Қазақтың сүйікті перзенті
Қазақтың классик жазушысы, аса көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының іргетасын қалағандардың бірі және осы одақты екі мәрте басқарған, әдебиет әлемінің үздік ұйымдастырушысы, халқымыздың сүйікті перзенті, академик Сәбит Мұқановтың туғанына үстіміздегі жылдың 22 сәуірінде 110 жыл толады. Жасынан ел аузындағы батырлар жырын, қиссадастандарды жаттап, мақамдап айтып жаттыққан, Шал ақын, Орынбай, Арыстан, Шөже, Сегіз сері, Нияз сері, Мұстафа сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал Ақан серінің өлеңдерін сүйсініп тыңдап, жадына берік қондырған жас в Сәбит көркемсөзге ана сүтінен кейінгі екінші азығындай ынтық болып, ерте қанықты. 14-15 жасында ол өлең-жырды суырып салуға талаптанса, терең ойлап қағазға түсіріп, өлең жазуға да машықтанды, «ақын бала»атанды. Сәбең әу бастан не айтса да, не туралы жазса да, өмірден өзі көрген ащы-тұщы әрекеттерді айдан анық бұлжытпай түсіруге әдеттенді. Батыл тілмен ашық айтып, әр сөзін атқан оқтай дәл тигізіп, шырылдаған шындықты аша білуге талаптанды. Міне, осы алғыр мінез, қайтпас қайсарлық жазушының негізгі ұстанымы, шығармашылық кредосына айналды. Өсіп-жетіп әйгілі жазушы атанған кезінде де, арыстаннан қаймықпас, жолбарыстан шайлықпас турашылдығы, елге аян көрнекті қоғам қайраткері етті. Елім деп еңіреп туған Махамбеттей өткір тілді айбыны, сұңғыла сөзі жазушының есімін ұлтының сүйкімдісіне айналдырды. Сол беделіне лайықты сапамен өмір сырын аша түсетін шығармаларын толықтыруға жалықпады.
Қазақ әдебиетінің даму жолындағы алтын қазықтай ардагер майталманы Сәбит Мұқанұлы Мұқанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданына қарасты бүгінгі Сәбит ауылында 1900 жылы 22 сәуірде дүниеге келді. Сәбеңнің негізгі атажұрты әйгілі Жаманшұбар екені елге мәлім. Ауыл молдасынан ол хат тануға жетсе, 1918-1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар дайындайтын курсқа аттануға бел байлады. Қазан төңкерісі жеңіске жетіп, елде әртүрлі құйындай құбылып жатқан саяси топтар қаулады. Жас Сәбит сол кезде Мағжан Жұмабаевпен танысып, өлеңдерін көрсетіп, жақсы бағыт алды. Мағжанның дәрістеріне қатынаса жүріп, оның көмекшілік қызметке шақыруын құрметпен орындады. Оқуын бітіргеннен кейін ауылында оқытушылық құрды. 1921-1922 жылдары әртүрлі шаруашылық қызметтерінде болып, елдің жүдеу тұрмысына жаны аши түсті. «Жаман бергенін айтады, жақсы көргенін айтады» дегендей, көзі көрген көріністердің сұрқын бұзбай қағазға түсіріп, елге жеткізіп отырды. 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа (жұмысшылар факультеті) түсіп, оны 1929 жылы тамамдады. 1926-1928 жылдары баспасөз органдарында қызмет істеп, республикалық «Еңбекшіл қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі болды, Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторлық қызметін атқарды. 1928 жылы Ленинград университетіне оқуға түсіп, отбасы жағдайына байланысты аз ғана уақыт оқығаннан кейін Қызылжарға келіп, «Кеңес ауылы» газетінің бас редакторы және Жазушылар бөлімінің жетекшілігін атқарды. 1932 жылы Мәскеудегі қызыл профессорлар институтының әдебиет бөліміне оқуға түсіп, оны 1935жылы аяқтады.
Оқудағы жылдары, әсіресе, Мәскеу кезеңі Сәбеңе үлкен сабақ болып, жас қаламгердің шабытының шалқуына жемісті әсерін тигізді. Горькиймең Маяковскиймен кездесті, көптеген қаламдас достар тапты. Кейінде жазған «Өмір мектебі» атты деректі романы Горькийдің шығармаларына ұқсап, ал «Майға сәлем» атты өлеңі Маяковскийше ырғақпен ел құлағын елең еткізді. Мектепте жүргенде сахнада сол өлеңді оқығаным есімде.
