Сәбит таңы
«… Жолында өзім ерген ұлы көштің
Бір талай мен қалдырған мүлік жатыр».
Сәбит Мұқанов
Айта салған сөзім емес дәлелсіз —
Танығанға Сіз бір байтақ әлемсіз!
Жерді айналып
Күндер, Түндер… тоқтаусыз
Өтіп жатыр, өтіп жатыр Сәбеңсіз.
Ойым әсем өрнектелмес мәнерсіз,
Қате дерсіз,
Бәлкім жөн-ау.
Иә! – дерсіз.
Жиырма жеті жыл өтіпті-ау зымырап
Сәбең алар,
Сәбең берер сәлемсіз!
Ертіс, Есіл кетпесе де кері ағып,
Алыптарсыз кім не берді, нені алып?
Ғасырлардың қайраңында ең алып
Бір кемеміз тұрып қапты-ау дем алып.
Көңіл шіркін кей-кейде өстіп бұзылар –
Тағдыр – тайғақ, жанды қарыр сызы бар.
Тәуба дейміз ӨМІР аты айдында
Мұқановтың мыңды айдаған ізі бар!
Артығырақ кеттім бе деп мына мен
Орыстан да, қазақтан да… сұрап ем.
Бір кісідей кәрісі айтты, жасы айтты
Деген сөзді «Сәбең — тұтас бір Әлем!
» Шындық айтсаң жия тұрып ұятты —
Төбемізден Жұлдыздар ғой жиі ақты.
Шоқ Жұлдыздың бірі—Сәбит Мұқанов,
Ұлтымыздың баламасы сияқты.
Келді міне қос ғасырдың тоғысы,
Қазақ емес,
Емес тіпті орысы…
Шалғай жатқан біздей ата қонысы,
Мекен-тұрақ жайылымы, өрісі..
Талайлардың өкілі айтты
-Дегенді:
«Сәбит-ойдың жүйрік бәйге-торысы! «
Нұр боп,
Жыр боп қона салар бақ қандай –
Шаттандым-ау таңым шалқып атқандай!
Еркін елдің ерке ұлындай жарқырап,
Сәбең болып,
Әлем болып көгімде
Ғасыр таңы атып келе жатқандай!..
Есләм Зікібаев.
// Солтүстік Қазақстан.- 2005.- 22 сәуір.- 10 бет.