Өмірбаяны

Сәбит Мұқанов 1990 жылдың 26 сәуірінде (ескі стиль бойынша 13 сәуір) Петропавл уезінің Таузар болысы Ақмола губерниясында Жаманшұбар деген жерде (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Сәбит ауылы) шағын Дос көлінің жағасында орналасқан кедей ауылда, малшы батырақтың отбасында туған.

   Сәбиттің балалық шағы

  «Өмір мектебі» трилогиясында Мұқанов өзінің отбасы, туған жері туралы толық баяндайды:  «Шіркін, Дос, балалардың шын досы едің-ау сен!… Балалық шақта сенің жағаңда өткізген сол бір қызық күндер күні бүгінге дейін көз алдымда нақ сол бейнелерімен жарқырайды да тұрады!… Сол бір күндер есіме түскенде, мен сені аса аңсап сағынам, Досым!…»». Ата-баба жеріне, ана тіліне деген сүйіспеншілік – С.Мұқановтың өмірі мен шығармашылығында басты орын алады.

     Жеті жасында әкесінен айрылып, бір жылдан кейін анасы дүние салады. Сәбит жетім қалады. 1918 жылға дейін байлардың малайы болады. 8 жасынан ауыл молдасынан оқып, хат таниды.

     Бала кезінде көрген жетімдігі оның өмірлік тәжірибесін байытады. Он бес жасынан бастап ол өлең жаза бастайды. Сәбитке халық ақындары қатты әсер еткен, бірде бала Сәбиттің қолына Абайдың 1909 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы түседі. Сол кезден бастап ол ақын болуды армандайды. Сәбиттің алғашқы өлеңін қашан жазғанын айту қиын. Ол суырып салма қабілеті бар бала ақын болатын. Жас кезінен айтыстарға қатысып, ауыл кештерінде көңілді, әзіл өлеңдер құрастыратын.

 

Оқыған жылдары. Шығармашылық жолының басы

 

     Жазушының саналы шығармашылығының басы тарихи оқиға – Октябрь революциясына қатысты. Қазақ зиялы қауымының ілгерішіл көзқарасты өкілдері Ш.Төлегенов пен Х.Махметовпен қарым-қатынасы оның әдеби және саяси танымын кеңейтті.

     1918-19 жылдары ол Омбыда мұғалімдер курсында оқыды, оны бітіріп шыққаннан кейін ауылда мұғалім болып жұмыс істеді.  

     Өз замандастары қатарлы Сәбит те үнемі қоғамдық оқиғалардың қайнаған ортасында болып, жаңа өмірді қолдады. Оның бұл кезеңі Петропавл қаласына байланысты.

     1919-22 – Қазақстандағы Азаматтық соғысқа қатысты, Ақмола губерниясының Мемлекеттік басқарма комитетінің төтенше әскери бөлімі жауынгері болды, РКП (б) Петропавл губерния комитетінде нұсқаушы болып істеді.

      1922-26 жж.  С.Мұқанов Орынбордағы жұмысшылар факультетінде оқыды. Сол жерде Сәкен Сейфуллинмен кездеседі.  Сәкен досына нақты шешім қабылдап, кәсіби жазушылыққа бет бұруға көмектеседі. 25 жасында С.Мұқанов бірқатар қазақстандық облыстық газет-журналдардың редакторы, ал 1926-27 жж. Петропавлда шығатын «Бостандық туы» және «Кеңес ауылы» газеттерінің жауапты хатшысы болды.

     Мұқанов шығармашылық қызметін ақын ретінде бастады. Ақынның революциядан кейін бірден жазылған алғашқы туындыларында (“Жалшының зары”, “Шығар күнді”, “Батырақ” поэмасы) надандық пен ауыл қараңғылығынан босаған халық арманы жырланады. Кедейліктің салдарынан білім ала алмағанына өкініш білдірген ақын, жастарды оқуға шақырады.           

     Жазушының сол жылдары жазған көптеген өлеңдерінің кейіпкері – кедей Шоқпыттың жинақталған бейнесі.