Мәскеуде институтта жүргенде жазған өлеңдері мен поэмалары ел қолына жете бастады, әсіресе, 1931 жылы жазылған «Сұлушаш» атты поэмасы шарықтап тұрды, ол француз тіліне аударылды. Сәбең осы кезде қара сөзге молынан кірісіп, «Екпінді» повесі мен «Теміртас» романы жазылып бітті, «Жұмбақ жалау» атты әйгілі романы жазыла бастады. Бұл жас қыранның шабытты шағы өріс алған кезі болатын. 1935 жылы жазушы зайыбы Мәрияммен Мәскеуден оралыл, Алматыға орнықты. Келісімен «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы қызметін атқарды. 1936-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарды. Тоталитарлық тәртіптің сталиншіл топас жендеттері Сәбитті де басшылық жұмыстан аластата бастады.
«Алашордашыл, тұраншыл, ұлтшыл ақын Мағжанға қамқорлық көрсетті, Сейфуллин бастаған ұлтшылдар тобына қосылды, буржуазиялық ымырашылдыққа бой артты…» деген сияқты айыптарды үйіп-төккендіктен саяси сенімсіздікке ұшырады. Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, үкіметті басқарған кезде Горькийдің көмегімен айдалудан оралған Мағжан Жұмабаевты Алматыға алдырып, тарихи қасиетті қайырымдылығын көрсетіп, бауыр тартқанда араларында Сәбит Мұқановтың жүргені анық еді.
Көрнекті жазушы 1937-1941 жылдары қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында профессор болып, қазақ әдебиетінен сабақ берді. Адалдығы арқау болған Сәбит Мұқанов 1943-1951 жылдары екінші рет Қазақстан Жазушылар одағын басқарды. Дүниежүзілік Бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі ретінде және араб елдерімен қарым-қатынасты ұлғайту жолында көп еңбек етті. Сәбит Мұқановтың екінші рет одақты басқаруға келуі өзіне деген құрмет қана емес, Жазушылар одағының дәрежесін көтеруге де керек болды. Ол басқарған кезде Жазушылар одағының ең ірі қоғамдық орын екені анықталды. Сәбеңнің өзі де қайсар мінезімен зор беделге жетті.
Сәбит Мұқанов ақындық пен қара сөз шеберлігін бірдей игеріп, аты шартарапқа айқындалып тұрса да, тек қана көркем әдебиеттегі шығармашылықпен шектеліп қалмай, қазақ әдебиетінің барлық жанрларында елеулі із қалдырды. Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялық еңбектері ел ықыласына бөленді. Қазақ әдебиетінің тарихы, мәдениетінің өрлеу барысы мен этногра-фиясын зерттеуге елеулі үлес қосты. Прозада роман және повестер, оған қоса мемуарлық әдебиетте де ізденімпаз талант екенін анық көрсете білді. Ол әдебиеттің тармақтарына ғана емес, қазақ тіліне де ерекше бай әмбебап білгір болатын. Қырды жазса қырдың тіл ерекшеліктерін, көркемдік байлығын, Сырды жазса Сырдың салт-санасы мен тіл ерекшелігін ашық таныта білді. Мысалы, «Сырдария» романынан Қызылорда айма-ғының көне-жаңасы аралас сүбелі де жүйелі сөздерін оқығанымызда қарақалпақ халқының қазаққа жақындығын таныта түсті. Сонымен Сәбең қазақ тілінің үлкен ұстасы, өте ыждағатты қорғаушысы екені анықталды.
«Адасқандар» атты романы (1931) қазақ әдебиетіндегі романдардың алғашқыларының қатарында дүниеге келді. Кейін (1959) бұл роман «Мөлдір махаббат» болып аталып, кең жаһанды шарлап кетті. «Жұмбақ жалау» (1938) романы «Ботагөз» романы болып аталып, қазаққа роман оқуды үйреткен үлкен дүние болды. Сәбеңнің барлық еңбектерін тегіс шолу міндет емес, ал біздің мақсат – ұлы жазушының әмбебап дарқан дарын екенін халқымызға, әсіресе, кейінгі жас ұрпаққа жеткізу. Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетінің бір өзі біртұтас дүние секілді ұлы тұлғасы, міне, осы ұғымды дәлелді де дәйекті түрде жас ұрпаққа жеткізуді мен өзіме борыш көрдім. Терең білімді оқымысты, алғыр ақың ақтангер жазушы, өткір тілді, өжет туған қоғам қайраткері болғанын аша түссек, көкейкесті мақсатқа жақындай берер едік.
