыл, ұлтшыл ақын-жазушыларды мадақтады деген сылтаумен назардан тыс қалдырылған болатын.
Музей кешені ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2002 жылы 28 ақпанда Алматыдағы «Ғалымдар үйінде» «С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов – қазақ әдебиетінің классиктері» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырды. Осы тұста «Өмірбаяндық өрнектер – Автобиографические эскизы» атты қызықты кітапты құрастырып, конференцияға қатысушыларға тарту етті. Конференция материалдары да кітап болып шықты.
С.Мұқанов туысқан елдер әдебиетінің шын жанашыры болып, белгілі қаламгерлермен қоян-қолтық тығыз творчестволық қарым-қатынас жасаған жазушы. Оның кітаптары әлем халықтарының тіліне аударылған екен. Музей қорында сақталған хаттар мен телеграммалар, кітаптардағы қолтаңбалар шертер сырлар да әр алуан. Біз орыс жазушылары Алексей Толстойдың, Самуил Маршактың, Леонид Леоновтың, Александр Фадеевтің, Анатолий Ивановтың, Галина Серебрякованың, Федор Панферовтың, Алексей Брагиннің, Петр Проскуриннің, украин Максим Рыльскийдің, Дмитрий Гриньконың, Вадим Собконың, қырғыз Шыңғыс Айтматовтың, Түгелбай Сыдықбековтің, литван Ионас Шимкустың, Эдуардас Межелайтистің, белорусь Петрусь Бровканың, азербайжан Сүлейман Рагимовтың, ұйғыр Зия Сәмәдидің, өзбек Мирмухсин мен Ғафур Ғұламның, башқұрт Сайфи Құдаштың, авар Расул Ғамзатовтың, татар Мұстай Кәрімнің,, т.б. Сәбит Мұқанов туралы жылы лебіздерін, достық көңілдерін, бауырмал ыстық ықыластарын әрдайым еске алып отырамыз.
Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР ҰҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет институты, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектерін, әдеби мол мұрасын насихаттауда көп жұмыстар жүргізе бермек. С.Мұқанов шығармалары қазірдің өзінде ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға батыл қадам басты деп сеніммен айта аламыз. Оның өмірі мен шығармашылығы мектеп және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енген. Жекелеген кітаптары Қазақстан және шетелдік баспалардан қайта басылып шығуда.
Осы ретте Мәскеуде, Сәбеңнің талай достарымен қауышқан осынау қара шаңырақта – қазіргі Халықаралық жазушылар одақтарының бірлестігі үйінде ұйымдастырылған Сәбит Мұқановты еске алу кешіне шақырғандарыңызға ілтипатты рахметімді айтамын.
2003 ж.
Қайырбеков, Ә. Сәбит Мұқанов туралы сөз /Ә. Қайырбеков //Тұлғалар тағылымы.- Алматы: «Айғаным», 2014.- Б. 42-45