Ұмытылмас кездесу

Жарияланған Angela 08.06.2021 Естеліктер |

Ұмытпасам  алпысыншы жылдардың  аяқ кезі, сәуір айы болар деймін. Қар еріп, көктем өзінің кемеліне келіп, бусанған жер ауыл еңбеккерлерін егіс даласына шақырғандай. Ауыл тұрғындары жыл сайын осындай көктемде келешегіне үлкен сенім артып, сол үміт жетегінде көп жұмыс атқарады. Табиғаттың осы бір мезгілі адам баласына да, жан-жануарларға да ерекше жақсы әсерін тигізіп, егістікке шыға бастаған диқандарды қажырлы еңбекке жұмылдырады.

Есімде қалған сол көктемде қоғамымыздың саяси өмірінде де үлкен науқан қарбалас келді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттар сайлау белгіленіп, наурыз-сәуір айларында депутаттыққа кандидаттар өздерінің сайлаушыларыменен кездесулерін өткізе бастады. Бізге де Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидатпен кездесудің сәті түсті. Кездесетін адамымыз атақты жазушы, өзіміздің жерлесіміз Сәбит Мұқанов еді.

Сәбеңді сол жылы Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа қандидат ретінде ұсынған  бұрынғы Ленин ауданындағы Тораңғұл кеңшарының еңбеккерлері болатын. Сәбең Ленин, Москва аудандарының жұртшылығыменен бірнеше кездесулер өткізіп, енді оны облыс орталығында жалғастыруды жөн көріпті.

Кездесу белгіленген  уақыттан жарты сағат бұрын жиналып, институттың бас ғимаратының үшінші қабатындағы ең үлкен залда күтіп отырмыз. Жанымда өзімнің туысым әрі, жерлесім Ерғали Атымтаев бар. Бәріміз де Сәбеңе жақынырақ отырайық дейміз ғой, залдың соңғы жағынан жоғарылап екінші қатарда мінбеге қарама-қарсы орналастық. Зал лық толды, жиылғандардың тоқсан пайызы қазақ қыздары мен жігіттері, негізінен әдебиетті сүйетін, қастерлейтін жастар. Бір мезгілде залға Сәбит Мұқанов кіріп келді. Сәбеңді барлығымыз тұрып, қол соғып қарсы алдық. Соңынан облыстық партия комитетінің хатшысы Әнуарбек Шманов және Алматыдан Сәбеңе еріп келген Сафуан Шаймерденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев бар бір топ жазушылар енді.

Жиналысты ағып тұрған шешен, қазақ »және орыс тілін бірдей ұстайтын, қай тілде алмасын сөйлегенде тыңдаушыларын аузына қарататын Әнуарбек Нәжмитденұлы Шманов қазақша кіріспе сезбен ашып, жерлес академик жазушы Сәбеңе арналған жылы да, жүрекжарды тілегін айтып, жалпы жиылғандар атынан ризашылығын білдірді.

Бұл менің Сәбеңді алғаш рет көруім. Сәбеңнің басында академиктер киетін дөңгелек тебетейі, үстінде боз костюмі бар. Сәбең көк кез, еңгезердей сары кісі екен. Жүзі жылы.

Мінберде сөйлеген сөзінде Сәбең республикамыздың түкпір-түкпіріне, облыстарға  аттанар алдында барлық депутаттыққа кандитаттарды, басқа да жазушыларды, ақындарды партияның Орталық Комитетіне шақырып, өздерін сол кездегі республикамыздың басшысы Д. А. Қонаевтың қабылдағанын айтты. Онда Сәбең сияқты депутаттыққа кандидаттардың басын қосып, оған мемлекет қайраткерлерін, белгілі ақын-жазушыларды шақырып, Дінмұхамед Қонаев үлкен мәжіліс өткізген. Әрине, онда депутаттыққа үміткерлердің сайланатын жерлердегі өз сайлаушыларымен кездесуі әңгімеге арқау болғаны анық. Димаш Ахметұлы олардан өз сайлаушылармен кездесу барысында халыққа партияның сол кезде жүргізіп жатқан саяси бағытын дұрыс түсіндіріп жеткізе білумен бірге, халықты тыңдай білуге, олардың мұң-мұқтажына мұқият көңіл аударуды, ауылдардағы халықтың тұрмыс жағдайымен танысуды талап етеді. Сайлау қай уақытта да үлкен саяси науқан болғаны анық, сондықтан республика басшысы осы науқанға үлкен мән беріп, халықпен кездесуге аттанайын деп отырған кандидаттарға партияның Орталық Комитетінің саясатын дұрыс түсіндіреді деп сенім артқаны сөзсіз.

Сосын Сәбең Д. Қонаевтың тағы екінші бір тапсырма бергенін, ол – Абай Құнанбаевтың туғанына 125 жыл толуына байланысты Абайды халыққа таныту, Абайдың еңбектерін, қара сөздерін, өлеңдерін, халыққа кеңінен тарату екенін айтты. Әр депутаттыққа кандидат халықпенен кездесуін ең алдыменен Абайдан бастауы керек, жалпы қазақ халқына Абай не берді, қандай мұра қалдырды, осының барлығын үкімет қайраткерлері де, жазушы, ақындар халыққа кездесу кезінде түсіндіріп айтулары қажет, – деді ол. Осылайша қандай мақсатпен осы сапарға шыққанын мұқият түсіндіріп берген Сәбең бірден-ақ сөзін ұлы Абайдан бастап кетті. Сәбең Абай туралы сөйлегенде ерекше құштарлықпен, ерекше ниетпен, шын ықылас көңілмен сөйледі. Жазушы Абай туралы айтқанда бірте-бірте тереңдей берген сияқты болды.