     Мұқановтың алғашқы жинағы 1926 жылы жарыққа шықты. Одан кейінгі жылдары «Батырақ», «Жетім қыз», «Октябрь өткелдері» жинақтары шықты.

     «Батырақтан «кейінгі екі жылдық жұмысының нәтижесі өлең түрінде жазылған “Сұлушаш”романы болды. Бұл роман 1928 жылы жеке кітап болып басылып шығып, автордың да, бүкіл қазақ поэзиясының да маңызды жетістігіне айналды. Ақын Н.Сидоренконың аудармасы – ең үздік аудармалардың бірі. 1949 жылғы басылымында «Өлеңмен жазылған повесть » деп аталған. Романның сюжеті әлеуметтік келеңсіздіктер мен феодалдық салт-дәстүрдің құрбаны болған Алтай мен Сұлушаштың қайғылы махаббаты туралы халық аңызы негізінде құрылған. Алтай – батырақ, атақты байдың қызы Сұлушашты сүйеді, алайда олардың арасында әлеуметтік теңсіздік шыңырауы бар.

     1930 жылы С.Мұқанов Мәскеуге тіл институтына оқуға жіберіліп, 1931 жылы Мәскеудегі Қызыл профессура институтының әдебиет бөліміне ауысады. Институтты бітіргеннен кейін 1936 жылы Алматыға оралып, 1951 жылға дейін аздаған үзіліспен Қазақстанның кеңес жазушылары одағы басқармасының төрағасы болады да, 1951 жылдан еркін шығармашылық жұмысқа бет алады.

     30-жылдары С.Мұқанов шығармаларының тақырыбын кеңейтіп, поэмаларына халық еңбегі тақырыбын арқау етеді.

     1936 жылы челюскин жорығына арнап жазған «Ақ аю» поэмасы жарық көреді. Поэманың негізгі шиеленісі – адам мен табиғат. Арктиканың мұз құрсауына оранған челюскиндықтар сұрапыл апатпен күресіп, табандылық танытады. Кезінде поэма табиғатты бағындыру мен оған деген сүйіспеншілік идеясын насихаттай отырып, кеңінен танымал болды.

 

Жазушы Ұлы Отан соғысы жылдарында

 

Ұлы Отан соғысы жылдарында оның поэзиясы фашизмнің айуандығын әшкерелеп, жаумен күрескен халық ерлігін асқақтатты. Соғыс лирикасы туралы айта отырып, “ “Майданға хат”, “Халық батыры Амантай”, “Фашизмнің ажалы” сияқты өлеңдеріне тоқталуға болады.

     30-шы жылдары С.Мұқанов прозаға ден қойды. 1935 жылдан 1956 жылға дейін Мұқанов “Теміртас”, “Есіл”, “Ботагөз”, “Өмір мектебі” (екі кітап), ”Сырдария” (1948 ж.), “Тыңдағы толқындар” романдарын, “Достар”, “Балуан Шолақ” (1942 жылы шықты да, кейін өңделіп, «Таңдамалы шығармалардың» 6 томына енгізілді), “Бақташының баласы” повестерін, “Бәйге”,  “Дайыр Тасыбеков”, “Екі күн”, “Алтын бала” және т.б. әңгімелер жазды.

     Мұқанов шығармашылығына бір ерекшелік тән – ол өмірдің ортасында болуға, материалды өмірден алуға тырысты. Сондықтан әлсіз шығармаларының өзінде де ақиқат өмірдің үзігі бар.

     «Теміртас» романы 1935 жылы «Бірінші кітаптың соңы» деген белгімен жарық көрді. Роман оқиғалардың бастапқы даму кезеңін ғана суреттейді, көп кейіпкерлері толық сипатталмайды, сондықтан романның көлеміне қарамастан аяқталған шығарма деп қарастыруға болмайды.

    1938 жылы жарық көрген «Есіл» романын тақырыбы жағынан «Теміртас» романына пролог деп санауға болады, бірақ ол да аяқталмаған, романда азаматтық соғыс кезеңі суреттеледі.

