Мұндай Сәбеңді кім көрген

Жарияланған Angela 07.06.2021 Естеліктер |

Оқитын түк болмай қалды ғой бұл күнде, – деді Есекең түңіліп. Әдебиет құрып кетті. Баяғыдай қызық жоқ. Жұрттың бәрі естелік жазатын болды. Естеліктерінде бір мән болсайшы! Кілең ұсақ-түйек, кәкір-шүкір, анау-мынау. Не мән жоқ, не сән жоқ. Оқушының рухын көтермейді, қайта еңсеңді басып, айналаңды тоз-тоз етеді. Кімге керек ондай естеліктер?! Көрген-білгенің шамалы, ойың жоқ болса, естелік жазып нең бар?
  Мәселен, менің өмірден түйгенім аз емес. Сонау қырқыншы жылдардан бері көңілімде сайрап тұр. Осы мықты, атақты дегендердің бәрімен таныс болдым. Бірақ, естелік жазбаймын. Жүрексінем. Әрі бәрін айтуды жөн көрмеймін.
  Бір ғана Сәбит Мұқанов жайында екі дерек айтайын. Ондай Сөбит Мұқановты жұрт білмеуі де мүмкін. Сәбең қып-қызыл коммунист еді. Қызылдың қызылы. Совет үкіметі дегенде жаны жоқ. Ал сол қызыл коммунистің екі ісін айтып берейін.
  Айқынды білесің ғой. Нұрқатовты… Ай, жақсы жігіт еді! Ерте кетті. Сол қайтыс болғанда ауылынан әкесі келді. Қарт кісі екен. Қасында тағы бір қарт кісісі бар. Қабырдың басында екеуінің дұға оқығысы келді. Бірақ, жиналғандардың бәрі қып-қызыл коммунист. Сәбеңнен қаймығады. Біздер де аңтарылып тұрмыз. Дегенмен, жаңағы екі шал білетін дұғаларын оқи бастады. Сәбең тұр. «Апырай, қалай болар екен?» – деп біз тұрмыз. Бір уақытта Сәбең тізерлеп отыра қалып, арабша сұңқылдап дұға оқымасы бар ма? Таң қалдық. Дауысы да ашық, күмбірлеп тұр. Сөз мақамы қандай! Жатық! Ол, өзің білесің, жасынан «молда бала» атанып кеткен ғой. Оқып отыр, оқып отыр. Жан-тәнімен берілген. Тоқтар емес. Біз жан-жағымызға қарап қоямыз. Бұл қалай болды? Қып-қызыл коммунистің мұнысын қалай түсінеміз, қалай қабылдаймыз? Ана ауылдан келген екі шал да тым-тырыс, ұйып тыңдап отыр.
Қайтарда бір машинада отырдық. Сөз тартып, «Сәбе, қызып кеттіңіз ғой», – дедік. «Енді не істеймін? – деді Сәбең. Анау екі шал қартайған болу керек. Дұғаны шатасып, дұрыс оқымай отыр. Ниеті таза, түзу жігіт.Күнә емес пе? Не істеуім керек. Адал қөңілден дұға оқып, шығару керек болды.»
  Біз таң қалып, үндемедік. Мұндай Сәбеңді кім көрген?
Екінші бір дерек. Әбден қартайып, тозған Жамбыл бір күні қатты ауырып қалады. Шалды үйтіп-бүйтіп емханаға жеткізеді. Есі кіресілі-шығасылы. Көңілін сұрап Сәбең барады. Барса, шалдың жағдайы өте нашар. Әзер сөйлейді. «Сәбит, – дейді , шалкетіп барам. Демім таусылды. Сен менің жаназамды шығар». Не істеу керек? Совет заманы. Сәбит болса, қызылдың қызылы. Бірақ шал кетіп бара жатыр. Жүзге келген шал Совет үкіметін қайтсын. Сәбең дереу дәрігер мен медбикені шақырып жіберіп, есікті жауып, Жәкеңнің қасына отыра қалып, аят оқи бастады ғой.
  Жәкең тыңдап жатып, жүріп кетіпті… Міне, ерлік, азаматтық, адамгершілік деп осыны айт! Мұндай Сәбеңді кім білген, кім көрген? Естелік жазсаң, осындай жұрт естімеген мәліметтерді көрсетіп, тізіп, адамның рухын көтерер дерек келтір. Солай емес пе? Әлде менікі дұрыс емес пе?


//Солтүстік Қазақстан.- 2005 жыл-. 22 сәуір.- 11 бет.

Copyright © 2010-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».