Сәбеңнің азаматтық һәм шығармашылық жолын көрсету хикаятын айқындай түссек оның кішіпейіл, қарапайым елгезектігі ел ішінде сан түрлі аңыз болып кеткені ақиқат. Қазақта сөзге тоқтағыш үлкен қасиет бар. Аузы дуалы, елге қадірменді бір ақсақалға баяғыда байдың баласы әдейілеп шақыртып, өзін сынатыпты. Сонда абыз ақсақал былай депті:
Ілімің бар екен, жаным,
Білімің әлдеқандай?!
Қағуың бар екен,
Жұртқа жағуың қандай?!
Айлаң мол екен,
Жұртқа пайдаң қандай?!
Жорғалығың бар екен,
Халыққа қорғандылығың әлдеқандай?!
Заттығың бар екен, жаным,
Халқыңа қымбаттығың әлдеқандай?!
Сонда бала: «Ата, түсіндім, ойланатын, толғанатын жайға салдыңыз, рахмет», – депті. Осы сөз орамын Сәбеңе сәйкес әкелсек, білімді Омбыдан да, Орынбордан да (бұрынғы астанамыз), Мәскеуден де барынша алды, ал одан да зор білімді ел арасынан алды. Халықтың көне, жаңа мұрасынан асыл азаматқа керегін қабылдады да, азаматтық, ағалық, кемеңгерлік мінезімен төзімділігі мол қажыр-қайратын танытты.
Сәбеңді бір көрген адам мәңгі есіне сақтайды, өйткені ол сенімді түрдегі жылылығымен бар сырын жайыл салатын, саған да барыңды айтқыза білетін. Жұртыңа пайдаң қандай дегенде, дәл Сәбеңдей елге пайдасын тигізген жазушы көп емес. Ол алтайлықпен де, атыраулықпен де, алатаулықпен де, есілдік, ертістікпен де ортақ тіл тауып, бар мұңмұқтажын естіп алып, көмегін көрсететің Жорғалығың бар, халыққа қорғандығың қалай дегенде, Сәбитті өз заманындағы зиялы қауым пір тұтады. Ол Орынборда оқып жүргенде сол оқуға өзінің шәкірттерін шақырды, Ғабитті де сол оқуға беттетті, Ал қызметке келіп, қолына билік тигенде жастарға қамқор бола білді, тек қана жастар емес, қазақтың барлық түкпірлерінен Сәбиттен көмек сұраған арыздар көптеп келіп жатты. Соның бірін аяқсыз қалдырмай, қолынан келген жәрдемін жасап отырған Сәбең он жылдай Қазақстан Орталық Партия Комитетінің мүшесі, Жоғарғы Кеңестің алты мәрте депутаты болып сайланғанда қажымай-талмай халық мүддесін алға тартып, үнемі елдің қорғаны бола білген. Кезінде партияның басшысы Д. А. Қонаевтың өзін де қатты сынағаны сабақ болды, министрлер де Сәбеңнен қаймығатын. Міне, халыққа қорған болу деген осы шығар. Ел перзенті атанып, халыққа ерекше сыйлы болғаны да осы қамқорлығынан туды деп білемін. Сәбеңнің қай жағынан келсең де, қасиетті ісі мол, оның арман-мүддесі ұлтына ұлағатты қызмет ету екенін Қазақ елі тұтас білетін. Қорыта айтсақ, Сәбең дарқан дарын, өз творчествосында болсын, тұрмыста болсын кабинетінде, не үйде болсын, жақсыға жаны ашитын, жамандыққа жаны қас абзал ағамыз болатын.
Көрген-білгенді айтып отырғаным кемеңгер ағамыздың бүгінгі ұрпақ біле бермейтін асыл мінездерін, сыр-сипатын келешекке жеткізу әрі ұғымды, әрі сенімді болсын деп жатырмын. Мен ғана емес көрген адамдардың бәрінің де айтатыны Сәбеңнің бір естігенін жадынан шығармай, елге айта жүретіндігі, қиынна-қиыстырар ой толғағы мен сөзге шебер әңгімешілдігі. Ол күтпеген жерде күла шығарып, айтар сөзінің аяғын тамаша түйіндейтін.