    Мұқановтың алғашқы ірі эпостық шығармасы – «Адасқандар» романы бірінші рет 1931-1935жж. шықты. 1935 жылы романның орыс тіліне аудармасы «Сын бая» деген атпен жарық көрді.

     20 жылдан кейін Мұқанов кітабына қайта оралды.

      Келесі шығармасы – «Ботагөз» романы – автордың ірі шығармашылық жетістігі болды. Материал жинау кезеңін қоса алғанда, романды жазуға он бес жыл жұмсады. Материалдарды жинауға 1923 жылы кірісті.

       Тікелей роман бойынша автор 1935 жылдың басынан 1938 жылдың қыркүйек айына дейін – төрт жылдай жұмыс істеді. Кітап алғаш рет 1938 жылдың аяғында «Жұмбақ жалау»деген атпен жарық көрді, кейін 1957 жылы «Ботагөз» деген атпен шықты. 1946 жылы роман Алматыда орыс тілінде басылып, 1949 жылы Мәскеуде қайта басылып шықты.

     «Ботагөз» романының сюжеті жағдайға байланысты қосыла алмай, бірақ бір-біріне шексіз адал қыз бен жігіт туралы халық поэмаларының сюжетіне ұқсас.

      «Ботагөз» романы Мұқанов шығармашылығына ғана емес, 30-шы жылдардағы тұтас қазақ әдебиетінде де елеулі орын алады.

     Қазақ прозасындағы маңызды шығармалардың бірі – Мұқановтың «Сырдария» романы. Романның бірінші басылымы 1948 жылы жарық көрді, орыс тілінде Л.Соболевтің аударуымен 1951 жылы «Знамя» журналында басылып шықты.

     С.Мұқановтың шоқтығы биік шығармасы – «Өмір мектебі» трилогиясы, бұл шығармасы үшін жазушы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл оның 30 жылын сарп еткен қорытынды шығармасы болды. Роман жеке новеллалар түрінде 1930 жылы басылып шықты, ал 1941 жылы Алматыда «Өмір мектебі» повесінің бірінші кітабы қазақ тілінде жарыққа шықты. Кітап орыс тілінде (В.Шкловскийдің қысқаша аудармасы) 1947 жылы Мәскеуде шықты. 1952 жылы сол томын И.Шухов орыс тіліне аударды, бірақ «Школа жизни» деп аталып, кейінірек бұл аударма «Школа жизни» трилогиясының бірінші томына – балалық шағы туралы кітапқа айналды. Трилогияның екінші томы  жазушының жастық шағына, үшінші томы – «Есею жылдары» (1966 ж.) 30-шы жылдардың ортасына дейінгі өмірін қамтиды.

     1968 жылы С.Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

  Мұқанов – драматург

   С.Мұқановтың поэзиялық және прозалық шығармаларына талдау жасай отырып, оның драматургия мен сын саласындағы туындыларына тоқтамай кету мүмкін емес. 1955 жылы С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов» (1955 ж.) тарихи драмасын жазды. Бүгінгі күнге дейін республика театрларының сахналарынан түспей жүрген пьеса дамып келе жатқан қазақ драматургиясының жетістігі болды. Мұқановтың келесі сахналық туындысы «Сәкен Сейфуллин» пьесасының да айы оңынан туды. Автор театр репертуарына тарихи шындыққа негізделген шығармалар ұсынып қана қоймай, қазақ әдебиетінің көркем галереясын Шоқан Уәлиханов пен Сәкен Сейфуллиннің шебер жасалған образдарымен толықтырды.

     «Шоқан Уәлиханов» пьесасы Шкловскийдің аударуымен «Нить Ариадны» деген атаумен 1945 жылы Мәскеуде басылып шықты.

     Келесі жылдары автор пьесаны қайта жазып, 1955 жылы қазақ тілінде басып шығарды. Жазушы қазақтан шыққан бірінші ғалым, ағартушы, демократ – Шоқан Уәлихановтың өмірбаянын, әдеби және қоғамдық қызметін жиырма жыл егжей-тегжейлі зерттеді. Ол Қазақстан көлемінде ғана емес, бүкіл Ресей көлемінде де танымал қайраткер болды.

