Сәбит – Мағжан – Сәкен
Қазақ мәдениетінде, оның ішінде әдебиет саласында даудамайы, айғай-шуы басылмай келе жатқан мәселе – Сәкен – Мағжан — Сәбит түйіні. Бұлардың қым-қуыт қарым-қатынасы әшейінгі қазақи әңгіменің ауқымынан шығып, әдеби шығарма, эссе, ғылыми зерттеу, монография, мақала деңгейінде ел-жұртқа жария болып, дабыраға айналған өте қиын мәселе. Кім болса да бұған құлақ түрмей өте алмайды, реті келсе өзінің бояуын қоспай тұра алмайтын құбылыс. Осы қиын да даулы мәселенің шындығына жетейін, өзім көрген-білгенімді қалың жұртқа айтып берейін деп «Өнер бәсекесі, немесе Мағжан мен Сәкен» деген бес жүз беттік тарихи-әдеби эссе жазып бітіріп, баспаға ұсындым.
Еңбекті жазу барысында ешқайсысына іш тартпай, тарихи шындық, құжат, мұрағат деңгейінде артығын артық, кемін кем, уақытша жеңіс пен жеңілісті түгелге жақын қамтыған сияқтымын. Тарихты жалғыз өзім ғана білемін деп өрекпу әрине ешкімге, оның ішінде ғалымдарға жараспайтын қылық. Осы салада соңғы кезде пайда болған жаман әдетті білмей жатып білем деушілерді, өсек-аяңды малданушыларды, атақ шығару үшін атыстыра-шабыстыра сөйлеушілер мен өркөкірек қуыс кеуделерді де сынай кетуге тура келді.
Осы шешімі қиын мәселелерді суыртпақтап отырғанда Сәбит тағдырына қатты алаңдадым. Сәбит Мұқановты кінәсіз, мінсіз, кемшіліксіз деп ешкім есептемейді. Өмір өткелінде өзінің демократтығынан , адамға жақындығынан Сәбеңе жететін жан жоқтығына емес, осы ғадетін толық сақтамағаннан таяқты көп жеген адамды табу да қиын. Тұла бойы қайшылыққа толы қайраткерге араша түсу мақсатымен емес, бар сыр-сипатын – тарихи шындық деңгейінде көрсетуді ойлап көпшілік түгіл, тіпті Сәбиттің өзі білмеген, жұрттың көзі түсе қоймаған бір кұжатты бүгінгі оқушыға таныстыруды қажет тауып отырмын, өйткені өсек-аяңның ініне су құяды.
Таяуда «Қазақстан» баспасы «Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 г. г.» деген жинағын шығарды. Олар Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан алынған. Оны жай оқып қана қоймай, тағдырлар тоғысына назар аударсаңыздар шиырлана матасқан, шешуі табылмайтын жұмбаққа тап боласыз да қайран қаласыз. Өйткені күні бүгінге дейін
С. Мұқановты советтік заманның қызыл көзі, әсіресе Мағжанның, қала берді Сәкеңнің «жендеті» деген қауесет өзінің көзі тірісінде бүкіл Қазақстанға тарап әлі күнге дейін басылмай келе жатқанын (кімдердің әдейі таратқанын қазбаламай-ақ қояйын) білесіздер. Жапқан жаладан ақталып шығу өте қиын. Дақ қалады. Шындықты дәлелдеу тек қана уақыттың құдіретінде ғана.
«Решение бюро Алма-Атинского горкома КП (б) К по аппеляции С. Муканова, 2 марта 1938 г.(Слушали:» Аппеляция Муканова.
Муканов Сабит, член КП(б) К. с июля 1920 г. партбилет № 1559860, рождения 1900 г; казах. По соцположению – служащий. В момент возникновения дела работал в качестве председателя СПК -писатель.
Муканов обвиняется в том, что в своих литературных призведениях, как-то «Сын бая», «Мырзабек», «Темертас», «Литература XX века», протаскивал контрреволюционные националистические взгляды.