Жетпісінші жылдардың басында Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы кезімде Мәскеуде бір іссапарға барғанда ақжарқын асыл ағамыз Ишанбай Қарақұлов кездесе кетік «Москва» қонақүйінде едім, ол кісі де онда жайғасыпты. Бұрын бұл кісімен Шоқан Уәлихановтың үйінде талай кездесіп одан кейін бір айдай емханада бірге жатқанымыз бар, аса қатты сыйлаушы едім Ағамыз салған жерден: «Жақсы болды кешке менің бөлмеме сағат жетідеке жиналайық. Сәбең де осында, ол кісімен келістім», – деді. Мен кешке уәде беріп қойған жерім бар екенін айтып, ат басым бұра тартып едім: «Өзің біл бірақ тура сағат жетіде нөміріңде болғайсың» -деп нық айтты. Мен кешкі жетіде қызмет жақтан оралып, үйге кіре бергенміз телефон қоңыраулата жөнелді. Тыңдасам, белгілі «тарғыл» даусымен « Мен Сәбитпін ғой, қарағым, осында деп естідім әлгі досым Ишанбай дәмге шақырған екен, бірге болайық. – деп бір қамшы айта салды да, ел амандығын туыстарымды, алыстағы бауырларды асығыс сұрады да, – уақыт болып қалыпты ғой, жарайды, кеттік Ишекен – деді. Ишекеңнің бөлмесіне келсек ол үстел жайылған қонақүйдеп рестораның екі кызы бар айтқанын орындап жатыр. Сәбең кең креслода Көкшенің кербез шыңындай отыр екен Сәлем бердім, амандық жайлы сұрай бастады. «Жаңа телефонмен айтып едім ғой», – дей бергенімде Сәбең: «Қай телефонмен мен сенімен сөйлескен жоқпын. Ә-ә-ә… түсіндім, мына Ишанбай мен келгенде трубкасын қойып жатыр еді ғой, бұл менің даусымды халық әртістерінше келтіреді», – деп күлді. Мен де түсіне қалып, күліп алдым. Ол Ишекеңнің маған құрған қақпаны екен.
Мен ешқайда бармайтын болдым да, асықпай-саспай отыра бердім. Өйткені, тап осындай кездесуді арнайы заказбен де жасау оңай шаруа емес қой. Сәбең көп әңгіме айтты, бәрі қызық. Мен болсам, аса екпінділік жасамай отырсам керек, бір кезде Сәбең маған бұрылып: «Кәкімбек, қалқам, тірліктегі бір ғажап, өтіріктің үлкеніне адамдар тез сенеді, мен болып алдағаны сол ғой, көңіліңе ала көрме, біз Ишекеңнің әзілің қара нанға жаққан сары майдай көреміз, мұның әзілі де құтты, тілі де мықты келеді. Олай дейтінім, өтірігінің аяғы жақсылыққа әкелсе, ол бір әдемі айла болып қалады. Адамды бір күлдіру – үлкен өнер, Ишекең сол үлкен өнердің классигі, біз – ақын- жазушылармыз, біздің поэмалар, романдар, қарулы қалың әскер ғой, ал Ишекеңнің бір сөзі – «Ворошиловский стрелок», көздеген жеріне дәл тиеді, міне, бұл да өнердің үлкені. Әзілін көңіліне ала көрме, не туралы айтып күлдірсе де, бәрі шындыққа тіреледі. Бұл шындықты өз тәсілімен аз уақытта санаулы сөзбен жеткізеді. «Құлақтан кіріп бойды алар» деп ұлы Абай айтқандай, Ишекеңнің сөзі – жүректен шыққан уытты сөз. Қарап отыршы, жазып алып оқып отырғандай тап-таза сөйлейді, сендіреді, күлдіреді», – деп бір-екі қызық хикаяны айтып берді. Ишекеңді айтып отыр ғой, ал мен Сәбеңнің әмбебаптығына таңғалдым. Шынйы жанып, екі көзі жарқ еткен шағында бір күлдіріп тастайды екең Ал Сәбеңнің ауызекі әңгімеге жуйріктігі туралы елде кең тараған әңгімелер аз емес. Меніңше, соның барлығы да ақынжанды, адамға жақын жанды жаралған шалқар дарынның қай қырынан келсең де, Қырымға қарап самғап ұшар ақиық қыранға ұқсайды. Әңгімелерінің ішінде де жүйелі ой, сергек сезімге оралған бір әдемі мақсат жатады.