Алдымен Сәбең Абайдың еңбектерін саралады, сосын оның философиялық көзқарастарына тоқталды. Өмір, адам, адалдық, еңбек, жақсылық пен жамандық, ана мен бала, бала мен әке, махаббат сияқты тағы да басқа адами  өмір болмысы жағдайларына Сәбең Абайдың түсініктемелерін берді, оларды ұлы ақынның қалай түсіне білгені туралы баяндады. Әсіресе Абайдың ислам дініне деген көзқарасына көбірек тоқтап, діннің адам өміріндегі алар орны жайлы айтты. Абайдың дінге сенімі туралы сөз қозғады. Әрине, алпысыншы жылдың аяқ кезінде бірыңғай атеистер ортасында осындай әңгіме айту шыныменен батылдық еді. Өзіміз таң қалдық. Сол кезде Абайдың өмірге деген көзқарасын дәріптей отырып, ұлы ақынның дінге деген сый-құрметін көрсете білу Сәбеңнің үлкен шеберлігі болатын. Сөзбен және әдеби түрдегі әдемі тәсілмен Сәбең соны бізге жеткізе білді.

Сәбит Мұқанов Абай туралы сөйлеп отырып, тыңдаушыларын ұлы ақынға деген қастерлі сөзімен және оған берген бағасыменен таң қалдырды. Жазушы, жоғарыда айтқандай, ұлы ақынның дүниенің өмірлік жан-жақты құбылыстарына деген философияпық көзқарастарына тәнтілігін жеткізді. Менің ерекше бір есімде қалғаны жазушының Абайдың еңбек туралы көзқарасын өте ерекше бағалауы болды.

Шынында да, еңбек адам баласы үшін өмірдің негізі ғой. Еңбек арқылы адам баласы жаратылғаннан бері тіршілік етіп, дамып, жетіліп келеді. Еңбек өзінің маңызын әлі бүгінге дейін жоғалтқан жоқ және жоғалтпайды да. Ол – ақиқат, оған ешқандай дәлел керегі жоқ.

Абайдың шығармаларында еңбек, еңбекке деген көзқарас, ұғым ерекше орын алған. Оны барлығымыз білеміз. Абайдың өзі айтқан қаншама мақал-мәтелдері бар десеңізші еңбек туралы. Абайдың еңбекті бағалауы, еңбекті қастерлеуі, оның адам өмірінде ерекше алатын орны бар екенін түсіндіре отырып, жазушы еңбек туралы Абайдың философиялық көзқарасына тәнті екенін жасырған жоқ және ұлы ақынның дәрежесін өте биікке көтерді. Сонда Сәбең бізге былай деді:

«Дүние жүзінде Еңбек туралы философиялық ой айтқан ғұламалар көп. Батыстың ақын-жазушылары, философтары, орыстың 18-19 ғасырдағы классиктері бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, өз шығармаларында еңбектің маңызын бағалай білген. Бірақ Абайдың еңбекке деген көзқарасы олардан әрі асып түседі, ұлы ақын еңбектің бұрын айтылмаған, жазылмаған, ескерілмеген қыр-сырларын көрсете білді. Еңбектің қыр-сырын бағалау жағынан, оны дәріптеу жағынан, Абай көп классиктердің алдына түсті. Ал егер орыстың 18-19 ғасырдағы мықты классиктерін алсақ, Абайға біреуі де тең келмейді. Тек Н. А. Некрасовты ғана Абайға кішкене жақындатуға болады» -деп Сәбең өзінің осындай баға беруін зор сүйіспеншілікпен аяқтаған еді.

Менің ойымша, 60-70 жылдардың аралығында, Кеңес үкіметі өзінің шыңына жетіп тұрған кезде, коммунистік партияның идеологиясы орыс ұлтының ұлттық мүддесіне ешқандай шаң жолатпай тұрған шақта, Сәбеңнің Абайға берген осы зор бағасы өте салмақты және үлкен батылдық болатын. Жазушы ағамыздың әлгіндей берген батыл бағасын ести отырып төбеміз көкке жетті. Әсіресе қазақ студенттерінің жүректеріне улкен қуаныш ұялағандай болып, Сәбеңнің Абайды аспанға көтергеніне сүйсініп қалдық. Қазақ ұлты мен Абайды, Абай мен қазақты ешқашанда ажыратуға болмайды. Ол — ақиқат. Халқының жырын жырлаған, мұңын мұңдаған, өз ұлты үшін күйінген де, сүйінген де Абайдай-ақ болар. Қазақта «Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады» деген сөз бар. Ғасырлар бойы жойылмай өріп жүрген ұлтымыздың жат мінезін ұлы Абай сынай білді, ашық айта білді. Оның ойлағаны келешекте халқым осы ескі көзқарастан арылса, жақсы қасиеттер сана-сезіміне молынан кірсе деген арман болды. Абай қазақ халқы үшін білім мен оқудың және еңбектің қажеттілігін өз шығармаларында айқын көрсете білді, еліне жаны ашыды.

Сәбеңнің Абай туралы сөздерінен кейін біз Абайдың шығармаларын ынтыға, қызығушылықпен оқи бастадық, әлі де оқып келеміз, оқи да береміз. Сәбең сол кездесуде бізге таусылмас, тоқтамас бір бұлақтың көзін ашқандай болды. Ол бұлақ-Абай еді. Сол таусылмас бұлақтан сусындай берейік, ағайын!

Шал ақын ауданы,  Сергеевка қаласы.


// Солтүстік Қазақстан. – 2006 жыл. – 20 кыркүйек. – 7 бет.

Copyright © 2010-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».