Муканов был тесно связан с Сейфуллинным, Досмухамедовым, Асылбековым, Айсариным, Валиахметовым и Джумабаевым, ныне разоблаченными врагами народа. Когда Джумабаев был в ссылке, Сейфуллин имел с ним переписку и оказал денежную помощь.
Муканов состоял в сейфуллинской контрреволюционной националистической группировке во время совместной работы в Союзе писателей. Муканов ограждал Сейфуллина от критики, тем самым зажимал критику и самокритику.
Решением бюро Фрунзенского ГРК КП (б) К Муканов как активный член контрреволюционной националистической группировки, как пособник врагов народа и как неразорулившийся буржуазный националист из рядов партии исключен.
Муканов в своих заявлениях не отрицает предьявленные ему обвинения в допущенных ошибках в своей литературной работе и в своих связах с Сейфуллиным, Валиахметовым, Айсариным и другими, но заявляет, что он ничего не знал об их контрреволюционной националистической деятельности.
Обвинение, предъявленное Муканову о его переписке с Джумабаевым и оказании ему денежной помощи, когда Джумабаев был в ссылке, ничем не подтверждается.
Докладывал Г. Холодов, Муканов присутствует. (Постановили:)
Ввиду неясности отдельных вопросов, дело о Муканове отложить и поручить Г.Холодову дорасследовать материал и доложить на бюро.
Секретарь ГК КП (б) К. Шураков».
Бір сөзі өзгерілген жоқ. Санасы бар демей-ақ қояйын, әшейінгі ғана түсінігі бар жандардың бәрі Сәкен – Мағжан – Сәбит түйінінің қалай шиырланып күрмелгенін байқаған шығар. Осы қаулының әр бабы әр түрлі ойларға жетектейді, бірақ бір ғана жайды түсіндірсем, біраз шындықтың сыры ашылмақ. Қаулыда Сәкен Сейфуллин Мағжан жер аударылып жүргенде хат жазып , ақшалай көмек көрсетіпті, Сәбит Сәкеннің ұлтшылдық «группировкасында» болыпты деп жалғастырып жібергеніне қарап аты-жөндері алмасып түскен шығар «Обвинение, предьявленное Муканову о его переписке с Джумабаевым и оказании ему денежной помощи, когда Джумабаев был в ссылке, ничем не подтверждается» деген сөздер теріске шығаратын сияқты. Алайда тап осы түйінге айрықша тоқтау керек, өйткені адалдықты былай қойғанда үлкен адамгершіліктің ізін суыртпақтап шығарып аламыз.
Мағжан сотталып, Беломор каналында арып-ашып жүрген кезінде жазған хатын Сәбең 1959 жылы 10 қарашада маған оқып берген еді. Оны өзімнің «Дала -жүрек» деген естелігімде тарата жаздым, 1990 жылы Абай атындағы опера және балет театрында Сәбеңнің 90 жылдығына арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндамамда бүкіл республикаға естірте айттым. Ол хатта «таяуда түрмеден шығасыз, сонда қай жақта боласыз, зорлық-зомбылықты кек тұтқан пиғылда шығасыз ба, әлде «Тоқсанның тобындағы» ойға ойысасыз ба?
Біз үшін, қазақтың қасиетті поэзиясының келешегі үшін Сіздің совет жағына шыққаныңыз олжа болар еді деген ойларды жазыпты.
«Сізге тиісті орындар жазғызды ма? – деп сұрағанында: «Жоқ, өзім жаздым… – арымның әмірімен жазғанмын» деді. (Т. Кәкішев. Санадағы жаралар. «Қазақстан». 1992. 224-бет). Осы тұста Зылиха апайдың М. Горькийге, оның әйелі Е. Пешковаға барып, Мағжан жазасын 3 жылға қысқартқан шағы болатын. Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтында оқып жатқан Сәбит Мұқановтың осы игілікті қадамға араласпауы мүмкін еместей көрінеді маған.
