Cәбит пен Мағжан

Жарияланған Angela 07.06.2021 Жарияланымдар |

Академик-жазушы, «Қызылжар қаласының құрметті азаматы » Сәбит Мұқановтың туғанына биыл 110 жыл толады. Сәбеңнің өмірі мен шығармашылық жолы осы өңірмен тікелей байланысты. Әсіресе, қазіргі «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің негізін қалаушылардың бірі деп айтуға болады. Жастайынан жетімдік көрген ол талмай еңбектенуінің арқасында өз қолы өз аузына жетісімен адамдарға қолдан келген көмегін аяған жоқ. Сонысымен де халыққа жақын, қадірлі болды. Кезінде «алашордашы» деп қудаланып жүрген ақын Мағжан Жұмабаевқа да қол ұшын беремін деп опық жеді. Бірақ мойыған жоқ. Төменде Сәбит Мұқанов мұражай-үйінің қызметкері Қайрат Раевтың 1990 жылы жазған атақты жерлестеріміздің қарым-қатынасы жөніндегі мақаласын жариялап отырмыз.
Сәбит Мұқановтың жеке өмірі мен әр кезеңдегі іс-әрекеттері хақында соңғы жылдары әртүрлі пікір айтыла бастағаны мәлім. Әсіресе, оның әйгілі ақын Мағжан Жұмабаевпен қарым-қатынасы жөнінде алыпқашты әңгіме көп. Алыпқашты дейтініміз -ол әңгімелерде екі басылымдардан көзге іліккен кейбір дәйек бойынша ой қорыта салу, біржақты баға беру байқалады. Бұл сөзіме дәлел ретінде төмендегі жайларды назарға ұсынуды жөн көрдім.
Рас, Сәбит Мұқанов бір кезде өзгелермен қатар ақын Мағжан Жұмабаевты да сынады, бірақ нағыз талантты тани да білді, жанашырлық та танытты. Тіпті, оның өмір жолын, шығармаларын тұңғыш жинақтап, жан-жақты талдағаны үшін де бүгін біздер Сәбеңе қарыздармыз. Мәселен, Сәбеңнің «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» кітабындағы мына жолдарға жүгінейік. «…Мағжанды осы кезде, кейбіреулер қол жетпейтін ақын дейді. Және біреулер күшті ақын енеден ақындық күшін қабат алып туады дейді ғой. Мағжан, рас, соңғы кезде түр жағынан күшті адам болды. Сол күшті Мағжанның «Шолпан» кезіндегі өлеңдеріне көз салған адам, ақынның туа емес, жүре өркендейтініне таласпау керек».
«… Өзі аз-маздап оқудың дәмін татқасын, ол қазақтың жастарын оқуға шақырады:
Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме,
Ойынға құр қаласың көңіл бөлме.
Кідірме, алаңдама, көкке ұмтыл
Алам деп көктен жұлдыз қолың серме.
Жасынан оқу оқып, өнер қуған,
Жан жетпес көңіл жүйрік, кемеңгерге».
… «Ақындық жағынан келгенде, Мағжан әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ. Мағжанның жаңа бір еңбегі мынау: Мағжанға шейін өткен қазақ ақындары көбінесе өлең үлгісін шығыс елінен, әсіресе, араб, парсыдан алатын… Мағжан орыс мектептерінде оқып, көбіне Еуропа пәндерінен сусындаған адам болғандықтан, Еуропаның, оның ішінде, әсіресе, озық әдебиетіне тез меншіктейді. Абай қазақ әдебиетіне Еуропа түрлерін шет-пұшпақтап кіргізсе, қазақ оқушылары Мағжан арқылы толық танысты».
Бұл кітаптағы 80 беттік мақалада Жұмабаевтың шығармашылығын «Жұмабайұлы өмірі», «Шолпан», «Февраль алдында», «Совдеп тұсында», «Колчак тұсы», «Кеңес үкіметінде» секілді кезең-кезеңдерге, тарау-тарауларға бөле қарастырады.
Сәбең көрген бар ауыртпалықты бірге көріп, ұзақ жолда адал дос, абзал жар болған Мәриям апай бүгінде ортамызда жүр. Ол кісінің жадында өткен күннің бар суреті сайрап жатыр. Сәбит пен Мағжанның көзқарастары алғашқыда үйлеспей дүниетанымдары әр басқа болғанымен, келе-келе жақын жандарға айналғандарына ол кісі куә.
Мағжанның «Алашорда» өкілі деген атағы барда-ақ Сәбит басын қатерге тігіп Москвадан келген бетте оны өз үйіне қонақ етіп, дос ниетпен құшақ жая қарсы алуын аз уақыт өтпей-ақ «Алаштың» сыбайласысың деп өз басының дауға қалғанын біреу біліп біреу білмес», – деп Мәриям апай бірнеше сарғайған хатты алдымызға тартқанды. Енді солардың арасынан Сәбеңнің Мағжанға жазған хаттарынан үзінді келтірейік.
«… Шындығында Сіз 1928 жылы жазған екі өлеңіңізде «Тоқсан тобы» және «Толғауды» совет идеологиясына қарай негізгі сюжетін дұрыс түсінгенмен, дер кезінде оның жақсы қасиеттерін бағалауда кемшіліктер жібергенімді мойындаймын. Сондықтан ба, әлде басқа себептермен бе, Сіз бұл тақырыпқа қайта оралмадыңыз…»-деп 1934 жылы 2 қарашада Мағжан Жұмабаевтың совет идеологиясына бет бұрғанын құптағандығын білдіріп жатса, Мағжанның өз қолымен жазған хаты жазушы мұрағатында әлі сақтаулы тұр. Ащы айтылса да артында зіл жоқ, сынға бар шынын салған Сәбит көңілінің адалдығына сенген ақын қиналған сәттерінде оған дос көңілімен хат жазады.Ол мынау:
«Құрметті жолдасым Сәбит.
Сіз менің Петропавловскідегі орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беріп жүргенімнен хабардар боларсыз. Январьдың басында мені қызметімнен босату туралы мәселе қозғалғанымен де, біраз уақытқа басылып қалған еді, бірақ январьдың соңында бұл жай тағы да әңгіме болды да, мені жұмыстан шығарып жіберді. Не себепті босатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды, жұмыссыз отырмын декабрьде әдебиеттердің қазақ баспасымен Толстойдың «I Петр», Некрасовтың «Де-кабристерін» аударуға келісім шартқа отырған едім. Содан бері одан да хабар жоқ. Ол жақтан мен өте қиын халде отырмын. Әсіресе, жұмыссыздығым жаныма қатты батады. Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өз қалам күшіммен көрсетсем деген тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүмкіндігін айта отырып, Сізді де бірдемеге міндеттегім келмейді. Сізге солай жазуға қазіргі халім мәжбүр етіп отыр. Кешіріңіз. Бұл хатты қыдырып келген туыстарым жақтан «Степняктан» жазып отырмын. Төрт-бес күннен соң қайтамын.
Құрметпен Мағжан, 20 февраль, 1937 жыл».
Хатты оқи отырып жазушының жары – Мәриям апайдан «Сәбең Мағжан Жұмабаевқа көмек көрсете алды ма?» деп сұрағанымызда: «Кер заманның кесапатын қойсаңшы, «37-іншінің» дауылы елді селдей соғыстырып, олардың басын қосуға мүмкіндік берді ме? Екеуі бір-бірінен жырақтау жүруге тырысатын. Бірақ Сәбең біреулер арқылы Мағжанды жұмысқа орналастырып, материалдық көмегін беріп тұрды. Артынша, екеуі де қудалауға ұшырады»,-деген еді.

