Съездегі кездесу

Опубликован u6m5rqc8 от 02.06.2021 в Воспоминания |

  Бүгінде туғанына 110 жыл толуын еліміз болып атап отырған ұлы қаламгер Сәбит Мұқанов халық  сүйіспеншілігіне бөленген, жүрегі нұрлы азамат болғанын барша қауым білсе де, мен де оның осы асыл қасиетін өз жантәніммен сезгенімді айтқым келіп отыр. Әуелі әңгімені Сәбеңді бір көруге деген бала арманға қалай берілгенімді айтудан бастауға оқталдым. Бұған менің өмірімнің де жазушы тірлігіне ұқсастығы себеп болды.

Осы айтқанымдай, мен де жетімдіктің құрсауына жастан шырмалған адаммын. Сол көңіл жүдеу, өмір жұтаң күндерде қолыма Сәбит ағайдың «Менің мектептерім» мемуары тиген шақтарды әсте ұмыта алмаймын. Онда төртінші-бесіншіде оқитын кезім. Ересек балаларға еліктеп, кітапты көп оқуға тырысамын. Осындай шақта аталған кітап қолыма тиді. Сәбит ағай жетімдік кешкен жүдеу күндерін шынайы жазғаны мені баурап алды.Содан «Шіркін, осы жазушыны бір көрсем-ау!»деген арман бойды баурап алды.  

Бірақ бұл кездесу ұзаққа созылды.

Әке-шешем ерте дүниеден өткесін алыс-жақын ағайын мен жамағайыннан қайыр болмай қиналдым. Он сегіз жасқа толар-толмаста Қарағандыға шахтаға қара жұмысқа алып кетті. Ара түсер жанашыр болмағасын, әрине, көнбеске лажың жоқ. Сонымен онда үш жыл жұмы сістеп, Қызылжарға келдім. Осындағы атқарушы механизмдер зауытына токарь болып орналасып, онда аттай қырық бес жыл осы кәсіппен шұғылдандым.

  «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай айтқандай, бақытымды еңбегімнен таптым. Тепсем темір үзетін жас кезім ғой, бес жылда екі бесжылдық жоспарды орындадым. Осы еңбекқорлығыммен көзге түсіп, мені XXIII партия съезіне делегат етіп сайлады.

  Қарапайым ғана ауыл баласы осылайша қатарға қосылып, Дінмұхаммед Қонаев бастаған Қазақстан делегациясының құрамында Мәскеуде ел коммунистерінің басты форумына қатыстым. Осында кептеген еңбек озаттарымен танысып, бұрын жүздерін танымайтын ел басшыларын көрдім.

  Бірақ бәрінен де Сәбит ағаймен кездескенім естен кетер емес. Съезд жүріп жатқан күндердің бірінде «Москва» қонақүйіндегі жатқан бөлмемнің есігі ақырын қағылды.

  -Бұл кім? Кіре беріңіз,- десем:

  — Мен, Сәбит Мұқановпын. Маған солтүстік қазақстандық Мырзатай Баймақанов деген адам керек, -дейді.

  Орнымнан атып тұрып есік ашып,ағаны кіргізіп алдым.

  Ол жұмсақ орындыққа жайғасқасын таныстықты баста- ды. Ата-тегімді,қызметім дәптіштеп сұрап алды.

 -Өз өңірімнен келген делегаттарды іздеп тауып, танысайын деген ниетім бар еді. Әсіресе, сен сияқты еңбек озаттары туралы жазбақ ойым бар,- деді.

  Әңгіме барысында маған жұмысым бойынша бірнеше сауалдар қойды. Менің қорғаныс зауытында жұмыс істейтінімді білгесін біраз ойланып отырып қалды. Осыны аңғардым да, мен бұл зауытта үй тұрмысына қажетті бұйымдар, магнитофондар, радиоқабылдағыштар шығарылатынын айтқасын Сәбең: 

-Онда жарайды! — деп алды да, керек деректерді түртіп алып, үстел үстінде жатқан космонавтардың фотоальбомын алып, «Інім Мырзатайға ескерткіш ретінде!»-деп  қолтаңбасын жазып берді.

  Кетерінде Сәбең маған ел туған жер жайында біраз әңгімелер айтып, осы делегаттар туралы «Жұлдыз» журналына мақала жазбақ ойы барын білдірді.

  Қимастай болып қоштасып қала бердім. Ол сол кезде елудің үстінде, ал мен отызбес жастамын. Үлкен басымен келіп, мені терезесі тең адамдай құрметтегеніне керемет тебірендім сонда. Оның өте кішіпейіл бауырмал адам екенін сездім.

  2006 жылы оның ғұмырлық жан-жары болған Мәриям апайды Қызылжарда көргенімде Сәбеңмен съезде кездескенімді айттым. Мәриям апай да жан-жарына деген інілік ізетіме ризалығын білдіргенде төбем көкке жеткендей болды.

Мырзатай Баймақанов, дербес зейнеткер.

Петропавл қаласы.


Солтүстік Қазақстан.- 2010 жыл.- 22 сәуір.- 8 бет.

Copyright © 2020-2024 Сабит Муканов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».