Сотталған Мағжанға Сәбиттің хат жазып, өтініш білдіргені тарихи шындық екені қазір әбден дәлелденіп отыр. Біріншіден, С. Мұқанов музей қорында хаттың түп нұсқасы сақталуда.Екіншіден, Сәбеңнің естелігін естіген құйма құлақтардың бірі Жайық Бектұровтың естелігі: «Мен Мағжанға 1932-33 жылдары Москвада оқуда жүргенімде, ГПУ-ден рұқсат алып, оған лагерге, Мурманск жағына хат жазып жібердім» деген дерек («Бес арыс», 1992. 325-бет) болса, үшіншіден, Ш. Елеукеновтің мемлекеттік сыйлық алған «Мағжан» монографиясында ол хаттан цитат алып, бізге беймәлімдеу тың дерек келтіреді.
«1936 жылдың қыркүйек айында Қызылжарға Сәбит Мұқанов келе қалғанда Мағжанды әдейі іздеп тауып алып, шүйіркелесе сөйлеседі, жылы-жылы сөздер айтып, Алматыға қызметке шақырады. 1936 жылы 27 қазанда Мағжанға жазған хатында: «Сізбен жолығып сөйлескенде де мен айттым ғой: егерде өзіңіз шын ниетпен совет әдебиетіне қызмет етем десеңіз жазуыңызға ешкім бөгет болмайды деп. Сол сөзім әлі де сөз. Егерде шын ниетпен совет әдебиетіне ат салыссаңыз Сізді бетке қағатын, бұрын пәлен болып едің дейтін кісі болмайды. Пролетариаттың рахымы мол. Ол қорғай да біледі, жарылқай да біледі. Бірақ пролетариат сөз емес, істі жақсы көреді». (Ш. Елеукенов. «Мағжан».: 1995. 127, 135-136-беттер) дегендерді түсіндіріп жатудың өзі артық.
20 жылдары таптық желекті мықтап жамылған, большевиктік үғіт-насихатқа әбден бой алдырып, Мағжандарға айтпағаны қалмаған Сәбиттің жеке адамға табыну, әбден дәуірлеп тұрған кезде «тап жауы» ретінде сотталған Мағжанды өзінің пролетарлық қанатының астына алуы қайран қалатын құбылыс. Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлер мен ақын-жазушылар Алматының көшесінде Мағжанмен амандасуға жарамай, теріс айналып кетіп жатқанда 1937 жылы 20 ақпанда «Құрметті жолдасым Сәбит, Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өзімнің қалам күшімен көрсетсем деген жалғыз тілекпен оралдым. Мен қалған өмірімді, берік ниетім мен үмітімді істе дәлелдеу үшін социалистік құрылысқа еңбек етуге бел будым. Мен үшін енді еңбекші таптың, коммунистік партияның жолынан басқа жол жоқ.
Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүшкілдігін айта отырып, Сізді бірдемеге міндеттегім келмейді. Сізге осьшай жазуға қазіргі халім мэжбүр етіп отыр. Кешіріңіз. Құрметпен Мағжан», дегенді тебіренбей оқи алмайсың.
Демек, Мағжанға Сәбиттің хат жазғаны, қол созғаны ешбір күдік келтірер жай еместігін пенделік тұрғыдан тағы бір қарастырып өткеннің артықтығы жоқ.
Мағжан Алматыға 1937 жылы 25 наурызда қашып келгенде алдынан шығып, қарсы алған жалғыз Сәбит. Жазушылар одағының бастығы болып отырғанда Мағжанды қарсы алуға талай адамды жұмсауға мүмкіндігі болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Алматыға өзі барудың ең бір мықты сыры -күнәларын жуу ғана емес, азаматтық таныту екені сөзсіз. Станса басында Мағжан «Менің жолым – теріс. Сәкендікі – дұрыс болды. Алдымен соған сәлем берейін» деп Сәбең ойламаған тілек білдіреді. Ыңғайын тауып хабар жеткізген Сәбиттер қалаға жеткенше Сәкен үй-іші аса қадірлі қонақ келе жатыр деп әлекке түседі. Келген сәтте Мағжан мен Сәкен көздеріне жас алып құшақтасады. Жол соқты болып келгендер Сәкен үйіне қонып, келесі күні Сәбит үйіндегі түнемел қонақасыға барады.