С.Мұқановтың пьесасында Шоқан Уәлиханов қазақ халқын ілгерілетуге, орыс және әлем әдебиетіне жанастыруға, экономикалық, саяси, рухани өрлетуге талпынған ірі қоғам қайраткері ретінде бейнеленген.

     1955 жылы пьеса Қазақстанның бірқатар облыстық театрларының сахналарында қойылды. 1957 жылы Қазақ КСР-інің Мәдениет министрлігі бірінші рет драма театрларының республикалық байқауын өткізді. «Шоқан Уәлиханов» тарихи драмасының қойылымы үшін Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театры 1 дәрежелі дипломға ие болды. Еңбегі сіңген әртіс А.П.Рогальский Қазақ КСР-інің халық әртісі атағына, А.П.Александрова – республикамыздың еңбегі сіңген әртісі атағына ие болды.

  Спектакль көптеген жылдар бойы театр афишасының сәніне айналды. Отыз жылдай уақыт өткеннен кейін, 1986 жылы Семей сазды-драма театрының бас режиссері Е.Обаев Погодин атындағы облыстық драма театрының сахнасында «Шоқан Уәлиханов» спектаклін қойды.

     Пьеса Петропавлда ғана емес, жазушының туған жері Сәбит ауылында да, Мәскеуде, Иванов қаласында, Карабихада өткен Некрасов оқуларында да сәтті өтті.

     Біздің театрымыздың сахнасында С.Мұқановтың «Светлая память», «Ботагөз», «Қашғар қызы» сияқты туындылары қойылды. Жазушы театр ұжымымен жиі кездесіп тұратын. 
     Сәбит Мұқанов үнемі өз халқының тарихи даму кезеңдері, дүние жүзі тарихынан алатын орны мен маңызы сияқты мәселелерге қызығушылық танытқан. Көптеген жылдар бойы Мұқанов қазақ ғалымы, ағартушы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметін зерттеумен айналысты. Шоқан Уәлихановтың шығармашылығын ғылыми тұрғыдан зерттегені үшін Қазақ КСР-і Ғылым академиясының академигі С.Мұқанов Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықпен марапатталды. 1967 жылы және өмірінің соңына дейін жазушы Шоқан Уәлихановқа арналған «Аққан жұлдыз» роман-дилогиясын жазумен айналысты. 1-ші кітабында (1967 ж.) Шоқанның дүниеге келуі, оның балалық шағы, Омбыдағы Кадет корпусында оқығаны жөнінде, 2-ші кітабында (1970 ж.) – Шоқанның генерал-губернатор Гасфорттың адъютанты болып қызмет кеткен кезі мен ағартушылық-демократиялық қызметі туралы баяндайды. Роман аяқталмай қалды.

   Тың жерлерді игеру жылдары

 

   С.Мұқанов үнемі халықтың ортасында болып, оның қайғысы мен қуанышын бірге бөлісетін. Ол жиі республиканың шалғай түкпірлеріне барып тұратын. Оның очерктері Қарағанды шахтерлеріне, мал өсірушілерге, тың игерушілерге, ғылым мен өнер қызметкерлеріне арналған.

   Мұқановтың еңбек адамдары туралы очерктері көлемді «Саяхаттар» атты кітабын құрады. Мұқановтың әдеби қызметінің өте маңызды бір ерекшелігі бар: ол үнемі алдыңғы шепте болды, жаңа тақырыптарға қалам сілтеді. Осылайша, Қазақстанда тың жерлерді игеру тақырыбын алғаш болып тілге тиек еткен де Сәбит Мұқанов болатын. Мұқановтың тың игерушілер туралы көптеген очерктері республикалық газет-журналдарда жарияланып, жеке кітап болып та басылып шықты. (“Туған жердің тыңында”, 1955 ж. , т.б.)

     С.Мұқановтың публицистикалық шығармалары (“Тыңда тұнған байлық” (1957). “Алыптың адымдары” (1959) атты жинақтарға енді.