Қазақ әдебиетінің «алыптар» тобына» Сәбең барша еңбектерімен, ғажайып тұрақтылығымен жетті. Ғабит Мүсірепов Сәбең туралы бір сөзінде: «Сирек кездесетін қалам еңбекшісі», – деген екен. Шынында да, ол өз заманындағы құбылыстарға, болмыстарға романдарымен, өлең-поэмаларымен қоян-қолтық кіріссе, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Мағжан сияқты әдебиетіміз бен мәдениетіміздің барлық салаларының дамуына атсалысқан алғы топқа аралас жақын жүрді, сол алыптар жайлы шындықтың бетін ашып, дер кезінде қалам тартты. Академик Серік Қирабаев: «Сәбит әдебиеттің жас кадрларын тәрбиелеуге, оларды әдебиет ісіне тартуға көп жәрдемдесті. Ғабит пен Ғабиденнің әдебиетке келулеріне оның ықпалы болғаны тарихтан белгілі. Әбділда, Қалмақан, Асқар, Тайыр, тағы да аға буын өкілдерінің өзі Сәбитті ұстаз тұтатын», – дейді. Міне, осының бәрі қазақтың барша әдебиетшілерінің арасында С. Мұқановтың беделді болғанын дәлелдейді. Сыншылар да Сәбеңе риза көңіл білдіреді. Әйгілі сыншымыз академик Мұхамеджан Қаратаев Сәбит туралы еңбегінде даңқты дарындылығын айта келе: «Оның адалдығы, таза ары мен әділдігі, кішіпейілділігі, халыққа қанымен де, жанымен де жақындығы жастарға үлгі», – дейді. Арқалы академик пен адуынды сыншының бұл аталы сездері Сәбиттің кім екенін аз сөзбен анық жеткізіп тұр. Шынында да, дарқан дарынның адалдығы барлық еңбектерінде, өмірдегі жүріс-тұрыс мінезінде молынан сақталып, Сәбеңнің кім екенін паш етті.
Сәбеңді тек қана қазақ әдебиетшілері сыйлаған жоқ, өзге халықтардың озық қаламгерлерінің ыстық ықыласы арқылы сол халықтардың жүрегіне де Сәбит Мұқанов есімі жылы ұялады. Орыс халқының ұлы жазушысы Михаил Шолохов, өзбектің ардақты ақыны Ғафур Ғұлам, қырғыз ақыны Аалы Тоқамбаев, түркімен Берді Кербабаев, тәжік Тұрсын-Зада, Дағыстанның ұлы ақыны Расул Гамзатов, украиндық Максим Рыльский, грузин Иракли Абашидзе сияқты кемеңгерлермен сыйлас болса, И.Шухов, Н. Анов, П.Кузнецов, М.Сидоренко, А.Брагин, Л.Собылев, Д.Снегинмен қанаттас, жақын жолдас болды. Шыңғыс Айтматовтың «Интернационалдық, достық жаршысы бола білген қазақ халқының ұлы Сәбит Мұқанов қырғыз ауылына белгілі және сүйікті еді» дегені – ұлы жазушының ұлағатты бағасы және өте орынды айтылған сөз. Әсіресе, «Сүйікті» дегені тамаша! Сәбең өз ауылдастарына қаншама ыстық керінсе, бауыр елдердің де сүйіктісі бола білді. Нүкістің қасындағы бір өткелдегі ауылдың кемпірі ескі ырыммен Сәбеңнің етегін немересінің маңдайына басқаны ол елге аңыз болып кетіпті. Тап осындай зор құрметке жетудің өзі де Сәбит Мұқановты дара туған асыл құзарттай биік тұлға етіп баяндайды. Ташкенттегі зілзаладан зардап шеккен Ғафур Ғұламның бала-шағасы Сәбеңе келіп паналауы нағыз достық емес пе?