Онан кейінгі оқиғаның басы-қасында болған Мұхаметжан Қаратаевтың куәлігіне құлақ салайық. «Одақтың председателі Сәбит Мұқанов екеуіміз бір кабинетте отырамыз. Орта бойлы, жұпынылау киінген, өңі сынық кісі кірді. «Мен Мағжан Жұмабаев боламын, шырағым. Сәбитті іздеп келіп едім…» дегенде орнымнан ұшып тұрдым. Сәбең кіріп, амандық-саулықтан соң телефонның құлағына жармасты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші секретары Нұрпейісов «келе беріңдер, бірақ шеше алмаймын, Мирзояннің өзіне кіріңдер» деді. Сәбең маған да жүр деп, үшеуіміз Мирзоянның қабылдауына бардық. Сәбең Мағжанды қызметке орналастыруға, қаражат жағынан көмектесуге әрекеттенгені анық. Тіпті оны Жазушылар Одағына алуды ойластырды» (Ш. Елеукенов » Мағжан «.1995. 138-бет) дегенін талайлар естігенмен Сәбеңнің азаматтығын көрсетуге пайдаланбай жүргендер аз емес.
Бұлар көз көргеннің, естігендердің куәлігі болса, әлгі кітапта мынадай құжат бар. «21 апрель, 1937. Секретно. тов. Джаманкулов. Как тебе известно, в Алма-Ата приехал алашординский поэт Мағжан Жұмабаев, (который) написал на имя Союза писателей заявление о том, что признает антисоветские ошибки и просит помочь ему исправиться и дать работу. По этому поводу я на днях беседовал с тов. Мирзояном. Он мне говорил что надо дать работу, то есть дать на перевод на казахский язык из произведений классиков русской литературы, чтобы этим ему оказать материальную помощь. Прошу тебя, как члена партии и зав. КИХЛ-ом, учесть эту мою записку и слова тов. Мирзояна на перевод с выдачей аванса по договору.
С ком. приветом, Пред ССПК и член партии С. Муканов» деп хат жазуы да Сәбиттің азаматтығының жарқын беті болса керек. Өстіп жүргенде «Социалистік Қазақстан» газетінде Сәбитті «әшкерелеген» мақала басылды. Оған қайтарған жауабында Мағжанның «совет үкіметінен қылмысыма ылайық әділ жаза тартып түзелдім» деген сөзіне алданып, оған либералдық жасағаным, Қазақ көркемсөз баспасынан немістің фашизмге қарсы жазушысы Файхтвагнердің «Оппегеим семьясы»- деген романын аудару үшін беруге себепкер болғаным рас. Бұл қателікті мойынға алып, толық түзетем» деп мойындаған кезде Мағжан ұсталмай, кім көрінгенге барып, жұмыс іздеп сандалып жүрген болатын.
Сәбеңнің ресми өтінішін орындау созыла берген соң КИХЛ-дың директоры Рахымжан Жаманқұловқа Сәкен мен Мағжан екеуі барып, кешегі шәкірті, бүгінгі ірі басшының қиқаңдағанына қаратпай, өзінің сенімхатымен тарыққан Мағжанға ақша алып бергені әрі көзсіз батырлық, әрі адамгершілік екенін ұлылардың ізін баққандар жіпке тізіп кейінгі мақалаларында зор қылмыс ретінде жазған болатын.
