Сәбит және Қызылжар (жалғасы )

Жарияланған Angela 07.06.2021 Естеліктер |

1926 жылы Сәбит «Бостандық  туы» газетінің тілшілеріне арнап «Газеттің досы тілшілер» атты өлең шығарып, сол газетте жариялайды. Онда мынадай шумақтар бар:

… шаруаға көз болып,

Қисық іске тез болып,

Игілікке бастайтын –

Газеттің досы -тілшілер.

Бітер істі өнімді,

Еңбекке жегіп өмірді,

Еңбектен тайып қашпайтын

Газеттің досы – тілшілер.

1926 жылғы жазда сол кездегі Қазақстанның астанасы Қызылордаға барып қызметке орналасқан Сәбит, 1928 жылы жазда елге келеді. Ол Қызылжар қаласында Ленинградта оқып жүрген студент Әлкей Марғұланмен танысады. Сол жылғы күзде өзі де Ленинградқа барып, Ленинград университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Бірақ сол кездегі материалдық жағдайы көтермегендіктен 1929 жылдың жазында ол Қызылжарға қайтадан келеді. Петропавл (Қызылжар) округтік партия комитетінің хатшысы Брусницын оны мынандай үш бірдей қызметке тағайындайды: 1) «Кеңес ауылы» газетінің редакторы; 2) округтік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасары; 3) совпартшколаның саяси сабағын жүргізетін мұғалім. Бұл әрине, сол кездегі білімді кадрлардың жетіспеушілігінен еді. Сондықтан Сәбит амалсыздан көнеді, Редактор Сәбит газеттің жауапты хатшылығына педтехникумды аяқтағалы жүргенде оның басшылары «байдың баласысың» деп оқудан шығарып жіберген (болашақ айтулы жазушы драматург) Шахмет Хұсайыновты алады. Сәбең өзіне тапсырылған барлық жұмысты зор жауапкершілікпен атқарады.

«Міндетті қызметтердің үстіне қоғамдық қызметті де ұмытпай, 1930 жылдың басында Қызылжар қаласында жазушылар ұйымын құрдық. Оның белсенді мүшелері: – Мәжит Дәулетбаев, Елжас Бекенов, Шахмет Хұсайынов», – деп жазады С.Мұқанов «Өмір мектебінің» 3-ші кітабында. Осы ұйым мүшелерінің ұйымдастыруымен «Жарыс» атты альманах шығарылады.

Қызылжар қаласында Сәбит Мұқанов қазақтың бірсыпыра талапты жастарымен, болашақ жазушыларымен кездесіп, оларға көмектеседі. Сол жазушылардың кейбіреуінің естеліктерінен үзінді келтіре кетейік:

Дихан Әбілев: «Мен алғаш Сәбеңмен 1933 жылы Петропавл (Қызылжар) қаласында танысқам. Ол жылы мен Қызылжарда шығатын облыстық «Ленин туы» газетінде редактордың орынбасары боп қызмет істейтінмін. – «Москвадан Сәбит Мұқанов келіпті. Амосов жолдаста, Садық Нұрпейісов жолдаста болыпты. Ертең клубта «Қазақ әдебиетінің жайы» деген тақырыпта баяндама  жасайды». Редакция қызметкерлері осылай шүйіркелесіп жатқанымызда, Сәбеннің өзі редакцияға келіп қалды. Жауапты  редакторымыз Тұмыш Сарқоджаев өзі аз әңгімелескен соң, бәрімізді кабинетке шақырып алып Сәбеңмен таныстырды. Ертеңіне клубта қалалық жиналыс болды. Халық көп жиналды. Сәбең баяндама жасады. Ол Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін», «Қызыл атын», Ілияс Жансүгіровтың «Даласын», Ғабиттің «Тулаған толқынын», Бейімбеттің «Мырқымбайын» әсерлі толғап бір тастап, Жақанның «Әлі қартына», Ғалымның «Қырық қызына», Асқар, Тайыр, Әбділдалардың өлең жырларына, Елжас Бекеновтың, Мәжит Дәулетбаевтың, тағы басқалардың прозаларына да жұрт назарын аударды… Баяндама аяқталды. Жұрт тараған жоқ.

– Сәбит өз шығармаларын қайда қояды? Оларды неге айтпайды?

-«Батырақ» қайда? «Сұлушашты» неге айтпайды? «Адасқандар» ше? – деген сұрақтар жауды. Сәбең мінбеге барды да:

– Жолдастар! Менің жазғандарымды өздерің біліп отыр екенсіңдер. Ендеше мен әзір сіздер білмейтінді айтайын. Мен, Москвада оқи жүріп, «Жұмбақ жалау» деген үлкен роман жазып жатырмын. Көп кешікпей сол романды оқитын боларсыздар!» -деді.

Сәбең сол сапарында обком секретарларымен сөйлесіп, Ғалым Малдыбаевты Москваға оқуға жіберу мәселесін шешіп кетті. Күзінде Ғалым Москвадағы Коммунистік журналистер институтына түсті».

 

Сейітжан Омаров: «Отыз алтыншы жылғы июнь айының бас кезі. Онда Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде бөлім меңгерушісімін. Жас әдебиетшілердің басын қосатын үйірмеміз бар. Оған газетте қызмет істейтін және  мұғалімдер техникумында оқитын жиырма шақты жастар қатынасады. Қазақстанның 15 жылдық мерекесіне арнап облыс жас жазушыларының таңдаулы шығармаларынан құрастырылған «Жас қалам» атты кітап шығарып едік. Атағымыз бүкіл Қазақстанға жайылып, айдарымыздан жел есіп тұрған шағымыз.

«Жақын арада Қызылжарға, Сәбит Мұқанов келеді екен» деген хабарды біз Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы уәкілі Әбдірахман Айсариннен естідік. Сәбең оған арнайы хат жазыпты. Екеуінің көп жылдан бері дос екенін бұрыннан білеміз…

Асыға күткен сәтті күн де жетті. Сәбит аға мен Мәриям жеңгейді темір жол вокзалынан облыстық газет редакторы Сейілбек Үсенов пен Әбдірахман Айсарин қарсы алды. Келген күннің ертеңіне Сәбең редакция қызметкерлерімен әңгімелесті. Қазақ совет адебиетінің қазіргі хал-жағдайын баяндап берді…

Қайролла МҰҚАНОВ, ардагер-ұстаз (Жалғасы бар).

// Солтүстік Қазақстан . – 2015 жыл. –  8 cәуір.  – 4 бет.

 

Copyright © 2010-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».