Сәбеңнің атағы зор қаламгерлігі мен көрнекті қоғам қайраткерлігіне қоса ашық һам ақжарқын, кең құлашты бауырмал мінезі, тарихи, өмір құбылыстарын, қазақтың шежіресін жақсы білетіндігі, әңгімеге әу деп сәлем бергенде жарытып жіберетіндігі кездескен адамның бір көргеннен жүрегіне ұялап қалатын. Өз басым алғашқы рет Бурабайда демалыста жүргенімде ол кісі Мәриям жеңгеймен «Оқ-жетпес» шипажайында жатыр екен. Дайындалып барып сәлем беріп, ел жігіттерінің қатынасуымен дәдесболдық. Сонда байқағаным, атақты ағамыз бірден қайтыс болған үлкендерімізге көңіл айтып, халық ақыны Молдахмет Тырбиұлы атимаызды жақсы білетіндігін білдірді. Мен жайлы да мағұлматты аз еместігіне таң қалдым. “Cәлем беріп, жігіттерді ертіп келгеңіне рахмет. Сен, Кәкімбек, осы мені қайдан білесің, жоқ, әйтеуір Сәбит қой деп келдің бе?» – деп сұрақты тіктен қойды. Мен ол кісіге оқуға бармай тұрғанда-ақ, Ермек тәтемнің көмегімен латын әрпімен оқуды ерте үйреніп, кемпір-шалдарға, үйге келген қонақтарға әуелі «Адасқандарды», содан соң «Жұмбақ жалауды» көп оқығаннан жатқа білетінімді айтып, қара сөзін біраз тігілттім. Өлеңдеткен жерімді де ұмытпаппын. Сәбең: «Ермек тәтең қайда, ол кім?»-дегенде, ол Үкілі Ыбырайдың немересі ақын Мұса Асайыновтың апасы екенін, ерте қайтыс болып кеткенін айттым. «Е, жақсы біледі екенсің, ал мен сен жайлы осы бөле ағаң
Мұсадан естіп, көруге құмар едім», – деді. Отырыстан кейін далаға шықтық. Сәбең ере шықты, Мәриям жеңгей бөлмесіне кетті.
Жолдасбек Жақыпбеков деген кенші досымның зайыбы Үмітжан, бірінен-бірі үлкен бес қызымен және қастарында біздің екі бала бар, үбірлі-шебірлі бір үйді ерткендей алдымыздан шықты. «Кәкімбек, бұл балалар өз балаларың ба?» – деді. «Иә, менікі бәрі де», – дей салдым. «Ой, жарайсың, қалқам, келіңдер фотокәртіш- кеге түсейік», – деп ұсыныс енгізді де, Мәриямға рахмет айтып бетінен сүйіп, ең кіші бала Жөкеңдікі еді, соны алдына алып, ортамызда отырып фотоға түсті. Бұл тарихи фотосурет елге тарап, аңыз болып кетті. Шынында да, қырыққа жетпей жүрген біздей жастарға Сәбеңдей нар тұлғамен дәмдес болып, суретке түсу арман еді ғой. Сондықтан да балалардың бәрі менікі дей салып, тап алдағандай да болдым. «Қазағым аз халық қой, тап осылай әр отбасы көбеюі керек» дегені есімде. Қаншама әңгіме естідік, кеншілік жайлы өлеңдерімді тыңдап, ақыл-кеңесін айтты, кейіннен Қазақстан Жазушылар одағының пленумына шақыртқызып, өндірістік тақырыпта сөз сөйлетті. Онда да төбем кекке жеткендей, Сәбит Мұқановтың кім екені не көзім жете түсті.
Сәбең 70 жасқа толғанда, ел аралап, жолға шықпақтығын естіп қонаққа шақырдық.
Сәбеңді тек қана қазақ әдебиетшілері сыйлаған жоқ,
өзге халықтардың озық қаламгерлігің ыстық ықыласы арқылы сол халықтардың жүрегіне де Сәбит Мұқанов есімі жылы ұялды.
Мен Жезқазғанда қалалық партиякомитетін басқаратыңмын Ұлытау ауданының партия басшысы Мәкен Төрегелдин ағамызбен бірігіп дайындыққа кірістік. Мәкен аға байсалды да бапты ер жігіт болатын, Ұлытаудың етегіндегі “Алтын алқа” деген ақ қайындар арасына киіз үй тігіп, той алаңын жасамақ болды, біз Мәдениет сарайында кездесу өткізіп, қалаша тойламақ болып өз сый-сияпатымызды дайындадық. Ауа райының нашарлығынан қонақтар Торғайдан бізге келе алмады.