Өзге емес, жазушылар Одағы партия ұйымының хатшысы Қалмақан Әбдіқадыров «Әдебиеттегі троцкийшіл-бухариншіл, ұлтшыл-фашист зиянкестерді жеріне жеткізе құрту керек» деп 1937 жылы 18 тамызда «Қазақ әдебиеті» газетінде большевиктік солақайлықпен «Сәбит өз шығармаларында, «Адасқандарда» байды мақтап, 1932 жылы басылған «XX ғасырдағы қазақ әдебиетінде, халық жаулары -алашордашылардың объективті революциялық рөлі бар деген қателері үстіне соңғы кезге шейін халық жауларына (Айсарин,Жұмабаев, Асылбековтерге) көріне ымырашылдық жасады. Өзінің шығармаларын халық жаулары Досмұхаметов, Молдыбаевтарға аударуға берді. Жұмабаевты қызметке орналастыруға ниеттенгені, тағы басқалары Сәбиттің жай ғана қатесі емес үлкен саяси қатесі» деп жарқабаққа апарып қойған болатын.
Халық жауларын әшкерелеу науқаны басталған кезде біраз екпіндете сөйлеген С Мұқанов іс насырға шауып бара жатқанын көрген соң маусымнан қазанға дейін яғни табандатқан төрт ай бойы өнерпаздық сапарда жүрді. Алматыдан алыста жүру үшін Мәскеулетіп кетті. Сол уақытта өткен жиындар мен партия жиналыстарында әсіресе Хамза Жүсіпбеков баяндама жасағанда «Каулымызда Сәбит туралы қатты айту керек. Оны тез шақырып, партиялық мәселесін қарау керек» дегендегіні қалай айтқаны белгілі.
1937 жылы 7 қыркүйекте «Ұлтшыл-фашистердің әдебиеттегі зиянкестік істерімен күресу және жас кадрларды өсіру туралы Сейфуллин, С. Мұқанов «халық жауларының қылықтарына мән бермеген либералдық, ымырашылдық істеп өздері де көп саяси қателер жіберген» дегенді қаулыға кіргізді. Оны «Правда» мен «Казахстанская правда», «Социалистік Қазақстан» газеттері даурықтыра түсті. Сәкен 24 қыркүйекте тұтқындалды, 2-3 қазанда Сәбит Жазушылар Одағы Төрағасынан босатылып, екі күнге созылған жиналыста партиядан шығарылды.
Өмір – өткелінде пенде талай абыройлы да абыройсыз іс-әрекетке кезігеді. Одан Сәбитті қорғаштаудың қажеті жоқ, өйткені қазақ жазушыларының ішінде өзінің демократтығынан кісіге үйірсектігінен, жалпақ шешейлігінен сөзге қалған адамдардың ішінде, сөз жоқ, бірінші орын Сәбеңдікі болса керек. Онысы бағы да, соры да болды.
Мен бұл деректерді екі үлкен мақсат үшін айтып отырмын. Бірінші, ел-жұрт осыншама шырматылған тұлғалы тағдырлардың шындығына көз жеткізсін, білсін, көңілдегі кірбің шайылсын деген ой. Өйткені кер заманға кезіккен айрықша белсенді азаматтың сол кездегі, онан кейінгі тіпті дүниеден өткеннен кейінгі тағдырын түсіне білудің өзі үлкен ғылым болса, екіншіден келесі жылы Сәбиттің туғанына жүз жыл толады. Оны бір Қазақстан емес, кешегі СССР республикалары ЮНЕСКО арқылы дүние жүзі елдері атап өтуі орынды болмақ. Ол Сәбит үшін де, Қазақ елі үшін де керек. Өзінің өскен мәдениеті, ұлы дарындары бар халықтың мерейін өсіре түсу үшін осындай игі шараларды қолға алу шарт. Әрбір ұлы дарындар мен өнерпаздар, қайраткерлер өз елін әлем алдында жарқырата көрсетуге себепкер болады да, келешегіміз нұрлана түседі. Ұлыларымызды ұлтымыздың абыройына айналдыра бісек қана әлем алдында абыройлы боламыз. Ол үшін көңілімізді кеңге салып, мәдениетіміздің тұлғаларын ардақтай білейік.
Тұрсынбек Кәкішұлы.
/ / Солтүстік Қазақстан. – 1999 жыл. – 4 тамыз. – 4 бет.