Рас, Сәбең де заманның зәбір-жапасын аз көрген жоқ. Жұмысынан босап, партия қатарынан шығарылды. Дәлел ретінде төмендегі жолдарға көз салып көрейік.
«Қазақстан Жазушылар одағының партия ұйымы Сәбит Мұқановты партиядан шығарады және одақ басқармасының алдында оны Одақ басқармасы председательдігінен босату жөнінде мәселе қояды.
Мұқановтың мәселесін қараған партия жиналысы оның саяси ахуалын айқындап берді. Мұқанов – біздің жауларымыздың досы. Сейфуллин, Жансүгіров секілді жексұрын, фашист-шпиондардың дем берушісі.

Мұқанов творчествосы түгелдей алашорда контрабандаларының идеясына негізделген, буржуазиялық ұлтшылдық көзқарастардан амалдап өткізіп жіберген. («Бай баласы», «Мырзабел», «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Теміртас», «Жұмбақ жалау»), т.т.
Жиналыста Мұқановтың Уәлиханов, Тоғжанов, Асылбеков, Жаманқұлов секілді халық жауларымен тығыз байланыста болғаны туралы нақты фактілер анықталды «.»Казахстанская правда , 5 октябрь, 1937 жыл.
Сөз соңында айтарымыз, жазушыларымыздың біразы әдебиетке тікелей Сәбит Мұқановтың ықпалымен келгендігі айқын. Алайда, кешегі ұстаз тұтқан ағамыз шығармашылығын бей-берекет сындардан қызғыштай қоритын көз көргендері оншама көп қалған жоқ. Кім не десе де, Сәбит Мұқановтың халық жүрегінен жол тапқан үлкен қаламгер екені даусыз.

Қайрат Раев Сәбит Мұқановтың мұражай-үйінің қызметкері.
// Солтүстік Қазақстан – 2010 . – 15 қаңтар.

Copyright © 2010-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».