Сәбеңнің сағындырып жеткен хаты

Жарияланған Angela 22.04.2010 Естеліктер |

  Мектеп қабырғасында жүргенде Сәбеңнің еңбегін үзбей құмарлықпен, құштарлықпен іздене оқыдым. Мектеп кітапханасында жерлес жазушы, ақын ағамыз Ғалым Малдыбаев істеді.

  Бала болсам да, Ғалым ағай мен Сәбит ағайдың шығармашылық байланыста болғанын талай көрдім. Тағы бір айтайын дегенім: Ғалым ағамыздың отбасындағы қиыншылықты Сәбең сезген ғой, Ленин ауылында (қазір Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылы – Қ. М.) төрт бөлмелі зәулім қарағай үйді салдыртып берді. Міне, бұл да болса Сәбит ағайдың жанашырлығы, қамқорлығы.

18 жыл бойы Қызылжар қаласындағы жалғыз институттың (қазіргі университеттің) ректоры болып қызмет еткец экономика ғылымының кандидаты Қанаш Шәкеновке де Сәбеңнің шапағаты тигенін білемін.  Қанаш Шәкеновтің көзінің тірісінде – 1990 жылы «Жалын» баспасынан «Тыңдағы ауыл» атты кітабы жарық көрді. Бұл туынды академик-жазушының редакторлығынан өткен болатын.  Сәбеңнің аталмыш шығарма туралы жазған хатын кейбір жерлерін қысқарта отырып, оқырман назарына сол қалпында ұсынайын. Ал 2004 жылы «Қаламгер, қайраткер және ғалым Қанаш Шәкенов» (өмірбаяны, әңгімелері, күнделік жазбалары, естеліктері) атты туынды жарық көрді. Тұсаукесері болған жоқ, бірақ 150 данамен тегін таратылды. Осы еңбектің жазылуына автор ретінде менің де еңбегім аз емес-ті.

  Сонымен Қанекеңе жазған Сәбеңнің хатына назар аударыңыздар.

  «Құрметті Қанаш! Сен «Күрт өсу» есімді қолжазбаңды маған өткен 1962 жылдың июль айының аяғында «оқып беріңіз» деп бердің. Оғаң міне, дәл бір жыл. Сонша көп уақыт өтінішіңді орындай алмай кеп, енді ғана орындап отыруыма жолдастық көңілден қатты қысылдым да. Бірақ «Ештен кеш жақсы» дегендей, ақыры бір орындаған соң көңілім қанағат та табады. Және бір жұбанышым: менің мемлекеттік, партиялық, қоғамдық, жазушылық істерімнің көп екені өзіңе аян, сондықтан жауабымның кешігуіне кешірім етерсің деп сенем.

  Қолжазбаны қараудың әр түрі болады: үстірт көз жүгіртіп шығу бар да, қарындашты қолға ала отыра, қадағалап оқу бар. Соңғы турде оқығанымды қолжазбаңның беті сайын жугірген қызыл қарындаштың сызығынан көрерсің. Мейлінше қадағалай оқығанда келген ойларымды барынша ашық түрде жазуға тырысам. Егер артық-кемді  пікірлерім болса, адал көңілден шыққан сөздерге жоруыңа сенем. Ұнаған жақтары:

  Бірінші ұнағаны – тілі. Ауылдық мектепте 50 жылдан астам мұға-лім болған жоқ. Шәкен марқұмнан алған тәрбиең болар – өзіңнің қазақ әдебиетін көп қарап жүруіңнен болар – асырмай-жасырмай турасын айтқанда, бұл қолжазбадан қазақтың әдебиеттік және халықтық тілін өте жақсы білетіндігің және ол тілді жазушы адамша пайдалана алатындығың көрінеді. Тіл жағынан бұл шығарма осы күйінде де баспаға бара беруге болатын сияқты.

Екінші ұнағаны – колхоз шаруашылығын өте жақсы білетіндігің. Осы тақырыпқа жазылған шығарма болғандықтан, көркем әдебиетке қажетті элементтерді жапжақсы теріп алғансың. Оның үстіне қазіргі ауыл шаруашылығы техникасынан да біраз хабарың барға ұқсайды.

  Үшінші ұнағаны – шығармада сипатталған адамдарыңның ішінде Сәдуақас, Шалқарбай сияқты әдебиеттік тип дәрежесіне жеткендер бар. Өз алған мөлшеріңде шығарманың сюжеттік, композициялық жақтары да тәп-тәуір шыққан.

  1. Алдымен маған шығармаңның аты ұнамайды. Сен оны «Күрт өсу»деп атағансың. Бұл қолжазбада күрт өсу жоқ. Олай өсуге жағымды геройларыңда (өзіңде де) талап болғанмең табыс аз.

  2. Көркем шығарманың міндеті-шаруашылықтың хал-жайын (өсуін я өшуін) сипаттау емес, белгілі бір шаруашылықта қызмет істеп журген адамдардың қоғамдық я жеке қарым-қатынастарын, осы қарым-қатынастардан туған бірлік я алалықтарын қызғылықты түрде көрсетіп беру.

  Шығарманың басты екі геройы Тұяқбай мен Дәурен қарама-қарсы геройлар дәрежесіне іспен жете алмаған соң былайғы геройлар да әдебиеттік образдар дәрежесіне көтеріліп тұрған жоқ.

  3.Осылай болуға бір себеп шығарманың құрылыстық өміріміздің қай уақытына арналғандығы  анықталмауы сияқты. Қолжазбаның бас жағында Дәурен целиншік-тердің біреуі сияқты. Ол осы істі басқаруға жұмсалған «отыз мыңдықтың біреуі». Партиялық және мемлекеттік мәні зор бұл шараның 1954 жылдан басталуы есімізде. Ендеше жазбада осы зор шараның «Абай» колхозында да қалай жүруі (ауырлық, жеңілдік жақтары) қалың сөз болуы қажет қой.

  4. Қолжазбада екі жерінде партиялық жиналыс баяндалғанмен,  бітірген істері ұсақ.

  5. Махаббат драмасы аталмау керек те, аталса шегіне жету керек. Дәурен алғаш Фариданы сүйген сияқты. Бұл мәселе аталады да, аяқсыз қалып қояды, сонда Фариданың Дәуренге тағар кінәсі – «міне, білмей аттан жығылыпсың» деу. Сондай да кінә бола маекен?

  Құрметті Қанаш! Адал ойдан шыққан сөздерді жазуымды хаттың басында ескерттім. Бұл сөздердің пайдасы болса, достық ниетімнің орындалуына санаймын. Меніңше, бұл қолжазбаны тастамау керек. Айтылған пікірлерді ойға ала отыра, шығарманы қайтадан жазу керек.

  Бұл еңбегіңнің іс болып шығуына шын көңілден тілектеспін.

Құрметпен С. Мұқанов.

1.08.1963 жыл. Алматы.

Қырғыз Мұсабаев, зейнеткер.


Солтүстік Қазақстан.- 2010 жыл.- 22 сәуір.-7 бет.

Copyright © 2010-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».