Сол өкінішім есте қалған ғой, 2000 жылы асыл ағамыздың 100 жылдық тойына қызу дайындалдым. Ол кезде Алматыда тұрушы едім, «Сәбит аға» деген жинағымды сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қажымұрат Нағмановтың демеушілігімен тойға тарту етіп шығардым. Тойға қыздарын ертіп Мәриям апай келді, оның өзі қандай қызық, барлық кездесулердің басы-қасында болып, Мәриямдай ел Анасының кемеңгерлігіне көзім жетті. Сәбеңнің жан серігі десе – дегендей екен, 90 жасқа келсе де, тамаша естеліктер айтып, баршамызды дән разы етті. 2010 жылғы 22 ақпанда Мәриям апай 101 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Соңғы жылдары Сәбит пен Қызылжарға байланысты өлендерім топтастырылған жинағымды «Дарқан дарын» деп атап, осы кітабымды ұлы тұлғаның 110 жылдық мерейтойына арнап дайындап жүрмін деп асыл анаға айта алмай да қалдым.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, жазушы, драматург, тарихшы, ғалым, академик Сәбит Мұқанов – ресми түрде де үлкен құрметке бөленген өресі биік нар тұлға. Ленин орденімен екі рет, Еңбек Қызыл Ту орденімен екі рет, «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдармен марапатталды. Еңбектері 46 тілде жарық көрді. Жазушының туғанына 100 жыл толған мерейтойдың қарсаңында есімі Алматыдағы бір көшеге, туған ауылына, Қызылжар қаласындағы бір мектепке, облыстық қазақ сазды-драма театрына берілді. Қаламгердің қола мүсіні Алматыда өз атындағы көшеде орнатылды. Қызылжардағы облыстық кітапхана көптен бері Сәбит Мұқановтың атымен аталады. Жетпіс жасқа келген тойында осы кітапхананың алдында орнатылған ескерткіш бар. Сәбит Мұқановтың 100 жылдық тойы Халықаралық дәрежеде, ЮНЕСКО-ның тарапында өткізілді. Солтүстік Қазақстандағы туған ауылында өткен тойға Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, тойды өте келісті баяндамамен, Сәбеңе деген зор құрметпен ашып бергені де салтанаттың самғауын биіктете түсті. Көптеген шетелдердің және Қазақстанның барлық аймақтарының өкілдері мен өнерпаздары, балуандары, жүйрік мінген шабандоздары қатынасты. Бұл той қазақтың ұлыларын сыйлап өткізетін ұлағатты тойлардың көріктісі де көрнектісі болғанын келген меймандар бірауыздан айтып кетті.
Сәбит ағаның туғанына 110 жыл толуына байланысты мерекелі межеге жеттік. Тәуелсіз Қазақстан әлемдік экономикалық дағдарыста өз күшінің молдығын көрсетіп, даму қарқынын өрістетіп келеді. Солтүстік Қазақстан облысы да соңғы екі жылда жедел дамудың қарқынды үлгісін көрсетті. Кеше ғана Президентіміз Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын бекітті, ол тарихи құжат Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымызға арналған үстіміздегі жылғы Жолдауынан туындаса, оған деген зор ықыласын білдіріп, бүкіл еліміз қолдап отыр.
Сондықтан да Қазақстан халқына Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай: «Таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестірілген даму жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз ететін болады». Ендеше құнар алған туған ел деген терең тамыры – тәуелсіз Қазақстан осылай әлемдік өркениет жолында Құлагердей құйғыта өрге басса, Сәбит Мұқановтың да 110 жылдық мерейтойы сәтті өтер деп сенеміз. Сәбит ағаның өмірі – ауыр жүкті арқалап өссе де, ақжарқын, батыр мінезді дарқан өмір, елінің алдында ары таза абзал өмір. Таудай тұлғалы, дариядай кең ағынды, Сарыарқадай самалға бай шалқар, қазақтың аспанындай ашық өмір екеніне көзім жетті. Ол дарқан табысын қазағына беріп кетті, сол ерен еңбегімен болашаққа жол тартты.
Кәкімбек Салықов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының құрмет азаматы.
Солтүстік Қазақстан.- 2010 жыл.- 22 сәуір.- 5 бет.