«Сәбит Мұқанов тағылымы»

Жарияланған Angela 27.04.2025 Мұқанов оқулары |
  2025 жылдың 25 сәуірі күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Сәбит Мұқанов тағылымы» атты Мұқанов оқулары өтті.
Іс-шараға белгілі ғалымдар, жазушылар, журналистер, мұқановтанушылар, Сәбит Мұқановтың туыстары, жерлестері, «Аманат» партиясы Солтүстік Қазақстан филиалының өкілдері, мұғалімдер, мәдениет саласының қызметкерлері, студенттер, оқушылар қатысты.
Іс-шараны жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат жүргізді.
Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Сәбит Мұқановтың есімімен тығыз байланысты. Солтүстік Қазақстан облысынан Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, жерлес жазушымыз Сәбит Мұқанов сайлаушылардың өтініші бойынша, өзі тікелей бастамашылық жасап, 1973 жылы қаланың дәл ортасынан сәулетті, жаңа типті кітапханамызды салдырды.
1968 жылы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романынан алған гонорарын және Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың бір бөлігін (бұл сыйлық «Өмір мектебі» роман-трилогиясы үшін берілген болатын) Петропавл қаласындағы облыстық кітапхананың жаңа ғимаратының құрылысын қаржыландыруға жұмсады.
Солтүстік Қазахстан облысының басты кітапханасы ұлы жазушының бай мұрасын кеңінен насихаттауды өз міндетіне айналдырған.
25 сәуір күні 52 жылдан бері Сәбит Мұқановтың есімімен аталып келе жатқан кітапханамызда жерлесіміз, қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толуы қарсаңында «Сәбит Мұқанов тағылымы» атты Мұқанов оқулары өткізілді. Мұқанов оқулары 1980 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрады.
Мұқанов оқулары Сәбит Мұқанов бейнесінде С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының артисі Нұрхан Салауатовтың Сәбит Мұқановтың «Мен кіммін деп мақтанам» атты өлеңін оқумен ашылды.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманжол Зағыпар домбырамен Сәбит Мұқановқа Арнауын орындап берді.
Облыстық оқушылар айтысының жүлдегері, Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің тәлімгері, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 3 сынып оқушысы Абзал Сарбай Сәбит Мұқановтың «Жазғы күні орманда» атты өлеңін өте шабытпен жатқа оқып берді.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Күлайхан Рахмет «Сөз зергері Сәбең» атты өлеңін оқып берді.
Одан кейін Алматы қаласынан белгілі ғалым-мұқановтанушылармен Online-кездесу өтті. 25 жыл С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры болған, ғалым, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Әділғазы Жақсылықұлы Қайырбеков «Хаттар шерткен сыр» тақырыбында баяндады. Ол 2018 жылы «Мұқановтың хатханасы» – «Письмотека Муканова» атты кітап құрастырғанын, оған Сәбит Мұқановтың 1924-1973 жылдар ішінде жолдаған әрі алған хаттары жинақталғанын, әйгілі тұлғалармен, жақсы-жайсаңдармен сыр бөліскен, пікірлескен, тарихқа, мәдениетке, халық, ел, мемлекет тағдырына қатысты ой-тұжырымдарын шынайы шыншылдықпен жеткізген хаттары арқылы ұлы жазушы туралы естеліктер сақталғанын тілге тиек етті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, мұқановтанушы, Тұрсынбек Кәкішевтің зайыбы Күләш Садыққызы Ахметова «Сәбит Мұқанов туралы аңыз бен ақиқат» тақырыбында баяндама жасады. Ол ең алдымен Сәбит Мұқановтың шығармашылығына терең талдау жасап, қазақ әдебиетінің өркендеуіне қосқан зор үлесін баса айтты, оның ғылыми еңбектерінің әлі толық зерттеліп, бағасын алмағанын тілге тиек етті. Қайшылықты заманда өмір сүрген Сәбит Мұқановтың жеке басына нақақтан-нақақ жала жабылғанын нақты дәлелдермен көрсетіп берді. Оның ғылыми еңбектерін кейбіреулер пайдаланып, диссертацияларын қорғағанын да қынжыла айтты. Сәбит Мұқанов керісінше жазықсыз жала жабылған жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті», онан кейін орта мектеп оқулықтарын құрастырғанын, оларға қолдау, қамқорлық жасағанын баса айтты.
Іс-шараға Сәбит Мұқановтың немере інісі Ермек Шәкенұлы Мұстафин қатысты. Ол Сәбит Мұқановтың өмірінен қызықты фактілерді келтірді, өздерінің отбасында Сәбит Мұқановтың әкесі Шәкенге жазған хаттары барын, олардың мазмұны қызықты, ерекше екенін айта келіп, әрқайсысы бір-бір очеркке тән,- деді.
Жазушының жерлестері – Қазақстанның құрметті журналисі Қошан Қали естелігімен бөлісті. №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің мұғалімі Гүлжан Айдарбекқызы Ілиясова «С.Мұқановтың «Ботагөз» романындағы, «Сұлушаш» поэмасындағы қыздарға тән қасиеттер» тақырыбында баяндама жасады.
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері Иванова Неля Александровна Сәбит Мұқановты туған жеріне келгенде бірнеше рет қарсы алу мәртебесіне ие болғанын мақтанышпен еске алды.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ағыбаева Сабина Советқызы «Отражение культурного наследия и национальной идентичности в творчестве Сабита Муканова» тақырыбында орыс тілінде баяндама жасады.
Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі Павел Константинович Рощупкин «Шоқан Уәлиханов» пьесасының қойылу тарихын, слайд көрсете отырып айтып берді.
Ардагер ұстаз Ғабит Жұқаұлы Қоңырбаев Сәбит Мұқановты бірнеше рет көргені туралы естелігімен бөлісті.
С.Мұқанов атындағы №32 мектептің оқушылары топ болып жазушының «Қызылжар» өлеңін жатқа оқып берді.
Іс-шараның соңында Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-бөлмесіне саяхат жасалды, қатысушылар «Тағдырлы жазушы» атты кітап көрмесін тамашалады.

Copyright © 2000-2025 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».