     1969 жылдың 14 қаңтарында жерлесіміз Владимир Александрович Шаталов басқарған «Союз-4» ғарыш кемесі орбитаға шығарылды. Ғарышкер 1927 жылы 8 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында дүниеге келген. Жазушы осы оқиғаға байланысты«Шаталов – менің жерлесім» өлеңін жазды.  

  Мұқанов – қоғам қайраткері     

     Сәбит Мұқанов республикамыздың жазушылар ұйымын құруға және нығайтуға көп үлес қосты, бірнеше жыл қатарынан Қазақстанның Жазушылар одағын басқарды, ал 1934 жылдан ҚСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болды. Ол республикамыздағы әдебиеттану ғылымын бастаушылардың бірі болды, қазақ совет әдебиетінің көптомдық тарихын құрастыруға белсенді атсалысты. Ол қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының қалыптасуына айтарлықтай ықпал еткен бес жүзден астам мақалалардың, монографиялардың авторы.

    С.Мұқанов қоғамдық жұмыспен көп айналысты, Кеңестік әлемді қорғау комитетінің мүшесі болды, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Жазушының қазақ әдебиетін дамытуға қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаға ие болды. С.Мұқанов екі Ленин орденімен, екі Еңбек Қызыл ту орденімен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Оның «Өмір мектебі» трилогиясы 1968 жылы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

     Жазушы 1973 жылы 18 сәуірде Алматыда дүние салды.

  С.Мұқанов туған жерінде, Солтүстік Қазақстанда

     Солтүстік Қазақстан облысы – Сәбит Мұқановтың туған жері.

     Ол өзінің туған өлкесін сүйді, жерлестерімен байланысын үзбеді, туған өлкесіне жиі келіп тұрды. Сәбит Мұқанов Қазақ КСР-інің Жоғары Кеңесіне Солтүстік Қазақстанның атынан депутат болып сайланды. 1966 жылы Қалалық Кеңес атқару комитетінің 04.11.1966ж. №776 шешімімен ерен еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін жазушы Сәбит Мұқановқа «Петропавл қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

     Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің 1973 жылдың 29 мамырындағы «С.Мұқановты мәңгі есте сақтау туралы» қаулысы бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасын, Петропавл қаласындағы №32 мектепті, Жамбыл ауданының «Майбалық» астық кеңшарын С.Мұқанов атымен атау туралы шешім қабылданды.

   1973 жылы Петропавл қалалық еңбекшілер депутаттарының Кеңесі атқарушы комитетінің“Облыстық кітапхана жанында Сәбит Мұқанов бюстін орнату туралы» шешіміқабылданды.1990 жылы жазушының 90 жылдығына орай Мир және С. Мұқанов көшелерінің қиылысында шағын бақ ашылып, Сәбит Мұқановтың қола мүсіні орнатылды. 1996 жылы қараша айында мүсін С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың жанына көшірілді. 1973 жылы Петропавл қалалық еңбекшілер депутаттарының Кеңесі атқарушы комитетінің 23.05.1973ж. «Карағанды көшесінің атауын Сәбит Мұқанов көшесі деп өзгерту туралы» Шешімі қабылданды. 1975 жылы ҚКП Солтүстік Қазақстан обкомы, облыстық атқару комитеті бюросының  30.12.75ж. «С. Мұқановқа Жамбыл ауданында, туған жерінде ескерткіш орнату туралы» қаулысы қабылданды.

    2000 жылдың 13 маусым күні қазақ әдебиетінің көрнекті шебері С.Мұқановтың 100 жылдығына арналған шаралар өтті. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев  шараның ең құрметті қонағы болды. Осы күндері Президенттің қатысуымен қазақ сазды-драма театрының ашылу салтанаты өтті. Солтүстік Қазақстан облыстық сазды-драма театрына Сәбит Мұқанов есімі берілді.

Copyright © 2010-2024 Сәбит Мұқанов
«Северо-Казахстанская областная универсальная научная библиотека имени Сабита Муканова».